Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Мая 2013 в 12:51, реферат
Ақыл парасат, сана – сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі — өзін қоршаған ортаны танып – білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үнілнді, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым – қатынасын белгілейді.
І. Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім. Таным және шығармашылық.
1. Таным дегеніміз не?
2. Танымның практикалық табиғаты.
3. Таным кұрылымы.
4. Танымдағы ақиқат мәселесі.
5. Таным деңгейлері мен әдістері.
6. Диалектика және метафизика.
7. Синергетика методологиясы.
ІІІ. Қорытынды.
ІV. Пайдаланған әдебиеттер.
Ал тіршілік мәселесіне келер болсақ, көп гипотезалардың ішінен академик Опариннің «коацерваттық», яғни алғашқы көп минералдық тұздар еріген жылы мұхитта күн сәулесінің қуаты арқылы сансыз химиялық реакциялардың негізінде тірі белоктың дүниеге келгені жөніндегі болжамы бізді ерекше тартады.
Адам мәселесіне келер болсақ, ол жөніндегі гипотезаларды біз «Адам болмысы» тарауында қарағанбыз.
Әрине, жоғарыдағы көрсетілген гипотезаларды теорияға айналдыру өте қиын, өйткені олардың түп-тамыры млрд. жылдарға кетеді. Ал шынайы өмірдегі нақтылы табиғи, я болмаса әлеуметтік саладағы гипотезаларға келер болсақ, олардың ақиқаттығы ертелі-кеш дәлелденеді. Сонда ғана ол теорияға айналады. Өмірдің өзі-ақ біршама гипотезалардың жалғандығын көрсетіп, оларды ғылым шеңберінен шығарып тастайды. Мысалы, флогистон, я болмаса ғарышты толтырып тұрған эфир сияқты гипотезалар ғылым дами келе, өз жалғандыгын көрсетіп, категориялық (ұғымдық) мәртебесінен айырылып қалды.
Теория - зерттелетін заттар, я болмаса құбылыстардың ішкі мән-мағынасын ашатын, практика арқылы дәлелденген, қайшылықсыз бір-бірімен байланысты ұғымдар жүйесі. Мысал ретінде А.Эйнштейннің «Салыстырмалы теориясын», Ч.Дарвиннің «Эволюциялық теориясын», К.Маркстің «Формациялық теориясын» т.с.с. келтіруге болады.
Теорияның қоғам өміріндегі негізгі қызметіне түсіндіру, алдын ала болжау, іс жүзінде пайдалану жатады.
Қайсыбір теория сол саладағы неше түрлі деректерді тәртіпке келтіріп, өзара байланыстырып, зерттелген заттың идеалдық моделін (үлгісін) жасайды, сондықтан адам оның терең мәнін түсінуге мүмкіндік алады.
Жақсы сарапталған теория алдын ала болжауға, әлі де болса ашылмаған заттың қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Д.И.Менделеевтің химиялық элементтердің алмасу заңына сүйене отырып, ғалымдар біршама жаңа әлементтерді ашты. Әсіресе әлеуметтік теориялардың маңызы өте зор: солардың арқасында қоғам өміріндегі болашақ өзгерістерді алдын ала болжауға, яғни сол өзгерістерге саяси, құқтық т.с.с. жақтардан дайын болуға мүмкіндік ашылады.
Танымның практикалық табиғатынан теорияның іс жүзінде өмірде қолдану мүмкіндігі шығады. Теория біздің танымға деген сүйіспеншілігімізді қанағаттандырып қана қоймайды. Оның негізгі мақсаты - омірді өркендету, адамдарға өмірлік бағыт беру. Мысалы, ядролық физикада жасалған теориялардың негізінде АЭС-терді салуға мүмкіндік алып, бүгінгі таңда жер бетіндегі жүздеген атомдық стансалар адамзатты орасан-зор күш қуатпен қамтамасыз етіп жатыр.
Заң - зерттелген заттар, я болмаса құбылыстардың ішкі, қажетті, мәнді, қайталанатын, тұрақты байланыстарын көрсетеді. Әрбір ғылым саласы өз заңдылықтарын ашып, оларды өзара байланыстырып, теориялық дәрежеге көтеруге тырысады.
Енді таным методологиясын талдауға уақыт келген сияқты. Қазіргі ғылымда сан алуан зерттеу әдістері жасалған. Жалпы алғанда, ғылымдағы таным әдістерін үшке бөлуге болады:
1. Жеке ғылым әдістері
2. Жалпы дүниетану әдістері
3. Ең жалпы (универсалды) методологиялар.
