Ертегінің тәрбиелік мәні

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Октября 2013 в 23:15, реферат

Краткое описание

Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ертегі.doc

— 440.00 Кб (Скачать документ)

Мұндай алуан түрі, көркі көп халық қорына қарағанда, жазба әдебиеттен бұрын-ақ көркем қара сөз туғызушы атсыз әңгімешілер еңбегімен, қалың халық даналығымен бірге қазақта аса шебер жанрлар (түрлер, үлгі, өрнектер) туып, өсіп қалғанын көреміз. 

 

Көркем поэзияға ауызша поэзия қаншалық бөгетсіз, сатысыз  көп қор құйған болса, бүгінгі көркем прозаға да халықтың ауызша әңгімесі сондайлық жатық жолмен көп араласып, қабысып жатыр. Бұл жай қазақтың салт ертегілерін тексеру мен көркем прозасын талдап ұғынуда ғылымдық үлкен түйінді, проблемалы мәселе есебінде зерттеліп, тексерілу қажет. Әсіресе, осы жайларды тақырып таңдаудан, әңгіме желісін таратудан, адамды бейнелеуден және өте-мөте әңгімелеу тілінің, сөз кестесінің ұқсастық, тектестік жағынан қарап зерттеу, талдау шарт. 

 

Салт ертегілер қазақ  фольклорында сан жағынан аса көп болумен қатар, бірнеше айқын түрлерге де бөлінеді. Соның алдымен көзге түсетін түрі - тұрмыс-салт ертектері. 

 

Жалпы ертегі ішінде салт ертегілер көп болса, соның өз тобындағы ең молы - тұрмыс-салт ертегілері. Бұл ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі бастыларын санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, ақылды қыз, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, тағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі сияқты неше алуан болып шығады. Бұлардың жалпы тобынан туатын идея, қоғамдық салт-сана: үстемдік пен теңсіздікті, зорлық пен қарсылықты, байлық пен кедейлікті, бақ пен сорды, жақсылық пен жамандықты, ақыл мен ақымақтықты қарсы қою түрінде болады. Осы қатарда үй іші тұрмыстың адалдық пен қиянаты, беріктік пен алдасуы да көп ертегінің идеясын ашып отырады. 

 

Жоғарыда айтылған тақырыптар ретімен қарасақ, пайдалы өсиет  жайындағы салт ертегілері өз алдына бір мол әңгімелер болады. "Білгір адам"1, "Қарттың ұлына өсиеті"2, "Үш ауыз сөз"3, "Үш өсиет"4, "Өнеге"5, "Алпысқа келгеннен ақыл сұра"6, "Үш кеңес"7 деген ертегілердің барлығы осы бір тақырыптың көп түрлі әңгімесі, кең қайталамасы есепті. 

 

Салт ертегісінің бұл  түрінде адам жай ғана қалыпты  адам болып кездеседі. Ертегі ері  мұнда батыр да, бағлан да емес, көптің бірі және айласыз, әлсіз жалқы адам болады. 

 

Көбінше өмір тартысына, талқысына бұрын түспеген, көргені  мен тоқығаны аз жас болады. Сондықтан  бұл адам көптің бірі, тірлікте, қоғамда  күнде кездесетін жас буынның  өкілі. Ендеше, ертегі осындай жасөспірімге серік етіп, өзіндей жасты әңгіме етіп, нақыл, ақыл береді. Тірлік үшін алысудың тәсілін, құралын бермек болады. Міне, бұл түрлі ертегіден туатын тәрбиелік, ұстаздық мағына осындай - өмір құралы жазылмаған кітап нәріндей болып келеді. 

 

Тұрмыс-салт ертегілерінің тағы бір көп қайталайтын тақырыбы - ақылды жігіт, ақылды асыл қыз жайындағы ертегілер. Бұл ертегілердің ескі түрі қиял ертегілерінің әсерін көрген, сондағы ертегілік қиын жол, қыспақ хал сияқтының бірталайын ішіне ала жүреді. Қыз ақылды, жігіт жақсы болып қиядан табысатын бір нұсқалары болса, сонымен қатар кей ертегіде қыз ақылды дана, бірақ жігіт олақ болып кездесіп, арадағы ақылды дос жігіт, не дос көмек етіп, "мұраты хасыл" болады. Осы алуандас ертегінің бір үлгісі - "Жалайдар хан мен Сағат"8. Мұнда ақылды сұлу хан қызы жігітке ғашық, іздеп табуын тосады, аңсайды. Жігіт өзі жете алмастай, сонда ақылды досы Сағат жәрдемші болады. Жол ауыр, өткелсіз қиын. "Тозбас тон, азбас ат" керек ететін жол деп, ертегінің өз тілінде баян етіледі. Бейнетпен жетеді. Бірақ жігіт ғашығына жолығар түнде ұйықтап қала береді. Қыз белгілер қалдырып отырады. Ақыры Сағат көмегі, ақылымен қыз жігітке қосылады. 

