Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Сентября 2015 в 20:06, реферат
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.
Дәрістер.
1 дәріс. Ғылым ретіндегі Қазақстан тарихының мақсат, міндеттері және оны зерттеудің өзектілігі.
Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін ата тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ыждағаттылықпен қайта зерттеуге кірістік. Азаттықпен келген шығармашылық бостандық тарих ғылымында да түбейгелі өзгерістерге жол ашты. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін оқытуға ерекше мән беріле бастады. Өйткені, тарих - ғылым мен пән ретінде аса маңызды білім саласына жатады. Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихын біліп, оның жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніп қорытынды жасауы тиіс.
Дүниежүзінің атақты ойшылдары мен ғалымдары тарихтың қоғамдағы алатын орнына жоғары баға берді. Мәселен, Әбу-Насыр әл-Фараби: «Тарихты білмей - өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын», - десе, Н. М. Карамзин: «Тарих әрбір ұлттың ең басты кітабы», - дейді. Ал Н. Г. Чернышевский: «Тарихты ақыл-иесі толық дамымаған адам ғана сүймеуі мүмкін», - десе, бұл ойды XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ ғылымы мен білімінің хан тәңірісі А. Байтұрсынов былай деп жалғастырады: «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих».
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында оның мемлекеттік мүддесіне сай халықтың тарихи санасын қайта қалыптастыру елдің айқын келешегі мен ұрпақтар сабақтастығы үшін аса маңызды екені белгілі. Бұл тұрғыда тарих ғылымының атқарар рөлі де, көтерер жүгі де, елдің ұлттық нышанын, тарихи дәстүрі мен мәдениетін сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жауапкершілігі де зор.
Кеңес дәуірі жылдарында Қазақстан тарихын зерттеп, жазудың мақсаттары мен тақырыптық жүйесі КСРО тарихының мүддесіне бағындырылып, таптық қоғам мұраттарына сәйкес белгіленген шеңберде ғана жүргізіліп келді. Қазақ халқының, кала берді, бүкіл Республиканың тарихы, әлемдік тарихи эволюция үрдісінен тыс, көш соңында қалған шалғай елдің тарихы ретінде қарастырылды. Қазақ халқының аса бай мәдени және тарихи мұрасы, көшпелі өркениеттің дүние жүзілік тарихта атқарған рөлі жете бағаланбады. Дүние жүзілік мәдениетінің дамуы тек отырықшы өмір салтына және шаруашылық жүргізуге байланыстырылды. Адамзат тарихы мен техниканың барлық жетістіктері европалық өркениетке ғана телінді. Екіншіден, Қазақстан тарихын шындап зерттеу тек кеңес дәуірінде ғана қолға алынды деп саналып келді. Сөйтіп, тоталитарлық СОКП идеологиясының ыңғайына қарай бейімделіп, қазақ қоғамының тарихи ой-жүйесінің дамуындағы сабақтастық жасанды түрде бұзылды. Осының нәтижесінде орта ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың тарихына байланысты жазылған шығармалар, XVIII-XIX ғасырлардағы авторлардың жазғандары, тіптен бертінде өмір сүрген, ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың зиялы қауымы өкілдерінің шығармалары есепке алына бермеді. Қазір ол еңбектер бағзы заманды бүгінгі күннің терең өзгерістерімен байланыстыратын дәнекер есебінде бағаланады.
Тарих дегеніміз - халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмайсың және оның бір түсін екіншісімен ауыстырып, жаңадан жаза алмайсың. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен және қайғылы беттерімен қоса, ол қандай болса нақ сондай, бүкіл алуан түрлі, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз.
Өткеніміз бен бүгініміздің, тапқанымыз бен жоғалтқанымыздың тағылымын түйіндеуге Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі мән беріп, 1999 жылы «Тарих толқынында» деген еңбегін жариялады. «Қазақстанның сана-сезімі, - деп тұжырымдайды Президентіміз Н.Назарбаев, - өткендегі, қазіргі және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлттық «МЕН» дегізерлік қасиетін түсінуге тұнғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр... Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет». (Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. Б. 292-293)
Соңғы жылдары қоғамдағы өзгерістермен бірге тарих ғылымында да маңызды бетбұрыстар болып жатыр. Қазақстан тарихының ең елеулі ақтаңдақтары жойылып келеді. Қазақстан Республикасының Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес қабылдаған «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасында» атап өтілгендей, өткенді және қазіргіні ой елегінен өткізу қажеттігі Қазақстанның, оның халқының тарихи тағдырына талдау жасауды жандандырып, тереңдете түсуді мейлінше талап етеді.
