Өзіндік жұмыс негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттырудың педагогикалық шарттары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 29 Марта 2015 в 16:27, реферат

Краткое описание

Зерттеу мақсаты: өзіндік жұмыс негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттыруды теориялық тұрғыда негіздеп, педагогикалық шарттарын айқындап, ғылыми негізделген әдістемесін жасау.

Прикрепленные файлы: 1 файл

nakipova.doc

— 294.50 Кб (Скачать документ)

        Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық мәнділігі.

  1. Оқушылардың танымдық белсенділігінің теориялық негіздері айқындалып, оларға берілген сипаттамалар бір жүйеге келтірілді және негізгі ұғымдардың анықтамасы нақтыланды.
  2. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың педагогикалық шарттары анықталды.
  3. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың мазмұндық-құрылымдық моделі жасалынып, өлшемдері мен көрсеткіштері, деңгейлері айқындалды.
  4. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыруды қамтамасыз ететін оқыту әдістемесі жасалды.

Зерттеудің практикалық мәні

- бастауыш сынып оқушыларының  өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін  арттырудың әдістемесі жасалынды;

- оқушылардың өзіндік  жұмысында танымдық белсенділігін  арттыруға байланысты ғылыми-әдістемелік  ұсыныстар жасалынды;

- оқушылардың танымдық  белсенділігін арттырудың теориялық  тұжырымдары, әдістемесі, қорытындылары, зерттеу нәтижелері мектеп мұғалімдері қызметінде, жоғары оқу орындарында маман даярлауда, педагог-кадрлардың біліктілігін жетілдіретін институттар пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар:

- оқушылардың танымдық белсенділігі  мен өзіндік жұмыс ұғымдарының  нақтыланған мәні;

- оқушылардың өзіндік жұмысында  танымдық белсенділігін арттырудың  педагогикалық шарттары;

- оқушылардың өзіндік жұмысында  танымдық белсенділігінің қалыптасу  моделі, өлшемдері мен көрсеткіштері, мүмкін болатын деңгейлері;

- бастауыш сынып оқушыларының  өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыруды қамтамасыз ететін тиімді оқыту әдістемесі.

Зерттеу базасы: Қызылорда қаласы, № 1 Қ. Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясы болып белгіленді. Зерттеу жұмысына аталған мектептен экспериментке 140 оқушы, бастауыш сынып мұғалімдері, әдіскерлері қатыстырылды.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу мен тәжірибеге енгізу. Зерттеу мәселесі эксперимент барысында сынақтан өткізілді және халықаралық конференцияларда, мерзімді басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалаларда: Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Инновационные процессы в современном образовательном учреждении» «Организация познавательной деятельности с целью стимулирования самостоятельной работы младшего школьника» - Самара, 2012; Өзіндік жұмыстар арқылы бастауыш сынып оқушыларының құзіреттіліктерін қалыптастыру // Қазақстан мектебі - Алматы, 2012) көрініс тапты.

Диссертацияның құрылымы. Кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

Кіріспе бөлімде зерттеу жұмысының көкейтестілігі  дәлелденіп, ғылыми аппараты, диссертацияның құрылымы беріледі.

«Өзіндік жұмыс негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттырудың теориялық негіздері» атты бірінші бөлімде «таным», «танымдық белсенділік», «өзіндік жұмыстар» ұғымдарының мәні философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыда бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттыру бағытында нақтыланып, «Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыру» ұғымына анықтама берілді. Оқушылардың өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалып, өлшемдеріне сәйкес көрсеткіштері мен деңгейлері айқындалды.

«Өзіндік жұмыс негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттырудың тәжірибелік-педагогикалық эксперимент нәтижелері» атты екінші бөлімде тәжірибелік-эксперимент жұмысының мазмұны мен оны ұйымдастыруда пайдаланылатын педагогикалық технологиялар, өзіндік жұмыстардың формалары, түрлері және әдістері, өзіндік тапсырмалар беру әдістемесі, оның тиімділігін дәлелдеу мақсатында жүргізілген тәжірибелік-эксперименттің нәтижесі баяндалды.

Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесіне сүйене отырып, мұғалімдерге бастауыш сыныптың оқыту үдерісінде оқушылардың өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыруға арналған әдістемелік және практикалық ұсыныстар беріледі.

