ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы тарихи әлеуметтік жағдай және қазақ зиялылары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2014 в 16:40, курсовая работа

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. М.Дулатұлы шығармаларының тақырып аясы өте кең. Онда қазақ халқының өткені мен бүгінін және болашағының сан алуан әлеуметтік және экономикалық мәселелері барынша молынан қамтылады. Десек те, біз оның шығармаларындағы азатшылдық рухын, оның қазақ халқының санасын оятудағы жойқын күшін барынша ашып көрсетуді қарастыру. М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағының өзегінде оның халқына деген ұлы махаббатынан туған рух үні – ұранды да, дабылды даусы жатыр. Ол – ұлт теңдігі, ұлт дербестігі, өзгеге кіріптар болмай, тәуелсіз өмір сүру мәселесі.

Прикрепленные файлы: 1 файл

курс женка.docx

— 66.70 Кб (Скачать документ)

Кіріспе

 

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. М.Дулатұлы шығармаларының тақырып аясы өте кең. Онда қазақ халқының өткені мен бүгінін және болашағының сан алуан әлеуметтік және экономикалық мәселелері барынша молынан қамтылады. Десек те, біз оның шығармаларындағы азатшылдық рухын, оның қазақ халқының санасын оятудағы жойқын күшін барынша ашып көрсетуді қарастыру. М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағының өзегінде оның халқына деген ұлы махаббатынан туған рух үні – ұранды да, дабылды даусы жатыр. Ол – ұлт теңдігі, ұлт дербестігі, өзгеге кіріптар болмай, тәуелсіз өмір сүру мәселесі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеті  : Жұмыстың мақсаты – тақырыпты яғни азатшылдық рухын, М.Дулатұлының өз шығармалары арқылы жан-жақты ашып көрсете отырып, оны бүгінгі күннің биігінен пайымдау болып табылады. Осынау негізгі мақсатты орындау үшін мына төмендегідей міндеттерді айқындай отырып, оның мән - мағынасын ашуға ұмтылыс жасау. Олар М.Дулатұлының:

- «Оян, қазақ!» , «Азамат», «Терме» жинақтарындағы азатшылдық рухының өршіл сипатын ашып көрсету;

- «Қазақ»  газетіндегі тағы да басқа  басылымдарда жарияланған мақалалары  мен көсемсөздерінде қозғалған  ел мен жер тарихына, елдің  әлеуметтік хал-жағдайына қатысты  мәселелерге шолу жасай отырып, олардың саяси-қоғамдық, әдеби және  тарихи мәнін ашып көрсету;

- «Бақытсыз  Жамалдың» қазақ әдебиетіндегі  тұңғыш роман екенін айта отырып, онда көтерілген әйел теңдігі  мәселесінің қоғам деңгейіне  қатыстылығын ашып көрсету.

 

Зертеудің нысаны. М.Дулатұлының шығармаларындағы рух мәселесінің негізгі нысандары оның өз шығармалары болғанын айту.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.1. ХХ ғасыр басындағы  Қазақстандағы тарихи әлеуметтік  жағдай және қазақ зиялылары 

Әр ғасыр жалпы адамзат тарихымен  бірге жекелеген ұлттың да тарих  талайында айтулы оқиғаларымен, атаулы тұлғаларымен дамып, өркендеу үрдістерімен ерекшеленіп, айырықша белгі-бедерімен  есте қалады.

ХХ ғасыр – ашып айтуымыз керек, қазақ халқы үшін аумалы-төкпелі  ғасыр болды. Қуанышынан гөрі қайғысы, ажалы мен азабы мол ғасыр  десек, сәл біржақтылау, ал ажалы  мен азабы аз, қуанышы мол ғасыр  десек, тағы біржақтылау, қалай десек  те безбеннің басы теңеспейді, теңеспейтіні – бұл ғасыр ұлтымызға қайғы-қасіретті  басқа ғасырлардан кем әкелген  жоқ, бірақ шүкіршілігі тағы бар... Бармақ басып санай берсек, оқиғалар саны тым жеткілікті.

Біріншіден, 1913 жыл – жылан жылы қатты жұт болды. Мал шаруашылығымен ғана айналысып, малға иек сүйеп  отырған қазағымыздың малы қырылып, таяғын ұстап қалған байлар ара-тұра кездесті. Бірақ оған мойыған қазақ  жоқ. «Малым – жанымның садағасы»  деп өмір сүре берді.

