Таным және шығармашылық

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Мая 2013 в 12:51, реферат

Краткое описание

Ақыл парасат, сана – сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі — өзін қоршаған ортаны танып – білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үнілнді, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым – қатынасын белгілейді.

Содержание

І. Кіріспе.
ІІ. Негізгі бөлім. Таным және шығармашылық.
1. Таным дегеніміз не?
2. Танымның практикалық табиғаты.
3. Таным кұрылымы.
4. Танымдағы ақиқат мәселесі.
5. Таным деңгейлері мен әдістері.
6. Диалектика және метафизика.
7. Синергетика методологиясы.
ІІІ. Қорытынды.
ІV. Пайдаланған әдебиеттер.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Реферат Таным және шығармашылық..doc

— 198.50 Кб (Скачать документ)

   Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі қалыптасқан категорияларды (үғым-дарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұрынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңіл де аудармауы мүмкін. Музейге қойылған мәрмәрдан жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.

   Енді елестетуге келер болсақ, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.

Адамның сана-сезімінің  тағы да бір керемет ерекшелігі -өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық түрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі сезімдік бейне болса, екіншісі - сөздік-ұғымдық түрі.

   Сонымен сезімдік таным бізге заттардың айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттілігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан дүниесі қатысады.

   Енді абстрактіліқ ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші ұғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мен құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды табиғаттың жаны деген болатын. Өйткені қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар кұрайды. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан алуан қасиеттерінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелілігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.

   Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып, белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам - ойлай алатын пенде десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз.

   Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Мысалы:

   Адам ойлай алады;

   Нұрлан - адам;

   Нұрлан ойлай алады.

Алғашқы екі  пікірді қорытудан үшінші пікір  пайда болды. Сонымен адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әралуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.

Сонымен қатар  адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл Дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.

   Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол -тікелей шындыққа жету, оның ақиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, я

жылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін баурап алған адамға келеді. Ал оның өзі сол мәселенің шешілуі тіпті адамның саналы түрде ғана емес, сонымен қатар бисаналық жолмен жүріп шешілгенінің көрінісі емес пе?

Таным үрдісі адамның  ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін   байқаймыз.   Ол   адамды   таным   жолында  белгілі   бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ырқы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда ырық әрқашанда сананың ең алдымен моральдық құндылықтардың бақылауында болуы қажет. Ол әсіресе бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан зор күштерімен кез болып, ар-ұжданы дамымаған   ғалымды   сол   күштерді   өз   мүддесіне   жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен қайғы-қасіретке, тіпті бұрын-соңды болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі   Артемида құдайына арналған ғажап   кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уақытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жок деп кім айта алар екен?

    Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе - ол адамның таланттылығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу көркемөнерге жақын болса, екінші - математика, физикаға, үшінші -тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен қатар түлғаның қажымас еңбегінің арқасында талантқа, яғни шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.

Танымның негізгі  мақсаты - акиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалық өмірде пайдалануға жол ашылады.

 

 

 

 

 

 

 

                                

 

 

 

4. Танымдағы ақиқат мәселесі

 

   Практикамен тығыз байланысты келесі мәселе - дүниетану жолындағы ашылған білімнің ақиқаттығы. Әңгіменің қиындығы мынада: қайсыбір білімнің екі жағы бар. Біріншісі - адамның биологиялық табиғаты, яғни оның түйсіктері, жүйке мен ми ерекшеліктері, сонымен қатар нақтылы-тарихи жағдайдағы қоғам құрылымы, оның мәдени ерекшеліктері, ғылыми акпаратты өңдеп,пайдалану тәсілдерімен байланысты. Екіншісі, танымда бейнеленетін объективтік шындықтың өз қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтау болмақ. Танымның осы екі жағы бір-бірімен өте тығыз байланыста екені сөзсіз. Олай болса, біздің білім мазмұнының қай жақтары жеке адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз түрде зерттеліп жатқан заттың шынайы қасиеттеріне сәйкес келеді? Бұл сұрақ білім ақиқаттығы мәселесінің өзегін құрайды.

