Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Ноября 2014 в 12:04, курсовая работа
Табиғат бар жерде тіршілік бар.
Табиғат – тіршілік атаулының құтты қонысы, түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер Ана, Атамекен, Туған жер, Ауылым деген ұғымдар бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас.
Табиғат – адам тәрбиешісі. Оның құрамдас бөлігі болып саналатын өсімдіктер мен жануарлар әлемі, биік таулар мен сарқыраған өзендер, кең дала барлығы да адам баласына ой салып, денесіне қуат,бойына күш, көңіліне шабыт береді. Адам да, қоғам да-табиғаттың төл баласы., жалғасы. Тіпті, адам ауасыз, сусыз өмір сүре алмайды дейтін болсақ, сол ауа мен судың өзі жан-жануарлар, адамзатқа табиғаттың тарту еткен ғажайып сыйы.
Бақылауға, яғни табиғат құбылыстарына белгілі бір мақсатпен қарауға үйрете отырып, біз балалардың жалпы ақыл-ойының жетілуімен тығыз байланысты болатын және «балалардың оқуға дайындығының» елеулі шарты болып табылатын зейінін дамытамыз.
Табиғатқа деген ынта-ықыласты да тәрбиелеу қажет. Тәрбиеші жануарлар мен өсімдіктердің сыртқы түріне, қимылына, қылықтарына балалардың назарын аударып, қалай бақылау керектігін көрсете отырып, балалардың табиғат жөніндегі білімін ғана емес, жануарларға деген көзқарастарын да қалыптастырады. Тек әрқашан да баланың жасын ескеру қажет және оның көңілін сол заттың немесе құбылыстың несі қызықтыратынын да білу керек.
Табиғатпен тікелей қарым-қатынаста байқағыштықпен қатар білуге деген құмарлық та жетіледі. Яғни, балалардың «Бұл не?», «Қалай?», «Неліктен?» деген шексіз сұрақтарында айқын көрінеді. Балалардың білуге деген құмарлығын қанағаттандыра отырып, мүмкін болған жерде, олардың өздерін қатыстырып, әр түрлі сұрақтарға жауапты өздеріне айттыру керек. Қойылған сұрақтарға жауап беруге балалардың белсене қатысуы олардың білуге деген құмарлығын арттырады және табиғатқа деген ықыласын анағұрлым тұрақты етеді.
Балаларды табиғатпен таныстыру процесінде адамгершілік, еңбек, дене және эстетикалық тәрбие беруді жүзеге асыру қажет.
Баланың адамгершілігін жетілдіруде оны туған табиғатқа деген сүйіспеншілікке және тірінің бәріне ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу ерекше орын алады. Балаларға, әсіресе өздерінің өсіргендері жақын әрі қымбат. Балалар бақшасында балалардың өздері бақылап, бағып-күтіп жүрген жануарлар мен өсімдіктердің болуы – оларды табиғатқа ұқыптылықпен қарауға, еңбекке деген сүйіспеншілікке және соған дағдылануға, тапсырылған іске жауапкершілік сияқты қасиеттерге тәрбиелеуге көмектеседі.
Балаларды еңбек сүйгіштікке, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу үшін оларға өсімдіктерді өсірудің және жануарларды бағып-күтудің ең қарапайым әдістерін үйрету қажет. Балалар, сөйтіп, өз еңбектерінің процесі мен нәтижесінен қуанышқа жететіндей, жер учасксінде істеген жұмыс олардың бұлшық еттерін өсіретіндей және нерв жүйесін шыңдайтындай болуы өте маңызды. Еңбек сүйгіштік сияқты қасиетті қалыптастыру үлкен адамдардың табиғаттағы еңбегімен балаларды таныстыру, олардың істеген істеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу қажет. Балалардың табиғатта болып, еңбек етуін олардың денсаулықтарын нығайту мен денелерін жетілдіру үшін пайдалану керек.
Табиғат балаларға эстетикалық тәрбие берудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Табиғат сұлулығы, тіпті, ең кішкентай балалардың өзін де бей-жай қалдырмайды. Оларды табиғатпен таныстыра отырып, орманның шуылына, бұлақтардың сылдыры мен құстардың сайрауына, жапырақтардың пішіні мен түсіне, гүлдердің иісіне, жануарлардың қимылына т.б. көңілін аудару керек. Балалар әсемдіктің бәрін сезінуді үйренуі, сол арқылы өзінің алдағы өмірінде дүниенің бүкіл сұлулығын және алуан түрлілігін қабылдай білуі қажет.
б) Әр жас тобындағы балаларды табиғатпен таныстыру ерекшеліктері мен оларды ұйымдастыру формалары.
Әрбір жас топтарында балаларды табиғатпен таныстыру белгілі бір программалық міндеттерге сай жүзеге асырылады. Олар баланың табиғат тану білімдерін бірте-бірте меңгеруін алдын ала қарастырады.
