Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Января 2014 в 18:18, курсовая работа
Қазіргі оқушы қауымның кәдесіне жараған, көркемдік, рухани азығына айналған көптеген шығармалар жарық көрді. X.Есенжановтың «Ақ Жайық» циклы, «Жүнісовтер трагедиясы», Ә.Нұрпейсовтың «Қан мен тер» трилогиясы сияқты көлемді, эпикалық туындылар, Әрине, бұл аталған шығармалар арқалаған әлеуметтік жүгі жағынан да, қазақ әдебиетіне қосқан көркемдік үлесі жағынан да бір-біріне тең емес. Бірақ бұлардың басым көпшілігі-ақ тақырыбы, зерттеген өмір құбылысы, жаңадан жасаған образдар галереясы, көркемдік құралы жағынан тұтас алғанда қазақ прозасына елеулі үлес қосты, оның ілгерілеп келе жатқан жаңашылдығын танытты.
КІРІСПЕ...............................................................................................................3-5
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1. Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ
ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР СИПАТЫ.....................................................6-15
2. Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ
ТҰЛҒАЛАР БЕЙНЕСІ.............................................................................16-30
ҚОРЫТЫНДЫ...............................................................................................31-32
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.............................................................33
Бұлардың қай-қайсы да кейінгі толық нұсқада өз орнына түсірілді (негізінен екінші бөлімде). Осындай қосымша өзгерістерге орай кейбір тараулар жігін қайта қараған автор қолтаңбасы барынша ескерілді [9, 198-199].
Қандай үлкен тарихи тақырып болмасын бір жазушының, тіпті ол елден асқан ұлы жазушы болсын мейлі, өресіне түгел сыя бермейді, оның қыры мен сырын қандай ұлы талант болса да түгел сарқып, түгел тауысып кете алмайды. Әсіресе, бүкіл бір жаңа заман ашқан Октябрь тақырыбы. Біз бір тақырыптың әлі де талай ғасыр көркем творчествоның көзіне ілігетініне, бұл тақырыпқа әр дәуір, әр ұрпақ өзінше сусайтынына шексіз сенеміз. Біздің уақытымыз бұл тақырыптың барлық параллельдері мен барлық меридиандарына түгел көз салуды, барлық тереңіне түгел бойлауды, барлық қорын түгел шолуды міндеттеп отыр.
Қазақ жазушылары да осындай кең қарымды еңбекке құлаш ұрған. Жалғыз «Ақ Жайықтың» ғана емес, «Көз көргеннің» де, «Қан мен тердің» де тақырыбы – Октябрь революциясы және қазақ даласы, қазақ халқының социализмге қалай аттанғаны. Бірақ бұл тақырыпты әр автор өзінше шешіп, өзінше меңгергені өз алдына, әр қырынан, әр қабатынан қарастырған. «Ақ Жайық» революцияның қызу майданы жүріп жатқан жылдарды, революцияның қақ ортасында жүрген жылдарды қамтыса, Ғ.Мұстафиннің «Көз көргені» революция сарынының алыс ауылға қалай жеткенін кеңінен шолады. «Ақ Жайықтың» қаһармандары ұлы оқиғаға қатысқан адамдар болса, «Көз көргеннің» қаһармандары – сол жылдардың сырт куәгері жас азамат. Роман соның революцияны қалай қабылдағаны, қалай өскені, жаңа заманға тап болған жас азаматтың өсу эволюциясы жайлы. Кітапта сонау жиырмасыншы жылдардың өмірі мен қазіргі алпысыншы жылдардың зерттеуші ойы тізе қосып, қатар көрініп отырады. Бірақ, автор болған шындыққа зорлық жасамайды. Өмірлік фактының егжей-тегжейіне тереңдеп сүңгитін егде суреткер көзі сонау балауса азаматтың әсершіл де аңшыл жанарының аңдағанына қиянат қылмайды. Ғ.Мұстафин жиырмасыншы жылдар шындығын сонау жас өспірім Сарбаланың көзімен көріп, алпыстың асуынан асқан ақбас азаматтың көңілімен толғайды. Сонда бір кездегі Сарбаланың бір сырына түсінсе, бір сырына түсінбей сандалтқан алабажақ өмірі қазір сайдың тасындай сараланып, өзінің, өзімен қоса ұлтының іші-тысының қалай өзгергені жайлы шежіреге айналған. Егер X.Есенжанов сонау тарихи жылдардың шындығын мол қамту, мол қарпуға, барынша мол мағыналы жинақтауларға ұмтылса, Ғ.Мұстафин сол тұстағы қазақ өмірінің әр қилы көріністерін барынша бажайлап, бақайшақтап шағып көрсеткен. «Ақ Жайықта» мол қарпымды синтез басым болса, «Көз көргенде» болмыстың ұңғыл-шұңғылын үңіле зерттеген анализ басым. «Ақ Жайық» қазақ даласына ұлы Октябрь революциясының қалай келгенінен шежіре шертсе, «Көз көрген» оны қазақ даласының қалай қабылдағанын, революция өзгерістерін бойына қалай сіңіргенін баяндайды. «Ақ Жайықтың» композициялық дамуына оқиға үстемдік етседі.
