Жоспар:
Кіріспе:
Ел болам десең бесігіңді түзе
Негізгі бөлім:
1) Отбасындағы бала тәрбиесі
2) Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі
3) Қазақ халқының ұлттық
тәлім-тәрбиесінің ерекшелігі
4) Тіл – тәрбие бастауы
5) Ата-әженің тәрбиесі
6) Қазақтың ғалым-педагогтарының
оқушыларға ұлттық тәрбие беруі
Қорытынды:
Ертеңін ойлаған-ел азбайды
Ұлы ойшыл
әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,
тәрбие
берілуі керек, тәрбиесіз берілген
білім –
адамзаттың
қас жауы, ол келешекте оның барлық
өміріне
апат әкеледі» деген екен. Ата-бабамыз
қалыптастырған
қалыпта тәрбиесі түзу болып
бой көтерсек,
дауға да,
жауға да
берілмейтін ұрпақ боларымыз анық!
Ұлтымыз қашан да
баласының рухани жағынан бай болуына
көп көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен
бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс
қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса
назар аударғандығы белгілі. Халықта «Балаңды
өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның
тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар.
Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік,
мейірімділік, адамгершілік сияқты бар
ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың
маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін
беру арқылу баланы жақсыдан үйренуге,
жаманнан жиренуге баулуды да кішкене
кезінен бастаған дұрыс.
«Тәрбие» деген сөз араб
тілінен аударғанда, «көктету, өсіру, жетілдіру»
деген ұғымды береді екен. Яғни, сәбидің
болашағы осы алған тәрбиесіне тікелей
қатысты болары хақ. Осы жөнінде ақын әрі
педагог Мағжан Жұмабаев: «Тәрбиеден мақсұт
– адамды һәм сол адамның ұлтын, асса,
барлық адамзат дүниесін бақытты қылу.
Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт
бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір
ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты.
Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт –
адам деген атты құр жала қылып жапсырмай,
шын мағынасымен адам қылып шығару» - дейді.
Демек, баланы тәрбиелеудегі мақсат –
оны жан-жақты кемелдендіріп, қоғамға
пайдасы тиетін азамат етіп қалыптастыру.
Дана қазақ ұрпаққа тәрбие беру жолында
еш аянып қалған емес.
Халықтық педагогикадан
нәр алаған баланы ата-баба өсиеттерін
сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын
ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз
ұлты мен ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай
алатындай етіп шығару ата-ананың басты
мақсаты болуға тиіс. Қазіргі қоғамның
алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі
жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті
құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша
көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың
бастау көзі тек халықтық тәрбие беру
тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге
жасасып келе жатқан мол мұраларымыздың
құндылығына ешкім дау айта алмасы анық.
Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен
ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен
бірге білімді ұштастыра алғанда елге
пайдалы азаматтардың қатары көбейеді.
Қазіргі заманы адамын өзгерткен мына
қоғамда кешегі кемеңгерліктің куәсі
болған ата-әже тағалымын бойына сіңірген
ұрпақ-ты қаншалықты дәрежеде көреміз?
Ұлтымыздың туын желбіретер ұлағатты
ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыз бар
ма?! Міне, осы сұрақ маңызды! Көпке топырақ
шашпағанымен, бір құмалақтың бір қарын
майды шірітетіні де ақиқат емес пе? Тәрбие-адам
азығы. Қай заманда, қай елде болса да отбасының
адамзатқа тигізетін ықпалын өмірдегі
басқа ешнәрсемен салыстыруга келмес.
Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің
орнын еш нәрсе толтыра алар емес.
Адамның адамшылдығы
– ақыл,
ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан
болады.
Абай
Отбасы — адам баласының өсіп-өнер алтын
ұясы. Адамның өміріндегі ең қуанышты,
қызық дәурені осы отбасында өтеді. Бала
өмірінің алғашқы күнінен бастап, ата-ана
өздерінің негізгі борыштарын — тәрбие
жұмысын атқаруға кіріседі.
Алайда, қазіргі кездегі елдегі әкономикалық
әлеуметтік жағдайлардыңқиындығы, жұмыссыздық,
материалдық-рухани қажеттіліктердің
тапшылығы осының бәрі отбасындағы ата-ана
мен бала арасындағы қарым-қатынасты күрделендіріп
отыр. Бала тәрбиесінің негізі — бұл оның
отбасы. Осы шағын әлеуметтік топ — бала
үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана
— баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі.
Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы
ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне
байланысты. Сондықтан, әрбір ата-ана өзінің
баласын білімді, мәдениетті, жан-жақты
етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде
отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде
қарастырылуда. Оған «Балалар құқығы туралы
Конвенция» (1995), Қазақстан Республикасының
«Білім туралы заңы» (1999), Қазақстан Республикасының
«Балалардың құқығы туралы заңы» (2002),
«Қазақстан Республикасының 2015 жылға
дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы»
(2004) сияқты құжаттар дәлел бола алады
[1,2,3,4]. 2004 жылы ақпан айында Үкіметтен
қолдау тапқан «Білім тұжырымдамасы»
үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы
сатысы балабақшадан бастап, мектеп аяқтағанға
дейінгі балаларды оқыту, тәрбиелеу мәселесін
жоспарлы түрде шешіп, отбасына педагогикалық
көмек беруді мақсат етеді. Ал ата-ананың
педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары
болуы олардың қоғам алдында өз балаларының
тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін
арттырады. Сондықтан да баланы жағымды
ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы
ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Тәрбиениің басы әдептілік
болғандықтан, ата-ана ең бірінші баласына
өздерін сыйлап,құрметтеуді, үлкендерге
сыпайы болуды үйретеді. Отбасының ұйытқысы,
берекесі әйел адам болса, қыз баланың
орны да әрқашан жоғары деңгейде.
Мен қазақ қыздарына
қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайраңдаған,
«Қыз өссе - елдің көркі»- деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.
О. Сапарбаев
Қай ата-ананы алсақ та,
қызының ертең барған жерiнде балдай батып,
судай сiңiп кетуiн, жақсы жар, әдептi келiн,
аяулы ана болуын армандайды. Қасиеттi
ана қызының тәрбиелi болып өсуi үшiн жасынан
ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсiредi.
Халқымыз «Келiн-нiң – аяғынан, қойшының
– таяғынан» дегенде, жаңа отаудың береке-құтын,
ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделiн,
болашақ ұрпағына дұрыс тәлiм-тәрбие беруiн
келiннiң жақсы-жаман қасиеттерiмен өлшеген.
Қазақ халқы келiннiң
келген жерiнде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты
әйел болуы, бiрiншiден, оның өскен ортасына
байланысты десе, екiншiден, келген жерiне
де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен
жас келiнге енелерi қонақ күту, ас ұстау,
бала күту, т.б. мәселелерде үнемi ақыл-кеңес
берiп үйретiп отырады. «Келiннiң жақсы
болмағы қайын ененiң топырағынан» деп,
ененiң жас келiнге қамқоршы болуын талап
еткен. Сондықтан да «Жақсы ауылға келген
келiн – келiн, жаман ауылға келген келiн-келсап»
деп текке айтпаған.
Әйел қандай биiк дәрежелi
жұмыс iстемесiн, қайда болмасын оның ең
басты мiндетi – өмiрге ұрпақ әкелу, бала
тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының берiктiгi
әйелге байланысты. Әйел сабырлылығы,
кешiрiмдiлiгi, сыпайы-лығымен, т.с.с. жақсы
қасиеттерiмен үй-iшiне береке әкелiп, шаңырақ
бақытын орната алады.
Үлкендi сыйлау – бiздiң халқымыздың
ежелгi дәстүрi. Ол дәстүр бойынша жастар
үлкеннiң алдын кесiп өтпеуге, сыпайы болуға,
үлкенмен сөз жарыстырмауға, тiптi үлкендердiң
алдында қатты күлмеуге тиiс. Осындай ата
дәстүрiмiздi бүгiнгi жастар жадында сақтап,
жалғастыра бiлуi қажет.
«Қыз» тәрбиелей отырып- ұлтты тәрбиелейміз»
деген қанатты сөздің
Өзі «қыз» бала тәрбиесінің қаншалықты
маңызды екенін білдіреді.
«Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен
бұрынғылар. Қыз баланың
бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа
құюмен, ақыл айтумен
не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен»
шектелмейді, мәселе қай
кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып,үлгі
-өнеге көрсету қажет.
Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен
ана сүтімен
бойға сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап
сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу,
ыдыс аяқты салдырлатпау, алдымен кіріп,
артымен шығу, есікті теуіп
ашпау, босағаны кермеу, ұсынған кесені
төмен қарап беру, үлкендерден
жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ
басқанына, киім киісіне, қимыл- қозғалысына,
дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл
қоюдың жауапкершілігін сездіреді.
Жазушы Ә.Нұршайықовтың мына бір сөздерін
әрбір қыз баланың бойына сіңірсек құба-құп.
– Қыздар!Өздеріңді алақанға салып әлпештеп
отырған
осынау бір елімізге адал перзент, асыл
азамат боламын десеңдер, еңбекшіл
болыңдар! Еңбекшіл адам ең ардақты адам.
- Әдемі болыңдар, әсем болыңдар!
Сонымен бірге ақылды болыңдар!
- Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар!
Сонымен бірге саналы болыңдар!
- Қыздар ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ
болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар.
- Инабатты болыңдар, ілтипатты
болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!
Қыз бала тәрбиесі қай кезде
де назардан тыс қалып көрген жоқ.
Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран
кезеңде қыз балаларды жан-жақты тәрбиелеудің уақыт
күттірмейтін мәселе.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы-
болашақ ұрпақтың дені
сау,жаны таза болуы, бойларына жалқаулық,
құнсыздық- жауапсыздықты
дарытпау,өздерін сергек ұстауы- бұл
да тәрбиенің бірден бір міндеті.
