Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 07:13, реферат

Краткое описание

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дандай Ыскак енбеги.docx

— 114.94 Кб (Скачать документ)

Қазандай қайнап жататын әдеби өмірдің басты  тұлғалары сол әдебиетті жасау  жолында еңбектеніп, күресіп жатқан – қаламгерлер. Әрбір дәуірдің әдебиетін  сол кезде дүниеге келген әдеби  туындылар, сөз өнерінің соңында  жүрген ақын-жазушылар жасайды. Замана ағымын дөп баса білген дарын иесі сол дәуір қажетсініп отырған  зәру мәселені дер кезінде шеберлікпен  көтеріп, «мода» болуы мүмкін; не керісінше, қанша дарынды болғанымен де, айтқаны  асыл болса да саяси-әлеуметтік өмірде болып жатқан түрлі жағдайлардың салдарынан не бір құнды шығармалар қабылданылмай, түсінілмей қалуы, өзінің танылар таңын күтіп, ұзақ уақыт  жатып қалуы мүмкін. Әдебиет тарихында  жиі кездесетін мұндай жағдайлар  әдебиет тарихын зерттеушінің әрдәйім  есінде боларлық жәйт.

Әдебиеттің тарихы – осы уақытқа дейін әдебиеттің әр дәуірлерінде өмір сүріп, артына өшпес  мұра қалдырған ақын-жазушылардың хронологиялық  тұрғыдан жүйеге түскен шежіресі де. Шын  мәніндегі әрбір дарын иесі бұрынғы  ұлттық дәстүрді жаңаша жалғастырып, әдебиетке  жаңа стиль, жаңа бағыт, жаңа форма, жаңа идеялар  әкеліп, тұтастай бір әдеби мектепке айналады. Әдеби өмірде мұндай әдеби бағыттар бірнешеу болып, қатарынан қанаттаса дамып, не болмаса, араларында әдебиетке көшбасшылық үшін қым-қиғаш күрестер жүріп жатуы  мүмкін. Сондықтан да әдебиет тарихшысы әдеби дәуірлерді зерттегенде, осы мәселелерге назар аударып, әдеби ағымдардың ішіндегі басты даму бағыттарын айқындай түсіп, соның басы-қасында жүрген көрнекті әдебиет қайраткерлерінің әдеби дамуға қосқан үлесін анықтауға күш салуы тиіс.

Әдебиет тарихын  зерттегенде, ылғи да назарда болуға тиіс мәселенің бірі – әдеби жанрлар. Әдебиеттің бірден пайда бола салмағаны әлімсақтан белгілі. Әдебиет дегеніміз – жанр. Әдебиет ғасырлар бойы жанрлық тұрғыдан дамып, бүгінгі биікке жетті. Демек, әдебиеттің дамуы дегеніміз, оның жанрлық тұрғыдан жетілуі екен. Сондықтан да әдебиеттің тарихын зерттеуші қарастырып отырған дәуіріндегі әдеби жанрлардың жай-күйін барлық уақытта назарда ұстап отырғаны лазым.

Әдеби жанрлар бірден пайда бола қалған жоқ. Әдебиет тарихының  ежелгі дәуірінің әдебиеті деп жүргеніміздің  көпшілігі біздің бүгінгі әдебиет  туралы ұғымымызға, әдеби қалыптарға сай келе бермейді. Сөз өнерінің ең көне үлгілері қатарында тасқа  жазылған сына жазулары, шежірелер, шіркеулік  жазбалар, хаттар, тарихи деректер сияқты үлгілер алынып жүр. Бұлар кейін  ұзақ даму жолдарынан өтіп, бүгінгі  профессиональды әдебиет дәрежесіне жеткен. Сондықтан да әдебиет тарихшысы  белгілі бір дәуір әдебиетін  зерттеу барысында  оның жанрлық, яғни көркемдік  жағынан қаншалықты деңгейде екенін анықтап отыруы лазым.

Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихының негізін  жекелеген ұлт әдебиеттерінің тарихы құрайды. Сондықтан да алдымен, ұлттық әдебиет тарихтарын жасау мәселелері дұрыс шешілуі керек. Әрбір ұлт әдебиет тарихының өзіндік ерекшеліктері ескеріліп, тәжірибелері тиянақталуы қажет. Осылардың негізінде түркі халықтары әдебиетінің ортақ әдебиет тарихын жасаудың теориялық, практикалық  мәселелері  айқындалып,  толық шешімін табатын болады.

Сонымен, түркілік ортақ  әдебиет тарихын жасаудың негізі – ұлттық әдебиет тарихтары. Соның  бірі қазақ әдебиетінің тарихын  жасау да ұзақ та, күрделі ауыр жолдардан  өтті. Қазақ әдебиетінің  тарихын зерттеудің алғашқы кезеңдерінде ұлттық әдебиеттің бар екендігін де дәлелдеуге тура келген. Әдебиеттің тарихы ұлттық әдебиеттің өткен даму жолдарын, нақтылай айтқанда, сөз өнерінің қайнар бастауларынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи дамуын, дамудың жетекші заңдылықтарын, ондағы жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылықтарын зерттейтін әдебиеттану ғылымының бір саласы дейтін болсақ, оның алғашқы сілемдері Х1Х ғасырда Ш. Уәлихановтың еңбектерінде («Қазақ халық поэзиясының түрлері» атты мақаласы, Жанақ, Орынбай, Шөже туралы айтқандары, т. б.) көрінсе, ХХ ғасырдың алғашқы жарымында біртіндеп  қалыптаса бастады.

Қазақ әдебиеттану  ғылымы алғашында өткен кездерде жасалынған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары жайлы  әртүрлі деңгейде айтылған пікірлер түрінде өмірге келді. Түрлі мақсатта көрінген  В. В. Радлов, П. М. Мелиоранский, А. Е. Алекторов, Н. И. Ильминский, Г. Н. Потанин, А. Янушкевич, Ә. Дибаев секілді жат жұрттық ғалымдардың қазақ әдебиеті, оның ішінде поэзиясы хақындағы құнды пікірлерінің болашақта жасалынар әдебиет тарихы үшін маңызы айтарлықтай болды. Әдетте, әрбір ұлт өзінің ұлттық тарихын, әдебиетін, өнерін негізінен өзі зерттейді. Ал қазақ әдебиетінің тарихын жасаудың алғашқы кезеңінде оған басқа ұлт өкілдерінің араласуының бірнеше себептері болса, соның ең негізгісі әдебиетті зерттейтін  ұлттық кадрларымыздың жоқтығы еді.

ХХ ғасырдың бас  кезінде Ресей империясында бұрқ-сарқ қайнап жатқан саяси оқиғалар қазақ  даласына да жетіп, ұлт-азаттық қозғалыс өріс алды; ұлттық сана-сезім оянып, ұлттың ұлт болып өмір сүруіне  негіз болатын рухани таяныштар  ізделіне бастады. Рухсыз ұлттың басқа  халықтармен терезесі тең өмір сүре алуы – неғайбыл. «Тарихын жоғалтқан  жұрт – жоғалған жұрт» (М. Дулатов. «Қазақ», 1915, №155). Сондықтан да қазақтан шыққан зиялы азаматтар мамандықтары басқа  болғандықтарына қарамастан, халықтың ұлттық сана-сезімін ояту, қалыптастыру  мақсатымен, қазақтың азаматтық тарихын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуді өз қолдарына алды. Осы кездерде                                    Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, Х. Досмұхамедовтің,              С. Торайғыровтың, М. Жұмабаевтың, Ж. Аймауытовтың,  С. Сәдуақасовтың,                 М. Әуезовтің, Р. Мәрсековтің, Қ. Кемеңгеровтің, Ы. Мұстамбаевтың,                              С. Қожановтың, С. Сейфуллиннің, т. б. «Қазақ», «Айқап», «Сана», «Лениншіл жас» секілді басылымдарда жарияланған материалдарында қазақ әдебиетінің тарихын жасауға тікелей қатысты алғы шарттар жасалынды. Бұларды болашақта жасалар  әдебиет тарихының дайындық материалдары, яғни «шикізаты» деуге болады.

