Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Апреля 2013 в 10:40, статья
Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың рухани мәдениетін жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен ұқсас. Өйткені олар ең алдымен халықтың ауыз әдебиетінен сусындап көңіл көкжиегін кеңейткен еді.
Қалмақан халық жүрегінде
Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі, халқымыздың рухани мәдениетін жаңа сапалы биікке көтеруге мол үлес қосып, артына елеулі қазына қалдырған қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров әдебиетке өмірінің қырық жылдай уақытын арнады. Оның шығармашылық тағдыры ұлттық мәдениетіміздің алдыңғы буын өкілдерінің тағдырымен ұқсас. Өйткені олар ең алдымен халықтың ауыз әдебиетінен сусындап көңіл көкжиегін кеңейткен еді. Туған халқымыздың бай ауыз әдебиеті және өмірімізге етене сіңген Шығыс әдебиеті домбыраның қос шегіндей қатар өріліп, сезімтал жүректі тербеп қанаттандыратын. Қалмақанды да қалыптастырған алғашқы рухани мектептер осы.
Ұлы Қазан социалистік төңкерісінің жаңғыртушылық тасқыны қазақ халқын өзімен бірге ілестіре кетті. Міне, осы кезеңде бай есігінде жалшылықта, саудагерде қолбалалықта жүрген Қалмақан жаңа өмірдің жаңалықтарын қуана қарсы алды. Халық өмірінде жүріп жатқан елеулі өзгерістер оның беймаза жүрегіне жыр болып құйылды. Қалмақан осы оқиғалармен біте қайнасып, қоғам өмірін сырттай бақылаушы болмай, оған белсене қатысты. Еңбекшіл ақын, байсалды жазушы, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі аудармашы ретінде бүкіл елге танылған қаламгер болып қалыптасты.
Қалмақан Әбдіқадыров 1903 жылы 3 (15) сәуірде Шиелі жерінде Сырдарияның сол жақ бетіндегі «Бақтыата» деген №16 ауылда жалшы отбасында дүниеге келді. Бұл 1940 жылы Сырдың сол жақ бетіне қоныстанған бұрынғы «Қызылдиқан», қазір Әбділда Тәжібаев атындағы ауыл. Қос жүйрік ақын осы ауылдан шыққан. Ағайындарының көпшілігі осында тұрады.
Ауыл арасында ақын жігіт атана бастаған Қалмақан 1925 жылы Қазақстан астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшіп келгенде, жаңа өмірге белсене қатысу үшін қалаға тартты. «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті редакциясына арбакеш болып орналасуы оның бұдан былайғы бүкіл өмірінің мән-мағынасын айқындап береді. Халықтың ауыз әдебиетіне, Шығыс хикаяларына қанық, әңгімешіл, ертегішіл жас жігітті редакцияның қызметкерлері байқап жүрді. Ол қолы босаған сәтте қаламын жалап, қағаз түртетін. Оның қарымын байқап, қамқорлығына алған «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы Бейімбет Майлин еді.
Қалмақанның алғашқы өлеңі «Сырдария» 1925 жылдың 10 тамызында «Еңбекші қазақта» басылып шықты. Бұл Қ. Әбдіқадыровтың шығармашылық өмір жолының басталуы болды.
Басым бұлақ,
Таудан шығад,
Атым дария – мен анаң,
Суым сүтің,
Жерім құтың,
еңбекші елім мен балаң,– деп жырлады Қалмақан. Осы тырнақ алды туындысының өзінен-ақ жаңа лектің соны лебі, жаңа құрылысқа, тың тұрмысқа қуаныш, жүрек лүпілі сезіліп тұрған жоқ па?! Осы лүпіл қазақ кеңес әдебиетіне үміт күттірерлік ақын қосылғанын аңғартқандай еді.