Қосымшада оқыту үдерісінде оқушылардың өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыруға арналған өзіндік тапсырмалар жүйесі ұсынылды.

Негізгі бөлім 

        Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың теориялық негіздерін айқындау «танымдық белсенділік», «өзіндік жұмыс» ұғымдарын нақтылаумен тікелей байланысты. Бұл ұғымдардың мәні мен сипатын логикалық тұрғыдан талдауда ғылыми әдебиеттерде, сөздіктерде берілген анықтамаларға  назар аударылды. Философтар таным дегеніміз – адамның жаңа біліммен молығу процесі деген тұжырым жасайды. Сондықтан, білім адам қызметіндегі таным үдерісінің нәтижесі болып табылады. Адам өзін қоршаған ортаны, әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында, олардың ішкі қасиетін анықтап, даму заңдылықтарын біледі, ондағы өзінің орнын да біліп, басқа адамдармен қарым – қатынасын анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда философтар: «Таным дегеніміз – сыртқы заттар мен құбылыстардың, олардың қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнеленуінің қайшылыққа толы күрделі процесі», - деген анықтама береді. Олай болса, таным барысында адам өзін қоршаған ортаны игереді, ол туралы білімі кеңейіп, тереңдей түседі, шынайы білімге айналады. Ендеше танымды адамның жаңа әрі тың білімді игеріп, рухани баюы деген қорытынды жасауға болады.

Білім беру және оқыту теориясының әдіснамалық негізі – таным теориясы, оқушы тұлғасын жан-жақты және үйлесімді қалыптастыру туралы ілімі болып табылады. Бұл теория білім беру және оқытуды арнайы ұйымдастырылатын іс-әрекет ретінде қарастырады. Білім беру және оқыту теориясының оқушыларды оқыту мәселелеріндегі талаптарының бірі – танымдық белсенділік пен саналылық. Бұл талаптың орындалуы оқушылардың оқу материалын түсінуге, өткенді жаңамен байланыстыруға, негізгісі мен қосымшасын анықтауға, алған білімдерін кез-келеген жағдайда тәжірибеде пайдалануға, өз пікірлерінде оларға сүйенуге ұмтылысынан көрінеді. Білімді саналы меңгеру өз бетімен жаңа білім алуға мүмкіндік беретін ақыл-ой еңбегінің өзіндік тәсілдерін игермейінше іске аспайды. Оқушылардың танымдық белсенді іс-әрекетінің көздейтін мүддесі – білімнің қоғамдық мәнін ұғыну, қоғамға қызмет ету қарқынын үдету қажеттігі негізінде дамиды. Белсенділіктің ең жоғары көрінісі оқушылардың алған білімдерін өмірде, тәжірибеде нәтижелі пайдалана білуі болып табылады. Оқушы ақпаратты, іс-әрекет тәсілдері мен бағалау өлшемдерін қамтитын қоғамдық және жеке адам игерген ұжымдық тәжірибені мұғалімнің беретін білімімен шектеп қана қоймай, оны әрі қарай өз бетінше белсенді, нысаналы танымдық іс-әрекеті нәтижесінде игеруі тиіс. Жоғарыдағы «таным», «танымдық белсенділік» жайлы философиялық тұжырымдарға сүйене отырып, төмендегідей қорытындыға келдік: таным, дүниетаным ұғымдары тұлғаның танымдық белсенділігінің қоршаған ортаны, әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу қажеттігін сипаттайды; қоғамда өзін белсенді мүше ретінде сезініп, оған бей-жай қарай алмайтын тұлға екенін көрсетеді; қоғамдағы келеңсіз жағдайларды жою үшін өздігінен белсенді әрекетке түсіп, оны түзетуге ықпал етеді; ол үшін білімнің қоғамдық мәнін түсініп, оны меңгеруде өзінің мүмкіндігіне қарай қарым-қатынасқа түсуде танымдық белсенділік көрсетеді; осылардың негізінде өзі танымдық белсенді іс-әрекетке араласады, өзінің сұранымын, қажеттілігін қанағаттандырады.

