Жұмыстың жалпы сипаттамасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 28 Октября 2013 в 20:39, автореферат

Краткое описание

Зерттеудің өзектiлiгi. Жалпытүркілік тектілден (протоязык) өрбіп, өзара тоғысу, қайта ыдырау тәрізді тілдік үдерістерді бірнеше мәрте басынан өткізген, өзіндік ерекшеліктерімен, бітім-болмысымен сараланатын, сан ғасырлық дербес даму жолынан өтсе де жалпытүркілік табиғатын сақтап келе жатқан қазіргі түркі тілдерінің қалыптасу ерекшеліктерін, өзара туыстық деңгейін анықтауға арқау болып отырған құнды тілдік дерек – ҮІI-ІХ ғасырлардан жеткен көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштері тiлi түркi жазба тiлiнiң бiзге жеткен ең көне нұсқасы болғандықтан қазіргі барлық түркі тілдеріне тән басты фонетикалық, грамматикалық заңдылықтардың бағыт-бағдарын, өткен кезеңдердегі қалып-күйін, ортақ лексикалық жүйенің дамуын айқындауға мүмкіндік береді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

кыпчакполовец язык2.doc

— 509.50 Кб (Скачать документ)

Көне түркі әліпбиіндегі дауыссыздардың жуан-жіңішке айтылуына байланысты графикалық таңбаларының түрліше қолданылуы әрбір дыбысты жеке фонема ретінде қарастыруға мүмкіндік береді және көне түркі тілін қазіргі түркі тілдерімен салыстыра қарастыруда, олардың фонетикалық  жүйесіндегі, лексикалық құрамы мен морфологиялық құрылымындағы айырмашылықтарды анықтауда біршама нақтылыққа қол жеткізеді. ҮII-IХ ғасыр түркi жазба ескерткiштерi тiлi қолданыста жоқ өлi тiл болғандықтан оның фонологиялық жүйесiнiң акустикалық, артикуляциялық сапасының жалпы сипаты түркi тiлдерiнiң басты ерекшелiгi үндестiк заңы негiзiнде жуан-жiңiшке, қатаң-ұяң оппозициялары бойынша айқын ажыратылғанымен, дыбыстардың айтылу рефлексiндегi ерекшелiктердi тап басып анықтау мүмкiн емес. Тiл дыбыстарының  фонемалық сипаты айқын белгiлi болған жағдайда олардың жекелеген  туыс тiлдердегi айтылу рефлексiнiң  кейбiр ерекшелiктерi сөз мағынасына дефинициялық реңк беру қабiлетiне де ие бола алатыны фонологияда белгiлi құбылыс. Көне түркi жазба ескерткiштерi фонологиялық жүйесiндегi мұндай нәзiк құбылыстар бiзге беймәлiм болғандықтан көне түркiлiк дауыссыздар жүйесi мен қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi дауыссыздардың гомогендi моносиллабтар құрамында айқын көрiнiс берген, фонетикалық заңдылықтарға тәуелсiз еркiн алмасуының фоно-морфо-семантикалық табиғатына сүйенемiз. Орхон, Енисей, Талас жазба ескерткіштері тілі мен қыпшақ тілдерінде моносиллабтар құрамында бiрнеше дауыссыз фоно-корреляттар кездеседі.

