Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Октября 2013 в 21:07, курсовая работа

Краткое описание

Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

1366195918.doc

— 242.00 Кб (Скачать документ)

2.1.2 Жан-жануар атауларының коннотациясы. Тілдік қордың ең көне әрі көлемді қабатының бірі болып жануарлар атауларына қатысты сөздер мен сөз тіркестері танылады. Бұл – жануарлардың ғасырлар бойы халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігімен (жыртқыш аңдармен күресу, аң аулау, етін, сүтін тамақ ретінде пайдалану, терісінен киім тігу, сүйегінен құрал-жабдықтар жасау, көлік ретінде пайдалану т.б.) тығыз байланыста болып, адамның дүние танымына, көзқарасының қалыптасуына мейлінше әсер тигізгенімен түсіндіріледі. Осыған орай тілде жан-жануар атауының негізінде жасалған теңеулер, метафоралық сипаттамалар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Олардың пайда болуы о баста малға, аңға байланысты болғанымен, айналып келгенде адамға бағышталып, әртүрлі зоосипаттамалар негізінде адамның мінезі, іс-әрекеті, сыртқы көрінісі, жақсы-жаман қасиеттері айшықталады. Бұл кез келген ұлт тіліне тән құбылыс дей келе, оның әр тілде өз ұлт дүниетанымы, ділі, мәдениеті тұрғысынан жүзеге асатынын да ескереміз. Яғни, белгілі бір мағына екі түрлі ұлт тілінде әр басқа ұғымдармен коннотацияланып,  өзіне ғана тән ассоциативті образдар негізінде көрініс табады.

Коннотациялық мәнді зооморфизмдер  белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез-құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс-әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауыс қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында Махамбет шығармаларында ұтымды да шебер пайдаланылған. Ақынның адам мінезіне, сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне, түрлі қасиетіне байланысты қолданылған аң атауларының семантикалық бірліктері үстеме образдылық, бағалауыштық, эмоционалдық, экспрессивтік мағына үстейді. Мысалы, Махамбеттің: «Керіскідей шандозым! // Құландай ащы дауыстым!» - деп келетін өлең жолынан «керіскі» сөзін кездестіреміз. 1962 жылы шыққан Махамбеттің өлеңдер жинағында: «Керіскендей шандозым – керіскендей – негізі – керу. Тартысуға, керісуге байланысты «төзімділік» ұғымында. Шандозым – кербездің синонимі», - деген түсінік берілген. Бұл арада Махамбет өлеңіндегі «керіскендей» сөзінің текстологиялық анықтамасына негіз болған – кер, керіс етістіктерінің қазіргі тіліміздегі мағынасы. Немесе, 2004 жылы жарық көрген Махамбет энциклопедиясында: «Керіскі – 1.Жұқа етіп басылған сырмақ, қалпақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз. 2.Керіскідей – көз тартатын үлкен», - деп көрсетілген [14,515].

Бірақ бұл жерде, біздің ойымызша, «керіскідей шандозым» дегенді басқа мағыналық негізде түсіндіру қажет. Оны бұл сөздің мағынасына қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеу барысы байқатады. Бұл сөзді біз Н.И.Ильминский нұсқасындағы (1860 ж.) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан да кездестіреміз: «Әлекем Қозыкені керіп атты, // Қозыке керіскедей болып жатты». Немесе, М.Сералиннің қазақ тіліне аударған «Рүстем-Зораб» дастанында:  «Керіскедей керіліп, // Жатыр жерде созылып», - деп келетін жолдар бар.

Керіскі  - мүйіз тұмсықты жануар, яғни носорог деп Л.З.Будаговтың сөздігінде көрсетілген: «уйг. «керсъ» - носорогъ». Демек, Махамбет Исатайды керіскідей деп тұрғаны – оның бейне-бітімін, сыртқы тұлғасын теңеу негізінде батырдың соқталығын, айбатын, айбындылығы мен күшін образды түрде бергені.