Қоғамның обьективті тарих біліміне ынта-ықыласы мен қажеттігін, Қазақстан тарихы үрдісінің үздіксіздігін, қазақ халқы тарихы мен мәдениетінің ежелден бастап қазіргі күндерге дейінгі сабақтастығын жаңа айқындамалар түрғысынан ашып көрсету - бүгінгі жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеудегі алдымызда тұрған аса маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да Қазақстан тарихының курсы жеке пән есебінде жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандықтардың оқу жоспарларына енгізілген.
Қазақстан тарихының көне дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихын зерттеу студент жастар алдында қоғамның дамуы туралы ғылыми түсінік қалыптастыру үшін, дүниетаным тұрғысынан адамзат өркениетінің мол байлығына қатысты пікір түю үшін, өз халқымыздың тарихын барлап, оның мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін игеру үшін аса маңызды қызмет атқарады.
Курстың негізгі міндеті студент қауымының Қазақстан тарихын қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде игеруі болып табылады.
Тарих ғылымы - қасиетті ғылым. Ол бұра тартуды да, әсіресе бояуды да, «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғуды да көтермейді. Оның өлшемі - шындық, ақиқатқа жүгіну.
2 дәріс.
Қазақстанның ежелгі тарихы: тас ғасыры (б.з. б. 2,6 млн. ж. – б.з.б. 3 мың ж.). Азамат тарихы әр түрлі әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байланысты үлкен кезеңдерге бөлінеді. Археологияда адамзат тарихы өзіндік кезеңдерге бөлінген: тас ғасыры, қола және темір ғасырлары.
Алғашқы адам басқа ірі жыртқыштарға қарағанда әлсіз болды, өйткені адамның күшті тістері мен тырнақтары болған жоқ. Оның есесіне алғашқы Гоминидтер еңбек құралдарын жасау мен қолдану арқылы сол әлсіздіктерін білдірмеді. Тас ең ұзақ қолданылған құрал болды, ол осыдан б.з.д. 2,5 млн. жыл бұрыннан б.з.д. 5 мың. жылға дейін адамзат техникасында басты орын алды. Бұл кезеңді археологтар тас ғасыры деп атап, оны екі кезеңге бөледі: Палеолит (ерте тас ғасыры) және Неолит (жаңа тас ғасыры). Олардың арасындағы өтпелі кезеңді Мезолит (орта тас ғасыры) деп атады. Өз кезегінде палеолит те екіге бөлінеді: төменгі (б.з.д. 2 млн. ж.– б.з.д. 40 мың ж.) және жоғарғы (б.з.д. 40 мың ж. – б.з.д. 12 мың ж.).
Ең көне бастапқы замандардағы адамдардың өмірі туралы түсінік қалыптастыру үшін, олардың тіршілігін, олардың мекенін, еңбек құралдарын, тамақ қалдықтарын, жануарлардың сүйек қаңқаларын зерттеп білу қажет болды. Сондай-ақ, этнографиялық мәліметтердің де мәні зор. Ол мәліметтер ең көне замандардағы адамзаттың материалдық және рухани мәдениетінің кейбір қырларын тура түсінуге мүмкіндік туғызады. Дегенмен, негізгі мәліметті, бастапқы адамдық қоғамның жалпыға ортақ материалы – тастан жасалған еңбек құралдары береді.
Тарих ғылымының өзекті мәселелерінің бірі – адамзат қоғамының даму тарихын кезеңдерге бөлу. Кезеңдер – бұл қоғамдық даму барысында бірін-бірі ауыстырып отырған дәуірлерді анықтау. Дәуірлерді анықтауда қоғамдағы негізгі үдемелі өзгерістерді қамтасыз ете алатын факторлар алынады.
Тарих ғылымының қалыптасу барысында, тарихшы-ғалымдар кезеңдердің бірнеше, яғни айналым теориясы (Пифагор, б.з.д. ҮІ ғ.), формациялық (К.Маркс, ХІХ ғ.), өркениеттік (А.Тойнби ж. б. батыс ғалымдары, ХХ ғ.) және басқа варианттарын ұсынды.