Жас талаптың ақындығының, азаматтығының қалыптасуына қазақ кеңес әдебиетінің ірге тасын қалаушы алыптар Бейімбет, Сәкен, Сәбит, Ілиястар көп ықпал жасады. Қалмақан солардан үйренді, ұстаз тұтты. Олар Қалмақан шығармашылығын жоғары бағалап, әр кез қамқор пікір айтып отырды, бағыт-бағдар сілтеді. Оның өлеңдерінің алғашқы жинағы «Жалын» деген атпен 1928 жылы басылып шықты. Сол кезеңде Сәбит Мұқанов былай деп жазды:
«Қалмақан оқуы төмен ақындардың ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар ақын. Ол өте аз жазады. Және қысқа жазады. Бірақ сол қысқа, аз жазғанында ол ұзақ поэманың сөзін айтып тастайды. 1927 жылы ол «Үлгі» деген өлеңінде басқа ақындардың бәрінен бұрын колхозды алдан болжап тастады. «Еңбек» деген кішкене өлеңінде адам мен табиғат қатынасына дұрыс баға береді. Қарсақбай барып, қайтып келе жазған «Бұрғы» деген оншақты жол өлеңінде барлық тау-кеннің бар қасиетін тамаша көркем тілмен айтты. Осындай пікір ұшқырлығы, соны көркем түрде бере білушілік Қалмақанды өте күшті».
Қалмақан Әбдіқадыров азат еңбектің жаңғыртушылық құдіретін шабыттана жырлап, еңбек ақыны атанды. Оның шығармашылық жолының басы еліміздегі жаңа экономикалық саясат кезеңіне тура келді.
Қалмақан Әбдіқадыров шығармашысының тамаша қырлары жан-жақты танылып, көрнекті қаламгер ретінде көзге түскен, бағаланған кезі отызыншы жылдар. Бұл тұста ол поэзия, проза, әдебиет сыны, аударма саласына белсене араласты. Қазақ кеңес балалар әдебиетінің іргетасын қалауға белсене атсалысты. Сондықтан да республика жұртшылығы Қалмақанды көрнекті қаламгер деп танып, 1935 жылы оның шығармашылығының он жылдығын салтанатпен атап өтті. Қазақ кеңес әдебиетін өркендетуге қосқан үлесі үшін республика өкіметі Қ. Әбдіқадыровты «Қазақстанның ХV жылдығы» белгісімен марапаттады. Бұл сол кезде республиканың үлкен марапаты еді. Сол күндерде қазақ кеңес әдебиеті классиктерінің бірі Сәкен Сейфуллин былай деп жазды:
«Ұлы Қазан төңкерісі кедей, жалшы балаларын қатарға кіргізгендігіне ақын Қалмақан айқын мысал боларлық адам. Нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, он жылдың ішінде белгілі жазушыларымыздың қатарына кірді. Оның ақындық дарқандығы әдебиет майданына бірінші шыққанда-ақ көріне қалып еді. Және ол көрініс тек қарқынды аттың аяқ алысындай ғана емес, ұзаққа сілтейтін үдемпаз жүйріктің аяқ алысындай еді. Он жылдың ішінде ол талай нәрсе жазды, ұзақшыл екенін дәлелдеді».
Ол іздене, білімін көтере жүріп орыс кеңес әдебиетінен, оның ішінде Максим Горький, Демьян Бедный, Владимир Маяковскийден үйренді. Өзге елдің ақын-жазушыларының шығармаларын, соның ішінде әсіресе орыс қаламгерлерін үлгі етіп оқу, олардың сөз саптасын, тақырыпты игеру, кейіпкерлер сомдау шеберлігін қабылдау сол кезде жаңа өмірге белсене араласып жүрген ұлт жазушыларына тән үрдіс болатын. Бұл оның шығармаларының мазмұнын байытты, түр мен мәнер жағынан жаңа сапалық биікке көтерілуге игі ықпал етті. 1934 жылы ол пролетариат жазушыларының ұйытқысы Максим Горькийдің қолынан жазушылық билет алған қазақ қаламгерлерінің бірі еді. Оның өндіріс, колхоз өмірінен, мәдениет майданынан жазған өлеңдері дастандарға, әңгіме, повесть, публицистикалық очерктерге ұласты. Тақырып аясы кеңіді. Гүлденген ауыл, қаһарман қызыл армия, халықтар достығы жыр арқауына айналды. Тарихи, халықаралық тақырыптарға да қалам тартты.
