Сондай-ақ қосымша білім
беру ұйымдарына әлеуметтік-педагогикалық
құбылыс ретінде арнайы жүргізілген
зерттеу жұмыстарының лайықты жағдайда
жүргізілуіне байланысты зерттеулер жүргізілуі
керек. Қосымша білім беру ұйымдары
қызметіне басқару жүйесін өзгерту
мәселесі де шешімін тапқан жоқ.
Қосымша білім беру ұйымдары
қазіргі жалпы орта білім берудің
қажетті компоненті болып табылады.
Адамға бағытталған тәрбие беру де
оның мазмұнын ізгілендіру тұрғысынан
қарағанда, қосымша білім беру ұйымының
мектеппен салыстырғанда әлдеқайда
ыңғайлы мүмкіндіктері бар. Өйткені
мектепте белгілі бір мақсат регламентінен,
білім тәрбие берудің белгілі
бір мазмұнынан шыға алмайды.
Қосымша білім беру ұйымдары
тек адамның шығармашылық мүмкіндіктері
туралы білімді кеңейтіп қана қоймайды,
ол еңбектің қалаған саласында табысқа
жету мүмкіндігін береді және еңбектің
кез келген саласында табысқа
жеткізетін қасиеттерді дамытады. Қосымша
білім беру ұйымдары ортақ қызығушылық,
ортақ рухани құндылықтар негізінде
араласу шеңберін қалыптастыруға мүмкіндік
береді. Кейде ол адамның мектептегі
кемшіліктерін толтыру есебінен,
қосымша оқытудағы табыстары
есебінен реабилитациялау факторы
болуы да мүмкін. Қосымша білім
беру ұйымдарының біраз оқушылары
үшін жалпы білім алудың кейбір басқышында
ол қажет қана емес, оның негізгі
компоненті болуы да мүмкін.
Сонымен, қосымша білім
беру ұйымдарын дамытудың негізгі
тенденциясы да жалпы орта білімдегі
сияқты: ізгілену, ізгілендіру, демократизациялау
және кәсіби бағыттылық. Дегенмен, қосымша
білім беру ұйымдарында бұл процестерді
кеңірек, тереңірек жүргізуге мүмкіндік
мол, әрі жалпы орта білімге қарағанда
адамға бағытталған.
Барлық өмірді коммерциялау
кезінде, соның ішінде балалар мен
жастардың бос уақыты да, нақ осы
қосымша білім беру ұйымдары әркімнің
қолы жететін нәрсеге айналады және
баланың күш-қайратын дамытуға қажетті
жағдайлар жасайды. Балалардың ерікті
бірлестіктерінің барлық түрі, профиліне
қарамастан балаларды өз-өзін тану
және өз-өзін айқындауды дамытуға көмектеседі.
Қосымша білім беру ұйымдары жалпы
орта білімді жетілдіруге мол
мүмкіндіктер тудырады. Ол мектептегі
білімді тереңдету, кеңейту және
қолдану есебінен толығырақ пайдалануға
мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда қосымша
білім беру ұйымдары жұмысының
әлеуеті:
1. Балаларды жалпы адамзаттық
құндылықтарға бағыттаудан - Адам,
отбасы, еңбек, білім, мәдениет, әлем,
жер тұтастығының әсерін түсіндіру.
Жалпы түрде қоса алғанда, адамның
өмір сүруін дамытудың негізгі
аспектілерін осылар қамтитындығын
және тәрбиелеудің өзіндік негізін
жасайтындығын үйретуден;
2. Тәрбие берудің мазмұнын,
формалары мен әдістерін жаңарту,
әрбір адамның еркін дамуына
жағдай жасау, оның өз-өзін
айқындау мен өз-өзін туған
елінде танытуын іске асыру,
мұның бәрі педагог пен баланың
бірлесе шығармашылық еңбек етуі
орындалуын іске асырудан;
3. Этнопедагогиканы меңгерту,
халық педагогикасының жақсы
дәстүрлерін іске асыру және
осы негізде балаларды аталар
мәдениетіне және ұлтаралық қарым-қатынасқа
үйретуден;
4. Оқушылардың бостандық
рухында, өз қасиеті мен демократияны
сезіну рухында тәрбиелеуден, ол
үшін өз-өзін басқару, қызығуы
бойынша әртүрлі бірлестіктердегі
еңбек қажеттілігін сезіндіруінен;
5. Балаларды әстеттендіру,
олардың айналасын, бар өмірін
тәрбиені ізгілендірудің бір
жолы ретінде қолданудан;
6. Балалардың креативті
шығармашылық қабілетін, клубтық
және бос уақытын өткізу жолымен
дамыту, бұл үшін әрбір талантты
баланы көруге көмектесетін әртүрлі
жұмыс формалары мен әдістерді
пайдалану мүмкіндігінің жоғарылығынан;
7. Педагогтардың дәстүрлі
әдістен балаларға ізгілікті,
адамша көзқараспен қарау әдісіне
көшу қабілеттілігі талаптауынан
айқындалатына көз жеткіздік.
