Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 07:13, реферат

Краткое описание

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.
Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дандай Ыскак енбеги.docx

— 114.94 Кб (Скачать документ)

ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫН  ЗЕРТТЕУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

20-Наурыз, 2012 | 22,260 рет қаралған

Дандай  Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Әдебиет – халықтың рухани қазынасының алтын қоймасы. Сол қойманы сақтай білген, сол қазынаны рухани қажетіне қарай орынды жарата білген халықтың ғана ұлт ретінде, халық ретінде болашағы бар. Сондықтан да сол әдебиетті төкпей-шашпай, жүйелеп, зерттеп, қай жерде не бар, ол бізге несімен қымбат деген сауалдарға уақтылы жауап беріп отыру барлық уақытта да күн тәртібінен түспейді.

Әдебиеттің өткені мен бүгінгісін замана талабына сай  саралап, бұл мәселені шешіп отыратын – әдебиеттану ғылымы. Соның ішінде бар әдебиетке иелік жасап, шашау  шығармай жинап, рет-ретімен жүйеге түсіріп, қай нәрсенің қай жерде, қандай қасиеті бар  екендігін қапысыз саралап, дәуір тынысына орай оқырманның рухани қажеттілігін қанағаттандыруға қалтқысыз қызмет етуге тиіс – әдебиеттің тарихы.

Әдебиеттің  тарихы - әдебиеттану ғылымының негізі болумен бірге көлемі жағынан ауқымдысы да, сондай-ақ шешімін күтіп тұрған проблемалары көбірегі де. Әдебиет тарихын жасау, оны дәуірлеу мәселесі әдебиетті зерттей бастаған кезден күн тәртібінде келеді. Сырт қарағанда, онда тұрған не бар, тарихты кезең-кезеңдерге бөліп, жаза берсе болмай ма деуге де болатын сияқты. Сөйтіп те келдік. Десек те заман өзгерді, заманмен бірге адам да жаңарды; қоғамдық сана өзгеріп, ғылым мен мәдениет дамыды.

Осының барлығы  әдебиеттің, оның ғылымының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның  бірі – әдебиеттің тарихын жаңаша дәуірлеу, тың деректер мен пікірлермен  толықтыра түсу, бүгінгі таңдағы  қоғамтану ғылымының жетістіктерімен  қаруланған, ХХ1 ғасырдың жаңа адамының талғамын қанағағттандырып, толғандырар  сұрақтарына жауап бере  алатын  толыққанды әдебиет тарихын қайта жасау.

ХХ1 ғасырдағы қоғамдық дамудың  өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі  адамзат қоғамының алдына мүлдем жаңа проблемалар қойып отыр. Батыста басталып, «бұл болмай қоймайтын, өркениетке апарар жол» деп, барынша насихатталып жатқан жаһандану жолындағы мәдениеттердің, әдебиеттердің  барлығын жалмап, жұтып, халықтарды ұлттық рухани тамырынан айырып, мәңгүрттендіру арқылы  бір оқ шығармай, әлемді бағындыру әрекетіне көшті.

«Мәдениеттер қақтығысының», сыпайылап айтқанда, «мәдениеттер тоғысының» негізгі соққысы ұлттық тілге, оның әдебиетіне бағытталып, әлемді алқымынан  алып, халықтың жанды жерінен жаралап, рухын жоюда. Соның нәтижесінде  Еуропаның батысындағы шағын  ғана аралды мекендейтін 60 миллион  ағылшынның тілін ана тілі санайтындардың саны 500 миллионнан, жалпы пайдаланушылар 1 миллиардтан асып, әлемнің 44 елінде мемлекеттік мәртебеге ие болып  отыр (А. Кәрімұлы. Тіл майданы –  біз үшін Отан соғысы. «Қазақ әдебиеті», 20-26.01.2012). Мұның барлығы басқа  тілдердің, мәдениеттердің, әдебиеттердің  жойылуы есебінен болып жатқандығы белгілі.

Қазіргі тіл майданы  жүріп жатқан әлемде ұлттардың алдына не өмір, не өлім  проблемасы қойылып, қамдарын жасай бастады. Міне, осындай кездерде түбі бір түркі халықтары өздерінің жаһандануға жұтылып кетпеуі үшін де рухани жағынан бірігуінің маңызы зор. Ал бұл бірігудің бірден-бір жолы бағзы замандарда Алтайдың, Еуразияның кең сахарасында бірге жүріп жасаған, күні бүгінге дейін өзінің құндылықтарын жоғалтпаған, керісінше бүгінгі туысқан халықтардың бір-бірімен тату-тәтті, түсіністікпен өмір сүруіне көмектесетін рухани тамырларды тірілтуде, бүгінгінің кәдесіне жаратуда жатыр.

