6. Сөйлемдердің сөздерді білдіретін
мағынасын өзгертпейтіндей етіп
басқа сөздермен алмастыру. Мысалы,
Марат (ол) сөмкесіне оқу құралдарын салды. Марат (оқушы бала) мектепке
ерте келді. Немесе сөзді синоним сөздермен
алмастыру. Мысалы: мұғалім (ұстаз, оқытушы)
сыныпқа кірді.
7. Сөйлемдегі бір грамматикалық
форманы екіншісімен алмастыру.
Мысалы, бірінші жақта формалы
сөйлемді үшінші жақпен, өткен шақ түрін осы шақпен
алмастыру. Сәрсен жайлаудан кеше келген.
Мен жайлаудан кеше келдім. Сәрсеннің
жайлаудан келе жатқан беті.
8. Сөйлемде парафразаны пайдалануға
дағдыландыру. Парафразаның мәнісі
жеке сөздің орнына оның түсінігін сипаттайтын сөздермен алмастыру.
Мысалы: Алматы - әсем қала. Біздің мектеп
ауылдың ең көрікті жеріне орналасқан.
Қазақтың тұңғыш ғалымы атындағы мектеп
ауылдың ең көрікті жеріне орналасқан.
9. Сөйлемдегі сөздерді тұрақты
сөз тіркестерімен алмастыру. Мысалы: Асан Абзалға жәрдем
береді. Асан Абзалға қолғабыс етті.
Тұжырымдағанда, синтаксис туралы
білім беруде оның жазба тілде
қолданылу ерекшеліктері қоса
үйретіледі. Мысалы, 9-сыныпта құрмалас
сөйлем туралы білім, дағды
беру жаттығуларын мына төмендегінше ұйымдастыруға
болады.
Құрмалас сөйлемдердің құрылысын
коммуникативтік мақсаттардың көрінісі
ретінде қарағанда ондай талаптар
бірнешеу, әр түрлі сапада байқалады.
Сонымен бірге коммуникативтік
талаптардың орындалу, жүзеге асу жолдары да түрліше.
Құрмалас сөйлемдердің құрылуына
екі дәрежедегі коммуникативтік
талаптар әсер етеді.
Бірінші дәрежедегі коммуникативтік
талаптар құрмалас сөйлемдердің
хабарлы, сұраулы, бұйрықты болып
құрылуына әсер етеді.
Маған мәймөлеңкемей-ақ
қой, білемін қыздардың пәлетикасын! (А:Нұрманов).
Ойыңдағы орындалған соң, неменеге сен
асығасың? Ер-тоқым алынып, ат босады (С:Мұратбеков).
Екінші дәрежедегі коммуникативтік
талаптар құрмалас сөйлемдердің
үнемі, эмоциялы, актуалды болып құрылуына әсер
етеді. Бұл талаптар үнемділікке талпыну,
эмоциялыққа талпыну, пікірдің мазмұнындағы
бір компонентті актуалды етуге талпыну
ретінде көрінеді. бұларды екінші дәрежедегі
коммуникативтік талаптарға жатқызуымыздың
себебі бар. Өйткені бұл талаптар және
осы талаптарды білдіретін амалдар алдыңғы
(бірінші дәрежедегі коммуникативтік
талаптарды өтейтін) тұлғалардың үстіне
қатысады.
Біз төменде осы екінші дәрежеде
деп аталған коммуникативтік
талаптарды және солардың құрмалас сөйлемдер құрылысынан көрінуін
қарастырайық.
Сөйлеудің өң бойында үнемділікке
ұмтылу талабы қоса жүреді. Осы
компоненттерді ортақ лексикалық,
грамматикалық тұлғаға қатыстырып
құру, мұны біз ортақтастыру амалы
деп атаймыз. Ортақтастыруды екі түрге бөлеміз:
1. Лексикалық ортақтастыру;
2. Грамматикалық ортақтастыру.
Лексикалық ортақтасу – құрмалас
сөйлемнің компоненттеріне бір
немесе бірнеше сөзді ортақ
қатыстырып құрылуынан көрінеді.
Жүзінде қайғы да жоқ, қасірет те жоқ (Ғ:Мүсірепов).
Менің екі бетім дауылдап, өн бойым дірілдеп
кетті (С:Мұратбеков). Тракторды жүргізу
үшін білім керек, айла, тәсіл керек (С:Мұратбеков).
