Жалпы денсаулық саласы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Ноября 2013 в 15:35, реферат

Краткое описание

Әрбiр адамның денсаулығы оның толыққанды тiршiлiк етуiн ғана емес, сонымен қатар оның мүмкiндiктерiнiң әлеуетiн анықтайтын факторға айналып отыр. Халық денсаулығы жағдайының деңгейi өз кезегiнде, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және индустриялық даму шамасын айқындайды. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, уақтылылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететiн бiрыңғай дамыған, әлеуметтiк бағдарланған жүйенi бiлдiретiн денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуi тұрғысынан алғанда республикадағы негiзгi басымдықтардың бiрi болып табылады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

жалпы денсаулық саласы.doc

— 317.50 Кб (Скачать документ)

 Денсаулық  сақтау жүйесi 
      Денсаулық сақтаудың негiзгi көрсеткiштерiнiң серпiнi денсаулық сақтау саласына бағытталған бюджет қаражатын жыл сайын көбейе түскенiнiң дәлелi. Мәселен, 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн (бұдан әрi - ТМККК) қаржыландыру көлемi 90,5-тен 273,1 млрд. теңгеге дейiн көбейген. 2009 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарының, ТМККК қаржыландырылуын орта республикалық деңгейге дейiн кезең-кезеңмен жеткiзуге республикалық бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттермен 5,4 млрд. теңге бөлiнген болатын. 
      Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласындағы жан басына шаққандағы шығыстар көлемi де айтарлықтай өскен: 2004 жылы 8 740 теңге болса, 2009 жылы 30 373 теңгеге дейiн өскен. 
      Мембағдарламаны iске асырған уақытта төсекпен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi 10 мың адамға шаққанда 70,2-ге дейiн төмендеген (2005 ж. - 73,1). Бұл ретте, ауруханалық төсектер саны тек 2 330 бiрлiкке азайды. Сонымен бiрге стационарға емдеуге жатқызылған 30 %-ға дейiнгi науқастар стационарлық емге мұқтаж емес; жедел медициналық көмектi шақырту саны (2005 ж. 4 658 971-ден 2008 ж. 4 978 393-ке дейiн), оның iшiнде негiзсiз шақыртулар саны (тиiсiнше 126 756-дан 189 498-ге дейiн) көбейген. 
      Стационарды алмастыратын технологиялардың дамығандығы байқалады. Мәселен, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың жанындағы күндiзгi стационарда 445 145 науқас (2005 ж. - 278 813), ауруханалардағы күндiзгi стационарда - 64 081 науқас (2005 ж. - 56 728), үйдегi стационарларда 158 758 науқас (2005 ж. - 155 480) емделген. 2009 жылы амбулаториялық-емханалық денсаулық сақтау ұйымдарында 104,5 млн. пациент қабылданған (2005 жылы - 99,3 млн.), бұл 1 тұрғынға шаққанда бұрынғы - 6,6 деңгейде қалып отыр. 
      Қазiргi таңда 50 денсаулық сақтау ұйымына Денсаулық сақтаудың бiрыңғай ақпараттық жүйесi (бұдан әрi - ДБАЖ) енгiзiлдi. Қашықтықтан мамандандырылған медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында Министрлiк 2004 жылдан бастап «Ауылдық (селолық) жерлерде денсаулық сақтаудағы телемедицинаны және ұтқыр медицинаны дамыту» атты инвестициялық жобаны iске асырып келедi. Соған байланысты қазiргi таңда 14 өңiрде ауылдық денсаулық сақтау саласына телемедицина кезең-кезеңмен енгiзiлуде. Телемедицина сеанстары түрлi бейiндегi мамандардың қатысуымен телеконференция түрiнде өткiзiледi: 2009 жылы 13 өңiрде 10 611 телемедициналық консультация өткiзiлдi. 
      Республикада денсаулық сақтау ұйымдары желiсiнiң жаңа мемлекеттiк нормативiне өту жалғасуда. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiн iске асыру барысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2131 қаулысымен денсаулық сақтау ұйымдары желiсiнiң мемлекеттiк нормативi әзiрлендi және бекiтiлдi, бұл денсаулық сақтау ұйымдары желiсiн реттеуге, көпбейiндi ауруханалар желiсiн құруға, БМСК-ның қолжетiмдiлiгiн, бiрiншi кезекте ауыл халқы үшiн қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Бұдан басқа, медициналық ұйымдарды шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорын мәртебесiне кезең-кезеңмен ауыстыру басқару, қаржыландыру жүйесiн, денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық саясатты жетiлдiруге, медициналық ұйымдардың қызметтерiнiң экономикалық тиiмдiлiгiн арттыруға, сондай-ақ кадрмен қамтамасыз ету мәселелерiн шешуге мүмкiндiк бередi. 
      Жоғары технологиялық қызметтер секторын дамыту жалғасуда. Қазiргi уақытта «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ (бұдан әрi - Холдинг) құрамына жоғары технологиялық көмек көрсететiн бес республикалық ғылыми орталық: Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Нейрохирургия ғылыми орталығы, Жедел медициналық жәрдем ғылыми-зерттеу институты кiредi. 2011 жылы тағы бiр объект - Кардиохирургия республикалық ғылыми орталығының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 