Сеніменен ажарланған ауылым,
Жел қаңбақ боп жеңіл тартқан ауырым.
Май суыңды қосып жұтып күрілде,
Сайрандайық «Қоңыртөбе» бауырын.
Ал жібердім,парды бердім қимылда,
Түтін бұрқ-бұрқ, соқа жылт-жылт шыңылда.
Біріккен күш, бірлескен іс ұласып,
Төгілген нұр, жайнатты ой-қырымды.
1931 жылы жазылған «Трактор жыры» деген өлеңінің осы екі шумағының өзінен-ақ жаңа тұрмыс, адам өмірінің мән-мағынасының өзгеруі, санасының түлеуі, жаңашыл сипаты көрініп тұрған жоқ па?! Өлеңнің рухы – енді еңбек ауыр бейнет емес, ол – зейнет абырой, игіліктің көзі.
Ақынның алғашқы бесжылдықтар тұсында жазған өлеңдерімен қатар «Шахтер», «Май», «Гигант», «Гранат», «Күләсал», «Алатаудың қырандары» деген баллада және дастандары қазақ поэзиясын түр, тақырып, мазмұн жағынан байытқан туындылар деп қабылданды.
Қалмақанның жүрегі халқым, Отаным деп соққан жалынды патриот ақын. Оның азаматтық бұл қасиеті неміс-фашистері елімізге тұтқиылдан басып кірген ер сыналар сұрапыл жылдары айрықша көрінді. Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің мәйегін сақтап қалу мақсатымен сол кезде Қазақстан жазушылар одағын басқарған Әбділда Тәжібаев тәуекелге бел буып, он тоғыз қаламгерді майданға алмауды сұрап И. Сталинге жеделхат жолдайды. Көшірмесін КСРО жазушылар одағының басшысы А. Фадеевке жібереді. Көп ұзамай көңілді күпті еткен рұқсат беріледі. Сол он тоғыздың ішінен Қалмақан қалтасында броны бола тұра, қан майдан жорыққа өз еркімен аттанып кетті.
Соғыста соғыс ерлерше,
Жан қалмасын ар қалсын!
Өлердегі күшіңе,
Өлтіруші таңғалсын! - деп ұрандады ақын. Ол жауға қарсы қаруын да, қаламын да жұмсады. Оның жорықты жылдары жазған әрбір өлең,, баллада, поэмаларынан жауға өшпенділік, туған елдің қаһарман ұл-қыздарын дәріптеу, жеңіске сенім асқақ естіледі. Халық поэзиясының құнарымен құлпырған Қалмақан жырлары қанатты сөз, афоризмге толы.
Ел қорғаны - ер болар,
Ер қорғаны - ел болар,
Елден қуат алған ер,
Не мұқтаждан кем болар,– деген шумақ әрі жеңіл әрі көкейге қонымды, мақалдай оралымды, құйылып тұрған қанатты сөз! Немесе:
Екіленген жау келсе,
Елеулі даңқты елге сын!
Ел атына мін келсе,
Майдандағы ерге сын!– деген жігерлі жолдар ерді де, елді де қайраған қуатты жыр.
Қалмақан жырлары құр үндеу емес, жүректі шымырлатар, жанды тербеп, қайрап шақырар өршіл поэзия. Қаһарлы кезеңде адам жанының пернелерін дөп басар, нәзік лирика арқылы жауға өшпенділік отын үрлей түсуі қазақ поэзиясын жаңа сапалық биікке көтерген үлкен шеберлігі.
Ой, жануар, құлыншақ,
Майданда аштың көзіңді
Туған жерді сен аңсап,
Шарқ ұрғаның сезілді,
Шұрқыраған үніңе,
Елжірейді жүрегім,
Сендей жетім елім де,
Аз емесін білемін.