Жұмыста осыған сәйкес арыстан, қабылан, жолбарыс, серке, тарлан, нар, тағы, тарпаң, жылқы (арғымақ, жүйрік ат, тұлпар, көк бедеу, қазанат т.б.), қасқыр, қара шұбар жылан, айыр құйрық шаян, төбет деген сияқты сөздердің Махамбет тіліндегі үстеме мағыналары қарастырылып, жағымды және жағымсыз семалары  айшықталады.

2.1.3 Құс атауларының  коннотациясы. Коннотативті жүйеде өзін және сомдап отырған бейнелерін аспан перзенті – құс атауларына балап көркем суреттеу – Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған тәсілдердің бірі. Ақын тілінде ұшырасқан құс атаулары адам бойынан табылар әр түрлі қасиеттерді бейнелеу үшін, кейде басынан кешкен жағдайларды, көңіл-күйін таныту мақсатында поэтикалық тілдік құралдарға айналған сөздер болып табылады. Мысалы: «Мен – қарақұстан туған қалықпан, // Сөйлер сөзге жалықпан», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын // Бір сұңқарға жұбаймын», «Аспанда ұшқан ақсұңқар, //Қолымда тұйғын, лашын», «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, // Қанатың қатты, мойның бос» т.б.

Махамбет өз тыңдармандарына әсерлі, түсінікті болу үшін, суреттеп отырған  бейнені немесе оқиғаны оқушыларының көз алдына елестету үшін өлеңдерінің  мазмұнын, өзінің айтпақ ойын әр алуан  эпитет, метафоралық теңеулер, поэтикалық контраст негізінде шебер өрбітеді. Мысалы, мақсаттары орындалмай, жолдастары оққа ұшырап, Исатай жау қолынан қаза болған күн Махамбет өлеңінде: «Аса шапқан құлаша ат // Зымырандай болған күн. // Арқауылдың бойынан // Теріскей дауыл соққан күн», - деген сияқты образды тіркестер негізінде көрініс табады. Осы өлең үзіндісінен  атты зымыран құсына теңеу үлгісін кездестіреміз.

Зымыран – суға сүңгігіш құстардың бірі. Ұлттық танымы мен көркем әлемі бір тұтасқан ақын Е.Раушановтың көрсетуі бойынша, оның әлемде 87 түрі кездеседі және әр елде ол әртүрліше аталады. Мысалы, балқар, қарашай тілінде «балыкчы чымчык» делінсе, башқұрттарда ол «балықсы торғай» деген атпен белгілі. Сонау ескі замандардан бері қарай сан елдің әдебиетінде әдеміліктің символы ретінде жырланып келе жатқан бұл құс шығыс ақындары шығармаларында ағаш бұтағына періште іліп қойған лағыл-гауһарға теңелсе, көне Қытайда оның көгілдір қауырсындарын император сарайының ханшалары бас киімдеріне қадаған. Ал орта ғасырлық Еуропада үйді «бәле-жәле, қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтау үшін» зымыранды үйдің маңдайшасына тұмсығынан іліп қоятын болған [15].

Сондай-ақ халық танымында зымыран ерекше шапшаңдылығымен де белгілі. Оның шалт қимылы, суға оқтай зулап, судың үстінгі қабатында жүзіп келе жатқан балықты қас қағым уақытта іле жөнелуі осы құстың зымыран деп аталуына да негіз болса керек: зымыран – зымырау.

Махамбет тілінде де аталмыш  құстың аса шапшаңдылығы, зымырауы басшылыққа алынғаны аңғарылады. Жоғарыда көрсетілген өлең жолындағы «Аса шапқан құлаша ат» деген жағымды образ негізінде ақын Исатай бейнесін сомдай келе, оның тез, зымырап өткен қысқа өмірін зымыран құсы арқылы танытып, қаза болғанын меңзеп тұрғандай.

Қазіргі тілде зымыран – ракетаның қазақша баламасы. Сонда зымыран (құс) және зымыран (ракета) коннотацияларының уәжі бір. Ол – «жылдамдық» семасы.

Диссертациялық жұмыста зымыран лексемасы іспеттес лашын, қарақұс, қалықпан, ақсұңқар, құмай, қыран, бүркіт, қызғыш құс, аққу, шағала құс атауларының да Махамбет тілінде көрініс тапқан үстеме мағыналары көрсетіледі.

