Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Февраля 2015 в 12:41, курсовая работа
Ғылыми жобаның жалпы сипаттамасы. Қазақ халқы қай уақытта да таланттарға бай екендігін өткен тарих дәлелдейді. Қазақтың бүгінгі дәуірінің әдебиет әлемінде сан шоғыр сол талантты тұлғаларының ішінде жазушы, қарымды қаламгер Сәкен Жүнісовтің орны ерекше. Сәкен Жүнісов деген уақытта ең алдыменен, есімізге «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Аманай мен Заманай», «Өлара» сынды» туындылары оралары сөзсіз. «Сәкен Жүнісов – ұлттық прозамыздың, драматургиямыздың байрағын желбіретіп, оқырманына сүбелі шығармалар берген қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі.
Кіріспе
Ғылыми жобаның жалпы сипаттамасы. Қазақ халқы қай уақытта да таланттарға бай екендігін өткен тарих дәлелдейді. Қазақтың бүгінгі дәуірінің әдебиет әлемінде сан шоғыр сол талантты тұлғаларының ішінде жазушы, қарымды қаламгер Сәкен Жүнісовтің орны ерекше. Сәкен Жүнісов деген уақытта ең алдыменен, есімізге «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Аманай мен Заманай», «Өлара» сынды» туындылары оралары сөзсіз. «Сәкен Жүнісов – ұлттық прозамыздың, драматургиямыздың байрағын желбіретіп, оқырманына сүбелі шығармалар берген қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі. Ол замана шындығын өз шығармаларында шынайы көркемдікпен бейнелеу шеберлігімен әдебиет тарихында өз орнын алады» [1.]. Қазақ әдебиеті әлеміне өзінің шығармашылық жолын көрнекті прозаик, әрі ақын, әрі драматург ретінде танытқан Сәкен Жүнісов туындыларында қоғамдық құбылыстар, кезең көріністері, адам әлемі мен өмір-уақыт тынысы кеңінен көрініс береді. Айқын қолтаңба өмір шындығын, адам еңбегін, тұрмыс суреттерін жан-жақты ашты.
Тақырыптың өзектілігі. Кеңес дәуіріндегі социалистік қоғам мен социализм құрылысшыларының образдарын жасаған әдеби туындылардың ішінде, сол қоғамның ішкі қайшылықтарын шығармалар сюжеттеріндегі образдар тартысы арқылы ашық та астарлы түрде суреттеген С.Жүнісовтің шығармашылық мұраларындағы заман бейнесі мен адам тағдыры – жеке зерттеудің өзегіне лайық тақырып. Сөз өнеріндегі С.Жүнісовтің табыстарын жоғары бағалаған мақалалар мен басылымдарда жарық көрген еңбектер баршылық. Алайда, қаламгер туындыларының өміршеңдігін танытумен қатар, С.Жүнісов шығармаларындағы қоғам мен адам, замандастар образын суреттеудегі шығармашылық зертханасының қыр-сырын, қаламгер шығармашылығының Кеңес дәуірі әдебиетінің даму процесімен өзара байланысын, қоғам және жазушы туындыларындағы замандастар бейнелерінің сомдалу ерекшеліктерін, жазушының осы жолдағы суреткерлік қалам қарымын дәйектеу тұрғысында арнаулы зерттеу еңбектердің әзірге әдебиеттану ғылымында бола қоймауы – зерттеудің қажеттілігін, яғни тақырыптың өзекті мәселеге айналғанын айғақтайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиеттану ғылымында көркем образ жасаудың әдеби-эстетикалық әдіс-тәсілдері, оның даму жайы, адам мен адам, адам мен саяси-әлеуметтік орта, адамның рухани әлемінің сан алуан қатынастар мен қайшылықтар, тартысты күрес үстінде толысу эволюциясы сынды заман мен адам арақатынасын талдауға арналған зерттеулерде әдебиеттегі замандас бейнелері тақырыбы әр қырынан қарастырылды. Бұл бағытта М.Атымов «Замандас туралы толғау» (1973), М.Базарбаев «Әдебиет және дәуір» (1966), Р.Бердібай «Қазіргі қазақ прозасындағы замандас тұлғасы» (1968), Н.Ғабдуллин «Замандас келбеті» (1972), Ш.Елеукенов «Замандас парасаты» (1977), Ж.Исмагулов «Облик современника» (1970), Т.Кәкішев «Дәуір суреттері» (1967), З.Қабдолов «Жебе» (1977), Б.Майтанов «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), Ә.Нарымбетов «Қазақ поэзиясындағы замандас бейнесі» (1984), Р.Нұрғалиев «Телағыс» (1986), Ф.Оразаев «Замана қаһарманы» (1981) сынды еңбектерді атау орынды. Ал нақты С.Жүнісовтің шығармашылығы мен стиль даралығы, қалам қуаты жөнінде Т.Молдағалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Қалихан Ысқақ, Әшірбек Сығай, Жұмағали Ысмағұлов, Сәбит Досанов, т.б. жазды.