Қырдан астың құтылдың
Алдың бейбіт өрісің,
Мен окопта отырмын,
Зұлымдықтың кегі үшін! («Жетім құлын»).
Оның өршіл патриоттық поэтикасы бір сәт осылай тереңнен шымырлап, жүрек қылын тербеген сыншыл лирикаға ауысып отырады. Бұл да жауынгер жүрегіне жол тапқан, жеңіске қайраған тамаша жыр, ақын тебіренісі. Оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жырлары қазақ кеңес поэзиясына қосылған сүбелі үлес болды.
Жалпы, Қалмақан жырлары туралы айтқанда, ол халық поэзиясының дайын үлгілерінен ұзап кете алмады деген үстірт пікір бар екендігін ескерте кеткен жөн. Егер бүгінгі күннің биігінен қарайтын болсақ, халықтық дәстүрді дамыта түсуі, оны жаңа сапалық деңгейге көтеруі Қалмақан шығармашылығының кемшілігі емес, артықшылығы екенін байқау қиын емес. Туған халқының ауыз әдебиетімен және Шығыстың классикалық әдебиетімен қана суғарылған Қалмақан поэзиясының құнары оқушысын немқұрайды қалдырмайды. Оның шұрайлы тілі әрқашанда тартымды, баурап алар құдіретті. Бұған осы мақалада келтірілген бірсыпыра өлең шумақтарының өзі де мысал бола алады. Осы құнар халқымызға «Мың бір түндей» тамаша аударманы сыйлады. Науаи, Саади, Фердоуси жырларын қазақ халқының рухани игілігіне айналдырды. Сондықтан да Қалмақан Әбдіқадыров шығармашылығы – туған әдебиетімізді алуан түрлендіріп, құлпыртып тұрған айшықты да қанық бай бояудың бірі.
Кеңес армиясының аға лейтенанты, майдандық газеттің тілшісі, ақын Қалмақан Әбдіқадыров қанды майдан жорықты талқандалған жау ордасы Берлинде аяқтады. Омырауы жауынгерлік орден, медальдарға толып оралды.
Қалмақан соғыстан кейінгі жылдары прозалық шығармалар жазуға көп отырды. Оның жазушылық таланты отызыншы жылдары-ақ көрінген еді. 1936 жылы ол Түркісібтің стахановшы жүргізушісі Темірбек Сәтпаевтың өмірінен «Сәтпаев» деген шығарма жазған-ды. Балалар әдебиетінің іргетасын қалаушы ретінде көзге түскен Қалмақанның «Тәтті қауын» деген әңгімелер жинағы балалар түгілі үлкендерге де жақсы мәлім болатын.
Соғыстан кейін Қ. Әбдіқадыров «Келес қызы», «Қажымұқан» повестерін жазды. Балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосты. Әлем әдебиетінің асылы «Мың бір түнді» аударуды аяқтады. Мақта өсіріп өнім алудан КСРО-да рекорд жасаған Рыскүл Мақатова туралы «Келес қызы» повесі қазақ кеңес әдебиетінің еңбеккерлер бейнесін жасауда соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі табысы ретінде бағаланды. Қалмақан шығармашылығының негізгі ерекшеліктері – оның шығармаларының басым көпшілігі кеңестік өмірді бейнелеуге, сол арқылы замандастар бейнесін жасауға арналған. Сондықтан да Қ. Әбдіқадыров замана жыршысы.
Ол кейіпкерлерін екі түрлі жолмен жасады. Бірінде – аты-жөні өзгертілмей деректі кейіпкер ретінде алса (Қажымұқан, Рыскүл Мақатова, Нүркен Әбдіров), ал енді бірінде – өмірден көрген-түйгенін жинақталған, типтік бейне арқылы береді, жиынтық образ жасайды. Жазушының бұл тәсілі оның шығармашылық әдісін көрсетіп қана қоймайды, адам болмысының қалыптасу үдерісін жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Еліміз өмірінің қырық жылдай кезеңін қамтитын Қалмақан шығармашылығы сол кезеңдегі замандастарымыздың деректі де, жиынтық та бейнесіне бай дейтініміз де сондықтан.