Әдебиет – руханияттың  күре тамыры. Сондықтан да тегі бір, тілі бір халықтардың ерте кездердегі әдебиетін қайта қарап, бүгінгі  әдебиеттану ғылымы жеткен жетістіктерді  пайдалана отырып, жаңаша көзқараспен  түркі бірлігіне қызмет ететін ортақ  әдебиет тарихын жасау – кезек  күттірмейтін мәселе.

Бұл – мәселенің  бір жағы болса, екінші жағынан, күні бүгінге дейін өзіне лайықты  насихатталып, бағасын ала алмай  келе  жатқан дамыған түркілік әдебиетті тіпті өзімізге, одан қалды әлемдік оқырманға да насихаттау, таныстыру өз дәрежесінде емес. Оның ар жағында қоғамдық даму барысында түркілік мәдениеттің әлемдік өркениетке қосқан өзіндік үлесін анықтау деген секілді ауқымды міндеттер тағы тұр.

Әрине, бұл – айта салуға оңай болғанымен, жүзеге асыруға, жазуға келгенде, күрмеуі көп, шешімін  күтіп тұрған мәселелері жеткілікті шаруа. Қазір түрлі тарихи жағдайлардың әсерінен әлемнің түкпір-түкпіріне  шашырап, түрлі мәдениеттердің ықпалына ұшыраған  түркі тектес халықтардың жалпы саны 200 миллионның о жақ бұ жағында. Олардың ішінде тілінен, рухани тамырынан көз жазып қалғандары, болмаса соған жақын тұрғандары да бар. Міне, осындай жағдайдағы халықтардың тарихи негізді ортақ бай әдеби мұрасын жинақтау, нақтылай айтқанда, түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жазу – теориялық жағынан да, практикалық жағынан да бірсыпыра күрделі мәселелерді шешуді, қажыр-қайратты қажет ететін күрделі проблема. Бүкіл түркі халықтары түгілі бір ғана ұлттың әдебиет тарихын жасаудың өзі қаншама қиындықтар туғызатынын қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолдарынан-ақ байқауға болады.

Түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау  барысында есте боларлық бірнеше  жағдайлар бар. Отаршылдықтың салдарынан түркі халықтарының көпшілігі күні кешеге шейін өздерінің шын мәніндегі  ғылыми негізді әдебиет тарихын  жасай алмай келді. Оған бір жағынан, түркі халықтарын қоғамдық дамудың  төменгі сатысындағылар санайтын еуропацентризм ілімі кедергі келтірсе, екінші жағынан, ұлттық атаулыға қарсы кеңестік отаршылдық саясат мүмкіндік бере бермеді.  Соған қарамастан, КСРО құрамына кірген түркі халықтары өздерінің ұлттық әдебиетінің тарихын зерттеген ғылыми ізденістерін бір сәтке де тоқтатқан жоқ деуге болады. Нәтижесінде социалистік реализм принциптері негізінде жазылған әр ұлттың жеке өзіндік әдебиет тарихтары өмірге келді.

Кеңестік кезеңде  өмірге келген әдебиет тарихтарын жазу барысында туындаған   түрлі ғылыми мәселелерді әр ұлт өзінше шешті. Әдебиет тарихтарын біреулері түркі халықтарының барлығына бірдей ортақ ерте кездерден бастаса, кейбіреулері кейінгі кездерді місе тұтты. Әдебиет тарихының келелі мәселелерін ғалымдар болып ойласып шешу, үйлестіру жағы жетісе бермеді.

Ортақ әдебиеттің ортақ  мәселелерін әр ұлттың өзінше шешуі  түркі халықтарының көпшілігі тәуелсіздік  алғаннан кейін тіпті күшейе түсті. Бұл айтылғандар негізінен, түркі  халықтарының ортақ әдебиетіне қай  дәуірлерді жатқызу, түркі халықтарының барлығына ортақ ірі әдеби  тұлғаларды бір ғана ұлттың әдебиеті аясында қарап,  меншіктеу хақында  болып отыр.  Түркі халықтарының әдебиет тарихын жасауда осы сияқты толып жатқан мәселелер баршылық. Бұларды енді бұрынғыдай әр ұлт жеке-жеке шешпей, ғалымдар болып ойласа отырып, мәмілеге келетін кез келген сияқты. Мұндай мәселелердің нақтылы түрде дұрыс шешілуінде түркі халықтарының ортақ әдебиет тарихын жасау септігін тигізбек.

Әдебиеттің негізгі  екі жағы бар. Оның ең біріншісі және негізгісі әдебиетті әдебиет  қылып тұрған оның ішкі жағы, яғни өнер ретіндегі көркемдік қасиеті  болса, екіншісі – сол көркем әдебиеттің тууына, өмір сүруіне жағдай жасайтын,  тағдырын айқындайтын қоғамдық ортаның әсері. Әдебиеттің тарихын жасағанда, негізгі мәселе осы екі жағын да ескеріп отыру – аса маңызды. Осы бір күрделі мәселені таразының басын тең ұстай отырып, іс жүзінде  шешу қазақ әдебиетінің тарихын жасаушыларға да оңайға түспеген.