2.1.4 Түр-түс атауларының  коннотациясы. Махамбет өлеңдерінде қолданыс аясы тұрғысынан тек номинативтік және көркемдегіш-сипаттауыш қызметтерімен шектелмей, өзіндік символдық, танымдық терең мәнге ие болуымен ерекше көзге түсетін лексика-семантикалық топтар қатарына түр-түс атаулары да жатады.

Тілдегі түр-түс атаулары белгілі  бір заттың сапалық сынын ғана білдірмей, сонымен қатар белгілі  бір этностың ұзақ тарихы, оның рухани, мәдени өмірі, эстетикалық талғам-танымы, ұлттық психологиясы, салт-сана, әдет-ғұрпы  туралы да мол мағлұмат бере алатын күрделі категория болып табылады. Бұл түр-түс атауларының әр түрлі аспектіде (лингвистикалық, психологиялық, когнитивтік, тарихи-мәдени, этнолингвистикалық тұрғыдан) зерттелуімен айшықталады.

Ғалымдар еңбектерінде түр-түс  атауларының табиғаты халықтың тұрмыс-салтына, наным-сеніміне, ұлттық дүниетанымына, қоршаған табиғи ортаға тәуелдене айшықталып, түстердің мәдени ассоциациясы көрініс  табады (А.Кононов, Э.Севортян, Ә.Қайдар, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков, Ш.Жарқынбекова, Н.Аитова, Ұ.Серікбаева, Ф.Ахметжанова, Қ.Қайырбаева т.б.). Олардың кейбір үлгілерін Махамбет өлеңдерінен де көреміз: ақ түс атауына қатысты – ақ кіреуке, ақ алмас, ақ семсер т.б. («өткір», «мықты», «сапасы өте жоғары», «болаттан жасалған»), ақша бет («сұлу», «көрікті»), ағыны күшті ақ дария, ақтабан, ақбөкен («тез», «жылдам», «шапшаң», «жүйрік»), ақкөңіл, ақ жүрек («таза», «пәк», «жылы», «әділ», «адал», «мейірбан»), ақ жұмыртқа («бала», «жасөспірім», «пәк»), ақсүйек («текті», «хан», «төре», «таза», «біртекті», «қоспасыз»); қара түс атауына қатысты – қара нар («күшті», «мықты», «төзімді»), қара («қарапайым халық», «күшті», «мықты»), қара саба, қара қазан («қасиетті», «киелі», «берекелі», «құтты»), қара болат, қара балта («таза», «қоспасыз», «берік», «мықты», «өткір»), қара бұлт («қою», «шоғырланған», «көп», «айбарлы күш»), қара бас («жеке», «дара», «жалғыз»), қара су («жұғымсыз», «сіңімсіз», «құнарсыз»), жау қарасы («сан», «мөлшер», «шама»); ала түс атауына қатысты – ала ту («соғыс туы», «ұрысқа ұстайтын ту»), алаулау («соғысу», «шабуылдасу»), алалы жылқы, алаға-ай («мықты», «күшті», «жүйрік»); көк түс атауына қатысты – көк семсер, көк сүңгі («сапасы өте жоғары», «суаруы қанық», «мықты», «өткір»), көк бедеу, көгілдір-ай (жылқыға қатысты – «мықты», «жүйрік», «үстем», «жеңімпаз», «киелі», «қасиетті»), көк шалғын («шөбі мол», «құнарлы»), көк («аспан»); сары түс атауына қатысты – сары дала       («ұлан-ғайыр», «кең», «ұзаққа созылған», «жайбарақат», «немқұрайды»), сары атан («жай», «ұзақ жолға төзімді»), сары жебе («сары мыстан немесе жезден жасалған оқ»), сары алтын, сары бал, сары сусар бөрік («таза», «қоспасыз», «молшылық»), сары бала («жас», «өскелең ұрпақ»); боз түс атауына қатысты – боз ағаш, боз орда («қасиетті», «киелі», «көне»); қоңыр түс атауына қатысты – қоңыр қаз («қарапайым», «өзімен-өзі), қоңыр салқын («дене тоңазытатын, қатты тоңбағанмен, тітіркенетіндей күз желі немесе жаз бітер тұстағы түнгі салқын»); қызыл түс атауына қатысты – қызыл гүл, қызыл көйлек («әдемі»), қызыл сырлы жебе («ең тәуір», «өткір», «қауіпті», «шапшаң»), қызыл изен («жақсы», «жаңа көктеп келе жатқан», «жас»).