Осындай мәселелердің шешімін
жүзеге асыру балаларға дифференциалды
әсер етудің есебінен тәрбие әдіс-тәсілдері
бір уақытта әсер ете алады
және тұлғалық әлеуеттің шығармашылықпен
дамыту мүмкіндігін жасайды.
1.2 Қазіргі жағдайдағы
қосымша білім беру ұйымдары жұмыстарын
ұйымдастырудың бағыттары мен қағидалары
Бүгінгі таңдағы Қазақстанда
іске асырылып жатқан реформалар жағдайында,
барлық оқу орындары мен әлеуметтік
тәрбие мекемелерінің барлық сатылары
мен түрлерінде тәрбие және білім
мазмұнына қайта қарау қажеттілігі
өткір туып, әрі іске асырылуда. Өйткені
дамудағы нарықтық қатынастарға еркін
араласуға дайын бүгінгінің және
болашақтың адамдарын тұлғалық, интеллектуалдық
және кәсіби сапалық жағынан әлемдік
бәсекеге қабілетті етіп даярлап
шығару әсіресе тәрбие мазмұнынының
сапасын әлемдік даму деңгейінің жетістіктері
негізінде көтеру екендігі белгілі болды.
Бұл фактор қашанда қоғам дамуының ең
негізгі алғы шарты болған. Ендеше бұл
күндерде нарық экономикасының талабына
сай өркениетті қоғамның ерікті, бас бостандығын
кез-келген жағдайда қысқа уақыт аралығында
қорғай да, қарсыласын аргументті тойтарыс
бере алатын ғаламдық тәрбие үлгілерімен
әлемдік ғылыми жетістіктерге негізделген
озық үлгідегі технологияларды меңгерген
мәдениеті жоғары, жан-жақты жарасымды
қалыптасқан, тұлғалық болмысын нақты
іс-әрекет барысында көрсете алатын дағды,
білік қалыптасқан жаңаша ойлау қабілеті
дамыған дарынды дара тұлға тәрбиелеу
барлық тәлім-тәрбие мекемелерінің оның
ішінде қосымша білім беру ұйымдарының
басты міндеті болып отыр. Қазіргі Қазақстан
жағдайында бұл міндеттерді іске асыру
жүйесінде оң өзгерістер байқалуда.
Қосымша білім берудің негізгі субьектісі
болып саналатын мектептен тыс ұйымдар
қызметі жаңа сапада қайтадан ұйымдастырылуда.
Елбасы Н.Назарбаев ғылым мен білім беру
қызметкерлері алдына көптеген іргелі
жолдардың бірі ретінде өтпелі ауыр кезеңде
орынсыз жабылған балаларадың әлеуметтік-тәрбие
мекемелерін қайтадан қалпына келтіріп
ұрпақ игілігіне асыруда қатаң талапқа
қойуы өз жемісін беруде. Елбасы есепті
үйрететін, реттейтін, оңтайландырудың
оңай жолын табуды көрсететін зертхана
нысанына балалардың тәрбие мекемелерінің
айналуына бұдан былай ешқандайда да жол
берілмейтінін кезекті халыққа жолдауында
атап айтты [35]. Нәтижеде бұрындары жекешелендірілген
балалар мекемелері қайтарылуда, жаңалары
ашылуда, оларда жаңаша жұмыс жолдары,
жағдайы, амалдары қарастырылуда. Жаңа
міндеттердің бәрі тек қана тәрбие жұмыстарының
жаңа формалары мен әдістері арқылы ғана
шешілуінің мүмкін еместігі басшылыққа
алына отырып тәрбие процесіне педагогикалық
озық тәжірбиелерді қайтадан зерделеп
салыстыру арқылы пайдалану да іске асырылуда.