1917 жылғы Қазан  төңкерісі әлемге жаңа заманның  басталғанын жариялады. Революция  Ресей империясындағы барлық  езілген халықтарға азаттық, теңдік  әкеледі деген үміт ақталмай,  орыс отаршылдығы жаңаша формада, социалистік мазмұнда күшейе түсті. Бодандықтың салдарынан саяси-экономикалық, мәдени-әдеби салаларда кенжелеп қалған халықтарды маркстік-лениндік ілімге сүйене отырып, қоғам дамуының капиталистік сатысынан өтпеген, артта қалған, халық ретінде пісіп жетілмеген, әлі ұлт болып қалыптаспаған, ұлттық тарихы, әдебиеті жоқ  бұратаналар санап, біз олардың ұлт болып ұйысуына, яғни социалистік ұлт болып шығуына көмектесеміз деген, түптің түбінде басқа ұлттардың жойылуына, ұлтсыздандыруға апаратын құйтұрқы саясат күшейе түсті.

Міне, осындай ұлт  тағдырына қауіп төнген кезде  Ресей құрамындағы түркі тектес ұлттардың зиялы азаматтары өздерінің  де басқалар сияқты ұлт екендігін  дәлелдеу мақсатымен азаматтық тарихын, ұлттық әдебиетін, мәдениетін іздей  бастады. Қазақтың да бұрыннан келе жатқан ұлт, дамыған ұлттық әдебиеті, мәдениеті  бар халық екендігін дәлелдеп, жазылған мақаланың бірі  С. Сәдуақасовтың «Қырғыз әдебиеті» («Трудовая Сибирь», 1919, №1) тақырыбындағы тарихи-сыни очеркі болды. Орыс тілінде жазылған мақаланың негізгі мақсаты қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті төмен деп түсінетін орыс оқырмандарына өткен дәуірлерде ұлттық әдебиеттің, әсіресе ауыз әдебиетінің дамыған, бай түрі болғандығын, оның өзгелерге ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктерін таныстыру болған. Смағұл қазақтың жазба әдебиетінің тарихын Мәшһүр Жүсіптен, Абайдан бастаған. Қазақ әдебиетінің ірі өкілдері ретінде М. Дулатовтың, А. Байтұрсыновтың, М. Жұмабаевтың, С. Дөнентаевтың, Ғ. Қарашевтің, Ш. Құдайбердиевтің, С. Торайғыровтың, А. Мәметовтің, С. Сейфуллиннің, т. б. шығармаларын талдап, сипаттамалар берген.

Осы кездерде  бұрындары қазақ әдебиеті болды ма, болса, қай кезден бастап бар деген мәселе көтерілді. Отаршылдар негізінен, қазақтарда шын мәніндегі әдебиет болған жоқ деген таптық ілімге сүйенген бағытты ұстанса, ұлтжанды қазақ зиялылары әдебиет болғандығын дәлелдеуге кірісті.                              М. Жұмабаев 1923 жылы қазақта бұрындары дамыған әдебиет болмаған дегендерге қарсы «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұщқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмытылған, желдей өскен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ қалған» (М. Жұмабаев. Шығармалары. А., 1989, 340-бет) – деп, өткен замандарда жасалынған әдеби мұрамыздың ұмытылып бара жатқандығына жұртшылық назарын аударды.

