Ертегінің тәрбиелік мәні

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Октября 2013 в 23:15, реферат

Краткое описание

Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ертегі.doc

— 440.00 Кб (Скачать документ)

 

Қазақ ертегісінде көп  күлдіргі әңгіменің ортасында жүретін  әдейі айлалы, тапқыр етіп кейіптелетін бір жан тазша болады. "Айлалы тазша", "Қу тазша", тағы әлденеше тазша боп әңгімеленетін күлдіргі ертегілерде мағына да мүлде мол болады. 

 

Тазшаның сол "тазша" дегеннен басқа аты да жоқ. Өзі  кедей, жалғыз, бұған ешкімнің жәрдемі, жақсылығы болыспайды. Бірақ нелер қиын халден, қысталаңнан аман шығып жүреді. Өз ақылы, қайраты, тынымсыз әрекеті, тапқыр сезгіштігі арқылы аман шығады және бір айқын сыры - тазша ылғи ханмен, патшамен, уәзір, жендетпен тартыса жүреді. 

 

Қазақтың салт ертегісіндегі  тазшалар орыс ертегісіндегі батырақ малай, солдат жайындағы әңгімелерге аса жақын келеді. Сонымен қатар қырғыз, бурят, якут сияқты елдер ертегілеріндегі айлакер кедейлер, малшылар жайындағы әңгімелерге қатты ұқсас болады. Бұл ертегілердің бәрінде де еңбекші малшылар арасынан шыққан халық өкілі айлакер, ажуаға жүйрік малшы, тазша халық юморының, мысқылының тамаша үлгілерін талантты түрде танытады. Қорқау, зорлықшы, қанқор хан, уәзірді әшкерелеумен қатар, обыр, жеміт байларды да масқаралаумен болады. 

 

Солардың бәрін ақыл-айламен, алдаумен жеңеді. Бұлармен тартысу жөнінде өтірік айтса, теріс істесе, қулығын жалғанға жұмсаса, айып емес. Өйткені ол ортаға сондай әрекет істемесе болмайды дегендей болып, халық әңгімесі тазшаға ойдағысын істетеді. "Айлалы тазшаның" ханнан қысылып, байды алдап, жасауылды алдауы, оларды өзі "құтқарып" алғаны, ханға болысатын бақсы кемпірді өлтіріп, оның жаласынан және құлан-таза құтылып, ақыры мақтан алуы сол айланы өзі алдампаз ортаға қарсы құрал етіп жұмсағанын көрсетеді.  

 

Кейде тазша қулығымен мысқыл еткенде ұрыдан ұрлық, аярдан аярлық асырып, түбінде барып, тағы екі ханды алдап масқара етеді. 

 

Жалпы, тазша әңгімелерінде  тапқырлық мысқыл, ажуа бар болса  да және сол айла-тәсілді халық  сүймейтін қанаушы ортаға қарсы  жұмсаса да, кейде тазшаның өзі халыққа да ерсі, теріс көрінетін бұзақы қылмыс істеп жіберетіні де болады. Бұл осы алуандас халық әңгімесіне үстем таптық, жат ортаның қосқан жамауы болуға тиіс. 

 

Алдаркөсе 

 

Алдаркөсе жайындағы  қазақ айтатын аңыз ертегілер  де көпке мәлім, көп қызықтаған, алыс заманнан келе жатқан әңгімелер. 

 

Алдаркөсе жайындағы  аңыз жалғыз қазақта емес, сыбайлас, туыстас қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен елдерінде де бар. Онда да Алдар бір пішінді күлдіргі алдағыш, мазақшы болып көрінеді. 

