Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Апреля 2013 в 10:40, статья
Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың рухани мәдениетін жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен ұқсас. Өйткені олар ең алдымен халықтың ауыз әдебиетінен сусындап көңіл көкжиегін кеңейткен еді.
Қ. Әбдіқадыров 1940 жылы халық ауыз әдебиетінен мектеп оқушыларына арналған хрестоматия құрастырып, оқулық шығарды. Сөйтіп, балаларды рухани тәрбиелеуге жан-жақты атсалысты. Ал оның халық ағарту саласын өркендетуге қосқан нақты үлесі де өз алдына бір төбе. Бұл жөнінде сәл кейінірек баяндаймыз.
Ол балалардың рухани қазынасын өзге ұлт жазушыларының үздік шығармаларымен де толықтырды. Көрнекті балалар жазушылары Эсфир Эмденнің, Евгений Шварцтың туындыларын қазақ тілінде сөйлетіп, жас ұрпақты адамгершілік, ізгілік рухында тәрбиеледі, жақсылыққа асық, жамандыққа қашық болуға үндеді. Балалардың көңілі ояу, сезім сергек болып, қалыптасуына күш салды. Жасөспірімдерді еңбекшілдікке, Отанын, халқын сүюге баулыды. Отаншылдық оның шығармаларының қызыл арқауы, азаматтық іс-әрекеттерінің бір арнасы.
Қалмақан аудармалары туралы айтқан кезде өзбек әдебиетінің зергері Әлішер Науаи, Шығыстың классикалық әдебиетінің алыптары Саади, Фердоуси, қырғыз әдебиетінің дүлділі Аалы Токомбаев (Ө.Тұрманжановпен бірлесіп) жырларын, көрнекті орыс жазушысы Вадим Кожевниковтің, қытай жазушысы Чжао Шу Лидің әңгімелерін, халқымыздың рухани қазынасына айналдырғанын айтпай кетуімізге болмайды.
Қ. Әбдіқадыровтың аударудағы төрт томдық «Мың бір түн» хикаялары өз алдына бір төбе еңбек. Оны туған халқына сыйлау үшін Қалмақан жиырма жылдай уақыт еңбектенді. Бұл қазақша аудармалардың ішіндегі ең бір шоқтығы биік еңбек десек, асырып айтқандық емес! («Мың бір түн» қолжазбасының суреттері беріледі)
«...дүние жүзі әдебиеті классиктерінің бірде-бірі қазақ ауылының арасында ақын Қ. Әбдіқадыров аударған «Мың бір түндей» тараған жоқ» деп бағалады әдебиет зергері Ғабит Мүсірепов.
Ал көрнекті қаламгер
Асқар Тоқмағанбетов былай
«Сенің аударған «Мың бір түнің» тұрсам есімнен, жатсам түсімнен кетпейді. Өзің де, сөзің де жайдары жан едің, мұндай қарапайым адамдар дүниеге сирек келетін шығар».
Бұл пікірлерді көлденең тартпағанның өзінде, «Мың бір түннің» халық арасында тез таралып, жоғары баға алуы Қалмақан қаламының сиқырлы құдіретін танытады.
Сонау бала кезінде Қалмақан саудагерлерде жалшылықта жүріп Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Қоқан сияқты қалаларын көп аралады. Осы кезде ол араб, парсы, түркі-шағатай тілдерін жетік үйренді. Жалпы зерделі қаламгер үшін өмірдегі әрбір құбылыс, оқиға ізсіз қалмайтыны ақиқат. Саудагерлерге жалшылық Қалмақанды «Мың бір түнмен» табыстырды. Кемел шағына келгенде ол оны халқының рухани байлығына айналдырды.
Қалмақан отыздан астам кітап шығарды. Оның өлең, поэма, әңгіме, повесть, ертегілері КСРО халықтарының оншақты тіліне аударылды. Қалмақанның «Қажымұқан», «Сәтбаев», «Тапқыш», «Алдар көсе әңгімелері» сияқты еңбектері орыс, өзбек, қарақалпақ, татар, ұйғыр және басқа да ұлттардың рухани қазынасын толықтырды.