Психологиялық зерттеулерде өздігінен орындайтын оқу тапсырмаларына ерікті шоғырландырып, жаңа пайда болған қызығушылықтары мен сұраныстарын қанағаттандыра әрекеттенетіні дәлелденген (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Д.Б.Эльконин, А.В.Петровский, Л.Б.Ительсон, В.Д.Щадриков). Бұл орайда субъект белсенділігі сыртқы материалды және ішкі психикалық әрекетті өз қатарына қосатын затты іс-әрекеттің бірдей жүйесі болып табылатыны арнайы зерттеу жұмыстарына арқау болған (Б.Г.Ананьев, В.М.Бехтерев, В.Н.Мясищев, С.Л.Рубинштейн). Психологиялық талдауларға сүйене отырып, пікірімізді қорытындылайтын болсақ, өзіндік жұмыстар арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру үшін өзіндік жұмыстарды орындауға қызығушылығын тудырып, одан мотивтің пайда болуын, білім мазмұны бойынша меңгеруге жататын әрекет тәсілін, оқу әрекеттері негізінде елес, меңгерген әрекеттің алғашқы бейнесі қалыптасады, ал білім көлемін, сапасының деңгейін көтеру арқылы шешуге болады деп санаймыз.

Педагогикалық тұрғыдан өзіндік жұмыстар, танымдық белсенділік ұғымдарына берілген бірнеше анықтамалар бар. Танымдық белсенділік - білім мен іс-әрекет тәсілдерін өз күшімен игеруге ұмтылысынан көрініс табатын жеке тұлғалық қасиет (Т.Ш.Шамова), танымдық белсенділік – дара тұлға өзінің танымдық іс-әрекетін өз күшімен ұйымдастыруы және оны жаңа танымдық проблеманы шешу үшін қолдана білуі сияқты және адамның сапасы (И.Я. Лернер), танымдық белсенділік -мектеп оқушыларының білімді игеруде өз күшімен талпынуына дайын екендігінде, яғни қабілеті мен ұмтылысы (Н.А.Половникова), өзіндік оқу жұмысы оқушының мәселені қойып, оны шешкенге дейінгі жеңілден күрделіге өту, өзін-өзі бақылау және түзету ізденісінің белгілі бір деңгейдегі дербес оқу әрекеті; өздігінен білім алу, танымдық қабілетті қалыптастырудың құралы болып табылады (педагогикалық сөздік). Өзіндік жұмыс оқу әрекетінің арнайы бір формасы. Оқушылардың күрделі әрекеттерінің бір түрі. Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша олардың өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап, орындайтын жұмыстар жатады (Т.С.Сабыров). Өзіндік жұмыс – бұл оқытуды ұйымдастырудың формасы да емес, оқытудың әдісі де емес, ол оқушының алдына қойылған мақсатқа сәйкес, белгілі бір іс-әрекетті ұйымдастыру мен жүзеге асыру құралы болып табылады (П.И. Пидкасистый), өзіндік жұмыс дегеніміз – мұғалімнің тікелей қатысуымен емес, бірақ оның белгілі уақыт мөлшеріне есептелген тапсырмасы бойынша орындалатын жұмыс, бұл кезеңде оқушылар өздерінің ой-өрістерін және іс-әрекеттерін қорытындылай отырып, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылады (Б.П.Есипов) және т.б.

Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «Белсенділік – философиялық, психологиялық қағида. Салдардың өзі әсер еткен заттың белсенді қатынасының нәтижесі. Қажырлылықты, ынталылықты, жігерлілікті, тынымсыздықты білдіреді. Белсенділік күнделікті іс-әрекетте (ойын, сабақ, еңбек) кездесетін міндеттерді ізденімпаздықпен орындай білу қабілеті. Тек белсенді адамдар ғана мақсатқа жету барысында батылдық көрсетіп, қиыншылықты жеңіп шыға алады. Күнделікті іс-әрекеттің ішінде шығармашылық ойындар баланың белсенділігін арттыруға ерекше мүмкіндік тудырады» - деген анықтама берілген. Олай болса, белсенділік адамның белгілі бір іске ықыласпен кірісіп, нәтижелі орындауға тырысуы болып табылады. Ынта іске қызығушылықтың негізгі ұйтқысы болып саналады. Бұл туа берілетін қажеттіліктер (жоғары жүйке қызметінің өзіндік ерекшеліктері және т.б.) мен қоғамдық өмірдің, оның ішінде, мәдени ортаның ықпалынан болатын қажеттіліктерге байланысты. Қажеттілік адам бойында қоғамның, қоршаған ортаның ықпалынан пайда болады. Ынта іс-әрекет кезінде қалыптасады. Оның ойынға, оқуға, еңбекке байланысты түрлері болады. Ынта істі ойдағыдай орындаудың шарты. Зерттеу мәселеміз тұрғысынан қарастыратын болсақ, оқыту үдерісінде өзіндік жұмыстар негізінде танымдық белсенділікті арттыру үшін оқуға байланысты ынтаны қалыптастыру қажет деп санаймыз. Таным белсенділігі мәселесі – педагогикалық зерттеулердің терең негізі екенін атап өту керек. Бұл мәселені зерттеуге маңызды үлес қосқан ғалымдар: М.Н.Скаткин, И.Ф.Харламов, М.А.Данилов, И.Л.Лернер, М.И.Махмутов, Т.Ш.Шамова, Г.И.Щукина және т.б. Маңызды әлеуметтік күшіне байланысты бұл қазіргі диалектикада, білім беру тәжірибесі мен тәрбиеде негізгі болып саналып отыр.