Оның бас қаһарманы Хакім, орыс мектебінің шәкірті, қазақ даласының перзенті. Роман басталғанда ол екі әлемді де көріп жүр, екеуімен де етене араласа қойған жоқ; қаланың әр қилы алабажақ өмірі бұл үшін бір соны дүние; соның бел ортасына енуге ынтық; артта қазақ даласы, сахара өмірі; Хакім оны сағынады. Осындай әрі-сәрі жас жігіттің қаланы да, даланы да дүр сілкінтіп келген ұлы оқиғаның тұсында қалай есейіп, қалай ат жалына қолы жетіп азамат болғаны - трилогияның өзегі. Саяси күрес мектебінен өтпеген қазақ жігітінің революцияға келу жолы қиын да күрделі процесс. Мұның өзі жазушыға Хакімнің кезімен сол кездегі қазақ даласының көп шындығын қамтуға мүмкіндік берген. Біз алғашқы кітаптан мысқалдап ер жетіп, төңірегіндегі кереғар, айқыш-ұйқыш шындықты аңыра танып келе жатқан жас жігітті көрсек, соңында азамат боп атқа қонған Хакімді көреміз. Жазушы Хакімнің аңғарымпаз, зерттеуші зердесі арқылы әуелі қазақ даласының қилы-қиян шындығын, ел басына туған тарпхи кезеңде, бұл үшін де, бұның елі үшін де атымен соны тұрпатты Әбдірахман, Бақытжан Қаратаев сияқты қазақ азаматтарын сол арқылы революция сипатын тани бастайды. Күрес арнасынан тысқары бозбала жігіт үшін әлгі айтып отырған революциялық кезеңдердің әрқайсысының өзі әлденеше жылға созылатын ұзақ процесс. Бірақ, сол кездегі бүкіл өңірге жайылып келе жатқан революция дүрбелеңі жас жігіттің дүние танымын, заман танымын тездетті.
Жазушы Хакімнің революцияға келуі жолын сол кездегі қазақ даласының сан тарап саяси өмірінің елегінен өткізіп суреттейді. Жазушының өз романына болары болып, бояуы сіңген, саяси көзқарасы әбден қалыптасқан профессионал революционердің өмір жолы емес, ауылда өсіп, қалада оқыған қазақ жігітінің революция жылдарындағы өмір жолын өзек еткені, сол жылдардың шындығын жан-жақты мол қамтуына, әр қырынан көрсетуіне, сол кездегі саяси өмірді егжей-тегжей ашуына мүмкіндік жасаған әділетшіл семьяда туып, оқыған, көзі ашық, көңілі сергек Хакімді революцияға әкелген ұстаз революционерлердің түзік тағылымы ғана емес, сол кездегі қазақ даласының тарихи шындығы. Жазушы осы процесті жіті зерттеп, жіті аша алған. Бір орыс жұмысшысына жолыға сала революционер болып шыға келетін шұғылдық мұнда жоқ. X.Есенжанов жас жігіттің рухани өсу эволюциясын, оған революция жылдарының әсерін психологиялық дәлелмен нанымды суреттейді. Жас жігіттің есею-ер жету процесі, дүние танымының өсуі күрт, шұғыл емес, ұтылы-сатылы. Жігіттің көзқарасындағы осы сатылап өсуді нанымды суреттей алған жазушы оның революциялық әрекеттерінде ара-тұра шұғыл кетіп, қаһарманды күрт қимылдатып алып отырады. Әрине, оның көбіне сол кездің оқыс оқиғаға, шұғыл қимылға толы қауырт мезгіл екендігін айтып ақтауға болады. Алайда, ондай жауапты тапсырмаларды мінсіз орындау үшін көзқарастың дұрыстығымен қоса, революциялық іске, астыртын жұмысқа үйренген жырындылық, тәжірибелілік керек. Хакімнің ондай мектептен өтпей жатып та ұрымтал қимылдап кете беретіні бар.
