Абай Құнанбаев

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Января 2014 в 13:22, реферат

Краткое описание

Абай Құнанбаев сынды ұлы ақындардың мағынасы терең мұрасы бір кезеңнің, бір дәуірдің еншісінде қалмайды. Оған ауыспалы ұрпақтар өз көзқарасын білдіріп өз бағасын бере жатады. Мазмұнды өмірбаянның, мәністі творчествоның қыры мен сыры дәуірлердің барысында ашыла түседі. Талдауға таусылмас әдеби мұраны былай қойып, Пушкин мен Лермонтовтың өлімі туралы тың деректерді еске алсақ, айтылмыш шындыққа күмән қалмайды. Пушкинмен атысарда Дантестің сауыт киіп шыққаны анықталды. Қиянатшыл қарауларға жүз жылдан асканда сот құрылды. Ал, Лермонтовтың өлімі күні бүгінге шейін жұмбақ. Біреулер Мартынов атты десе, енді біреулер жасырынып тұрған шешен атқан деседі. Бұған оқтың бүйірден қиғаш тигенін, Мартыновтын қартайғанда жарған сырын дәлел етіседі. Аталған екі алып¬ка қарама-қарсы ұзақ өмір сүрген Тургенов пен Лев Толстойдың тіршілік сапарынан ашылған шырғалаң жаңалықтар бүгінгі буынның.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Тәкен Әлімқұлов. жұмбақ жан.docx

— 316.32 Кб (Скачать документ)

Құнанбай ол кезде  каншама дәуірлеп тұрса да, карсылыққа көп ұшырап, бар күнін тартыспен  өткізген еді. Қарапайым халықтың ішінен бас көтере бастаған адамдар болып  еді. Соны сезген, содан қаймыққан  Құнанбай ең алдымен балаларына арқа тіремек болады. Әрқайсысына әр тайпаны, әр руды баскартып, күллі өлкені шеңгелінде ұстай беруге күш салады, Сол балаларының  ішінде Абайдың өрен алғыр, тапкыш, шалымды екенін кәміл аңғарған Құнанбай оған ерекше зер салады, өзінің төл  мұрагері еткісі келеді.

Абай ғаделет  жолын тарихи шындықтың шеңберінен шығып іздей алмайтын еді. Ол ел билігіне де араласты. Сол арқылы өз тұстарының, «үзеңгілестерінің» сырына қанды. Кейін, Салтыков-Щедриннің үлгісі бойынша, оларға улы сөзден оқ атты. Екінші жағынан, Абай еңбекші халықтың күйзелген  халін де жақсы таныды. Соған мейлінше жаны ашып, қайғырды. Мұның өзі көп  ойға түрткі салды. «Ерте оянып, ойланып, жете алмады».

Ақындық, ағартушылық  қайратқа мінбеген, озық орыс мәдениетіне бойламаған кезінде Абай дала жуандарымен күресте іштен шалып құлатудың айла-тәсілін іздейді. Дау-далбаға жиі түсіп, билік айтатын  Абай үшін ұтымды, орамды тіл, шешен сөз керек еді. Осы жолда ол бұрын-соңды сөзуарлық мұраға, мақал-мәтелдерге, нақылдарға, түрлі айтыстарға,   өлең-жырларға, қысқасы фольклорлық байлыққа тағы қайта оралады. Терең зейін қойып, кеңінен қамтиды, мол үйренеді. Халық сөзінің қуатын, құнарын, нәшін ұғады. Сондықтан да ол «қазаққа қара сөзге дес бермеді». Сөз күшінің зор екенін жақсы білген Абай өмір күресінде калың бұқараның қамын жеп,   мұңын жоқтайтын ақындардың жырына бой үрып, ерекше екшеп   үйрене білді. Әрине, көбісінің есімі бізге жетпеген білімі тар бұл ақындар кейінгі озық білімді Абаймен салыстырғанда кеме жанындағы қайықтай болып  кана қалады. Бірак соған қарамастан олар Абайға үлкен әсер етті. Абай сөз жұмсау тәсілдерін үйренді. Тілге молықты.