 

Осы түрде әңгімеленген ертегінің бәрінде жұмбақ, әрекет көп келеді. Қыз үнсіз, бірақ зат  қалдырып, ылғи жігітін сынап, із тастап отырады. Ақылды қыз әңгімесі тағы бір осындай ескі ертектен хан қызы болып, бірақ әкесінің қатал кәріне ұшырап, жазаға бұйырылып, сол жаза түрінде қайыршы жігітке беріледі. "Жақсы әйел"9 деген ертегі де солай келген. Ерік, ықтияр жоқ, күндік күйдегі әйел халі өзгедей емес, хан қызының басында да бар. Қиянатшыл, қатал, қаскөй хан жұрт қызына қысым көрсетумен тұрмай, өз қызына да сор тудырады. Бірақ ертегінің ақылды қызы қайратты да, мінезді де. Ол көп жерде, шын қасиетімен хан қызы емес, халық қызы болып кетеді. Сондықтан қайыршы күйеуін, не кем-кетік, не ақылсыз қор болып жүрген, "жаман" деген атқа ілінген күйеуін адам етіп, жақсы етіп, биік баққа жеткізіп отырады. 

 

Ақылды жігіт әңгімесі де осы ақылды қыз сияқты сан түрлі, көп алуанды болып кетеді. Соның бірі -"Қарт пен тапқыр жігіт"10 деген ертегідегі жас. Ол бірге жол жүріп келе жатып, қасындағы қартқа екі-үш түрлі жұмбақ, қиғаш сөз тастайды. Сонда "арқаласайық" дегені - әңгіме айтысайық дегені екен. 

 

Өлген адамның жаназасына кезігіп, "өлмеген екен" дейді, пісіп тұрған егінді "желінген екен" дейді - бәрінде де ақылды, терең мағына бар болып шығады. Жұмбақты үйге келгенде шалдың қызына да тастайды. Бірақ қыз бәрін шешіп, ұғынып, дана жігітке жар болып қосылады.  

 

Ақылды жігіттің бір алуаны әділ шебер кісі болып, елге, жұртқа даңқы жеткен "Аяз би" сияқты болады. Мұнда елдік абыройды алған жақсы жігіт көбінше елеусіз көптен шыққан, қалың ел ортасынан келген жалғыз жігіт болады. Ол жігіт елге жаққан, қиынның ебін, қиюсыздың бабын тапқан ақылды болғандықтан, хан сарайын да өз дерегіне мойындатып, үлкен күш иесі болып кетеді. Қарадан шығарып, "Бақпен асқан патшадан миымен асқан қара артық" деген халық әңгімесі ондайды хан қоятыны да бар. Халық, бұқара көпшілік хан мен әміршінің ақылсызынан, қиянатшылығынан зығыр жеген кезінде ең болмаса осындай үлгілі ертегісі, әңгіме-қиялы арқылы дауласа күресіп, өз мүддесін айтады. 

 

Бұл жөнде Добролюбовтың  орыс ертегісі жайында айтқан елеулі үлкен ойының бірін еске алу қажет. "Өзге ертегілердің көпшілігінде қулық пен айлакерліктің, зорлықшыл күштің басым екендігін байқауға болады: бұл өте табиғи хал, ақыл санасы өсу жолында зорлықшыл күштен көп бөгет көретін адамдар арасында болады. Сол зорлық себебінен, тура жолмен алысудан тайқып, қулық, айлакерлік жолына амалсыз ауысады", - дейді. 

 

Қазақтың айлакер, ақылды, алғыр және күлдіргі мазақшыл тазшалар жөніндегі ертегілері және әсіресе "Алдар көсе" жайындағы ертегілері Добролюбовтың осы айтқан пікіріне анық айғақ бола алады. Халық ортасында  туып тұрған, хандарға қарсы ертегілер айлалы ақылдының қара күшті, жауыз зорлықты жеңіп қана қоймай, масқаралаған, мазақтап кетіп отырғанын да танытады. 

 

Сондай кездерде тұрмыс-салт ертегісі қырсықты ханды жеңген жанның бәрін көп дәріптейді. "Кесір  хан мен тазша"" деген ертегіде осындай қырсықты хан - қыз болады. Басын үш рет сөзбен көтерткен кісіге тимек, көтерте алмағанның басын алады. Салт ертегісінде көп кездесетін осындай сертті жазаларға, қатал сынға шыдап барып, жүлде алып келетін әрдайым, тағы да халық өкілі болады. Мынау ертегіде сол талапкер - тазша болады. Ол хан сертін әдейі айтылған қияс даумен мысқыл етіп жояды да, жеңеді. Қызды, ханды ақылы мен тәуекелінің жүлдесі етіп, көнбесіне көндіріп отырып алады.  

