Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Октября 2013 в 19:17, курсовая работа
Курстық жұмыстың мақсатына сай мына міндеттері орындалады:
азаматтық-құқықтық қатынастар мазмұны және олардың түрлерін қарастыру;
азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілеріне тоқталу;
азаматтық-құқықтық қатынастар ретіндегі мүліктік игіліктер мен құқықтарға сипаттама беру.
Курстық жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады.
КІРІСПЕ 2
1 АЗАМАТТЫҚ –ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ, ЭЛЕМЕНТТЕРІ 4
1.1 Азаматтық-құқықтық қатынастардың мазмұны 7
1.2 Азаматтық-қүқықтық қатынастардын субъектілері мен объектілері 8
1.3 Заңды фактілер 11
2 МҮЛІКТІК ИГІЛІКТЕР МЕН ҚҰҚЫҚТАР АЗАМАТТЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАР ОБЬЕКТІЛЕРІ РЕТІНДЕ 14
2.1 Мүліктік игіліктер мен құқықтар 14
2.2 Азаматтық құқықтық қатынастар объектілері ретіндегі мүліктік емес игіліктер мен құқықтар 21
ҚОРЫТЫНДЫ 23
ПАЙДАЛЫНЫЛҒАН ҚАЙНАР КӨЗДЕР ТІЗІМІ 25
Құқықтық қатынастардың мазмұнын құрайтын элементтер-субъективтік құқықтар өзіңдік және берілетін субъективтік құқықтарға болінуі мүмкін.
Иелерімен тығыз байланысты құқықтар өзіндік құқықтар деп аталады (мысалы, белгілі бір аппараттың өнертапқышы аталу құқығы), осыған орай, барлық басқа өкілеттіктерді берілетін құқықтар деп атауға болады.
Субъективтік міндет дегеніміз — міндетті адамның байқалуға тиісті мінез-құлқының заңды жолмен қамтамасыз етілген шарасы. Азаматтық-құқықтық қатынастарының мазмұнын құрайтын субъективтік құқықтар мен оның қатысушыларының міндеттері өзара тығыз байланысты, әрбір субъективтік құқықтың тиісті міндеті бар және керісінше. Құқықтық қатынастардың бір тарабындағы субъективтік құқықтың міндетті адамнан белгілі бір әрекеттерді жасауды талап етуіне келесі тарапынан осыңдай әрекеттер жасауға бағытталған субъективтік міндеті сай келеді. Демек, құқық берілген адамның белгілі бір әрекеттер жасау жөніндегі субъективтік құқығына құқықтық қатынастардың келесі қатысушысының бұл құқықты жүзеге асыруға кедергі жасамау, оны бұзбау міндеті сәйкес келеді.
Азаматтық-құқықтық қатынастарды және тиісінше субъективтік азаматтық құқықтарды болу (жіктеу) түрлі негіздерге сәйкес жүргізілетіндіктен, әрбір өкілеттіктің әдетте бірнеше белгілері болады. Мәселен, көркем туынды жасаушының оның авторы болу құқығы осымен бір мезгілде оның өзіндік, мүліктік емес, абсолюттік құқығы болып табылады. Осы автордың баспадан қаламақы алу құқығы бір мезгілде берілетін, мүліктік, салыстырмалы құқық болып табылады.
Құқықтық қатынастарға қатысушылардың субъективтік құқығы кейде көптеген әрекеттерді жасау мүмкіндігін немесе міндетті адамнан көптеген әрекеттер жасауды талап ету мүмкіндігін қамтиды. Мұндай жағдайда субъективтік құқық күрделі болуы мүмкін, оның мазмұнын қарапайым құрамдас элементтер - жекелеген өкілеттіктер қүрайды. Бірақ құқықтық қатынастың шегінде өкілеттіктер біртекті немесе әртекті болуы мүмкін. Мәселен, мүліктік жалдау шартында жалдаушының құқығы жалға алынатын мүлікті иелену және пайдалану мүмкіндігін қамтиды (заттық, абсолюттік өкілеттіктер), сондай-ақ жалға берушіден күрделі жөндеуді дер кезінде жүргізуді талап ету мүмкіндігін қамтиды (міндеттемелік, салыстырмалы өкілеттік). Заң тұрғысынан алғанда, әртекті өкілеттіктерді қамтитын мүндай күрделі құқықтарды кешенді құқықтар деп атауға болады.
