Дананың дидары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2015 в 18:42, реферат

Краткое описание

Ия, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленгені бәрімізге белгілі. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті.

Прикрепленные файлы: 1 файл

ДАНАНЫҢ ДИДАРЫ.docx

— 84.38 Кб (Скачать документ)

Сол жылдары Зейнағаның сөзіне жазылған Әбілахат Есбаевтың “Жайық қызы” атты ән ауыздан түспей тұрған кез болатын. Біз ұстазымызды сол әнмен: “Шіркін-ай, ойда-жоқта болдым да кез, Жайықтан бір қыз көрдім қарақат көз. Асыққан балықшы екен, амалым не, Қалдым-ау ести алмай бір ауыз сөз”, деген өлең жолдарын көтеріңкі дауыспен айтып, қарсы алушы едік. Ол кісімен біз жастығымызға қарамай сырласатын едік. Ойымызды бүкпей айтып, әркез төңіректеп жүретін едік. Мен бүгінде әдебиетші болсам, осыған ықпал еткен ұлттың ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов және Зекең – Зейнолла Қабдолов дер едім. Біз өмір бойы ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасында болатын жарасымды сыйластықта қатар жүрдік. 1960 жылы мен университетті бітіріп қазақ әдебиеті кафедрасына оқытушы болып қалғанымда Зейнағаның бір айтқаны бар еді. “Мырзатай, мен осы кафедраға осыдан тура он жыл бұрын оқытушы болып келген едім. Міне, енді, он жылдан кейін сен келіп отырсың” дегені әлі күнге есімде.

Зейнаға кандидаттық қорғағанда академик Мұхаметжан Қаратаев: “Осы күндері ізденіп диссертация қорғағандардың көбін жұрт танымайды да, білмейді. Олардың ғылымға қосып жатқан үлесі шамалы. Ал Зейнолла ғылыми ортаға, халқына кеңінен танылып барып, ғалым атанып отыр. Мен бүгінгі күнді қазақ әдебиетінің мерейлі күндерінің бірі деймін”, деген еді.

Зейнаға дүниеден озды, бірақ артында өлмейтін, өшпейтін сөз қалдырды. Үлгі алып, өнеге тұтар үлкен мектеп қалдырды. Мен алпысқа толғанда ұстаздығына, жасының үлкендігіне қарамай аға баяндама жасап еді. Баяндамасы бір ғана мен емес, менімен қатар әдебиетке келген буын, әдеби орта туралы ағынан жарыла айтып еді. Осының бәрі бір күнгідей болмай асыл ұстаз өмірден өтіп кетті. Бірақ көңілге медет болары, артында халқы, жақын жуығы, әдеби үлгісі, шәкірттері қалды. “Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, деген данышпан Абай сөзі дәл осы Зейнаға сияқты адамдарға арналған болу керек.

Енді өлмейтұғын ұлы ұстазымыздың байтақ өмірі басталады. Жылдар өткен сайын, алыстаған сайын Алатау сияқты Зейін ағаның асыл келбеті, кескіні биіктей береді.

Жер астына сыймайтындай кісі едің-ау асыл аға! Амал не, бақұл бол аға, алдыңнан жарылқасын, жатқан жерің жайлы болсын, нұрың пейіштің төрінде шалқысын! Қош, ұлы ұстаз!

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, профессор.

 

Жансерік 

 

Мына жалған дүниеден қазақтың осы заманғы арыстарының бірі, бірі ғана емес-ау бірегейі менің қанаттасым, ардақты Зекең – Зейнолла Қабдолов дүниеден озыпты. Зейнолла екеуміз қатар жүргелі 61 жылдан асыпты. Әлі есімде, 1945 жылы 20 қазан күні ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің дәрісін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 31-ші аудиториясында бірге тыңдап едік. Сол күні ол Тау-кен институтынан осы білім ордасына ауысып келген екен. Мен де оқуға кешігіп келіп едім. Біз сол дәрісханада ұлы тұлғаның алдында танысып, табысып едік. Содан күні бүгінге дейін жұбымыз жазылмап еді. Өткен дүйсенбі күні ғана үйіне барып, көңілін сұрап шығып едім. Ол екі жылдан бері сырқаттанып жатқан.

Университетті бітіргеннен кейін “Мектеп” баспасында бірге қызмет істедік. Ол көп кешікпей өзі бітірген университетте мұғалім болды. Мен басқа қызметке ауыстым. 1968 жылы өзіміз қанат қаққан қарашаңырақтың филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасында қайта табыстық. Содан бері осы күнге дейін сол кафедрада қызмет істеп келе жатыр едік.

Ардақты Зекеңнің бір азаматтық мінезі бар еді. Ол еш адамның бетіне жел болып тимейтін. Кімнің де болсын бойынан бір жақсы қасиетті тауып алып, оны өзіне майын тамызып айтып отыратын еді. Кейде менің өзіммен бетпе-бет келіп қалғанда бірінші жүздесіп тұрған адамдай егіліп тұрып сөйлейтін. Сонда: “Немене мені жаңа көріп отырсың ба?” дейтін едім. Енді ойлап отырсам, адам мына қысқа ғұмырда бір-бірінен жылы сөзін аямау керек екен ғой. Соны ол ерте аңғарыпты. Мұны қанаттасымнан көз жазып қалғанда ғана түсініп отырмын, түйсініп отырмын. Өз басым оның “Менің Әуезовім” атты кітабына кейіпкер болып та ендім. Көңілін сұрай барғанда: “Мені мынау “қадірімді” білмейтіндердің ортасында қалдырып қашанғы шалқайып жата бересің. Тұр. Қанаттасып қатар жүрейік те!” деп қайрат беретінмін. Ол: “Жүре тұр. Қатарыңа барамын. Өзің айтқандай қанаттасып жүреміз әлі-ақ!” деп өзіне ғана тән жылы жымиыспен езу тартып қоюшы еді.

