Баскару
Кіріспе
Нарықтық экономиканың қарқынды даму
кезінде кәсіпорынға тиімді басқарушылық
шешімдерді қабылдау үшін қалыптасқан
экономикалық жағдайды айқын көрсететін
ақпараттық жүйенің болуы өте маңызды.
Менің таңдаған осы жұмысым қазіргі күні
өте керекті, өйткені жақсы ақпараттық
жүйе жетістіктер мен бәсекеге қабілеттіліктің
кепілі ғана емес күшті бәсекелестік жағдайында
аман қалу құралы болып табылады.
Ақпарат барлығына керек: басқарушы
құрылымға, кәсіпорын қызметкерлеріне,
қоғамдық ұйымдарға, барлық жұмысшыларға.
Тек интуицияға, өмірлік және практикалық
тәжірибеге сүйену мүмкін емес, шыққан
мәселелерді шешуге көмектесетін кеңейіп
жатқан ақпаратты алып игеру керек. Ақпарат
қазіргі кезде маңыздылығы жағынан материалдық,
шикізаттық және басқа ресурстардан кем
тұрмайтын бірінші кезектегі ресурс ретінде
шығады.
Басқарудағы ақпараттық жүйе
дегеніміз ол басқарушылық қызметтегі
жұмысшыларды ақпараттық қамтамасыз ету
жүйесі болып табылады. Сонымен ол ақпаратты
жинау, сақтау, жіберу және өңдеуге байланысты
технологиялық функцияларды атқарады.
Ол белгілі экономикалық объекте қабылданған
басқарушылық қызметтің әдістеріне, құрылымына
сәйкес қызмет етеді, олардың алдында
тұрған мақсаттары мен міндеттерін жүзеге
асырады.
Қазіргі заманда маңызды аймақ
болып басқарушылық шешімдерді қабылдауға
керекті болатын ақпаратты жинау және
өңдеуді жүзеге асыратын ақпараттық қамтамасыз
ету болып табылады. Кәсіпорынның қызметі
мен жағдайы туралы ақпаратты басқарудың
жоғары деңгейіне жіберу және кәсіпорынның
өзара байланысты бөлімдері арасында
ақпаратпен өзара алмасу жаңа электронды-есептегіш
техника және басқа техникалық байланыс
құралдар негізінде жүзеге асады.
Басқаруды ақпараттық қамтамасыз
ету дегеніміз ол ақпараттың кәсіпорынды
басқару жүйесі және жалпы басқарушылық
процеспен байланысты. Ол басқарудың барлық
функцияларын қамтитын жалпы түрде қарастырып
қана қоймай, сонымен қатар кейбір жеке
функционалды жұмыстарына, мысалы болжау
және бағдарлау, есепке алу, талдау жұмыстарына
байланысты қарастырылады.
Қазақстанның нарықтық экономикаға
көшуі басқаруда жаңа әдістерді қажет
етеді: бірінші кезекте тиімділіктің экономикалық
және нарықтық критериялары, икемділікке
деген талаптарда жоғарлауда. Ғылыми-техникалық
прогресс және сыртқы ортаның динамикасы
кәсіпорындарды күрделі жүйеге айналуға
мәжбүрлейді, ал олар басқаруда жаңа әдістерді
керек етеді. Осы жерден кәсіпорынның
тиімді қызметі қаржыны, қызметкерлерді,
сату мен сатып алуды және өндіріс процесін
басқаруды біріктіретін біртұтас күрделі
жүйесі негізінде ғана жүзеге асырылуы
мүмкін. Мұндай жүйелер бизнестің негізгі
мақсаттарына (өндірілетін тауарлар мен
қызметтердің сапасын арттыру, өндіріс
көлемін ұлғайту, нарықта жетекші орынға
ие болу және өз бәсекелестерін жеңу) жету
құралдары ретінде қарастырыла бастады.
Осы жұмыстың негізгі мақсаты
кәсіпорындарда сапалы ақпараттық жүйені
тұрғызу арқылы кәсіпорынның тиімді басқарылуын
қамтамасыз етуді қарастыру.
Жұмыс барысында өз алдыма мынадай
міндеттерді қойдым:
кәсіпорынды басқару жүйесін
талдау;
Unity ERP жүйесінің жұмыс істеуін қарастыру;
қаржылық есеп берулер мен талдап
көрсеткіштердің есептелу жолдарын талдау;
- HEBS Report программасына кәсіпорынды басқаруға жәрдемдесетін қаржылық есеп берулерді автоматтандыру.
І-бөлім Кәсіпорынды
басқарудың теориялық негіздері
1.1 Басқарудың
қажеттілігі мен мәні,
мақсаттары мен міндеттері
Басқарудың мәнін, оның іс
жүзінде атқарылатын салаларын қарастырмай
ашу мүмкін емес. Осыған орай объективті
үш саланы ажыратқан жөн: өлі табиғаттағы
басқару; биологиялық жүйелердегі басқару;
адам қоғамындағы басқару (әлеуметтік
басқару).