      Сонымен қатар, денсаулық сақтау секторында бiрқатар iргелi проблемалар бар. Мәселен, денсаулық сақтау саласы, әсiресе бастапқы медициналық-санитариялық көмектi дамытуда қосымша салымдарды қажет етедi. ТМККК қаржыландыруды жыл сайын ұлғайтуға қарамастан (2003 ж. 64,8 млрд. теңгеден 2009 ж. 464,1 млрд. теңгеге дейiн), ол да қосымша шығыстарды қажет етедi. Негiзгi проблемалар тек ресурстардың жеткiлiксiздiгiне байланысты емес, сонымен қатар оларды пайдалану тиiмдiлiгiнiң төмендiгiне де байланысты болып отыр, яғни қазiргi таңда денсаулық сақтауды басқару мен қаржыландыру оның тиiмдiлiгiне емес, желiнiң қуаттылығын ұстауға бағдарланған. 
      БМСК-тi қаржыландырудың тиiмдi тетiктерi: ынталандыру төлемдерiне қаржыландырудың болмауы (44%), нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiрмеу, заңды тетiктердiң болмауы (25%); денсаулық сақтау менеджерлерiн нашар даярлау (6%) себептi жеткiлiксiз пайдаланылады. 
      Бұдан басқа, тариф белгiлеудiң объективтiк емес қолданыстағы жүйесi, мемлекеттiк денсаулық сақтау ұйымдары дербестiгiнiң төмендiгi мен бiлiктi менеджерлердiң болмауы медициналық қызметтердi ұсынушылардың бәсекелестiгiн дамытуды тежейдi. 
      Медициналық қызметтерге қол жеткiзудiң әркелкiлiгi мен медициналық қызметтер сапасының нашарлығы сақталуда. Мәселен, Қазақстан халқының 40 %-дан астамын ауыл адамдарының құрайтындығына қарамастан, қазiргi таңда денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы мегаполистерге, атап айтқанда Астана және Алматы қалаларына шоғырланған. Бұл елiмiздiң әртүрлi өңiрлерiндегi пациенттердiң сапалы  және жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетiмдiлiгiн айтарлықтай қиындатады. Өңiрлер бойынша ресурстарды әркелкi бөлу де байқалады. Мәселен, 2009 жылы ТМККК-ге арналған шығыстарды жұмсау бiр тұрғынға шаққанда 12 964 теңгеден 21 289 теңгеге дейiн құрады. 
      Осыған байланысты өңiрлiк денсаулық сақтау мәселесi аса көңiл бөлудi талап етедi, сондықтан Мембағдарламаның негiзгi мiндеттерiнiң бiрi қаржыландыруды, медициналық көмектi өңiрлiк теңестiру, қазақстандықтардың сапалы және жоғары технологиялық медициналық көмекке әдiл қол жеткiзуiн қамтамасыз ету болып табылады. 
      Қазiргi таңда медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң жеткiлiксiз деңгейi проблемалы мәселе күйiнде қалып отыр. Мысалы, жедел медициналық жәрдемдi медициналық жабдықтармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен жарақтандыру республика бойынша 51,69 %-ды құрайды. Елдiң бiрқатар өңiрлерiнде медициналық көмек көрсететiн ұйымдар (жедел медициналық жәрдем станциясы, БМСК, сот-медициналық сараптама және басқалар) бейiмделген үлгiдегi емес үй-жайларда орналастырылған, 400-ден астам (4,3 %) денсаулық сақтау ұйымы авариялық ғимараттарда орналасқан. 
      Сонымен қатар, денсаулық сақтаудың бiрiншi буынында жалпы дәрiгерлiк практика және халықпен профилактикалық жұмыста денсаулықты сақтаушы технологиялар нашар дамуда. 
      Бұдан басқа, нормативтiк талаптар қаржылық қамтамасыз етумен сәйкес келмейтiнi байқалады. Бюджеттiң болмауына байланысты «Арнайы әлеуметтiк қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы iске асырылмай отыр. 
      Медицина қызметкерлерiне еңбекақы төлеу деңгейi төмен күйiнде қалып отыр, олардың жұмысының түпкiлiктi нәтижесiне негiзделген еңбекақы төлеуге сараланған тәсiл жоқ. Бұдан басқа, жер жерлерде, әсiресе ауылдық өңiрлерде бiлiктi кадрлардың тапшылығы байқалады, бұл республиканың ауыл халқын медицина қызметтерiмен қамтамасыз етудi қиындатады. 
      БҰДЖ-ның белсендi енгiзiлуiне қарамастан қазiргi таңда денсаулық сақтау саласында ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның төмен деңгейi, медициналық қызметкерлердiң арасындағы компьютерлiк сауаттылық деңгейiнiң төмендiгi және емдеу-профилактикалық үдерiстi автоматтандырудың жоқтығы сақталуда. 
      Мембағдарламаны iске асыру кезеңiнде денсаулық сақтау кадрларын даярлау сапасына қолжеткiзу жөнiнде нақты жұмыстар жүргiзiлдi. Медициналық және фармацевтикалық бiлiм берудiң нормативтiк базасы құрылды, 2007 жылдан бастап кәсiби бағытқа негiзделген және әлемдiк озық тәжiрибеге сүйенген медициналық жоғары бiлiм берудiң жаңа бағдарламалары iске асырылуда. Мемлекеттiк медициналық жоғары оқу орындары соңғы 10 жылда алғаш рет оқыту-клиникалық және зертханалық құрал-жабдықтар сатып алды, жоғары оқу орындарының 85 %-ы үлкен дербестiк алып, шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар статусына ауысты. Бiлiм берудiң инновациялық технологияларын енгiзу жұмыстары кезең-кезеңiмен жүзеге асырылуда. Құрылған оқыту-клиникалық орталықтары студенттер мен интерндердi клиникалық даярлықтан өткiзуге мән беруге мүмкiндiк туғызып отыр. Медициналық бiлiм берудiң дүниежүзiлiк федерациясы ұсынған сапаны жақсартудың жаһандық стандарттарына негiзделген базалық медициналық бiлiмдi институциялық аккредиттеудiң ұлттық стандарттары әзiрлендi. Мембағдарламаны iске асыру кезеңiнде медицина кадрларының бiлiктiлiгiн шетелде арттыруға, шетелдiк жетекшi мамандарды Қазақстан Республикасына тарта отырып, мастер-кластар ұйымдастыруға көп көңiл бөлiндi. 