Ұлттық дамудың  әдебиеттегі рухани тамырларын үзіп тастау мақсатымен жүзеге асырыла бастаған пролетарлық мәдениет бағытына қарсы  Мағжан 1924-1926 жылдары  «Алқаның» бағдарламасын дайындады. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, Ж. Тілеулин, С. Дөнентаев, М. Әуезов, С. Сәдуақасов, Е. Омаров, С. Қожанұлы, Е. Алдоңғарұлы, Ж. Сәрсенбіұлы сияқты қазақтың біртуар алашшыл азаматтары қолдаған бағдарламада да бұрындары қазақ халқының бай әдебиеті болғандығын дәлелдей түскен. Мағжан әдебиеттің деңгейі қоғамдық дамумен тікелей байланысты болуына орай феодалдық дәуірде өмір сүрген қазақ халқының әдебиеті де төмен деген пікірдің сыңаржақ екендігін айта келіп, «техника мәдениеті тіпті төмен болғанымен», «өзінше терең әдебиеті болған һәм бар» деп дәлелдеді. Дәлелге «кешегі Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан сері сықылды ақындардың елдің мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай білген шын жыраулар екенін» алға тартты. Осында ол қазақтың ұлы ақыны Абайдың поэзиясын аса жоғары бағалады.

Келтірілген мысалдардан  қазақ әдебиетінің тарихына қатысты  алғашқы зерттеулердің алдымен, ұлттық әдебиеттің ғасырлар бойы дамып  келе жатқан бай тарихы бар екендігін  дәлелдеуден басталғандығын көреміз. Қоғамдық  өмірде үстемдік құрған таптық идеологияны әдебиет пен мәдениетке де қолданып, тұрпайылықпен жүзеге асыра бастаған кездерде оған қарсылық ретінде айтылған осы сияқты пікірлердің болашақта жасалар қазақ әдебиетінің тарихы үшін саяси жағынан да, ғылыми жағынан да практикалық маңызы аса зор болды. Саяси қудалауларға қарамастан, алашшыл азаматтар халықтың болашағы үшін ұлттық әдебиет тарихын жасаудың аса қажеттілігін, оны қай бағытта жазу керектігін батыл көрсетіп берді.

Қазақ әдебиетінің  бастау бұлақтарын анықтау, тарихын  кезеңдерге бөлу жолындағы ізденістерде қазақ әдебиеттану ғылымы ұзақ жолдардан  өтті. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай қазақ әдебиетінің өткендегі  даму жолдарын зерттеп, дәуірлерге бөліп, ғылыми жүйеге түсіруге ұмтылған еңбектер көріне бастады. А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926)  қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыдан тұтастай алып, теориялық, тарихи тұрғыдан зерттеудің жолдарын алғаш рет жүйелеген  еңбек болды. Мұнда жалпы әдебиетті ауыз әдебиеті және жазба әдебиет деп екіге бөліп, ары қарай тағы да іштей түрлерге, жанрларға жіктеген. Қазақтың жазба әдебиетінің тарихын «діндар дәуір», «ділмар дәуір», «сындар дәуір» аталған кезеңдерге бөлген. Діндар дәуірге араб, парсы үлгісіндегі діни бағыттағы әдебиетті, ділмар дәуірге орыс әдебиетінен өнеге ала бастаған кезден бергіні, сындар дәуірге Абайдан кейінгі кезді жатқызған. Мұнда әдебиеттің тарихын кезеңдерге бөлуге алғаш рет әрекет жасалынып, ғылыми ұстаным ретінде хронология емес, әдебиеттің негізгі бағыты, мазмұны, сыйпаты алынғандығы көрінеді.  Сөйтіп, А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» тұңғыш рет қазақ әдебиетінің тарихын кезеңдерге бөліп, оны дәуірлеудің өзіндік принциптері ұсынылды.