Әлеуметтік басқарудың екі
түрін ажыратады:
басқаруды әр адам еңбегінің
элементі (бөлшегі) ретінде қарау;
басқаруды адамдардың өзара
қарым-қатынасы элементі ретінде қарау.
Адамзат қоғамына тән басқару
процестері мүлдем әр түрлі. Шартты түрде
саяси басқару, мемлекетті басқару және
экономиканы немесе оның құрамдас бөліктерін
басқару деп бөлуге болады.
Нарықтық экономика жағдайында
басқарудың басты объектісі – кәсіпорын
болып табылады. Дәстүр бойынша басқарудың
мәселелері ірі кәсіпорындарда зерттеледі,
сондықтан бизнесс-менеджмент туралы
айтқанда, ең алдымен ірі корпорацияларды
басқару туралы сөз қозғалады. Басқару
объектісін осылайша айқын көрсету басқару
мақсаттарын, басқару принциптері мен
әдістерін анықтауда және т.с.с. мәселелерді
зерттеуде маңызы зор.
Еңбек процесін жекелеген қызметкерлер
арасында бөлу мен тұлғалардың арасында
тікелей қатынас болуы басқару мен еңбек
корпорациясымен бітісе байланысқанын
көрсетеді. Басқару жекелеген адамдардың
іс-қимылдарын үйлестіруге деген өндірістік
қажеттіліктен туындайды. Капиталистік
өндірістің дамуымен басқару барған сайын
күрделеніп, жіктеліне басталған. Меншік
иесі – капиталист енді өзі басқара алмады,
сондықтан да басқарушы қызметкерлердің
көптеген шарттары, ал кейін басқару органдарының
біртұтас жүйесі пайда болды.
Өндіріс орны техникалық, материалдық
және адам ресурстарының күрделі қисындастыруы
деп атауға болады. Техникалы-технологиялық
жүйе мен кәсіпорынның әлеуметтік
ұйымдастыру жүйесі бір-бірімен органикалық
бірлікте болады. Басқару мәселесі барлық
элементтердің мейлінше дәлдігін, ұйымдасу
мен ұтымдылығын талап ете отырып, тек
технологиялық аспектілерді ғана қарастырып
қоймай, сондай-ақ өндіріс процесінде
адамдардың бірлескен әрекетін ұйымдастырудағы
адамдар арасындағы қатынастар мен өзара
қатынастар жиынтығын, олардың өндіріс
құрал-жабдықтарымен өзара әрекеттесуін
және т.с.с. зерттейді.
Басқару адам қызметінің ерекше,
өзгеше саласын құрғанмен, өз алдына мүлдем
дербес процесс ретінде қарауға болмайды.
Ол басқарудың түр ерекшеліктерін анықтайтын
әлдеқайда кең жүйе құрамына кіреді.
Басқару формаларының түр ерекшеліктері
басқару объектісіне байланысты. Бұл оның
барлық түрлеріне қатысты жалпы басқару
принциптері, заңдылықтары болмайды деген
сөз емес. Өзімізге белгілі бұл басқарудың
ортақ заңдылықтарын, универсалды мәніне
сүйене отырып, сапалық түрғыдан өзгеше
кез-келген жүйеде қолданылатын принциптерін
кибернетика қарастырады.
Кәсіпорынды басқаруға, оның
өзгешелігіне қарамастан, жалпы басқарудың
нысандары тән. Олар мейлі табиғатта, тірі
организмдерде немесе қоғамда болсын,
басқару процестерінің бәрінен көрінеді.
Бұл жалпы нышандарға: жүйелік, анықтаулық,
басқарушы параметр, кері-байланыс, бағытталғандық
және т.с.с. тән.
Жалпы нышандардан басқа кәсіпорынды
басқаруға, әлеуметтік басқару түрлерінің
кейбір белгілері тән. Праксеология, ұйымдастыру
теориясы және тағы сол сияқты ғылымдардың
тұжырымдары да кәсіпорынды басқару процестерін
ғылыми танып-білуге пайдалы.
Басқару теориясының маңызды
мәселесі – басқарудың жалпы және өзгеше
нышандарының ара-қатынасы. Кәсіпорынды
басқаруда жалпы принциптердің рөлін
асыра сілтеу дұрыс емес, әрі практикалық
қателіктерге әкеп соғады. Кәсіпорынды
басқарудың мәнін анықтай отырып, онда
кез-келген басқа жүйелердегідей басқарудың
жалпы және өзгеше белгілері сипат алатындығын
естен шығармау керек: соңғылары берілген
басқару функциясының мәнін толығырақ
сипаттайды.