Анлаут жағдайдағы j дыбысының қалыптасу, даму жолы түркі тілдері тарихи фонологиясындағы шешімі табылмаған мәселе. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталған пікірталастар нәтижесінде аталған дыбыстың жалпытүркілік баба тілдің фонологиялық жүйесіндегі алғашқы немесе кейінгі құбылыс екені, сәйкестіктер тізбегіндегі тарихи орны жайлы бірнеше көзқарастарды қамтитын екі түрлі бағыт қалыптасты.  Анлаут j дыбысының көне, түркi, орта ғасыр түркiлерi мен қазiргi түркi тiлдерiндегi қолданыс аясы аталған фонеманың түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiнен түркiлiк баба тiл кезеңiнде-ақ орын алғанын толық қуаттағанымен анлаут ž-ны кейiнгi құбылыс ретiнде қарастыруды негiздей алмайды. ХI ғасыр мұрасы М.Қашқари сөздiгiнде қыпшақ, оғаздардың сөз басында ž дыбысын да қолданылғаны жайлы дерек сақталуы (МҚ. II, 364-389), ҮIII-ХII ғасырлардағы Волга бұлғарларының тiлiнде анлаут ž-ның қолданылуы [13,47-49] қыпшақтық анлаут ž-ны ХIII-ХIҮ ғасырлардың жемiсi ретiнде қарастырудың ұшқарылығын көрсетедi. А.Н.Бернштамның «Языком Западнотюркского каганата стала одна из жекающих наречий, которое с течением времени подчинило себе все остальные иокающее» [28,465-466] деген ойы YII-IX ғасыр түркілері тілінде j, ž дыбыстарының қолданылу мүмкіндігін корсетеді. Көне түркi әлiпбиi дауыстылар жүйесiнде о, u; ö, ü; ï, i(е), а, е жұптарын бiр таңбамен белгiлеу дәстүрi болғаны да белгiлi. Мұндай дәстүр көне түркi диалектiлерiнде фонологиялық мән жүктемей өзара алмаса беретiн дыбыс сәйкестiктерi көрiнiс беретiн бiр сөздiң варианттарын қамту мақсатында қолданылуы мүмкiн, j дыбысының жартылай дауыстылық сапасы да оны таңбалауда дауыстыларды таңбалау дәстүрiн пайдалануға себеп болуы ықтимал.

j фонемасының тарихи даму жолы жайлы бұрын-соңды айтылған теориялық тұжырымдар мен гипотезалардың, дәйектемелердің барлығына дерлік талдау жасаған Б.Сағындықұлы түркі тілдері фонетикалық жүйесінің даму заңдылықтарына, тарихи үрдістеріне, артикуляциялық, акустикалық ерекшеліктеріне, тілдік деректерге сүйене отырып, j фонемасының эволюциялық қалыптасуын Т [с/ш] күрделі аффрикатынан таратып, тш ≈ тс ≈ тй ≈ дй ≈ дж ≈ дз ≈ т‘с‘≈ д‘з‘ ≈ т ≈ д ≈ с ≈ з ≈ ш ≈ ж ≈ й ≈ һ ≈ х ≈ қ ≈ к ≈ ғ ≈ г ≈ с‘ ≈ з‘ ≈ т‘ ≈ д‘ ≈ о дыбыстар сәйкестігі тізбегінің аясында қарастырады [21,18].