2.1.5 Киім атауларының коннотациясы. Ақын тілінде жалпы киім атауына қатысты тілдік бірліктер көп кездеспейді. Бары – 8-9 атау. Атап айтқанда, олар: «сары сусар бөрік, қытайы қызыл көйлек, қынама бешпент, қаптама, кіреуке, дулыға, көбе, жаға» және «Басына жібек байлаған // Арулар кімнен қалмаған?!» деп келетін өлең жолындағы жібек сөзі. Ақын шығармаларының мазмұнына шолу жасау барысы бұлардың (киім атауларының) кейбірі философиялық ой өрбіту, көркем суреттеу қызметінде жұмсалғанын, енді бірі бейнелеуіштік, символдық қызметте қолданылып, үстеме мағынаның туындауына себепкер болғанын байқатады. Жұмыста аталмыш киім атауларының танытатын жанама мағыналары қарастырылады.

2.1.6 Фразеологиялық коннотация. Халық ғасырлар бойы аз сөзбен көп ойды жеткізетін нақты, көркем сөз оралымдарын пайдаланып отырған. Халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, күнделікті өміріне байланысты туындаған коннотациялық сипаттағы фразеологиялық бірліктер халықтың ассоциативті-образды ойлауы нәтижесінде пайда болып, ұлттық-мәдени ақпарат мазмұнын танытатын нышандар болып есептеледі.

Махамбет өлеңдерінде мәнерлегіш-көркемдік  бояуы басым фразеологиялық сөз  орамдары көптеп кездеседі: көз көрім жер, мейманасы тасу, ат салу, әзіреттен ант ішу, ата жау, еңселігім екі елі, ер көңілін желдету, маңдайынан күн өтіп, жауырынан жел өту, еңсесі түсу, ат үстінде күн көру, тебінгі теріс тағыну, дініне берік болу, тауын қайтару, қызғыштай болу, шағалалы көлдей шалқу, дем беру, алты құлаш ақ найза, ақылды алпыс жаққа шаптыру және тағы басқалары. Бұлар ақын көзқарасын, ерекшелігін таныту, айтар ойын ерекше әсерлі етіп, белгілі бір бейне сомдау мақсатында ұтымды пайдаланылған.

«Махамбетте кездесетін фразеологиялар жайлы сөз еткенде аса бір ерекше ескерілмек нәрсе – бұл фразеологияларда жауынгерлік стиль бояуы анық байқалып тұруы» [13,197]. Мысалы, «садақ асыну», «егеулі найза», «көк семсер», «дулығалы бас», «орма мылтық», «кескекті ердің сойы», «қанды көбе кию», «керегесін қиратып отын ету, туырлығын кесіп тоқым ету», «ұрандап жауға тию», «қамалды бұзу», «қанды көбік жұтқызу» және осы іспеттес тағы да басқа тіркестер «жаумен соғысу», «ұрысқа сай ер-азамат», «жауынгер», «мықты, күшті», «жеңімпаз», «өршіл рух» мағынасындағы бейнелерді сомдау үшін қолданылған тіркестер болып табылады. Сонымен қатар жұмыста «ес едік», «шұнақ хан», «халыққа тентек атану», «Темірқазық жастану», «қу толағай бастану», «аламанға жел беру» деген сияқты тіркестер талданады.

2.2 Махамбет қолданысындағы көріктеу құралдарының коннотациясы. Көркемдік, прагматикалық бояуы айырықша коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің басым көпшілігі троптар негізінде пайда болады. Олар айтылмақ ойға сай көркем бейне сомдай келе, автордың көзқарасын, дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен сөз жұмсау шеберлігін танытады.

