Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Декабря 2013 в 10:16, реферат
Қазақстанда жоғары сапалы жемшөп өндірісін жолға қоймай мал шаруашылығын қайта қалпына келтіру және дамыту мүмкін емес. Бүгіннің өзінде шеттен әкелінген мал басын толыққанды қоректендіруде айтарлықтай қиындықтар туындауда.
Қазақстанның мал азығы өндірісі негізінен экстенсивті сипатта және жайылымдар мен шабындықтардың табиғи жағдайына өте тәуелді. Сондықтан жайылым мәселесіне ерекше мән беріп, оны оңтайлы пайдалану, сапалық, өнімділік тұрғыдан жақсарту – бүгінгі күннің басты талабы. Табиғи жайылымдықтарды пайдаланудың жылдық орташа тиімділігі, қарапайым есептеулер бойынша, шамамен миллиард доллардан асады. Республика халқының қырық пайыздан астамы ауылдық жерлерде қоныстанғандықтан олардың тұрмыстық жағдайы көп ретте төрт түлік мал өсіруге байланысты болып келсе, мал шаруашылығының тиімділігі, өз кезегінде, жайылымдықтардың жай-күйімен анықталады. Ал табиғи жайылымдықтар мен шабындықтар дегеніміз оны дұрыстап ұқсата білсе, сарқылмас байлық көзі болып табылады. Олардың бүгінгі таңдағы республика бюджетінің негізгі бөлігін қалыптастырып отырған мұнай, газ және металл кендерінен басты айырмашылығы – жыл сайын қайта қалпына келіп отыратындығы. Міне, осы жайттың өзі еліміз үшін мал жайылымдықтарының қаншалықты маңызды екендігін аңғартады.Бұл ретте, осы баға жетпес байлық көзін тиімді пайдалана алып отырмыз ба деген орынды сұрақ туындайды. Мәселенің түпкі мәні еліміздің агроиндустриясы қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық рынокта өтімділігіне сай тауар өндіруді қамтамасыз етуі үшін қандай бағытта дамуы қажет деген көкейкесті сұрақты шешуге тіреледі. Бұл маңызды да ауқымды тақырыпты кеңінен талдауды алдағы уақыттың еншісіне қалдырып, мақалада мал азығы қоры мен жайылымдық мәселелері шеңберінде ғана әңгіме қозғамақпыз.Еліміздегі 180 миллион гектардан астам жайылымдық жердің 100 миллион гектарға жуығы елді мекендерден жырақ орналасқандықтан және сумен қамтамасыз етілмегендіктен пайдаланылмай отыр. Өткен кезеңде шалғайдағы жайылымдықтардың елеулі бөлігі жер астынан тартылған су құбырлары мен әр түрлі типтегі құдықтар арқылы суландырылып келді. Қазіргі уақытта бұл суландыру жүйелері мен құдықтардың басым бөлігі күтімсіздіктен істен шығып, пайдаланылмай қалды.
Осы себептерге және малдың 80 пайыздан астамы жеке адамдардың қолында болуына байланысты, қазір ол малдың басым бөлігі жайлауға, алыс жайылымдарға шығарылмай, ауылдар төңірегіне шоғырлануда. Осы келеңсіздік ауылдық аймақтың мал тұяғына тапталып, шиырлануына әкеліп соқты. Өз кезегінде, жұтаған жайылым малдардың коректік қажетін өтей алмай, өнімділіктерін төмендетуде.Жайылым өсімдіктерінің жұтауы сонымен бірге топырақ жамылғысына кері әсерін тигізіп, оның су-физикалық, химиялық қасиеттерінің өзгеруіне, ең өкініштісі, топырақ эрозиясының орын алуына әкеліп соқты. Осылайша, елді мекендердің экологиялық жағдайы да нашарлай түсуде.