 

Осы алуандас тағы да өмір шындығынан туатын салт ертегісінің бірталайы - қиянатшыл өгей шеше жайындағы ертегілер. Бұл тақырып, тегінде, жалғыз қазақ емес, көп ел ертегісінде бар. Өгей шешенің қыз балаға сор туғызатын қастығын әсіресе орыс халқының қиял ертегілері де, салт ертегілері де көп әңгімелейді.  

 

Ал "Бақа"12 деген ертегі - тағдырға иландырам деген ертегілерге қарсы, әдейі әзіл, мысқыл есебінде туған әңгіме. 

 

Онда Бақа деген шал "көріпкел" де, сәуегей де емес. Бірақ еріксіз балгер, болжаушы болады. Өзі тілемей, ешбір дайын болмай, сол міндетті атқаратын болады. Жай жазықсыз таза адам. Өзінің мынадай өрескел халінен барды беріп құтылуға ынтық. Қашпақта болады, бірақ құтылар шара жоқ, балгерлік етпесе, қауіп төніп, тосып тұрады. Бұның халі әрі уайым, әрі күлкі. Сонда болымсыз, ойда жоқ себептер Бақаның сандырақ сөзін - ем сөз қып шығарады. Бақаның қадірі артады. Тағы қысылып, тағы сәтпен айтқаны келеді. Үшінші қысталаң сында мұның Бақа деген атының өзі шалдың бағы болып шығып, сол құтқарады. Сөйтіп, бақ деген нәрсе арзан, оңай жолмен Бақа шалға ойда жоқтан өзі келіп оралады. "Жалғыз балгер'"13 мен "Ойда жоқ"14 деген сияқты ертегілер дәл осындай. 

 

Бұл әңгімелердің түп  мағынасы бар, тағдыр деген үгіт, өсиеттерге қарсы елдің сыншы, мысқылшыл, толғаулы ойы тудырған бір алуан күлкі, ажуа, сыншы әңгімесі, тапқыр әңгімесі болады. 

 

Тұрмыс-салт ертегілерінің  тақырып түрлері бұл саналғандармен бітпейді, көп те, кем де келеді. Бірақ  осында тексерілген ертегілер арқылы ашылған ерекшеліктер, қоғамдық, сыншылдық  сырлар, таптық идеялар, композициялық  ерекшеліктер бәрі де тұрмыс-салт ертегісінің байырғы, туынды түрлеріндегі ескілі-жаңалы жалпы бітімді аңғартуға жарайды. 

 

Салт ертегілері қатарындағы  алуаны бөлек бір топ - күлдіргі ертегілер. Бұл ертегілер бала мен үлкенге  бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты  жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болады. Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді. "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ'"15, "Ұр тоқпақ'"16, "Қаңбақ шал"17, "Байбай шал'"18, "Айлалы тазша"19, "Қу тазша"20, "Тазшаның қырық өтірігі"21, "Қу бала"22, "Екі еріншек"23 деген сияқты болып, ертегінің аты мен адамынан да әңгіменің ойнақы, күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады. 

 

Бұл қатарда қазақ  халқы айтатын күлдіргі әңгімелер ішінде алдымен аталатын "Алдаркөсе" болуға керек еді. Бірақ ол жайындағы әңгімелер ілгеріде айрықша тексеріледі. 

 

Жаңағы алғашқы саналған күлдіргі ертектердің өзіне оралсақ, ең алдымен олар жайында байқалатын бір өзгешелік, көбіне ортақ бір сипат осы. Күлкі оқыстан туған, келте қайырылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады. Оқиғалы тартысы күлкі болғандай, ойда жоқ күлкі хал көп қимыл-әрекеттер туғыза келіп, бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмарлана түссе, сонда күлкі әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей береді.  

 