Алайда, С.Жүнісов шығармашылығындағы заман суреті мен адам тағдыры бейнесі тақырыбы бүгінгі таңда ғана емес, жалпы бұрын-соңды арнайы қарастырылып, зерттеу объектісіне айналмады. Сондықтан С.Жүнісов шығармашылығын кең ауқымда зерттей отырып, оның туындыларындағы замандас бейнесін ашып, айқындау – зерттеу жұмысымыздың басты нысаны ретінде алынды.
Ғылыми жобаның мақсаты мен міндеттері. Жазушы С.Жүнісов прозасындағы заман бейнесі мен адам тағдыры бейнеленуінің әдеби-эстетикалық негіздері, образ сомдаудағы қаламгердің стилі мен тіл айшығы, кейіпкерлердің әдеби-көркемдік, тарихи-тағылымдық сипаттары, замандастар бейнелерін суреттеудегі қаламгер туындыларының әдебиет тарихында алар орнын айқындап, саралау – жұмыстың негізгі ғылыми мақсаты болып табылады. Осы мақсат үрдісінен шығу үшін зерттеу алдына мынадай міндеттер қойылды:
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеудің ғылыми жаңалық сипаттары төмендегідей:
Зерттеудің нысаны. Ғылыми жобаның нысаны ретінде С.Жүнісовтің таңдамалы шығармалары, жазушы шығармашылығына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары бетінде жарық көрген материалдар, сондай-ақ С.Жүнісов шығармашылығы жайында жазылған әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектеріндегі ой-пікірлері пайдаланылды.
Зерттеу әдісі. Ғылыми жобада бұған дейін зерттеліп, ғылыми айналымға түсірілген ғалымдар мен әдебиеттанушылардың еңбектері, жазушының өзінің әр кезеңде жарыққа шыққан туындылары, заман бейнесін, адам тағдырын сомдаудағы шеберлік сырлары басшылыққа алынып, жұмыс, біріншіден, анализдеу әдісімен жүзеге асты. Яғни, жазушының заман келбеті мен адам бейнесін сомдаудағы шеберлігі жан-жақты талданып, оған жаңа таным тұрғысында талдау жүргізілді.
Екіншіден, салыстырмалы әдіс негізінде сол дәуір әдебиетіндегі замандастар образдары мен С.Жүнісов туындыларындағы заман бейнесі мен адам тағдыры өзара салыстырылып сараланып, олардың ортақ қасиеттері мен даралық сипаттары жазушының көркемдік шеберлігі аясында дәйектелді.
Сонымен қатар, зерттеу әдебиеттану ғылымында кеңінен таралған дәстүрлі объективті-аналитикалық, салғастырмалы тәсілдермен зерттелді.
Ғылыми жобаның құрылымы. Ғылыми жоба кіріспе мен қорытындыдан басқа, 2 бөлімнен тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.
І бөлім. Әдебиеттегі заман көріністері мен адам әлемі: дәстүр мен сабақтастық.
І.1. С.Жүнісов прозасындағы заман және адам қатынасының суреттелуі
Әдебиет тарихында заман келбеті, заман адамы, оның бейнесін жасау – қаламгердің қуатты да қарымды қаламынан туатыны сөзсіз. Қай қаламгер болмасын, өз шығармасында замана кейпін айқын ашып беретіндей, келешек ұрпаққа анық жететіндей дәрежеде жазуды мақсат тұтады. Осындай көркемдік талап пен эстетикалық әлем, психологиялық жан әлемі мен автордың дүниетанымы бірлігінің нәтижесінде дүниеге келетін замандас образы сөз өнерінің көркем бейнесіне айналатыны анық. Әдебиеттегі замандас бейнесіне барар жолда көркемөнердегі жеке тұлғаны сомдау мәселесіне тоқтау қажет. Адам концепциясы – көркем творчество мен эстетикалық ой үшін де ең басты проблема. Көркем әдебиеттегі әр суреткердің образ жасаудағы әдіс-тәсілдері өнердегі адам концепциясынан туындайды, содан бағыт-бағдар алады. Өйткені адам қоғамның негізгі қозғаушы күшінің әдебиеттегі коннотациялық жиынының көрсеткіші бола алады. Қоғамдағы адамның жекелік қасиеті, ролі турасында әр заманда түрліше пікір, пайымдар болды.