Осы айтылғандарды ескеріп, біздің институт табиғи аймақтар мен әкімшілік аумақтар бойынша тозуға ұшыраған және қайта қалпына келтірілген жайылымдықтарға арналған жүктеме нормативтерін әзірлеп, республикамызда кеңінен таралған жайылымдықтардың 192 типіне ғылыми сипаттама берді. Бұл нормативтер Жер кодексінің 139-бабы 3-тармағының талаптарын жүзеге асыруға мұрындық бола алады. Өкінішке қарай, бұл талаптар әзірге сақталмай, мал шаруашылығында жайылымдықтарды жүйелі пайдалану қолға алынбай отыр.
Малды сапалы азықтандыруды ұйымдастырудағы аса маңызды мәселенің бірі – қысқы мерзімге жеткілікті де сапалы жем-шөп әзірлеу. Еліміздің оңтүстігінен басқа өңірлерде ұзаққа созылатын қысқа қажетті шөп қорын дайындау қомақты қаржы және еңбек шығындарын талап етеді. Осының салдарынан қазіргі таңда шаруашылықтардың басым бөлігі шөп тапшылығын сезінуде. Сондықтан да қысқы маусымға пішен, сабан сияқты ірі азық түрлерін әзірлеудің тиімді жолдарын табудың мәні зор. Бұл ретте, қысқы мал азығының берік кепілі ретінде дайындалатын пішен 2,7 миллион гектар алқапты алып жатқан жайылмалы, суармалы шабындықтар мен тау шалғындықтарынан жиналады. Бұл алқаптардың өнімділігі 11-13 центнерден аспайды. Оңтүстік өңірлерде өзен маңындағы қамыстар, ал астық егетін егістігі мол шаруашылықтарда сабан мал азығына жаратылады.
Соңғы кезде шабындықтар мен шалғындықтарды пайдаланудың оңтайлы жолдарын анықтау және өндіріске ендіруге бағытталған ғылыми жұмыстардың әлсірегендігін айта кетсек артық болмас. Орал-Көшім шалғынды жүйесі, Орталық Қазақстанның көлтабандап суарылатын жерлері ғалымдар назарынан тыс қалып отыр. Кеңес дәуіріндегі аға ұрпақ ғалымдар жүргізген жұмыстар аталған жерлерді ғылыми негізде игерілген әдіс-тәсілдермен суландыру арқылы шөп шығымдылығын 2-3 есе арттыруға болатынын көрсетті. Мәселен, Орал-Көшім жүйесіндегі шалғындықты суғарудың технологиялық тәсілдері әр гектардан 11 центнердің орнына 40 центнерге дейін шөп дайындауға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Мал азығын дайындау мәселесінің өзектілігін ескеріп, екпе шөп өсіру, сай-салалар мен аңғарлардағы шалғындықтарды орнымен пайдалану, әртүрлі деңгейдегі тыңайған жерлер мен ескірген көпжылдық шөп танаптарын қалпына келтіру сияқты ғылыми тұрғыдан қамтылған тәжірибелердің өндіріске кеңінен ендірілуіне күш салған жөн.
Осы бағыттағы ғылыми ізденістер республикамыздың барлық аймақтарында жүргізіле бастады. Мәселен, институт ғалымдарының тікелей қатысуымен және басшылығымен Қарағанды облысы Шет ауданында «Қуаң жерлерді басқару» жобасы жүзеге асырылды. Аталған аудан аумағында көп жылдық құрғақшылыққа төзімді шөптер егу арқылы жайылымдықтарды жақсарту жолға қойылды. Осы жоба ауданда мал шаруашылығын серпінді дамытуға мұрындық болды.Осы ретте, тыңайған жерлерді шалғындандыру мәселесін еркекшөп тұқымын егу арқылы шешуге болады деген бұрыннан қалыптасқан пікір бар. Әрине, Қазақстанның табиғи жағдайында бұл дақыл зор маңызға ие. Дегенмен, заманның алға қойған талабына орай, басқа да дақылдар түріне, соның ішінде мал азығы ретінде ең құнарлы саналатын, беде мен эспарцет секілді бұршақ тұқымдастарды ғылыми тұрғыдан қолдануға күш салынуда.