      Денсаулық сақтау саласын бiлiктi кадрлармен қамтамасыз ету мәселесi өзектi проблема күйiнде қалып отыр. Бүгiнгi таңда салада шамамен 59 мыңнан астам дәрiгер еңбек етедi. Медициналық ЖОО-ларға қабылдаудың 9,5 %-дан астам өсуi есебiнен жоғары бiлiмi бар медицина кадрлары санының жыл сайын ұлғаюына, оқу бiтiрушiлер санының ұлғаюына қарамастан салада, әсiресе ауылдық жерлерде кадрлардың тапшылығы сақталуда. Ауыл халқының дәрiгер кадрларымен қамтамасыз етiлу көрсеткiшi қаламен салыстырғанда шамамен 4 есе кем. Қазақстан өңiрлерi бойынша дәрiгер кадрларды бөлудiң теңсiздiгi өте жоғары болып сипатталады және кейбiр өңiрлерде 10 мың адамға шаққанда 9,5-тен (Алматы облысы) 19,3-ке (Қарағанды облысы) дейiн құрайды. 
      Кадрлардың «қартаю» үрдiсi байқалады. Салаға жас мамандардың келуiнiң ұлғаюына қарамастан, олардың үлесi жеткiлiксiз және дәрiгер кадрлардың жалпы санының 4 %-ын құрайды. Бұрынғыша мамандыққа деген қызығушылықтың төмендiгi және уәждемелiк тетiктердiң болмауы салдарынан ЖОО-ны бiтiрушi түлектердi жұмыспен қамту деңгейi 87 %-дан аспайды. 
      Медицина кадрларының санаттылық деңгейiнiң жоғары болуына (42%) қарамастан, олар көрсететiн медициналық қызметтер сапасы тұтынушылар мен жұмыс берушiлердi қанағаттандырмайды. 
      Денсаулық сақтау саласындағы ғылым саласы дүниежүзiлiк стандарттардан айтарлықтай артта қалып отыр, отандық ғылыми өнiмнiң бәсекелестiкке қабiлетсiздiгi мен қажет етiлмейтiндiгi байқалады. Көрсетiлген мәселенi шешу үшiн 2007 жылдан бастап Медицина ғылымын реформалау тұжырымдамасы iске асырылуда. Медицина ғылымын басқаруды жетiлдiру iс-шаралары басталды. Бiрқатар ғылыми ұйымдар зор дербестiкке қол жеткiзу үшiн шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар мәртебесiне ауысты. Ғылыми-бiлiм беру-практикалық кластерлер құрылып жатыр. Ғылыми ұйымдарда дәлелдi медицина орталықтары құрылды. Болашағы зор 40-тан астам ғылыми қызметкер АҚШ, Сингапур университеттерiнде ғылыми зерттеулер менеджментi бойынша оқудан өттi. Халықаралық басылым беттерiнде рецензияланған жарияланымдар көбейiп, халықаралық патенттер пайда бола бастады. Медициналық ғылыми ұйымдардың қызметiн рейтингтiк бағалау жүйесi әзiрлендi. 
      Қабылданған шараларға қарамастан, кадрларды даярлау сапасы, жұмыс iстеп жүрген мамандардың бiлiктiлiк деңгейi, БМСК көрсететiн персоналдың тапшылығы, iрi қалалардағы медицина қызметкерлерiнiң аса көп шоғырлануы, жоғары және орта кәсiптiк медициналық бiлiм алған медицина қызметкерлерi санының теңсiздiгi, жұмысқа деген уәждемелiк ынталандырудың болмауы және денсаулық сақтау қызметкерлерiн әлеуметтiк қорғалудың жеткiлiксiздiгi, ғылыми зерттеулердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң төмендiгi, инновациялық жетiстiктердiң жоқтығы Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы бiлiм беру қызметiнiң негiзгi проблемалары күйiнде қалып отыр. 
      Қазақстан Республикасында фармацевтика саласын нарықтық экономика жағдайына бейiмдеу үшiн қайта ұйымдастыру үдерiсi басталды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiн iске асыруда дәрiлiк заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың айналысы саласын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлендi. Мемлекеттiк қолдау шаралары отандық кәсiпорындардың сапалы фармацевтикалық өнiмдерiн өндiру көлемiн және номенклатурасын жыл сайын арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған. 
      Дәрiлiк заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы тiркеу, сертификаттау, сапасын, сондай-ақ олардың жарнамасын бақылауды қамтамасыз ету қызметi тәртiпке келтiрiлген. Ұлттық ақпараттық дәрi-дәрмек орталығы құрылды. 
      Нормативтiк құқықтық актiлердi Еуроодақ елдерiнiң нормаларына сәйкес үйлестiру жұмыстары басталды. Қазақстан Республикасы Еуропалық фармокопея комиссиясының ресми бақылаушысы және дәрi-дәрмектердiң жанама әсерлерiнiң мониторингi бойынша ДДҰ-ның халықаралық бағдарламасының толық құқықты қатысушы ел болды. Республикалық және жергiлiктi бюджеттер есебiнен сатып алынатын дәрiлiк заттардың бағасын мемлекеттiк реттеу енгiзiлдi, бұл олардың бағасын орташа есеппен 30 %-ға арзандатуға мүмкiндiк туғызды. 