Біздің ғылыми жобамызда басты мәселе ретінде қарастырып отырған адам тағдыры – жеке тұлға ғана емес, сонымен қатар ол әлеуметтік тип. Оның бойынан, қасиетінен күресуші таптың идеологиясы, психологиясы, сайып келгенде оның мақсат-мүддесі айқындалып тұруы тиіс. Сондықтан біз бүгінгі дипломдық жұмыс барысында С.Жүнісовтің шығармашылығындағы заман бейнесі мен адам тағдырын сомдаудың кейбір мәселелеріне тоқталамыз.
Әдебиетте жеке адам бейнесін жасау және сол бейненің қоғам дамуына тигізетін әсерін реализм тұрғысынан суреттеу – 1960-1980 жылдардағы қазақ жазушыларының алдарына қойған күрделі проблемаларының бірі болды. Жеке адам мен қоғам проблемасы тек арнаулы документтерде ғана емес, күнделікті әдебиет пен өнерде, баспасөзде жан-жақты бейнеленіп, суреттеліп келеді. Бірақ оның біз біліп болмаған қырлары мен сырлары көп. «Литературная газетада» «жеке адам және қоғам» туралы 1978-1979 жылдары өткен дискуссия осының айғағы. Мұнда әдебиетшілер мен сыншылар, ғалымдар мен суретшілер және басқа да мамандық иелері болашақ адамының қасиеттерін, ішкі жан-дүниесін, характерін ашудың сан қилы проблемаларына үңіледі. Міне, мұның өзі қоғамымыздағы адамның, соның ішінде жеке адамның (личность) ерекшелігін, оның қоғаммен, қоршаған ортамен қатынасын аша түсу, байыпты көрсету дәуіріміздегі ең күрделі мәселелердің бірі екендігін көрсетеді.
Әдебиет зерттеушісі Гүлзия Пірәлиева әдебиеттегі психологизм турасында еңбек жаза отырып, көркемдік тұрғыдан алғандағы бейненің психологиялық қырына мынадай тұжырымдама жасайды: «Психологиялық роман жанрының табиғатына тән көркемдік қасиеттің бірі – адамзаттың табиғи жаратылысын танытатын: бәрі адамтануды тереңдеп зерттеуге өзіндік үлесін қосатын қосалқы көмекші құралдар. Олардың түп тамыры тереңде, халықтың салт-дәстүрінде, тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпында жатқанын да атап өткен жөн» [2,189-б].
Заманның есте қаларлық жағымды тұлғасының келісті бейнесін өз шығармаларында үлкен шабытпен бейнелей алған үздік суреткерлеріміз, сол әдеби характерлер ғұмыры мен халқымыздың қажырлы күрес тарихын өзара байланыста ала отырып, еліміздің жаңару, өзгеру, ілгері даму шежіресін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келді. Тақырып өзегі әдебиеттану ғылымындағы көркем бейне, образ болғандықтан, зерттеуімізде айтылып отырғандай, көркем бейне немесе образ – әдебиеттің, яғни көркем шығарманың басты нысаны ретінде қаралады.
С.Қирабаевтың «Әдебиет және дәуір талабы» атты еңбегінде әдебиеттегі адам бейнесіне мынадай тұжырым жасаған: «Әдебиеттің негізгі зерттейтіні – Адам мен оның өмірі, еңбегі екені жалпыға мәлім. Алайда оны көркем бейнелеудің жолы алуан түрлі. Біреу адам өмірін оның нақты іс-әрекетін суреттеу арқылы көрсетуге тырысса, біреулер оның ойын айналасын, өмір сүрген ортасын танытуға көңіл бөледі. Осындайда адаммен қарым-қатынаста болатын өмір құбылыстарының ешқайсысы да сырт қалмайды. Адам сезімін, ой-дүниесін тереңірек бейнелеуге табиғат та, оның маңындағы жан-жануарлар тіршілігі де қатыса алады. Өйткені Адам – жалпы тіршіліктегі ең биік сапалы, саналы өмір иесі, қалған тіршілік құбылыстары оны толықтыруға, оның ренішті-қуанышты сезімдерін ашуға көмектеседі, оның жанын, ұғымын байытады» [3,58-б].
