Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 06 Января 2015 в 16:26, курсовая работа

Краткое описание

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Мәңгілік тақырыптардың бірі – әйел мәселесі қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен, қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы әйел бейнесіне қатысты зерттеулерде кездеседі. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз емес.

Содержание

І. Кіріспе....................................................................................................................3-5
ІІ. Негізгі бөлім
2.1 «Қазақ әйелі» концептісінің әлеуметтік сипатын гендерлік
стереотиптер арқылы анықтау..............................................................................6-16
2.2 Көркем мәтіндегі «қазақ әйелі» концептісі................... ..............................17-23
2.3 Ғабит Мүсіреповтің шығармаларындағы «Ана» тақырыбы......................24-27
2.4 Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты............................................................................................28-35
ІІІ. Қорытынды......................................................................................................36-38
ІҮ. Қолданылған әдебиеттер тізімі..........................................................................39

Прикрепленные файлы: 1 файл

курстык дайын жумыс.doc

— 207.00 Кб (Скачать документ)

Қазіргі кезеңде қоғамдағы әйел мен еркектің орны туралы түсініктер мен құндылықтар, осымен байланысты стереотиптер мен әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр.

Әрбір қоғамда, әсіресе көп мәдениетті және көп ұлтты қоғамда гендерлік алуан түрлілікке назар аудару керек. Гендерлік мінез құлық адам мінез құлығының белгілі бір гендерге қатысты көрінетін рольдерге, мәртебеге, стереотиптерге, нормалар мен құндылықтарға сәйкес болуын білдіреді. Еркек пен әйелге тән нұсқаулар мен оларды орындау жағдайы түрлі ұрпақта, этномәдени және діни топтар мен қоғамның түрлі жіктерінде алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Мысалы,

  • Ай, әже-ай! Жігіт киімін қанша кигенмен затың әйел болғасын қиын екен. Нәсілің жібермейтін көрінеді. Бұрын баларақ кезімде ештеңе емес еді. .. Жасың келген сайын кемді күнгі алданыштың да жолы тарыла түседі. Жігіт болсам, осы елдің бұғағынан үзілейін деп тұрған қыздарын өзім таңдар едім. Қыз болғасын кіріптарсың, жігіттің көзіне түсіп, қашан сөз айтқанша сарғайып бітесің. Ал жігіттер шалбар киген қызды қайтсін, – деп сырын да сықаққа айналдырып, кәрі әженің иығына бетін басып, сықылықтап күлді (Ә.Нұрпейісов. Қан мен тер).

Еркектер мен әйелдер өздерінің мінез- құлқын гендерлік стереотиптерге, яғни  ерлер мен әйелдердің өзін қалай ұстауы жөніндегі мәдениетте қалыптасып, орныққан көзқарастарға сүйене отырып, түзеді. Оны шартты түрде кесте арқылы былай көрсетуге болады:

     

 

 

 

1кесте: Әйел мен еркекке байланысты қоғамда қалыптасқан таптаурындар (стереотиптер)  кестесі.

 

2 – кесте: Гендерлік  стереотиптерге сәйкес мінез-құлық, әрекеттер ерекшелігі.

 Байқап отырғанымыздай, әйелдер мен еркектерге тән стереотиптерге сәйкес олардан күтілетін әрекеттер, мінез-құлық та бір- бірінен ерекшеленеді.

Кемпірі жаққа көз қиығын тастап: «Жыла, жылай түс. Қатын деген кеуліндегісін жыласа да сыртқа шығара алады. Еркек жазған жылайын десе қатын емес, жыламайын десе күйік жеп барады» –деді (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала).

      Ауылда  өскендіктен бе, маған ер адам  үстем болуға тиіс секілденеді  де тұрады. Күні бүгінге дейін  күйеуінің бетінен алған әйелді  көрген емеспін. Ондайларды ауылда сан-саққа жүгіртіп, сырттай табалап, сырттай жерлеп жататын. Мұқамеди көрші келіншегін шырқыратып сабаса да, ол беттен алып, төске шаппай, кінәсіз бола тұра кешірім сұрап күйеуіне жалынып жүреді. Күлдәрі мықтап таяқ жесе де, оның қиянатын ертесіне-ақ ұмытып, екеуінің арасында ешқандай кикілжің болмағандай рай танытатын. Мұнысын былай қойғанда, ертесіне «Біздің Мұқаң» деп, ол кісіні аспанға көтеріп отырушы еді (Б.Мұқаев. Мазасыз маусым).

      Төмендегі авторлық  қолданыс та әйелдің қоғамда қалыптасқан, одан күтілетін мінез ерекшелігінен туындайтын гендерлік стереотипке сәйкес туғаны анық. 

