Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Января 2015 в 18:25, курсовая работа
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі жаһандану кезеңіндегі Ресей Федерациясының экономикалық-географиялық және табиғат жағдайын, табиғи ресурстарын, сондай-ақ, шаруашылығы мен өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы мен көлік географиясын, экономикалық аудандары мен сыртқы экономикалық байланыстарын анықтау – география ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Бұл курстық жұмыс Ресей Федерациясының экономикалық-географиялық сипатын анықтауға бағытталған.
КІРІСПЕ...................................................................................................................
1 РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ.....................................................................
1.1 Экономикалық – географиялық жағдайы............................................
1.2 Табиғат жағдайы мен табиғат ресурстары.......................................
1.3 Ресей Федерациясының халқы..........................................................
1.4 Ресей Федерациясының шаруашылығы.Өнеркәсібі........................
1.5 Ресей Федерациясының Ауыл шаруашылығы және көлік географиясы.......................................................................................................
1.6 Ресей Федерациясының экономикалық аудандары мен сыртқы экономикалық байланыстары...........................................................................
ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................
Ресей Федерациясы — өтпелі экономика тән индустриялы-аграрлы ел. Кеңес Одағының ыдырауына байланысты ел экономикасы терең дағдарысқа ұшырады. Біртұтас мемлекет құрамында болған елдер тәуелсіздігін алған соң, олардың арасындағы тығыз экономикалық байланыс үзілді. Мұның өзі жаңа экономикалық одақ құруға түрткі болғанын білесіңдер. Ресей экономикасында жүрген экономикалық қайта құрулардың басты бағыттары мынадай болды: 1) экономикалық әрекетке еркіндік берілуі; 2) экономиканы басқаруда және реттеуде мемлекет үлесінің азаюы; 3) мемлекет меншігінің акционерлік ұжымдар мен жеке адамдар меншігіне өтуі. Жүргізілген қайта құрулар нәтижесінде экономиканы басқару сипаты ғана емес, оның салалық құрылымына, қаржыландыру жүйесіне , басқа елдермен экономикалық байланыстарына да өзгерістер енгізілді.1990 жылдардан бастап жүргізілген нарықтық қайта құруларға қарамастан, шаруашылықтың салалық құрылымында ала-құлалық сақталуда. Қазіргі кезге дейін ел экономикасында ресурстық салалар басым, өндірістің шоғырлану және монополиялану деңгейі жоғары. Ресей экономикасы басым түрде шикізат пен материалдарды шетке сатуға негізделіп отыр. Шаруашылық дамуында Ресей өз аумағындағы табиғи, материалдық және еңбек ресурстарына сүйенеді. Шетел инвестициясы, негізінен, қаржы саласы мен сауданы дамытуға бағытталған, өндіріс салаларын дамытуға әлдеқайда аз жұмсалады. Қазіргі кезде мемлекет аса маңызды шаруашылық салаларын бақылауды өз қолына алу үшін бірқатар жұмыс жүргізуде. Ресей шаруашылығының аумақтық орналасуы әркелкі. Табиғат ресурстарының басым бөлігі азиялық бөлікте өндірілгенімен, негізгі тұтынушылар, өндірістік-техникалық және ғылыми әлеует еуропалық белікте шоғырланған. Енді шаруашылықтың жеке салаларының орналасуымен және құрылымдық ерекшеліктерімен танысайық.
Ресей экономикасында отын-энергетика кешенінің (ОЭК) маңызы өте зор, өйткені ел экспортының 40%-ын отын-энергетикалық шикізат құрайды. Кешен отынның барлық түрлерін (мұнай, газ, көмір, шымтезек және тақтатас) өндіру, тасымалдау және бастапқы өңдеу, электр энергиясын өндіру мен тасымалдауды қамтиды. Отын өнеркәсібі отын түрлерін өндірумен және алғашқы өңдеумен айналысады. Бұл салаға өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің 6%-ы және елдегі өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 20%-ға жуығы тиесілі. Қазіргі кезде бастапқы энергия көзі ретінде газдың үлесі (48%) артып келеді. Керісінше мұнайдың үлесі 1970 жылмен салыстырғанда 50%-дан 33%-ға дейін қысқарған. Көмірді пайлалану да соңғы 30 жылда азайған. Ресей табиғи газдың барланған қоры жөнінен 1-орын алады, оның үлесіне әлемдік газ қорының 1/3 бөлігі тиесілі. Табиғи газдың ең ірі алабы — Батыс Сібір, бұл алап Ресейде өндірілетін газдың 90%-ын береді. Негізгі газ кен орындары Ямал-Ненец автономиялық округінде орналасқан. Батыс Сібірдің мұнай кәсіпшіліктерінде қосалқы газды өндіру де қолға алынған. Табиғи газ өндірілетін басты орталықтар — Жаңа Уренгой мен Надым. Ресейде газ тасымалдау мақсатында біртұтас газ құбыры жүйесі жасалған. Басты газ құбырлары Ямал-Ненец AO мен елдің орталық аудандарын байланыстырады. Бұл ауданнан газдың 1/3-і құбырлармен Беларусь және Украина аумақтары арқылы баска елдерге тасымалданады.