Шын мәнінде өркениетті, жасампаз тәжірбие
үлгілеріне арқа сүйемей жаңаны дамытудың
мүмкін еместігін қоғамынң даму тарихындағы
сабақтастық принципі толық растайды.
Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде тарихи тәжірбиелерді
бүгінгі жағдайдағы мәселелер тұрғысында
сын көзбен қайта қарап нәтижелерін тәрбие
міндеттерінің әсерлі шешімдеріне айналдыру
іске асырылуда. Бұл жағдай педагогикалық
ғылымды дамытуға да зор үлес қосып, мектептен
тыс мекемелердің де дамуына оң ықпал
жасауда. Балалардың мектептен тыс ұйымдары
жұмыстарына оның жаңа сападағы мазмұнына
күрделі өзгерісжасап әр түрлі ынталы
түрлендіруге қолдау жасау талабы негізінде
мектептен тыс мекемелер мәртебесінде
үлкен өзгеріс болды. Республикадағы мектептен
тыс мекемелер Қосымша Білім Беру Ұйымдары
болып қайта құрылып үздіксіз білім берудің
жаңа жүйесі болып табылды. Бұл
жүйе әртүрлі жастағы балалар мен жасөспірімдерге
кез-келген жағдайда да жаңа білім алуға,
оны үнемі толықтырып жаңартып отыруға,
өзін-өзі бағалауға басқаруға, біліктілігін
жетілдіруге сөйтіп шығармашылық белсенділігі
мен танымдық қабілеттерін дамытуға, өзін-өзі
тануға, әлеуметтік мәртебесін өзгерту
алғырлығын жасауға мүмкіндік туғызуда.
Білім беруді қосымша дамыту
бағдарламаларын іске асыратын қосымша
білім беру жүйесіне, оның негізгі
элементі – мектептен тыс ұйымдарға
қойылатын қазіргі жаңа талаптар
тек қана еліміздегі әлеуметтік-экономикалық
өзгерістерге ғана байланысты болып
отырған жоқ. Ол Қазақстанның әлемдік
интеграцияға кіруіне орай жалпы
әлемде болып жатқан ғаламдық сипаттағы
мәселелерге (параллельді білім
беру, т.б.) де қатысты болып отыр.
Қазіргі кезде қоғамдық санада, адамға
деген пікір-ой, көзқараста үлкен
өзгеріс орын алды. Атап айтқанда, қоғамдық
санада адамзат баласы ғана барлық
құбылыстың, оқиғаның өлшемі бола алатындағы
туралы пікір берік орнықты. Адамға
тек маман ретінде қарау орнына
оған бірегей құбылыс – тұлға
ретінде қарау көзқарасы қалыптасты.
Екіншіден, дамыған елдерде техногендік
өркениеттен адамгершілікті өркениетке
көшу тенденциясы нығая түсуде [36,24б.].
Үшіншіден, әлемдік тәжірбиеден байқалған
жәйт, ол өркениетті елдерде адам өмір
сүру және демалу үшін жұмыс істейді, өмір
сүрудің мағынасы тек жұмыс істеумен ғана
шектелмейтіні туралы сенім күшеюде. Осыған
байланысты қазіргі кезде мәдени, рухани,
кәсіби білім беру, қол бос уақытты тиімді
пайдалану, ақпаратты қызмет түрлеріне
деген сұраныстың күн санап атра түсуі
табиғи құбылысқа айналды. Сондықтан да
қоғамда әрбір жеке адамға әсер салудың
көптеген түрлері пайда болып, олардың
мән-мағынасы арта түсуде. Солардың бірегей
түріне мектептен тыс ұйымдарда қосымша
білім беру де жатады. Оның негізгі мақсаты
балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық
және танымдық мотивациясын дамыту, дербес
талаптарын қанағаттандыру, өз еркіне
сай кәсіп таңдауына жәрдемдесу, балалар
мен жасөспірімдерді қоғамдық өмірге
бейімдеу, салауатты өмір салтына тарту
және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруына
жағдай жасау болып отыр. Қазіргі таңда
қосымша білім берудің шын мәнінде әрбір
баланың тұлғалық қалыптасуына үлкен
мүмкіндікке ие екендігі тәжірибе жүзінде
дәлелденуде. Бұл туралы тұжырымдар ғалымдардың
еңбектерінде негізделген және оларға
талдаулар арқылы көз жеткізілген. Дәстүрлі
педагогика ілімі балаға қарым-қатынас
ортасы мен істің кең өрісі арқылы жасалған
«дамудың әлеуметтік жағдайын» қандай
да бір болмасын аса қызықты деген сабақтың
өзімен де ауыстыру мүмкін еместігін педагог-ғалым
Л.С.Выготский да терістемейді [37,108б.].