Аңдап сөйле, ағайын

Сөз дегенің әйел сынды көкайыл:

Бір күш алса, менмендігі оянып –

бет қаратпай қояды ( Ж.Нәжімединов).

     Барлық халыққа ортақ гендерлік стереотиптен бөлек ұлттық стереотип те кездесетіні белгілі. Мысалы, өзін көзге мақтағанды барлық әйел қалайды, киген киіміне, таққан әшекейіне, істеген тамағына, сыртқы келбетіне қатысты мақтау, қошемет сөз есту әрбір ұлттың әйелінің құлағына жағымды естіледі.

       Әйелдің өңі қайтадан алабұртып, алаулап шыға келді. Көзі тым ойнақы, отты екен.

– Енді түсіндім, енді ұқтым. әйел затында мақтауды сүймейтін бір де бір шүйке бас пен шөпжелкенің жоқ екенін әбден біліп алған екенсіз,– деді Мария (С.Бақбергенов. Ақ боз атты ару).

       Ал қазақ әйелдеріне  тән ұлттық стереотиптің бірі  де бірегейі – ерін пір тұту, сыйлау, қандай жағдайда да оның бетіне ашық қарсы келмеу, айтқанын заң деп ұғыну, балаларының алдындағы әке беделін көтеру. Бұның тілдік дәйегін төмендегі мәтіндер арқылы танытуға болады:

  • Ал, қатын, мен кеттім.
  • Бізді тастама, өзіңмен бірге ала кет.
  • Жаз шықсын, оған дейін шыдаңдар.
  • Қорқам...

    Кәлен суық  қабақ астынан шаншыла қарап  еді, осы кезге дейін безектеп, болмай отырған Жамал жым болды (Ә.Нұрпейісов).

  Ұлттық тәрбие қанына сіңген  қазақ әйелдері ерлері дастарханға  отырмай, балаларына тамақ бермейді. Бұнда да ер адамды қадірлеу, әке беделін жоғары қою мақсаты  жатыр. Мысалы:

    Өзің де ес білгелі көріп келесің, мен үйде отырғанда, ол сендерге менен бұрын тамақ беріп көрген емес. «Әй, әкелеріңді шақыр, сонан соң жейсіңдер,» - дейді де отырады (Б.Нұржекеев. Ерлі-зайыптылар).

    Енді көз жіберіп  қараса, балалары алдында әке  айбарын айшықтандырып, пайғамбардың  туындай желбіретіп көрсеткен де марқұм анасы Хадиша екен-  ау. «Әкең ұйықтап жатыр. Ақырын жүр. Әкеңнен ұят болып қалмасын. Әкеңнен сұрап көрелік рұқсатты. Әкең ренжісе, не болады?» – деп әке қабағын бағуға тәрбиелеген екен-ау... (Б. Тіленшина. Сұрқия).

     Қазақ әйелдерінің күйеулерінің атын тікелей атамай, жанамалап, сыпайылап атауын да сыйластықтың белгісін білдіретін ұлттық стереотип деп тануға болады:

       – Жол ауыр соқпады ма, басием? – Күнбегінің мұндайда бірінші көретін адамы да, өзінің бабын табатын да бәйбішесі Ефриниса (Э. Төреханов. Ескендір мен Роксана).

 – Апақтың әкесі-ау, неге аунақши бердің?.. Төресі құрғыр бірдеме деді ме?.. – деген әйеліне Байжан ұрса жауап берді:

  • Байжан Омбы төрелерінің алдын да көрген! Байжанға не келуші еді! – деді. Өз үйіне келе жатқан бәле-жаланың исі байқалмаған соң, әйелі сонымен тыншығып та қалды (Ғ.Мүсірепов. Оянған өлке).
  • Төкеннің көкесі-ау, жазған қара кешке дейін бір тыным таппады ғой, – деп Назым қаймыға килікті (Ж.Шаштайұлы. Жала мен нала).

    Отбасындағы берекебірлікті, татулық пен жылылықты сақтау мақсатында ерін өзінен жоғары қойып, оған кешірімділікпен қараған қазақ әйелдері оны ана сүтімен немесе ана, әже ақылы арқылы қыздарының санасына сіңіріп отырған:

       «Қой, қызым, – деді анасы қызына басу айтып, – еркекпен шажайласып абырой таппайсың. Нәсілінде артық жаратылған жанмен деңгейлесемін деуің де әбестік. Рас, бүгінде еркек пен әйелдің «құқысы тең» дейтін көрінеді. Құдай теңестірмеген нәрсені заңмен, законмен теңестіргенді қайдан көрдің? Рас, әйел ақша табатын шығар, жұмыс істейтін шығар, тіпті шылым тартып, арақ ішсін дейік, одан еркек болып кетпейді. Қайта масқарампаз болады. Өз жаратылысын жарақаттайды. Өзінөзі алдап, құр босқа әуре тірлік жасайды. Ал еркектің аты – еркек! Ол өзі еркекпін демесе де, табиғат оны солай жаратқан. Ол тіпті арақ ішіп, құлап жатса да, қатын жіберіп қарақан басы қалса да еркек! Оны әйел деп дәлелдеп көр, күшің жетсе! Бір күні арағын тастайды да, әпәдемі адам боп шыға келеді. Қатын жіберсе, тағы бір қатын алады. Еркектің не құдірет екенін білгің келсе, жұбайыңсыз жалғыз үйде жатып көр, жұрттың бәрі ағылып төгіліп барып жатқан тойға қатысып бағыңды бір сына... Еркек деегн ырыс несібесі артық жаратылған жандар ғой, ақылсыз тірлік жасамас... » (Л. Омарова. Қырық бестегі қыз).

      Сонымен, «қазақ әйелі» концептісінің шынайы табиғатын гендерлік, этномәдени стереотиптердің мәнін ашу арқылы тануға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2.2 Көркем мәтіндегі «қазақ  әйелі» концептісі

 

Жаңа ғасырда ерекше қарқын алған жаһандану үдерісінің жағымды, игі әсерлерімен қатар жағымсыз ықпалы жөніндегі пікірталас толастамай отырғаны мәлім. Әсіресе ұлттық болмысты табиғи қалпында сақтауға деген құлшыныс пен ұмтылысты бәсеңдетуде ізін қалдырмай кетпейтін аталған үдерістің кейбір кері әсерлерін кемітуге өзге құбылыстармен бірге халықтың тіліндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктерге айрықша назар аудартатын антропоөзектік бағыт қарсы тұруда. Бұған соңғы кездердегі лингвистикалық зерттеулер дәлел .

Ер адам өзінің күш-қуатымен ерекшеленсе, әйел сұлулығымен, жанымен, рухымен құдіретті. Ғасырлар толқынымен бірге сұлулыққа деген көзқарас та өзгермелі екені заңдылық. Мәңгілік қойнауынан бізге жеткен арулар кескінін көз алдымызға елестетсек, сұлулық тәңіріндей салтанатты Египет патшайымы Нефертити, мәрмәр тәнді Венера Милосская, өзіміздің тотыдайын таранған, аққудайын сыланған Қыз Жібек, Ақжүніс, Баян сұлулар келбеті кесекөлденең тұра қалары сөзсіз. Әлемде қанша ұлт, мемлекет болса, сұлулық туралы көзқарас, оның өлшемі де соншама. Мысалы, Перудегі майорун тайпасында денесін піскілеп бояп, маймылдың тістерінен алқа тағып, шашына, мұрнына, құлағына қауырсын, қабыршақ секілділерді неғұрлым көп іліп алған әйел әдемі деп саналады. Натчи тайпасында бас сүйегі қолдан әдейі сопайтылмаған әйелді ұсқынсызға жатқызады. Филиппиндегі палавеньо тайпасының әйелдері тістерін тегістеп егеп, қара бояумен бояп алады. Сенегалда волоф әйелдері шаштарын бірнеше бұрым етіп өріп, мүйіз секілді тікірейтіп қояды. Вьетнамдағы зярай әйелдері мойындарын ұзарту үшін алқа орнына бұрама құрсау киіп жүреді. Ежелгі махаббат құдайы Афродита (Венера) сыршыл сезімді сұлулықты меңзесе, Зевстің сүйіктісі Гера асқақтықты, билікті әйелдің қасиеті деп таныған. Ал Афина Паллада әйелдердің ақыл-парасатын бірінші орынға қойған.

 Адамның белгілі бір қасиетін, мінез-құлқын, белгісін сипаттау  тілдік жүйеде  және жазушы  мен сөйлеуші аталған тілді  тұтынушылардың өмір сүру жағдайына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дүниетанымы, таным-талғамына, күнделікті тұрмыс пен өмір тәжірибесінде бұрыннан қалыптасқан түрлі зат, құбылыстармен байланысты. Яғни тілден халықтың рухани және материалдық мәдениетінің іздерін байқауға болады.

Ал кез келген деңгейдегі тілдік элементтер тек қана мәтін жүйесінде эмоциялы әсер ете алады. Осындай «өзіне тән эстетикалық коммуникацияның бірліктері ретіндегі көркем мәтіннің ерекшелігі оның жалпы адамға қатысты ортақтылығы (антропоцентричность), яғни әлем тану мен оның көрінуі әдебиет шығармасында ең алдымен адамның танымына бағытталады, ал берілген көркемдік оқиғалар оның жан жақты көрінісінің тәсілдері болып есептеледі [106, 33б.].