Ол кезде қазақ даласының революцияға қосылуына кедергі болған бірден-бір ішкі саяси күш – алашорда қозғалысы. Алашорданың тарихи аренаға шығуы да заңды, күйреуі де заңды. Мұндай саяси құбылыс сол кезде орыс патшасының отаршылдығында болған қай ұлттың да тарихында кездеседі. Мұндай қозғалыс, мұндай партия Закавказье ұлттарында да, көрші Орта Азия ұлттарында да болған. Өйткені, отарлық езгі көрген ұлтта ұлтшылдық көзқарастың туындауы, оның басында сол ұлтта енді-енді тамыр сала бастағап буржуазияшыл элементтердің болуы арғы-бергі тарихта көп кездесіп жүрген құбылыс. Алашорда қозғалысы да – осындай ұлтшыл-буржуазияшыл қозғалыс. Ол Россиядағы жаңа жағдайға байланысты, революция дүрбелеңі тұсында бөлек орда көтеріп, ту тігіп қалуды көздеді. Қазақ халқының алдында сол кезде: «Енді қайтпек керек?» - деген тарихи сауал тұрғанын олар да ұқты. Олар дербес ұлттық мемлекет құруды ойлады. Бірақ алашордашылар партияеында Қазақстандағы сол кездегі тарихи жағдайды түпкілікті өзгерте аларлық, пәлен ғасыр мешеу халде келген халықты прогресс жолына түсіре аларлық қауқар болмады. Оның үстіне бұл партияның көсемдері Россияның бұрынғы белгілі буржуазияшыл партияларының өкілдері еді; олар бұрынғы партияларының саяси платформаларына сол кездегі Қазақстанның тарихи жағдайына пәрмені тие алатын соны ештеме қоса алмады; қысқасы, Қазақстанның тарихи дамуы мүддесіне лайық саяси партия бола алмады. Оның үстіне алашордашылардың көсемдерінің көбі бұрынғы байшыл-патриархалдық институттардың құлы боп қалды; өз араларында да алауыздық, халықтың жайынан бейхабар төрешілдік орын алды, белгілі бір саяси тактикасы, стратегиясы болмады; өздерінің дербес саяси орталығы жоқ, әрқайсысы әр аймақтағы ақгвардияшыл генералдардың сахарадағы бір филиалы ретінде ғана қайрат етті. Мұндай партияның халықты өз маңына топтастыра алмауы, ұлт тарихына пәлендей өзгеріс жасай алмауы тарихи заңды мәселе. Алайда, сол тұс жайлы жазылған тарихи шығармада ескерусіз қала беретін елеусіз оқиға да емес. Қазақ даласының ұлы Октябрь революцпясына қосылу процесін сөз етсек, бұл құбылысты аттап өте алмасақ керек-ті. Өйткені, осы заманғы тарих үшін, азаттық алған жаңа ұлттар үшін совет ұлттары тарихындағы бұл беттердің сырларын түптеп ашудың әлеуметтік мәні зор. Бірақ осы кезге дейін біздің әдебиетімізде алашордашылар тақырыбы тым бір жақты, әсіресе күлкі планында шешіліп келді. Еліміз елу жылға толып, оның даму үрдісі өзге жұртқа өнеге болып отырған тұста біздің тарихымызда орын алған мұндай құбылысты әшейін ажуа ету жеткіліксіз, біз оның барша саяси астарын, тарихи дәйексіздігін, өмірсіздігін ашуымыз керек. Тарих бізге өзіміз жеңген жаудың кескінін жан-жақты да терең ашып беру міндетін қойып отыр. Ендеше, тарихтың бұл беттеріне де сайқымазақ емес, зерделі зерттеүшінің жанарымен үңілуіміз керек. X.