   Әрине, жалпы түрде алғанда өзімен-өзі өмір сүріп жатқан шынайы білім дүниеде жоқ. Ол - адам, әлеуметтік топ, я болмаса жалпы қоғамның білімі. Ол бітімі жағынан субъективті. Сонымен қатар онда дүниедегі зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі бізге тәуелсіз мәндік жағы ашылады. Осы түрғыдан алғанда, ақиқат деп дүниедегі заттар мен құбылыстардың адамның сана-сында сәйкес бейнеленуін айтамыз.

   Сонымен қатар біз мына нәрсені ұмыт қалдырмауымыз керек. Дүниені зерттеуде адамзат шегіне жеткен ақиқатқа ешқашанда жете алмайды, өйткені ол - шексіз үрдіс. Сондықтан да ақиқат жөніндегі ілімде оның объективтік, салыстырмалы, абсолютті, прагматистік, когеренттік т.с.с. жақтары ерекше бөлініп алынып талданады.

   Объективтік ақиқат деп адам, я болмаса адамзатқа тәуелсіз, яғни заттың өзіндік қасиеттерін бейнелейтін білім мазмұнын айтамыз. Мысалы, айдың жерді айналып тұрғаны - объективтік ақиқат. Біз қандай әрекет жасасақ та, оны тоқтата алмаймыз, ол бізге тәуелсіз түрде өмір сүріп, жерді айналып тұр.

Абсолютті ақиқат деп дүние жөніндегі толық  сарқылып шегіне жеткен білімді айтуға болады. Алайда Дүниенің іш және сырт жағына да шексіздігі бізді абсолюттік ақиқатқа жеткізбейді. Сонымен қатар дүниені зерттеу жолындағы алынған объективті ақиқаттар бір-бірімен қосыла келе, бізді абсолюттік ақиқатқа жақындата түседі. Оны шексіз үрдіс деп те айтуға болар еді.

   Негізінен, адамзат қолы жеткен білім әрқашанда салыстырмалы десек те болғаны, өйткені ол оның нақтылы тарихи қалыптасқан іс-әрекетімен, яғни сол заманның практикасымен шектелген. Мысалы, соңғы уақытқа дейін Марс планетасында су болды ма, я жоқ па деген сұраққа жауап бере алмадық. Өйткені ол жөніндегі болжамдарды тексеретін дәрежеге жеткен жоқ едік. Енді, тек 2004 жылы ғана американ ғалымдары Марсқа жіберген ғылыми аппараттар арқылы онда өткен шақта су болғанын дәлелдейтін деректер алды. Олай болса, бұрын осы планетада өмір формаларының болғаны сөзсіз, өйткені су бар жерде өмір де дүниеге келеді.Мүмкін, вирустар, я болмаса кейбір бактериялар болған болар. Бұл болжам техникалық құралдар дами келе тексерілетіні сөзсіз. Екінші жағынан, дүниеге келген әр ұрпақтың білімінде ақиқатпен қатар әрқашанда жаңылу болатынын да ескеруіміз қажет. Келесі ұрпақ оның біршамасын тексеріп түзетсе де, ғылымды дамыту жолында ақиқатпен қатар жаңылу да болуы мүмкін. Осы тұрғыдан жаңылуды жалғаннан ажыратуымыз қажет. Егер ғылыми танымның қиындықтары кейбір жағдайда зерттеушіні ақиқаттан алшақтатып, жаңылуға әкелсе, жалғандық өтірік айтып адамды саналы түрде қисық жолға түсірумен тең, дер едік.

   Когеренттік ақиқатқа келер болсақ, ол - ғылымда ашылған жаңа деректердің негізінде жасалған белгілі бір тұжырымдардың бұрынғы өмір сүріп жатқан теорияға сәйкес келуі. Егерде жаңа ашылған ғылыми жаңалықтарды ескі теорияның шеңберінде түсіне алмасақ, яғни олар бір-біріне когерентті болмаса, онда ғылымның сол саласында дағдарыс басталып, жаңа ізденістерге жол ашылады.