1.2 Азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері
Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушы тұлғалар олардың субъектілері болып табылады. Азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің ауқымы АК 2-тарауында айқындалған. Құқық, оның ішінде азаматтық құқық реттеп отыратын қатынастар қоғамдық қатынастар, яғни адамдар арасындағы қатынастар болып табылады. Жекелеген индивидтер, сондай-ақ олар құрайтын ұжымдық түзілімдер осындай қатынастардың қатысушылары бола алады. Заң актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде азаматтық құқық субъектілерін белгілеу үшін әдетте “тұлғалар” деген жинақтаушы термин пайдаланылады. Азаматтық-құқықтық қатынастарға құқық берілген немесе міндетті адам ретінде қатысу мүмкіндігі құқық субъектіліктің болуын талап етеді, ал ол құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін қамтиды. Азаматтық құқықтарды иеленіп, міндеттер атқару қабілетін құқық қабілеттілігі деп түсінеміз. Өз әрекеттерімен құқықтарды иеленіп, оларды жүзеге асыру, сондай-ақ міндеттерді белгілеп, орындау қабілеті әрекет қабілеттілігі болады.
Жеке индивидтерді жеке адамдар деп атайды. “Жеке адамдар” ұғымы Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қамтиды. Басым көпшілік жағдайда азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері Қазақстан Республикасының азаматтары болады, сондықтан құқықтық нормаларда, әдетте, азаматтар жонінде соз болады. Бұл осындай нормалардың қағидалары тек Қазақстан Республикасының азаматтарына таралады дегенді білдірмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабына сәйкес, Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
Егер олардың заңды тұлға мәртебесі болса, адамдар құратын ұжымдық құрылымдар (ұйымдар) азаматтық құқық субъектілері болып танылады. Ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері азаматтық құқықтың субъектілері бола алмайды, өйткені олар заңды тұлғалар болып танылмайды (АК-тің 43-бабы).
Меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар жөне сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіндік құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады [АК, 11-бет]. Қызметінің мақсаттарына қарай заңды тұлғалар коммерциялық және коммерциялық емес занды тұлғаларға бөлінеді. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс табуды көздейтін заңды тұлғалар коммерциялық ұйымдарга жатады. Коммерциялық емес ұйымдар табыс табудан өзге мақсаттар үшін құрылады. Мәселен, діни бірлестіктің негізгі мақсаты бірлесіп ғибадат ету және тиісті дінді уағыздау болып табылады. Заң актілерінде көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда ғана заңды тұлғалар құруға болады. Коммерциялық ұйымдар үшін мұндай нысандардың жеткілікті тізбесі АК-те берілген (34-бап).
Жеке және заңды тұлғалармен қатар, азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушылары мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер (облыстар, аудандар, қалалар және т.б.) болуы мүмкін, бұлар азаматтық-құқықтық қатынастарда осы қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негіздерде әрекет етеді (АК-тің 111, 112-баптары). Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер заңды тұлғалар болып табылмайды, алайда заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуын анықтайтын нормалар бұларға да қолданылады (заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа реттерде).
Осыған орай, жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ адамдар), заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы және әкімшілік-аумақтық бөліністер азаматтық-құқықтық қатынастардың субъектілері бола алады.
Азаматтық-құқықтық қатынастардың объектілері. Құқықтық қатынастардың объектілері жөнінде заң әдебиеттерінде әр түрлі көзқарастар бар. Бір авторлардың пікірінше, оның субъектілерінің мінез-құлқы ғана құқықтық қатынастардың объектісі бола алады. Ал оның субъектілерінің материалдық немесе материалдық емес игілігіне бағытталған мінез-құлқы, тиісінше, азаматтық-құқықтық қатынастардың объектісі болып табылады. Цивилистердің көпшілігі қуаттайтын пікір бойынша, құқықтық қатынастардың объектісі азаматтық-құқықтық қатынастардың да объектісі болады.
Азаматтық құқықтар объектілерінің негізгі түрлері АК-тің 115-бабында аталған, мұнда олар мүліктік және мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтарға бөлінеді. Мүліктік игіліктер мен құқықтарға, атап айтқанда, заттар, ақша, оның ішінде шетелдік валюта, бағалы қағаздар, жұмыстар, көрсетілетін қызмет, шығармашылық интеллектуалдық қызметтің объективтелген нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және өзге де дараландыру құралдары, мүліктік құқықтың өзі де жатады. Мүліктік емес өзіндік құқықтар мен игіліктерге адамның өмірі, денсаулығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделі, ізгі атағы, жеке өміріне қол сұғылмайтындығы, жеке және отбасылық құпиясы, есіміне құқығы, авторлық қүқығы, шығармаларына қол сұғылмау құқығы және басқа материалдық емес игіліктері мен құқықтары жатады.