Сол жансерік, қимас жолдасым, аяулы досым бүгін қайтпас сапарға аттанып отыр. Тағдырдың жазуына не шара. Енді оның асыл бейнесі, артында қалған өлмес мұрасы көңілге медеу, ойға медет болады.

Ауыр қаза үстінде ендігі менің бар айтар сөзім, бақұл бол арысым деу ғана болып тұр.  

 

Тұрсынбек КӘКІШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

 

Қайталанбас тұлға еді  

 

Бүгін сағат 1-ден өте елім, ұлым, халқым деп соққан жүрек тоқтады. Өмірден Зейнолла аға Қабдолов өтті. Зекең екі жыл ұдай халқының, отбасының, аға-інілерінің жүрегін ауыртып, төсек тартып жатты. Зекеңнің өмірі үшін ең білікті дәрігерлер, емшілер, жақын-жуықтары екі жыл бойы күресті. Сұм ажал өлімге қимайтын осынау аяулы тұлғаны бәрібір арамыздан алып кетті. Қаралы хабар жанашыр жақын-жуықтың қабырғасын қаусатып өтті. Зекеңнің қазасы ұлттың қазасы. Өйткені, ағамыздың жүрегі жалпы ұлтым деп соғатын халқым деп соғатын. Сондықтан бүгін халқының да қабырғасы қайысып отыр дегім келеді. Жарты ғасырдай ұстаздық ғұмырында Зекеңнің алдынан ондаған мың шәкірт рухани байып, еліміздің шартарабына қанат қақты. Олардың ішінде ел басқарған мемлекет қайраткері де, ірі қаламгерлер де, ғалымдар да аз емес. Ең бір ескере кететін жәйт, біз байқаған жәйт Зекеңді жақыным деп санайтын ізіне ерген інілері тым көп. Біз солардың бірі ретінде осынау ғұлама жан мына сұрғылттау фәни дүниеге жарық таратып, жүрген жерін нұрға бөлеп өткен, көкірегіне күн қонған бір ерекше жұлдызды тұлға болғанын айтқымыз келеді.

Кім болмасын Зекеңмен тағдыр жолы қиысқан адам оның досына айналатын. Оның көл-көсір адами мол шуағына бөленетін. Зекеңмен іні болу, дос болу – бұл бір ұлы бақыт еді. Сондықтан да асыл ағаның шапағатын көрген, кісілік шұғыласына бөленген біз тәрізді інілері бүгін оңбай ойсырап отырмыз. Әрбір тарихи тұлға дара болады. Зекең де кешегі өткен арыстардың тұяғындай қайталанбас тұлға еді. Зекеңнің тек дос інілері ғана ойсырап қалған жоқ, қазақ мәдениеті бір ғажайып бай қазыналы рухы биік тұлғасынан айырылып қалды деп білемін. Өйткені мұндай тұлға қайтып өмірге келмейді. Біз інілерінің атынан ғұмыр бойы Зекеңнің тірегі болған Сәуле апайға көңіл айтамыз. Екі жыл бойы Зекеңнің төсегінің басында күн-түн қатып ағамыздың жағдайын жасаған апамыздың алдында бас иеміз.

Зекеңнің соңында мол ғылыми-әдеби мұра қалды. Ондаған мың шәкірттерінің көкірегіне жаққан оты қалды. Зекеңнің бір ұлы бақыты сол оттар байтақ еліміздің қай түкпіріне көз салсаң да маздап тұр. Біз осыған шүкіршілік етеміз. Қош бол, аяулы аға! Сіздің пайғамбар бейнеңіз біздің жүрегімізде мәңгі аялы, аяулы қалпында қалады.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы.

 

Ұстаз 

 

Дүние шіркін,

Дүркін-дүркін,

Өтеді бір күн! –  деген қараңқалғыр қара сөз рас болды.

Шыр етіп жарық дүниеге сәби келген сәттен әрбір адымын аңдып бірге жүрер ажал шіркін, қимас ұстаз – Зейнолла Қабдоловты ақыры алып тынды.

Адам баласының ананың ақ сүтінен кейінгі қарыздар бейіл кешері – Ұстаз!

Жұмыр басты пенденің жанын нұрландырар ұғымның ұлысы – Ұстаз!

Өмірде ұқсағымыз келіп тұрар ұстаз еді, Зекең!

Өнерде ұқсағымыз келіп тұрар ұстаз еді, Зекең!

Сөйткен Ұстаз фәниліктен бақилыққа аттанды. Ұстаз жоқ. Есесіне сан буын, саналы ұрпаққа шешендік, көсемдік, сырбаздық үлгісі қалды. Соған шүкір!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК, профессор. Түркістан.

 

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Дананың дидары