Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Ноября 2015 в 18:42, реферат
Ия, Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленгені бәрімізге белгілі. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті.
1947 жылы З.Қабдолов
дарынды жас әдебиетші ретінде
КСРО Жазушылар одағының
Елуінші жылдардың алғашқы жартысында З.Қабдолов әдеби сын саласында (юмор мен сатира, ұнамды кейіпкер, көркем әңгіме, т.б. тақырыптарға) бірсыпыра күрделі еңбектер жазды; орта мектептің 9 және 10-сыныптарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жасауға қатысты; Үлкен Кеңес энциклопедиясында көне дәуірден осы дәуірге дейінгі қазақ әдебиетінің тарихы жайлы көлемді мақала жариялады.
З.Қабдоловтың көркем шығармаларындағы басты тақырып – заман шындығы, басты кейіпкер – замандас бейнесі.
З.Қабдоловтың есімін оқушы қауымға кеңінен танытқан шығарма – «Өмір ұшқыны» (1956) повесі. Повестің қаһармандары негізінен жастар – университет студенттері.
Табиғи, таза, суретті, нәрлі тіл автордың жазу мәнерін, машығын өзінен басқа ешбір қаламгерге ұқсатпай, бірден даралап көрсететін жаңа нұсқалы стиль, адамдардың ара-қатынасына жылы шырай қосып, көмкеретін әдемі юмор, күллі шығарманың өн бойында желі тартып отырған сұлу лиризм З.Қабдоловтың қаламгер ретіндегі даралық сипатын айқындады. Повесть 1958 жылы орыс тілінде Мәскеуде жарияланып, одақ оқушыларына белгілі болды.
1963 жылы «Жұлдыз» журналында (№7-11) жарияланған «Жалын» романы кейін қазақша (1970, 1974, 1983), орысша (1971, 1976, 1982) және вьетнам тілінде (1980) жеке кітап болып шықты. З.Қабдолов еңбектерінің ішінде қазірге дейін төрт рет басылым көрген «Сөз өнері» атты зерттеудің орны бөлек.
«Сөз өнері» – жоғары оқу орындарының студенттері әлі де үзбей пайдаланатын бірден-бір оқу құралы. Еңбекте көркем әдебиет табиғаты тарихи және теориялық тұрғылардан жан-жақты сараланады. Әдебиет теориясын қалыптастырудағы эстетикалық ой-пікірлердің әдіснамалық мән-маңызы зерделенеді. Әбунасыр әл-Фараби тәрізді ғұламалардың терең танымдық идеяларын З.Қабдолов қазақ оқырмандары үшін арнайы таратып бағалайды.
Кітапта көркем өнер мен әдебиеттің әлеуметтік табиғаты, әдеби тектер мен жанрлар, өлең құрылымы, мазмұн мен пішін, даралау мен жинақтау, көркем-әдеби тілдің ерекшеліктері сияқты әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселелер оқулық талаптарына сай деңгейде сөз болады.
З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» романында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің әдеби бейнесі үздік шеберлікпен сомдалды. «Менің Әуезовім» романы үшін оған Қазақстан Республикасының 1998 жылғы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Оқымысты назарын аударатын тағы бір күрделі мәселе – көркем тіл мен өлең құрылымы. Тілдегі бейнелілікті зерделеуде ой мен сезімнің бедерлілік табиғатын З.Қабдолов көркем әдебиеттегі ең басты талант өлшеміне балаған. Шығарманың тілдік қолданыс ерекшелігі жанр, жағдай, суреттелетін дәуір, кәсіби ыңғай, кейіпкерлердің болмысы мен ой, қиял желісі, әрекет өрісімен сабақтастығы назарда ұсталған. Сан алуан лексика, семантикалық деңгейлердің суреткерге тән мәдени-эстетикалық мұрат, талант даралығымен тамырластығы да ешқашан ұмытылмайды.
