Мемлекет пен қоғамның
негізгі заңы ретінде Конституция бүкіл
заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады.
Өзге нормативтік актілердің бәрі Конституцияның
ережелеріне негізделіп қабылданады.
Сондықтан оның басқа нормативтік-құқықтық
актілерде кездеспейтін өзіне тән белгілері
болады.
Конституция (лат. Constituto-құрылу,
өкім) – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс
негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін,
олардың түзілу реттілігі мен қызметін,
азаматтардың құқықтары мен міндеттерін
айқындайтын мемлекеттің негізгі заңы.
Конституцияның мәні мемлекеттің негізгі
заңдылық мүдделеріне, халықтың шын мәніндегі
еркіне сай келуімен және құзіреттілігімен
айқындалады.
1991 жылы 16 желтоқсанда
Қазақстан Республикасы Жоғары
Кеңесі «Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тәуелсіздігі тәуелсіздігі
туралы» Конституциялық заң қабылдап,
Қазақстанның халықаралық құқықтық
субъект ретінде жария етілуі
елдің тәуелсіздік мәртебесіне
сай заңнын – Конституциясын
қабылдау қажеттігін туғызды. 1993 жылы
28 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының
негізгі заңы – Конституция қабылданды.
Жаңа Конституция Қазақстанның
мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтуда,
мемлекеттің халыққа қызмет ететін жаңа
билік органдарын құруда, азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын айқындауда
және оларды кеңейтуде үлкен рөл атқарады.
Қазақстан Республикасының
1993 жылғы Конституциясы өтпелі кезеңнің
негізгі заңы ретінде екі жыл өзінің миссиясын
атқарып, ел тарихында қалды.
1995 жылдың 30 тамызында
бүкілхалықтық референдум Қазақстан
Республикасының жаңа Конституциясын
қабылдады. Онда мемлекеттік және қоғамдық
құрылыстың ұйымдастырылуы және болашаққа
бағдар ұстай отырып қызмет ету ұстанымдары
белгіленген. Адамның және азаматтың конституциялық
мәртебесі, бүкіл халықтың мәртебесі,
мемлекеттік билік пен мемлекеттің әлеуметтік
базасының қайнар көзі ретіндегі адам
мен азаматтың құқықтары, бостандықтары
мен міндеттері баян етілген.
Қазақстан Республикасының
Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар
республикалық референдум арқылы енгізілуі
мүмкін. 1998 жылы және 2007 жылы Конституцияға
өзгертулер мен түзетулер енгізілді.
Қазақстан Республикасының
Конституциясы тоғыз бөлімнен, 98 баптан
тұрады. «Жалпы ережелер» деп аталған
I бөлімде Қазақстан Республикасының саяси
сипаттамасы, қызметінің түбегейлі ұстанымдары
көрсетілген; президенттік басқару нысаны,
құқықтың қолданылуы айқындалған; идеологиялық
және саяси алуандылық, меншікке қатысты
қағидалар тұжырымдалған. Қазақстан Республикасы
Конституциясында «Мемлекеттік биліктің
бірден-бір бастауы – халық» деп жарияланған.
Адамның құқықтары,
бостандықтары мен міндеттері, азамат
және азаматтыққа байланысты ережелер
«Адам және азамат» деп аталған II бөлімде
жинақталып берілген.
III бөлімде Президенттің,
IV бөлімде Парламенттің, V бөлімде
Үкімет құрамдарының жасақталуы,
сайлану және тағайындалу мерзімдері
мен заңдары, өкілеттіліктері, атқаратын
қызметтері, түрлі саяси ахуалдағы
әрекеттерінің бағыттары, өзге органдармен
байланыстары, ел әкономикасын дамыту
бағытында атқаратын жұмыстары, ішкі сыртқы
саясатты айқындап жүргізуі, т.б. баяндалған.
VI бөлімде Конституциялық
Кеңестің құрылуы мен қызметінің
бағыттары, VII бөлімде соттар мен
сот төрелігінің жасақталуы, атқаратын
қызметінің мазмұны мен реттілігі туралы
айтылған. Жергілікті мемлекеттік басқару
және өзін-өзі басқару ережелері VIII бөлімде
тұжырымдалған. Соңғы IX бөлімде қорытынды
және өтпелі ережелер берілген.
Конституцияның маңызды
ерекшелігі – ол бір жағынан, мемлекеттің,
ал екінші жағынан, қоғамның Негізгі заңы
болып табылады.
Қазақстан Республикасы
Конституциясының жоғары заңдық күші
бар. Мұның мәні – мемлекеттік органдар
қабылдайтын заңдар мен нормативтік-құқықтық
актілер Конституцияға қайшы келмейтін
болуға тиіс дегенді білдіреді. Мемлекеттік
органның қандайы болса да – жергілікті
органдар да, орталық органдар да, кез
келген лауазымды тұлға, барлық азаматтар,
олардың бірлестіктері Конституция қағидаларын
сақтауы керек.
Конституцияда оның
ережелері, нормалары тікелей қолданылады
деген нұсқау бар. Мұның мәні — әрбір азамат
өзінің құқықтары мен бостандықтарын
қорғау үшін мемлекеттік органдарға, әсіресе
сотқа өтініш білдіргенде, Конституцияны,
оның нормаларын пайдалануға құқықты.
Пайданылған әдебиеттердің
тізімі
Қазақстан Республикасының
Конституциясы 30 тамыз 1995 жыл (2011 жылғы
02 ақпандағы енгізілген өзгерістермен)
Сапарғалиев Ғ. Қазақстан Республикасының
Конституциялық құқығы: Академиялық курс.
Өңделіп, толықтырылған, 3-басылымы. –
Алматы: Жеті жарғы, 2008.
Амандыкова С.Қ. Қазақстан Республикасының
конституциялық құқығы: Оқу құралы. –Астана:
Фолиант, 2001.
Қазақстан Республикасының
Конституциясы. Ғылыми-практикалық түсіндірме.
– Алматы: Раритет, 2010.
Қазақстан Республикасының
Президентi туралы Қазақстан Республикасының
1995 жылғы 26 желтоқсандағы N 2733 Конституциялық
заңы
Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы Қазақстан
Республикасының 2000 жылғы 20 шілдедегі
N 83 Конституциялық заңы
Қазақстан Республикасының
Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi
туралы Қазақстан Республикасының 1995
жылғы 16 қазандағы N 2529 Конституциялық
заңы
Қазақстан Республикасы Парламентінің
Регламенті туралы Қазақстан Республикасы
Парламентінің 1996 жылғы 20 мамырдағы қаулысы
Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының Регламенті Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының 1996 жылғы 8 ақпандағы
Қаулысы
Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің Регламенті Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің 1996 жылғы 8 ақпандағы
Қаулысы
Қазақстан Республикасының
Үкіметі туралы Қазақстан Республикасының
1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2688 Конституциялық
заңы
Қазақстан Республикасындағы
сайлау туралы Қазақстан Республикасының
1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық
заңы
Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесi туралы Қазақстан
Республикасының 1995 жылғы 29 желтоқсандағы
N 2737 Конституциялық заңы
Республикалық референдум туралы
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2
қарашадағы N 2592 Конституциялық заңы
Қазақстан Республикасының
сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі
туралы Қазақстан Республикасының 2000
жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық
заңы
Қазақстан Республикасындағы
жергілікті мемлекеттік басқару және
өзін-өзі басқару туралы Қазақстан Республикасының
2001 жылғы 23 қаңтардағы N 148 Заңы