Аталған мысалдарда жүзінде, менің,
тракторды жүргізу үшін әр
құрмалас конструкцияларға кірген компоненттерге
ортақ, бірдей қатысты. Осылай құрылу конструкцияны
ықшам етіп құруға септігін тигізеді,
ортақ лексикалық тұлға тұрлаусыз мүше
қызметінде болады, әрі ол құрмалас сөйлем
бас позициясында тұрады.
Грамматикалық ортақтасу құрмалас сөйлем компоненттерінің
құрамындағы қызмет жағынан тең сөйлем
мүшелерінің грамматикалық формаға ортақтас
болып құрылуынан көрінеді.
Болашақта олар да күтсін, біз
де күтейік. Бәлкім, бөлінген жерлеріміз
жалғасып, бөлінген еліміз бірігіп кетер (У:Қыдырханұлы).
Осы құрмалас сөйлемнің компоненттерінде
баяндауыш қызметінде жалғасып
кетер, бірігіп кетер жұмсалып
тұр. Бұлар форма жағынан ұқсас:
негізгі етістіктер көсемше тұлғада
тұрып, кетер деген көмекші
етістікті телуге тиіс. Осы кетер соңғы баяндауыш құрамында
ғана жұмсалып, алдыңғы компоненттің баяндауышына
да ортақ болып тұр.
Қалай, үй-іштерің аман, бәйбішең
қуатты ма (Ә:Нұршайықов). Бұл мысалда
сұраулық демеулік ма соңғы
компонент құрамында тұр, бірақ
ілгері компонентке де ортақ.
Компоненттердің баяндауыштары
форма жағынан бірыңғай болып
келгенде, тек көмекші сөздер
ғана ортақтасып қоймайды. Негізгі
сөздердің құрамындағы бірыңғай
қосымшалар да ортақтас болып
келеді.
Ағыл-тегіл қар кетер еді. Қызғалтақтар гүл жарып, бәйшешектер
шешек атар еді.
Құрмаластың құрамындағы бірінші
компонент толық түрде былай
айтылар еді: Қызғалтақтар гүл
жарар еді. Бірақ компоненттің
баяндауышы болып келген етістік
келер шақ есімше тұлғасын, көмекші етістікті (еді) бірдей түсіріп жұмсалып
тұр.
Ортақтастыру үдерісіне түскен
салалас құрмалас сөйлемдер сабақтас
құрмалас конструкцияның қатарына
өтеді. Өйткені бірінші компоненттің
етістік баяндауышы көсемше тұлғасына
көшіп, сол форма арқылы келесі компонентпен байланысады. Осылай
өту мына сөйлемде де бар.
Әкем арба жөндеп, шешем құрт
қайнатып жатыр. Сөйлем толық
түрде былай айтылады: Әкем арба
жөндеп жатыр, шешем құрт қайнатып
жатыр.
Күн жылы, жер қарада, қораны жөндеп
алыңдар.
Бұл сөйлем – құрмалас. Бағыныңқы
компоненттердің баяндауыштары
бірыңғай формада – жатыс септік
тұлғада (жылыда, қарада). Соңғы компоненттегі
баяндауыштың құрамындағы жатыс
септік жалғау ортақ.
Шегірілетін тұлғалар есім негізді
болса, ол атау формада қалады, етістік
болса, өткен шақ көсемше формасын қабылдайды.
Ортақтастыру сөйлемнің бірыңғай
мүшелерін ұйымдастыруға да қатысады[60,42]. Бірыңғай мүшелер ретінде септік
жалғауы бірдей зат есім сөздер қатысса,
септік жалғауы соңғы мүшеге ғана жалғанып,
ілгері бірыңғай мүшелер соған ортақ болады:
Қозы, лақтарды көгендеп жүр.
Ортақтасатын мүшенің формалануына
қатысты ереже мына сөйлемнен
байқалады: Қара жерді енді
қар емес, су басты. Шаптығып, тасып,
тасыраңдамаған шолақ сай жоқ. Бұл сөйлем үнемділікке
түспегенде былай айтылған болар еді:
Қара жерді енді қар емес, су селі басты.
Шаптықпаған, тасымаған, тасыраңдамаған
шолақ сай жоқ.
Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер
қатарына кіріп, ортақтасуға қатысқан
сөздер болымсыздық қосымшасын, есімше тұлғасын
бірдей түсіріп барып, көсемше жұрнағын
қабылдаған: шаптықпаған – шаптығып, тасыраңдаған
– тасыраңдап.
Аталған сөздердің ортақтасу
үшін және – п тұлғасын алу
үшін түскен өзгерістері болымсыздық
форма мен көсемше формаларының көне замандағы өзара
байланысының бүгінгі жаңғырығы деп қарауымыз
керек.
Сөздердің коммуникативтік мақсат
қуып құрылуына құрмалас сөйлемдер
жүйесінде қалыптасқан орын тәртібі
ережелері де қызмет етеді.
Құрмалас сөйлемдер жүйесінде үш түрлі орын тәртібі бар дейміз.
1. Базистік (түпкі) орын тәртібі;
2. Кірігу орын тәртібі;
3. Инверсиялық орын тәртібі.
Базистік орын тәртібі құрмалас
сөйлемдердің бастапқы мағыналық-грамматикалық түрлерін ұйымдастыру қызметіне
сай қалыптасқан, яғни бірінші дәрежелі
коммуникативтік талаптарға қызмет етеді.
Базистік орын тәртібінің бір-екі көрінісін
атайық.
1. Құрмалас сөйлемде екі компонентті
байланыстыру үшін баяндауыштық
форма қызмет ететін болса, сол баяндауыш
қатысқан компонент бірінші позицияда
орналасады. Жаңбыр жауса, егін көтеріледі.
Жаңбыр жауып еді, егін көтерілді.
2. Егер баяндауыштар форма жағынан
бірыңғай келсе, компоненттер
мағыналық престижіне (үстемділігіне) сай орналасады. Дала түкті, шөбі
қалың.
3. Жалғаулықты салаластар құрамында
жалғаулық байланыстыратын компонент
соңғы позицияда орналасады. Мысалы,
Осындай істерден бос қалған
және қайда барары да мәлім
емес.
4. Сабақтас құрмалас сөйлемде ілгері позицияда құрылысының
ыңғайына сай бағыныңқы компонент тұрады.
Сіз көшіп келгелі, ісім оңға
басты, құда. Құнанбайдың Тәңірберді
үйіндегі үлкен келіні Қаражан
Қуандыққа апа болып келетіндіктен,
Жарқынбек Ырғызбайларға да арқа
сүйейтін.
Негізгі, түпкі орын тәртібімен
қатар соған салыстырғанда байқалатын
орын тәртібінің көрінісі бар.
Ол құбылма орын тәртібі екі
түрлі:
1. Кірігу тәртібі;
2. Инверсия тәртібі.
Құрмалас сөйлемдердің құрамындағы компоненттер тізіліп орналаспай,
кірігетіні бар[61,87]. Бұл кірігу салалас
құрмаласта да, сабақтас құрмалас жүйесінде
де бар.
Жастықпен құлаған басып, көзі
ұйқыла, көңілі ояу, көпке дейін
дөңбекшумен жатты. Тиген жау,
алдарында қос бар ма, жер ошақ бар ма, білмейді. Күзетші, ойында
балаларды, алдында қойы, көпке дейін ат
үстінде жүрді.
Кіріктерген – мағына, ақпараттық
мәні жағынан үстем сөйлем. Салалас
құрмалас сөйлем құрамында бұл
дәрежеге соңғы позициядағы компонент
ие болып келеді.
Сабақтас құрмалас сөйлем жүйесінде
де кіріктіру бар. Кіріктіретін
– басыңқы сөйлем, кірігетін –
бағыныңқы сөйлем.
Көшпелі ауылдың әдеті – жаз
жайлаған жерін күз, ел көшкен
соң, өртейді. Аттары, қос танауы
шелектей боп, буды бұрқ-бұрқ бүркіп, аршындап келеді. Сонда,
бұған дән түскенше, тағы бір он күн өтеді.
Осы зарлаған үні, Бөжейлер ұзап кеткенше,
басылмады. Өзің, сауатсызбын деп мүсәпірсігенің
болмаса, бәрін көңілге тоқыған мықты
болып шықтың-ау.
Кірігудің себебі: Басыңқы сөйлем негізгі ақпаратты хабарлайды.