Ол өз жырларында халық поэзиясының дәстүрлерін шығармашылықпен дамытып қана қойған жоқ, халық ақындарының қамқоры бола білді. Жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, кейін бірнеше жыл Жамбыл әдеби мемориалдық музейінің директоры болу, Қазақстан жазушылар одағында ақындар секциясын басқару ауыз әдебиетіне жақын да жетік Қалмақанды халық ақын-композиторлармен етене араластырып жіберді. Ақындар айтыстарын ұйымдастыруға белсене қатысты.
«Жамбылдың өлеңін жазып алуға жәрдемдестің, Қалмақан, Нартайды екі жыл бойы іздеп, Мырзашөл, Ферғананы кезіп, көрінгеннен хабар айта жүріп, Алматыға алдырып, атағын шығаруға себепші болдың, Қалмақан, Балқаштың түкпірінде жатқан Шашубайды ұшақпен алып келдің, Қалмақан» деп, – Қажымұқанның айтуы бекер емес қой.
Қалмақан затында асып-таспайтын, салмақты да сабырлы, үлкенге іні, кішіге қамқор бола білген адам. Замандастарының естеліктерінде Қалмақанның адамгершілігі, парасаттылығы, халық мүддесі үшін барын беруге дайындығы, бейімдігі әрдайым зор ілтипатпен аталып отырады.
«...мақтанам десе мақтанарлық өнері бар болса да, Қалмақанда мақтанушылық болмады. Текке күпсінушілік болмады. Өйткені, Қалмақан шын жүйрік, байсалды жүйрік.
Кейінгі жастардың орынсыз, жөнсіз, өтірік мақтаншақтардай болмай, Қалмақан сияқты болуын дұрыс көрем деп, – Сәкен Сейфуллиннің жазуы, басқа тұстастарының осы тақылеттес пікірі сөзімізді айғақтайды. Бұл пікірлер Қалмақан адамгершілігінің, азаматтығының айнасы іспетті.
Қ. Әбдіқадыров халқын сүйген азамат екенін әрдайым ісімен дәлелдеген қаламгер. Ол отыздан астам кітап шығарды, Халқының рухани қазынасын байытуға хал-қадірінше үлес қосты. Бергенім аз, берерім әлі алда деп, шығармашылық жоспарлармен жүрді.
«Құлқынымды көздеп кітап жазсам, мені қарғыс атсын» деген екен әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хеменгуэй. Қалмақан да осындай қағиданы ұсынды десек қателеспейміз. Бұған оның өмірі дәлел. Өзіндей кешегі жалшылардың бүгінгі шат тұрмысы оны шексіз қуантты. Ол жаңалықтың, жақсылықтың тез болуына, өмірдің сән-салтанаты арта түсуіне асықты. Сондықтан да 1951 жылы он бес мың сом қаламақысын Алматы облысының «Политотдел» (қазіргі Қаскелең ауданындағы КИЗ) колхозына радио торабын тартуға, кітапханасына кітап алуға берді. Бұл – тек халқын сүйген, жомарт жүректі адамның ғана қолынан келер іс. Бұл сол уақытта көп ақша.
Өмірінің соңғы жылдары Қ. Әбдіқадыров денсаулығына байланысты туған жері Шиеліге келіп тұрды. Көкірек ауруына Алматының дымқыл ауасы жақпай, дәрігерлер күні ыстық Сыр елі – туған жерінде тұруға кеңес берген екен. Аудандық газетте қызмет атқарды. Ол аудан жерін аралап ел өмірімен, Сырдарияның сол жағасындағы Қызылқұм өңіріндегі малшылар тұрмысымен танысып, пайдалана білсе құт мекен Қызылқұмды игеру ісіне араласты. Қызылқұм өзінің кіндік қаны тамған жер, өскен жері, көзіне ыстық. Аудан күріш егісіне бет бұрып, ауылдардың бәрі дарияның оң жағына соғыстың алдындағы жылдары қоныс аударуына байланысты Қызылқұм назардан шығып қалған болатын. Жазушы мұрасын ақтарғанда Шиелі аудандық партия комитетіне шамамен 1959 жылы жазылған мынадай бір хаттың қолжазбасы шықты. Күні қойылмапты.