Осыған сәйкес қазақ тілінде әйел көркін сипаттайтын, ғаламның тілдік бейнесін танытатын концептілер төмендегіше көрініс тапқан:

 «Көз» – тана көз, бота көз, бадана көз, айна көз, қарақаттай көз, жәудір көз, күлім көз, көген көз, қой көз, қоңырқай көз, тұнық, мөлдір көз, мойылдай көз, тұнжыр көз, нәркес көз, тостағандай жанары, елегізеген еліктің жанарындай,  қос жұлдыздай қос жанары,т.б.

Аталған концептіге мәтін деңгейінде мысал келтірейік:

  Дөңгелек ашық жүзінде әрлі-берлі берлі домалап жүрген жақұт моншақтай ойнақшыған қос жанары, үлбірек ерні, күлгенде сау етіп төгіле қалатындай көрінетін маржан тістері онсыз да қылықты сұлуды одан сайын жұмбақтандырып, одан сайын ынтықтыра түседі( Ә.Кекілбаев. Елең-алаң).

  Үрей ұялаған қарақат көздері ботаның жанарындай мөлт-мөлт етеді (Д.Исабеков. Гауһартас).

Әйел сұлулығын тануда көзге қатысты эпитет, теңеулер әр жазушы танымында ұлттық дүние суретіне сай, алайда алуан түрлі сөз өрнегімен өріледі. Мысалы, М.Әуезов сұлулық үлгісі ретінде «шошақтау біткен үлкен қой көз, нұрлы көз, ойлы көз, шұғылалы көзді» таныса, ал Ғ.Мүсірепов танымына «үлкен қара көз, бота көз, құралай көз, айна көз» сияқты эпитеттер жақын.

«Қас, кірпік» -  қалам қас, қиғаш қас, имек қас, айдай боп қиылған жіп-жіңішке қас, жаңа туған айдай иілген қас, шағаланың қанатындай қиылған қас, шолпандай алтын кірпігі, найзадай ірі кірпігі, егіншінің қол орағындай қас, доғаланып жатқан өзен нобайындай жіңішке қас, т.б.

Қарлығаш қанатының ұшындай үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей... (М.Әуезов. Абай жолы. 1-кітап).  

 «Мойын» – аққу мойын, алма мойын, ерекше аппақ мойын, аппақ жұмыр мойын, ақ торғындай мойын, қаз мойын,т.б.

Сұлу әйел мойнына байланысты тұрақты тіркес, теңеулердің сирек ұшырасуы халқымыздың сұлулықты сырт көзден жасырып, қымтап ұстайтынынан болса керек.

Ал қаз мойын тіркесі иілген әдемі мойынды білдіреді. Әуелде аттың сипатына байланысты, кейін сұлу қыз, көрікті әйелдің мойнына қатысты айтылатын тұрақты тіркеске айналған. Қаз бен аққудың кейбір ұқсастығы негізінде «кербездік», «сұлулық » концептісін бейнелейтін жағымды коннотация туған. Қазақ халқында «қаз» құсы жағымды ассоциация тудырса, орыс халқының танымында  оның баламасы «гусь» жағымсыз мәнге ие (гусиная походка, ).

Аққудай иілген мойны, жаңа туған айдай иіле біткен жіңішке қасы, жазық маңдайынан тура түскен әсем мұрны, ителгінің тамағындай аппақ, жұмыр иегі мен қымсынғанда қызыл арай теуіп тұратын нұрлы жүзі, бәрі-бәрі қолдан ойылып жасағандай (Қ.Жұмаділов. Тағдыр)

«Шашы» – жібектей майда шаш, сүмбіледей қара шаш, қолаң жібек шаш, толқынды қою қара шаш, білектей-білектей қос бұрым, тізесіне төгілген білектей бұрым, жылтырап өрілген жуан бұрым, көмірдей шаш,т.б.

Көркем шығармада кездесетін мысалдардағы тілдік тұлғаның қазақ әйелінің сұлулығына қатысты сөздік қолданысы да халқымыздың мәдениетіне, ұлттық болмысына сәйкес келетінін байқатады.

     Менің шашым, адыра қалғыр, айғырдың ту құйрығындай қалың, жуғанда болмаса құрғақ күйінде тарай алмаймын (Ғ.Мүсірепов. Ұлпан).

Информация о работе Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы «қазақ әйелі» концептісінің лингвомәдени сипаты