Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Октября 2013 в 21:07, курсовая работа

Краткое описание

Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

1366195918.doc

— 242.00 Кб (Скачать документ)

Бұл тұрғыда сөз мағынасының  қозғалысын танытып, аталмыш бағыттардың жүзеге асу процесін көрсететін тілдік дәйек ретінде Махамбет өлеңдерінің деректерін негізге алуға болады. Себебі ақын тілінде әртүрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жоғарыда көрсетілген мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытты, яғни жекелеген семалар өзгерісінің мәнмәтін (контекст) негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі сөзөзектік (лексицентристік) бағытты танытады. Сөзөзектік бағыт негізінде өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрініс табуы тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты болып келеді. Осындай ұзақ уақыт, таным әрекетінің нәтижесі болып табылатын тілдік бірліктер қазіргі тілімізде кездескенімен, кеңею, тарылу, ауыспалы мағына мазмұнына ұшырау процесінің нәтижесінде, өткен ғасырларда қолданылған мағынасынан өзге мәнді қамтитын дүниелер болып табылады. Тараушада осыған қатысты Махамбет өлең жолдарындағы қарындас, ауыр, алаш, байтақ, сан, аға, ала ту, алқалау, қара орман, жетім  сөздеріне кеңінен назар аударылады.

Сонымен, синхрондық тұрғыдан қарағанда мазмұндық  деривация процесінің нәтижесін  танытатын дериваттардың қайнар көзі болып көне ескерткіштер тілі, халық ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар тілі танылса, солардың бір арнасы ретінде Махамбет туындылары саналады. Жоғарыда көрсетілген сөздер бұл күндері кездескенімен, қазіргі тілдік тұрғыдан уәжденбейді. Сондықтан да олар М.М.Копыленко мен З.Д.Попова жіктемесі бойынша екінші дәрежелі коннотативті сема мазмұнын қамтитын  тілдік бірліктер болып табылады. Екіншіден, олар тілдің даму барысын, сөз мағынасының жылжу процесін байқата келе, халқымыздың өткен тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен көптеген мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар ретінде ерекшеленеді.

1.3 Астарлы мәтін (подтекст) және  коннотаттық компонент арақатынасы. «Астарлы мәтін (ой) – эксплицитті жеткізілген баяндаудан туындайтын жеткізілмеген (айтылмаған) мағыналар ағыны. Астарлы мәтін – мәтінді талдап түсіндіру нәтижесінде пайда болатын категория. Мәтіннің өз ішінде дами отырып, тікелей берілген ой үрдісімен салыстырғанда жаңа нәрсе болып табылады» [10], - деп сипатталатын астарлы мәтін категориясы мәтін мәселесіне арналған еңбектерде кеңінен қарастырылып, ерекше орын алған категориялардың бірі ретінде танылады.

Осыған қатысты  И.Гальперин, В.Кухаренко, И.Арнольд, А.Камчатнов, А.Лурия, К.Долинин  сияқты ғалымдар еңбектеріне шолу жасалынады.

Астарлы мәтін кез келген көркем шығармаға тән, ол алдын ала автордың шығармашылық ойымен жоспарланады. Ақпараттың бұл түрі табиғаты жағынан имплицитті болып келеді, яғни вербалды түрде айтылмайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында ол бірден байқалмай қалуы да мүмкін.

Аталған зерттеу еңбектері және белгілі бір көркем мәтінді талдау барысы астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдары алуан түрлі болып келетіндігін байқатады. Бұл тұрғыда: «Кез келген астарлы мәтіннің мәні белгілі бір үлгінің бұзылуында жатыр» [11,60], - деп түйген И.Торсуеваның ойы да негізсіз емес. Себебі, толық айтылмаған ойлар, қалдырылып кеткен жолдар, белгілі бір жағдайға деген айтылымның сай келмеуі және тағы басқалары -–астарлы мәтіннің жасалуына негіз бола алады. Сонымен қатар астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдарының көрінісі ретінде кейіпкерлер сөздерінің арасындағы кідіріс, монологтың үзілуі, коммуниканттың тап осы кездегі жағдайға маңыздырақ болып келетін тақырыптан бейтарап тақырыпқа (немесе керісінше) кетуі, жағдаяттық қайталаулар, белгілі бір айтылымның қайта-қайта оралуы  және тағы басқалары танылады.