Әрбір жеке ғылым саласы дами келе, өз таным үлгілерін жасайды. Ол - оның пісіп-жетілгені, жеке ғылым ретінде өз мәртебесін тапқанының белгісі. Мысалы, археология ғылымында қазба әдістері, мәдени қабаттан табылған заттарды сақтау үлгілері т.с.с. бар. Физика ғылымына келсек, онда спектральдық анализ, тарихи тілтану ғылымында салыстыру әдісі бар. Археологиядағы қазба әдісін физикалық зерттеуде қолдануға болмайды, сол сияқты физика әдістері арқылы тіл тану мүмкін емес т.с.с.
Жалпы дүниетану әдістеріне келер болсақ, оларды ғылымның әрбір саласында белгілі бір зерттеу сатысында қолдануға болады.
Ғылымның эмпирикалық (тәжірибелік) сатысында қолданылатын жалпы әдістерге келер болсақ, оларға бақылау, эксперимента жатқызуға болады. Экспериментке келер болсақ, ол зерттелетін заттың әлі де болса ашылмаған қасиеттерін білу үшін, оны жасанды жағдай жасау арқылы зерттеу болып табылады. Оны кейбір кезде «табиғатты тергеу» дейді. Бүгінгі таңдағы эксперименттерде ғылыми аспаптар мен жабдықтар кеңінен пайдаланылады.
Теориялық деңгейде қолданылатын жалпы әдістерге абстрактілеу, жалпылау, анализ бен синтез, индукция мен дедукция, экстраполяция, модельдеу, тарихтық және қисындық, абстрактіліктен натылыкқа өрлеу т.с.с. жатады.
Абстрактілеу дегеніміз зерттеліп жатқан объектінің кездейсоқ мәнсіз жактарын ой аркылы «жақшаға алвп», мәнді, керектілерін жинақтап, сақтау болып табылады.
Жалнылау - жинақталған жактардың жалпы, бәріне бірдей ортақ қасиеттерін табу, сол аркылы олар жөнінде үғымдану.
Анализ - зерттеліп жатқан заттың құрамдас бөліктерін айтып, олардың қасиеттерін зерттеу.
Синтез - заттың зерттелген құрамдас бөліктерін ой арқылы қайта біріктіріп, олардың бір-бірімен байланысын анықтау.
Индукция - белгілі бір текке жататын заттардың қасиеттерін зерттеу арқылы жекеліктен жалпылыққа өрлеу. Дүние шексіз болғаннан кейін, индукция әрқашанда толық емес.
Дедукция - жалпылықтан жекелікке өту. Кеңінен математика, юриспруденция, қисында қолданылады.
Экстраполяция - белгілі бір жеке ғылымның әдістемелерін, я болмаса тұжырымдарын соған жақын ғылым саласына тарату, сол арқылы жаңалықтар ашу. Мысалы, этика мен құқық ғылымдары нормативтік пәндер болғаннан кейін, бірінің нәтижелерін екіншіге пайдалануға болады (әрине, салыстырмалы түрде).
Модельдеу - кеңінен жаңа техника, я болмаса технологиялар жасағанда қолданылады. Мысалы, жаңа ұшақтың ең алдымен қуыршақ моделін жасап, аэродинамикалық құбырдан өткізіп, оның ұшу қасиеттерін тексереді. Содан кейін барып, шынайы жаңа ұшақтың сынағы басталады.
Тарихтық және қисындық әдістер де бірге қолданылады. Белгілі бір заттың қалайша дүниеге келгенін, қандай нақтылы сатылардан өткенін, сол жолда басқа заттардың оның даму жолын қалай бұрмалағанын т.с.с. біз тарихи әдіс арқылы зерттейміз. Ол, әрине, ең алдымен қоғам өмірін зерттегенде кеңінен қолданылады. Мысалы, тарихи әдіс арқылы Қазақ елінің дербестік алғаннан бері қандай сатылардан өткенін, оның даму жолында қандай кедергілердің болғанын, бүгінгі таңда қандай деңгейге көтерілгенін тарихшылар егжей-тегжейлі зерттеуде. Қисындық деп заттың ішкі табиғатынан, Аристотельдің сөзімен айтсақ, энтелехиясынан шығатын түзу жолды айтамыз. Яғни қисындық дегеніміз -қысқартылған тарихтық. Соңғы - қисындықтың өзге болмысы.