Болашақта жасалар  түркі халықтары әдебиетінің  ортақ тарихын жазуға кіріспестен  бұрын ұлттық әдебиет тарихтарының жасалу жолдарын, тәжірибелерін қорытып, оның жеткен жетістіктерін пайдалану  керек; жетпей жатқан жерлерін жеткізуді, қателіктерін жоюды, проблемаларын  шешуді көп болып ойластырып, ортақ  ұстанымдарға келу керек. Тарих –  ұлы ұстаз. Сондықтан да тарихтың сабақтарын бүгінгі күннің талаптарымен, ғылыми жетістіктерімен ұштастыра  отырып, жұмыс жасау алға көп міндеттер  жүктейді.

Ортақ әдебиет  тарихының зерттеу нысаны – алдымен, анықталып алынуы тиіс күрделі мәселенің бірі. Түркі халықтарының әдебиеті дегеніміз не, ұлттық әдебиет пен түркілік әдебиеттің ара жігі қалай, ортақ әдебиетке қай дәуірлер жатады, ұлттық, түркілік әдебиетке қандай әдебиетті жатқызып, негізгі өлшем ретінде тегі, жері, тілі сияқты өлшемдердің қайсысын аламыз деген секілді сандаған сауалдар ғылыми тұрғыдан жауаптар күтуде. Осы сияқты бірсыпыра мәселелердің дұрыс шешілуі қолға алынғалы отырған үлкен жұмыстың дұрыс бағытта жүруінің бірден-бір кепілі болмақ.

Осы уақытқа дейін  түркілік ортақ әдебиетті бірлесе  отырып зерттеу мәселесі күн тәртібіне  қойылмай, тек ұлттық әдебиеттің тарихын  жасау жұмыстары жүріп жатыр. Осының салдарынан түркілік ортақ әдебиет  пен ұлттық әдебиеттің бірге қарастырылуы тиіс көптеген мәселелері біржақты шешіліп  келді. Ұлттық әдебиетті анықтауда  көбіне территориялық принциптің  алға шығып отырғандығын байқаймыз.

Мысалы, ортағасырлық Әл-Фараби көп уақыттарға дейін өзбек  әдебиетінің тарихында орын алып келсе, кейін туылған жері Отырар (Фараби) Қазақстанда болғандықтан да қазақ делініп жүр. Профессор  Ә. Дербісәлінің зерттеуінше, Отырардан  шыққан Әл-Фарабилердің ұзын саны отыздың  о жақ, бұ жағында. Солардың барлығының да қазақ руханиятына қатысы бар  деп есептейді. Жүсіп Баласағұнға  қазақ пен қырғыз таласуда. Шу өзенінің бойындағы Баласағұн қаласында  туылған ғұламаны қырғыздар қырғыз жерінде, қазақтар қазақ жерінде  туылған деп дәлелдейді. Көрші  жатқан екі халықтың Жүсіпке таласы аяғында Баласағұн қаласының  қай елде болғандығы жайлы ғылыми пікірталастарға ұласты. Сонда бар  мәселе Баласағұн қаласының қай  жерде болғандығы анықталуына байланысты шешілетін сияқты. Осы сияқты орта ғасырларда жасаған Қ. А. Иассауи, М. Қашқари, Ә. Хорезми сияқты көптеген ірі қайраткерлер көбіне бір ғана ұлттың ауқымында қарастырылып, олардың  күллі түркі жұртына ортақ  ұлы тұлғалар екендігіне назар онша аударылмай келеді.

Белгілі бір әдебиеттің өкілдерін анықтағанда, оның шыққан тегіне мән береді. Мысалы, Әл-Фараби Отырарда туылғанының үстіне руы  қыпшақ екендігі көрсетілгендіктен  де, ал қыпшақтардың кейіннен қазақ  ұлтының құрамына кірген негізгі  ұлттардың бірі болғандықтан да қазақ  деп жүр. Ал Қадырғали Жалайыри, Мұхамед  Хайдар Дулати сияқты шыққан руын ата-тегі (фамилия) етіп алғандар да бар. Әзірше Жалайыриға талас жоқ, Өйткені жалайыр  тайпасы тек қазақтың құрамында. Ал Дулатиға келсек, әңгіме – басқашалау.