Басқарудың жалпы заңдылықтары
басқару механизмінің жұмысында, ақпаратты
жинау, беру, ақпаратты өңдеу жүйесінде
орын алады және т.с.с., бірақ басқарудың
мәні әрқашан басқарылатын жүйенің өзімен,
оның өзгеше заңдылықтарымен тығыз байланысқан.
Сөйтіп, басқарудың мәнін оның
жекелеген тармақтарын, басқарушы жүйенің
мәнін, оның сан-алуан аспектілерін зерттейтін
әртүрлі ғылымдардың жетістіктерін қолдану
негізінде ашуға болады.
Шын мәнінде, басқару - өте күрделі,
кешенді жүйе. Басқару мақсаттарды, принциптерді
басқару әдістері жүйесін құруды алға
қояды. Құрылымдық тұрғыда ол басқару
органдарын, басқару кадрлерін, басқару
техникасын қамтиды. Іс барысында басқару
әр түрлі кезеңнен өтеді. Олар: жоспарлау,
ұйымдастыру, ынталандыру және бақылау.
Басқару органдары мен процестері әр түрлі
деңгейде әр түрлі болады және әр түрлі
әлеуметтік ұйымдарда бірдей емес. Басқаруда
сан алуан саяси, экономикалық, ұйымдастыру-техникалық
және әлеуметтік-психологиялық мәселелерді
ескеріп, үйлестіріп отыру қажет. Басқару
процесінде ұйым қызметінің барлық тараптары
мен аспектілері оған қатысушылармен
біртұтас бірігеді, интеграцияланады.
Барлық элементтердің біртұтас бірігуі
процестерін зерттеу, басқаруды біртұтас,
кешенді және нақты әлеуметтік құбылыс
ретінде зерттеп-білу басқаруды зерттеу
тақырыбы болып табылады /4, 58-бет/.
Басқару теориясында логикалық
әдіс қолданылып, логикалық заңдар тұжырымдалады.
Экономикада басқару шешімдерін қабылдау
логикасы айтарлықтай дәрежеде формализациялауға
көнеді. Осыған орай басқару мәселелерін
зерттеп-білуде экономикалық-математикалық
әдістердің алатын орны ерекше.
Басқару күрделі субъектілік-объектілік
ара қатынасты қамтиды. Басқару ісі басқару
теориясының дамуы арқасында барған сайын
ғылыми негізделіп келеді, алайда сонымен
қатар ол шығармашылық, өнер саласы болып
қала береді. Басқару жүйесінің тиімділігі
басшылардың нақты жайттарда басқарудың
ғылыми принциптерін жасампаз қолдану
өнерін меңгере білуімен қамтамасыз етіледі.
1.2 Кәсіпорын басқару
объектісі ретінде
Кәсіпорын – қоғамдық еңбек бөлінісі
жүйесіндегі оқшауландырылған дербес
өндірістік-шаруашылық бірлік (шаруашылық
жүргізуші субъект); өндірістік-шаруашылық
қызметті ұйымдастырудың негізгі нысаны.
Ол қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру
және пайда алу мақсатымен өнім өндіру,
жұмысты орындау, қызметтерді көрсету
үшін құрылады және өндіріс құрал-жабдығы
мен басқа да мүлікке меншік нысандарына
қарамастан заңды тұлға құқықтарына ие
болады, шаруашылық есеп принципінде әрекет
етеді және өзінің құрлымында басқа заңды
тұлға болмайды.
Кәсіпорын өзінің қызметін дербес жүзеге
асырады, шығарылатын өнімін, салықтар
мен басқа да міндетті төлемдерді төлегеннен
кейін қалған пайданы иеленеді. Кәсіпорын
мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап
құрылды деп саналып, заңды тұлға құқығына
ие болады. Тіркеу үшін құрылтайшы оны
құру туралы шешімді немесе құрылтайшылардың
шартын, кәсіпорынның жарғысын және басқа
құжаттарды ұсынады. Меншік иесінің немесе
ол уәкілдік берген органның келісуімен
кәсіпорын заңды тұлға құқықтары берілген
еншілес шаруашылық жүргізуші субъектілер,
сондай – ақ филиалдар, бөлімшелер, банкте
шот ашу құқығы бар басқа да оқшауландырылған
бөлімшелер құра алады. Тиісті орган арқылы
мемлекет, еңбек ұжымдары, жеке және заңды
тұлғалар, соның ішінде шетелдік тұлғалар
да, кәсіпорынның құрылтайшылары бола
алады. Меншік нысандарына қарай кәсіпорын
жеке, мемлекеттік, ұжымдық немесе аралас
меншіктегі, сондай – ақ қоғамдық ұйым
меншігіндегі кәсіпорын нысанында
құрылуы мүмкін. Олар жекеше кәсіпорын,
серіктес (жарнапұлға негізделген серіктестік),
акционерлік қоғам, мемлекеттік кәсіпорын,
коммуналдық кәсіпорын түрлеріне жіктеледі.