Мұнай құбырлары арқылы өндірілген мұнайдың 95%-ы тасымалданады. Ресей мұнайын батыстағы бұрынғы социалистік елдерге ("Достық" мұнай құбыры), теңіз порттары мен елдегі тұтыну аудандарына жеткізетін мұнай құбырларының аса ірі жүйесі жасалған. Қазіргі кезде Ресей мұнай өндіруден дүниежүзінде 1-орын алады. Елде өндірілетін мұнайдың 40%-ы экспортқа жөнелтіледі.
Елде жыл сайын 200 миллион тонна шамасында мұнай өнделеді. Мұнай өндеудің көлемі жөнінен ел әлемде АҚШ пен Жапониядан соң 3-орын алады. Мұнай өңдеу зауыттары бастапқы кезде өндіру аудандарында орналасса, қазіргі кезде тұтыну аудандарында да салына бастады.
Көмір өндіру жөнінен Ресей дүниежүзінде 5-орын алады. Өндірілген көмірдің басым бөлігі ішкі тұтынуға жұмсалады.
Электр энергиясын өндіру жөнінен 4-орын алады. Электр энергиясын өндіруде жылу электрстансыларының үлесі (65%) жоғары. Еуропалық бөлікте олар, негізінен, газ бен мазутты, ал азиялық бөлікте көмірді пайдаланады. Мұнай өндіретін аудандарда қосалқы газбен жұмыс істейтін стансылар да бар. Ірі қалалар маңында орналасатын жылу-электр орталықтары электр энергиясын өндірумен қатар, қалаларды жылумен де қамтамасыз етеді. Сургут, Рефтинск және Кострома электрстансылары елдегі аса ірілерінің қатарына жатады.
Елдегі өндірілетін электр энергиясының 20%-ға жуығын су электрстансылары береді. Жалпы, Ресейдің су-энергетикалық қоры аса мол болғанымен, оның 4/5 бөлігі аз игерілген аудандарда шоғырланған. Қазіргі кезде осы қордың тек 20%-ы ғана пайдаланылады. Аса ірі Саян, Краснояр (Енисейде), Братск, Усть-Илим (Ангарада) су электрстансылары елдегі ең қуатты (22 миллион кВт) Ангара — Енисей каскадын құрайды.
Атoм электрстансылары елде өндірілетін электр энергиясының 15%-ын береді. Олар жергілікті шикізатты пайдаланып жұмыс істейді. Ресейдегі алғашқы АЭС 1954 жылы іске қосылған болатын, қазір олардың саны 11-ге жетті. Ең ірілері — Ленинград, Курск және Балаков стансылары, олардың әрқайсысының қуаты 4 миллион кВт-ты құрайды.
Металлургия кешені металл кендерін өндіру мен байытуды, металдарды балқыту мен прокат өндірісін қамтиды.
Қара металлургия
Қара металлургия темір, марганец, хром сияқты қара металл кендерін өндірумен және оларды өңдеумен айналысады. Бұл металдарды өндіру көлемі жөнінен Ресей әлемде Жапония, Қытай және АҚШ-тан соң 4-орын алады. Қазіргі кезде Ресей жыл сайын 83 млн т темір кенін, 45 млн т шойын, 70,6 млн т болат өндіреді, 47 млн т шамасында қара металдардың дайын прокаты, 5,4 млн т болат құбырлар жасалады.
Елдің қара металлургиясы жоғары деңгейде шоғырланған. Кеннің басым бөлігі аса ірі кеніштерде өндірілсе, дайын металдың жартысынан астамын толық циклді 8 комбинат береді. Темір қоры, негізінен, еуропалық бөлікте (Курск магнит аномалиясы, Орал, Мурман облысы мен Карелияда) шоғырланған. Батыс және Шығыс Сібірдегі, Қиыр Шығыстағы кен орындарының да болашағы зор. Темірмен салыстырғанда қоры мардымсыз марганец Кемерово және Свердлов облыстарында, ал хром Пермь облысында өндіріледі.