Екіншіден, 1916 жыл – ұлт азаттық  қозғалыс. Бұл қазақ халқының жүрегінің  мұңы, от-жалыны еді. Қалың бұқара патша  саясатына дүр сілкініп, бас көтерді. Атқа мінген қазақтың көбі қаза тапты. Бас сардар Амангелді Имановтың  ажалы қанды шайқаста емес, жауыққан топтың қолынан қаза болғаны белгілі. [1.6]

Үшіншіден, ХІХ ғасырдың соңы мен  ХХ ғасырдың басында Қазақстанда  орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келген Алаш қозғалысы. Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш автономиясы (қазақ  мемлекеттігі) және Алашорда (қазақ  мемлекеттігінің үкіметі) деген  ұйымдардың жиынтық көрінісі болып  табылады. Алаш қозғалысы өзінің алдына түбірлі үш ұлттық мақсатты – қазақ  халқын отарлық езгіден құтқаруды, Қазақстанның патшалық Ресейдің отарына  айналған кезеңде жойылған мемлекеттігін  дамудың жаңа сатысында қалпына  келтіруді және қазақ қоғамын  өркениетті елдер қатарына эволюциялық (реформалық) жолмен қосуды басты міндеттер  деп қойды. Бұл қозғалыстың басты  өзегі – саяси ұйым ретінде 1917 жылы жазда құрылған қазақтың тұңғыш ұлттық демократиялық «Алаш» партиясы болды. Бұл партияның бағдарламалық  басты міндеттерін, стратегиялық және тактикалық күрес жолдары мен  әдістерін анықтап, оны қоғамдық саяси өмірдің сахнасына шығару үшін қазақ зиялыларының жұрт таныған  жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет  Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай, Жақып  Ақбаев, Халел Досмұхамедов сынды  басқа да қайраткерлер 1905-1917 жылдар аралығында қажырлы еңбек етті. [2.11]

Ә. Бөкейханов басқарған «Алаш» партиясы мен Алашорда өкіметі Қазақстандағы  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық мемлекеттік құрылыс  мәселелерін шешу жолдарын анықтауда  ұлттық тұтастық және халықтар бірлігі  принциптеріне сүйенді. Мұндай позиция, әлбетте таптық принциптер мен пролетариат  диктатурасын негізге алған большевиктер мен Кеңес үкіметі ұстанған үрдіске қарама-қарсы келді. Сондықтан да, «Алаш» көсемдері мен Алашорда өкіметінің басшылығы 1917 жылғы Қазан революциясының ұрандарын, Кеңес үкіметінің идеялары мен іс-әрекеттерін қабылдамады, оларға қарсы шықты. Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес үкіметіне жау күштерімен одақтасты. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес үкіметі «Алаш» пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластады. [2.15]

Осы ғасыр өте бір ұраншыл  ғасыр болды. Ұранымыз, айқайымыз  көп болды. «Ел болайық, өркениетке өз болмысымызды, өз дәстүрімізді негізге  ала отырып жылжиық» деген Алашорданың  ұраны дұрыс-ақ еді, тағдыр оны жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. [3.10] Дегенмен, Алаш қозғалысы, ХХ ғасырдағы қазақ тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Ақын С. Торайғыровтың:

... Алаш туы астында,

Өлсек бірге өлдік біз.

Не жақсылық, не қайғы,

Көрсек бірге, көрдік біз...

... Жасасын, Алаш, жасасын!-

деп 1917 жылы «Алаш ұранын» жазғаны осы  тұс.

Заманмен үндес «Алаш ұраны» сол кездегі қазақ интеллигенциясын дүр сілкіндіріп, Алаш туы астында, «Біз Алаштың баласы» ұранын айтқызып топтастырды...

Төртіншіден, Қазан төңкерісі –  ХХ ғасырдың ең басты оқиғасы. Бұдан  біз аттап өте алмаймыз. Социалистік  қоғам қазақ халқына көп нәрсе  берді. Бірақ көп нәрсемізді алды. Алғанының басты-бастылары: ділімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды тұсап тастады. Онымен қоймай, кеңестік идеология ана тілімізге тиісті, сөйтіп мәңгүрттікке итермеледі. 1928-1929 жылдары жаппай кәмпескелеу, байларды озбырлықпен жазалау, Голощекиннің «Кіші Октябрі», сосын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» қазақ  халқын қара жер құштырып кетті. 1928 жылы «Ұлы кәмпескеден» басталған аштық 1932 жылға ұласты. Аспан ашық, бейбіт күндері екі млн. екі жүз мыңға жуық бейкүнә адамдар аштан қырылды.