«Менің сіздерге жазып отырған ұсынысым өз басымның міндетті кәсібімнің ешқандай тармағына жатпайтын бөгде жұмыс сияқты. Бірақ, күні бүгін жұтқан тамшы суым, кесек наным, алған дәмім Шиелі ауданынан болған соң ортақ тілекке қосылмасқа амалым жоқ...
Мен Шиелі ауданына келген 1956 жылдан бері бау-бақша егісін өрістеу туралы, Қызылқұм өрісін пайдалану туралы аудандық газетке әлденеше мақала жаздым. Бірақ осы ұсыныстардан тамшы судай нәтиже болған жоқ.
Меніңше «Істесе колхоз-совхоздың өзі үшін, істемесе де өзі үшін» деп тыныштануды миыма сыйдыра алмаймын... Менің бұл айтқалы отырғаным еркін өмірдің, коммунизм қақпасына келгендегі бейбіт өмірдің міндеттері...
1. Бау-бақша егу жөнінде кейінгі үш жыл ішінде «Авангард», «Гигант» колхоздарынан басқа колхоздар шыбық шанышпағанын өздеріңіз көріп жүрсіздер.
2. Қызылқұм өрісіне шығуға ешбір колхоздың талабы болмай отыр. Бұл мәселе ауданымыздың... басты шаруасы екені әркімге түсінікті...
- Сарысуға барасың деді – бардық. Бір күнде жеті қора қоймен айқасқан уақыт болды. Бұл қой семірту емес, қойға шаң жұтқызу ғана,– дейді «Коммунизм» колхозының шопаны Ысмайылов Сарыбас.
- Құм өрісінің қасиетін түсінбеген кісі қой көбейте алмайды,– дейді Ленин атындағы колхоздың қарт шопаны Оралбай.
- Құдығы дұрыс қазылса, құмнан жайлы өріс жоқ. Бірақ құм жайын білетін кісі бастық болмаса, бізге жағдай туатын емес,– дейді «Коммунизм» колхозының шопаны Аймақан Көрегенов. Мұндай сөзді құмда мал баққан шопанның бәрі айтады.
Құмның раңы, жусаны мал аузына ілінгелі он бес күннен асты. Соны көре тұра «Төңкеріс» колхозы сегіз қора қойын тауға айдап, паромды күтіп, дария жиегінде он күн ұстап 214 қойды қырды. Тауға шейін қанша қырғаны мәлім емес. Әйтеуір жолай өлген малдың трактор шанасымен тасылғанын ел түгел көрген. Мұндай қырғынды көрген «Коммунизм» колхозы он алты қора қойды құмда қоздатып, шығынсыз қалды. Шынында да Қызылқұм өрісі бірден өріс болмайды. оған көп дайындық қажет. Қыста құмда болып, жазда тауға жаюмен құм өрісіне мал үйренбейді. Мал құмда төлдеп, төлі құмда жазда қалып, ыстық ауаға үйренуі керек. Ол үшін 3 – 5 жыл керек. Мұндай дайындықты ойлаған колхоз жоқ.
3. Биыл Сыр жиегіне жақын құм арасындағы шабырды су алды. Онда суалма егісін ұйымдастыру керек: арпа, сұлы, жүгері егісі көңілдегі өнімін береді. Мал азығын арғы беттен алу кезеңі туды. Оны жерді кептірмей қам істеу керек.
Сіздерден осыны ұйымдастыру шарасын тілек етеді.
