Педагогикалык пэндердi окытуда инновациялык технологияларды пайдалану

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Марта 2013 в 18:55, автореферат

Краткое описание

Тақырыптың өзектілігі. ХХІ ғасыр жаһандық жаңалықтардың ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры. Ол қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін көрсетуде маңызды рөл атқарады. Жаһандану дәуірі - әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі, сондықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

abtikalykov.doc

— 403.50 Кб (Скачать документ)

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты әсіресе соңғы кезде педагогика саласына түбегейлі өзгертулер, жаңалықтар енгізілуде. Біздің басты игіліктеріміздің ішінде халқымыздың немесе басқаша айтқанда адам ресурстарының сапасы тұр. Біздің ғылыми және шығармашылық әлеуетінің деңгейі жоғары, білім өрісі биік халқымыз бар. Біз қолымыздағы осындай баға жетпес капиталды жан-жақты дамытуға және оның дамуы үшін барған сайын жаңа әрі неғұрлым өркениетті жағдай туғызуға тиіспіз. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейі, ең алдымен, олардың білім жүйесімен, азаматтарының білімділігімен анықталады.

Жаһандану дәуірі - әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық  деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім  – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде маман кадрлардың бәсекеге қабілеттілігі әлеуметтік-экономикалық, техникалық жүйелердің және технологиялардың бәсекеге қабілеттілігімен анықталады.

Жаңашылдық  - білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Ол оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігі мен өнімділігін арттыруға септігін тигізеді. Білім беру саласына жаңалықтар енгізбестен бұрын, қоғамдық еңбектің басқа салаларына сәтті түрде жаңалықтар енгізу қиынға соғады.

Өзгерістер өмірдің  диалектикасы ретінде тек қана біздің заманға, біздің қоғамға және біздің өмірге тән құбылыс емес. Олар мәңгі  адами қозғалыстың, яғни адамның  жақсы өмір сүруіне, жаңа заман талабына сай шарттарға қол жеткізуіне деген күресі мен талпынысының көрінісіне айнала отырып, жалпы өмірдің диалектикасын бейнелейді. Жуырда ғана мұндай өзгерістер өте баяу жүзеге асатын, алайда соңғы жылдардағы ғылым мен техниканың өзара тығыз байланысты дамуының нәтижесінде олар да қарқындылығын күшейте бастады.

Бүгінгі күні әртүрлі  елдер үшін білім беру мен тәлім-тәрбиені дамыту бағытында ортақ қиыншылықтардың  туындағанына қарамастан, олар бір-бірінен  білім беру мәселелерін шешу жолдары, әдістері және мақсаттары тұрғысынан елеулі дәрежеде ерекшеленіп отырғандығы байқалады. Мұндай айырмашылықтар адамның ролі мен оны жетілдірудің маңызын (мінез-құлқының маңызын, жеке тұлғаны дамытудағы тәрбиенің ролін), осыдан барып қоғамның жекелеген мәселелерін шешудегі, оның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы және жалпы қоғамды дамытудағы білім беру жүйесінің міндеттерін әртүрлі түсінуден келіп шығады. Осыған байланысты, әртүрлі қоғамдық-саяси жүйелерімен ерекшеленетін елдерде білім беру саласына жаңалықтар әртүрлі мақсаттармен, әртүрлі тәсілдермен және әртүрлі атаулармен енгізіледі де, олардан әртүрлі нәтижелер күтіледі. Әртүрлі елдердегі бірдей жаңалықтар әртүрлі қызметтерге ие болып, оларды қолдану нәтижелері де түрліше бағаланады.

Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді сараптау нәтижелері «новация» мен «инновация» ұғымдарын жеке-жеке қарастыру керектігін көрсетті. Дегенмен, әдебиеттерде осы екі ұғымның әртүрлі анықтамалары кездеседі. Инновация ұғымын энциклопедиялар мен сөздіктерде әртүрлі анықтамаларын кездестіруге болады.

Инновация ұғымына жалпы  энциклопедияның жаңа басылымында  «инновация» - жаңалық,  жаңару –  техникалық және технологиялық жетістіктер  мен ашылымдардың немесе жаңалықтардың  іс жүзіндегі қолданысы» деген анықтама беріледі. Ал, сөздікте ««новация» – бар нәрсенің ішінара жаңаруы, яғни қандай да бір бөлігінің, қасиетінің, байланысының өзгеруі» делінсе, «инновация» – мүлдем жаңа нәрсе, жаңалық» ретінде пайымдалады  [5.23].

«Инновация» сөзі латын  тіліндегі іn (ішіне) novus (жаңа) сөздерінен құралып, жаңару, жаңалық, өзгеру деген мағынаны білдіреді. Инновация ұғымының шығу кезеңі мен тарихын дәл анықтау мүмкін болмаса да, бұл ұғым қоғамдық ғылымдарға жаратылыстану ғылымдарынан келген деп есептеледі. Өйткені, инновациялар көбіне экономика, техника, агрономия, өнеркәсіп және медицина салаларында кеңінен қолданылады. Инновациялар қоғамның пайда болу кезеңінен бері жүзеге асырылып келе жатса да, педагогикалық категория ретінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында ғана қолданысқа енгізілді. Мұның басты себептерінің бірі – олардың мағынасының түрліше түсінілуінде.

Кейбір ғалымдар инновациялардың  анықтамасын берер кезде оның түрлеріне де ерекше тоқталып өтеді. Кейбіреулері білім берудің мақсаты  мен міндеттеріне негізделетін жаңалықтарды: материалдық және рухани,  құрылымдық және технологиялық, негізгі, іргелі, стратегиялық жаңалықтар деп бөлсе; ал біреулері білім беру саласы мен ұйымдарындағы жаңалықтарды: жаһандық, жекелеген, ұйымдық және спонтандық, ірі және ұсақ, сырттан әкелінген және спонтандық, ішкі және сыртқы жаңалықтар деп бірнеше түрлерге ажыратады.

Заманауи  педагогтар  Г.М. Кусаинов, М.М. Жанпейсова, Т.С. Садықов, А.А. Саипов, М.И.Махмутов, Б.А. Тұрғынбаева, Е.Ө. Медеуов, Т.Сабыров, А.А. Жолдасбеков, Ж.К. Оңалбек және т.б. маманды кәсіби даярлау үдерісінің психологиялық-педагогикалық негіздеріне, мамандықтың мәніне, өзіндік ерекшеліктері мен функцияларына тоқталады. Оның құрылымын негіздей отырып, маманның іс-әрекетінің кәсіби бағдарын, студенттердің шығармашылық және өздігінен дербес білімін жетілдіруге байланысты ғылыми-әдістемелік бағдар ұсынған.

Болашақ жоғары кәсіби мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіру жолдары А.В. Усова, И.Л. Беленок, Б.К. Момынбаев,  М.А. Құдайқұлов, Ш.Т.Таубаева, А.Е. Әбілқасымова, А.Б. Абибуллаева, О.С. Сыздықов, А.Г. Қазмағамбетов, Б.Т. Кенжебеков, С.М. Кеңесбаев, Қ. Ералин, Б. Тойлыбаев, К.М. Беркімбаев,  А.З. Тұрсынбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты талданған.

Б.К.Момынбаевтың, Л.К.Керімовтің, С.Ж.Пірәлиевтің, М.Н.Сарыбековтың, С.С.Хасеновтың, Н.Асановтың, Қ.Б.Бөлеевтің, Ж.А.Шоқыбаевтың, Е.Омардың, Н.К.Ахметовтың, К.М.Беркімбаевтың және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жоғары мектепте білім беруді ұйымдастыру мен жетілдірудегі  қазіргі заманғы жолдары, әдістері жан-жақты қарастырылған.

Қазақстанда білім беру жүйесіндегі басқару мәселелері де ғалымдардың зерттеу нысанынан тыс қалмады. Оны республика ғалымдары бірнеше бағытта зерттеді. Айталық, жоғары оқу орындарында білім беру жүйесіндегі оқу үдерісін басқару Ш.Т.Таубаева, С.С.Хасенов, Е.Ш.Қозыбаев, жалпы орта білім беру жүйесіндегі мектепті басқару Н.А.Әбішев, К.Д.Қарақұлов, кәсіптік-техникалық білім жүйесіндегі оқу үдерісін басқару Б.К.Момынбаев, К.Ө.Өстеміров, оқу-өндірістік комбинатты, жастарға еңбек және экономикалық білім беруді басқару Қ.Ж.Аганина, А.М.Мүсілімов, Г.Т.Хайруллин және т.б. ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапқан.

Инновациялық үдерістерді  қолданудағы педагогикалық менеджмент, яғни жаңалықты енгізу үдерісіне  басшылық жасау мәселелері К.Ангеловский, М.В.Кларин, В.Я.Ляудис, М.М.Поташник, С.Д.Поляков, Т.И.Шамова, О.Г.Хомерики, Н.Р.Юсуфбекова, В.И.Загвязинский, П.И.Пидкасистый, Н.И.Лапин, А.И.Пригожин, Ю.Н.Кулюткин, А.К.Маркова, Н.Д.Никандров, Я.А.Пономарев, В.А.Сластенин, Л.С.Подымова, Л.Н.Фридман және т.б. еңбектерінде қарастырылған.

Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы педагогикалық инновация мен оқытудың жаңа технологиясы мәселелерін Ш.Т.Таубаева, С.Н.Лактионова, Е.З.Батталханов, Қ.Қ.Қадашева, Т.О.Балықбаев,  Ж.А.Қараев, Г.К.Нұрғалиева, К.Бұзаубақова, С.Д.Мұқанова, Н.И.Хван,  Л.Е.Румянцева, З.У.Имжарова, М.М.Мұқаметқалиқызы  және т.б. педагог ғалымдар зерттеген.

Соңғы жылдары осы  саладағы жұмыстардың көлемі арта түсіп, жалпы педагогикалық инновацияға, оның ішінде инновациялық білім беру үдерістеріне қатысты бірқатар аспектілер зерттеле бастады.

Білім берудегі жаңалықтарды жіктеу барысында инновацияның адам қызметінің ең маңызды түрлерінің бірі екендігін ескерген жөн. Бұл қызметті қатаң шектеуге және бөлшектеуге  болмайды. Білім берудің барлық құрамдас бөліктері мен аспектілеріне  жаңалық енгізу қиын, тіпті мүмкін емес болғанымен, оларды бір құрамдас бөлікке біріктіру одан сайын қиынға соғады. Сондықтан, білім беру мазмұнындағы жаңалықтар міндетті түрде ұйыммен және тиісінше, жұмыс істеу әдістемесімен өзара ықпалдасып отырады.

Қазіргі уақытқа дейін ғылыми әдебиеттерде инновациялық үдерісті мынадай кезеңдерге бөледі. Идеяның немесе инновация тұжырымдамасының пайда болу кезеңі, мұны шартты түрде, іргелі де қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижесі болып табылатын жаңалықтың ашылу кезеңі деп те атайды. Ойлап табу кезеңі, яғни қандай да бір нысанға, материалдық немесе рухани өнім-үлгіге айналған жаңалықты құру немесе ашу  кезеңі. Жаңалықты енгізу кезеңі, мұнда ойлап табылған жаңалық іс-жүзінде қолданысқа еніп, қайта өңделеді және жаңалықтан тұрақты нәтиже  алынады. Бұдан кейін жаңалық өз бетінше өмір сүре бастайды да, инновациялық үдеріс жаңалыққа деген алғырлық қалыптасқан жағдайда келесі кезеңге аяқ басады. Жаңалықты пайдалану кезінде мынадай кезеңдер орын алады:  Жаңалықты тарату кезеңі, мұнда жаңалық кеңінен қолданысқа енгізіліп, жаңа салаларға кіреді. Нақты бір салада жаңалықтың үстемдік ету кезеңі, мұнда жаңалық бұрынғы жаңашылдық қасиеттерін жоғалта бастайды да оны едәуір тиімді жаңалықпен ұтымды алмастыру үдерісі қарастырылады. Жаңалықтың қолданылу аясын қысқарту кезеңі, мұнда жаңалық жаңа өніммен алмастырылады.

Инновациялық білім  беру үдерісінің мән-маңызы, біздің пікірімізше, оның инновацияны бастау, жаңа өнімдер  мен мәмілелерді дайындау, оларды нарықта сату және одан әрі қолданысқа енгізу жөніндегі мақсатты іс-әрекеттер тізбегін қамтитындығынан көрінеді.

Инновациялық білім  беру үдерістерін басқаруды кәсіби қалыптастырудың тиімділігін бағалау  критерийлеріне инновациялық білім  беру үдерісінің шынайылығы, жүзеге асырылғыштығы (ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі), басқарылғыштығы, инновациялық деңгейі, гуманитарлығы, өңделгендігі және таралу мүмкіндігі жатады.

Еліміздегі жоғары оқу орындарында білім мен ғылымдағы ең алуан түрлі және болашағы зор қазіргі заманғы білім беру технологиялары ендірілуде. Оқытудың кредиттік жүйесін, қашықтан оқыту формасын енгізуді, маман даярлаудың көпсатылы құрылымына көшуді, оқу үдерісінде қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен сабақ берудің озық әдістерін қолдануды атап айтуға болады.

Философиялық  және педагогикалық әдебиеттерде инновациялық процестерді зерттеу барысында кейбір ғалымдар жаңалықтың жүйелілік, әрекеттік тұжырымдамасын ұсына отырып, жаңалықты енгізуді әртүрлі деңгейде (жалпы ғылымилық, жалпы әдіснамалық) талдаудың қажеттілігіне ерекше көңіл аударады.

Инновациялық іс-әрекеттің  түрлі аспектілерін, білім берудің  мазмұнын дамыту, жаңалықты енгізу мәселелерін Ю.К.Бабанский, В.С.Библер, Ю.С.Гершунский, В.П.Кваша, В.С.Лазарев, В.Я.Ляудис, А.В.Лоренсов, В.М.Полонский, С.Д.Поляков, М.М.Поташник, А.И.Пригожин, Л.С.Подымов, В.А.Сластенин, В.Д.Чернилевский және т.б. қарастырған. Осы ғалымдардың пікірінше, инновациялық процестердің маңызды міндеттерінің бірі жаңашыл педагогикалық идеяларды негіздеу және оларды практикада қолдану процесіне басшылық жасау болып табылады.

Педагогикалық инновациялардың  теориялық-әдістемелік сипаты Б.Р.Айтмамбетова, Н.А.Әбішев еңбектерінде, ал инновациялық мектептер мәселесі Т.Я.Линчевская, Л.С. Подымова  және т.б. еңбектерінде айқындалған.

Инновациялық процесс  осы жаңалықтардың ашылу жолдарын қарастырып қана қоймайды, сонымен бірге паудалануын, оның  практика жүзінде таралуын қамтамасыз етеді. Педагогика үшін жаңалықтың сапалық, сипаттамаларының маңызы зор. Бұл жаңалықты енгізу мәселелерімен тығыз байланысты. Кейде жаңалықты енгізу барысында мұғалімнің шығармашылық қабілетіне сәйкес жаңалықтар көпнұсқалығымен, кенеттен пайда болуымен сипатталады.

Инновация сөзін қазақша  тәржімаласақ,  жаңалық, жаңашылдық, өзгеріс дегенді білдіреді. Педагогикалық  үдерісте инновация оқыту мен  тәрбиенің әдіс-тәсілдері, түрлері, мақсаты, мазмұны, сондай-ақ, мұғалім мен білім алушының бірлескен қызметін ұйымдастыруға жаңалық енгізу болып табылады.

Қазіргі кезде педагогикалық  инновацияның білім беру жүйесіндегі  маңызды мәселелерінің бірі –  жаңалықтарды топтастыру. Мұғалім үшін ашылған жаңа әдісті жан-жақты түсіне білу үшін, бұл жаңалықтың басқа жаңалықтардан ерекшелігін, айырмашылығын, артықшылығын көре білу қажет.

Педагогикалық технология –  мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартушы  және сатыланып жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жиынтығы.Педагогикалық технологиядағы басты мақсат – білім алушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толықтай жету. Ал бұдан педагогикалық технологияның тиімділігі шығады.

Оқыту процесін жандандыру білім алушылардың оқуматериалының теориялық мазмұнын игеру жөніндегі еңбегін тиімді ұйымдастыру және олардың практикалық іскерлікті мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

Оқу процесінің тиімділігі мен сапасы мұғалімнің әдістемелік  дайындығы және сабақ жүргізу тәсілдері мен әдістеріне, инновациялық технологияларды игерулеріне тікелей байланысты болады.

Педагогикалық технология кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Оқытудың инновациялықтехнологиясын  меңгеру мұғалімнен орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Осындай мақсат көздеген жүйелі ізденістер мұғалімнің жаңа технологияны, инновациялық жетілуіне әкеледі.

Педагогикалық технология ұғымына шетелдік және отандық әдебиеттерде үш жүзден астам анықтама берілген. Бұл педагогикалық технология ұғымының қалыптасу мен дамуының тарихында оның оқыту технологиясын техникалық құралдардың көмегімен оқыту деп ұғынудан бастап педагогикалық технологияны ғылыми тұрғыдан ұғынуға дейін түрліше пікірлер бар. Олар педагогикалық технология мәселесіне арналған Б.Блум, Ф.Фрадкин , М.Кларин, Л.В.Занков  т.б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

«Технология» термині алғаш  рет 1904-50 жылдары шет елдерде пайда  болды және ол педагогикалық процесте технологиялық құралдар мен оқыту бағдарламаларын пайдалануға байланысты болды. Технология – өнім алу барысында шикізаттың, материалдың немесе жартылай шикі заттың қалыбын, қасиетін, формасын өңдеу, әзірлеу не өзгерту әдістерінің жиынтығы.

Педагогикалық сөздікте «педагогикалық технология – социо-мәдени өлшемді тұлғалық көрініс еркіндігін үйлестіруші әлемге қатынасын қалыптастыру мақсатында қоршаған ортамен дара қарым-қатынас мағынасында балаға, педагогтық әсер етуінің ғылыми негізделген кәсіби шешімін білдіретін педагогикалық шеберліктің компоненті», -делінген.

Қазіргі кезеңде  педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған  оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Ал бұның өзіпедагогтар қауымына зор жауапкершілік, үлкен міндет жүктейді. Мұндай міндеттерді шешу мұғалімдерден мектептерде білім алушыларға берілетін ғылым негіздерін олардың болашақ іс-әрекетінің берік негізі әрі тірегі болатындай етіп оқытуды, оқу-тәрбие үрдісін, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолданудың тиімділігін арттырудың, оқытудың инновациялық технологиясын меңгеруді, педагогикалық жаңалықтарды тәжірибеге батыл енгізуді талап етеді.

Информация о работе Педагогикалык пэндердi окытуда инновациялык технологияларды пайдалану