      Әлемдiк тәжiрибенiң негiзiнде дәрiлiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды дистрибуциялаудың бiрыңғай жүйесi құрылды, бұл қаржы қаражатын айтарлықтай үнемдеуге және отандық препараттарды тұтыну үлесiн бiрнеше есеге арттыруға мүмкiндiк туғызды. Ауыл халқына дәрiлiк көмектiң жеке қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн дәрiханалық ұйымы жоқ 3000-нан астам ауылдық елдi мекенде БМСК объектiлерi арқылы дәрiлiк заттарды өткiзу ұйымдастырылды. 
      Фармацевтика қызметiнде қол жеткiзген табыстармен қатар бiрiншi кезекте шешудi кажет ететiн белгiлi бiр мiндеттер бар. 
      ТМККК тiзбесiне сәйкес сапалы фармацевтикалық өнiмнiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық дәрi-дәрмек саясатының жаңа жобасын әзiрлеу қажет. Кеден одағына мүше елдердiң фармацевтикалық жиынтық нарығында импорт, АҚШ долларымен есептегенде 17 миллиардтан асады. Фармацевтика саласын қарқынды дамыту үшiн шығарылатын дәрiлiк препараттардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру жұмыстарын жүргiзу қажет және халықаралық нарыққа шығу керек, оның iшiнде кеден одағы аясында түпкi өнiм сапасын бақылау жүйесiнен өндiру сапасын қамтамасыз ету жүйесiне, дистрибьюторлық және дәрiханалық практикаға көшу қажет. 
      Денсаулық сақтау саласындағы жағдайды талдай отырып, жалпы саланың күштi жақтары ретiнде мыналарды атауға болады: 
      денсаулық сақтау саласын дамытудың нақты белгiленген басым бағыттары; 
      денсаулық сақтау саласын мемлекеттiк қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайту; 
      ел халқының негiзгi медициналық-демографиялық көрсеткiштерiнiң тұрақтануы мен жақсаруы, оның iшiнде әлеуметтiк мәнi бар аурулар бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуi; 
      денсаулық сақтау объектiлерiнiң қалпына келтiрiлуi және жаңаларының салынуы; 
      емдеу-диагностикалық үдерiске жаңа медициналық технологиялардың енгiзiлуi; 
      ауылдық жерлердiң медициналық ұйымдарында телемедициналық пункттердiң болуы; 
      елдiң барлық өңiрлерiнде филиалдары бар республикалық медициналық ақпараттық-талдау орталығының болуы; 
      халықтың дәрiлiк заттарға қолжетiмдiлiгiнiң жақсаруы. 
      Әлсiз жақтары: 
      денсаулық сақтау ұйымдарының, әсiресе ауылдық аумақтарда қанағаттанарлықсыз материалдық-техникалық базасы; 
      мемлекеттiң, жұмыс берушiнiң және азаматтың денсаулық сақтау үшiн ортақ жауапкершiлiгiнiң жоқтығы; 
      азаматтардың дәрi-дәрмекпен қамтамасыз етуге құқықтарын iске асырудың нақты тетiктерiнiң болмауы; 
      өңiрлерде және республикалық маңызы бар қалаларда ұсынылатын медициналық қызметтердiң сапасындағы үлкен айырмашылық 
      медицина кадрларын даярлау сапасының жеткiлiксiздiгi; 
      денсаулық сақтау менеджерлерiн даярлау институты нашар дамыған; 
      кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантология, травматология, басқа да бiрқатар мамандықтар, сондай-ақ менеджмент саласында арнаулы бiлiктiлiктiң жекелеген бағыттары бойынша кадрлар тапшылығы; 
      денсаулық сақтау жүйесiнiң, әсiресе ауылдық өңiрлерде бiлiктi кадрлармен нашар қамтамасыз етiлуi; 
      пациенттiң және медицина қызметкерiнiң құқықтарын қорғау жүйесi нашар дамыған; 
      ауылдық жерлердегi шалғай орналасқан елдi мекендердегi, әсiресе халықтың әлеуметтiк аз қамтылған топтарының медициналық қызметтерге қолжетiмдiлiгiнiң төмендiгi; 
      денсаулық сақтау ұйымдарында әлеуметтiк жұмыс жөнiндегi мамандардың болмауы. 
      Мүмкiндiктер: 
      әлемдiк экономиканың тұрақтануы; 
      медициналық және фармацевтикалық ғылымның дамуы, ауруларды диагностикалау мен емдеудiң жаңа әдiстерiнiң пайда болуы; 
      Дүниежүзiлiк банктiң инвестициялық қолдауы; 
      денсаулық сақтау саласындағы басқарудың жаңа тиiмдi әдiстерiнiң пайда болуы; 
      денсаулық сақтау секторында ақпараттық технологияларды дамыту; 
      халықтың арасында спортты танымал ету, спортпен шұғылданатын халықтың санын ұлғайту; 
      ДДҰ қолдауымен көптеген елде темекi шегуге жағымсыз қатынасты қалыптастыру; 
      шектес мемлекеттермен эпидемиологиялық ахуалдың асқынуы туралы шұғыл хабарлау жүйесiнiң болуы. 
      Қауiптер: 
      тұмаудың, Н1N, Н5N1 жаңа вируленттiк түрлерiнiң оқыстан пайда болуы; 
      қазiргi заманғы медициналық жабдықтар мен фармацевтикалық препараттарға бағалардың өсуi; 
      елдiң аграрлық өнеркәсiбiнде пестицидтер мен тыңайтқыштардың, Қазақстан Республикасына импортталатын өнiмдердiң жеткiлiктi реттелмеуi; 
      елдiң мал шаруашылығында гормоналдық және фармацевтикалық препараттарды, Қазақстан Республикасына импортталатын өнiмдердi пайдалану; 
      ел аумағында аса қауiптi инфекциялардың табиғи ошақтарының болуы; 
      кейбiр өңiрлерде қауiпсiз ауызсу көздерiнiң болмауы.