Қалмақан Әбдіқадыров»
Ол тек партия, кеңес органдарына хат жазумен ғана шектелген жоқ. Қызылқұм өңірінде малшылар үшін «Таштоп» деген жерде өз қаржысына қызыл отау үйін ашты. Жеке кітапханасын сонда берді, өз қаражатымен кітап қорын толықтырды. Қалекең кітапхана шаруасын жүргізуді Сейілхан Жетібаев деген шәкіртіне табыстады. Ол кісі бертінге дейін атына мініп, қоржынына кітаптарды толтырып алып Қызылқұм қойнауын жайлаған малшыларға кітап жеткізіп, кітапханашылық міндет атқарып жүрді.
Қалмақан аға малшылар балалары үшін мектеп-интернат салуға бас болды. Оның да біраз қаржысын өз қалтасынан шығарды. Мектеп «Жүзбай» деген жерден салына бастағанда, 1959 жылы сол өңірді Сырдың тасқын суы басып, есіл еңбекті су шайып кетті. Бірақ ақын арманы шайылған жоқ, орындалды.
Қаламгердің осынау азаматтық ұлы ісі туралы оның көзін көрген, лебізін тыңдаған, ой-арманына қаныққан, ісін қолдаған «Қарғалы» ауылының мұғалімі, айтыскер ақын Айдар Достияров «Қалмақан аға қандай еді» деген естелігінде ақын арманын жеткізе айтады.
Қазіргі көрініс – үлкен істің бастамасы ғана. Әлі бұл өлке ұжмаққа айналады. Қаладан бір де кем болмайды. Келешекте бұл өңірде қаракөл қой совхозы орнамай қалмайды. Қаламен екі араға тас жол жүріп, дарияға бетондап көпір де салынар. Электр жүйесі тартылып, радио, телефон да әкелінер. Қызылдан сансыз ұңғы бұрғыланып, мөлдір бұрқақтар атқылар. Қаңсып жатқан тақырлар шалқар көлге, айналасы көкорай шалғын көгалға айналар. Қала мен Қызылқұм арасына үздіксіз зырлап тұратын автобусқа да мінетін күн туар деп, армандаған екен Қалекең абыз. Бұл КСРО Байқоңырдан ғарышқа ұшқалы жатқанымен, іргедегі ауылдары әлі май шаммен отырған, көлігі – ат пен есек, хабаршысы «ұзынқұлақ» кез еді...
Сол өңірге көп ұзамай «Қарғалы» совхозы орнады. Ақын арманы ақиқатқа айналды. Осындай азаматтық ерлік халқын шексіз сүйген азаматтың ғана қолынан келмек. Қазақстанның бұрынғы-кейінгі жүздеген қаламгерінің арасында туған ауылының тұрмысын, мәдениетін көтеруге сөзімен де, ісімен де осыншалықты еңбек сіңіріп, қайраткерлік көрсеткен Қалмақаннан басқа ешкім жоқ. Кейбірі елге мерейтойларда келіп, қошемет көруден, көңілі толмаса, өкпелеп қайтудан аспайды-ау.
Үлкен жүректі шайыр Қалмақан Әбдіқадыров шығармашылық жоспарларға толы кемел шағында 1964 жылы 30 сәуірде ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүниеден қайтты. Қалмақан қайтқанда халық арасында жоқтау айтылды. Оған туған жері Шиелі топырағы бұйырды. Зираты Шиеліде «Алғабас» ауылында.
«Көргенім көк сияқты көрдім жарық,
Адаммын, азаматтан тудым анық.
Жәрдемшім, жарылқаушым, жазалаушым,
Сүйерім, сүйенерім, тәңірім – халық»,– деп жазды науқас меңдеген ақын соңғы жырларында. Ол өмірге ғашық еді, халқыма берерім әлі алда деп сенетін. Қалмақан Сыр өңірінің адамдары туралы «Сыр сарбаздары» деген роман жазуды ойлап жүретін. «Келес қызы» повесі соның тараулары ғана еді.