Абстрактіліқтен нақтылыққа өрлеу әдісі ғылымдағы кең қолданылатын және де қиын тәсіл. Оны жете түсіну үшін «сезімдік нақтылық», «ой нақтылығы» деген ұғымдардың мәнін ашып алуымыз керек.
Көз алдымызда күнбе-күн кездесетіннің бәрін біз түйсіктеріміз арқылы біртұтас зат ретінде қабылдаймыз. Оны біз сезімдік нақтылық дейміз. Ол бізге заттың терең ішкі мәні жөнінде ештеңе айтпайды.
Ой нақтылығы дегеніміз зерттелген заттың абстрактіліқ ұғымдар арқылы ішкі жан-жақты байланыстары мен қатынастарының бірлігін, олай болса, оның мәнін ашатын әдіс болып табылады.
Ой нақтылығына жету үшін ең алдымен сезімдік нақтылықтан абстрактіліқ ұғымдарды жасауға өрлеу қажет. Ол үшін жоғарыдағы көрсетілген біршама тәсілдерді пайдаланып, белгілі бір тектегі заттардың ішкі қасиеттерін бөлек-бөлек көрсететін абстрактіліқ ұғымдарды жинақтаймыз. Яғни сол саланы бейнелейтін категориалдық (ұғымдық) жүйе жасалуы қажет. Бірақ бұл жасалған жүйенің кемшілігі - оның абстрактілігінде. Мысалы, бүгінгі таңдағы саясаттану ғылымында жүздеген ұғымы бар абстрактіліқ демократия теориясы бар. Ал осы демократия теориясын нақтылай келгенде, ол әр елде әртүрлі келбетімен көрінеді. Өйткені әр елдің өз тарихи жолы, мемлекет жөнінде жинақтаған тәжірибесі, әдет-ғұрпы, соған сәйкес менталитеті (ой өрісі) т.с.с. бар. Сондықтан Қазақ еліндегі демократиялық үрдістің нақтылы теориялық моделін жасау үшін, сол абстрактіліқ ұғымдарды пайдаланып, абстрактіліқтен нақтылыққа өтуге болады. Сонда ғана біз ой нақтылығына өтеміз.
6.Диалектика және метафизика
Енді танымдағы ең жалпы (универсалды, яғни философиялық) методологияға келер болсақ, ол:
A) барлық ғылым саласында қолданылады;
B) оның негізгі
қағидалары нақтылы жүріп
Ғылымда универсалдық методология қағидаларының болуы Дүниенің біртұтастығымен байланысты. Өлі, тірі табиғат, қоғам өмірі, ойлау үрдістері - бәрі де белгілі бір ең жалпы даму заңдылықтарына бағынады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау көне заманнан бастап, Дүниетану саласында екі бір-біріне қарсы түрған көзқарас пайда болды. Олар - диалектика және метафизика.
Көне заманда стихиялық диалектиканың негіздері Шығыс пен Батыста бірдей қалыптаса бастады. «Дүние - ағым, өзен», - деді Гераклит. Қытай данасы Лао-цзы болса, қарама-қарсылықтың бір-біріне өтетінін айтып қана қоймай, одан өмірге керек қағидалар шығарды. «Қиындықты жеңу үшін жеңілден баста, ұлылыққа жету үшін кішіден баста, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек (әйтпесе, бақытты екеніңді қайдан білесің)...» т.с.с. Грек топырағында ұлы Сократ алғашқылардың бірі болып ой қайшылықтарын зерттей бастаса, Элеялық Зенон қозғалысты қалайша ой арқылы беруге болатындықты зерттеді...
Жаңа дәуірде неміс философиясының ұлы өкілі Г.Гегель адамзат рухани өрлеу тарихын ұқыпты зерттеп, диалектикалық ойлау методологиясын жасады.
XIX ғ. марксизмде Гегельдің идеялары әрі қарай дамытылып, тек ой өрісі ғана емес, бүкіл Дүниедегі барлық даму үрдістері диалектикалық заңдар мен категориялардың негізінде жүретіні, олай болса, таным мен қисынның өздері де соларға сәйкес келетіні жөнінде терең ойлар айтылды. Бүкіл XX ғ. жаратылыстану мен әлеуметтану нәтижелері - диалектикалық методологияның салтанатты өрлеуі болды десек, асыра айтпаған болармыз. Ең алдымен диалектикалық идеялар қоғамтану пәндеріне, содан кейін биология саласына, XX ғ. физика, астрофизика, химия, геология т.с.с. ғылымдарға кірді.
