Еңбекті
қорғау саласындағы ұлттық саясат
кәсіподақтар мен жұмыс берушілерді
қатыстыра отырып барлық деңгейдегі
өкілді және атқарушы органдардың
бірлескен әрекетін көздейді. Бұл
саясат мына қағидаларға негізделген:
- өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты алғанда қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
- қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына өндірістік факторлардың зиянды әсерінің қайтымсыз салдарына жол бермеу;
- қызметкердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай еңбек жағдайларына құқықтарын қорғауға мемлекеттің кепілдік беруі;
- нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау арқылы қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында бірыңғай талаптарды белгілеу;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;
- уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері және жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдері арасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету;
- еңбек қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және дұрыстығы;
- мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыруға, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында ғылыми жұмыстар мен зерттеулер жүргізуге мемлекеттің қатысуы;
- қызметкерлер өкілдерінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды қалыптастыруға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нормаларынан тұратын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы Қазақстан Республикасы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға қатысуы (Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңының 6-бабы)
Еңбекті
қорғауға құқығы барлар: меншіктің
және шаруашылық жүргізудің әртүрлі
нысанындағы жұмыс берушілермен,
оның ішінде жекелеген жолдаушылармен
еңбек қатынасында тұратын барлық
қызметкерлер; кооператив мүшелері;
өндірістік тәжірибе өтуші және
өндірістік оқудағы жоғары және
арнайы орта оқу орындарының
студенттері мен оқушылары; әскери
міндетті атқарумен байланысты
емес жұмыстарға тартылған әскери
қызметкерлер; сот үкімі бойынша
жазасын өтеп жатқан адамдар,
егер олар үкімнің орындалуын
басқаратын органдар анықтаған
кәсіпорындарда жұмыс істеп жүрсе,
сондай-ақ қоғам мен мемлекет
мүддесі үшін ұйымдастырылған
кез-келген еңбекке қатысушылар.
Халықаралық
шарттар мен келісімдер негізінде
Қазақстан Республикасының азаматтары
мен кәсіпорындары шет елдерде
жұмыс атқарған жағдайда олар
үшін еңбекті қорғау жөнінде
халықаралық нормаларда белгіленгеннен
төмен емес талаптар көзделеді.
Қазақстан Республикасының аумағында
орналасқан кәсіпорындарда жұмыс
істеуші шетел азаматтары мен
азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан
Республикасының азаматтары сияқты
еңбекті қорғауға құқығы болады.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғауды мемлекеттік басқару
республикада мемлекеттік саясат
қағидаларының жүзеге асырылуын,
бұл салада заңнамалар мен
басқа нормативтік актілердің
дайындалуын, сондай-ақ өндіріс
құралдарына, технологияға және
еңбекті ұйымдастыруға қойылатын талаптардың,
еңбекті қорғау жөніндегі заңнамалар
мен басқа нормативтік актілердің
сақталуына мемлекеттік қадағалаудың
жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Заңнамада еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың
мынадай негізгі міндеттері анықталған:
- Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерін, мемлекеттік стандарттарды, ережелерді, нормаларды әзірлеу мен қабылдауға;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік, салалық (секторлық) және аймақтық бағдарламаларды әзірлеуге;
- еңбек жағдайларын, қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды әзірлеу мен жақсарту, қауіпсіз техника мен технологияларды әзірлеу мен енгізу, еңбекті қорғау, қызметкерлердің жеке және ұжымдық қорғану құралдарын шығару жөніндегі қызметті экономикалық ынталандыру жүйесін құруға және іске асыруға;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мониторингті жүзеге асыруға;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге;
- өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіби ауруларды есепке алудың бірыңғай тәртібін белгілеуге;
- Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңдары талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалау мен бақылауға;
- Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға жәрдемдесуге, және т.б. бағытталған («Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңының 5-бабы).
Еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
саласындағы мемлекеттік басқару
органдары өздеріне жүктелген
міндеттерді орындауы үшін қажетті
өкілдік алған. Үкімет және
басқа мемлекеттік басқару органдары
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау саласындағы ұлттық саясатты
қалыптастырады және оның жүзеге
асырылуын қамтамасыз етеді, еңбекті
қорғаудың және оның жағдайын
жақсартудың мемлекеттік бағдарламасын
бекітеді, министрліктер мен басқа
орталық атқарушы органдардың
еңбектің қолайлы және қауіпсіз
жағдайларын жасау жөніндегі
міндеттерін анықтайды, еңбекті
қорғауға кететін шығындарды
қаржыландыру тәртібін анықтайды.
Арнайы өкілеттігі бар орган
Қазақстан Республикасының Еңбек
және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі болып табылады.
Ұйымдық
–құқықтық нысанына және меншік
түріне қарамастан әрбір кәсіпорында
еңбекті қорғау қызметі құрылады.
Өзінің мәртебесі жағынан еңбекті
қорғау қызметі негізгі өндірістік
қызметтерге теңестіріледі, ал
оның еңбекті қорғау мәселелері
бойынша шешімдері барлық бөлімшелердің
басшылары мен қызметкерлері
үшін міндетті болып табылады.
Кәсіпорынның еңбекті қорғау
қызметі белгіленген мақсаттарға
сәйкес еңбек қорғауды басқару
жүйесінің жасалуын, енгізілуін
және тиімді жұмыс істеуін
қамтамасыз етеді, еңбек қауіпсіздігі
мәселелері бойынша кәсіпорынның
функционалдық және өндірістік
бөлімшелерінің жұмысын үйлестіреді,
кәсіподақ ұйымдарының еңбек
қорғау жөніндегі өкілдерімен
және еңбек қорғаудың аймақтық
басқармасының қызметкерлерімен
бірлесіп әрекет етеді, өндірістік
құрал-саймандардың, ғимараттардың
және құрылыстардың, тұрмыстық
жайлардың техникалық ахуалын
және дұрыс пайдаланылуын бақылайды;
жұмысшылар мен инженер-техник
қызметкерлердің кіріспе нұсқамасының
бағдарламасын жасайды, кәсіпорынға жұмысқа
алғаш кірген қызметкерлермен нұсқама
өткізеді; ұжымдық шартта «Еңбекті қорғау»
тарауының дайындалуын, еңбекті қорғау
жөніндегі номенклатуралық шаралардың
жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, т.б.
Жеке еңбек шартының талаптары
Қазақстан Республикасының еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
туралы нормативтік құқықтық
актілерінің талаптарына сәйкес
келуге тиіс.
Жұмыс беруші қызметкерді еңбек
жағдайлары зиянды және қауіпті
жұмыстарға қабылдау кезінде
кәсіби аурудың туындау мүмкіндігі
туралы ескертуге міндетті. Олардың
арасында жасалатын жеке еңбек
шартында қауіпті және зиянды
өндірістік факторларды қоса
алған, жұмыс орнының шынайы
сипаттамасы, Қазақстан Республикасының
еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау туралы заңдарында және
ұжымдық шартта көзделген осындай
жұмыс істегені үшін берілетін
жеңілдіктер мен өтемақылар көрсетілуге
тиіс. Осы жереде «еңбекті қорғау»
ұғымын толығырақ ашу үшін
кейбір терминдерге тоқталуды
жөн көрдік. Қазақстан Республикасының
«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті
қорғау туралы» Заңының 1-бабына
сүйенсек,
- зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары – белгілі бір өндірістік факторлардың әсері қызметкердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне немесе сырқаттануына әкеліп соқтыратын еңбек жағдайлары;
- қауіпті (ерекше қауіпті) еңбек жағдайлары – еңбекті қорғау ережелері сақталмаған жағдайда белгілі бір өндірістік факторлардың әсерін тигізуі қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өліміне әкеліп соқтыратын еңбек жағдайлары;
- кәсіби ауру – қызметкердің еңбек (қызмет) міндеттерін орындауымен байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
- зиянды өндірістік фактор – оның әсері қызметкердің сырқаттануына немесе еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне әкеліп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
- қауіпті өндірістік фактор - әсерін тигізуі қызметкердің еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсіби ауруына) немесе өліміне әкеліп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор.