j ≈ ž. Көне түркілік анлаут j-дің қыпшақ тілдеріндегі өзгерістері негізінен j ≈ ž сәйкестігінен көрінетiнi белгiлi. Қыпшақ-ноғай топшасының басты белгісі болып табылатын ž-мен сөйлеу дәстүрі қазақ, қарақалпақ тілдерін қамтыған: Күлтегін ескерткішінде jat «жат», jaz «жаз», jol «жол», joq «жоқ» (Айд. І, 211-213) ~ қаз., ққалп. тілдерінде žat, žol, žaz, žoq. Ал осы топшаға кіретін ноғай тілінде j тұлғасы сақталған: jat «лежать», jaz «лето»,  jol «путь, дорога», jok «нет» (РНС, 280, 283, 455, 353). Қыпшақ-половец топшасындағы тілдерде ž-мен сөйлеу балқар тілінде кеңірек белең алған: žol «дорога», žut «глотай», zaj «лето», т.б. Аталған құбылыс қыпшақ-бұлғар топшасында да ішінара кездеседі: тат. тілінде žijņgä «невестка», žijmeš «фрукт», žijl «ветер»,  т.б. Көне түркiлiк анлаут j дыбысының қазiргi қыпшақ тiлдерiнде ž дыбысына өзгеруiн жалпы қыпшақтық белгi ретiнде қарастыруға келмейтiнiн тiлдiк деректер көрсетiп отыр. Анлаут j ≈ ž сәйкестiгi қазiргi қыпшақ тiлдерiнiң бiр бөлiгiн ғана қамтуы, ескi қыпшақ тiлiнiң iшiнде j-тiлдi, ž-тiлдi тайпалардың да болғаны жайлы деректердi нақтылай түседi. Анлаут j ≈ ž сәйкестiгiнiң сөз мағынасына ықпал етпей өзгеруi олардың фонологиялық референттер екенiн көрсетумен қатар, көне түркi тiлiнде анлаут ž-ның қолданыста болу мүмкiндiгiн де кеңейте түседi. j ≈ ø. Қыпшақ тілдерінде жиі кездесетін фонетикалық заңдылықтың бірі көнетүркілік j дыбысының е дауыстысының алдында түсіп қалуы, бірақ е дыбысы біршама созылыңқы айтылады: башқ. ēl «ветер», ēm «корм», ēņ «рукава», (БРРБУС, 23, 24). Әдетте анлаут j-дiң қазiргi тiлдерде түсiп қалуы j-дiң протезалық қасиетiне байланысты тым қарапайым заңдылық ретiнде түсiндiрiледi. Кейбiр тiлдiк деректер анлаут j фонемасының нөльдiк тұлғаға айналуы тек фонетикалық құбылыс емес, тiл дамуында өзiндiк орны,  белгiлi бiр функционалды-идеялық мәнi бар заңдылықтардың iзiн сақтағанын да аңғартады. Түркi тiлдерiндегi «үй» мағынасын беретiн ög ≈ og ≈ ug ≈ üg ≈ oj ≈ öj ≈ uj ≈ üj ≈ ub ≈ üb ≈ eb т.б. тұлғалы моносиллабтар кешенi жалпы түркiлiк ük/üg «собирать, складывать в кучу» етiстiгiмен байланысын қарастырылады. (ЭСТЯ IҮ, 515). üj «үй» сөзiмен üj «үю» етiстiгiнiң генетикалық сабақтастығы түркiтануда толық қабылданған көзқарас емес, қарсы пiкiрлер де бар. üg етiстiгiнiң jïγ «собирать» (ДТС, 265), juk «груз, тяжесть» (ДТС, 285) лексемаларымен төркiндес екенiн тұлғасы да мазмұны да айқындап тұр. Ескерткiштер тiлiнде jïγ/juγ «волить, складывать, собирать» (ДТД, 46): Keligme beglerin budunun ilin jïγïр «Келген бектерiн, халқын жиып жатқанда» Тон. 43 (Айд. II, 142) етiстiгi де, juk «вьюк» (ДТД, 46) сөзi де қолданыста. Қазiргi қыпшақ тiлдерiнде көне түркiлiк jük моносиллабы ортақ мазмұнды сақтай отырып j ≈ ž сәйкестiгiн түзiп те, j дыбысы түсiп қалып та қолданылады; қаз., ққалп., қырғ., қ.балқ. žük, тат., ноғ., башқ. jük, қар. jik «грузь»; қаз., ққалп. üj, тат., башқ. öj «складывать, сваливать». Қазақ тiлiнде анлаут ž-ны сақтаған тұлға жүк → жүктi, жүкте, жүктеме т.б. сөздерi арқылы берiлсе, ž(j)-дiң түсiп қалуы арқылы қалыптасқан тұлға үй → үйме, үйiндi т.б. сөздерiн белгiлейдi, үйме – жүйме қос сөзi екi тұлғаны да сақтап тұр. Қазақ тiлiндегi üj ≈ zïj корреляттары бойынша ž, ü дыбыстары iс-әрекеттiң сапасын нақтылаушы қызмет атқаратынын аңғарамыз, үй «затты т.б. қалай болса солай үю, жинау», жи → жый «белгiлi бiр реттiлiктi сақтап жинау», жүк лексемасының қазақ танымындағы алғашқы мәнi де «түйеге арту үшiн реттелiп, жиналған зат».

Көне түркі ескерткіштері  тіліндегі бір буынды түбірлер мен  түбір-негіздер соңындағы j дауыссызы қазіргі қыпшақ тілдерінде негізінен сақталған, мысалы: қаз., ққалп. тілдерінде aj,  baj, qïj(ïn), uj(a), башқ. тілінде – aj «луна, месяц», baj «богатый», qïj(ïn) «трудность», oj(a) «гнездо» (БРРБУС, 9, 13, 43, 107); құм. тілінде aj «луна», baj «богатый», uj(a) «гнездо», qïj(ïn) «трудный» (РКС, 154, 385, 1030, 153); ноғ. тілінде aj «луна», «говорить», baj «богатый», uj(a) «гнездо» (РНС, 289, 131); тат. тілінде aj «луна», äj(tiw) «говорить», boj «богатый», oja «гнездо» (ТРС, 27, 52, 417). Енисей ескерткіштерінде жиі ұшырасатын «увы, ох» мәніндегі ïj сөзі қазақ тiлiнде өкінішті, ауырсынуды білдіретін  ïj/іj одағайы, «тек, ру» мағынасындағы uj(äl) моносиллабы üj(elmen) «отбасы» сөзiнде сақталған. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi моносиллабтар соңындағы j дыбысының қазiргi қыпшақ тiлдерiнде толық сақталуы аталған тiлдердiң тарихи-генетикалық сабақтастығын тереңдете түседi.