Нарықтық экономикаға көшу жағдайында
жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың дербестігін
кеңейтумен бірге экономикалық бірігудің
жаңа нысандарын – серіктестіктер, қауымдастықтар,
биржалар, коммерциялық банктер құрудың
тиімділігі пайда болды.
Бірлескен кәсіпорын – екі не одан көп
елдің заңды тұлға құқықтары бар құрылтайшылардың
мүлкін біріктіру негізінде құрылған
кәсіпорын. Олардың нақты нысандары: өндірістік
кәсіпорындар, сауда фирмалары, енгізбелік,
сервистік және басқа ұйымдар. Ынтымақтастықтың
мұндай нысандары ел экономикасына шетел
капиталын тартуға, қолда бар резервтерді
тезірек пайдалануға, қажетті өнімді шығаруды
ұлғайтуға мүмкіндік береді, білімді,
еңбек пен өндірісті ұйымдастыру тәжірибесін,
басқару стилі мен әдістерін алмасуға,
нарықтық қатынастар мен сыртқы рынокты
игеруге жәрдемдеседі. Оның жарғылық қоры
серіктестіктердің салымы есебінен құралып,
шаруашылық қызметтен алынған пайда есебінен,
қажет болған жағдайда қосымша салым немесе
қарыз қаражаты есебінен толықтырылуы
мүмкін. Бірлескен кәсіпорынның бас директоры
құрылтайшы мемлекетінің азаматы, не шетел
азаматы болуы мүмкін. Қызметкерлерді
жалдау, жұмысқа алу, жұмыстан шығару,
еңбек ақы төлеу мәселелерін кәсіпорынның
өзі шешеді. Оның әкімшідігі кәсіподақпен
ұжымдық шарт жасасуға міндетті.
Еншілес кәсіпорын – заңды құқығы бар,
бірақ акцияларының пакеті не жарғылық
қоры басқа кәсіпорынның қолында болатын
кәсіпорын.
Жалгерлік кәсіпорын – кәсіпкерлік қызметті
жалға алынған мүліктік кешен негізінде
жүзеге асыратын шаруашылық бірлік. Жалгерлік
кәсіпорын тіркелген сәттен бастап заңды
ұйым құқығына ие болады. Ол жалға берушіге
жалға алынған мүліктің құнынан есептелетін
процент немесе тұрақты сома түрінде жалгерлік
төлем төлейді. Салықтар төленгеннен кейін
шаруашылық қызметтен алынған пайданы
дербес иемденеді.
Жекеше кәсіпорын – азамат, соның ішінде
шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ тұлға
құрған кәсіпорын. Оның жеке кәсіпкерліктен
айырмашылығы мұнда заңды тұлға белгілері
болатындығында. Оны меншік иесі басқарады
не ол уәкілдік берген органдар басқарады.
Меншік иесі жекеше кәсіпорынның басқарушысы
болуға құқылы немесе басқару үшін басқа
біреуді тағайындауы, оны өзара шарт бойынша
жалдауы мүмкін. Жарғылық қорды құра отырып,
меншік иесі мүлікті немесе қаражатты
кәсіпорынға береді және оны басқару органдарының
өкілеттіліктерін шектеу жолымен бақылауға
құқылы.
Коммерциялық кәсіпорын – заңды тұлға
құқығы берілген, өзін-өзі қаржыландыру
жағдайында коммерциялық қызметпен айналысатын
және барынша көп пайда алуды көздейтін
оқшауландырылған дербес шаруашылық бірлігі.
Ұжымдық кәсіпорын – мемлекеттік кәсіпорынды
өтеуін төлеп алған жағдайда немесе мүлікті
еңбек ұжымы заңды жолмен сатып алған
жағдайда құрылатын шаруашылық бірлік.
Мұнда меншік ұжымдық сипатта болады және
мүлік қызметкерлердің салымдарына бөлінеді.
Қызметкер салымының құрамына оның мемлекеттік
немесе жалгерлік кәсіпорынның мүлкіне
салған сомасы мен оның ұжымдық кәсіпорын
құрылып, жұмысын бастағаннан кейінгі
мүліктің өсіміне қосқан үлесі кіреді.
Салымға еңбек ұжымы мен кәсіпорын бағынатын
орган арасындағы келісімде жұмыс нәтижелерін
басшылыққа ала отырып, айқындалатын мөлшерде
процент есептеліп, төленеді. Кәсіпорын
таратылған жағдайда бюджетпен, банктермен
және басқа несиегерлермен есеп айырысқаннан
кейін қалған мүліктен қызметкерге оның
үлесі төленеді.