 

Бұларға қосымша Алдар жөнінде қазақ айтатын күлдіргі аңыздың үлкені - "Шықбермес Шығайбайды алдау". Ол қоғамдық мәні зор әңгіме болғандықтан, барлық Алдар күлкісінің халықтық мазмұн-мүддесін танытады. Осылайша Орта Азия елдерінің көпшілігінде айтылатын Алдаркөсе аңыз ертегілері ескі замандағы қоғамдық мінез, қатынастарды мазақ ететін, көпке қызықты, мысқыл күлкі болып шығады. Әрбір әңгіме ажуа түрінде айтылады. 

 

Кейбір қоғамдық жай-күйлерді, сорақы мінез-құлықтарды көп шақта  халық аңызы күлкісіз, салқын жүзбен, жиренумен, ашумен айтатын болса, сонымен қатар көп жерде осы Алдаркөсе әңгімелері сияқты сынағыш, шанышпа, мазақ еткіш сөздермен айтатыны бар. 

 

Халық өте сүйген өнерінің бір түрі - осындай күлкі әңгімелер. Бұлардың шеберлік, өткірлік, тапқырлық  күйлеріне қарап, сол әңгімелерді шығарған ортаның талантын, өнерпаздығын тануға, бағалауға болады. Алдаркөсе әңгімесімен қатар, осындай тапқырлық, жүйріктік, шапшаңдыққа құрылған күлкі мысал әңгімелер өте көп. Соның барлығы ел іші әр заманда да жаппай әңгіме қылатын, көпшілік ортасында ешуақытта ескірмей, көп-көп заман бойында ұмытылмайтын, жойылмайтын әңгіме болып келген. 

 

Алдаркөсе әңгімесінің  жеке-дара, өз басына келсек, ең алдымен  мұның әуелгі туған заманын дәлелдеп айтуға болмайды. Пәлен ғасырда, пәлендей қоғам ішінде туды деп, бір дәуірді бойлап айту қиын. 

 

Алдаркөсенің өз туысы, өмірбаяны туралы да ешбір мөлшер, дерек жоқ. Өйткені революцияға  дейінгі тапқа бөлінген рушылдық-феодалдық  қоғамды алсақ, соның қай дәуірі, қай кезі болсын, барлығына да Алдаркөсе  әңгімелері, оқиға тақырыптар қона кетеді. Алдаркөсе әңгімелерінің шындығын сол заманның қайсысынан да болса табамыз.

Ел қиялы Алдаркөсенің басына сансыз көп, шексіз кең оқиға, әңгімелердің бәрін жамай, құрай  берген. Алдаркөсенің аты сондықтан  да жеке-дара ат емес, мысал сөз түрінде жаппай ат болып кеткен. 

 

Алдаркөсе әңгімелерінің  бір зор ерекшелігі осы. Мұның  алғашқы, ерте кезде шыққан бір топ  әңгімесін сүйіп, көп қолданып кеткен ел бері келген сайын, сол алғашқыға  тың әңгімелер қоса берген. Сонымен  қатар, жалпы ауызда жүретін әңгімелердің қалпы бойынша, бұның ең алғашқы әңгімелерінен ұмытылып, жоғалып қалғандары да болған. Бүгінгі бізге жеткен әңгімелер де ел аузындағы қыдырып жүріп келген әңгіменің бәрі емес. Бұл бергі айтушының құлағына тиген үзінділер ғана.  

 

Алдаркөсе әңгімелерінің негізгі тақырып, мазмұнын алсақ, бұл - көпшілік бұқара, қалың еңбекші ел санасынан туған шығармалар. Сол көпшіліктің бір уақыт сараң, жеміт, сасық байға арналған таптық, қоғамдық мысқылын білдіріп, Алдардың Шықбермес Шығайбайды алдап, мазақ еткенін көрсетеді. Алдар жайындағы өте өткір, күлдіргі, шебер әңгіменің бірі осы. Мұнда көпшілік бұқара дүниеқоңыз, шірік, арам қолды байдың сұм құлқынын өлтіре мазақ етеді. Тағы бір ауық ой-санасы ашық, сыншы көпшілік Алдаркөсе арқылы діннің қараңғы нанымдарына да шабуыл жасайды. Алдардың шайтанды алдауы да өте мағыналы әңгіме. Дүниенің жаралуы турасындағы фанатик молдалардың ертегілерінің бәріне елдің сау ақылы иланбай, күлкі етіп, ажуа қылғаны көрініп тұр. Және шайтанды жан иесінің ең қуы етіп, адам ақылын оның қасында әлсіз етіп, бір қараңғы бұлдырға таза ақылды тұсап берем деген талаптың бәріне де көпшілік түсінігі қарсы. Сондықтан Алдаркөсе шайтанды өзінің өткір, тапқыр ақылы бойынша өз мінездерін өздеріне істеп алып та, шалып та жығады. 