Ал лексика-семантика тұрғысынан алғанда, белгілі бір көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепкер бола алатынын аңғартады. Бұл тұрғыда Махамбеттің жұмбақ тәрізді жазылған «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі тарихи шындықты әр түрлі бүркеме сөздер мен образдар арқылы танытуымен қызықтырарлықтай.

Ақын мәнмәтіндегі қолданысына  орай жағымды немесе жағымсыз сема танытатын көптеген образдар пайдаланады. Бұл өлең  түгелдей бүркеме сөздер мен сөзқолданыстарға негізделген десе де болады. Мәнмәтіндегі  арғымақ, лашын, сұңқар, бүркіт, аққу деген зооморфизмдер мен көп қағып дауылпазды көл шайқаған, алты айшылық жер жайқаған, қанат қақпай дәмін татқан, телегей теңіз тасып шамданғанда, жемсау құс деген сияқты икондық (бейнелі) сөз тіркестері мәтіндегі басқа да лексика-семантикалық элементтермен байланысып, ақынның көңіл-күйін, көзқарасын білдіре келе, тарихи шындықты таныта алатын мейлінше терең ойды қамтиды. Диссертациялық жұмыста ойымыз дәйекті болу үшін мәнмәтінмен қатар экстралингвистикалық факторларға да мән беріліп, сол кездегі жалпы жағдай (тарихи, әлеуметтік-саяси жағдай) ескеріле келе, «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі талданады.

Астарлы мәтін белгілі  бір адамның жеке тезаурусына, қасиетіне, ой бағытына, өмір тәжірибесіне қарай әр түрліше ұғынылады. Ал түсіндіру кезінде пайда болатын көпмағыналық мәнмәтін көмегі арқылы ажыратылады.

1.4 Көркем мәтіндегі  коннотацияның пресуппозициялық  мәні. Айтылған ойды түсінуге мүмкіндік беретін аялық білім жиынтығы  лингвистикада пресуппозиция деген термин арқылы анықталады. Ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асқан сөйлесім мазмұнын қабылдауда аялық білім рөлінің орасан зор екендігі, оның тілдік қарым-қатынас негізін құрайтындығы және аялық білімнің қажетті мөлшерде немесе мүлдем болмауы коммуниканттардың түсінісуін жоққа шығаратындығы ғалымдардың еңбектерінде атап көрсетілген (Ахманова О., Верещагин Е., Костомаров В., Колшанский Г., Арутюнова  Н., Столнейкер Р.,  Ерназарова З. т.б.).

Ауызша сөйлеу актісінде продуциент (автор) пен реципиенттің (оқырман) түсінісуі пресуппозиция ортақтығымен қатар, есту, көру арқылы (дауыс ырғағы, ым, дене, бет қимылы т.б.), қабылдау қабілетімен толықтырылса, коммуникацияның жазбаша формасында тілдік ақпаратты игеру толықтай мәтінге негізделеді. Ал мәтін тілін меңгеру – бұл адамның білім деңгейіне, тезаурусына, өмір тәжірибесіне тікелей тәуелді. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Себебі, әрбір халықтың рухани және дүниелік өмірін, елдік қасиетін, таным-түйсігін, салт-санасын, қоғамдық қатынастарын танытатын – оның тілі. Кез келген ұлт тілінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол халықтың рухани өмірі мен діліне байланысты болып келеді.