Түсті металлургия
Түсті металлургия елдегі өнеркәсіп өнімінің 8,5%-ын береді. Түсті металдарды өндіру жөнінен Ресей АҚШ-тан кейін 2-орын алады. Елде 70-тен астам түсті металл түрлері өндіріледі. Олар ерекшеліктеріне қарай негізгі (алюминий, титан, магний, мыс, никель, қорғасын, мырыш және т.б.), легирлеуші (сапалы болат алу үшін қара металдарға қосылатын вольфрам, молибден және т.б.), бағалы (алтын, күміс, платина) және сирек металдар (цирконий, германий және т.б.) деп бөлінеді. Түсті металлургияда алюминий өндірісінің үлес салмағы жоғары, жылына Ресей металл күйінде 3 млн т алюминий өндіреді. Негізгі шикізат қоры Ленинград, Свердлов, Челябі облыстарында, еуропалық бөліктің солтүстік- батысында, Краснояр өлкесінде шоғырланған. Алюминий өндірісі электр энергиясын көп қажет ететіндіктен, арзан электр энергиясын беретін СЭС маңдарында орналасады. Краснояр және Братск алюминий зауыттары бұл саладағы аса ірі кәсіпорындар болып саналады.
Ресей жылына 130 т алтын өндіреді, оның басты орталығы Қиыр Шығыс болып табылады. Алтын өндірісі жөнінен ел әлемде 5-орын алады. Сирек металдар Оңтүстік Сібірде, Оралда және Кола түбегінде өндіріледі, өнімнің 80%-ы экспортталады. Түсті металлургия саласына, әдетте, алмас өндірісін де жаткызады. Ресейдегі алмастың 99%-ы Саха республикасында өндіріледі. Жалпы алғанда, түсті металлургияның негізгі дамыған аудандары Орал, Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс болып табылады. Мұндағы кәсіпорындар өз шикізатымен қатар, Қазақстаннан әкелінетін алюминий шикізатын (глинозем), қорғасын мен мырыш концентраттарын пайдаланады.
Машина жасау
Машина жасау — Ресейдің экономикалық даму деңгейін анықтайтын маңызды саланың бірі. Оның үлесіне елдің өнеркәсіп өнімінің 20%-ы тиесілі. Ресейде машина жасау саласы бойынша 50 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. 1990 жылдары жеңіл автокөлік жасаудан басқалары өнім көлемін екі еседей қысқартты. Бұл шетелдік машиналар мен жабдықтарға қарағанда ресейлік өнімдердің сапасының төмен болуымен түсіндіріледі. Ресейдің машина жасау кәсіпорындарында таукен, энергетика, химия, орман, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне, ауыл шаруашылығына қажетті машиналар мен құрал-жабдықтар, көлік құралдары мен электр техникасы, электрондық құралдар жасалады. Кейбір өнімдер тек бір ғана көсіпорында шығарылады. Мысалы, троллейбус шығаратын жалғыз зауыт Энгельс қаласында орналасса, картоп жинайтын комбайндар тек Рязаньда жасалады. Жалпы алғанда, өнімнің 90%-ы еуропалық бөлікте жасалады.
Машина жасау кәсіпорындарының орналасуына бірнеше фактор әсер етеді.
Ресей өнеркәсіп құрылымында химия, орман, тамақ және жеңіл өнеркәсіптерінің маңызы зор. Елдің химия өнеркәсібінің құрамына мыңдаған түрлі өнім шығаратын кәсіпорындар енеді. Кейбір химия өнімдерін шығаруда Ресей әлемде алдыңғы орынды алады. Мысалы, күкірт қышқылын өндіруден — екінші, минералды тыңайтқыш бойынша бесінші орынды иеленеді. Химия өнеркәсібінде табиғатта жоқ, бірақ қасиеттері өзінің табиғи баламасымен салыстырғанда асып түсетін жаңа материалдар жасалады. Химия өнеркәсібі шексіз шикізат базасына ие болғандықтан, кәсіпорындарын барлық жерде бірдей орналастыруға болар еді. Бірақ қазіргі кезде олардың басым бөлігі мұнай және газ өндеудің өшмдеріне негізделген. Сол себепті мұндай кәсіпорындар көбінесе шикізатты өндіретін және өңдейтін аудандарда (Поволжье, Орталық) орналасады. Химиялық технологиялар алуан түрлі және күрделі болады. Кейде бір шикізаттан ондаған түрлі өнім алынады. Мұның өзі әртүрлі комбинаттардың қалыптасуына әсер етеді. Қазіргі кезде қоршаған ортаны ластайтын химиялық кәсіпорындарға қатысты экологиялық талаптар күшейтіліп келеді.
Орман өнеркәсібі
Ресей аумағының жартысына жуығын орман алып жатыр. Елдегі ағаш сүрегінің жалпы қоры шамамен 80 млрд м3-ді құрайды. Сол себепті мұнда орман өнеркәсібін дамыту үшін шикізат қоры жеткілікті. Оның жеке салаларының орналасуына әртүрлі факторлар әсер етеді. Мысалы, целлюлоза мен қағаз өндірісіне көп мөлшерде ағаш сүрегі, таза су мен электр энергиясы қажет болғандықтан, мұндай өндірістер Карелия, Сібір мен Оралда орналасқан. Ал жиһаз өндіру тұтынушыларға жақын аудандарда орналасады. Ағаш сүрегін неғұрлым толық пайдалану мақсатында кешенді кәсіпорындар салынған. Мұндай кәсіпорындар Архангельск, Сыктыквар, Братск, Усть-Илимде жұмыс істейді. Ресейдің орман өнеркәсібінің өнімдерінің басым көпшілігі берене, кесілген ағаш сүрегі мен целлюлоза түрінде сыртқы нарықта сатылады.
Жеңіл өнеркәсіп
Жеңіл өнеркәсіп салалары арасында, әсіресе жергілікті шикізатка негізделген тоқыма өнеркәсібінің маңызы зор. Шикізатты (жүн, зығыр) бастапқы өңдеу өндірілетін аудандарда жүргізіледі. Ал тоқыма кәсіпорындары ірі қалалар мен олардың маңында орналасады.
Тамақ өнеркәсібі
Тамақ өнеркәсібі — ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты салалардың бірі. Бұл саланың кәсіпорындары барлық аудандарда бар. Шикізатты алғашқы өңдеу барысында қалдық көп болады және кейбір ауыл-шаруашылық өнімдері (сүт, жеміс-жидектер және т.б.) алысқа тасымалдауға жарамсыз. Сол себепті оларды өңдейтін кәсіпорындар шикізат көзіне жақын орналасады. Бұл топқа май шайқау, қант, ұн-жарма өндірістерінен басқа, балық өнеркәсібі де жатады. Ресейде жылына шамамен 3 млн т балық ауланып өнделеді. Алғашқы өндеуден өткен шикізатты пайдаланып жұмыс істейтін кәсіпорындар тұтынушыларға жақын орналасады. Қалалар мен ірі елді мекендерде ет, сүт және макарон, кондитерлік өндірістер шоғырланған.
Ауыл шаруашылығы Ресейдің экономикасын дамытудағы аса маңызды буын болып саналады. Өйткені ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің шешуші саласы, ол халықты тек азық-түлікпен қамтамасыз етумен шектелмейді, сондай-ақ өнеркәсіптің көптеген салалары үшін аса қажетті шикізат та өндіреді. Сонымен қатар өндірілген өнімдерді дер шағында сапалы өңдеп, дәл уақытында халыққа жеткізу де қажет. Осы шараларды орындау мақсатында ауыл шаруашылығы шаруашылықтың көптеген салаларымен тығыз қарым-қатынас орнатады. Осы байланыстар негізінде агроөнеркәсіптік кешендер қалыптасады. Ресейдің агроөнеркәсіптік кешендері әлі де даму, өркендеу жағдайында тұр, олардың түрлі буындары арасындағы байланыстар өз дәрежесінде емес. Әсіресе өнімді өңдеу мен қызмет көрсету салалары жетілдіруді қажет етеді. Агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші әрі негізгі саласы — ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының басқа салалардан басты айырмашылығы — оның өркен жаюы табиғат жағдайына, агроклиматтық ресурстар жиынтығына, сондай-ақ жер қорына тікелей тәуелді болуында. Ал Ресей жерінің табиғат жағдайы және оның мүмкіндігі сендерге жақсы таныс. Ресейдің ауыл шаруашылығына жарамды жер қоры 222 млн га, оның 126 млн га-сы егістік жерлер. Бұл көрсеткіштер бойынша Ресей дүниежүзіндегі дамыған елдер арасында өте жоғары орынды иеленеді. Алайда ауыл шаруашылығының даму дәрежесі мен өндірілген өнім көрсеткіштері жөнінен әлдеқайда төмен деңгейде.