Социалистік Еңбек Ері мақташы Рыскүл Мақатованың еңбек жолын сипаттауға арналған «Келес қызы» повесінде ол социализм дәуірі қалыптастырған жаңа адам – Отанын, ісін жан-тәнімен сүйетін комсомол қыздың бейнесін нақты өмірлік материалдың негізінде сомдап шығарды. Мұнда адам психологиясындағы өзгерістер тәп-тәуір ашып көрсетілді. Повестің драмалық шиеленісі жеке бастың қайшылықтарына емес, қоғам алдындағы борышты өтеу әлеуметтік іс-әрекеттен туындап жатады.
Қ. Әбдіқадыров қаламынан туған тағы бір елеулі шығарма – «Қажымұқан» повесі. Халқымыздың арасында даңқты палуан туралы неше түрлі аңызға айналған әңгіме көп-ақ. Оның өмірі жөніндегі әңгімелерге баланың да қарттың да құлағы түрік.
Қажымұқан бейнесінің халықтық сипаты шығарманың өн бойынан сезіліп тұрады. Ол ертегінің алыптарындай суреттелмейді. Қажымұқан халықтың адамы, оның мүддесімен мұңдас жан. Қажекең – ең алдымен, Отанын сүйген патриот. Оның нағыз патриоттығына Ұлы Отан соғысы кезінде қаражат жинап, Амангелді атындағы ұшақ жасатуы тамаша мысал. Жасы егде тартса да сол бір сұрапыл жылдары Қажымұқан өнерімен халықтың еңсесін көтерді, жеңіске жігерлендірді. Қажекең қай жерде жүрсін, қандай жағдай болсын Отанына адал. Қазақстан өкіметі Қазақ Даласының Батыры атағын берген Қажымұқанның азаматтық қасиеттерін көркем тілмен айшықты сипаттап, Қалмақан тарихи тұлғаның шынайы бейнесін жасады.
Қалмақан Әбдіқадыровтың белсене атсалысқан тағы бір саласы – балалар әдебиеті. Ол – қазақ кеңес балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі. Оның тағлымды да тартымды қаламынан әр кезде шыққан «Алатаудың бауырында», «Боранбай ауруханада», «Өміртайдың ауылы», «Есек пен өгіз», «Тапқыш», «Амантай», «Тәтті қауын», «Ертегілер», «Алдар көсе әңгімелері», басқа да туындылары осы күнгі аға буын атанған ұрпақ өкілдерінің әлі де жадында. Бұл туындылар әлденеше рет және бірнеше тілде жарық көрді. Оның шебер қаламынан шыққан шұрайлы туындылары әрдайым балалар түгілі үлкендер де сүйіп оқитын шығармалар болып қала бермек.
Бұл өлеңдерінің, әңгімелерінің бірсыпырасының желісін Қалмақан өмірден алса, кейбірінде халық ауыз әдебиетінің сарын шебер пайдаланып, балалар әдебиетінің мазмұнын байытуға, сапасын көтеруге тер төкті. «Лайықты балалар әдебиетін жасайық» деп, әріптестеріне сөз тастады. Қ. Әбдіқадыров өзінің туындыларында жас өспірімдерге тәрбие берерлік ой салып, балалардың сезімін оятуға, қиялын тербетіп, көңіл көкжиегін кеңейтуге күш салды. Қызықты сюжеттерге құрылған өлеңдерінде, әңгімелерінде, ертегілерінде Қалмақан жеткіншектерді білуге, білімге құштарлыққа тартты. Еңбекқорлыққа, ізденгіштікке, үйренуден жалықпауға баулыды. Оның көптеген шығармасы «Мектеп кітапханасы», «Мектеп жасына дейінгі балалар кітаптары», «Менің алғашқы кітабым», басқа да сериялармен әлденеше рет басылды.