Осыған орай да батырлық пен ерлік, өмір шындығы образдылықпен ұштасып, шынайы түрде көрініс тапқан Махамбет өлеңдерінің рухын бүгінгі таңда  саналы түрде ұғыну, эстетикалық  жағынан дұрыс қабылдау, жан-тәнімен  сезіну – оқырманнан белгілі бір  дәрежедегі дайындықты талап ететіні сөзсіз. Бұған, бір жағынан, туындылардың көнелігі себеп болады. Ақын өз өлеңдерін XIX ғасырдың І жартысында өзімен тағдырлас, замандас болған адамдарға арнаған. Уақыт өте келе, мәдениеттің, тарихтың, саясаттың өзгеруіне сай, сол кезде түсінікті болған сөздердің, астарлы ойлардың көбі бүгінгі оқырманға беймәлім. Екінші жағынан, көркем мәтіннің мазмұны мен оның коннотациялық сипатының түсінікті болу-болмауы, автор мен оқырман пресуппозицияларының сай келу-келмеуіне байланысты болады. Махамбет поэзиясы тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні, образдарының мән-мағынасы толық танылып ашылмауы – бұл қазіргі кездегі оқырман пресуппозициясы мен ақын пресуппозициясының сай келмеуінде болса керек. Ал Махамбет пресуппозициясының (аялық білімі мен таным тереңдігі, онымен тамырлас шығармашылық сипаты) жоғары деңгейде болғанын біз ақын өлеңдерін оқи отыра аңғарамыз. Сонымен қатар оның арабша, орысша, татарша сауатты болғаны, «Құранды» терең білгені, «Қырымның қырық батырын» және өзіне дейінгі жыраулар шешендігі мен халық даналығын игергендігі де оның шығармашылық тұлғасын толықтыра түсетін жайттар.

Махамбет шығармаларындағы көркем сөздің пресуппозициясы мен тарихи коннотациясын түсіну – экстралингвистикалық жағдаят, адамның жеке танымдық ассоциациялары, аялық білім деңгейі байланысына тіреледі деген пікірімізді дәлелдей түсу үшін жұмыста Махамбеттің: «Мұсылманшылық кімде жоқ, // Тілде бар да, дінде жоқ», «Дұшпаның қарсы келгенде, // Ер дініне берік болсын!» – деген өлең жолдары талданады. 

Жұмыстың екінші тарауы «Махамбет тіліндегі мәдени коннотация» деп аталады. Ассоциативті ойлау халықтың мәдени-тарихи өмірімен тығыз байланыста көрініс тауып, тілді қолданушылардың «ұжымдық есін», «мәдениет ескерткішін», «ұлт өмірінің айнасын» танытады. Сондықтан да ғаламның тілдік бейнесін қалыптастырудағы әр ұлттың өзіне ғана тән таным, ассоциативті-образды ойлау ерекшеліктерін айшықтауға бағытталған  мәдени коннотацияның мәні айрықша. Бұл тұрғыда Махамбет тілінде үстеме мағына мазмұнына сәйкес сипаттауыштық, символдық, бейнелеуіштік қызметте жұмсалған жер-су, жан-жануар, құс, киім, түр-түс т.б. атаулары мен фразеологиялық сөз орамдары ұлттық-мәдени коннотация мазмұнын танытатын тілдік таңбалар ретінде көрініс табады. 

2.1 Махамбет тіліндегі  коннотацияның түрлері. 2.1.1 Топонимдер мен антропонимдердің коннотациясы. Өткен заман куәсі болып табылатын жер-су атаулары мен кісі аттары әрбір халықтың болмысы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі жөнінен аса құнды мағлұмат беретін көне дерек көзі болып танылады. Кез келген этностың өмір-тіршілігі белгілі бір жағырафиялық кеңістікте көрініс тауып, оның тілінде таңбаланады. Сондықтан ономастикалық лексика өзінің номинативті функциясымен қатар оған тән ұлттық-мәдени таңба ретіндегі танымдық қызметімен де ерекшеленеді. Ономастикалық лексиканың дәстүрлі атауыштық қызметінен белгілі бір объект және осы объектіні сипаттайтын белгілер таңбасына ауыса алатыны бұлардың өн бойындағы экстралингвистикалық ақпараттың жоғары деңгейде шоғырлануымен түсіндіріледі.