2 жастан 3 жасқа қараған балаларды өсімдіктермен, жануарлармен, өлі табиғат құбылыстарымен таныстырады, олардың кеңістікті ажырата білуге және өсімдіктердің (жапырақтардың, гүлдердің түсін) кейбір белгілерін, жануарлардың қимылы мен даусын ерекшелеп, дұрыс атауға, алғашқы көрнекі байланыстар мен жалпылауларға сүйенуге (балықтар суда жүзеді) үйретеді. Сөйтіп, балалардың талдағыштығы (көру, есту т,б.) жетіле түседі, бақылаған обьектілерге деген назары мен ықыласы артады, оларға деген тілектестік қарым-қатынасы қалыптасады.
Төрт жасқа қараған балаларда олардың өмірде үнемі кездесіп отыратын табиғаттағы заттар мен құбылыстар жөніндегі түсініктері қалыптасады, сабақтардағы, ойындардағы заттық-сезімдік іс-әрекеттер процесінде тани алатын байланыстарды орнатуға және оларды нақтылы түсініктер формасында көрсетуге қол жеткізеді.
Өсімдіктерді, жануарларды бақылауға, олардың жекелеген белгілерін бөліп алып, сенсорлық эталондарды (түсін, формасын, үлкендігін) пайдалана отырып анықтауға, обьектілерді салыстыруға және олардың сыртқы белгілеріне қарап топтастыруға балаларды үйретеді. Білімдерді меңгеру процесінде оларда танымдық іс-әрекеттердің күрделірек формасы пайда болады: балалар төрт жасқа қарағанда себеп-салдарлық қатынастарды анықтауға қабілетті боп келеді.
Бес жасқа қараған балаларда көрнекі-бейнелі ойлаудың жоғары формасы қалыптасады. Олар жалпылаушы білімдерді меңгере алады. Балаларды өсімдіктердің, жануарлардың жаратылысына тән ерекшеліктерін айыруға, олардың тіршілік ету жағдайларға байланыстылығын анықтауға үйретеді.
Мектепке баратын жастың соңына таман балаларда логикалық ойлаудың қарапайым формасы дамығанболуы тиіс: анализдеу мен синтездеуге қабілеттілік, өсімдіктер мен жануарлардың жеке және ортақ белгілерін айыра және жалпылай білу.
Балаларды табиғаттағы құбылыстардың табиғи себептермен байланысты екендігіне қорытынды жасауға дағдыландырады. Балаларда мектепке баратын кезде бақылағыштық, білуге құмарық, табиғатқа деген сүйіспеншілік және оған ұқыпты қараушылық, ондағы әдемілікті таба білудегі қабілеттілік, аул шаруашылығындағы еңбектерге деген ынта-ықылас дамыған болуы тиіс.
Бағдарламаға материалды іріктеген кезде оның түсініктілік және ғылымилық принциптері ескеріледі. Балалар өсімдіктер, жануарлар, өлі табиғат құбылыстары жөнінде шынайы және нағыз ғылыми мәлеметтер алуға тиіс, бірақ сонымен бірге, бұл мәлеметтер оларға түсінікті де болуға тиіс. Сондықтан бағдарламалық материал көлемі мен баяндау тереңдігі жөнінен балалардың жас ерекшелігін ескере отырып беріледі, бірақ берілетін білімдердің дұрыстығын міндетті түрде сақтау көзделеді. Ең алдымен, бағдарламаға балалардың серуендеген, ойнаған, еңбек еткен кездерінде табиғаттағы үнемі кездесіп қалатын обьектілер мен құбылыстар жөніндегі білімдер қамтылуы қажет.
Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, табиғатпен таныстыру бағдарламасы жинақталып берілген: балалар бақшада болған уақыттарының барлығында бір нәрсенің немесе құбылыстың өзімен бірнеше рет танысады, бірақ әр ретте де кеңірек және тереңірек танысады. Балалардың нақтылы білімі молаяды және сонымен бірге жалпыланады.
Балалар үш жасқа қарағанда обьектілерді кеңістікте ажырата білуді («Бұл-күн») үйренеді, күннің жарық беретіні жөнінде түсініктер алады. Сәбилердің екінші тобында балаларға күн мен ауа темпуратурасының арасындағы қарапайым байланысты ажыратуды («Күн қыздырады, - жылы, ыстық) үйретеді.
Естияр топта балалар күннің қыста шығуы мен батуын бақылайды, күн мен су жағдайының өзгеруі арасындағы қарапайым байланысты анықтайды («Күн қыздырды, - шалшықтар кеуіп кетті).
Ересек топтарда балалар айдың фазасындағы өзгерістерді (Ай дөңгелек, жарты дөңгелек, қол орақ сияқты болады), күннің жыл бойындағы бір күнгі қозғалысын, күннің ұзақтығымен байланыстыра отырып бақылайды.