Жем-шөп өндірісін интенсивті жолға қою негізінде мал азығы қорын нығайту, жоғары өнімді дақылдардың жаңа тұқымдарын өндіріске енгізу мал шаруашылығын дамытудың сенімді жолы болып табылады. Сирек кездесетін және жұтаңданып бара жатқан өсімдіктер түрлерін сақтап, мал азықтық дақылдардың әлемдік әлеуетін жинақтауға мүмкіндік беретін тектік қорды қалыптастырудың ғылыми-тәжірибелік құндылығы ерекше. Шетелдік және отандық тәжірибе, селекциялық жұмыстың нәтижелілігі тектік қорда сақталған үлгілердің молдығына тікелей байланысты екендігін көрсетті. Осы бағытта еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу институттарында республикамыздың әралуан аймақтарының табиғи жағдайына бейімделген, мол да құнарлы өнім беретін жаңа тұқымдарды анықтау, шығару және оларды өндіріске енгізу жұмыстары атқарылуда. Осы мекемелерде республикамыздағы малазықтық өсімдіктердің тектік қорын құрайтын 14 мыңнан астам үлгі сақталуда. Бұл бай қор қоректілігі жоғары жаңа сорттар шығарудағы селекциялық жұмыстарда қолданылады.
Жер бетінде ауа райының өзгеріп, ауаның жылынуына байланысты аймақтардың шөлейттенуі белең ала бастады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында бұл үдерістің әсері айтарлықтай сезіледі. Негізгі күретамырлы су көздері (Сырдария, Шу, Іле, Ертіс өзендері) көршілес елдерден бастау алады. Су бастауындағы елдердің пайдалану көлемінің артуына, жалпы ағысының азаюына байланысты бұл өзендер қайырланып, кей жерлерінде аралдар пайда болды. Бұл келешекте суармалы егістіктер ауқымын шектеуге және суды үнемдеп жұмсауға мәжбүрлейді. Сондықтан стратегиялық тұрғыдан алғанда, жемшөптік дақылдардың қуаңшылыққа төзімді, тәлімі жерде өсіруге бейімделген жоғары өнімді жаңа сорттарын шығару өзекті мәселе болып табылады.
Өңірлердің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген табиғи шөптерді сапасы жоғары, мол өнімді екпе шөптердің қасиеттерімен байыта отырып, соңғы жылдары өндіріске мал азығы өсімдіктерінің бірнеше жаңа сорттары енгізілді. Мәселен, тек Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты шығарған жемшөптік дақылдардың 26 сорты Республикалық селекциялық жетістіктер реестіріне тіркеліп, өндірісте пайдалануға ұсынылған. Атап айтқанда, еркекшөптің «Толағай», «Талаптан» сорттары қуаң далалық және шөлейт аймақтарда екпе шабындықтар жасап, тозған жайылымдарды жақсарту үшін пайдалануға арналған. Олар тәлімі жағдайда гектарынан 18-26 центнерден өнім береді. Құрамындағы шикі протеин мөлшері – 11-13 пайыз.
Бұл дақылдың пішенінде ірі қара малға қажетті барлық қоректік заттар мен амин қышқылдары бар. Қуаңшылыққа және топырақтың тұздануына төзімділігі жазғы шілденің ыстығы басталғанға дейін-ақ масақ байлап, пішенге ору кезеңіне күзгі-қысқы ылғалды ұтымды пайдаланып, ерте енетін қасиетіне байланысты қуаңшылық жылдардың өзінде қанағаттанарлық мөлшерде азықтық масса бере алады. Елімізде өсірілетін жемшөптік дақылдар ішінде егістік көлемі жағынан (5 млн. га) бірінші орын еркекшөпке тиесілі. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы (15-20 жыл) тұрақты өнім береді.
Екпе жайылымдар жасау немесе оларды жақсарту үшін тарлау қияқтың «Бозой», бетегенің «Ұлан», жусанның «Ақжелең» сорттары шығарылды. Көкбалауса өнімділігі далалық, қуаң далалық, шөлейт аймақтарда гектарынан 40-55 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік береді.