Кумулятивтік қызметін жүзеге асыра отыра, топонимдер мен антропонимдер аталмыш объект жөнінде бүкіл ақпаратты қамтиды. Ал олардың сол тілді тұтынушы адам санасында, көбінесе, тарихи-әлеуметтік мазмұндағы коннотациялар туғызуы – бұл ономастикалық лексиканың тарихи оқиғалар мен аса танымал жағдаймен байланысты болуының белгісі. Топонимдер мен антропонимдер жеке-дара тұрып белгілі бір ақпаратты береді. Сондай-ақ олардың бір ерекшелігі, белгісі негізінде іштей байланысқан топтық атаулар да өзіндік бір ақпаратқа ие. Осындай топонимдік, антропонимдік лексика жүйесі белгілі бір бейне таныта алады. Мысалы, Нарын, Бекетай құмы, Жасқұс, Сағыз, Жайық, Қиғаш, Жәңгір хан Исатай, Баймағанбет сұлтан т.б. дегенде санамызда Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы, 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс жаңғырып, тілімізге Махамбеттің өлең жолдары оралады. Себебі, Исатай-Махамбеттің көтерілісі кезінде қиян-кескі шайқастар майданы болған жер-су атаулары мен замандас адамдар аттары, ру-тайпа атаулары Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған.

Нарынның шығысы – Бекетай құмында  дүниеге келіп, Қиғаш, Тептер, Жайық  өзендерінің жағалауындағы сай-салалы, шұрайлы мекенде өсіп-өрбіген  Махамбет үшін Нарын, Бекетай құмы, Жайық, Қиғаш т.б. – нақты жер атаулары емес, ішкі дүниесінде өшпес орын тепкен ең қадірлі, ең қастерлі ассоциациялық ұғымдар. Бұлар ақын тілінде «туған жер, атамекен, Отан, кіндік кескен өңір» концептілік ұғымын беретін сөз-символдар.

Ақынның «Айналайын Ақ Жайық» деуінің өзі-ақ оның жерге, елге деген ыстық сезімін, сүйіспеншілігін танытады. Бұл жердегі ақ лексемасы Э.Севортянның сөздігі көрсеткен: «ағу қимылын білдіретін етістік (ағыны қатты су)» және зерттеуші Ұ.Серікбаеваның: «Ақ – кең, ұшы-қиыры жоқ, шексіз… Ақ Жайық өзенінің атауын о баста «ені кең, жайылып жатқан өзен» деп жобалауға болады» деген пікірлерін қостай келе, сонымен қатар оның «киелі, қасиетті» мағынасындағы сөз-символ іспеттес коннотаттық мәнін де көрсеткен жөн. Ал Махамбеттің: «Ауыр әскер қол ертіп, // Жасқұсқа барып кіргенде», - деп келетін өлең жолдарындағы Жасқұс құмының атауы Жәңгір ханды, «ағаш үйді» (Жәңгір хан Сарайын), әділетсіздік пен озбырлықтың орталығын елестетсе, «Көзінен тізіп жіберді-ау // Орынбор деген қалаға-ай!», - дегендегі Орынбор қаласының атауы орыс патшасының саясатын жүзеге асырушы Орынбор казачествосын бейнелеп, Махамбет үшін өз тұрмыс тіршілігінен тыс, рухани өміріне жат елдің, мекеннің коннотациялық атауын танытады.          

