Зайырлы Мемлекет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2013 в 12:10, курсовая работа

Краткое описание

«Зайырлы» сөзі қазақтың сөздік қорына тәуелсіздік алғаннан кейін, алғашқы Ата Заңның бекітілуімен бірге енді. Ал қазақтың сөз саптау мәнерінде бағзыдан келе жатқан «зайыры» деген қыстырма сөз бар. Ол «дұрысы», «анығы», «ашығы» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөздің төркіні арабтың «ашық; айқын; сыртқы», т.б. мағыналарды білдіретін «захир» сөзінен туындайды.

Содержание

Кіріспе
1.1 Зайырлы мемлекет. Зайырлылық үлгілері: шетелдік тәжірибелер
1.2 «Хижаб» мәселесі. Дін және дәстүр
1.3 Ислам мемлекеттеріндегі ұлттық ерекшеліктер жайында
1.4 Зайырлы мемлекет — атеистік емес
1.5 Дін және зайырлы мемлекет

Прикрепленные файлы: 1 файл

Зайырлы мемлекет.docx

— 88.48 Кб (Скачать документ)

1. Әр түрлі діннен  хабардар, бірақ әлі діни бағыт-бағдарламалары толық анықталмаған.

2. Өздерін «қазақпыз», сондықтан  «мұсылманбыз» деушілер,  бірақ дінге әлі толық енбегендер. Бұл — сан жағынан  ең басым топ.

3. Кейбір мұсылман салт-дәстүрін орындаушылар, мұсылман салтымен неке қию, жаназаны да қолдаушылар. Бұлардың саны өсуде.

4. Дәстүрлі     мұсылмандар: ораза   ұстайды, намаз оқиды, мұсылман парыздарын  орындауға тырысушылар.

5. Басқа дінді ұстанатындар, олар  көп емес: аралас некеден туғандар, балалар үйінде тәрбиеленгендер, сондай-ақ тұрмыс жағдайына байланысты басқа дінге       ауғандар, әлі де ізденіс үстінде жүрген жастар.

Діни сенімнің тайыз екені де рас, ол заңды, біз әлі атеистік мемлекеттің ызғарынан арылған жоқпыз. Заң бойынша азаматтардың атеист дүниетанымын таңдауға да хұқы бар. Дінді мойындайтын жастардың арасында діни әдеппен  үйлеспейтін  мінез-құлықты қолдау қатар жүретіні де белгілі. Діндар жастар ұрлыққа, темекі тартуға, тіпті жемқорлыққа, құмар ойындарға қарсы емес.  Бұл өмір қайшылықтарынан туып отыр. Жемқорлық, әсіресе, тұрмыстық жемқорлық, ұсақ-түйек пара беріп, мәселені шешуге етіміз үйренгендіктен де болар.  Қазақтар «орамалын беріп, шаруаны бітірдік» деп жатады.

Дінге сену елімізде бақсылық, сиқырлы  күштер, кереметтер, бал ашу, құмалақ  салушылар, сәуегейлік  жасаушыларға сеніммен де қатар жүруде. Тіпті теледидардан «барлық аурудан емдеймін», «барлық отбасылық мәселелерді шешемін» деген сияқты жүгіртпе жолдар арқылы күнде жарнама жасалып жатады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының да тым коммерцияланғандығын көрсетеді.  Әрине, Ванга сияқты көріпкелдер, халық мойындаған бірен-саран емшілердің жолы бөлек.

Негізінен жастардың басым көпшілігі  жемқорлықты, ұрлықты, басқа да адамгершілік жолынан тайғандарды сынайды. Ал енді «Қандай жағдайда Сіз дінге жүгінесіз?» деген сауалға бірқатары «рухани қолдау қажеттілігінен» десе, басқалары «басыма қиындық түскенде», «діни мерекелерде», «неке қидырғанда» деп жауап береді. Ал енді мұсылмандар ішінде «мешітті қастерлеймін», «мешітті жүрегімде болса деймін», «Құранмен терең танысқым келеді», «намаз оқи бастадым» «араб тілін меңгергім келеді» дегендер де баршылық.

Еліміздегі ислам діні туралы мәселе болған тұста әйелдердің бас киімі  хиджаб мәселесі жиі сөз болады. Бұл шындығында әлемдік мәселе.  Хиджаб – араб сөзі, «жамылғы» деген мағынаны білдіреді, әйелдердің басын, мойнын жауып тұратын орамал. Никаб — әйелдердің тек көздерінен басқа бетін жабатын Сауд Арабиясында шиит мұсылмандар арасында тараған бас киім. Паранджа – Ауғанстанда тараған, бетті толық жабады, тек көздерінің тұсында ойылған жерлері бар. Бұлар қазақ әйелдерінің ұлттық бас киімдері емес. Мұсылман елдерінің әйелдері де бұл киімдерді кие бермейді.

Хиджаб төңірегінде пікірталас 1989 жылы Францияда әйгілі  «орамалдар ісіне» байланысты болды.  1989 жылы Крея қаласында орамал тартқан үш мұсылман оқушы қыз бала мектептен қуылды. Мәселе саяси мән алып, діни сенім бостандығының кепілдігі туралы айтыс туды. Сонымен бірге, қоғамда мұсылман әйелдерінің өздері діни, мәдени ерекшеліктеріне арнайы мән-маңыз беретіндігі белгілі болды. Осы саяси-мәдени құбылысты зерттеген американдық ғалым, Гарвард университетінің профессоры  Шейла Бенхабиб хиджаб тарту мұсылман әйелдерінің кедейшілік, сауатсыздық, зиялылығының төмендігінен еместігін дәлелдеді. Олар білімді, жоғары маман иесі, кәсіби тәжірибесі де жетілген әйелдер болды. Еуропадағы мұсылман әйелдері христиан өркениетіне балама   өркениет барлығын, мәдениеттің жаңа үлгісін, моделін ұсынып отыр делінді. Егер батыстың әйелдері сұлулығын, нәзіктігін өзінің әсем киімі, шырайлы беті, кескінді денесі арқылы көрсетсе, мұсылман әйелдері хиджаб киіп, денесін жауып, әйелдің бекзаттылығы, парасаттылығы жан сұлулығында деді. Осылай хиджаб Еуропадан бірте-бірте біраз елдерге мұсылман әйелдері  арасында тарады, жаһандық сипат алды.

Әлеуметтану ілімі сонымен бірге  хиджаб киюді жаһандану заманында  ұлттардың, діндердің араласуы негізінде  бір-бірінен қашық елдер де көрші  сияқты араласып, ішетін тамақ, киетін киім де бірдейленіп бара жатырғанымен байланыстырады. Дегенмен, хиджаб біз үшін сырттан келіп жатқан көп  «импортный»  киімдердің бірі емес. Ол — мұсылмандықтың күнделікті өмірдегі жаңа әдеті,  жаңа дағдысы. Әлеуметтанушы ғалымдар  хиджаб киюіне қарай қазақ әйелдерін  бірнеше топқа бөледі. Мұсылман әйелдерінің  бір тобының санасында бұл  киім — жаңа діни рәміз. Олар ислам дінінің негізі мен тарихына, араб тілін меңгеруге зор мән бергенмен, қазақ тілін тіпті білмеуі де мүмкін. Сондықтан олар үшін ұлттық құндылықтан гөрі дін  басым.

Екінші топтың ұстанымы өзгеше. Бағзы  заманнан бес уақыт намаз, діни мерекелер, жерлеу рәсімдері, ораза кезінде, басқа жағдайларда да әйелдер орамал киді. Хиджаб қалай болғанда да қазақтың бөрік, сәукеле, тақия, кимешек-жаулығы емес, оны киюдің  астарында қазақтың ұлттық киім кию дәстүріне қарсылық болмаса да өзіндік ерекшеліктері жатыр. Мұсылман әйелдерінің сан жағынан бұл басым тобы дегенмен, хиджаб киюмен бірге дін мен ұлттық құндылықтарды қарсы қою емес,   үйлестіру ниеті басым.   Сонымен бірге бұл бас киімді ерекше сән ретінде киетіндер де жоқ емес. Қазақ мұсылман әйелдері киетін арнайы бас киімін елімізде өндірмейтіні де назар аударады.

Мұсылман әйелдер арасына ерекше діни орта, жамағат қалыптасып келеді. Бұл ортада хиджаб киген әйел психологиялық  жағынан қолдау табады, діни білім алуға да мүмкіндігі бар. Зерттеушілер діни қауымдастық арасында хиджаб киген қыз өзіне көзқарасы жақын жұбай да табады деген болжам айтады, кейде тіпті хиджаб киген әйелге ашық-шашық жүргендерге қарағанда жұмыс табу қиын емес деген пікір айтылады «Халал сүт емген жолықса, болар ма едің арманың», деп Шортанбай ақын айтқандай, хиджаб кию көңілінде құдай барлығының нышаны сияқты түсінік тарап келеді. Хиджаб кию мұсылман әйеліне үлкен адамгершілік міндеттерді жүктейді. Оның жүріс-тұрысы, тамақтануы, ерлермен қарым-қатынасы шариғат талаптарына сай болуы тиіс. Мұсылман әйелдері жұмыс таңдағанда да ерекшелік танытады: ішімдік сатуға, кейбір ойын-тойларға қызмет етуден өзін шектейді, темекі тартпайды. Хиджаб кигеннен кейін олар халықтың назарында, әдеп сақтауды есте ұстайды.  Хиджаб адамдармен  күнделікті өмірде мәдениетті болуды талап етеді.  Ол қай жағынан да тазалықтың үлгісі болуға тиісті.

Астана қаласында жүргізілген  сауалға жауап берген 23 жастағы  қазақ қызы: «Хиджаб мені өнегелікке, адамгершілікке, тазалыққа  бастайды. Хиджаб мені ұяттан сақтайды»,— дейді.  26 жастағы қазақ келіншегі: «Менен «сен неге монашка сияқты хиджаб киесің?» деп жиі сұрайды. Не себепті сен неге жалаңаш жүресің деп басқа әйелдерден сұрамайды. Өкініштісі, біздің елде бұл қалыпты жағдайға айналған», — дейді. Осындай пікірлерді көбірек келтіруге болады.

 

Қорытынды

 

Тәуелсіздік алып, өзімізді либералдық бағыттағы  ашық, зайырлы қоғам деп жариялағаннан кейін елімізге мақсаттары күдік тудыратын көптеген конфессиялар мен діни ағымдар келе бастады. Бұлардың біршамасы экстремистік жікшілдік бағытта екендігі және біздің қоғам мен мемлекетіміздің мүддесі үшін олардың басы ауырмайтыны белгілі болып отыр.

Конституциямызда жария етілген ар-ұждан мен дін бостандығына, тегіне, көзқарасына байланысты адамды кемсітпеу, т.т. бір сөзбен еркіндік пен теңдік талаптарын арқаланып діни ағымдар нөпірі осы уақытқа дейін толастар емес. Дегенмен де, мемлекетқұрушы негізгі ұлт-қазақ халқының өз тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті, менталитеті бар. Ал мәдениет, діл және адами құндылықтар бірінші кезекте бастауын діннен алып, дін арқылы қалыптасатыны тарихтан белгілі. Қазақтарда жақын мың жылдықта тарихи мәдениетқұрушы және әдет-ғұрып қалыптастырушы дін - ислам діні. Қазақстанда ислам дінін уағыздайтын адамдар саны халықтың 70 пайызын құрайды. Есесіне тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстандағы діни бірлестіктер саны 6,5 есеге артқан. Яғни, 1990 жылы 671 болса, 2010 жылы 4427-ге жеткен. Бұлардың арасында салафиттік (фундаментальды) және радикалды (жихадшылар, такфиршілер) ағымдар, қазіргі кезеңде күш алып келе жатырған Ихавнуль - мусулмин ілімі бар. Діни ағымдар жастардың санасына ислам жолындағы соғыс, кекшіл жесір және басқа стереотиптерді сіңіруге тырысуда. Бұл діндердің басты қарсылығы біздің негізгі діни ұстанымыз - ислами суниттік бағыттағы бейбітшіл Әбу Ханифа мазхабына қарсы бағытталған. Діндер арасындағы қайшылық, өзара өзінің канондары мен догматтары үшін күрес, рухани қуаңшылыққа, саяси-әлеуметтік шиеленіске алып келетіндей түрі бар. Жағдай осылай болғандықтан бұл діндердің ұстанымдары мен мемлекетқұрушы, мәдениетқұрастырушы ұлт - қазақ халқының, мемлекеттің арақатынасын реттеу қажеттігі туындап отыр.

Басқа әлеуметтік қатерлерді айтпағанның өзінде осы діни адасушылыққа алдымен мойын ұсынып отырған қазақ ұлтының өкілдері екені ешкімге жасырын сыр емес. Мұның өзі ұлт қауіпсіздігі туралы біршама ойларға жетелейді. Яғни, зайырлы мемлекет пен діннің арақатынасын анықтап, қандай дінге немесе діндерге басымдық бере дамуымыз керек деген мәселені шешу өз кезегін күтуде. Ұқсас жағдай басқа мемлекеттерде де қалыптасып, бірақ оларда, әсіресе Батыс мемлекеттерінде дін мен зайырлы мемлекеттің ара қатынасы реттелінген, толық анықталған.

Зайырлы мемлекеттерде дін мен мемлекеттің  құрылымдары азаматтық бағытта  қалыптасқан. Біздің Қазақстан Республикасы осы тектес мемлекетке жатады. Бұны қалай түсінуге болады? Мемлекет пен дін өзінше бөлек, автономды өмір сүреді, мектеп діннен ажыратылған (секуляризация). Мемлекеттің қарекеттері азаматтық заң нормаларымен реттелінеді де дін істеріне араласпайды. Ал діннің тіршілігі діни нормалармен (догматтар) реттелінеді, мемлекет жұмысына араласпайды. Адам, азамат қандай көзқарас, наным не сенім ұстанамын десе де өз еркі. Конституцияда көрсетілген ар мен ұждан бостандығы талаптары адамды сеніміне және көзқарасына байланысты қудалауға тиым салады. Яғни, дін заңмен қорғалады. Алайда дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керек. Дін саясатпен шұғылданбауы тиіс. Бір сөзбен айтқанда құрылымдары мен институттары Конституциямен баянды етілген мемлекет жұмысына дін ешбір кедергі келтірмеуі тиіс. Мұндай мемлекет, мысалы Қазақстан Республикасы, зайырлы мемлекет деп аталады. Зайырлы мемлекеттің көпшілік көңіл бөле бермейтін бір ерекшелігі бар, ол оқу - ой деңгейі. Сауатсыз қоғам зайырлы мемлекет бола алмайды, азаматтық қоғам құра алмайды.

Әлемде  зайырлы мемлекеттердің дінге қатынасы үш модельде қалыптасқан. Біріншісі, атеистік модель. Атеизм ілімінде құдайға орын қарастырылмаған, дін құдай сөзі емес адамның ойдан шығарылған дүниесі. Әлбетте атеистік мемлекеттерде, мысалы кешегі өтіп кеткен КСРО, қазіргі КХДР, ішінара Қытай, діннің ешқандай рөлі болмайды. Аталған мемлекеттерде дінмен қатынас жасалмақ былай тұрсын, дінге қарсы ашық түрде қуғын-сүргін жасалған кездері де болды. Біз 70 жыл бойы осындай атеистік қоғамда өмір сүрдік. Қазіргі уақыттағы мемлекеттің дінге қатынасы тәжірибесінде екі модель - сепаратистік және кооперативтік модельдер қолданыста. Сепаратизм діни қауымдастықты мемлекеттен бөле отырып. ол туралы арнайы заң қабылдамайды. Яғни, мемлекет діндер тағдырын шешуді олардың өзіне тапсырып, бейтарап бағыт ұстанады. Сепаратизм негізінен діндер теңдігі деген принципке сүйенеді. Әйтсе де діндер арасында теңдік ұстау мүмкін еместігін тарихи тәжірибе көрсетіп отыр ғой. Уақыт өте келе белгілі бір дін, не діндер басымдыққа ие болады да ол өз құдайын шын, канондарын нағыз ақиқат деп жариялайды. Бұған басқа діндер келіспейді, шатақ осыдан басталады да мәселе саясатқа айналады. Сөйтіп “сен саясатпен шұғылданбасаң, саясат сенімен шұғылданады” деген ереже тағы да расқа айналады.

Адамдардың  жүрегі мен сенімін жаулай отырып, дін қоғамда бірте-бірте ауқымды әлеуметтік күшке ие болады. Ерте ме, кеш пе бұл күштер мемлекетті өзімен есептесуге мәжбүрлейді. Мен қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалардағы діннің жойқын ролін қозғап отырғаным жоқ. Оған мақала көлемі мүмкіндік бермейді. Мен тек жалпы адам болмысынан тікелей туындайтын заттар мен құбылыстардың тағдырын меңзеп отырмын. Дін осы қатардан орын алады және мемлекеттің дінге қатынасын өз мәнінде анықтауы қажеттігі туындайды. Сондықтан соңғы кездерде, әсіресе Батыс елдерінде зайырлы мемлекеттің дінге қатынасында кооперативтік, яғни, бірігу, серіктестік моделі қолданысқа енгізілді. Кооперативтік модельді кейде таңдамалы модель деп те атайды. Мұнда бір немесе екі дін мәдениетқұрушы, мемлекетқұрушы дін ретінде таңдап алынады, олардың қоғамға пайдалы-ау деген құндылықтары ескеріле отырып, Конституциялық деңгейде артықшылық беріледі, заңдастырылады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты, http://www.akorda.kz/kz/kazakhstan/general_information/general_information_about_the_republic_of_kazakhstan, 2011 жылдың 8 шілде күні тексерілді
  2. Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасы халықының 2011 жыл басына нақтыланған саны туралы, http://www.stat.kz
  3. "2009 Жылғы Қазақстан Республикасы халық санағы, Қысқаша қорытындылар" Статистикалық жинақ, Редакциясын басқарған Ә.А. Смайылов, Астана, 2010 - 110 бет
  4. “Балалар Энциклопедиясы”, V-том

Информация о работе Зайырлы Мемлекет