Түркi тiлдерi консонантизмдер  жүйесi дамуындағы ең көне фонемалар  қатарында аталатын қатаң р дыбысы Орхон-Енисей, Талас ескерткіштерінде негізінен моносиллабтар соңында ғана кездеседі. Сөз басында қолданылуы өте сирек, екi-үш сөздi ғана қамтиды. p ≈ υ. Этноним ap(ar) қазiргi қыпшақ тiлдерiнде υ тұлғасымен қалыптасқан: tüpüt, apar, nurum ... bunča budun kelipen «... авар, үрiм сонша халық келiп» КТү. 4 (Айд. I, 172) ~ қаз., ққалп., ноғ., тат. т.б. aυar. Авар этносының түркiлiк тегi жайлы пiкiрлер айтылып жүргендiктен apar этнонимiнiң де түркi лексикасына қатысы болуы мүмкiн. р ≈ b сәйкестiгi tüpüt онимiнен көрiнедi: қаз, ққалп., ноғ., тат., т.б. tijbet. Кiрме сөздер құрамындағы р ≈b, р≈υ сәйкестiктерi жалпы түркiлiк сөйлеу дәстүрiне байланысты қалыптасқан ерекшелiктер. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi тiлiндегi таза түркiлiк моносиллаб құрамындағы ауслаут р қазiргi қыпшақ тiлдерiнде қатаңдық сапасын толық сақтағанмен ескерткiштер тiлiнiң өз iшiнде ауслаут р, b тұлғалы түбiрлес моносиллабтар қатар қолданылады: qab «хватать», qab «мешок», qab(ïs) «присоединять», qab(ïs) «воевать» (ДТД, 49, 120) ~ qap(ïγ)/qap(ïγ) «ворота», qap(ar) «ворота» (ДТД, 50, 51). Бұл құбылыс қазiргi түркi тiлдерiнде морфема жiгiндегi қатаң р дыбысының өзгерiстерiнен кеңiнен орын алған.