Махамбет негізгі тақырыбына орай қару-жарақ, сауыт-сайман атауларын  кеңінен қолдана отыра, өз тындармандарына  жақын, түсінікті болу үшін халықтың тұрмыстық, әлеуметтік тәжірибесін, ұлттың психологиялық, философиялық ойын танытатын этномәдени бірліктерді көркемдік қажетіне қарай ұтымды пайдаланып отырған. Бұл мәдени ақпарат мазмұнын қамтитын тілдік таңбалар метафора, теңеу, эпитет, метонимия, синекдоха, ұлғайту (гипербола) сияқты көріктеу құралдары мен амалдары негізінде көрініс тауып, автордың ойын дәл, экспрессивті, сомдамақ бейнесін көркем, айшықты болуын қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыста Махамбет туындыларында  кеңінен қолданыс тапқан эпитет, теңеу және метафора деген сияқты көріктеу құралдары ғана қарастырылады.

2.2.1 Эпитет – бұл белгілі бір заттың сын-сипатын ғана танытатын құрал емес. Ол көркем мәтін ішінде, әсіресе, поэзия тілінде кеңінен қолдана келе, көркемдеуіш, бейне тудырушы және коммуникативті-прагматикалық қызметтерімен де ерекшеленетін көркем мәтін компоненті болып табылады. Эпитеттер поэзия тілінде көркем бейне сомдай келе, автордың дүниетанымын, эстетикасын, белгілі бір затқа немесе құбылысқа деген субъективті көзқарасын, идиостилін танытатын көркем дүниелер болып есептеледі. Сондықтан да болса керек эпитеттер Махамбет шығармаларында кеңінен қолданыс табады: егеулі найза, қозы жауырын оқ, балдағы алтын құрыш болат, қарқыны күшті көк семсер, қоңыраулы найза, орма мылтық, жалаулы найза, шал жебе, толғамалы ақ мылтық, көн садақ, қималы найза, ақ семсер, қанды көбе, ақ сұңқар, аймақ көл, қоғалы көлдер, алалы жылқы, мұнар күн, жалған дүние, ана Еділ т.б. Бұлар мәтін ішінде көркемдік қызмет атқара келе, әсем де әсерлі бейне сомдау үшін қолданылады. Жұмыста «еңіреген ер», «алтын ер», «буыршын мұзға тайған күн», «бура атанға шөккен күн», «кілегей қатқан Еділ», «қом сулар» деген тіркестерге кеңінен назар аударылады.

2.2.2 Теңеу. Махамбет тіліндегі келесі өнімді бейнелеу тәсілдерінің бірі – теңеу. Теңеу -  интеллектуалды қызметтің ең бір көне түрі ретінде таныла келе (Э.Сепир), ұлттық сана-сезіммен, халықтың мәдениетімен, адамдардың өмірлік тәжірибесімен астасып жататын лингвомәдени бірлік болып табылады.

Махамбет шығармаларында кеңінен  орын алған теңеулердің бір түрі - бұл халық ауыз әдебиетінде, жыраулар туындыларында жиі қолданылып, тұрақтанған дәстүрлі поэтикалық теңеулер. Олар ақын поэзиясының ұлттық нақышын, экспрессивті-эмоционалды бояуын, көркемдік қуатын арта түсіретін дүниелер болып табылады. Мысалы: «Маңыраған қойдай шулайды», «Ақ бөкендей ойнайды», «Аш күзендей белін бүгілтіп», «Күшіктей даусын қыңсытып», «Арыстандай ақырған», «Жолбарысша жорыттым», «Қабыландай қайранға соғып», «Үдей соққан дауылдай», «Мылтығын қардай боратып», «Оқ жаңбырдай жауған күн», «Сапырып судай шашқан күн» т.б. Бұл – теңеулер көнелігінің,  көркемдік дәстүр жалғастығының, Махамбет поэзиясының  ата-бабалар ойлау-пайымдауы мен қаһармандық жырлардың әсері  негізінде туындағандығының көрсеткіші.

Информация о работе Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)