Есенжанов та осыны мақсат тұтқан. Оның романындағы алашордашылар үйреншікті әсіре бояудан біраз арылған. Алашорда өкілдерінің де бейнелері дараланып, нанымды, сенімді тұрпат тапқан. Жымпиты алашордасының басшылары айлалы да ересек Жанша Досмұхамбетов, ылғи тізеге салуды, ылғи әрекетті сүйетін Халел Досмұханбетов, Петербург оқуын тауысып, сылқым кейіптен әлі арыла алмай жүрген доктор Ыхлас Шұғылов, шаш ал десе бас алар аламан басы Абылаев, қолына билік берсе, қап өкіметке де қызмет етуге де әзір реакционер Арон Қаратаев, әрқайсысы дара қулық, дара қылыққа ие бейнелер. Олар алашорда құбылысының біраз сипаттарын, олардың мүддесінің халықтық мүддемен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын ашып берген. Бірақ жазушы бұл құбылыстың тарихи саяси кескінін дәл танып, дәл суреттегенмен, оның психологиялық кескініне көп бойламаған. Біздің халқымыздың бұл құбылысқа байланысты өз драмасы, өз трагедиясы бар. Олар да «азаттық», «бостандық», «еркіндік», «халық», «ұлт» деген сөздерді ту етті. Сол ұрандарға уланып, тар жол, тайғақ кешуге түскендер де болды. Бізге қазір осындай әзәзіл жолға түсіп арандағандардың да драмасын ашу керек. Өз тарихымызда орын алған саяси құбылыстың біз алдымен осы бір сипатын ашқанымыз жөн. Біз сонда ғана Октябрь жолының – Қазақстан үшін бірден-бір дұрыс жол болғанына айқынырақ көз жеткіземіз. Октябрь тақырыбындағы Григорий Мелехов, Рощин сияқты бейнелердің үлкен эстетикалық, философиялық маңызға ие болуының сыры да сонда. Олардың өмір жолы Октябрь революциясының тарихи заңдылығын әсерлі ашып берді. «Ақ Жайық» та, бұл тақырыптағы басқа шығармалар да, бұл құбылыстың осы бір қырын ашуға әлі күнге дәт қыла алмай келеді.
Осынау үлкен еңбекті оқи отырып, оның авторының суреткерлік ірі талантына қызыға, сүйсіне отырып, жазушы Хамза Есөнжановтың суреткерлік шаруашылығының кейбір кемшіліктерін айтпай кете алмаймыз. Жазушы өзі жазып отырған материалды өте жақсы біледі, өте көп біледі. Дәуірдің тарихи шындығы бұл кітапта тасқын судай ақтарылып төгіліп жатады. Әдетте тасқын атаулының кей маңды көл қып кетсе, кей жотаны қызыл қайраң шөл қып кететін де мінезі бар. «Ақ Жайықта» да осындай мінез бар. Кейбір тараулары көк шалғынданып мәуелеп жатса, кей тараулары қызыл шағылданып кетеді. Оқушы көңілінің де бірде жазушының шұғылалы бояулы өмірінің суреттеріне масаттанып отырып, енді бір ауық құлазын қалатыны да сондықтан. Осындай ойдым-ойдым кету қаһармандардың іштей түлеу процесінің көрінуіне де, оқиға драматизмінің өрбуіне де әсер ететіні сөзсіз. Герой психиологиясын, оның жанындағы рухани процесі тарихи оқиғаның туындау, өсу-өрбу логикасын мөлдір жеткізе алатын серпінді пластика - қай-қай жазушылардың да, солардың ішінде Хамза Есенжановтың да қолына түгел түсе қоймай келе жатқан қазына.
2. Х.Есенжанов романдарындағы тарихи
тұлғалар бейнесі
Жайық өңірі – Қазақстандағы
Россияға ерте бет бұрған өлке. Сондықтан
да ондағы қазақтардың орыспен қарым-
Халықтың революцияға келу жолы, оны қабылдауы даңғыл болмағаны, қияметі мен қиыны көп жол болғаны әдебиеттен де, тарихтан да белгілі. Жайық өңірі қазақтарының өмірі де осыған ұқсас. Феодалдық-патриархалдық қоғамның мешеу түсінігімен революцияны қабылдау төменгі тапқа қандай қиындыққа түссе, үстем таптың өкілдері мен олардың ішінен шыққан ұлтшыл оқығандар үшін тарих сахнасынан кетуі де ауыр болатын. Революциялық жаңалық қазақ аулына осындай екі жакты қиыншылықты біртіндеп жеңе, қирата кірді. Дәуірдің осы бір өктем шындығының заңды жолын бұрмаламай, оңай схемаға салмай, диалектикалық даму тұрғысынан байсалды шеберлікпен шешуші – Хамза романдарының елеулі табысы.