З.Қабдолов ағымдағы әдеби үдеріске байланысты ой-пікірлерінде де, іргелі суреткерлер жайлы ықшам зерттеу, мақалаларында, Абай, Махамбет, Жамбыл, М.Әуезов, Б.Майлин, Ш.Айтматов, Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Қ.Ысқақов және т.б. белгілі тұлғалар хақындағы ғылыми-сын эсселерінің бәрінде дерлік мәтін ауқымында – оқырман, дәрісханада – тыңдаушы көкейін тап басатын өзекті ахуалды дәл танытуымен ерекшеленіп тұрады.
Ғалымның қаламынан туған «Жанр сыры» (1964), «Жебе» (1971), «Арна» (1988), «Әуезовтің әсемдік әлемі» (1977), «Менің Әуезовім» (1977), «Көзқарас» (1999) атты еңбектердің студент, магистрант, аспиранттар қауымына берері мол.
З. Қабдолов «Жанр сыры» арқылы қазақ әдебиеттануында әңгіме тәрізді шағын эпикалық туындылардың ішкі құрылымы, ұлттық қасиеттері, стильдік өрнегі туралы алғаш ой толғағандардың бірі еді. Ол Абай лирикасы мен эстетикалық әлемі, ақын өлеңдеріндегі философиялық тереңдік пен шынайылық туралы әсем де нанымды байламдар түйді.
З.Қабдолов – шебер аудармашы да болды. А.Пушкин мен Н.Гогольдің жекелеген шығармаларын, Л.Кассиль, В.Добровольский, В.Закруткин романдарымен қатар А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горькийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалары театр сахналарына З.Қабдоловтың тәржімасы арқылы қойылды.
З.Қабдолов орта мектептің жоғары сыныптарына арналған «Қазіргі қазақ әдебиеті» оқулығына жазған тарауларын әрдайым жаңартып отырды. Университетте «Әдебиеттануға кіріспе», «Әдебиет теориясы» пәндерінен филологтар мен журналистер үшін ұзақ жылдар бойы дәрістер оқыды, арнайы курстар жүргізді, аспиранттарға ғылыми жетекшілік етті.
З.Қабдолов аса нәтижелі, жемісті жазушылық, ғалымдық, ұстаздық еңбегі үшін Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды; КСРО Жазушылар Одағы сыйлығының және ҚР Ұлттық ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Атырау жерінің көрнекті ұлы, Атырау облысы Қызылқоға ауданының төл перзенті, ғалым әрі жазушы, көптеген ғалым, жазушы, ақын және қоғам қайратерлерін тәрбиелеп шығарған тәлімгер-ұстаз, халық жазушысы, академик Зейнолла Қабдоловтың дүниеден озғанына, міне,5 жылдай уақыт болды.
Оның оқиғаларға, жасампаз істер мен іскер әрекетке, мән-мағынаға толы өмірі оның көптеген ізбасарлары үшін, жақтаушылары мен шәкірттері үшін аса жарқын, мағыналы да ғибратты болды. Онымен кездесіп, сөйлескен әрбір адам ерекше жасампаз, терең ойшыл, көреген және зейінді әңгімеші, айрықша мейірбан ағамен сөйлесу, кеңесу, ақылдасудың әрбір минутынан үлкен ләззат алушы еді. Барлық кездесу, әңгімелесу, пікір алысуларды бір мақалада сипаттап шығу да, сонымен қатар оның өмірі мен шығармашылығына толық талдау жасау да мүмкін емес. Бұл мақаланың мақсаты тіпті де ол емес, мұндағы мақсат осы біздің жерлесіміздің, аты әлемге әйгілі ғұлама адамның есімін мәңгі есте қалдыру ісін кейінге қалдырмай шұғыл қолға алу міндетін жолға қою. Айтуға ауыз бармаса да, атап кететін нәрсе, ол З.Қаболовтың жан жақты қызметі, оның ғылыми және әдеби еңбектері естен шығарылып, ал оның қолжазбалары, жазысқан хаттары, конспектілері уақыт ағымы мен қағаз будаларының арасында жоғалып кетуі мүмкіндігі. Қайтеміз енді, осындай мәңгі есте қалдыру мен тиісті ұлықтауға лайықтыларды тез ұмытып кету адамдарға тән қасиет болса. Тіпті ұлы Махамбет те денесі мен басынан айырылғаннан кейін адамзат жадынан шығып кете жаздаған жоқ па, тек еліміздің нағыз патриоттары оның 200 жылдық мерейтойын бүкіләлемдік шаралар деңгейіне көтеріп, ЮНЕСКО көлемінде атап өткенге дейін.