4. Бағдарламаны iске асырудың мақсаты,  мiндеттерi, нысаналы индикаторлары  және нәтижелерiнiң көрсеткiштерi     

 Мақсаты:  елдiң орнықты әлеуметтiк-демографиялық  дамуын қамтамасыз ету үшiн  Қазақстан азаматтарының денсаулығын  жақсарту.     

 Бағдарламалық  мақсаттар: 
      1. Денсаулықты сақтау мәселелерiнде бүкiл қоғам күштерiнiң келiсушiлiгiне қол жеткiзу арқылы қазақстандықтардың денсаулығын нығайту. 
      2. Бәсекеге қабiлеттi денсаулық сақтау жүйесiн қалыптастыру.     

 Бағдарламаны iске асырудың нысаналы индикаторлары: 
      халықтың күтiлiп отырған өмiр сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейiн, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейiн ұлғаюы; 
      ана өлiм-жiтiмiнiң 100 мың тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейiн төмендеуi; 
      нәресте өлiм-жiтiмiнiң 1000 тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейiн төмендеуi; 
      жалпы өлiм-жiтiмнiң 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8, 14-ке дейiн, 2015 жылға қарай 6,2-ге дейiн төмендеуi; 
      туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың халыққа шаққанда 2013 жылға қарай 98,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейiн төмендеуi; 
      15 жастан 49 жасқа дейiнгiлердiң тобында АИТВ-инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 шегiнде ұстау.     

 Бағдарламаның  мiндеттерi: 
      азаматтардың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылды күшейту; 
      Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн одан әрi дамыту және жетiлдiру; 
      медициналық және фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметтi дамыту.

5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары,  қойылған мақсаттарға қол жеткiзу  жолдары және тиiстi шаралар     

 Негiзгi бағыттар: 
      1) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыру; 
      2) профилактикалық iс-шараларды, скринингтiк зерттеулердi күшейту, негiзгi әлеуметтiк мәнi бар аурулар мен жарақаттарды диагностикалауды, емдеудi және оңалтуды жетiлдiру; 
      3) санитариялық-эпидемиологиялық қызметтi жетiлдiру; 
      4) денсаулық сақтаудың бiрыңғай ұлттық жүйесiнде медициналық көмектi ұйымдастыруды, басқару мен қаржыландыруды жетiлдiру; 
      5) медициналық, фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгiзу; 
      6) халыққа дәрiлiк заттардың қолжетiмдiгi мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсарту.

5.1. Қоғамдық саулықты сақтау  мәселелерi бойынша сектораралық  және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыру     

 Денсаулық  сақтау мәселелерi тек мемлекеттiк  денсаулық сақтау жүйесiнiң құзыретiнен  айтарлықтай асады және халықтың  денсаулығын сипаттайтын көрсеткiштердiң  сапалық iлгерiлеуiне қол жеткiзу  үшiн барлық деңгейдегi мемлекеттiк ведомстволарды, бизнес-құрылымдарды және қоғамдық ұйымдарды қоса алғанда, бүкiл қоғамның, бiрiншi кезекте қоғам деңсаулығына едәуiр әсер ете алатын құрылымдардың күш-жiгерiнiң келiсiмдiлiгi қажет. 
      Осыған байланысты осы бағытты iске асыру жетi сектораралық кiшi бағдарлама бойынша көзделедi.     

 Мақсаты:  мемлекеттiк, қоғамдық және бизнес  құрылымдардың қызметiн үйлестiру  арқылы азаматтардың денсаулығын  қалыптастыру, сақтау және нығайту.      

