Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР СИПАТЫ

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Января 2014 в 18:18, курсовая работа

Краткое описание

Қазіргі оқушы қауымның кәдесіне жараған, көркемдік, рухани азығына айналған көптеген шығармалар жарық көрді. X.Есенжановтың «Ақ Жайық» циклы, «Жүнісовтер трагедиясы», Ә.Нұрпейсовтың «Қан мен тер» трилогиясы сияқты көлемді, эпикалық туындылар, Әрине, бұл аталған шығармалар арқалаған әлеуметтік жүгі жағынан да, қазақ әдебиетіне қосқан көркемдік үлесі жағынан да бір-біріне тең емес. Бірақ бұлардың басым көпшілігі-ақ тақырыбы, зерттеген өмір құбылысы, жаңадан жасаған образдар галереясы, көркемдік құралы жағынан тұтас алғанда қазақ прозасына елеулі үлес қосты, оның ілгерілеп келе жатқан жаңашылдығын танытты.

Содержание

КІРІСПЕ...............................................................................................................3-5
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ
ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР СИПАТЫ.....................................................6-15
2. Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ
ТҰЛҒАЛАР БЕЙНЕСІ.............................................................................16-30
ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................31-32
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.............................................................33

Прикрепленные файлы: 1 файл

Жунусовтер трагедиясы.doc

— 159.50 Кб (Скачать документ)

Үкімет адамдары алдын орап, кепілдікке алып кетіп, әкесі мен әйелінен көз жазған, жарық дүниеде енді ешқашан кешіруге болмайтын ауыр қылмысты арқалап, Қаршығасын ғана ес тұта, талшық дәм үшін түз тағысын торыған сол дала жыртқышы күндерде бір күн, романның келесі бір көріністерінде босқын елді атамекеніне қайтару әлегімен жүрген баяғы Сәкен Сейфуллинге хат жолдапты, сырын ашып, сенім артыпты. "Бас сауға сұрап әлдекімге телмірмей, берер жанды маң даламның төрінде, жалғыз тораңғының түбінде көсіліп жатып бір тәңірінің өзіне бергенді байлық көрдім" деп, бетін бақилыққа бұрған күнәкар тірлік ақынның азаматтық мерейіне, ел мүддесі үшін істеліп жатқан шараларға салауат айтыпты. "Менің бас игенім – мына  хатты жеткізген жас жігіттің бас игені болсын" деп жартыкеш жетімегі Қаршығаға, әкесі мен шарана сәбиіне рахым тілепті.

Тағдыр мәресі, әрине, ашық қалды. Жазушы Құныскерейге кесілер карғыс-үкімді өз аузымен  айтқызып, өзін-өзі атамекен, тіршілік думанынан талақ еткізгендей  тағдыр тәлкегімен сауал шешімін  оқушының өз төрелігіне тапсырады.

"Жүнісовтер трагедиясы" – шын  мәнінде шырғалаң дәуірдің қаралы күйін қайырған, заман келешегі үшін жанының жылуын жағамын деп күрес жолын таңдаған азаттық ерлері мен өкінішті ғұмырлардың мұң-мұратын толғаған, ұрпақ жадында сақталар өмірлі өнер сөзінің бірі. Қарап отырсаңыз, өзегіңді өртер қаншама трагедиялық хал. Астанада күмбезін көтерген тұңғыш білім ордасында дәріс алып, арман жолын қуған Әлібек Жүнісов шәкірттік жырларымен көз түртпекке түскен де, осы романның иесі Хамза Есенжановтай жазықсыз жазаланған. Дүниенің зіл-зәлесін кешіп келіп, қос жанардан айырылып, қарыс адым жердегі сүйген қызымен де жүздесуге дәті шыдамай, тек көкірегіндегі құса-шер, үміт шырағымен финалда "Қайран шешемді" аңыратып отыр.

«Ақырғы аккорд - көзден ғайып қайран Жайық жоқтауы мен "Қайран шешем" тақырыбы бір. Мұң-зардан арылу үшін домбыра сарнай берсін. Ал радио ағайынды Жүнісовтер жұрағатының ең кенжесі – ата қонысынан "амалсыз жұрт ауыстыруға мәжбүр болған тіршілік тұтқасы Әділбектің Халхин-Гол – Қиыр Шығыс майданындағы ерлік хикаясын жалпақ әлемге жариялап жатыр» [0, 206].