Өткен (2011) жылы күзде  Өзбекстанның Андижан қаласында  Мұхамед Хайдар Дулатиға арналған халықаралық  ғылыми конференция өтті. Дұрыс. Дұрыс  емесі олардың тарихқа танымал  Мұхамед Хайдар Дулати деген аты-жөнін  өзгертіп, оны  Мырза Хайдар жасап, өзбек қылуы болды. Дәлелі: Дулати рудың аты, ондай фамилия болмайды, сондықтан оны алып тастау керек; туылған жері – Ташкент.  Тегіне келсек, дулаттар қазақтың құрамына кірген, қалайша ол өзбек болады; Дулати сол кездерде осы өңірде өмір сүрген түркі тектес халықтардың барлығына бірдей ортақ дегенге оның туылған жері қазіргі Өзбекстан екендігін алға тартып, пікірлерінен қайтпады. Тегіне келгенде, осындай дау-дамайлардың да шығып қалатындығы да бар.

Түркі халықтарының бір кездерде қытайлармен аралас-құралас  өмір сүргендігі белгілі. Соңғы зерттеулердің  барысында қытай деректерінен түркі  тайпаларынан шыққан көптеген ақындар  белгілі болды. Мысалы, қытай тілінде  жазған қаңлы Пото-Дың (232-248), қаңлы  Бұқым (1255-1300), қыпшақ Сағидолла (1272-?), дулат  Хы-Тял-Тың (1247-1313), қыпшақ Сарын  т. б. сияқты бұрындары белгісіз болып келген ақындар шығып жатыр. Қытай әдебиетінің классигі саналып келген Ли Боның дулат руынан шыққандығын дәлелдеп, ақынның қазақ әдебиетінің тарихынан өзіне лайықты орнын алуы керектігін көтерген М. Оразбайдың пікірі кейіннен дау-дамайға ұласты. «Қытай әдебиетінде жүрген» тағы бір түркілік ақын  Кан Мен Эрдың тағдыры да осылай болды.

Әдебиеттің негізі – тіл. Шығарма қай ұлттың тілінде  жазылса, сол ұлттың әдебиетіне жататындығы  дау тудырмайды. Қай халықтың болмасын, ұлттық әдебиетін сол ұлттың тілінде  жазылған туындылар құрайды. Түркілік әдебиеттің негізгі өлшемі де –  осы. Десек те бұл қалыпқа сия  бермейтін жағдайлар да жиі кездеседі. Жоғарыдағы тегіне қарай түркі әдебиетіне жатқызылып жүрген ақындардың қытай, араб тілдерінде жазғаны белгілі. Әдебиет  ұлттық мәдениеттің, рухтың көрінісі болса, басқа мәдениетке, рухқа сай тілде  жазылған көркем шығарманы  авторының тегіндегі әдебиетке жатқыза аламыз ба? Ақын жазушы қай тілде жазса, сол ұлттың сөз өнеріне үлес қосып, ұлттық рухына, мүддесіне  қызмет ететіні белгілі.   Әлемдік әдебиетте қаламгер қай тілде жазса, сол тілдегі әдебиеттің өкілі деп қараушылық басым. Бұл мәселені біз қалай шешуіміз керек? Отаршылдық саяаттың «жемісі» ретінде соңғы кезеңдерде орыс, қытай  тілінде жазатын қазақ қаламгерлері шыға бастады.  Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» соңғы кітабында «Қазақстандағы орыс әдебиетіне» арнайы тарау арналды.

Міне, осы тақілеттес сандаған сауалдар әдебиет тарихының  тереңіне бойлаған сайын мен мұндалап көбейе түседі. Сондықтан да мұндай мәселелердің әлемдік әдебиет тарихтарында қалайша шешімін тауып жүргеніне  назар аударып, ғылыми негізді бір  шешімдерге келу керек. Олай болмаса, аяғы таусылмайтын дауларға ұласып кетуі  мүмкін.

Әдебиет тарихының  негізгі зерттеу нысаны – белгілі  бір дәуірдің әдеби өмірі.  Ал әдеби өмір (процесс)  дегеніміз, белгілі бір дәуірдегі әдебиеттің тұтастай күйіндегі тарихи өмір сүруі, дамуы күйіндегі аса күрделі  жай-күйі. Ал әдеби өмірді жекелеген қаламгерлер, олардың шығармалары, ол шығармаларды оқырмандардың қалай қабылдағаны жайлы пікірлер, әдеби, немесе әдебиетке қатысы бар оқиғалар құрайды. Әдебиет тарихын зерттеуші бұдан талай замандар бұрын өтіп кеткен дәуірлерге үңіліп, әдеби өмірде болып өткен елеулі оқиғаларды, фактілерді електен өткізіп, негізгілерін анықтау үшін әдеби өмірдің даму бағытын белгілеген басты оқиғаларды, негізгі ағымдарды сол дәуірдің саяси-әлеуметтік, мәдени аясында  ашып көрсетуі тиіс.

Информация о работе Әдебиет тарихынзерттегенде мәселені