 Негiзгi мiндет: қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың бiрыңғай ұлттық саясатын әзiрлеу және енгiзу.     

 Қол жеткiзу  жолдары және тиiстi шаралар 
      Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың бiрыңғай ұлттық саясатын әзiрлеу мақсатында: 
      бизнес-құрылымдардың әлеуметтiк жауапкершiлiгiн дамытуды және үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдарды (бұдан әрi - ҮЕҰ) тартуды қоса алғанда, орталық мемлекеттiк органдар және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары арасындағы жауапкершiлiктiң аражiгiн ажыратуды нақты келiсу және жергiлiктi деңгейде өзара iс-қимылдың тетiктерiн әзiрлеу арқылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Денсаулық сақтау жөнiндегi ұлттық үйлестiру кеңесiнiң мәртебесiн көтеру; 
      мынадай: 
      1) саламатты өмiр салты және мiнез-құлық факторларымен түсiндiрiлген әлеуметтiк мәнi бар аурулар деңгейiн төмендету; 
      2) дұрыс тамақтану; 
      3) мектеп оқушылары мен жасөспiрiмдердiң денсаулығы; 
      4) жол-көлiк қауiпсiздiгi; 
      5) төтенше жағдайлар (бұдан әрi - ТЖ) кезiнде шұғыл медициналық-құтқару көмегi; 
      6) туберкулезге, АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес; 
      7) аса қауiптi инфекциялардың профилактикасы мәселелерi бойынша сектораралық кiшi бағдарламаларды әзiрлеу және енгiзудi көздейтiн өмiр сүру және еңбек жағдайларының қауiпсiздiк деңгейiн арттыруда және қоғамдық денсаулықты жақсартуда мемлекеттiк, қоғамдық және бизнес құрылымдардың өзара iс-қимылын күшейту; 
      дене тәрбиесiн және спортты дамытудың салалық бағдарламасын әзiрлеу; 
      қоғамдық денсаулық сақтауды жақсарту мәселелерi бойынша бағдарламаны iске асыру тиiмдiлiгiнiң мониторингi мен бағалау жүйесiн әзiрлеу жоспарланып отыр.     

 Өмiр сүру  және еңбек жағдайларының қауiпсiздiк  деңгейiн арттыру мақсатында: 
      денсаулықты сақтау, оның iшiнде еңбек қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру; 
      қоршаған және өндiрiстiк ортаның халықтың денсаулығына терiс әсерiн төмендету; 
      ұйым қызметкерлерiнiң саламатты өмiр салтын (бұдан әрi - СӨС) жүргiзудi қамтамасыз етуге жұмыс берушiлердiң уәждемесiн қалыптастыру, сондай-ақ жұмыс берушiлерге қызметкерлердiң профилактикалық тексеруден уақтылы өтуiне жауапкершiлiктi бекiту; 
      өнеркәсiптiк кәсiпорындар жанынан үлгiлiк медициналық пункттердi құруды және дамытуды қоса алғанда, қызметкерлердiң денсаулығын қолдау жөнiндегi инфрақұрылым құру және оны дамыту; 
      қоршаған ортаның ластануының халық денсаулығына әсерiн оларды жою бойынша шараларды қабылдау үшiн зерделеу; 
      жобалық материалдарды әзiрлеу кезiнде жер учаскесiн беру, экологиялық қауiптi азайту және халық денсаулығы үшiн қолайсыз әсердiң алдын алу мақсатында жаңа өндiрiстер үшiн аумақты санитариялық-гигиеналық бағалауды белгiлеу кезеңiнен бастап қауiптердi бағалау жүйесiн енгiзу көзделiп отыр.

Денсаулық сақтау мәселелерi бойынша  сектораралық кiшi бағдарламалар    

  Саламатты өмiр салты және мiнез-құлық факторларына негiзделген әлеуметтiк мәнi бар аурулардың деңгейiн төмендету     

 Мақсаты:  қауiптiң мiнез-құлық факторларын бақылаудың алдын алу және күшейтуге жүйелi және кешендiк ұстаным арқылы саламатты өмiр салтын қалыптастыру.     

 Мiндеттерi: 
      1) қоғамда темекi шегудiң әлеуметтiк жағымсыз имиджiн жасау; 
      2) саламатты өмiр салтын қалыптастыруда үкiметтiк емес ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтың қатысуын жандандыру; 
      3) алкогольдi шектен тыс тұтынудың, активтi және пассивтi темекi шегудiң және есiрткiнi тұтынудың салдарлары туралы халықтың хабардар болуын арттыру; 
      4) темекi бұйымдары мен алкогольдi шектен тыс тұтынуды төмендету; 
      5) халықты спорттық-бұқаралық iс-шаралармен қамтуды ұлғайту.     

 Нәтижелер  көрсеткiштерi: 
      кемiнде 30 минут дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың үлесiн 2013 жылға қарай 18 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 24,9 %-ға дейiн (2009 ж. - 14%) арттыру. 
      темекiнi тұтынудың таралуын 2013 жылға қарай 19,5 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 18,2 %-ға дейiн (2009 ж. - 21,4%) төмендету. 
      алкогольдi шектен тыс тұтынудың таралуын 2013 жылға қарай 15 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 14 %-ға дейiн (2009 ж. - 16,9%) төмендету.     