Бесіншіден, 1930-1937 жылдардағы қуғын-сүргін. Қазақ халқы – ақыл ойы, миы  болған өз зиялыларынан түгелге жуық айырылды. Бұл орны толмас, жүрексіз жауыздықтан туған опат болды. Қайран қазақ топалаң тиген қойша  қырылды. Бұны әдейі жасалған ұлттық апат деуге толық негіз бар.

Алтыншы, басты оқиға – Ұлы  Отан соғысы. Мұны дәлелдеп жатудың  еш қажеті жоқ. Тарих бәрін дәлелдеп, нақтылап берді. Ең бастысы қазақ  өзінің қандай ұлт екенін осы соғыста айқын көрсетті. [3.7]

Жетінші басты оқиға – қазақ  елінің тәуелсіздігі...

ХХ ғасырдағы ұлт мақтанышы  болған қазақ зиялылары кімдер дегенді  айтқанда, ғасыр басында «Оян, қазақ!»  деп жар салған Міржақып Дулатовтан бастауымыз керек. Екінші – Ахмет  Байтұрсынов.

 

... Қаз едік қатар  ұшып, қаңқылдаған.

Сахара көлге қонып, салқындаған.

Бір өртке қаудан шықққан  душар болдық.

Не қалды тәнімізде  шарпылмаған...-

деп жырлаған Ахаң – шынайы ғұлама. Оның өз ұлтына сіңірген еңбегін саусақпен санап  есептеу қиынның қиыны. Үшіншіден  – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, төртінші – ақын Мағжан Жұмабаев.

...Түркістан екі дүние  есігі ғой,

Түркістан ер түріктің бесігі ғой.

Тамаша Түркістандай жерде  туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой...

деген ұлы  өлең жолдарын Мағжаннан басқа кім  жазды? Ешкім де жаза алмады. Шындығына  келгенде, Мағжан өз дәуірінен озып туған ұлы ақын. Бұлар – қазақтың біртуар, ұлтжанды азаматтары. Біздерге биік-биік тау сілемдеріндей көрінетін  солардың арасында бір мұзарт асқақтайды. Ол – ел тарихының бүтіндей бір  кезеңінің ұранына тіл бітіріп, «Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатов деген шың.

Ғасыр басында елдің тілі ұшындағы сөзін бірінші болып айтып  үлгеріп, жұрт көкейінен шығатын  пікір қозғап, ұлт санасын оятқан Міржақып Дулатов жігіт жасы –  жиырманың бесеуінде-ақ елінің мәшһүр қайраткері болды. Өз заманы оны Мағжандай  дуалы ақын аузымен «Ерік құсы» деп атады. [3.13]

 

1.2. М.  Дулатовтың қоғамдық  қызметі, қайраткерлігі

 

Бұрынғы Торғай уезіне қарасты Сарықопа болысында 1885 жылы қараша айының соңында  шағын дәулетті шаруа отбасында  туылған Міржақып, екі жасында  шешеден, он екі жасында әкеден жетім  қалады. Әкесі өз заманының оқыған, сауатты адамы болған. Шешесі Торғай уезіне аты мәлім Қараман байдың қызы болған. Көркіне сай келбетті, әсем даусымен өлең айтып, домбыра тартқан, ақыл-парасатқа кенен ел анасы  болыпты.

Ата-анасынан ерте айырылған Міржақып ағасы Асқардың тәрбиесінде өсіп, әуелі ауыл молдасынан тіл сындырып, сосын Мұқан атты мұғалімнен орысша хат таниды. 1897 жылы Торғайдың екі  кластық орыс-қазақ мектебіне  қабылданып, онда бес жыл білім  алады да, біршама уақыт бала оқытып, кәсіп етеді.

1904 жылы Омбы шаһарына аттанып,  сол жерде өзінен аттай бір  мүшел үлкен, кемеңгер ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлымен, Қарқаралыға  келіп, Әлихан Бөкейхановпен танысып, біржола табысады. [4. 4] Осы кезден бастап белсенді саяси күреске араласады. Қарқаралы оқиғасынан соң Ресей орталығында шыңдалуды көздейді. Ресейдегі конституциялық-демократиялық партияның мүшесі ретінде 1906 жылы Петерборға аттанады. Осында мұсылман фракциясының және Еділ, Кавказ қайраткерлері ұйымдастырған жиындардың жұмысына қатысады. 1907 жылы Петербордағы татар газеті «Улфаттың» жанынан (қосымша ретінде) тұңғыш ұлттық рухтағы «Серке» газетін шығарады. Сол жылы «Серке» газеті Ресей тарапынан әділетсіздікті ашық айтамын деп, цензорлар тарапынан жабылып қалады.