Аталған
анықтамалардың мазмұнын қорыта
келгенде, еңбек қауіпсіздігі және
еңбек қорғау ережелерінің сақталмауы
салдарынан белгілі бір өндіріс
факторларының әсерінен қызметкердің
өмірі мен денсаулығына орны
толмас зиян тигізетін қауіптің
төнуі мүмкін екенін көріп
отырмыз. Соныдқтан аталмыш жағдайлардың
алдын алу шарасы ретінде азаматтарды
олардың денсаулық жағдайына
теріс әсер ететіні айқын жұмыстарға
қабылдауға заңнамамен тыйым
салынған.
Ұйымдарда
зиянды (ерекше зиянды), қауіпті (ерекше
қауіпті) және қолайсыз өндірістік
факторлары бар жұмыстарға, сондай-ақ
жер асты жұмыстарына адамдар
қабылдауды жұмыс беруші олар
алдын ала медициналық тексеруден
өткеннен кейін және денсаулық
сақтау саласындағы уәкілетті
органның нормативтік құқықтық
актілерімен белгіленген талаптарға
сәйкес денсаулық жағдайларына
қайшы келмейтіні айқындалғаннан
жүзеге асырылуға тиіс. Жұмыс
беруші еңбек жағдайлары зиянды
және ауыр жұмыстарда істейтін
қызметкерлерді мерзімдік медициналық
қаралудан және тексеруден өткізуді
Қазақстан Республикасының заңдарында
белгіленген тәртіппен өз қаражаты
есебінен ұйымдастыруға міндетті. Ал медициналық
қаралудан және тексеруден өтуден жалтарған
қызметкерлер жұмысқа жіберілмеуі тиіс.
Ұйымдардағы,
әрбір жұмыс орнындағы еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жағдайлары еңбек қауіпсіздігі
мен еңбекті қорғау жөніндегі
мемлекеттік стандарттар, ережелер
талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Қызметкерлердің
еңбек қызметі үрдісіндегі еңбек
қауіпсіздігіне және еңбекті
қорғауға құқықтарының кепілдіктері
берілген. Мәселен, ұйымның еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
жөніндегі талаптарды бұзуы салдарынан
жұмысын тоқтатқан уақытта қызметкердің
жұмыс орны (лауазымы) мен орташа
жалақысы сақталады. Қызметкердің
өзінің немесе айналадағы адамдардың
өмірі мен денсаулығына тікелей
қауіп туындаған жағдайда жұмысты
орындаудан бас тартуы оны
тәртіптік және (немесе) материалдық
жауапқа тартуға әкеліп соқтырмайды.
Сонымен қатар, қызметкер жеке
және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен,
арнаулы киіммен қамтамасыз етілмеген
жағдайда жұмыс берушінің қызметкерден
еңбек міндеттерін орындауды
талап етуге құқығы жоқ және
сол себептен бос тұрып қалған
уақытта орташа жалақысы мөлшерінде
ақы төлеуге тиіс. Ал қызметкер
еңбек міндеттерін атқару кезінде
оның өмірі мен денсаулығына
зиян келтірілген жағдайда оған
келтірілген зиянды өтеу Қазақстан
Республикасының заңдарына сәйкес
жүзеге асырылады. Қызметкерде
еңбек жарақаты, кәсіби ауру немесе
зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік
факторлардың әсері салдарынан
денсаулығының өзге де зақымдалу
белгілері байқалған жағдайда
жұмыс беруші медициналық қорытындының
негізінде қызметкерді өзінің
келісімі бойынша денсаулығына
теріс әсерін тигізбейтін басқа
жұмысқа ауыстыруға тиіс (Қазақстан
Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау туралы»
Заңының 14-бабы).
Еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
талаптарының сақталмауы өндірістегі
жазатайым оқиғалардың басты
себебі болып отыр. Қазақстан
Республикасының статистика бойынша
агенттігінің берген мәліметтеріне
қарағанда Қазақстан Республикасында
2006 жылы еңбек қызметімен байланысты
жазатайым оқиғалардан зиян шеккен
3395 адам тіркелген. Зиян шеккендердің
жалпы санынан әйелдер 17,6% -ды,
он сегіз жасқа дейінгі жасөспірімдер
0,2% -ды құраған. Бұның ішінде 188
адам топтық жазатайым оқиғалардан,
291 адам кәсіби аурулардың, 41 адам
уланудан зиян шеккен [2, С.33]. Ал 2004
жылдың соңғы бес айында тау-кен
және өнеркәсіп орындарындағы
еңбек қауіпсіздігі мемлекеттік
инспекциясынының бақылауындағы
кәсіпорындарда ұзын-саны 147 қайғы-қасірет
оқиға болыпты. Оның 13-і кісі
өлімімен, 9-ы аса ауыр салдармен
тиянақталған. өткен жылғы осы
уақыттағы жағдаятпен салыстырып
қарсақ, жалпы жарақаттану 13%-ға
кеміп, ауыр салдарлы жарақаттану
47,1%-ға, кісі өлімі оқиғасы екі
есеге көбейген[3, С.39]. Бұл оқиғалардың
орын алуына кейде жұмыс берушінің
кінәсі себеп болса, кейде қызметкердің
салғырттығы мен сауатсыздығы
себеп болады. Сондықтан жұмыс
берушінің өнірістегі еңбекті
еңбек қауіпсіздігі және еңбек
қорғау талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы
бойынша жауапкершілігін арттыру
қажет. Осы мақсатпен заңнама
жұмыс берушіге бірқатар міндеттер
жүктеп отыр. Мысалы, жұмыс беруші
қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз
етуге; еңбек қауіпсіздігінің
және еңбекті қорғаудың жай-күйін
бақылауды жүзеге асыруға; қызметкерлерді
ұйымның аумағында және жұмыс
орындарында болуы мүмкін зиянды
өндірістік факторлар туралы
хабардар етуге; өндірістік жабдықтар
мен технологиялық үрдістерге
профилактика жүргізу, оларды
неғұрлым қауіпсізіне ауыстыру жолымен
жұмыс орындарында және технологиялық
үрдістерде кез келген қатерді болдырмау
жөнінде шаралар қабылдауға; еңбек қауіпсіздігі
және еңбекті қорғау жөніндегі қызметкерлерді
ережелер мен нормативтердің талаптарына
сәйкес, соның ішінде жаңа жабдықтар мен
жаңа технологиялық үрдістерді енгізу
кезінде оқытудан және даярлықтан өткізуге;
өз қаражаты есебінен қызметкерді арнайы
киіммен, арнаулы аяқ киіммен және зиянды
және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың
әсерінен қорғайтын жеке қорғану құралдарымен
белгіленген кию мерзімінде қамтамасыз
етуге, жеке және ұжымдық қорғану құралдарының,
арнаулы киімнің өз мақсатында қолданылуын
бақылауды жүзеге асыруға; өз қаражаты
есебінен қызметкерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық
жағдайлар жасауға, профилактикалық тазарту
құралдарымен, жуу және залалсыздандыру
құралдарымен, медициналық дәрі-дәрмек
қобдишаларымен, сүтпен, уәкілетті орган
белгілейтін нормалардан кем болмайтын
емдеу-профилактикалық тағамдармен, сондай-ақ
арнаулы киімді және аяқ киімді жөндеумен
қамтамасыз етуге және т.б. міндетті. Ал
қызметкерге заңнама, өз кезегінде, еңбек
қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі
нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтардың
талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушінің
өндірісте жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі
талаптарын сақтауға; арнаулы киімді,
жеке және ұжымдық қорғану құралдарын
өз мақсатында пайдалануға; өндірісте
болған әрбір жазатайым оқиға туралы,
кәсіби аурудың белгілері туралы, сондай-ақ
адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер
төндіретін жағдайлар туралы өзінің тікелей
басшысына дереу хабарлауға; Қазақстан
Республикасының заңдарында көзделген
жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларын
өзгерте отырып басқа жұмысқа ауыстырылғанда
не кәсіби аурулардың белгілері пайда
болғанда жұмыс берушінің қаражаты есебінен
міндетті түрде алдын ала, мерзімдік (еңбек
қызметі ішінде) медициналық тексеруден
және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан
өтуге міндетін жүктеген.