Шынында да, қосымша білім беру ұйымдары
білімнің адам өмірі мен қоғамдағы рөлін
балаларға түсіндіру арқылы олардың білімге,
өнерге деген қызығушылығын, ынтасын оятып,
жеке қажеттіліктерін қанағаттандырады.
Бұл жағдайда жұмыс обьект-субьектілер,
яғни бала мен қосымша білім беру мекемесінің
өзара ынтымақтастығы мен шығармашылық
қарым-қатынасы арқылы іске асырылады.
Мектептен тыс ұйымдағы жұмыс педагог
пен оқушының ортақ іске деген әуестігіне
негізделгендіктен, бала ортақ іс-шараның
тұтынушысы ғана емес, жасаушысы да болып
табылады. Осындай ерекшелікке сәйкес
мектептен тыс ұйымдарда жалпы білім беретін
мектептерде кездесетін детерминдендірушілікке
жол берілмейді. Мектептен тыс ұйымға
оқытушыларды іріктеу табиғи сипатта
жүргізіледі, яғни оның балаға деген сүйіспеншілігіне,
тәрбие ісіне ынта-ықыласына баса назар
аударылады. Ендеше, мұнан қосымша білім
беру ұйымдарының педагогикалық әлеуетінің
айтарлықтай жоғары екендігі толық аңғарылатынын
атап көрсеткен ғалым Е.О.Омардың пікірін
толықтай қуаттаймыз [38,12б].
Қосымша білім беру ұйымдарындағы
педагогикалық тәжірбие мен категориялардың
іске асуындағы негізгі талаптары
төмендегідей: қосымша білім беру
ұйымдарының бағдарламалары, қосымша
білім беру ұйымдары қызметіндегі білім
берудің мақсаттары мен нәтижелері.
Қосымша білім беру ұйымдары қызметінің
еркешелігі мынада: балаларды немесе
жасөспірімдерді өз еркіне қояды
және мұнда адамның өзін-өзі жан-жақтылы
көрсетуге мүмкіндігі бар сонымен
қатар балалар білім алу бағытын,
жүйесін, деңгейін және соңғы нәтижені
өздері таңдай алады. Бұл ерекшелік
қосымша білім беру мекемелерінің
білім беру жүйесіндегі шығармашылық
қарым-қатынасты, педагог пен баланың
немесе педагог пен қосымша білім
беру мекемелерінің бірлескен іс-әрекетін,
белсенді және қарқынды оқыту әдістемесін
үлестірудегі қажеттілік екені айқын
көрінеді. Педагогпен бірлесе отырып
жасаған шығармашылық тапсырмаларды
шешу білім алу процесіндегі психологиялық
құрылымды өзгертеді немесе екі
жақтың әрекеттесуі, қарым-қатынас
жасауы, барлық қатысушылардың бір-бірімен
тығыз байланысты болуы әр баланың
ішкі стимуляциясының оянуына әкеліп
соғады. Балаларға қосымша білім
беру мекемелерінің бағдарламасы білім
беретін сонымен қатар қызметпен
қамтамасыз ететін және мекеменің дамуы
болып екіге бөлінеді.