Сондай, мазмұнға сай  құрылыс жағынан қарағанда, "Тазшаның қырық ауыз өтірігі" анық күлдіргі ертегілердің ең шебер үлгісі деп  атауға татиды. Мұндай күлкіге бейім  біткен ерекше жайлардан тыс, бір  ауыз сөз жоқ. Өтірікшіге қыз бермек болған хан сертінің өзі бір әсерленген, дағдыдан тыс хал. Содан басталған тазша өтірігі: "Мен анамның құрсағында жатқанда, тумаған ту атамның жылқысын бақтым", - деп кетеді. Мұндағы өтіріктің себебі: ертегінің әдейілеп, нақтылап алған күлкілік мақсатынан туған. Өзі ылғи ғана болмас, иланбас суреттерге құрылу керек. Және өтірік құр татымсыз емес, аса қызық тапқырлық бар. Әдейіленген жасанды көркем шығарма болу шарт. Тазша соны түгел ақтап, адақтап шығады. Ең аяғында хан әдейі қиын тосқауыл жасап, оқыс сұрақтар береді. Тазша өзге әңгімесін бұрын ойлап келді, енді мұның шын өнерлі өтірікші екенін сынау үшін осы арада, тұтқиылда қысып көру керек. Сондықтан хан: "Бәйтерегің қысқа шығар", - дегенде, тазша шұғыл сұраққа іле жауап беріп: "Болса болар, түбінен таңертең ұшқан күйкентай басына кешке жетіп қонушы еді", - дейді. "Күн қысқа шығар", - дегенде: "Болса болар, таңертең қашқан марал кешке бұзаулаушы еді", - деп тағы да үдеп кетеді. Және осы оқыс сұрақтарға берген жауаптары бұрынғы айтып келе жатқан бастан бергі өтіріктерінен өзгеріп, ауысып кетпейді. Дәл солардың үлгі, бітіміндей "үйлесімді" болып бітеді. 

 

Бұл күлдіргі әңгіменің  бір ерекше қасиеті - өзі жан иесінің  бәріне мәлім, бәріне ұғымды көріністерді, жанды, жансыз табиғат көріністерін алады. Солардың болмас, көнбес, қиғаш суретін тыңдаушының көз алдына өз басының ісімен, қатынасымен байланыстыра айтқанда, еріксіз, өрескел, күлкі күйлер туады. Ұғымдылығы мен күлкілігі тек қазақ тіршілігінің ерекшелігінен ғана туған емес, әрі қазақ, әрі бар адам баласына түгел жетерлік мөлдір айқындығында. 

 

Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке  мәлім, көпке қанық жайдан алыну  керек. Ол үшін күлкілік хал барлық жұрт білетін көптің көз алдындағы  табиғат ішінен алынатыны - халық  күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы. 

 

Қазақтағы күлдіргі ертегінің  осы алуандас бір мысалы - "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ". Онда да адам өрескел кескінде болғанмен, тағдыры  табиғат көрінісімен байланыстыра алынған. Бұты шидей, басы қуық қағанақтай, тамағы қылдай кісілер әңгіменің басынан-ақ оқшау тұрпатымен көпке күлкі болып тұрады. Олардың өрескел кейпіне қарай ісі мен өлімі де күлкі, оқыс болады. 

 

Әңгіме өте қысқа, сол  қысқалығы да мазмұнынан туған соншалық түсінікті, заңды тұр. Атына затын  сай келтіретін күлдіргі ертегінің бір тарауы қайшы халге, контрастқа құрылады. "Қаңбақ шал", "Байбай шал", "Шал сияз" сияқты ертегілерде шалдың қарттық себебіндегі әлсіздігі алынса, сонымен қатар тапқыр, айлакер, қулығы алынады. Әрі әлсіз, әрі өзі ақылды, сол ақылдылығымен мықты болған қайшылық күйі бұл алуандас әңгімені де өткір күлкі етіп шығарады. 

 

Қаңбақтай қураған шалға  алып дәумен шайқасуға тура келеді. Қаңбақтай шал дәуден күш асырған  болып, жердің ішегін теуіп шығарады. Түлкіні алдайды. Үш дәу бірігіп  көп алыспақ болғанда, "жоғарғы дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас" деп айламен үркітіп, қу болып саналады. Қаңбақ шал қысылған шағында айла мен өтірікті еппен құрал етеді. Мұндайлық өтірікке құрылған әңгіменің сөз кестесі де соған бейім, сай келеді. 

 

Күлдіргі ертегілердің ендігі бір алуаны "Ұр тоқпақ" сияқты жансыз, елеусіз заттардың  ойда жоқ, қырғын-қызық өрескел әрекетіне  құрылады. Бұған "піс қазан", "бас  ноқат", "шырт ноқат" деген сияқты ойда жоқ оқыс күлкі туғызатын  заттар халдері мен істері де қосымша мысал болады. Күлдіргі ертегінің бұл түрінде адам ықтияры, асыл қайраты көп іс өндірмейді. Адам не күлкі, не күшті күйге ауысса, жаңағы тілсіз заттарға ертегі бітірген ерекше қуат, сыр арқылы ауысады. Сол заттар істейтін оқыс істер болмаса, бұл ертегілердегі жеке адамның, үй ішінің қоғамның тіршілігінен әңгімеленетін хал-жайдың бәрі салттағы, күнделікті шындық, болмыстың өзінен алынған болады. 

Информация о работе Ертегінің тәрбиелік мәні