Жазушы мүмкін сырқат меңдеткен соңғы жылында  көсіліп кеңірек толғауға жағдайы  болмаған шығар, мүмкін оқушыны зар  илетіп езе бермейін деді, әлде біз  әлгі де қолымызға түсіре алмаған  жеке көріністер қалқасында қалып қойды, әйтеуір, тек эпилогта ғана Хакім қаза тапқанын, оның соңынан Оралға барамын деп машинадан құлап, Меңдіқыз да мәңгілік дүниеден өткенін білеміз. Бірақ ғасырлар бойы атадан балаға жалғасқан Жүнісовтер әулетінің шаңырағы біржола шайқалып, оты өшпегеніне көзің жетеді. Еркіндік жорығына қазақ зиялыларының келу жолын баянды еткен, талай тағдыр сергелдеңін бастан кешсе де, заман жолынан бүкіл бір ұрпаққа адамгершілік, әділдік, тазалық рыздығын сыйлап кеткен Хакім мен Мендіқыздың жалғыз көзі – бес жасар Нариманы Гүлжиһанның бауырында қалыпты. Осы бір келін боп түспей, тірі жесір атанған дәрігер қыздың ғариб-қасерлер үйінен болса да жоғалтқан асылын - Әлібегін  тауып, жан азабынан сауықтырар аялы алақанға, аналық мейірімге айнала алатынына еш күдігің қалмайды.

Роман оқиғасының, ондағы адамдар тағдырының күрделілігі  шығармада отызыншы жылдары қазақ  халқы басынан кешкен осындай  қайғылы халді суреттеуден ғана емес, жалпы революциядан кейінгі  қазақ ауылының советтік жолға түсуінің қайшылықты шындығынан да кең көрінеді. 20-жылдардың аяқ кезіндегі қазақ аулындағы тап тартысының шиеленісуіне, жаңаны жақтаушылардың ауыл байлары мен әлділеріне қарсы күресіне жазушы ерекше мән береді. Ахметше түрмеге түсіп, конфискеленіп, жер ауды. Қоныскерей жаңалықты қабылдамаған күйінде қашқын боп кетті. Жастар жаңа шындыққа сүйеніп өсіп келеді. Олардың алға ұстар үлгісі – Хакім. Ол қазір Орал облысының прокуроры қызметінде.

Геройлар  тіршілігі осылай жіктелгенмен, олардың  бірімен бірі байланысқан күйде  өлмеудің, беріспеудің жолында тіршілік етіп жатқанын көреміз. Ахметше есебін тауып, малын өкіметке бермей, сатып ақшаға, алтынға айналдырып тығып жатыр. Қызы Гүлжаһанды Саратовқа оқуға жіберіп, өз қолынан кеткен малға соны ие етіп жұмсап жүр. Ағайын арасының жақындығын бүзғысы келмейтін Әділбек ағасы Хакімнің тапшыл көзқарасын іштей мойындамай Гүлжаһан мен Ахметшеге кол ұшын береді. Тап жауының қызы деп. бас тартпай, Әлібек те Гүлжаһанды беріле сүйеді. Мұның бәрі Хамза геройларының ақ,  кара болып қана жіктелмей, жалпы адамға тән жақсылы-жаманды мінездерге бай, күрделі, қайшылықты жандар екенін дәлелдейді. Осылай қарасаң (әрине, қазіргі тәуелсіздік дәуірінің ұғымымен) Ахметшені жер аудармай-ақ, әкімшілік жағынан тежей отырып, жаңа қоғам ісіне пайдалануға болар ма еді деп ойлайсың. Мал тұқымын асылдандырудың маманы ол оқығанын, көргенін, білгенін халық қызметіне жұмсаса біртіндеп төселіп кетер де еді. Қоныскерейді де қашқын етіп бездіріп алған белсенділердің шолақ саясаты емес пе? Сондай қарулы, қайратты жігіттерді есебін тауып пайдалана білсе, Совет өкіметі көп нәрсені ұтпас па еді? Жазушының шындыққа кең көзбен қарай отырып суреттеуі оқырманды осы ойға итермелейді. Ахметшенің тергеушімен әңгімесі, Қоныскерейдің Сәкенге жазған хаты осы ойды дәлелдей түсетін сияқты.

Қосшы-кедейлердің  бостандық алып, жаңаны түсіну жолында ілгерілеуінің де өзіндік шындығы, логикасы бар. Олардың ішінде де бірден советшіл бола қалғандар да, жаңа саясатты біртіндеп түсініп келе жатқандар да аз емес. Хамза көбінесе шындықты асықпай суреттеп, оны өмір тәжірибесіне лайық ұғынып келе жатқан адамдардың күрделі характеріне үңіледі. Жолмұқан – бұл тұрғыдағы елеулі бейне.