 

Осымен қатар өткір, алғыр, шапшаң ақылды бағалайтын ел неше алуан аңқаулық, аңғырттықты да мазақ етеді. Қомағай, ел жегіш, тегіннен пұл жинағыш саудагерді бір кезде аңқау етіп көрсетіп, оның өгіздерін Алдарға алғызады. Немесе бақсы, балгер, дию, пері деген сияқтыны шығарып, ел ақылын тұсап, надандық, қараңғылық қалпын молайтқан наныммен алысып, мыстан кемпірді қор етеді. Жұртты алдаймын дегендердің өзін алдап, жер ғып кетеді. Алдар әңгімелерінің тағы бір өткір мысқыл ажуаны, мықты мазақты қоғамдық, халықтық тұрғыдан танытатын тобы Алаша ханды масқара күлкі еткен аңыздан байқалады. Бұл әңгіме біреу ғана емес, біріне-бірі жалғаса беретін бір топ күлкі, мысқыл оқиғалар болып келеді.  

 

Сол қатарда жеміт  айлакер, алдампаз саудагерді Алдарға  мазақ еткізу де осындайлық таптық, халықтық санадан туған. 

 

Сонымен қатар, әрине, Алдар  әңгімесіндей көпті мәз қылған, халыққа  жаққан, ауызда жүрген әңгімені бұқараға жау тап та пайдаланғысы келген. Сондықтан бұқараның оларға қарсы  арнаған құралын үстем таптың бұған қарсы қайта құрал еткісі келген талабы да болады. Сондаймен Алдар әңгімесінің кей жерін өзгертіп, мысалы, өгізінен айрылушыны саудагер бай емес етіп көрсететіні бар. Осы сияқты аңқаулықты, бос нанғыштықты қалжың ететін ел сынын қазақтың кедейіне, "Таз қойшыға" арналған ажуа есебінде ғып жіберген жерлері де бар. 

 

Бірақ мұндағы, Алдар  әңгімесінің негізіне, бағытына, қоғамдық мазмұнына қарағанда, әдейі бұрып  айтқан жамау сияқтанып тұрады. 

 

Оны ауызша әдебиеттің барлығына  еріксіз кіре жүретін, бөтен тап  қоспасы деп түсіну керек. Ал, одан басқа мазмұн-мағынасын алған Алдаркөсе әңгімелері - нағыз сыншы, шебер күлкіге ұста қалың қара бұқара туындысы болады. 

 

Алдаркөсе күлкісінің түр, құрылысындағы өзгешеліктеріне  қарасақ, ең әуелі күлкі, қызық өрескел  жай адамның атында тұр. Су жұқпас Көседен шыққан мысқылшы, нысаналы, туысы бөлек, тұлғасы басқа адам болып келеді. Алдар деген аты да әйгілі. Ол жасырынбай, шынын жарыққа салып, "мен мазақ етем, мен ажуалаймын" деп тұрған ашық жағы. Қайда қу мен сұм, қайда құнсыз, топас келеңсіздер болса, соның бәрін де жығам, жеңем деп ізденіп шығады. 

 

Халық әңгімесі бұған  кездестірген бөгет қарсылықты да ойда жоқ қиыннан, қиюсыздан құрайды. 