Сол патриоттардың бірі Зейнолла Қабдолов болатын. Ол Махамбет атында қор құрып және оған басшылық жасап, жұртшылықтың, ғалымдар мен әдеби ортаның, сондай-ақ елдің жоғарғы басшыларының санасына ақын мерейтойын бүкіл халық боп тойлау қажеттігі туралы идеяны сіңіре білді. Бұл бастама мемлекет басшыларынының кемеңгерлік қолдауына ие болды және азаматтық қоғамның шығармашылық күштерін шабыттандырды. Біз, атыраулықтар, Зейнолла Қабдоловтың 2003 жылы Махамбеттің 200 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда оқыған құнды баяндамасын ұмытқан жоқпыз. Онда ол Махамбеттің нақ сол біздің Тәуелсіздік алуымызбен байланыстыратын тұлға екендігі, оның қайғылы бірақ ерлік өлімі біздің жаңа да еркін еліміздің байрағы болғандығы туралы жарқын ой айтқан болатын. Бұл баяндама залда отырғандардың барлығының, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев, Премьер-Министр И.Тасмағамбетов, Атырау облысының әкімі А.Мусиннен бастап, қоғам, мәдениет пен өнер саласы өкілдеріне дейін билік пен халықтың, азаматтық қоғам мен мемлекеттің рух бірлігін сезінгенімен де ұзақ есте қалды. Барлығы да Қазақстанның ұлы ерлері мен әйелдері, ұлдары мен қыздары ұрпақ санасынан ұмытылмауы және өшпеуі қажеттігін сезінді
Қабдолов Зейнолла (1927-2006) - жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген. 1945 жылы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген.
Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
Тұңғыш көлемді шығармасы «Өмір ұшқыны» 1956 жылы қазақ, 1958 жылы «Искра жизни» повесі орыс тілінде жарық көрген. 1964 жылы «Адам» атты әңгімелер мен очерктер жинағы шыққан. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алған. «Мұхтар аға» документалды кинофильмінің сценарийін жазған. Мұнайшылар өмірінен жазылған «Жалын» романы 1970-1971 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген. Бұл роман жұмысшылар табы туралы ең үздік туындылар жөнінде КСРО Жазушылар одағы жариялаған бүкілодақтық байқауда арнаулы сыйлық алған. 1964-2002 жылдары әдебиеттану ғылымы мен теориясын зерттеу, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар жазу ісінде де жемісті еңбек еткен. Оның «Арна» зерттеу-сын-эссесі, «Жанр сыры», «Сөз өнері» монографиялары, «Жебе» әдеби толғаныстар мен талдаулары, «Көзқарас» талдаулар мен толғаныстары, «Әдебиет теориясының негіздері» атты еңбектері студенттер мен мұғалімдердің және жазушы-журналистердің қажет кітаптарына айналды.
Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан.
Ұзақ жылдар бойы З.Қабдолов өзі дәріс алып, аялы алақанның, ыстық лебізінің шапағатын көрген ұстазы - ұлы Мұхтар Әуезовтың ғылым ордасындағы киелі орнын жоғалтпай, Әуезов кафедрасының ісін жалғастырып, отын өшірмей келген.
ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өткен М.Әуезовтың 100-жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерген. Эссе әдебиетіміздің алтын қорына құнды қазына болып құйылды.
Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горкийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.
«Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.
Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.[1]
«Дала мен қала» газеті
14 қыркүйек 2009 ж.
Қансейіт Әбдезұлы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
филология факультетінің деканы,
ф.ғ.д., профессор
Қара шаңырақ һәм Әуезов қолтаңбасы
Қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университетінде әр жылдары ұлтымыздың алыптары еңбек етті. Қазақтың кең байтақ даласының әр түпкірінен арман қуып, білім алам деп келген дарынды жастарына сабақ берді. Солардың барлығы да білім мен ғылымның әр саласында із қалдырған, өз биігіне қыранша самғап көтерілген дарабоздар еді.