Расында, адамның жаны – түпсіз терең тұңғиық, өз алдына ұлы әлем. Оның тылсым сырын ашып суреттеу, сөз зергерінің негізгі нысаны. Э.Межелайтис айтқандай: «Адамның ішкі дүниесіне тереңірек үңілген сайын оның анағұрлым күрделі екендігіне көз жеткіземіз. Адам жаны неғұрлым тереңірек суреттелсе, шығарма да күрделі болады» [4, 448-б]. Бұл жердегі тереңірек суреттелу деген сөз – бар ынта-ықыласпен, күш-жігермен нанымды әрі сенімді, әр оқырманды тебірентетіндей, сол оқиғамен иландыратындай халге жеткізу. Яки адам жанын суреттеу – жазушының шығармашылық кредосы.
Табиғат тепе-теңдігін сақтаушы, өмір өткеліндегі ең саналы, биік дәрежелі тіршілік иесі – адамзат баласы. Сол адамзат баласы қарапайым өмірде жекелік, жалғыздық сипатқа ие болады. Ал көркемөнерде бейне жинақталады, дараланады, сараланып, салмақталады.
З.Қабдоловша айтсақ: «Әдебиетте адам бейнесін жасаудың амалы алуан түрлі. Ол сөздегі суретпен ғана бітпейді, көркем бейне жасауға қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады» [5, 90-б]. Шынына келсек, бейне жасау – жазушының ең бір қаламдық қуатының танылар қыры. Өйткені қаламгер образ жасауда материалдарды алдымен жинақтайды, одан соң шығарманың композициясы мен пішінін жасайды. Мұның бәрі жазушының шеберлігіне, жазушылық зертханасына, өмірді танып, ғұмырды бастан кешіріп, замана сазымен ілесе алатын жаңашылдығына байланысты.
Әдебиет теориясындағы көркем бейне ұғымына З.Қабдолов: «Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы дейін, бәрібір, осылардың бәрі – бір-ақ ұғым – образ. Бейнелеу – образдылық болса, бейне – образ. Әдебиеттегі адам, сөздегі сурет, шығармада өмір шындығын жинақтау, адам мінезін даралау, сайып келгенде, осылардың бәрінің сарқып құяр сағасы біреу, ол – образ» [5, 97-б]. Ал орыстың белгілі ғалымы Л.И.Тимофеев мынадай баға береді: «Образ – эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінің әсем суреті» [6, 60-б], – деп анықтама берген. Шынында, бейне – бір жағынан қиялдан туып, фантазиямен жалғастық тауып жатса, екінші жағынан өмірдің өзінен табылып жатады.
Қоғамдағы моральдық ахуалды қалыптастыруда әдебиеттің маңызы қандай зор болса, әдеби туындының лайықты бағасын ала білуінде қоғамдық ортаның да ықпалы ерекше. Әдебиеттің алтын діңгегі ретінде ықылым заманнан күн тәртібінен бір елі түспей, қайта заман жаңғырған сайын жаңаша қарқын алып, жаңаша көркемдік тәсілдермен шешімін тауып келе жатқан моральдық-этикалық категория әдебиеттану ғылымында өзекті тақырып болып келеді.
Адам тағдыры арқылы жүректегі сезімді, адами қасиетті, бағзы заманнан бізге жеткен ұлы құндылықтарды, рухани шарықтауды, гуманизмді одан сайын мөлдіретіп, суреткерлік шеберлікпен жеткізе білу – жаңашыл жазушының қолынан келер ұлы іс. Осы ұлы іс қолға алынып, сәтті, орайлы шықса ғана шығарма мәңгілік болмақ, өлмек емес. Сөйтіп С.Жүнісов туындылары – замана жүгін бейнелейтін туындылар. Олар сол кезеңнің бейнесін көз алдымызға сол кезең тілімен, сол қоғам танымымен суреттейді. Ал бүгінгі күні – әдебиеттегі заман бейнесі қазіргі диалектикалық шарттылықтармен суреттеуді талап етеді. Мұндай шығармашылық ізденіс – тек өзі өмір сүрген ортаны, қоғамды жақсы ілтипатпен түсіне алған қаламгер қаламынан ғана тумақ. Осы талапқа сай шығармаларда ғана заман бейнесі өз мәнінде суреттелмек. Осы себепті жазушы заман мен адам образын сомдауда үлкен, зор қызмет атқаратынын ескеруіміз шарт.
Информация о работе Әдебиеттегі заман көріністері мен адам әлемі: дәстүр мен сабақтастық