Қалмақан туған халқының рухани қазынасы, оның өзі жоқ болса да сөзі халық арасында. Қалмақан қайтыс болғаннан кейін де «Тапқыш», «Тәтті қауын», «Қажымұқан», «Мың бір түн» кітаптары, өлеңдері мен поэмалары қазақ, орыс, ұйғыр, басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шықты. Қ. Әбдіқадыровтың өміршең мұрасы алдағы уақытта да ұрпақтар игілігіне қызмет ете бермек.
Қалмақан армандағанындай Қызылқұм өңірінің игілігін көріп отырған «Қарғалы» ауылындағы орта мектеп, негізін қалауға өзі бастама жасаған мектеп Қалекең атында. Аудандық балалар кітапханасына да Қалмақан аты берілген. Әбділда Тәжібаев ауылында оның атында көше бар. Шиелі жұрты халқым деп өткен Қалмақанын ардақтайды, ән-жырына қосады.
Шиелілік көрнекті ақын Сейітқасым Сейтеновтің жары ақын Мәрия Жұматова былай толғанады:
Сыр елінің сүлейінің бірі еді,
«Мың бір түнін» бүкіл қазақ біледі.
Қалмақандай көп талантты өсіріп,
Сырдың бойы атаныпты «Жыр елі»...
Көз тартып тұр, зәулім сарай мектебі,
Қаулап өсіп келеді, әне, еккені.
Осы мектеп, одан ұшқан түлектер,
Ақын жанның мәңгі солмас көктемі.
Ақын ұстаз Айдар Достияров қаламгер ағасына құрметін былай еселейді:
Сүйіктісің құрметтеген барша жан,
Өмірлі бол, қадірлі дос – қарт ағам.
Тұңғыш ұлым «қарапайым болсын» деп,
«Қалмақан» деп қағып жүрмін арқадан.
Жақсының аты өлмейді деген осы. Қалмақан халық жүрегінде.
Шиелі ерлерімен даңқты, ерлері еңбегімен даңқты. Шиелі дегенде ойға ең алдымен Мұстафа, Ыбырай, Нартай, Әбділда, Қалмақан, Шахмардан түседі. Шиелі көшелеріне ел мақтанышы осындай азаматтардың суреттері ілініп, ұлағатты сөздері, өлең шумақтары жазылып қойылуы күнде алдыңнан шығып тұрған қошеметтің нақ өзі.
* * *
Шиелі жерінен Қалмақанның, Әбділданың, Мұхаметжанның, Оразбектің ізін басқан, қазақ әдебиетінде, журналистикасында өз орны, өз сөзі бар басқа да қалың шайырлар шоғыры шықты. Әдебиет пен өнерге жанашырлығымен танылған жаңашыл қайраткер қаламгер-ғалым М. Құл-Мұхаммед Қызылорда облысының әкімі болып тұрған кезде облыстық әкімшіліктің мұрындық болуымен тұңғыш рет жүйеленіп жарық көрген Сыр елі қаламгерлерінің 200 томдық «Сырдария кітапханасына» енгендердің едәуір денін шиеліліктер құрайды. Мұндай ауқымды серияны шығару ұлт рухын асқақ ұстауды, қазынасын шашау шығармай жинақтай жүруді ойлайтын қайраткердің ғана атқаратын ісі. Бұл ізгі тірлікке ризашылық білдірмеген көзі қарақты жан кемде кем.
Көрнекті ақын-жазушылар, журналистер Сейділда Төлешев, Сейітқасым Сейтенов, Тілеген Шопашев, Оразбек Бодықов, Дархан Сапаров, Дүйсенбі Смаилов, Сәрсенбек Жұмабеков, Қанапия Дәрібаев, Қаржаубай Омарұлы (Айтолқын), Мәдрид Рысбеков, Жолдас Сырғабаев, Ағзамхан Егембаев, Қуаныш Уәлішерұлы, Руслан Бөлебаев бұл күнде дүниеден өтіп кеткенімен олардың атқарған қызметі, шығармашылық еңбегі ел есінде.