Мұның бәрі кейін  Абайдың ақындық өнерінде орын-орнымен  кәдеге асқанын көреміз. Абайдың  дүние жүзінің прогрессивтік  мәдениетінен, оның ішінде, әсіресе, орыс жаңашылдығы өзінің ұлттық дәстүріне  шәркез келмей, жатырқамай, кайта соған  туыса кетіп, соны байыта түсуі де осыдан болатын.

В. Г. Белинский Александр  Пушкиннің шығармаларын талдағанда, оны тудырған, мәпелеген, қанаттапдырған орыстың халық поэзиясы екенін, содан  кейін Державин, Сумароков, Жуковскийлер екенін баса айтады. Ал, бұл ақындар  Пушкиннің ширегіне келмейтіні хақ  кой. Асылы, ұлттық дәстүрден тысқары  туатын гений болмасқа керек. Абай туралы да осыны айтуымыз мақұл. Абай да халық  поэзиясына арқа сүйеді. Абай да өткен  ақындар мен замандас ақындарының  ілгерімпаз, жаңалықшыл жақтарын қоштайды. Абай да тіл тазалығы, бұқарашылдығы  үшін күресті.

Осыны ерте сезген Құнанбай төңірегі Абайды ақындардан, қалың  бұқарадан аулақ ұстауға тырысты. Бірақ шортанды судан шығаруға болмайтын  еді. Абай өз үйірін тапты. Бұл әкесімен арасындағы шәркездікті күшейтті. Оның үстіне, Абай өз ісінде әділдікті көздеді, Құнанбай мүддесіне, ескі феодалдық  көзқарасқа, салтқаа карсы шыға берді.

Өмір сүруде, уақытты  өткізуде, мұратқа талпынуда ұғымның  орны ерекше. Біздің заманды ұлы  гуманист A. М. Горький: «Жер жүзіндегі  ең биік лауазым — адам болу», —  десе, сонау заманда Абай: «Биік  мансап — биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран  да шығады», — деген. От басы, ошақ бұтында  ұдайы қол қусырып отыруға  болмайтынын білген ол ел билеу ісіне  лажсыз араласқан. Бір рет болыс  та болған. Соның өзінде әділдікті  жақтаған.

Қазақтың шежіресін  жатқа соғатын, шешендіктен алдына жан салмайтын Абай озбыр «мыңмен  алысты». Көбінесе орыс іліміне арқа сүйеді. Мың дегенмен, белгілі нормасы  бар орыстың үкімет заңы, тәртібі  сахараның жабайы жолсыздығын тықсырып, шеңберін тарылта бастаған еді. Бұндай жағдайда дала шонжарларының сойылдан шенге көшуі табиғи-ды. Абайдың  бөбек кезінде, 1847-1848 жылдары, Сібір  қазақтарынан дала уалаятында бір полковник (Қоңырқұлжа Құдаймендин), үш подполковник (Желқара Байтохин, Тұрлыбек Көшенов, Тұрсын Шыңғысов) болған. Бұдан шені бір елі төмен жеті майордың бірі Шыңғыс Уәлиханов еді.

Бұдан кейін тоғыз  капитан, екі штабс-капитан бар-ды. Атақты он поручиктің бір де бірегейі Құнанбай Өскенбаев еді. Бұған сегіз  прапорщик, сегіз хорунжийді қоссаңыз, шен кұмар қазақтардың төркінін тану қиынға түспейді. Осыған орай және бір дерек келтіре кетейік. «Особое  прибавление к Акмолинским областным  ведомствам» деп аталатын баспасөз мағлұматында (1888 жыл, 18 ноябрь, № 46) уалаяттың  генерал-губернаторлығының 1888 жылғы 31 октябрьдегі 93-санды бұйрығы жарияланады. Қедір-бұдыр кеңсе тілінде жазылған ол бұйрықта былай делінген: «За  усердную службу и особые заслуги, местным  начальством засвидетельствованные, награждены мною: по Семипалатинской  области, Семипалатинского уезда:

Кафтанами 1 разряда: управитель   Чингизской   волости Остап (Оспан болса керек. — Т. Ә.) Кунанбаев, бий Арчалинской волости Джуваныш Джаркембаев.