Шығарманың  негізгі геройлары Әлібек, Гүлжаһан, Әділбек сияқты жастардың тұлғалары  да осындай қайшылыкты ортада қалыптасады. Ақкөңіл, аңғал, сезімтал Әлібектің бойында ақындық талант бар. Ол көбінесе соның ырқымен ішкі сезімге, ойға көбірек беріледі. Заманының кедей мен байды жіктеп жатқанына, ағасы Хакімнің осы тектес бағыттағы уағызына қарамай, ол Гүлжаһанды шын сүйеді. Бірақ өмір оны бұл мақсатына жеткізбейді. Бай қызына ғашық болғаны үшін, күйрек өлең жазғаны үшін ол талқыға түседі, комсомолдан шығып қала жаздайды. Оқуын үзіп, жөнделу үшін өмірдің өзіне (Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына) жіберіледі. Онда ол күріш дайындау науқанына араласады. Өсіте жүріп, заман сырын, адамдар психологиясын тереңірек таниды. Кішкенебай мен Ахметтің Әлібек көзімен салыстыра берілген портреттері мен характерлері сәтті жасалған. Әлібектің ауылдағы науқаншылдықты, асыра сілтеу фактыларын көріп, ой түюі де нанымды. Ол соларға қоса Шолпанмен әңгімесінде Орал бойындағы елдің аштық пен босқын өмірге ұшырағанын қынжыла айтады. Әлібектің Сәкенге жолығып, осының бәрін жеткізіп, ақыл сұрауға ұмтылуы да оның шындық жолындағы ізденістерін танытады. Осындай ізденімпаздық, өмірді кең тануға тырысушылық, оның қайшылықты, көлеңкелі жақтарына назар аударуға ұмтылу ақыры Әлібекті НКВД-ның қармағына іліктіреді.

Әділбек - Әлібектен  тіпті басқаша жан. Ол ауылда өскен. Ауыл ортасының ағайыншылық мінезін  бойына сақктаған. Адамшылық қарызына, ел ішінің бір-біріне деген қолқабысына ден қояды. Адам мен адамның арасын бай деп, кедей деп жіктеп, біріне бірін рахым етпеуге баулып жатқан заман тілегін ол онша қабылдамайды. Бір мінез айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы да бар. Оның белсенділердің әрекеті арқылы Совет істерінен сырт тартып барып, қайта оралуы дәуір шындығына сай суреттелген. Аяғында ол Алматыға оқуға аттанады.

Гүлжаһан  – заман  аңысын бағып өскен  ойлы қыз сияқты. Әлібекті сүйеді де. Бірақ әкесін ұстап, өзін жалғыз қалдырған  заманда бой тасалап, күн көреді. Әке ақылымен оның байлығына ие болып, алысқа оқуға кетеді. Әлібек пен Гүлжаһанның қосыла алмауы – жаңа  заманға артқан жастардың арман-тілегін аяқ асты еткен өмір қайшылығының көрінісі.

Жиырмасыншы жылдары басталған роман геройларының осы өмірі отызыншы жылдарға ұласқанда, тартыстың тереңдеп, қайшылықтың ұлғая түскенін байқаймыз. Жаңа өмір үшін күрес белгілі бір кезеңіне жеткен кезде, елде социалистік қоғам орнаған тұста, адамдардың біріне бірінің күдігі күшейеді. Социалистік қайта құрудың халықтың жай-күйімен, ұғым-тіршілігімен есептеспей, сырттан өлшеніп-пішілген жолмен жүруі де адамдар тіршілігін ауырлатады. Өсек-аяңға, арыз-шағымдарға зор мән беріледі. Жасынан революиялык жолмен келе жатқан Хакім әділдікті қорғағаны үшін өзі орнатысқан үкіметтен қағажу көріп, орнынан алынады, кейін «халық жауы» атанады. Оның Москвада бірге оқыған досы, партия қайраткері Тәңірберген Жаңбыршин де осы күйге ұшырайды.