 Қол жеткiзу  жолдары мен тиiстi шаралар 
      СӨС туралы халықтың хабардар болуын арттыру, медициналық, әлеуметтiк қызметкерлер мен журналистердiң күшiн жұмылдыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл үшiн мынадай медициналық бағдарламаларды жетiлдiру жоспарланады: проблемалардың өзектiлiгiн, көшбасшылар мен елдiң атақты адамдарының, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бiлiм салаларының көрнектi қайраткерлерiнiң қатысуын, темекi шегудiң, алкогольдi шектен тыс тұтыну мен есiрткiлердi пайдаланудың алдын алу мен одан емдеудiң жаңа технологияларын танымал етудi ескере отырып тақырыптар әзiрлеу. Бұдан басқа, медициналық теле және радиобағдарламалар шығару, медициналық бағдарламаларды көруге ең қолайлы уақытта көрсету жоспарлануда. 
      СӨС қалыптастыруда ҮЕҰ мен бизнес-құрылымдардың қатысуын жандандыру үшiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берiп, саламатты өмiр салтын қалыптастыруда оларды белсендi қатыстыру жоспарлануда. Бұдан басқа, жұмыс берушiлердiң азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерiнде кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiн дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызметтермен қамтамасыз етудi қоса алғанда, корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру жоспарлануда. 
      Темекi бұйымдарын тұтынуды төмендету мақсатында темекi бұйымдарына акциздердi кезең-кезеңмен арттыру; дамыған елдердiң тәжiрибесi бойынша темекi бұйымдарын сату ережелерiн жетiлдiру; темекi индустриясы тарапынан жанама жарнамаға тыйым салу сияқты экономикалық шаралар қабылданатын болады. 
      Темекi шекпейтiндердiң таза ауаға құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшiн қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салу аймағын кеңейту (қоғамдық көлiк аялдамалары, көпшiлiк демалуға арналған қоғамдық орындар ашу) жоспарлануда. Темекi шегудiң зияны туралы халықты ақпараттандыру жөнiндегi, оның iшiнде темекi бұйымдарында ескертпе жазу алаңының көлемiн ұлғайту, сондай-ақ графикалық бейнелеу мен пиктограммаларды әзiрлеу және енгiзу арқылы жұмыстар жалғасатын болады. 
      Бұдан басқа, халықтың арасында, әсiресе БМСК деңгейiнде темекi шегудiң профилактикасы жөнiнде медицина қызметкерлерiнiң жұмысын күшейту; темекi бұйымдарын тұтынудан бас тартқысы келетiндердi қолдау, оның iшiнде темекiнi тастағысы келгендерге медициналық-психологиялық көмек жүйесiн ұйымдастыру; темекiнi тастағысы келгендерге өңiрлiк және ұлттық телефон желiлерiн ұйымдастыру бойынша медицина қызметкерлерiнiң, әлеуметтiк қызметкерлердiң жұмысын күшейту жоспарлануда. 
      Алкоголь мен есiрткiнi шамадан тыс тұтынуды мынадай бiрнеше бағыттарда: экономикалық шараларды қолдану жолымен: алкоголь өнiмдерiне салықты кезең-кезеңмен жоғарылату; қол жетiмдi бағалар бойынша дәстүрлi ұлттық сусындарды (қымыз, шұбат және т.б.) iске асыру және өндiрiс жөнiнде шағын бизнестi дамытуды басымды қолдау, сондай-ақ өндiрiлетiн алкоголь өнiмдерiн бақылау мен сапасын реттеу және Қазақстан Республикасының аумағында алкоголь өнiмдерiн заңсыз өндiру және контрабандалық алкоголь бұйымдарының әкелiнуiне бақылауды күшейту жөнiнде нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жолымен төмендету жоспарлануда. 
      Алкоголь мен нашақорлықты шектен тыс тұтынуды төмендету үшiн алкогольге және нашақорлыққа қарсы насихаттауды жүйелi жүргiзуге арналған мынадай жағдайлармен қамтамасыз етiлетiн болады: 
      қоғамда алкоголь сусындарын шектен тыс тұтынуды және есiрткi тұтынуды қабылдамау жағдайын, бұқаралық ақпарат құралдарын (бұдан әрi - БАҚ) қамти отырып қалыптастыру; 
      алкоголь сусындарына жасырын және оның жанама түрлерiн қоса алғанда, жарнамаға толық тыйым салу; 
      алкоголь және есiрткiнi тұтынудың зардаптары туралы халықты ақпараттандыру, өз денсаулығына, әсiресе балалар, жасөспiрiмдер және жастарда жауапты қатынасты оқыту және қалыптастыру; 
      алкогольге қарсы және есiрткiге қарсы профилактикалық бағдарламалар әзiрлеу және енгiзу; 
      IIМ жүйесiнiң кәмелетке толмаған балалар iстерi жөнiндегi инспекторларымен ақпараттық-әдiстемелiк жұмыс жүргiзу; 
      IIМ қызметкерлерiн (полицейлер, учаскелiк инспекторлар) алкогольдi (есiрткiлiк, уыттылық) мас болу күйiндегi тұлғаларға қатысты қабылданатын шараларға сараланған тәсiлдерге оқыту. 
      Халықты спорттық-бұқаралық iс-шаралармен қамтуды ұлғайту үшiн дене белсендiлiгi, спорт және белсендi демалыспен айналысу үшiн инфрақұрылымды дамыту; қол жетiмдi спорттық-сауықтыру объектiлерiн құру; саябақ және ойын алаңдарының жағдайын жақсарту жоспарлануда. Халықты ақпараттық-бiлiм беру бағдарламаларын БАҚ-қа орналастыру арқылы ақпараттандыру арқылы дене тәрбиесi және спортпен айналысуға халықтың уәждемесiн арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Дәстүрлi спорттық шараларды, ұлттық спорт түрлерi мен ұлттық ойындарды БАҚ-ты тарта отырып, халықтың барлық топтарын қатыстырып республика ауқымында өткiзу, сондай-ақ, халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысу уәждемесi факторы ретiнде жоғары жетiстiктi спортты дамыту үшiн жағдай жасау жоспарлануда. 
      Халықтың барлық топтары арасында спортпен айналысу және дене белсендiлiгiне жағдай жасайтын және көтермелейтiн тұлғалар мен ұйымдарды ынталандыру дене белсендiлiгiнiң таралуына ықпал ететiн маңызды фактор болып табылады. Бұл үшiн азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерiнде кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiн дене тәрбиесi-сауықтырушылық және спорттық қызмет көрсетулермен қамтамасыз етудi қоса алғанда, жұмыс берушiлердiң корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру қажет.    