Қазіргі кезде республика көлемінде өзіндік жұмыс пен танымдық белсенділік жеке мәселе ретінде әрқырынан қарастырған ғалымдар: Б.Абыканова, Қ.А.Аймағамбетова, Х.Аренова, Қ.Б.Ахатаева, Т.М.Әбдікәрім, А.Е.Әбілқасымова, Ә.С.Әмірова, Ж.Т.Дәулетбекова, Ж.Ы.Сардарова, С.Р.Рахметова және т.б. Танымдық әрекеттің негізінде оқушыда танымдық белсенділік қалыптасады. Олай болса, бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттыру – берілген тапсырмаларды орындауда нәтижелерге өздігінен жете білуге үйрену процесінде рефлексивті әрекетке түсе алатын, сонымен қатар алған білімін тәжірибеде дәлелдеуде, өзін-өзі жүзеге асыратын, оны кез-келген жағдайда қолдану құзіреттілігі деп түсінеміз. Осыған байланысты, оқушылардың өзіндік жұмыстарында танымдық белсенділігін арттырудың тиімділігін қамтамасыз ететін төмендегідей мұғалімдерге арналған шарттарды ұсынамыз:

  1. Оқыту үдерісінде өзіндік жұмыстарды орындау үшін қажетті білімді меңгерту;
  2. Оқыту үдерісінде тұжырымдалған ережені өзіндік жұмыстарды орындау барысында пайдалануға үйрету;
  3. Өзіндік жұмыстар негізінде танымдық белсенділікті арттыруға арналған тапсырмалар жүйесін ұсыну;  
  4. Өзіндік тапсырмалар түрлерінің  (жеке, жұптық, топтық) басым мәнге ие болуын қамтамасыз ету;
  5. Өзіндік жұмыстарды орындау барысында танымдық белсенділікпен ақпараттарды іздестіре білуге баулу;
  6. Өзіндік тапсырмалардың мазмұнына қарай  орындау жолдарын  меңгерту;
  7. Танымдық міндеттерді шешу барысында өзіндік жұмыстарды орындау нәтижесін болжай білу;
  8. Өзіндік жұмыстар негізінде оқушылардың  жеткен нәтижесін дәлелдеуге үйрету;
  9. Өзіндік жұмыстарды орындауда оқушылардың  танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасау.

Өзіндік жұмыстар негізінде танымдық белсенділікті арттыру шеңберінде біздің алдымызда негізгі мәселе педагогикалық модель, яғни элементтер жүйесінің логикалық құрылымын, білім беру үдерісін басқару жүйесін, теориялық білімдерді өздігінен игеру, іс-әрекеттің мақсат-міндеттерін белсенділікпен шешу мақсатын, оның мазмұнын, оны жүзеге асыруда қолданылатын әдіс-тәсілдерді, яғни тиімді педагогикалық технологияны саралау мәселесі туындады. Сөйтіп, бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың моделін мотивациялық-тұлғалық, мазмұндық-амалдық, нәтижелі-бағалау компоненттерінен, олардың әрқайсысын айғақтайтын бірнеше көрсеткіштер, өлшемдер мен деңгейлерден тұратын, сонымен қатар, өзара бір-бірімен тығыз байланыстағы тұтас құрылым ретінде былайша бейнелейміз. Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік жұмысында танымдық белсенділігін арттырудың құрылымдық-мазмұндық моделін төмендегі мазмұнда бере аламыз (1-сурет).

Информация о работе Өзіндік жұмыс негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттырудың педагогикалық шарттары