 

Алдарға сараңның бермесін алғызады. Алдампаздың ең зоры - шайтанның  өзі ұттырады. Елді, жұртты жебей  сауып, алдап жүрген саудагерді тонатады. Сыр, сиқыры бар "көріп кел" бақсыны мазақ еткізеді. Соның бәрінің қатарында кәрі күшті, кегі қатал, ажалдай болып тұрған хан сарайын масқара еткізеді. Осының баршасы да қиыннан туған бөгетті жеңген тартыс күлкісі. Оңайдан туған арзан күлкі емес, аса мазмұнды күлкі. 

 

Алдар әңгімелерінде  күлкі-мысқыл қоғам құрылысының, қоғам  тартысының құралы болғандықтан осылай. Және бұл құрал, бұл күлкі - өлмес  елдің өшпес күші. Сондықтан ол үнемі жаңғырып, өсіп, көбейіп отырады. Сол себепті де қазақ аңызы Алдарды өлді деп айтпайды. Алдар аты - күлкі аты, күлкіге өлім жоқ. Ендеше, сол күлкі өшпейтіндей Алдар да өлмес жан бейнесінде әңгімеленуі шарт. Қазақ аңызында Алдардың туысы айтылмаса, өлімінің де айтылмайтын мәні осыдан. 

 

 

Асанқайғы

 

Алуаны бөлек, ерекше бір аңыз ертегінің адамы - Асанқайғы. Бұл тарихта болған адам. Бірақ тірлік еткен заманы Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, дәлді кім еді, қай ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір кешіп өтіп еді. Ол жайының ешқайсысынан дәл дерек жоқ. Тарихта болған адамдар ішінде өмір сорабы, іс-еңбегі халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамның бірі - осы Асанқайғы.  

 

Асанқайғы өзінен қалған қысқа сын болжаулары, өсиеті арқылы өзінің жайынан да, заман аңғарынан да бірталай көрініс-елес, білік-дерек береді. 

 

Фольклор көлемінде  біз Асан бейнесінің айналасына халық  жиған аңыз-ертегіні тексереміз. Мұндағы  Асан-ақын Асан, көркем сөз шығарушы Асан ғана емес, өзі халық шығарған көркем әңгіменің геройы болып кеткен Асан. Бірақ осы қалпында да Асан туралы екі түрлі, біріне-бірі қайшы, қарсы екі алуан аңыз әңгімелер бар. Соның алғашқы мол тобынан халықтық сана көрінсе, екінші саны азырақ түрлерінде өте кертартпа, реакцияшыл хан-феодалдар санасы танылады. Сөйтіп, бұл бейне айналасында ауыз әдебиетте екі түрлі таптық тартыс идеялар бар екенін көреміз. Тексеруге алғанда халықтық үлгілерді аламыз да, жат саналы аңыздардың таптық сырын әшкерелейміз.  

 

Енді сол халықтық аңызға оралсақ, онда Асан халық мұңын  арман етіп, алысты меңзеген адам болады. Асанның өмірі мен еңбегіндегі, өлең-өсиетіндегі нәрлі, сырлы қасиеттерін алып, соны халық ұлғайтып, өсіріп, даңқ етіп әкеткен. Мұндай шығармаларда Асан бейнесі - халықтың қиялы мен өнері туғызған өзі бір әдебиеттік бейне. 

 

Асан жайындағы аңыз ертегілері ерте күннен бастап, бергі  замандарға шейін халықтың үнемі  қоспа қосып, түрлеп, өсіріп келген шығармалары болады. Әсіресе осы  күнгі қазақ мекен етіп отырған  жер-сулар, қоныс-қыстаулар жайындағы "Асан айтты" деген сынсарап, барлау, болжау сөздердің көпшілігі сол жерлерде бертінде келіп қоныстанған елдердің өз жерінің сырын, жайын түсініп, танып болған соң, көп тәжірибе жылдарынан соң, Асан атынан қосқан өз шығармалары, өз сындары болады. Асан жайындағы халық аңызы әр дәуір, әр буын тұсында түлеп, өсіп отырды дегеннің мәнісі, дәлелі осы.  