Серебряными часами с такою же цепочкой: переводчик Семипалатинского уездного начальника, обер-офицерский сын Мухамед Рахим  Юнусов…»

Бұны қазақшаға  жатық аударсақ, былай боп шығады: «Жергілікті басшылардың жасаған  куәлігі бойынша, беріле қызмет істегені  үшін һәм айрықша сіңірген еңбектері үшін Семей уезінің Семей облысы бойынша мына адамдарды: Шыңғыс болысының болысы Остап (Оспан болса керек. – Т.Ә.) Құнанбаевты, Аршалы  болысының биі Жұбаныш Жәркембаевты І жүйелі  шекпенмен сыйладым.

Семей уезі бастығының тілмашы, обер-офицердің баласы Мұхамед  Рахим Юнусовты әлгіндей шынжырлы бауы бар күміс сағатпен сыйладым…»

Тілмаш дегеннен шығады, шенге ие боп сыйлыққа қолы жеткен қазақтардың дені орыс тілін  білмеген, білсе шала-пұла ғана білген.   Осының өзінен де олардың ой-өрісін шамалауға болатын сияқты.

Абайға орыс тілі мәдениет дүниесінің есігін ашып беретіп  кілт болды. Бірақ сол кілт басқа  да кәделеріне асатынын ол жақсы білді. Немесе, орыстың революцияшыл-демократтарымен  Лев Толстойдың романдарын оқып жүріп  танысқан Абай орыс тілін солардың ақылы бойынша үйреніп еді  деп айта алмаймыз. Марксизм әрбір  құбылыстың объективтік заңдарын, себептерін әр тұстан толық қамтып, терең ашуды  талап етеді. Олай болса, Абай туа  салысымен-ақ өзін бүгінгіше таныды, бірден әдебиетке бой ұрды деу  қарадүрсіндікке жатпақ. Тіптен, Абайдың  өз өлеңдерін өмірінің ақырғы жылдарында ғана жинастыруының өзінде жұмбақ жатқан жоқ па. Бұған сонау Михаэлис, Долгополовтардың, «соңғы толқын» Әбдірахмандардың ықпалы тимеді дейсіз бе. Сөз жоқ, тиді. Абай өз искусствосының келешегі зор  екенін кешірек таныды, бірақ кәміл  таныды.

Абай әкей-үкейдің  қабағына қарайламайтын болған кезде, балалық шағында аз айналысып  қол үзіп кеткен орыс тіліне қайта  оралады. Семей қаласына барып, қыста  айлап жатады. Сірә, ол жеке мұғалімдерден  дәріс тыңдаса керек. Орыс тілін  үйреніп, терең мағлұмат алады. Тілге  аса икем Абай орыс тілінде шыққан кітаптарды көп оқиды. Семейдің Гоголь есіміндегі кітапханасынан шықпайтын  болып алады. Е. П. Михаэлиспен ең алғаш сол кітапханада танысқан. Абай одан басқа да жер ауып келген революционерлермен танысады. Бұлар  Россияда шаруалар революциясының идеологі Николай Гаврилович Чернышевскийдің  жолын қуған шәкірттері еді. Абай солардан қашпай, қәдірлес, сыйлас болды  да, көп ұзамай мықтап достасып кетті. Бұлардың бәрі ірі ғалымдар еді. Жер  ауып жүріп, әлеуметтік үлкен жұмыстармен  шұғылданады. Солардың тілек, талаптары  бойынша,

Антропологиялы, музей, көпшілікке арналған кітапхана ашылады. Олардың қайсыбірі қазақтардың  даладағы өзіндік заңдарын, салттарын  зерттеп, бұл туралы кітап жазады. Е. П. Михаэлис орыстың географиялық   қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семейдегі бір белсенді қайраткері болады. Осы Михаэлис жөнінде орыстың географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің берген  мынадай бағасы бар:  «Батыс Сібір және Семей  өлкелерінің ірі ғылыми қызметкері Е.П.Михаэлис қазақ даласында поэтикалық ірі талант тапты, ол қазақ ақыны Ибраһим «Абай) Құнанбаев еді, соны Михаэлис бірнеше жылдар бойында тәрбиелеумен шұғылданды. Осының нәтижесінде қазақ халқы Құнанбаевтай тамаша ақынға ие болды, ол ақынның өзі жазған және аударған (қазақ тіліне Крыловтың мысалдарын, Пушкиннің кейбір шығармаларын аударды) талантты шығармаларын күллі сахара ынтыға оқыды».  Абайдың: «Дүниеге көзімді ашқан кісі — Михаэлис», — деуі осыдан болса керек.