1.3 Заңдық фактілер
Азаматтық-құқықтық қатынастар ұғымынан бұл - құқыққа қабілетгі адамдар арасындағы заң нормалары реттеген қатынас деген түсінік келіп шығады. Демек, құқықтық қатынастар тууы үшін құқықтық норма болуы тиіс, ал ол осы түрдің құқықтық қатынастарының және оның қатысушылары бола алатын субъектілердің құқық қабілеттілігінің пайда болуын көздейді. Алайда мұндай мән-жайлардың болуы өзінен-өзі белгілі бір қатысушылар арасында белгілі бір құқықтық қатынастарды туғыза қоймайды. Бұл — оның пайда болуының қажетті абстрактілік алғышарттары ғана.
Құқықтық қатынастар пайда болуы үшін нақты адамдар арасында нақты құқықтар мен міндеттер туғызатын нақты мән-жайлар қажет болады. Азаматтық-құқықтық қатынастарды өзгерту немесе тоқтату үшін де осындай мән-жайлар қажет болады. Мұндай мән-жайларды заңдық фактілер деп атайды. Өзіндік адресі, иесі жоқ құқықтық нормадан өзгеше, зандық факті қашан да дербес бағытты болады. Сондықтан оны құқықтық қатынастардың нақты алғышарты деп тануға болады.
Сонымен, заңдық факті дегеніміз — заң құқықтық қатынастардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын онымен байланыстыратын мән-жай.
АК-тің 7-бабы зандық фактілерге арналған. Алайда бұл бапта аталған заңдық фактілердің тізбесі жеткілікті емес. Құқықтық қатынастар субъектілерінің еркіндігі азаматтық құқықтың негізгі принциптерінің бірі болып табылатындықтан (“заңда тікелей тыйым салынбаған нәрсенің бәріне рұқсат етілген”), олар өздері үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді түзе алады, яғни 7-бапта тікелей аталмаған, сондай-ақ заңдарда тыйым салынбаған өздерінің тікелей әрекеттерімен азаматтық-құқықтық қатынастарға түсе алады. Мысалы, қаржыландыруға қатысу туралы келісім занда тікелей аталмаған, оған тыйым да салынбаған. Сондықтан бұл келісім азаматтық құқықтар мен міндеттер туғыза алады.
Құқықтық қатынастардың тууына себепші болатын ықпал ету тетігіне қарай зандық фактілер мынадай топтарға бөлінуі мүмкін: құқықтық қатынастардың болашақ немесе осы сәттегі қатысушылардың іс-әрекеттері; үшінші тұлғалардың іс-әрекеттері; оқиғалар.
Нақты жігерлі мінез-құлық актілерін іс-әрекеттер деп түсінеміз. Олар заңды немесе заңсыз іс-әрекеттер болуы мүмкін. Заңды іс-әрекеттер өзара құқықтық қатынастардың пайда болуына бағытталған. Бұлар — мәмілелер (АК-тің 147-бабы), оның ішінде — шарттар. 147-бап заңда тікелей көзделген мәмілелер (шарттар) туралы (мысалы, сатып алу-сату, мердігерлік, тасымал және т.б), сондай-ақ занда тікелей көзделмеген мәмілелер (шарттар) туралы баяндайды.
Құқықтық нәтижеге жетуге тікелей бағытталмағанымен, зандарда белгіленген ережелерге байланысты оны туғызатын іс-әрекеттер (мысалы, үй тұрғызу, кітап жазу, өнертабыстық жасау) орынды заңдық фактілер болуы мүмкін.
Үшінші тұлғалардың мақсатты іс-әрекеттері бойынша да құқықтық қатынастар тууы мүмкін. Әдетте бұл — әкімшілік акт (мысалы, меншік иесі-мемлекеттің мүлікті бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне беруі). Соттың құқық белгілейтін шешімдері де осындай актілерге жатады. Заңдық фактілердің бұл түрінің ерекшелігі — олардың жігерлі іс-әрекеттері арқылы азаматтық-құқықтық қатынастар туатын үшінші тұлғалар олардың қатысушылары болып саналмайды.
Азаматтық-құқықтық қатынастарды туғызатын іс-әрекеттер заңсыз, яғни занда тікелей тыйым салынған іс-әрекеттер болып шығуы да мүмкін. Мұңда, әдетте, іс-әрекеттер жасайтын субъектілер үшін ұнамсыз болғанымен, осыған қарамастан, оларға басқа тұлғалардың келтірген залалын ретке келтіру міндетін жүктейтін құқықтық қатынастар пайда болады. Мысалы, бөтен мүлікті бүлдіру не оны заңсыз ұстап қалу.
АК-тің 7-бабы оқиғаларды, яғни қатысушлардың еркінен тыс пайда болатын мән-жайларды да заңдық фактілерге жатқызады. Мұнда, ең алдымен, табиғи фактілерді атау керек (адам өлімі, жанып кеткен сақтандырылған мүліктің құнын төлеу міндетін туғызатын найзағайдан өрт шығуы, табиғат апаттары және т.с.с.). Басқа адамдардың іс-әрекеттері құқықтық қатынастарға қатысушылар үшін объективті оқиға болуы мүмкін (мысалы, бөгде адамның үйді қасақана өртеуі өрт қоюшының жәбірленуші үй иесімен құқықтық қатынасы үшін заңсыз әрекет және үй иесінің сақтандыру компаниясымен құқықтық қатынасы үшін — оқиға болып табылады).