Сондықтан сөйлеуші соның тақырыбын
бірінші атап қойғысы келеді. Соны атаған
соң бағыныңқы – дәрежесі төмен ақпаратты
айтатын компонент қатыстырылады. Ибн
Сина адамға әл беретін күш: ол - ән, ән
салу деп есептеген. Осы сияқты мына салалас
сөйлемнің компоненттері де дәрежесі
тең емес.
2.5. Жазба жұмыстарда болатын
қателердің жіктелуі.
Мектепте ана тілі мен әдебиет
пәнін оқытудағы көп жылғы
тәжірибемізді жинақтап нақтылауда
біраз істер істелді. Солардың бірі – оқушылардың жазба
жұмыстарында кездесетін түрлі қате-кемшіліктерді
жіктеп, топтастыру болды. Бұл үшін соңғы
жылдары Солтүстік Қазақстан облыстары
мектептерінің 5-8-сыныптарынын мыңға жуық
оқушылардың әр түрлі жазба жұмыстарын
есепке алдық. Оқушылардың көптеген жазба
жұмыстарында жіберілген қателерді қарастыра
келгенде, былайша топтастыруға болады.
1. Лексикалық-стилистикалық қателер.
2. Орфоэпиялық және орфографиялық
қателер
3. Грамматикалық-стилистикалық қателер: а) морфологиялық
тұлғаларды дұрыс қолданбау; ә) синтаксистік
байланыстың бұзылуы.
4. Логикалық қателер.
1. Лексикалық-стилистикалық қателер.
Байланыстырып сөйлеуде сөздің
лексикалық ұғымын, оның ерекшелігі
мен сан-салалы қызметін ескермей, әдеби
норманы бұзушылық – лексикалық-стилистикалық
қате деп есептеледі.
Мәтінде орынсыз қолданылған,
мағынасы мүлде жуыспайтын сөздері
бар лексикалық қателердің түрлері
мынадай:
Сөз мағынасын жете түсінбеушілік. Бұл қателердің сипаты мынадый
болып келеді. Менің атам алаөкпе аурумен
ауырады. Сәнқой адам өмір сүрмейді. Көктемде
жылқылар құлыншақтайды, түйелер боздайды.
Баян сабаққа өнегесімен қатысады. Шоқан
Уалиханов білімді еңбектер жазды. Қалада
қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын
жәрмеңке болды. Кербездей қуанышты көктем
келді. Шіркін, табиғатқа қарап тұрсаң,
ойыңа бір үлес қосқандай. Жәңгір ханның
өзі қулықшыл болады да, Махамбетті старшин
етіп қояды.
Келтірілген мысалдарда бөлектелген
сөздер мәтінде мағынасы жағынан үлеспейтіні
көрініп тұр. Оқушы ол сөздердің мәнін
айқын түсінбей қолданған.
Лексикалық синонимдер қорының
тапшылығы. Мақсатты ойды жеткізуде
синонимдердің лайықтысын тауып
қолдануға балалар шорқақ. Сөз
таңдау дағдылары жоқ. Сын есімдерден «жақсы, жаман»,
етістіктерден «болды, келді, бастады,
жатыр» деген сияқты сөздер көп қолданылады.
Ауыспалы мағынадағы сөздер тіпті кездеспейді.
Мысалы: Түрмедегі жаман кісілер мебель
жасайды. Қасқыр ашулана бастады. Досымның
мәдениеттілігі өте жақсы. Күзде құстарды
қайғымен шығарып салған адамдар енді
құстарды қуанышпен қарсы алады.
Синоним сөздердің мағыналық
нәзік реңктерін айырмаушылық. Оқушылар
мәндес сөздердің жұмсалу аясын
айыра бермейді. Мағынасы өзара
жуық сөздің кез келгенін талғамай-ақ мәтінде қолдана
салғандықтан, айтылмақ ойдың нәзік сыры
сезілмей, нәрсізденіп, жұтаң тартып кетеді.
Оның үстіне, мәтінде мағынасы жуыспайтын,
балалардың зорлап әкеп қосқан сөздері
оқшауланып көрініп тұрады. Мысалы: Біздің
ауылға дұшпан келді. Мен сәл аяңдап үйге
келдім. Малдар даладағы жаңа өспірім
шөпті жақсы жейді.