Көне түркі тiлiнде  анлаут b дыбысы жиі қолданылатын фонемалар қатарына жатады. Дыбыстық тiлдiң генезисi тұрғысынан, алғашқы түркiлердiң акустикалық-артикуляциялық мүмкiндiгi аясында қарастырғанда қатаң дауыссыздардың алғашқылығы жайлы гипотезалардың негiздi болуы да мүмкiн. Ал түркiлiк баба тiлмен (пратюркский) тiкелей хронологиялық жалғастықта қалыптасқан көне түркi тiлiнде анлаут b-ның айқын сақталуы (бұл жөнiнде ешқандай пiкiр қайшылығы жоқ) түркiлiк баба тiл дәуiрiнде-ақ анлаут b-ның белгiлерi болғанын аңғартады. Себебi өзара жалғасып жатқан хронологиялық кезеңдердi қамтитын бiр тiлдiң даму үрдiсiнде сабақтастықтың сақталмауы мүмкiн емес. Орта ғасыр түркi ескерткiштерi тiлiнде де анлаут b-ның қолданылғанын тiлдiк деректер толық қуаттайды. Сондықтан теориялық тұрғыдан билабиаль b дыбысының қатаң p фонемасынан қалыптасу мүмкiндiгiн қолдай отырып, анлаут b-ның түркi тiлдерi дамуының ерте кездерiнде p дыбысымен қатар қолданыста болғаны жайлы көзқарастардың негiздiлiгiн көрсеткiмiз келедi. b ≈ m. ben ≈ men «я» (ДТД, 33): Bilig esi čab esi ben körtim «Бiлiк иесi, сөз иесi (деп )менi көрдi» Тон., 7 (Айд. II, 105) ~ қаз., ққалп., қар, құм., қбал., ноғ. men, тат., башқ. mijn. Ескерткiштер тiлiнде анлаут b ≈ m сәйкестiгiнiң қолданылуы аталған сәйкестiктi көне түркi және қыпшақ тiлдерiндегi ерекше дифференциал белгi ретiнде қарастыруға келмейдi, мысалы Орхон, Енисей ескерткiштерiнде кеңiнен қолданылған beņgü/beņkü «мәңгi» сөзiнiң meņkü Е. 39 (ДТД, 60) тұлғасы Енисей ескерткіштерінен тiркелсе, Тониқук ескерткiшiндегi ben «мен» сөзi Бiлгеқаған, Мойун-Чур, Күлтегiн және Енисей ескерткiштерiнiң кейбiрiнде men (ДТД, 60) түрiнде тұлғаланған. Бiр өңiрде орналасқан ескерткiштер тiлiнде анлаут m, b дыбыстарының фонологиялық мән жүктемей араласа қолданылуы, көне түркiлердiң сөйлеу тiлiнде де m-мен сөйлеу дәстүрi де b-мен сөйлеу дәстүрi де болғанын көрсетедi. Көне түркi әлiпбиiндегi b дыбысының тiгiнен орналасқан   таңбасы m дыбысын белгiлейтiн көлденеңiнен орналасқан таңбаларына сәйкес келуi көк түркiлер тiлiндегi осы ерекшелiктi меңзеуi де мүмкiн. Ауслаут b қазiргi қыпшақ тiлдерiнде бiршама өзгерiстерге түседi. b ≈ w. aυ ~ aw «охота» (ДТД, 32): Ab ablasar erim eli tegirti «Аң ауласа ерлердiң елi белсенiп шығар едi» КЧ., 9 (Сартқ. 232) ~ қаз., башқ., тат., ққалп. aw. Бұл құбылыс қыпшақ тiлдерiн толық қамтымаған, мәселен, қыпшақ-ноғай топшасындағы ноғ. тiлiнде υ тұлғасымен сақталған. aυ(laυ) «ловля», aυ(as) «охота» (РНС, 287, 403). Қыпшақ-половец топшасында да осы тұлға қолданылады: қар. aυ; құм. аυ(ču) «охотник» (РКумС, 382). b ≈ υ. қазiргi түркi тiлдерiнде комбинаторлық өзгерiстерге жататын әдеттегi құбылыс ретінде қарастырылғанымен түркi тiлдерi дамуындағы w ≈ p ≈ b ≈ υ сәйкестiгiнiң аясына кіретін тарихи өзгеріс. b ≈ j. ob(ut) ≈ uj(at) «стыд»: Arïγ obutï jig tidi «Таза ұят игi дедi» Тон. 37 (Айд. II, 111) ~ қаз., ққалп., ноғ. uj(at), тат., башқ. oj(at). Ауслаут b ≈ j сәйкестiгi түркi тiлдерi фонологиялық жүйесiндегi шешiмi табылмаған күрделi құбылыстар қатарына жатады [СИГТЯ,184].

Фонологиялық еңбектерде m дыбысы p/b дыбыстарымен сабақтастыра қарастырылады.  Б.Сағындықұлы m дыбысы тiкелей b, p дыбыстарынан емес, аралық n дыбысы арқылы қалыптасқанын көрсетедi [28,50]. Ғалым пiкiрi моносиллабтар соңындағы немесе морфема жiгiндегi құбылыстарға негiзделген, мысалы: сен+бе → сембе. Ал анлаут жағдайдағы b ≈ m сәйкестiгiнде жанама ықпал байқалмайды. Моносиллабтық деңгейдегi анлаут m дыбысының қалыптасуы мен ауслаут m фонемасының қалыптасуында өзiндiк тарихи ерекшелiктерi бар екенi аңғарылады. Ескерткіштер тіліндегі моносиллабтар құрамында анлаут m сирек кездессе, ауслаут m дыбысы бiршама жиi қолданылады. m ≈ b. men ≈ ben, min ≈ bin, mïņ ≈ bïņ, т.б. Көне тiлге де қазiргi тiлдерге де ортақ бұл құбылыс негiзiнен анлаут жағдайда кездесетiнiн жоғарыда атап кеттiк (қараңыз: b дыбысының өзгерiстерi). m ≈ ņ.Дауыссыз m дыбысының ņ фонемасына өзгеруi моносиллаб соңында бiр сөзде ғана кездеседi, басқа сөздерде m сақталған. tam(γa) ≈ taņ(ba) «тамга, клеймо» (ДТД, 70): türgis qaγanta Maqrač tamγačï, Oγuz Bilge tamγačï kelti «Түргеш қағаннан Мақраш таңбашы, оғыз Бiлге таңбашы келдi» КТү. 53 (Айд. I, 182) ~ қаз. taņ(ba). Ауслаут позициядағы m ≈ ņ сәйкестiгi қыпшақ тiлдерiн толық қамтыған құбылыс емес, ноғ., ққалп. tam(γa).