Махамбет мұрасын зерттеушілер әр кезде де ақын өлеңдерінің өзіне  дейінгі жыраулардың көптеген образдарымен, кейде тұтас жолдарымен ұштасып жатуын «өзіне дейін поэтикалық дәстүрді жинақтаушы (синтездеуші) ақын» [12,181] ретінде танытып, «… тегінде дәстүрлі жалғастық, ауысу, мұралану дегендердің өзі осы «қайталаулардан» көрінбек [13,174] дегенді баса айтатыны белгілі.

Жыраулар мұрасын әдеби тілдің қажетіне жарату – бұл байырғы лексикалық байлықты сарқа пайдалану, реңк беру, тармақ үйлесімі сияқты себептерді ескеру дей тұрғанымен, бұны біз жаңа жағдайға, тариххи шындыққа байланысты өзге мазмұнды, өзіндік бір мәнді таныту мақсатынан туындаған көркемдік қажеттілік деп табамыз. Мысалы, Махамбет бірде: «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» – деп келетін образ қолданады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Кет-Бұға – XIII ғасырда ғұмыр кешкен тарихи адам, атақты би. «Көне түркі тілінде «Кед» (кет, келі, кез) – күшті, мықты. «Бұғы» - бұға, бұқа, бүке – батыр, күшті адам, бөгу – дана, данышпан деген ұғым береді» [14,516]. Академик Р.Сыздықова «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінде зерттеуші А.Сейдімбековтің сөзін келтіре отыра, бұндай сөзқолданыс Доспамбет жырау тілінен сақталып келгенін растайды. Біздің ойымызша, Доспамбет жырау мен Махамбет ақын өлең жолдарындағы бұл образды тіркес тек сыртқы формасы жағынан үндесіп жатыр. Ал осы қолданысқа салынған ой мен мән әр басқа. XV ғасырда жасаған Доспамбет жыраудың: «Кет-Бұғадай билерден // Кеңес сұрар күн қайда!» деп жырлауында өзіндік бір себеп бар шығар. Ал Махамбет ақынның араға үш ғасыр салып Кет-Бұғаны аузына  алуына таза тілдік факторлармен қатар, тарихи-әлеуметтік жағдай, объективті шындық итермелеген болу керек. Ақын тілінде Кет-Бұға – бұл нақты адамның есімі емес. Ол жинақы образ. «Кет-Бұғадай билер» деп келген теңеуімен ол Шыңғыс, Әбілқайыр, Абылай хан замандарында өмір сүріп, өздерінің елдің әдет-ғұрпын жақсы білуімен, дана сөздерімен, әділділігімен бүкіл байтақ елге танымал болған ақылгөй билерді, ақсақалдарды танытады. Дәлірек айтқанда, «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» деп ақын, біріншіден, өз өсиеттерімен, әділ сөздерімен бағыт берген, төреші болған, ел бірлігін көксеген би-шешендер заманының кетіп, сонымен бірге көшпелі салт-дәстүрдің де құлдырауын көрсеткені болса, екіншіден, тек жеке бас қамын ойлайтын, алдау-арбаумен күнін көретін, өз заманының әділетсіз би-сұлтандарын әшкерлегені деп түсінеміз. Яғни, Махамбет тілінде бұл жай қайталау емес, өзіндік бір тың мазмұн жүйесін құрайтын коннотаттық мағынадағы образды тіркес.

Жалпы топонимдер мен антропонимдер, біріншіден, белгілі бір объектінің мазмұнын (жер бедері, жануарлар, өсімдіктер әлемі, тарихи жағдай, халықтың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, қалыптасу кезеңі, қабаты т.б.) ашуға бейім, мүмкіндігі мол категориялар болып танылса, екіншіден, олар өзінің сипаттауыштық, символдық, аялық, бейнелеуіштік қызметтерімен ерекшелене келе, көркем мәтін тілінде танымдық тұрғыдан маңызды мағына тудырушы рөл атқарады.

Информация о работе Тарихи лексиканың мазмұндық құрылымындағы коннотаттық компоненттер (Махамбет шығармашылығы негізінде)