Жайылымда малға көлеңке әрі азық болатын бұталы өсімдіктер күйреуіктің «Айдарлы», теріскеннің «КЛХ-2», изеннің «Алматылық» құмдық сорттары шығарылды. Олар негізінен шөл-шөлейт жерлерде егіліп, шабындық-жайылымдық мақсатта пайдаланылады. Құрғақ азықтық пішен өнімділігі 16-18 ц/га, шикі протеин мөлшері 13-15 пайыз құрайды.
Таулы аймақтар мен тау бөктерінде өсіру үшін эспарцеттің «Алматылық 2», даур бидайығының «Нарынқол» сорттары сұрыпталды. Тәлімі жағдайда эспарцет 60-80 ц/га, ал бидайық 40-45 ц/га пішен өнімін береді. Суармалы жерлерде өсіруге арналған маңызды жемшөптік өсімдік сорттарынан жиматарғақтың «Қарқара 90», субидайықтың «Қарғалы», жоңышқаның «Қапшағай 80», «Жайнақ 96», «Дархан 90» сорттарын атауға болады.
Жиматарғақ пен субидайық жоңышқамен қоспа түрінде суармалы екпе жайылымдар жасауға қолданылады. Көкбалауса өнімділігі – 700-800 ц/га, пішен – 90-170 ц/га құрайды. Жоңышқаның «Дархан 90» сорты топырақ тұздануына төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл тұқым Қызылорда облысында күріштің ауыспалы егісінде кеңінен қолданылуда.
Малдың жем-шөп қорын нығайту, оның пайдаланылу тиімділігін арттыруда мал азығын дайындау, сақтау және малды өміршең әдіс-тәсілдерді қолданып азықтандырудың маңызы ерекше. Осы бағытта да институт ғалымдары бірқатар қомақты істер атқаруда. Мәселен, пішендеме дайындау технологиясында азық құнарлылығын төмендетпей полиэтилен пакеттерінде сақтау әдістері әзірленді. Шұңқырға салынған пішендемеге қарағанда, пленкада органикалық қышқыл жақсы сақталатындығы анықталды. Бұл мал азығының жұғымдылығы мен қоректілігін арттырады. Сонымен қатар, төрт-бес ай сақталған пленкадағы пішендемеде шөп қуаттылығы (азықтық бірлікпен) 8 пайыздан астамға, ақуыз мөлшері 12 пайызға дейін артатындығы айқындалды.
Сонымен, табиғи жайылымдықтар мен шабындықтар қорын тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және малды сапалы да тиімді азықтандыру мәселелеріне қатысты елеулі жұмыстар атқарылуда. Ғылыми тұрғыдан алғанда, заман талабына сай жаңа ізденістеріміз де баршылық.
Бабаларымыздың «мал баққанға бітеді» дегеніндей халқымыз үшін мал береке көзі болып қала бермек. Сондықтан мал шаруашылығын дамытудың қазіргі замандық талабы мен үдерісіне сәйкес ғылыми жұмыстардың тиімділігі мен өміршеңдігін қамтамасыз ету – сала ғалымдарының басты мақсаты.
Қорыта айтқанда, түрлі деңгейдегі атқарушы билік, сан алуан меншік иелерімен бірлесіп, бізге мұра болып қалған сарқылмас байлық көзі – табиғи мал азығы қорларын ұқыптылықпен пайдаланып, мал шаруашылығы саласының әлі ашылмаған мол мүмкіндіктерін ел игілігіне жарату – баршамыздың перзенттік борышымыз.
Қолданылған әдебиеттер
1. А.А. Егеубаев. Мал азықтандыру.
2. Н. Омарқожаұлы. Мал азығын бағалау және малды азықтандыру.
3. ҚР Президентінің Жолдауы- 2012 жыл
4. Е. Демеуғалиев. Мал азықтандыру.
5. А.П. Дмитрочинко. Кормление сельскохозяйственных животных