Тiл алды n сонанты жалпы түркi тiлдерi бойынша сөз басында сирек қолданылатын фонема. Ескерткiштер тiлiндегi n дыбысының қатты айтылатын (ne «не?», neke? «не үшiн») және жұмсақ айтылатын (qanï «қайда», jana «және», altun «алтын») түрлерi ажыратылады [СИГТЯ,322-21]. Дауыссыздардың ауслаут жағдайда екпiндi, екпiнсiз айтылуы экспрессивтiк реңкке байланысты өзгере беретiнi барлық тiлдерге тән құбылыс болғандықтан бiр фонеманы екiге жiктеудiң ретi жоқ сияқты. Орхон, Енисей, Талас ескерткiштерi анлаут n қазiргi қыпшақ тiлдерiнде өзгерiссiз сақталған. Ауслаут жағдайда ņ дыбысына ауысуы байқалады. n ≈ ņ. jan ≈ jeņ/žеņ «побеждать» (ДТД, 42): Anï janïp, Türgi jarγun költe buzdimïz «Оны жеңiп, Түргi Иарғын көлiнде талқандадық» КТү. 34 (Айд. I, 178) ~ қаз., ққалп. žеņ, тат. jeņ, башқ. еņ. Имплозивтiк мұрын жолды сонор фонемалар n, ņ дыбыстарының жасалу жолдары өте ұқсас болғандықтан ауслаут жағдайда өзара ауысуы табиғи заңдылық.  Ескерткiштер тiлiндегi моносиллабтар соңындағы ņ дыбысының қыпшақ тiлдерiнде өзгеруi бiр сөздiң құрамында ғана кездеседi, басқа сөздерде толық сақталған. ņ ≈ j ≈ υ. *süņ/*seņ ≈ *süj ≈ suυ → süņ(uk)/seņ(ük) ≈ süj(ek) ≈ suυ(aq) «кость» (ДТД, 66): qanïņ subča jügürti, süņüküņ taγča jatdï «Қаның судай ақты, сүйегiң таудай болып жатты» КТү. 24 (Айд. I, 176) ~ қаз., ққалп. süj(ek), тат. söj(äk) (ТРС, 502), ноғ. suυ(ek) (РНС, 268), құм. sijuek (РКумС, 355). ņ ≈ j сәйкестiгiн түзетiн түбiрлес сөздерден мағыналық дербестiктi де аңғаруға болады. Орхон ескерткiштерi тiлiндегi süņ(ug) «копье» (ДТД, 66): сөзi қазақ тiлiнде süņ(gi) түрiнде моносиллабтық негiздi сақтай отырып қолданылады. Осы сөзбен түбiрлес süj(men) лексемасы бар: сүймен «қатқан жердi, мұзды оятын ауыр және ұшты сом темiр, лом», «балық аулауда қолданатын темiр үштi таяқ» (ҚТТС ҮIII, 410); татар тiлiнде söjmän «вид лома» (ТРС, 500). *süj,* süп, моносиллабтарында сақталған ортақ мазмұн олардың гомогендi негiздер екенiн анық аңғартады, iлкi түбiрi *sü, моносиллаб соңындағы j және ņ дыбыстарынан сөз мағынасын даралап, нақтылай түсетiн идеялық реңк байқалады.