 Міржақып 1909 жылы Қазанның «Шарқ»  баспасынан «Оян, қазақ!» атты  өлеңдер жинағын жариялатады.  Замандастары бұл кітабын «Ұлттық  манифест» деп атады. Жинақта  халықтың нашар халі, бұл ахуалға  қалай түскендігі, одан құтылудың  жолы поэтикалық тілмен жеткізілген.  «Оян, қазақ!» үшін авторы көп  қуғындалады. Себебі «Оян, қазақ!»  кітапшасы мазмұны жағынан панисламизм  идеясын тарату міндетін атқарады  және қазақ арасында Ресей  үкіметінің саясатына наразылақ  туғызуға арналған» деген архив қорынан алынған дерек бар. [5.12]

1909-1911 жылдары қайраткер Қызылжарда  сот кеңесінде қызмет жасап,  мұғалімдік жұмысын жалғастырады. Жаңа ашылған қысқа мерзімді  мұғалімдер курсында Мағжанмен  қатар сабақ береді.

1910 жылы қайраткер-қаламгердің  «Бақытсыз Жамал» романы Қазандағы  Каримовтар баспасынан жарық  көреді. Бұл – қазақтың тұңғыш  романы еді. Романға отаршылдық  жүйе тудырған әйел теңсіздігі  мәселесі, салт-сананың құлдырауы  жайы арқау болған.

Міржақыптың азаматтық және қаламгерлік  күресінен қаймыққан патша жандармериясы 1911 жылы Семейге келген сапарында  тұтқындап, біржарым жыл абақтыда ұстайды. Бұл кезде М. Дулатұлын қазақ  жұрты кітаптары арқылы және «Айқапта»  шыққан өткір мақалалары арқылы танитын.

Қапастан шыққан соң 1912 жылы Орынборға  келіп, А. Байтұрсынұлымен бірге  елдің саяси әлеуметтік ақуалын  көтеру жолындағы күреске белсене  араласады. 1913 жылы Орынборда бағыты айырықша «Қазақ» газетін шығарысуға ат салысады. Газет 1918 жылдың аяғына дейін  шығып тұрды. Міржақып бұл басылымда  да ойлы, қайратты көсемсөзші ретінде  көрінеді.

1913 жылы Орынборда қаламгердің  «Азамат» атты өлеңдер жинағы  жарыққа шығады.

Қайраткер М. Дулатұлы 1916 жылғы оқиғадан да шет қалмады. Әлихан, Міржақыптар  қазақ баласы әскерге барып шынықсын, кейін жауына қарсы қару ұстай  алады деген пікірде еді. Өздері майдан шебінде болып, қандастарына бас-көз болды.

1917-1918 жылдары Міржақып «Алаш»  қозғалысын жандандырып, Ресей  халі ауырлағанда ел тәуелсіздігін  алу мәселесімен шұғылданды.

1917 жылғы маусым мен желтоқсанда  шақырылған жалпы қазақ съездерінің  жұмысына қатысып, өтпелі кезең  және ел болашағы туралы құнды  пікірлер айтты. 

Кеңес үкіметі орнаған соң, Міржақып біраз уақыт Орынбордағы газет- журналдарда қызмет жасады. 1920 жылдың басында Ташкенттегі «Ақжол»  газетінде, Семей сот мекемесінде  жұмыс істеді.

1922 жылы жалған жала жабылып,  абақтыға жабылды. Жанашырлары  жаланы әшкерелегеннен кейін  тез босатылды. Қайраткер 1922-1926 жылдары Орынборда 1920 жылы ашылған  Қазақтың халыққа білім беру  институтында (КИНО) ұстаздық етеді.  Осыған қосымша Қазақстан мемлекеттік  баспасында, «Еңбекші қазақта» қызмет  атқарады. Әр түрлі тақырыпта  мақалалар жазады. Екі бөлімді  «Есеп құралын» (математика) әзірлеп,  Ташкенттен басып шығарады. Осы  қаладан «Балқия» атты пьесасы  жарық көрді.

1926-1928 жылдары Міржақыптың екі  бөлімнен тұратын 1920 жылдары шыққан  кітаптардың аты мен заты туралы  библиографиялық көрсеткіші жарияланды.

Міржақыпты кеңестік тоталитарлық жүйе 1928 жылы тұтқындады. Оған көп «айып» тағылды. Ең басты «айып» ретінде  ұлтшылдығы, кеңес үкіметіне қарсылығы  айтылды. Қаламгерді екі жылдай Алматы түрмесінде қинап-тергеп, 1930 жылы Ақтеңіз-Балтық каналының жұмысына Сосновец стансасына жер аударды.

Информация о работе ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы тарихи әлеуметтік жағдай және қазақ зиялылары