Мектепке даярлық тобында балаларды күннің жоғары көтерілуі мен ауаның температурасының, жылдың әр мезгіліндегі күннің ұзақтығының арасындағы байланыстармен таныстырады.
Ол сабақтарда, күн сайынғы серуендерде, балалардың ойнаған және өсімдіктерді өсіру мен жануарларды бағып-күтудегі еңбектері кезінде жүзеге асырылады. Балаларды сабақтарда және тұрмыста табиғатпен таныстырудың бағдарламалық мазмұнының арасында тығыз байланыс бар. Сөйтіп, мысалы, серуендеудегі, ойнаған және өсімдіктер мен жануарларды бағып-күткен кездеріндегі еңбектерінде алған түсініктері нақтыланады, жалпыланады және сабақ кездерінде жүйеленеді. Сабақтарда алған білімдерін, іскерліктерін балалар күнделікті іс-әрекеттерінде – ойында, еңбек, бақылауларда рет-ретімен қолданады.
Балаларды табиғатпен таныстырған кездегі олардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру формалары – сабақтар, экскурсиялар, серуендер, табиғат мүйісіндегі жұмыс, жер учаскесіндегі жұмыстар болып табылады.
Сабақтар. Бұл – балаларды табиғатпен таныстырудағы негізгі форма. Сабақтар бағдарламаға сәйкес, күні бұрын белгіленген жоспар бойынша белгілі бір сағатта өтіледі. Сабақтарда тәрбиеші балаларға жаңа мәлеметтерді хабарлап қана қоймайды, сонымен бірге олардағы бұраннан бар білімдерді нақтылайды және бекітеді. Сабақтар балаларды табиғатпен таныстыру процесінде танымдық қабілеттерінің және тілдерінің дамуы, олардың сөздік қорларының молаюы, табиғатқа ықыластық пен сүйіспеншілікте болуға тәрбиелеу жүзеге асатындай етіліп құрылады. Сабақтағы ең басты нәрсе – барлық балалардың бағдарламалық материалды меңгеруі. Бұл үшін әр алуан әдістер: нақтылы обьектілерді бақылау, үлкендердің еңбегі, дидактикалық ойындар, картиналармен жұмыс, көркем шығармаларды оқу, әңгімелесулер, әңгімелер т.б. қолданылады.
Сабақтарға әзірленгенде тәрбиеші бағдарлама бойынша балаларға таныстыратын обьектіні белгілейді, мұнан кейін қандай әдістер мен тәсілдерді қолданудың тиімділігін, қандай көрнекі құралдарды пайдалану керектігін анықтайды. Көрнекі құралдардың ішінен сабақтарда табиғи обьектілерді және суретті-көрнекілікті қолданады. Бөбектік жастағы топтарда сабақтарды жеке-дара немесе 4-6 баламен өткізеді. Сәбилердің бірінші тобында топтың жартысымен, ал басқа топтарда бүкіл топпен сабақ өткізуге болады. Табиғи обьектілерді бақылау немесе үлкен картиналарды көріп шығу үшін балаларды шағын екі топқа бөлуге, жартылай дөңгелене немесе екі қатар етіп отырғызуға болады.
Экскурсия – балалар табиғи жағдайларда: орманда, көгалда, бақшада, су қоймасында т.б. табиғатпен танысатын сабақ. Экскурсиялар сабаққа арналып бөлінген сағаттарда жасалады.
Экскурсияларда белгілі бір программалық мазмұны бар, мұны барлық топтың балалары меңгеруге міндетті. Экскурсиялардың тәрбиелік-білімдік маңызы өте зор, өйткені олар туған табиғатқа деген ықыласты арттырады, эстетикалық сезімдерді тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Экскурсия жасайтын жерді таңдап алу – оның міндеттеріне, балалардың жасына байланысты.
Балалар бақшасы маңына экскурсиялар естияр, ересек және мектепке даярлық топтарымен өткізіледі. Сәбилер тобымен жылдың тек екінші жартысынан бастап, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелеріндегі жер учаскесінің табиғатын бақылау – көгалға, паркке аз уақыт экскурсиялар жасау ұсынылады.
Экскурсияға дайындағанда, тәрбиеші экскурсия жасайтын жерге алдын- ала барып келеді. Мұнда ол, бағдарлама талабына сай нені көрсетуге болады, жинап алынған әр түрлі заттар үшін өзімен бірге нені алу керек, бақылауды қалай ұйымдастырып, балаларға қандай сұрақтар, қандай тапсырмалар беру керек, қандай ойындар ойнап, қайда демалу керек деген мәселелерді шешеді.