Революциялық күрестің он жылдан астам уақыт ішіндегі ірі-ірі кезеңдері уақиғаларын желілеп таратып, автор оның суреттерін көп салалы кеңдікпен, тарихи материалды мол қамтыған қарымдылықпен бейнелеген. «Ақ Жайық», «Көп жыл еткен соң», «Ағайынды Жүнісовтер» романдарында революциялық дәуірдің талас-тартыстары, ел өміріндегі шиеленіс, саналы азаматтардың азаттық үшін күресті бастап шығуы, ақтар мен ұлтшылдарға сүйенген байлардың кертартпа әрекеттері, орыс болыпевиктерінің қазақ халқының бостандық күресін қолдауы мен патша әкімдерінің жендеттік айла-тәсілдері, ауылдағы тап тартысы, дала табиғатының әсем суреттері мен ел тіршілігі, халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын көрсететін картиналар оқырман көз алдынан тізбектеліп өтеді. Жана өмір үшін күресте жалынды, жарқын бейнесімен көзге түскен ерлермен де, қарсы топтың адамдарымен де, ел ішіндегі әр қилы типтермен де, осы уақиғалар тізбегінде танысамыз.
«Оралда бірінші Совдеп құрушылар Петр Дмитриев, Бақытжан Қаратаев, Павел Червяков, Петр Парамонов, Меңдікерей Епмағамбетов, Әбдірахман Әйтиев, Иван Белан - өмірде болған адамдар.
Автор олардын бейнелерін тарихи деректі шындықтың шеңберінде көркемдік құралдармен сырлап жеткізген. Сондықтан аталған образдарда әрі шыншыл дәлдігімен де, көркемдік жинақтылығымен де нанымды.
Хакім Жүнісов – үш романға да ортақ бас қаһарман. Мұның бойында дәуірдің ерекшеліктерін жинақтау сипаты молырақ байқалады. Басында саясаттан өзін аулақ ұстауға тырысқан жас жігіт аласапыран күрес заманында революция жағына қалай шығып кеткенін байқамай қалады. Жасынан адалдық, шыншылдық жолында өскен жасты осы адамдық қасиеттер үшін тартыс саяси күрес жолына әкеледі. Революциялық өзгерістер оның дүние танымын өзгертеді. Хакімнің окиғалар тізбегінде оңы мен солын танып, есеюі, саяси күрес жолынан өтуі, кейін саналы азамат болып, білімді заң қызметкері есебінде ауылдағы советтік шараларды жүзеге асыруы, әділет үшін гуманистік күресі – аталған романдардың негізгі өзегі. Әуелде өзі де жас, ісі де ширамаған Хакім соңғы романдарда күрес жолынан өткен тәжірибелі жігіт ағасы есебінде ауылдағы тап күресінің басы-қасында болады. Оған ілесе есіп келе жатқан жаңа ұрпақ – жастар тобы (ішінде өз інілері Әлібек пен Әділбек бар) көрінеді» [10, 368].
«Ақ жайық» романында сәтті көркем бейнелердің ірісі де, осы Хакім образы. Хамза Есенжанов оның сыртқы келбетін түр-тұрпатынан бастап, ішкі жан дүниесінің ағым сырларына дейін суреттеп отарыды. Сондықтан да бұл қаламгердің ірі табысы ретінде сыншылар мен зерттеуші ғалымдар тарапынан үнемі аталып келеді» [11, 58]..
Дүние екіге жарылып, екі қоғамдық күшті қолдап шыққан заманда ауыл ақсақалдары да күрестен тыс қала алмайды. Елге тізесі батқан қатыгез ескішілдік Шұғыл қажы бейнесінен танылса, Жүніс арқылы жазушы әрқашан халық ортасында болып, оның арман-мұңын кеудесіне жиып өскен, ойшыл, әділет үшін күрескер адамның образын даралайды. Хакімнің әділдік үшін күресінде де шындап келгенде шындық жолынан таймайтын әке мінезінің ұшқыны бар. Шұғыл баласы дәрігер Ехлас та тап мүддесінен бұлтара алмай, ұлтшылдық ескішілдіктің шырмауында қалады. Осыларға ере шыкқан ауыл ішінде де қызғылықты типтер мол. Олар Кален учитель, старшын Жол, таяқ астынан революция босатқан кедейлер – Қажымұқан мен сыбызғышы Қайыпқожа, т. б. Жаңа экономикалық саясат пен ауылды советтендіру кезінде кесек мінездерімен көзге түскен түлкі мінезді Ахметше мен солар бұзып адастырған қашқын Құныскерей, ескі тәртіптен сілкініп жаңа жолға ұмтылған әйел Шолпан сияқты бейнелер де жазушының елеулі табыстарының қатарына қосылады.
Информация о работе Х.ЕСЕНЖАНОВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ ЖӘНЕ ДӘУІР СИПАТЫ