1932 жылғы халықтың  аштығына куә болып, Голощекин  саясатына қарсы болған Сәкен  Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Қадыр Қуанышев сияқты азаматтардың басына да бұлт үйіріледі. Роман халқымыздың азаматтық тарихында сөз болмай, жабулы қалпында қалып келе жатқан осы бір ащы шындыққа батыл барған. Сәкеннің Ақтөбе сапарында «Қызыл ат» поэмасын, Ғабиттің Батпаққарада (Қостанай облысы) «Шұғыла» повесін жазуына материал болған деректерді көркем бейнелеген. Шындықты көрген, батыл айтқан адамдарды Голощекиннің қудалап, ауылға қызметке жіберу сылтауымен «жер аударуы» да болған жайлар. Голощекин шындықты айтқан адмдардың бәрін байшылдықпен, ұлтшылдықпен қорқытты. Интеллигенттер мен студенттердін ортасынан ондайларды көп іздестірді.

Романда сол  кездегі ел басшыларының бірі, Қазақстан  халық Комиссарлар советінің  председателі Ораз Исаевтың да жан-жақты бейнесі танылады. Оның халық қайғысына ортақтаса білуі, елді содан құтқаруға жанталасуы, көтерілген елге басу айтуға Сәкенді жұмсауы, ақынмен достық қарым-қатынасы Ораз туралы жылы әсер қалдырады. Оралдан қызметтен босаған Хакімге де қол ұшын беріп, Ақтөбеге ауыстырады. Бірақ олардың соңғы тағдырына араласа алмайды, өйткені оның өзі де Сәкен, Хакімдердің қатарында «халық жауы» деген топқа қосылып кетіп еді.

Мұнын бәрі Хамза  романының дәуір шындығын кең  бейнелеген туынды екенін дәлелдейді. Ол 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдар ішіндегі қазақ қоғамы дамуының ащы шындығын бүркемелемей, жалтақсыз суреттейді. «Ақ Жайықтан» басталған революциялық күрестің Қазақстанда Совет өкіметін нығайту, ауылды советтендіру жолындағы ұлы істерге ұласқанын кең көрсете отырып, автор осы жолдағы бұрмалаушылықтарды ашады, сол негізде халық басына түскен ауыртпашықты жасырмай айтады. Бұл романның уақиға желісінен де, геройлар тағдырынан да анық танылады.

Жалпы «Жүнісовтер трагедиясын» мен Хамзаның үлкен азаматтық ерлігі деп бағалаған жөн. Өз тұстастарының ешқайсысы бұл тақырыпқа бара алмаған кезде, оның сол дәуірде басыла қоймайтынын біле отырып, осындай шығарма жазып кетуі - бүгін тек матақтап еске алатын жайт деп есептейміз.

 

                                              ҚОРЫТЫНДЫ

 

«Ақ Жайық», Жүнісовтер тағдыры Хамза Есенжановтың ұзақ ой елегінен өтіп, екшеліп келген тақырыбы. Осы уақыт ойланыс, толғаныс әдеби ортаға кешігіп оралған жазушының М.Әузовтің тілімен айтқанда «творчествоға ашқарақтықпен келіп» кірісіп өнімді қызмет істеуіне мүмкіндік берді. Ол «Ақ Жайықтың» үш томын, «Көп жыл өткен соң», «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын не бары он-он бес жыл ішінде жазды. Әсіресе, соңғы жылдары ол ауыра, қинала жүрсе де, творчестволық қызметін үзбеді. Мұның өзі – жазушының  азаматтық ерлігінің белгісі тәрізді еді.

Есенжанов романдарының тақырыбы – Ұлы Октябрь революциясы, азамат соғысы, ауылды, советтендіру кезіндегі қазақ ауылының өмірі болғандығы да жасырын емес. Алайда, жазушы осы бір тарихтық кезеңді дәуіріндегі халықтың азаттық жолындағы күресінің эпикалық кең суреттерін бере алды.

«Жүнісовтердің трагедиясы» – X.Есенжановтың бұрыннан белгілі «Ақ Жайық», «Көп жыл өткен соқ» атты романдарының жалғасы. Кезінде, ол осы атпен бөлек шығарма боп жазылып, «Көп жыл өткен соң» романының екінші кітабы ретінде ұсынылған. Бірақ жарық көрер тұста сол дәуірдің саяси ұғым-талаптарына байланысты шығармаға көптеген сын-ескертпелер айтылды, ілгешектер табылды. Сонымен роман жазушынын тірі кезінде жарық көре алмады. Тек Хамза қайтыс болғаннан кейін оның шығармаларының алтыншы томына «Жүнісовтердің трагедиясы» деген аты алынып қалып, «Көп жыл өткен соң» романының екінші кітабы болып, жұлмаланып басылды.