Қосымша білім беру ұйымдарының
қазіргі даму жүйесі барлық білім
беретін мекемелердегі педагогикалық
үрдістің ұйымдастырылуы мен бағдарламаларының
талаптарына сай келуі үшін олар
белгілі бір үлгіге стандартқа түсуді
қажет етеді. Шындығында да білім
беру орындарының басты міндеті
оқушыларды оқыту, үйрету болса және
олар алдын-ала белгіленген нормативті
тәртіп бойынша қанағаттандырылса,
қосымша білім беру ұйымдары білімнің
адам өмірі мен қоғамдағы ролін
балаларға түсіндіру арқылы олардың
сол білімге, өнерге деген қызығушылығын,
ынтасын оятып оларды жеке тапсырыс
амалдармен қанағатттандырады. Бұл
жағдайда жұмыс обьект-субьектердің
өзара ынтымақтастық пен шығармашылық
қарым-қатынас принципіне, яғни тұлғалық
даму педагогика идеясына құрыла отырып
іске асырылуы шарт. Осы айтылғандардан
туындайтын түйін қосымша білім
беру ұйымдарының педагогикалық
әлеуетінің айтарлықтай жоғары екендігі
толық аңғарылады. Қосымша білім
беру мекемелерінің жалпы талаптары
білім беретін бағдарламалардың
педагогикалық технологиясы ретінде
қарастырылады, яғни күрделі тәсілдер
мен әдістер жүйесінен, жалпыға
бірдей білім беретін мекемелердің
мақсаттары мен мазмұнынан, білім
беру үрдісін ұйымдастырудағы әдістері
мен түрлерінен және нәтижесінде
баланың жеке дамуына арналған белгілі
бір құрылымдық жағдайлардың жиынтығынан
құралады. Мәселе бағдарламада негізделген
бірыңғай немесе жан-жақтылы жасалған
тапсырмаларды шешу емес, бірақ бағдарламаның
міндетті және ең қажет бөлімдерін
іске асыру. Балаларға қосымша білім
беру мекемелеріндегі педагогикалық шығармашылық
үрдісі мен білім берудің инновациялық
бағыты әлі де тың зерттеулерді қажет
етеді. Заман талабына сай әрқашанда
жаңа идеялар пайда болып отырады, педагогтардың
шығармашылық ізденістері жалғасын табады,
балалардың сұраныс-талаптары мен қызығушылықтары
өзгеріп отырады,осылардың барлығы білім
бағдарламаларының мазмұнының дамуына
септігін тигізіп отырады. Демек, балалармен
мектептен тыс тәрбие жүргізетін мекемелердің
оқу-тәрбие жұмысындағы ролі барған сайын
арта түспек те, оған лайық педагогикалық
басшылық қажет. Өйткені осы заманғы жеткіншек
өткен дәуірдегі өз құрдастарынан әлдеқайда
білгір де талғампаз, өзіне де, өзгеге
де талапшыл, сарапшыл, өміршең, сондықтан
бүгінгі тәрбиешінің де осындай күрделі
ой иесі болуы шарт. Ең бастысы білім беру
бағдарламасындағы өзін-өзі тану құндылығы
мен қажеттілігін ұғыну болып табылады.
Балалармен мектептен
тыс тәрбие жұмысын жүргізетін мекеме
– бүкіл оқу-тәрбие шараларында
мектептің сенімді серігі. Соның
ішінде адамгершілік тәрбиенің мәні
неғұрлым әсерлі. «Ұлан ұяда не көрсе,
ұшқанда соны алар» дегендей, балалар
мен жасөспірімдер көрген-білгеніне
сын көзбен қарап, елеуіштен өткізбей
бойына түгел сіңіретін еліктегіш
келеді. Өйткені оның өмірлік тәжірбиесі
жоқ, көрген заттарының бәріне қызығып,
оның көмескі жағын сезбейді. Сондықтан
да әрбір қосымша білім беру мекемелері
өз ұлтының мәдениеті мен салт-санасын,
бағыт пен тапсырмалардың дұрыс
таңдалуын негізге ала отырып,
білім беру үрдісіндегі құрылымға,
оның жалпы мазмұнына, бейімделу
бағытына және технологиясына мән бере
отырып мекеменің педагогикалық
жүйесін құрастырады. Бұл жүйе белгілі
бір мақсаттар мен міндеттерге
сәйкес мекемедегі әрбір бөлімдердің
әр алуан, белгілі бір жүйеге түскен
бағдарламалары негізінде іске асады,
сонымен бірге жұмыс обьект-субьектілердің
өзара ынтымақтастық пен шығармашылық
қарым-қатынас принципіне, яғни бала
мен қосымша білім беру педагогтың
тұлғалық даму педагогика идеясына құрыла
отырып іске асырылады.