Бүкіл Дүние қозғалыс пен дамуда, ал оның қайнар көзі - ішкі қайшылықта екенін барлық ғылым салалары бүгінгі таңда дәлелдеді. Олай болса, қайсыбір зерттеуде заттың ең алдымен ішкі қайшылығы ашылып, оның өзіндік қозғалысы, өзгерісі анықталуы керек. Ол үшін ойлау категориялары да бір-бірімен тығыз байланысты, сонымен қатар қайшылықты, бір-біріне өтетін дәрежеге көтерілуі қажет.
Дүниедегі барлық заттар мен кұбылыстар бір-бірімен сансыз неше түрлі байланыста болғаннан кейін, диалектикалық методологияның зерттеуші алдына қоятын келесі талабы - заттың неше түрлі байланыстарын жан-жақты зерттеу. Әрине, ол байланыстардың шегіне жетіп, барлығын қамту мүмкін емес. Дегенмен де мейлінше көбірек қамту бізді қателіктерден сақтайды.
Дүниеге келген әрбір зат өне бойы бір орында тұрып қалмайды. Ол өзгеріске ұшырап, неше түрлі сатылардан өтеді, ақырында, өмірден озады. Сондықтан диалектиканың негізгі талаптарының бірі - зерттелетін объектіге тарихтық тұрғыдан қарау.
Дүниеге әр зат өз қайталанбас болмысымен келеді, сонымен қатар басқа заттармен ортақ қасиеттері арқылы бірігіп, байланысады. Олай болса, әр зат өз ерекшелігімен құнды. Сондықтан қайсыбір зерттеудің негіздерінің бірі болып нақтылық қағидасы жату керек, өйткені барлығына бірдей абстрактіліқ ақиқат танымда ешқашанда болған емес.
Диалектиканың әрбір категориясының методологиялық мәні бар, өйткені олар Дүниенің сан қилы жактарының ең жалпы, мәнді байланыстарын бейнелейді. Ал Дүние қайшылықты жаратылғаннан кейін, диалектикалық категориялар пар-парымен бірге, сонымен қатар қайшылықты болып келеді. Сондықтан қайсыбір сандық өзгерістер ертелі-кеш заттың өлшемін бұзып, жаңа сапаның пайда болуына, себеп салдарға, шындық жаңа мүмкіндіктің пайда болуына, кездейсоқтық қажеттіктің іске асуына т.с.с. әкеледі.
Енді диалектикаға қарсы келетін метафизикалық методологияны талдау үшін, ең алдымен осы ұгымның мағынасын анықтау керек. Уақытында Аристотельдің болмыс іліміне арнаған «Бірінші физика» атты еңбегін Андроник Родосский «Метафизика» (физиканың ар жағында деген мағына береді) деген атпен жарыққа шығарған болатын. Сол уақыттан бастап осы күнге дейінгі бұл категорияның негізгі мағынасы - болмыс ілімі, табиғаттың ар жағында жатқан терең философиялық мәселелерді талдау. Мысалы, «бұл Дүние шектелген, я шексіз бе, мәңгілік, я уақытша ма?», «ақиқат, ізгілік, әсемдік, бақыт дегеніміз не?», «Құдай бар ма, я жоқ па?» т.с.с.
Жаңа дәуірде Г.Гегель бұл категорияға екінші мағына берді. Ол - диалектикалық методологияға қарсы тұрған даму тұжырымы. Олай болса, метафизика дамуға қандай тұрғыдан қарайды деген заңды сұрақ туады.
Қозғалыс, дамудың қайнар көзін метафизика сыртқы ықпал, себептен көреді. Осы тұрғыдан алып Карағанда, мысалы, тұлғаның білім алуы оған білім беретін мүғалімдердің сапасына байланысты (сыртқы ықпал). Бірақ сол адамның білімге деген құштарлығы, білгені мен білмейтіні арасындағы ішкі қайшылық оның жүрегінде от болып жанбай, ол қандай керемет оқытушы, академиктер сабақ берсе де, терең білім ала алмайды. Керісінше, ондай ішкі талпыныс болса, ол өз белсенділігі арқасында жақсы маман болып шығуы ғажап емес. Бүгінгі өмірде «Мен шетелден оқып келдім», - деп «ысқырығы жер жарғанмен, айдағаны бір-ақ ешкі» азаматтарды жиі кездестіруге болады. Оларды шетелдерде оқытуға әке-шешелерінің қолы жеткенмен, балалары үміттерін ақтамайды.