   Батыс философиясында прагматистік (pragma - іс, іс-әрекет) ақиқат деген де ұғым бар. «Егер белгілі бір тұжырымды, я болмаса көзқарасты басшылыққа алып, жақсы, өзімізге пайдалы нәтижелерге жетсек, онда оны прагматистік ақиқатқа жатқызамыз», - дейді осы ағымның өкілдері.

Ақиқат мәселесін талдай келе, оның әрқашанда нақтылығын ұмыт кылмаған жөн. Дүниеде абстрактіліқ, барлық жағдай мен уақытта пайдалануға болатын ортақ ақиқат жоқ. Бұл жөнінде Гегель былай әңгімелейді: адам өлтірген жас жігітті дарға асуға, алаңға, әкеле жатыр. Алаңға жиналған халық оған тас лақтырып, неше түрлі қарғыс сөздер айтуда. Осы кезде алаңда тұрған бір қыздың аузынан: «Шіркін, қандай сүлу жігіт еді», - деген сөздер шығып кеткенде, басқалар оған жекіп: «Қылмыскер қалай сұлу болады, сен не шатып тұрсың», - десе, екіншілер: «Қазіргі жастар бұзылған», -деген «терең» пікір айтады. Бұл, әрине, мәселеге абстрактіліқ тұрғыдан қарау деген сөз. Өйткені аланда тұрғандардың арасында ешкім де сол жігіттің адам өлтіруге қалай барғанын, мүмкін, оны байқамай, я болмаса кездейсоқ жағдайда жасағанын білмейді.

   Енді философия тарихында кең орын алып, осы уақытқа дейін талданып келе жатқан «ақиқат пен сенім» мәселесіне көшейік. Өз уақытында Ибн-Рошд: «Белгілі бір нәрсе жөнінде екі қарама-қарсы тұрған ақиқат айту мүмкін емес, ол - біреу, олай болса, ақыл-ой таразысынан өтуі қажет», - деген пікір айтқан болатын. Ф.Аквинскийге келер болсақ, ол, керісінше, сенім ақиқаты білім ақиқатынан жоғары, өйткені ол - Құдайдың аяны деген пікір ұстады. Бүгінгі таңда бұл мәселе «ғылым және мораль» мәселесіне айналды. Өйткені адамзаттың әрі қарай өрлеуі моральдық құндылықтарға сәйкес келетін ғылым нәтижелерімен тығыз байланысты екенін баса айтуымыз қажет. Басқаша жағдайда, ғылым өз мән-мағынасын жойып, адамға қарсы тұрған зұлымдық күшке айналып кетуі мүмкін. Осы арада қазіргі ғылымды талдауға уақыт келген сияқты.

5. Таным деңгейлері мен әдістері

 

   Кең түрде алғанда, гректің «methodos» деген сөзі «жол» деген мағына береді. Әр нәрсені жасағанда, адам оны белгілі бір үлгілер, тәсілдерге сүйене отырып істейді. Мысалы, бүгінгі саясатта батыс елдерінде алғаш пайда болған «пиар-технологиялар» қолданылуда. Педагогика саласында әр пәнді қалай үйрету керегі жөнінде неше-түрлі әдістер шығарылған. Мұндай мысалдарды шексіз көбейте беруге болар еді. Сол сияқты ғылыми салада да неше түрлі әдістер жасалып, нәтижелі қолданылады.

   Танымдағы сезімдік және ақыл-ой сатылары ғылымда зерттеудің екі деңгейін құрайды. Олар - эмпирикалық жэне теориялық білім. Олар, әрине, бір-бірімен өте тығыз байланысты.

   Қайсыбір зерттеу эмпирикалық сатыдан, яғни ғылыми деректерді жинаудан басталады. Ол үшін зерттелетін зат (объект), я болмаса құбылысты (феномен) бақылау қажет. Аса назар аударатын нәрсе - ғылымдағы бақылаудың ерекшелігі, өйткені ол «tabula rasa» - таза такта емес. Таным субъектісі (ғалым, я болмаса ғылыми қауымдастық) зерттелетін объект жөнінде белгілі бір пікір, түжырым, идеяға ұқсайтын көзқараспен мақсатқа лайықты бақылауға кіріседі. Тәжірибелік таным барысында ғылыми деректер жиналып, салыстырылып, белгілі бір жүйеге келтіріледі.