Шынында да Михаэлис, Гросс, Долгополовтар Абайға үлкен  ой салды. Бұлар қазақ халқының тұрмыс-хәлін, әдет-ғұрпын, мәдениетін зерттеді. Жазда  Абай аулына барып, ұзақ меймандайтын болды. Қыста қалаға Абайдың өзі  келіп тұрды. Келмеген кездерде үзбей  хат жазысты. Абайдың орыс достары  оған керекті әдебиетті екшеп  берісті. Солар арқылы Абай орыс әдебиетімен  мол танысты. Философия ғылымымен  ұзақ шұғылданды. Ол Спенсердің, Спинозаның, Милльдің, Дрепэрдің, Тэннің шығармаларын оқыды. Біраз уақыт Дарвин ғылымымен  айналысты.

Бұл орайда нәшірияттық, баспасөздік деректерге аракідік бой  ұрмасқа болмайды. 1891 жылы, Абайдың  тірі кезінде, Лондон нәшіриятында американ журналисі һәм саяхатшысы Джордж Кеннанның ағылшын тілінде «Сібір және жер аударылғандар» атты кітабы жарияланады. Бұл кітап 1906 жылы «Сибирь  и ссылка» деген атаумен Петербургте  орыс тілінде шығады. Осы кітапта  Абай (Ибраһим) Құнанбаев туралы қызықты  дерек бар.

Джордж Кеннан —  патшалық Россияда әртүрлі тәсілмен жер аударылған

қайраткерлерді  көзбен көріп, материал жинап, кітап  жазбақ болған тәуелсіз журналист-жазушы. Ол көңілі қалаған жерлерін еркін  аралайды, абақтыда отырған адамдармен сөйлесуге хұқық алады. Сөйтіп, 1864 жылдан бастап 1890 жыл аралығында Россияның  азиялық және сібірлік аймақтарына  төрт-бес мәрте саяхат жасайды.

Осындай сапарының  бірінде Тюмень, Омбы, Новониколаевск (осы күнгі Новосибирск) қалаларында  болып Семейге келеді. Одан Өскеменді, Алтайды, Шемонайханы, Пьяниярды (осы  күнгі Новошульба ауданы), Котаңқарағайды, Шыңғыстауды, Марқакөлді аралап, қазақ  ауылдарының тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен, салт-санасымен танысады.

Бұл кезде Семей  патша әскерінің берік бақылауындағы  қала еді (Мынадай қосалқы дерек  келтіре кетуге болады. Семейде 1808 жылы әскери казактар 6200 адам болса, 1841 жыл  әйел-еркегі аралас 84331 жан болған). Дж. Кеннан сол Семейдегі саяси  жазықтыларға жолығады, Олар жер ауып келгендер еді. Кейде көрнеу, кейде  құпия бақылау астында тіршілік құрып, қызмет атқарушы еді.

Аталған кітабында  Дж. Кеннан орыс революционерлерімен  қатар қазақ санаткері Ибраһим (Абай) Құнанбаев туралы да әңгіме шертеді. Ол былай дейді:

«Кешкі құрым  біз қалаға (Семейге) қайтып келдік те, Леонтьевтің үйіне бардық. Бұл  үйге көптеген бейтаныс адам жиналған екен. Бәрі де жер ауған жандар. Леонтьевтің  үйінде Спенсердің суреті ілулі тұрды. Басқа жиһаз жоқ. Қонақ саны он бес адам болды.

Көңілді, қызықты, еркін  әңгіме біздерді бір-бірімізге тез  таныстырды, Менің кейбір сұрақтарыма  жауап бере отырып, Леонтьев маған  Семей қаласы кітапханасының қалай  жұмыс істей бастағанын баян етті. Кдтапхананың жер аударылып келген мұңдықтарға ғана уаныш емес екенін, қала халқының да ой-өрісін кеңейтерлік  рухани азығына айналғанын айтып  өтті.