Ұлтымыздың кемеңгерлері, Алаштың біртуар перзенттері М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, М.Балақаев, Т.Тәжібаев, Ө.Жолдасбеков, Б.Бірімжанов, А.Қасымжанов, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, З.Ахметов, З.Қабдолов, Т.Қожакеев сынды ағаларымыздың осынау университетте әр жылдарда сабақ бергендігі, шәкірт тәрбиелегендігі және әрқайсысының өзінің іргелі ғылыми мектептерін қалыптастырып кеткендігі жалғыз университеттің ғана емес, тұтас ұлтымыздың, мемлекетіміздің игілігі болды десек артық айтқандық емес.
Отызыншы жылдардың ортасында қазақтың қаймағы болған арыстарымыз, руханиятымыздың көшбастаушылары репрессияға ұшырап, ұлтымыздың болашағына енді қалай қам жасаймыз деген тұста, құдай қолдап, 1934 жылы осынау Қазақ ұлттық университеті ашылды. Алаштың бас көтерер азаматтары, қайраткер ұлдары мен қыздары осынау университет төңірегіне топтасты. Ұлтымыздың санасын оятып, болашаққа мықты буын тәрбиелеу миссиясы енді осы университке жүктелді. Міне дәл осы тұста Қазақстанның түпкір-түпкірінен Сталиндік режимнен ғайыптан аман қалған ұлт зиялыларының барлығы ҚазҰУ-ге келіп ат басын тіреді.
Ұлттық саясаттың қайнар бұлағы да осы университет болды. Ұлттық ғылым мен білімнің іргетасы да осы шаңырақта қаланды. Әлемдік деңгейдегі ғылымның үздік жаңалықтары да осы университет те бастау алып жатты. Бір ғана, ұлтымыздың кемеңгер қаламгері, әлем таныған саңлақ жазушы Мұхтар Әуезовтің отыз жылға жуық табан аудармай университетте сабақ бергендігі неге тұрады?! Осынау университетке сабаққа келіп жүріп әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясын жазды. Қазақ фольклорының тарихынан қайталанбас лекциялар оқыды, «Абайтану», «Әлем әдебиетінің тарихы», «Алаштану» атты жаңа ғылыми курстың негізін қалады. Факультетте сол 50-60 жылдары оқыған, Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, тағылым-тәрбиесін алған қаншама буын қазақ жастары кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері атанды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері қаншама.
Айталық, кеше ғана дүниеден озған академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» атты романында осының барлығын бейнелі тілмен төгілте суреттеді. Бүгінгі классик қаламгер Әбіш Кекілбаев Әуезов тағылымын тереңнен тартып, өз мақалаларында қаншама рет толғанды. Әуезов қаламының өз шығармашылығына тигізген игі әсерін айтты. Ә.Қайдар, М.Жолдасбеков, Ә.Нұршайықов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ө.Айтбайұлы сынды белгілі тұлғалар Әуезов дәрістерін әрдайым сүйсіне еске алады. Әуезов салған ұлы жол, Әуезов еккен дән қазақ руханиятының бүгінгі тыныс-тіршілігінде де жарқырап көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі Әуезов мектебінің, Әуезов дәстүрінің әсер-ықпалы әлі талай жүздеген жылдарға өз жарығын түсіреді. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың алтын әріппен жазылған бір белесі міне осылай Әуезов есімімен біте қайнасады.
Бүгінгі осынау университеттің 75-жылдық мерейтойы тұсында Әуезов ұлағатын қалайша еске алмай өте аламыз. Ұлы Мұқаң, Мұхтар Әуезов туралы тағылым тарихын ұстазға шәкірт бола білген, өзі де Әуезов дәстүрін жалғастырып, соңынан қазақтың саңлақ қаламгеріне, ұлтымыздың ғұлама ғалымына айналған академик Зейнола Қабдолов шығармашылығына табан тірей ой тартқатсақ болады.