Ескерткiштер тiлiнде сөз  басы l фонемасы үш сөзде ғана кездеседi, оның екеуi қытай антропонимдерi lüsün taj seņün «имя» (ДТД, 60); likeņ «кiсi аты» (Айд. II, 216): Онгин жазбаларында lüj «дракон» (ДТД, 60) лексемасы қолданылған: ~ қаз. uluw, қар., ққалп. uluυ. uluw лексемасын қытай, тибет тiлдерiнен енген кiрме элемент ретiнде қарастырушы пiкiрлер бар. Э.В.Севортян түркi тiлдерiндегi uluυ/uluw тұлғасы тибет тiлiндегi klu сөзiнен гөрi lu лексемасына жақын екенiн көрсетедi. (ЭСТЯ I, 591). Синхронды тұрғыдан қарағанда көне түркiлiк lüj сөзiнiң қазiргi қыпшақ тiлдерiндегi қолданысынан да анлаут l-дiң протезалық дыбысты қабылдау мүмкiндiгi аңғарылатын сияқты. Диахронды негiзде алсақ, lüj *ul моносиллабынан туындаған, u протезалық дыбыс емес, жалпы түркiлiк *ul ≈ *ül → ulï/ulïγ/ulγaj/ulas ≈ ülken моносиллабының негiзгi құрамындағы редукцияға ұшыраған дыбыс.

Қыпшақ тiлдерiнде моносиллабтар  соңындағы көне түркiлiк l дыбысы екi сөзде ғана өзгерiске түскен, басқа сөздерде толық сақталған. l ≈ t. ол(ur) ~ ot(ur) «сидеть» (ДТД, 126). Түркi тiлдерiнде otïr/odïr/olur/oltur т.б. түрiнде қолданыла беретiн «отыр» мәнiн беретiн етiстiк ескерткiштер тiлiнде olur тұлғасымен сақталған: neņ jïlsïγ budunqa olurmadïm «Ең болмаса, бай халыққа отырмадым» КТү.  26 (Айд. I, 179) ~ қаз., ққал. otïr, тат. ūtïr, башқ. utïr/ultïr, қар., қырғ. otur, құм. oltur, ноғ. oltïr. Қыпшақ тiлдерiнде көне түркiлiк l тұлғасы мен t тұлғасы қатар қолданылады. Э.В.Севортян «Глагол otur восходит к более старой форме oltur через ottur и далее к ol» (ЭСТЯ I, 491) деген пiкiрi арқылы етiстiктiң археформасы ol моносиллабы екенiн көрсетедi. Қыпшақ тiлдерiндегi otur/otïr лексемаларының бастапқы тұлғасы ottïr/ottur, екiншi буын басындағы t дыбысы элизияға ұшыраған. *ol, *ot моносиллабтары l ≈ t сәйкестiгiн түзiп тұр. Түркi тiлдерiндегi orun «место, трон, престол» (ДТС, 372): қаз., ноғ., ққалп., қар. orïn, құм., қбалқ., қырғ. orun, тат., башқ. urïn лексемасы құрамындағы *or/*ur моносиллабының  мәнi арқылы *ol, *ot, *or моносиллабтарының әрi етiстiк, әрi есiм мәндi ортақ мазмұнға негiзделген гомогендi синкретизмдер екенiне толық көз жеткiзуге болады. l ≈ r. bul(uņ) ~ bur(ïš): tört bulundagï budïnïγ qop baz qïltim «Төрт бұрыштағы халықты көп бейбiт еттiм» КТү. 30 (Айд. I, 177) ~ қаз. burïš: дүниенiң төртбұрышы. *bul ≈ *bur моносиллабтарының ортақ негiзi *bu тұлғасы. Түркi тiлдерiндегi l ≈ r сәйкестiгi түбiрлес сөздерде фонологиялық мән жүктемей де, семантикалық реңк арқалап та қолданылуы сирек те болса кездеседi: ül(ker) ≈ ür(ker) «плеяды» (ДТС, 625), қаз., ққалп. ül(ker), башқ. ül(kär), қырғ. ür(kör). ül(ker), ur(ker) лексемаларының түбiрi *ul/*ur моносиллабтары (ЭСТЯ, I, 630, 634). Зерттеушiлер морфема жiгiндегi l ≈ r сәйкестiгiн бiрiншi морфема соңындағы l-ға екiншi морфема басындағы r-дiң әсерi арқылы түсiндiредi: qolromal ≈ qoromal «носовой платок» [СИГТЯ,349]. Мұндай тұжырым дербес лексема деңгейiндегi моносиллабтар соңындағы өзгерiстi түсiндiре алмайды. l ≈ r сәйкестiгiнiң залал ≈ зарар «зиян» жұбы тәрiздi кiрме элементтердi де қамтуы аталған құбылыстың түркi тiлдерi қалыптасуымен бiте қайнасқан төл ерекшелiк екенiн бiлдiредi.

Информация о работе Жұмыстың жалпы сипаттамасы