Тұтастай алып қарағанда, «Жүнісовтердің трагедиясы» Хамзаның Жайық бойындағы тарихи-революциялық өзгерісті суреттеген романдарының логикалык жүйесін жалғастырады, ондағы ойларды, проблемаларды қорытындылайды. Бұл қорытынды революциялық күрестің Совет өкіметін орнықтырумен жалғасуын, ауылда социалистік құрылыстың жеңуін, роман кейіпкерлерінің жаңа өмір құру жолындағы арман-тілегінің орындалуын бейнелеумен байланысты. Бұл жағынан, шығарма идеялық ұстамдылық танытады, оқырманды жаңа шындықты бекітуге үйретеді.

Сонымен бірге роман  біздің елімізде социалистік қоғам  орнату оп-оңай өте қоймағанын, күрделі  қайшылықты жағдайда өткенін, жеке адамға табынушылық кезінде адамды бағалаудың жетіспегенін, оның рухани жан-жақты бостандықта дамуына қысым жасалғанын кең суреттейді. Романның «Жүнісовтердің трагедиясы» деген аты да осыны байқатып тұр. Орал бойындағы революциялық күрес пен ауылда Совет өкіметін орнатудың жаршысы болған белсенді күрескер Хакім Жүнісов аяғында жазықсыз «халық жауы» деген жалаға ұшырайды, оның інісі студент Әлібек те ұсталады. Жеке адамға табынудың сыңаржақ саясатына сүйенген Голощекин қазақ ауылын коллективтендіру негізінде жергілікті шаруаларды қайыршылыққа ұшыратады, ауылды аштық, ауру жайлайды. «Халық жаулары» болып айыпталған адамдардың көбі – осы  халық трагедиясына куә болып, содан елін құтқару үшін ұмтылғандар. Осылардың қатарында Хамза, Сәкен Сейфуллин сияқты ақын, революция ардагері болғанын да көрсетеді. Шығарма оптимистік рухта аяқталады. Голощекин кетіп, республиканы басқаруға Мирзоян келеді. Ленинград Қазақстанды қамқорлыққа алады. Онда орын алған бұрмалаушылықтарды түзетуге бетбұрыс жасалады.

Х.Есенжанов романдары – туған әдебиетіміз қорын байытқан, халқымыздың төңкеріске келу жолы, Азамат соғысы, ұжымдастыру дәуірі, жаңаша өмір іргесін қалаған азаттық ерлерінің ауыр да азапты тағдыры, сұсты, сұрапыл жылдар тартысы қаз-қалпында бейнеленген тарихи таным шежіресі.

Қорыта келгенде, асылы, халықтың ұлылығына суарылған шығарма – ұзақ  жасайтын шығарма. Революциялық күрестер мен жеңістер жыршысы Хамза Есенжанов шығармаларының ғұмырлылығы да осында болса керек.

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

  1. Ахтанов Т. Бес томдық шығармалар жинағы. V т. –Алматы: Жазушы, 1985.
  2. Серікқалиев З. Тағдыр. / Кітапта: Есенжанов Х. Жүнісовтер трагедиясы. –Алматы: Жалын, 1990.
  3. Қаратаев М. Ізденіс іздері. Әдеби сын. –Алматы: Жазушы.  1984.
  4. Жұмалиев Қ. Стиль өмір ерекшелігі. –Алматы: ҚМКӘБ, 1967.
  5. Елеукенов Ш. Қазақ романы және қазіргі дәуір. –Алматы: Жазушы. 1968.
  6. Әдібаев Х. Уақыт және суреткер. – Алматы: Жазушы, 1967.
  7. Атымов М. Қазақ романдарының поэтикасы. –Алматы: Жазушы, 1975.
  8. Мағауин М. Қобыз сарыны. –Алматы: Жазушы,  1968.
  9. Серікқалиев З. Жандауа. – Астана: Елорда, 2004.
  10. Қирабаев С. Екі томдық шығармалар жинағы. Том. 2. –Алматы: жазушы, 1992.
  11. Қазақтың 100 романы. Лқу құралы. /Құраст.: Р.Нұрғали. –Астана: Фолиант, 2004.
  12. Қабдолов З. Арна. –Алматы: Жазушы, 1988.
  13. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. –Алматы: ҚМКӘБ. 1962.

Информация о работе Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР СИПАТЫ