Өркениеттің басталу мезгілін зерттеп, тануда ғылымда кең қолдау тапқан археологиялық кезеңдер. Ол еңбек құралдарын жасауда пайдаланылған материалдар және жасау техникасындағы айырмашылықтарға сүйенеді. Сөйтіп, ең көне дәуірді үш кезеңге бөлуге болады: тас ғасыры (адамның пайда болуынан б.з.д. ІІІ-мыңжылдыққа дейін), қола ғасыры (б.з.д. ІІ-мыңжылдықтан б.з.д. І-мыңжылдыққа дейін), темір ғасыры (б.з.д. І-мыңжылдықтан бері).
Қазақстан территориясындағы тас ғасыры. Тас ғасыры өз ретінде көне тас (палеолит), орта тас (мезолит), жаңа тас (неолит) және қола ғасырына өтпелі арадағы мыс пен тас қатар тараған ғасыр (энеолит) болып бөлінеді.
Палеолит – көне тас ғасыры, ол б.з.д. 2,6 млн. – 12 мың жылдыққа дейін созылады. Ерте (б.з. 2,6 млн. – 35-30 мың жыл бұрын) және кейінгі (б.з. 35-30 - 12 мың жыл бұрын) палеолит болып екіге бөлінеді. Адамзат анайы шаруашылық қам-қаракеті табиғаттың дайын тұрған өнімдерін пайдаланумен шектелген.
Мезолит грекше аударғанда орта тас ғасыры дегенді білдіреді, ол б.з.д. 12-7 мың жыл. Бұл кезең Қазақстан тарихында ең аз зерттелген. Тек соңғы он жылда оншақты мезолит тас индустрия кешендеріне жататын ескерткіштер және тұрақтар табылып отыр. Жерлеу кешендері, алғашқы кезеңдер сияқты анықталмаған.
Неолит - жаңа тас ғасыры, ол б.з.д. 6-4 мың қамтиды. Соңғы жылдардағы зертеулер бірнеше неолиттік мәдениеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Тобыл бойындағы Маханджар, Есілде – Атбасар және Орталық Қазақстан ескерткіштер тобы. Бұлардан ертерек Батыс Қазақстанда – Кельтеминар, Шығыс Қазақстанда – Усть-Нарым мәдениеттері табылған. Неолит – тас индустриаландырудың дамыған кезі. Тас өңдеу жаңа технологиялары пайда болды: аралау, бұрғылау, сүргілеу.
Энеолит – мыс пен тас ғасыры, б.з.д. 4-3 мың. орын алады. Соңғы уақытқа дейін энеолитті тас ғасырынан қола ғасырынан өтетін өтпелі кезең деп қарстырған. Алайда, бірқатар зерттеушілер энеолитті тарихтағы маңызды кезең деп біледі және оны біздің еліміздің оңтүстігінде мал және жер шаруашылығымен айналысатын тайпалардың гүлденуімен байланыстырады. Қазақстанның далалық және орманды бөліктердегі энеолит дәстүрі аңшылық-балықшылық кезең ретінде қарастырылады, бірақ Тобыл, Есіл бойындағы энеолит ескерткіштерін зерттеу өзгерістер әкеледі.
Ежелгі тас ғасырының алғашқы құралы, бүтін тастан жасалған шаппа тастар болған. Олар дөрекі, өңделмеген болатын. Бұл көне құралдар щель мәдениетіне байланысты, кезінде австролопитектер жасап шығарған. Кейінгі кезеңдерде ондай шаппа тастардың өңделген түрлері табылды. Сонымен қатар құралдардың дифференциясы байқалды. Адамдар енді қырғыштар, тас пышақтарды, үшкір ұшты құралдарды жасай бастады. Құралдарды жасаудың екі жолы болған: біріншісінде тастардан шабу арқылы шақпақтар алынып, оларды қайта өңдеген. Бұл мәдениеті ашель деп аталды. Тас құралдардан басқа тік жүретін адам еңбек құралдарын сүйек пен ағаштан жасаған. Отты пайдалануға байланысты ол ұшы күйдірілген найза мен қазықтар жасады.
Қазақстан территориясындағы ерте дәуір
Қола дәуірі (б.з.б. ХҮІІІ – ІХғғ.). Металл балқытуымен адамзат өз дамуында келесі кезеңге өтті. Бұл кезеңнің негізгі материалы мыс пен қалайының қоспасы болғандықтан археологтар оны қола ғасыры деп атады. Қоладан әртүрлі еңбек құралдары жасалды – орақ, кетпен, әшекейлер т.б. құралдар. Қола ғасырының өзіне тән ерекшелігі – металлургия мен дамыған жер және мал шаруашылығының кешенді дамуы.