Серуендер. Бүкіл жас топтарының балаларын табиғатпен таныстыру үшін күн сайынғы серуендерді кеңінен пайдаланады. Олар аздаған экскурсия- мақсатты серуендер, оларды өткізген кезде тәрбиеші учаскені қарап шығады, ауа райын, өсімдіктер мен жануарлар тіршілігіндегі маусымдық өзгерістерді бақылауды ұйымдастырады.
Серуендерлер кезінде балалар табиғатпен бағдарламаға негізделіп және жергілікті жердің жағдайларын ескере отырып, алдын ала жасалынған жоспар бойынша танысады. Серуендерде табиғаттың қандай да болсын бір құбылысы көрінген кезде, жоспар жүзеге асырылады.
Тәрбиеші серуендерде табиғи материалдарды (құмды, қарды, суды, жапырақтарды), судың, көлдің әсерінен қозғалысқа келтірілген ойыншықтарды пайдалану арқылы ойындар ұйымдастырады, мұндай ойындар кезінде балалар сезімдік тәжірибе жинақтайды, табиғаттағы заттардың әр түрлі қасиетін танып біледі.
Жер учаскесіне жасалған серуендер кезіндегі ойындар үшін құм салынған жәшік, кішкене бассейн, су шашқыштар (ойыншық), ойыншықтар болуы керек.
Жер учаскесіндегі жұмыс. Жер учаскесінде балалар көбіне күндізгі ұйқыдан кейін жұмыс істейді. Бұл жұмыс табиғат мүйісіндегі сияқты бақылаулар жасаумен ұштасып жатады және олардың өсімдіктер мен жануарлар жөніндегі білімдерінің қорлануына, еңбек дағдылары мен іскерліктерінің жетіле түсуіне, еңбек сүйгіштікке тәрбиеленуіне ықпал етеді.
Еңбекті ұйымдастыру жұмыстың түріне, балалардың жасына және жыл маусымдарына байланысты. Жер учаскесіндегі кейбір жұмысты барлық топтарда сабақ түрінде жүргізуге болады, бірақ еңбектік шеберліктер мен дағдылардың қалыптасуы балалардың күнделікті еңбектерінде жүзеге асырылуға тиіс. Әр түрлі тапсырмаларды мезгіл-мезгіл жеке балаларға олардың кішкене топтарына немесе бүкіл топқа береді. Ересек және мектепке даярлық топтарында бақшаға және гүлзарға кезекшілік қояды.
Табиғат мүйісіндегі жұмыс. Табиғат мүйісінде жұмыс істеу күн сайынғы еңбекке бөлінген сағаттарда жүргізіліп отырады. Балалар өсімдіктер мен жануарларды бақылайды, оларды ұқыпты қарауға үйренеді, ең қарапайым дағдыларын меңгереді, үлкен адамдармен бірлесіп еңбектенуге, ал сонан кейін өз беттерімен еңбектенуге үйренеді.
Балалардың еңбегін ұйымдастыру олардың жасына байланысты. Сәбилердің бірінші тобында балалар тек тәрбиешінің өсімдіктерді қалай күтетінін бақылайды, ал сәбилердің екінші тобында бұл жұмысқа өздері қатысады. Естияр топта барлығы да тәрбиешінің жекелеген тапсырмаларын орындайды. Ересек топтарда оларды тәрбиешінің бақылауымен кезекшілер орындайды. Мектепке даярлық тобында кезекшілерден басқа балалар өсімдіктер мен жануарларды күтуде жеке дара бақылаулар жүргізеді.
Балалар балабақшадағы тірі табиғат мүйісі – мектеп жасына дейінгі балаларды табиғат пен көрнекі және әрекетті түрде таныстырудың ең қажетті жағдайларының бірі. Балалардың табиғат туралы нақтылы білім молаяды. Тірі объектімен танысқан кезде олардың бақылағыштығы, табиғатқа деген қызығушылығы арта түседі. Табиғат мүйісін күтіп баптаған кезде еңбекке бейімденудің және еңбексүйгіштік, тірі затқа аялай қарау көзқарасы, тапсырылған іске деген жауапкершілік сияқты бала бойында бағалы қасиеттер қалыптасады.
Сәбилердің екінші тобындағы балалар ағаштың жапырақтары жасыл және сары болатынын білуі тиіс. Сары жапырақтардың ағаштан үзіліп түсетінін білу керек.
Екінші топтағы балаларды еңбекке баулу. Олар тәрбиешілерімен бірге құстар мен балықтарға жем береді,гүлдердің жапырақтарын сүртеді.Өз участіктерін жинауға көмектеседі. Тәрбиешінің тапсыруы бойынша, балалар жапырақ түсе бастаған кезде, өздері білетін ағаштардан түскен жапырақтарды жинап,өзара түсі,пішіні жағынан салыстырады. «Ағаштың жапырағына қарап ажырат» ойындарын ойнайды.