 

Асан жайындағы аңыз ертегінің ең мағыналы көріктісі, халық  үшін қызықтысы - оны малға мекен, елге ырыс жер іздеуден бұрын желмаяға мініп, қазақ жайлап отырған орын, өрістің бәрін шарлап, тыным таппай шарқ ұрып кезетіндігі жайында. Көрген қоныс, мекеннің біріне қанағат қылмайды. Арманды бір жер барын сезеді. Оның аты - қиял мекенінің аты болмақ - "Жерұйық" деп ат қояды. Сонда жетсе ғана, соны мекен етсе ғана, халқы бақытты болмақ. Игілікті ырыс атаулының жанды көрініс, белгісі болып "қой үстіне бозторғай жұмыртқаламақ". Мұнда малға, шаруаға да береке бар, адамға да бақ-мереке, тату-тыныштық, шат-шадыман тірлік бар. Міне, осындай жерді өзі үшін емес, елі, жұрты үшін іздеген Асан - ел қамқоры. 

 

Ол мұны іздеуді өздігінен  таппайды. Елдің сол күнгі шаруашылық, қоғамдық тірлігіндегі болмысына, күй  кескініне қарап, қанағат етпей, торығып барып іздейді. Шаруашылық болмысына да, қоғамдық құрылысына да риза емес. Және қалың ел қандай риза емес болса, бұл да соншалық, сондықтан риза емес. 

 

Осы риза еместік жаңа дүние, жаңаша бір бөгде, өзгеше болашақты, бақ қиялды тілетеді. Тілеп, аңсап  іздеуге талпынтады. 

 

Сол қиял мекеннің аты  бірде "Жерұйық" аталса, кейде "Жиделі байсын" делінеді. Бұл орынның  екеуін де Асан өз тірлігінде таппайды. Өйткені ол мекен өзі келмейді, оны халық өзі қалың бейнетпен таппақ керек. Ер еңбегін кешіп, өз талабымен, ұзақ қысталаң, сыннан соң жетпекке керек. 

 

Ер жар төсегінен  түңіліп, мал төлден тыйылып, шексіз ұзақ сапарға жылдар бойы әзірленіп, төзу керек. Сондай қиын қымбат кешуден өтіп барып қана, ел сол еңбегі үшін, үнемі жидесі таусылмайтын жағалай жасыл дәулет, бақ мекеніне жетпек.  

 

Мұндай қиял мекенін  бір қазақ емес, өз ертегілерінде  ел тудырған. "Суы - сүт, жағасы - балқаймақ" өзен мекенді орыс аңызы да көп айтқан. 

 

Бірақ, Асанның елі  сияқты, барлық ел ол қиял мекеніне сол  аңыздарда жетпей қала береді.

Міне, халықтық көркем аңыздың  бір геройы Асан жайындағы әңгімелердің осындай мән-жөні бар. 

 

Ал, осымен қатар Асанқайғы  жайындағы әңгіменің екінші, халыққа жат, бөтен саналы бір түрлері тағы бар дедік.  

 

Ол аңыздағы Асан - халық  мүддесімен қабысатын Асан емес, хан  сарайының ақылды сыншысы, санашылы болған Асан. Бұл Жәнібек ханға  ақыл айтады. Құладынға қу ілдіргенің - жаман ырым, қала салғаның - жаман қылық деп сынап-шенейді. Мұндағы Асан кертартпа феодалдық заңның санашылы болып шығады. Хан мен халық арасындағы қайшылықты айтқанда, ол хан жағының таптық мүддесін жақтап, жоқтап сөйлейді. 

Информация о работе Ертегінің тәрбиелік мәні