Қазақстан жерінде өндіруші шаруашылықтың қалыптасуымен жаңа өзіндік мәдениет қауымдастықтары пайда болды, олар неолит дәстүрін жалғастырды. Осы жергілікті мәдениеттердің бәрі көп жағдайда ұқсас болды, сондықтан оларды жаңа археологиялық мәдениетке – Андронов мәдениетіне біріктірді. Бұл мәдениет Минусин ойпатында табылған жердің атымен аталды. Ол екі кезеңге ерте және орта қола ғасыры болып бөлінеді.
Жабайы жануарларды қолға үйретуге көшу адам қоғамы дамуының заңды кезеңі болды. Жабайы жануарларды қолға үйрету сонау неолит дәуірінде басталды. Неолиттен кейінгі қола дәуірінде қолға үйретілген жануарлардың саны көбейді. Малдың түр құрамы да көбейді. Қола дәуірі шаруашылық нысаны ретіндегі мал шаруашылығының үздіксіз дамыған уақыты болды.
Үй маңында мал бағу бірте-бірте жайлауда малмен бірге бір жайылымнан екінші жайылымға жылжи көшіп отырды. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде Қазақстанның далалық аудандарында мал өсіру шаруашылықтың негізгі саласына айналды және көшпелі мал шаруашылығына жақын түрге ие болды.
Өнімді мал шаруашылығына көшу ілгері басқан құбылыс болды. Қазақстан аумағында мал шаруашылығымен қатар неолит дәуірінен бастап егіншілік дами бастады. Қола дәуіріндегі тайпалардың шаруашылығында мал шаруашылығы мен егіншілік бірін-бірі толтырып, өзара байланысты болды.
Егіншілік өзінің сипаты жағынан қарапайым болып қала берді және мал өсірумен салыстырғанда көмекші рөл атқарды, бірақ ол тамақ өнімдерін алудың маңызды көзі болды.
Қола дәуірінде аң және балық аулау өзінің бұрынғы маңызынан айырылды. Жабайы жануарлардың сүйектерінің үлесі алдыңғы қола дәуірінің қоныстарында 3,6%, соңғы қола дәуірінде 1% -ке дейін болды.
Қола дәуіріндегі тайпалар үй маңында мал өсіруден жайлаудан мал бағуға, одан кейінгі көшпелі мал шаруашылығына көшті.
Кен ісі, металлургия. Қола дәуірінде адам қоғамының өндіргіш күштердің дамуында мал шаруашылығымен және егіншілікпен қатар әр түрлі рудаларды өндіру, тас пен сүйекті ұқсату аса маңызды рөл атқарды.
Қоныстар мен тұрғын үйлер. Қазақстан аумағындағы қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім, олардың 60-да археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Әдетте, қоныстар өзен жағасында, көл маңында орналасты. Қоныстар 60-10 үйден, үлкендері 20 үйден құрылды, олар бір немесе екі қатар үйлер болып бөлінді. Жартылай жертөлелердің негізгі үш түрін атап өтеуге болады, олар: тік бұрышты, сопақ және сегіздік тәрізді, бәрінің шаршы метрден 300-400 шаршы метрге дейін жетіп отырды.
Үй-қоралардан жайғасуы, жер ошақтардың, шаруашылық саны мен орны үйдің немесе оның жеке бөлігінің нақ неге арналуына байланысты болды. Қоныстарға жақын жерде рулық зираттар орналасты.
Үйдегі кәсіптер. Мал шаруашылығы тамақ өнімдерін ғана емес, сонымен қатар киім мен аяқ киім тігілетін шикізаттар да берді.
Қола дәуірінде тоқыма кәсібі қарапайым тоқыма станогінің ұршықтарының табылуынан дәлелденді. Жүн киімдер қойдың биязы жүні мен ешкінің түбітінен тоқылады.
Діни нанымдар мен табынушылықтар. Қола дәуіріндегі тайпалардың тұрмысы мен әл-әуқаты түгелдей табиғат деп білді. Бұл ең алдымен күн, от, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі болды. Күн мен от жылының біреуі – мұның бәрі қайырымды, құдіретті рухтармен байланыстырылды.