Керек десеңіз, бұл  кітапханадан қазақтарға шейін пайдаланады. Мен Ибраһим Құнанбаев деген  қарт қазақты білемін. Ол — кітапхананың байырғы оқырманы. Тіпті, ол Милль, Бокль, Дрэпер сынды авторларды оқиды.

-         Семейде Милль мен Дрэпердің еңбектерін оқуға дәрмені жетерлік

қазақтардың болғаны  ма? — деп бір студент таңдана  дауыстады.

- Маған сенсеңіздер,  осы. Ол қазақпен кездескен  алғашқы күннің өзінде-ақ өзінің  білім парасатымен таң қалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның  айырмашылығын түсіндіруді сұрады. Содан бері оның ағылшын философтарының  еңбегін егжейлеп, зерттеп жүргеніне  және мен атаған авторлардың  әммесін түгел оқығанына көз  жеткердім.

-         Сонымен, сіз, ол қазақты сол оқығандарын түсінеді деп ойлайсыз

ба? — деп манағы студент жігіт қайта өршеленді.

Дрэпердің «Европаның ой-өрісінің өркендеуі» атты кітабы жайынан  мен одан қатарынан екі түн  емтихан алдым. Соған қарағанда, оның түсінетініне мен сенемін»[[1]].

Джордж Кеннан — 1864 жылы телеграф әліппесінің негізін  салушы Морзенің туысқаны. Ол Россияға бірінші ретте сол Морзенің тапсырмасымен  келеді. Америкадан Россияға Беринг бұғазы арқылы телеграф желісін жүргізу  жұмысымен айналысады. Бұның өзі  оның Pocсияда еркін жүруіне мүмкіншілік  туғызады.

Прогресшіл американ журналисінің Абай Құнанбаев хақында  айтқандарының түгелдей растығына  күмән болмаска керек. Бұл кез  Абайдың философиядан, әдебиеттен мол  білім алып қалған кезі еді. Ол Белинский  мен

Чернышевскийдің, Салтыков-Щедриннің  шығармаларын толық оқып, Пушкин мен  Лермонтовтың, Крыловтың шығармаларын аударып жүрген болатын. Оның үстіне, Батыс жазушыларынын шығармаларын да молынан білген. Абай өзі оқыған кітаптарының мазмұнын маңындағыларға кең әңгіме етіп отырады екен. Александр  Дюманың «Үш мушкетері», «Генрих  Наварский», Конан Дойльдің «Шерлок  Холмсы», Лесаждың «Ақсақ серісі» сахараға сол арқылы тараған. Әрине, батыс  романдарын, әсіресе, француз романдарын Абай бұдан әлдеқайда көп білгені  шәксіз. Өйткені, ол орыс тіліне аударылған шығармалардың басты-бастыларын түгел  оқыған.

Петр Первый туралы, Валька-Канн туралы орыстың халық  ертегілері де, Лермонтовтың поэмалары  да, «Шахнама», Ләйлі-Мәжнүн» секілді  көптеген шығыс дастандары да, «Мың бір түн» де сахара жұртына ең алғаш  Абай аркылы кең тараған.

Қараңғы қазақ даласы жағдайында сол оқыған көп-көп кітаптарын Абай ауызша ғана тарата алатын еді. Сондықтан  ол төңірегіне зейінді әңгімеші, ертекшілерді жинап, солардың құлағына құйып отырған. Ал әңгімеші, ертекшілер жұртқа тарататын  болған. Осындай әңгімешілердің бірі Баймағанбет деген кісі көпшілік ортасында кәдімгі профессионал артистерше бет құбылысын, сөз нақышын  келтіріп, түрлі-түрлі мақаммен баяндайтын болған. Сол сияқты, сахарадағы өнерлі, талапты, жаңашыл жастар Абай төңірегіне жиналатын еді. Бұлардың көбісі өлең шығарып, көбісі ән айтып, сөз жаттап, өз әлінше ағартушылық кызмет атқарысады. Олардың білім алуына Абай ағалық көмегін аямайды.

Информация о работе Абай Құнанбаев