   Әрі қарай ғылым теориялық деңгейге - тәжірибелік білімді үгым, тұжырым, заң т.с.с. ғылыми кұралдар арқылы өңдеуге көтеріледі. Теориялық таным арқылы біз зерттелетін заттың ішкі тұрақты байланыстары мен заңдылықтарын аша аламыз.

   Енді теориялық білімнің құрылымына келер болсак, оларға проблема (мэселе), гипотеза (болжау), теория, заңды жатқызуға болады.

Таным үрдісінде белгілі  бір сатыда тежеу, түсініксіз, адамды абыржуға әкелетін ахуал пайда болады. Осы сәтте проблема дүниеге келеді. Оны шешпейінше, адамнан тыныштық кетеді.

   Сондықтан кейбіреулер проблеманы - білмейтінімізді білу дейді. Мұндай ахуалдың пайда болуының негізінде сан алуан қайшылықтар жатыр. Ол белгілі бір құбылыс жөнінде екі әртүрлі пікірдің пайда болуынан, я болмаса ескі теория мен жаңадан ашылған ғылыми деректің арасындағы қайшылық т.с.с. себептерден болуы мүмкін. Көп жағдайда мәселенің шешілуі - оны дұрыс қоя білумен байланысты. Ол үшін, әрине, барлық жиналған ғылыми деректер мен тұжырымдарды тағы да ой елегінен өткізіп, проблеманы айқын сезіну қажет. Шешілген проблема ғылыми білімді тереңдетіп, сонымен қатар жаңа проблемаларды тудырады.

   Гипотеза (болжау) - белгілі бір зерттеліп жаткан зат, я құбылыстың себебі жөніндегі кейбір деректерге негізделген болжам болып есептеледі. Ол әлі өзін дәлелдеуді талап етеді. Кейбір гипотезалар зерттеліп жатқан құбылыстың себебін анықтаудың тіпті мүмкін еместігінен пайда болады. Мысалы, ғылымда таңғаларлық бірнеше ғана мәселе бар. Ол - осы Дүниенің өзі, содан кейін тіршілік, ең соңында, рухани пенде - адамның өзі қалай пайда болды деген сұрақтар.

   Бұл мәселелер жөніндегі діни көзқарастарды жақшаға шығарып қарағанда, материалистік философия мыңдаған жылдар бойы бұл Дүние мәңгілік өмір сүріп жатыр деген көзқараста болды. Мәселенің қиындығы - осы Дүниедегі бірде-бір зат, я болмаса құбылыстың мәңгілік өмір сүре алмайтындығында, өтпелілігінде еді. XX ғ. 70 ж.ж. астрофизиктер «Ұлы Жарылыс» (Grand Explosion) гипотезасын ұсынды. Бұл гипотеза Дүниенің мәңгілік еместігін, осыдан 13 млрд. жыл шамасында вакуумның жарылуынан пайда болғанын болжайды. Осы гипотеза арқылы Ғарыштағы «инфра-қызыл сәуле толқындарының ығысуын», «дүниенің кеңею үстіндегі үрдісін» түсінуге болатын сияқты. Уақыты келгенде (млрд. ж.ж. кейін) бұл Дүние өзінің ішкі гравитация күші арқылы тартылып, яғни коллапсқа ұшырап, өз өмірін токтатады. Келесі жарылыс Дүниенің «жаңа үлгісін» әкелуі мүмкін. Мұндай болжамдар адамның ақыл-ойы, шығармашылығының ғажаптығын көрсетпей ме?! Таңғаларлық нәрсе - осы гипотезаға ұқсас идеяларды осыдан 120 ж. бұрын орыс теософы (teos - кұдай, sofia - даналық) Е.Блаватская өзінің «Құпия доктрина» деген еңбегінде айтқан болатын.

Информация о работе Таным және шығармашылық