1927 жылы М. Әуезовтің  «Әдебиет тарихы» шықты. Кітап  осылайша аталынғанымен де онда  негізінен қазақ халқының ауыз  әдебиеті қарастырылған. Мұнда  ауыз әдебиетіне анықтама беріліп,  сыршылдық салт өлеңдері, әңгімелі  өлеңдер (батырлар әңгімесі, ел  помасы, тарихи өлеңдер), айтыс-тақпақ, ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ түрлеріне  жіктелінген. Әдебиеттің тарихын  әңгімелегенде,  Х1Х ғасыр  әдебиетін «зар заман» әдебиеті атаған. Қазақ әдебиетінің тарихын Асан Қайғыдан бастап, Бұқар, Махамбет, Шортанбай, Мұрат, Ыбырай, Ығылман, Абай, Нармамбет сияқты ұлт мүддесін жырлаған ақындардың шығармашылықтарын жоғары бағалаған. Ұлт-азаттық күресті жырлаған ақын-жыраулардың поэзиясын насихаттады деген айыппен «Әдебиет тарихы» жарық көре салысымен «қамауға алынды».

Халел Досмұхамедовтің  «Қазақ халық әдебиетінде» (1928, орыс тілінде) ауыз әдебиетінің табиғаты, жазба әдебиеттен ерекшелігі, халық  өмірімен байланыстылығы кеңінен әңгімеленді. «Халық әдебиетінің қайсы бір  үлгі нұсқасының із-түзсіз жойылып  кетуі мәдениетіміз үшін орын толмас өкініш болмақ» деп білген Халел  қазақ ауыз әдебиетінің 46 түрін көрсетеді. Тәуелсіздік алғанға дейін фольклористика ғылымында қазақ ауыз әдебиетінің  он шақты-ақ түрі ғылыми айналымда болып  келгенін ескерер болсақ, Х. Досмұхамедов зерттеуінің мәні мен маңызы толығырақ  түсініледі.  Халелдің Махамбет, Мұрат, Шортанбай туралы зерттеулері кейіннен қазақ әдебиетінің тарихын жасау кездерінде кірпіш болып, қаланды десе де болғандай.

Қазақ әдебиетінің  өткен кездердегі тарихын зерттеу  істерінде С. Сейфуллин айтарлықтай  еңбек сіңірді. Ол жиырмасыншы жылдардың  соңына қарай баспасөз бетінде  ауыз әдебиетін, әдеби мұраны жинауға үндеген бірнеше хат-мақала жазды. Нәтижесінде «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Қазақ әдебиеті» (1932) өмірге келді. Профессор Т. Кәкішевтің дәлелдеуі бойынша, С. Сейфуллин қазақ әдебиетінің тарихына арнап бірнеше кітап жазуды жоспарлаған. Бізге жеткені соның екеуі ғана.

Сәкен қазақ әдебиетінің  төңкеріске дейінгі дәуірін сол  кездің саяси-әлеуметтік жағдайына  орай, үлкен екі кезеңге бөледі: 1). «билер дәуірі», 2). «орыс патшасына  бағынған дәуір». 1932 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінде» осының алғашқы  кезеңі «билер  дәуірінің» әдебиеті ғана қамтылған. Мұнда негізінен қазақтың ауыз әдебиеті түрлерге, жанрларға жіктеліп, қарастырылған.  «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» хрестоматиясына Бұхар, Балқы Базар, Шортанбай, Досқожа, Сүйінбай, Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ, Түбек, Орынбай, Сералы, Тоғжан, Құлмамбет, Жамбыл, Майкөт секілді ақындардың өлең, айтыстары енген. Бұлардың біразы баспа бетін алғаш рет көрсе, ал енді кейбіреулері күні кешегі тәуелсіздік алғанға дейін «жабық» болып келді. Сөйтіп Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», «Қазақ әдебиеті» атты еңбектері  ұлттық әдебиеттің тарихына тұңғыш рет хронологиялық, хрестоматиялық жүйемен желі болып тартылып, қазығы болып қағылды.

Информация о работе Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені