Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Сентября 2012 в 13:58, реферат
Бүгінгі жаһандану дәуірінде жастардың жаңару үрдістерімен үйлесімді өмір сүре білуі үшін – терең және жан-жақты білім алуы маңызды факторға айналып отыр. Осы орайда, біраз жылдар назардан тыс қалып, бүгіндері қайта қолға алына бастаған кәсіптік және техникалық білім беру ісінің маңызы артуда. Өйткені, ішкі еңбек нарығы техникалық және кәсіптік білімі бар өз кадрларымызбен қамтамасыз етуді талап ете бастады.
І. Кәсіпке қызығушылық
ІІ. Жаңа білім жүйесі
ІІІ. Кәсіби деңгейдің дамуы
ІV. Кәсіптік педагогиканың ғылыми теориялық негіздері.
Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай- ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялылар қауымының деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, басекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда «құзырлылық» ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова «Құзырлылық ұғымы – соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субъектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым.
Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «сомпетенс»белгілі сала бойынша жан – жақты хабардар білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді. Бұл жайлы Б.Тұрғанбаева «... өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз » деп анықтаса, Ресей ғалымы Н.Кузьминаның көзқарасы бойынша, «Құзырлылық дегеніміз - педагогтің басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлығы ».
Латын тіліндегі « компетенс»сөзін ғалым К.Құдайбергенова «Құзырлылықты білімін, біліктілігін, дағдысын, тұлға мінез- құлқын , ең бастысы тұлға мүмкіндігін бағалаудың критерийі мақсатында қарастыру құзырлылық маңызын толық аша алады. Олай болса, құзырлылық, нәтижеге бағдарланған жаңа білім беру жүйесінің сапалық критерийі ретінде әлеуметтік және өмірлік көзқарастарды есепке алу қажет» деп жазса, Б.Тұрғанбаева «Құзырлылыққа бағытталған оқыту үрдісінде тәжірибелік жолмен мәселені шешу мүмкіндігі молаяды. Осы жағдай біліктілікті арттырудағы екінші үлгіге көшірудің негізі бола алады. Өйткені,құзырлылыққа бағытталған үлгіде білім алушылардың өздерін ұйымдастыру - басты мақсаты » деп көрсетеді.
Қ.Құдайбергенова «Құзырды әртүрлі кенеттен болған ситуацияларда мәселелерді шешу үшін қажетті білімді немесе әрекетті көрсете білу қабілеті, білім мен өмірлік ситуация арасындағы байланысты орнату мүмкіндігі ретінде, ал құзырлылықты адамның өзіндік деңгейіне, даралық қасиеттеріне тікелей байланысты тұлғалық, теориялық, практикалық өлшеу дәрежесі жоғары деңгейде кіріктірілген құрылым ретінде қарастыру ұсынылады» деген тоқтам жасайды.
12 жылдық білім беру
Қазақстан Республикасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог кадрлардың кәсіби - тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екендігін атай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.
Арнайы құзыреттілік- өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.
Әлеуметтік құзыреттілік- кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.
Білім беру құзыреттілігі - педагогикалық және әлеуметтік психологияның негііздерін қолдана білу қабілеті.
Ендеше құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін -өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екендігі айқын көрсетілген. Студенттер оқытушы қауымнан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтеріміз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы: жедел шешім қабылдаушы:ерекше ұйымдастырушылық қабілетті: нақты бағыт- бағдар беруші болып шығуы - бұл қазіргі заманның талабы.Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім - қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың , интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.
Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады:
- бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
- мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
- оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
- коммуникативтік құзіреттілік ( адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
- ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
- әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
- тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).
Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан- жақты болуы талап етіледі.Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан- жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарына қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтің құзыреттілігіне байланысты болады.
Кәсіби деңгейдің дамуы
Психологтер де, педагогтер де адамның рухани интеллектуалдық, кәсіби шығармашылықпен өзін-өзі дамытуы өмірінің әр кезеңінде әр қалай деп көрсетеді.Мысалы, ұлы педагогтер А.Дистерверг ,К.Ушинский А.Макаренко ,В.Сухомлинский ,т.б мұғалімдік еңбекті адамтану ғылымы , адамның жан дүниесі , рухани әлеміне бойлай алу өнері дей отырып, педагогикалық шеберліктің дамуына зор үлес қосқан. Осы тұрғыдан алып қарағанда педагогикалық шеберлік- кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің , оның білімі мен білігінің жүйесі. Осы мәселені терең зерттеген А.Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған.
Обьективті критерийлер. Мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі.Жоғары еңбек көрсеткіші,әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше алу біліктері, т.б жататындығын атап өтеді.
Субьективті критерийлер. Адамның мамандығы қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушыларына сәйкес қаншалықты ол өз ісінен қанағат табатындығымен байланысты. Мұғалім еңбегіндегі субьективті критерийлерге кәсіби – педагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын , оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарастың болуын жатқызады. Нәтижелі критерийлер. Мұғалім өз ісіне қоғам талап етіп отырған нәтижелерге қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырады.Біреулер нәтиже ретінде оқушылардың білімдерінің стандартқа сай болуын алса, енді біреулер олардың қарым- қабілетін дамытуды алады, ал кейбіреулері оқушылардың өмірге дайындығын басты назарда ұстайды, ал оқыту нәтижесі біз үшін баланың психологиялық функцияларын жетіліп, өзінің педагогикалық әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуге қолдана алуы. Шығармашылық критерийлер. Мұғалім өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесін, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады.Шығармашыл мұғалім үшін біреудің тәжірибесін қайталағаннан гөрі өз жаңалықтарын, білгендері мен түйгендерін басқаларға ұсына алуының, шығармашылық бағыттылықтың болуының мәні зор. Кәсібиліктің бірден келе салмайтындығы белгілі, оны әр мұғалім ерте ме, кеш пе меңгеруі тиіс. А.Маркова оның кезеңдерін төмендегідей етіп бөледі: мұғалімнің өз мамандығына бейімделу кезеңі: мамандықта өзін-өзі өзектендіру кезеңі:мамандықты еркін меңгерген кезең: мамандықта шығармашылық деңгейге жеткен кезең. Осылайша ғалым кәсіби құзыреттіліктің сипаттамасын шебер- мұғалімнің , жаңашыл- мұғалімнің, зерттеуші- мұғалімнің, кәсіби дәрежесіне көтерілген мұғалімдердің жиынтық бейнесі ретінде қарастырады.
Ең бірінші кезекте мұғалімнің « өзіндік жаңалығы» болуы қажет. Ғылым жаңалығын түрлендіруде өз үлесін қосу арқылы жасаған нәтижелі жұмысы өзгелердің тәжірибесін толық көшірмей, жаңа ортаға икемдеп, өзіндік іс- әрекет жиынтығы арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу керек.Қазіргі кәсіптік- педагогикалық қызмет қандай мұғалімді талап етеді. Мұғалім – оқушылардың жеке тұлғасын дамытуға басымдық беретін, күрделі әлеуметтік-мәдени жағдайларда еркін бағдарлай алатын, шығармашылық процестерді басқара алатын, адам туралы ғылымның жетістіктерін, оның даму заңдылықтарын, компьютерлік оқыту өнерін терең меңгерген жан- жақты дамыған шығармашыл тұлғаны талап етеді. Ал, білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығының дамуына жағдай жасай алатын, тұлғалық- ізгілілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс- қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген және білімдік мониторинг негізінде ақпараттарды тауып, оларды таңдап сараптай алатын, отандық және шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті айтамыз.
Дарындылық
Жалпы «дарындылық» феноменін алғаш зерттеуден бастап-ақ ғылымда екі бір-біріне қарама-қарсы «био» және «социо» бағыттары қалыптасқаны аян. Дарындылықтың негізгі басымды қозғаушы күші тек қана генетикалық нышандар болып табылады деген пікір Ф. Гальтон, Г. Айзенк еңбектерінда айқын көрінген. Екінші бағытты ұстанған ғалымдар негізгі фактор ретінде қоршаған ортаны қарастырған. Ал қазіргі таңда А.Т. Асмолов негіздеген ұстаным әлдеқайда өміршең екендігін дәлелдеп отыр. Л.С. Выготскийдің теориясын негізге алған бұл бағыт «дарындылықты» білімді өз бетінше игеру, ашу, жаңа жағдайда көшіре білу, мәселені мақсатты шешу, бір сөзбен айтқанда, «интеллектуалды дарындылық» ретінде зерттейді.
Педагогикалық энциклопедияда: «Дарындылық дегеніміз – адамдардың қабілеттерін жете жақсы дамуының жоғары сатысы», - деп атап көрсетіледі. Осы қабілеттілік арқылы адамдар көптеген жақсы жетістіктерге жете алады. Дарындылық – сапалы қабілеттердің өзіндік бірлесуі: оның арқасында іс-әрекет жақсарады.
Көптеген ғылымдардың ойынша дарындылық, қабілеттілік және талант бір ұғымды білдіреді. Балалардың келешегі жөнінде ойланбайтын, балалардың қабілетті, дарынды, талантты болып, болашақ қызметтерінде үлкен жетістіктерге жетуін армандайтын ата-аналарды табу өте қиын. Бірақ сөйте тұра солардың барлығы бірдей қабілет деген не, оны қалай дамытуға болады және бұл жұмыста жанұя қандай міндет атқару керек дегенді біле бермейді. Қабілеттілік туа бола ма, жоқ әлде жүре бола ма? Олар тұқым қуалай ма, жоқ па? Қабілеттілік барлық балада бірдей дамыту мүмкін бе? Оған қалай жетуге болады? «Қабілеттілік деп – белгілі бір іс-әрекетте ең тәуір нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін адамның жеке-дара психологиялық ерекшеліктері айтылады». Қабілеттілік жалпы ақыл қабілетті және арнайы қабілет болып бөлінеді. Жалпы қабілет негізінен ойлауға қатысты болып келіп, оның аңғарғыштық, ойланғыштық, дербестік, сыншылдық, икемділік т.б. қасиеттерінен көрініп отырады. Жалпы қабілет адамның өзін ой-әрекеттерінің түрлі салаларынан көрсете білуге мүмкіндік жасайды.
Жалпы қабілеті дами білген оқушы математика, физика, биология, әдебиет сабақтарын бірдей жақсы игеріп, мектеп шеберханасы, тәжірибе алаңы, лабораториядағы түрлі еңбек тапсырмаларын да сәтті орындап отырады. Оқушыны дамытуда ежелгі замандардан бері математиканың алар орны ерекше. Математиканың ғылым мен техниканың қарқынды дамуына қосар үлесі аз болған жоқ. Математика – барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек, математика - оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, оны шыңдай түседі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді. Математика сабағында оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық ізденістерін, өз бетінше жұмыс істеу белсенділіктерін арттыру барысында теориялық білімдерін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға болады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамытуда, математиканың негізін қалыптастыру, ұғындыру, түсініктерін тереңдетуде бастауыш сынып мұғалімдерінің математикалық білімдері терең болуы керек. Математика пәнін жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әр түрлі деңгейдегі есептерді шығара білу іскерлігі , оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс – амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін , оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамутудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы. Қазіргі кезде дарынды балалардың ерекшеліктері мен бейімділігін және мінез-құлқын сипаттайтын бірнеше тізімдер бар. Мысалы, әлемге әйгілі Б.Кларктың кітабында дәл осындай бес тізім бар. Олар баланың ойлау, шығармашылық қабілеттерін және өнер саласындағы (ән, би, драма т.б) қабілетін сипаттайды.
Американдық психологтардың анықтамасы бойынша шығармашылық дегеніміз – бұл, тани білу, жаңа бір нәрсені анықтауға ұмтылу және өз тәжірибесін терең түйсіне білу қабілеті. Шығармашылық психологиялық тұрғыдан алғанда, нәтижесінде жаңа материалдық рухани құнды дүние тудыратын әрекет. Ал педагогикалық тұрғыдан алсақ, шығармашылық дегеніміз – адамның белсенділігі мен өз бетінше жұмыс істеуінің жоғары түрі және ол әлеуметтік қажеттілігі мен өзінің ерекшелігімен бағаланады. Ең бастысы, шығармашыл тұлғада шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілік, тұрақты сұраныс болып, өз ісіне қанағат табу сезімі болуы қажет. Осыған орай адам идея, жаңалық аштым деп ойлайды, ал шын мәнінде олар адамды ашады деген ғалымдардың пікірінің дұрыстығына көз жеткізе түсеміз.
Қазіргі заман талабына сай шығармашылық қабілеттің дамуына бағытталған білім дегеніміз – аз уақыт ішінде мол идея қорын алу емес, керісінше, жеке тұлғаның толық дамуын қамтамасыз ететін іс Шығармашылық қабілеттің дамуы әрбір балаға қажет екендігін, әр тұлғаның қоғам дамуында өз орны бар екендігін біле отырып, дарынды балалардың тек өткенге емес, болашаққа да қызығушылығымен, іс-әрекеттердің жаңа тәсілдерін көбейтуге қабілеттерімен ерекшеленетіндігін атап өту қажет. Сонымен бірге бұл жеке тұлғалық дамудың мақсаттарына да жауап береді. Баланың дарындылығын анықтаудың негізі мектептен басталады.