Балалар мекемелерінің ата-аналар
арасында да атқаратын игілікті істері
мол. Тегінде, жанұядағы тәрбие талапқа
сай жүргізілмесе, онда тәрбие сыңар
жақ болуы ғажап емес. Сондықтан
да мектептен тыс мекемедегі білім
беру үрдісінің мазмұны қосымша
білім беру ұйымының педагогтары, балалар
мен ата-аналардың өзара қарым-қатынасының
мақсаты мен міндеттерін және
оның мазмұны мен әдістерін анықтау
арқылы жүзеге асады. Жанұя мен балалар
мекемелері арасындағы келісімді ықпал
ғана бала тәрбиесін ойлаған жерден
шығармақ. Осылайша тұлғаны тәрбиелеудегі
мақсат бір жағынан өзін дамыту жолында
алдына қоғамды қоятын, екінші жағынан,
өзінің әрбір өскелең мүшесінен
күтетін міндет-мақсаттан, яғни үйлесімділіктен
және келісуден тұрады.
Өмір заңдылықтары адамзаттың
рухани дамуы қашанда өндіріс
тәсілі мен одан туындайтын өндірістік
қатынас заңдылықтарына және оның жағдайына
тәуелді болатынын көрсетіп берді.
Ендеше осы бір әлеуметтік заңдылықтың
рухани өндіріс жүйелерін құрушылардың
бірі халық шығармашылығының түрлерімен
тікелей қатысты екенін білеміз. Шығармашылық
түрлерінің дамуы қосымша білім беру ұйымдарында
ерекше бастау алады. Шығармашылықтың
кең тарауы орындаушылық деңгейдің артуына
алып келді. Орындаушылық деңгейдің артуы
оның мазмұнына, бағыты мен тәрбиелік
және білім беру процесіндегі әдіс тәсіліне
сапалық тұрғыдан жаңаша қарауды талап
етеді. Қосымша білім беру ұйымдарында
шығармашылық іс-әрекеттің даму ерекшелігі
балалар мен жасөспірімдердің рухани
сұранымдарының өсуіне, дүниетанымдық
талғамдарының дамуына байланысты болды.
Мұндай жағдайдан әрбір адамды рухани
құндылықтарға тарту оларды тұтынушыдан
бірте-бірте жасампазға айналдыру үшін
обьективті алғышарттар жасалып жетілдірілуі
тиіс. Әртүрлі шығармашылық жұмыс үйірмелері
дүниетаным мәдениетін дамытуда ерекше
мәнге ие болады. Мәселен, хор үйірмелері
оқушыларға музыкалық және эстетикалық
тәрбие берудің ең нәтижелі жолы екеніне
күмәніміз жоқ. Хор үйірмелерінің ең басты
ерекшелігі – орындаушылық пен ағартушылық
білімінің, білім алу және тәрбие жұмыстарымен
өзара байланысы болып табылады. Үйірмеден
тәрбие алып шыққан жас өнерпаздар мектеп
бітіріп шыққаннан кейін, жер-жердегі
әртүрлі салаларда еңбекке араласа жүріп,
айналасындағы жастарға өзі үйренген
өнердің ұйымдастырушы жетекшісі бола
алады. Хор өнері сабағының маңыздылығы
нақты және адам өмірінің үш өрісін қамтып
өтеді: Ондағы ең алдымен – қамтылуға
қойылатын денсаулық. Яғни ән айту
кезінде адамның функциональды жағдайында
дәріні қажет етпейтін реабилитация пайда
болады, сонымен қатар оның жұмыс істеу
қабілеті қалпына келіп, артады. Екіншіден,
ойлау қабілетінің қалыптасуы әсерінен
және есте сақтау қабілетінің дамуы себебінен
баланың ой-өрісі дамиды. Үшіншіден,
өзін-өзі басқару, яғни
балалар мен жасөспірімдер нақты өмірге
бейімделеді, жаңа жағдайдағы қарым-қатынасқа
үйренеді, бағыт-бағдарын айқындау арқылы
салауатты өмір салтына үйлеседі. Жоғарыда
аталып өткен үш талап та қосымша білім
беру ұйымдарындағы жасөспірімдерге қойылатын
алғышарттар болып табылады.