Заңдық фактілердің ерекше түрі — мерзімдер оқиғаларға жуықтайды (мерзімдер туралы АК-тің 6-7-тарауларынан қарау).
Кейбір жағдайларда құқықтық нәтижеге жету үшін бірлі-жарым заңдық фактінің пайда болуы да жеткілікті. Мәселен, бөгде мүлікті бүлдіру кінәліге залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Басқаша жағдайларда, фактілердің белгілі бір жиынтығы болғанда ғана құқықтық нәтижеге қол жетеді. Мысалы, сатып алу-сату шартын жасасып, іс жүзінде затты беретін — бір мезгілде немесе бірінен соң бірі жасалатын екі әрекеттің нәтижесінде сатып алушыда сатып алатын затқа меншік құқығы пайда болады. Кейде үш, төрт, бес және одан да көп заңдық фактілердің жиынтығы бойынша ақырғы заңдық салдар туады. Қарастырылатын мұндай жиынтықты әдетте іс жүзіндегі немесе заңдық құрам деп атайды.
Зандық күй деп аталатын жағдайды заңдық фактілердің ерекше санатына жатқызуға болады. Бір реттік актілерді жасамаудан емес, заң құқықтық маңыз беретін тұлғаның немесе заттың белгілі бір құқықтық немесе іс жүзіндегі қасиеттері болуынан байқалатын мән-жайларды заңдық күй деп түсіну керек. Мысалы, қайтыс болған адаммен жақын туыстық байланыс - мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болу негіздерінің бірі.
Заңдық күйдің зандық факті ретінде маңызды ерекшелігі бар: ол құқықтық қатынастарды өз бетінше туғызбайды, өзгертпейді және тоқтатпайды, бұл мақсат тек басқа фактілердің қосымша пайда болуынан жүзеге асады. Демек, заңдық күй едәуір күрделі фактілік құрамның элементі бола алады.
Құқықтық қатынастарға қатысушылардың еркіне тәуелді болумен қатар, зандық фактілер кейбір өзгеше белгілері бойынша белгілі бір топтарға бөлінуі мүмкін. Заңдық фактілердің құқықтық қатынастардың дамуына ықпал етуіне қарай оларды құқықты туғызатын, құқықты тоқтататын және құқықты өзгертетін фактілерге бөлуге болады. Мұның алғашқысы бұрын мұндай заңдық байланысы (шарт, зиян келтіру) болмаған адамдар арасында құқықтық қатынастардың тууына әкеп тірейді. Екіншісі (мерзімінің өтуі, шарттың бұзылуы) — заңдық қатынастардың тоқтатылуына әкеп соғады. Үшіншісі - қалыптасқан құқықтық қатынастардың мазмұнын өзгертуге себепші болады.
Заңдық фактілер өздерінен кейін туатын құқықтық салдарға түрліше ықпал етеді. Көптеген жағдайларда мүмкін болатын құқықтық салдардың мазмұнын заң айқындап береді. Мысалы, зиян келтіру оны келтірушінің заңмен белгіленген залалдың орнын толтыру міндетін туғызады. Зиян келтіру фактісі заңның нақты заңдық қатынастағы ұйғарымдарын тек жүзеге асырады. Мұндай заңдық фактілерді құқықты бағыттаушы фактілер деп атайды. Бұлардан өзгеше, құқықты қалыптастырушы заңдық фактілер құқықтық қатынастардың тууына себепші болып қана қоймастан, сонымен қатар заңша белгіленген шекарада олардың мазмұнын айқындауға да жәрдемдеседі. Мысалы, мүлікті сату жөніндегі құқықтық қатынастардың мазмұны заң нормаларына ғана емес, сондай-ақ сатушы мен сатып алушы арасындағы шарттың талаптарына да байланысты. Құқықты қалыптастырушы заңдық фактілер бұл қасиеттері жөнінен құқықтық нормаларға ұқсайды, бірақ одан мәнді айырмашылығы — құқықтық қатынастардың мазмұнын жалпылай емес, жеке-дара анықтайды.
Заңдық фактілердің барлығынан мәміле мен әкімшілік актілерді ғана құқықты қалыптастырушы фактілерге жатқызуға болады. Әлбетте, олар құқықтық қатынастардың мазмұнын белгілі бір шектерде ғана, ол императивтік ұйғарымдарға немесе заңның тыйым салуына қайшы келмейтін шектерде ғана анықтай алады.