  Дұрыс тамақтану      

 Мақсаты:  халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз  ету және тамақтануға байланысты  аурулардың профилактикасы.     

 Мiндеттер: 
      балалар, ұрпақты болу жасындағы әйелдер, жүктi және емшек сүтiмен қоректендiретiн әйелдердiң тамақтануын жақсарту; 
      халықты қауiпсiз және дұрыс тамақ өнiмдерiмен орнықты жабдықтауды қамтамасыз ету; 
      дұрыс тамақтану туралы халықты хабардар ету; 
      халықтың тамақтануына мониторинг, бақылау және зерттеу жүргiзу.     

 Нәтижелер  көрсеткiштерi: 
      темiр тапшылығы анемиясымен сырқаттанушылықты 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 2 221-ге дейiн, 2015 жылға қарай 2 082,0-ге дейiн (2009 ж. - 2 314,0) төмендету; 
      артық дене салмағының таралуын 2013 жылға қарай 33 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 30 %-ға дейiн (2009 ж. - 35,3%) төмендету.      

 Қол жеткiзу  жолдары мен тиiстi шаралар 
      Әр жастағы балалардың, ұрпақты болу жасындағы, жүктi және емшек сүтiмен қоректендiретiн әйелдердiң тамақтануын жақсарту. 
      Болашақ аналардың бала көтергенге дейiнгi және жүктiлiк уақытында барабар тамақтануын қамтамасыз ете отырып, ұрықтың оңтайлы қоректенуiне мүмкiндiк беру. 
      Емшек сүтiмен қоректендiрудi қорғауды, насихаттауды және қолдауды қамтамасыз ету және нәрестелер мен кiшi жастағы балаларды барабар қосымша тамақтандыруды уақтылы енгiзу. 
      Жергiлiктi шикiзат өнiмдерiн пайдаланып балаларға арналған  және емдеу-профилактикалық тамақ өнiмдерiн шығару бойынша өндiрiстi ұйымдастыру. 
      Балалар үйлерiнде, мектепке дейiнгi мекемелер мен мектептерде дұрыс тамақтану және тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi стратегиясын дамытуды қамтамасыз ету. 
      Халықты қауiпсiз және дұрыс тамақ өнiмдерiмен орнықты жабдықтауды қамтамасыз ету. 
      Қаныққан майлар мен трансмайлы қышқылдар, жай қант пен тұзды төмендетiп, құрамында жоғары деңгейлi дәрумендер, минералдар, микроэлементтер және тамақ талшықтары бар өнiм шығаруды кеңейту. 
      Негiзгi тамақ өнiмдерiн микронутриенттермен тиiстi байыту және қосымша тамақтану үшiн өнiмдердi әзiрлеудi қамтамасыз ету. 
      Тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiне бақылау жүйесiнiң талаптарын күшейту және жетiлдiру арқылы қоғамдық және мемлекеттiк мекемелерде (қоғамдық тамақтану жүйесi, балалар және мектепте тамақтану, аурухана, әскери мекемелер және т.б.) тамақ өнiмдерiнiң құнарлылық сапасын жақсарту және қауiпсiздiгiн арттыру. 
      Тамақ өнiмдерi тұтынудың ұсынылған шамасына сәйкес келетiн тамақ өнiмдерi мен сусындардың қаржылық қолжетiмдiлiгiне әсер ету үшiн экономикалық әдiстердi (салықтар, субсидиялар) пайдалану мүмкiндiгiн зерделеу. 
      «Фермадан үстелге дейiн» қағидаты пайдаланылатын тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң салааралық жүйесiн және Соdех Аlimentarius-ке сәйкес келетiн қауiптi талдау тетiктерiн бекiту. 
      Тамақ өнiмдерiне және оларды өндiруге, санитариялық ережелер мен нормаларға, тамақ өнiмiнiң қауiпсiздiгiн бақылау жүйесiндегi басқа нормативтiк құжаттарға арналған ұлттық стандарттарды халықаралық талаптарға сәйкестендiру.     

Информация о работе Жалпы денсаулық саласы