Ежелгі Греция жерінде бір жартасқа:
«Егер күшті болам десең-жүгір, ақылды
болам десең- жүгір»,- деген сөздерді жазып
қойыпты.
Осында үлкен мән бар. Оқушы- жастардың
әсемдік талғамын,
адамгершілік қасиетін, іскерлік қабілетін
дамыту арқылы, парасатты өмір
сүруге құштарлығын арттыру үшін төмендегідей
тәрбие сағаттары мен ашық әңгіме, диспуттар
өткізуге болады.
Қыз баланың тәрбиесіне келгенде
алаңдататын нәрсенің шегі жоқ. Қыз баланың
орынсыз жүруі, кешке шығып, таңда үйге
кіріп жатуы, ата-анасының айтқанына мән
бермеуі мұның аяғы жақсылыққа әкелмейді.
Мынадай мәнді сөзі бар.
Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар.
Екі баласы бардың болар – болмас хәлі
бар,
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар.
Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең
болар,
Бес баласы бардың ешкімге дес бермейтін
жөні бар.- дейді. Сондықтан да, көп балалы
үйді ырыздығы мол, кең керегелі, бақ-берекелі
болары анық.
Қазақ халқының әріден келе жатқан мәдениетін
және білім, тәлім-тәрбие беру жүйесінің
негіздерімен жан-жақты танысу бүгінгі
күннің басты бағдары, талабы десек те
болады. Көне заманнан келе жатқан таным-түсінік,
әдеп-тағылымдарын ұғыну, білу және өмірге
үйлесімдерін қажетке жарату – жастардың
туған халқына деген құрметінің артып
және өнегенің рухани түлей түсуіне ықпал
етеді. Былайша айтқанда, елінің тарихи
өткен жолы мен бұраң бұлтарысы көп болмыс-білімін
ұғыну халқына деген сүйіспеншілігі мен
патриоттық сезімінің қарқынды түрде
жетіле түсуіне әсерлі ықпал етумен қатар,
бұл нәтижелі сапаға айналады. Қазақта
«үйлену оңай, үй болу қиын» дегендей үйленіп,
үй болу әрбір адам өмірінің ұмытылмас
кезеңі. Оның да өзіндік қызығы мен қиындығы
бар.
Қазақ халқы қыз ұзатып,
ұлын үйлендіріп келе жатқан, басқа халықтар
сияқты думаншыл-сауықшыл халықтардың
бірі. Ежелден бері қалыптасып келе жатқан
дәстүр бойынша, қазақ халқында отау тігудің
әр түрлі, рет-ретімен орындалатын салт-дәстүрлері
өте көп. Отау тігу дәстүріне көрік беріп,
қызықты әрі мағыналы ететін – салт-дәстүр.
«Қызын қияға, ұлын ұяға» қондыру әке-шешенің
ұл-қызына деген міндеті. Қазақ табиғатында
отбасы иелері балаларының алдында өздерінің
тіршілік әрекетінде барлық адамгершілік
қасиеттерін, үлгісін көрсете білген.
Оның басты себебі «ұлдың ұяты әкеде, қыздың
ұяты шешеді» деп бағалағандықтан. Сондықтан,
ата-ана балаларын тұрмыс пен салтқа бейімдеп,
шеше көріп тон пішуге, әке көріп оқ жонуға
баулитын болған. Осылайша ұрпақтың отбасы
тәрбиесі ешқашан күн тәртібінен түскен
емес. Бұрынғы қазақ жастары тәрбиені
мектеп пен медреседе оқып білмесе де
қызы анадан, ұлы әкеден үлгі-өнеге алған.
Қазақ халқының тарихы дәстүрге өте бай.
Отбасы үшін ежелден тән қасиетті балажандық,
балаларды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу,
үлкенді құрметтеу, туысқандық кең байланыс,
көршілермен және ұлты басқа халықтармен
достық, ізгілік қатынастар осының бәрі
қазақ халқының тұсмыс қалпына байланысты
болған. Қазақ қыз-келіншектері мен ер
азаматтарының бойында өзге халық өкілдерінің
бойынан көрінетін дара қазақы болмысы
жарқырай көрініп, жүрекке жылы әсер еткен.
Әсемдік пен әдептілік үйлесімдік тапқан.
Мәселен, ата-ана құқықтары қыз беріп,
қыз алу, құда түсіп, құдалы болу, қазақ
некесінің ерекшеліктері, қалың мал мәселесі,
бата бұзу, ажырасу, бала асырау, әмеңгерлік,
мирас пен мұра т.б. ежелгі отбасы дәстүрлері
мен соған қатысты қағида ерекшеліктері
жайында мағлұматтардан қазақ халқының
отбасына ерекше мән бергенін, шаңырақ
шайқалып, босаға босамауына назар салғанын
көреміз.
Ұлттық тәрбиенiң ұйтқысы – ана
тiлi. Тiлiн жоғалтқан этнос, өзiнiң бұрынғы
этностық қасиетiнен айрылады. А. Н. Толстойдың
«Тiл ұлттың жаны... идеяның, сезiмнiң, ойдың
жанды көрiнiсi» деуi де ұлт тiлiнiң ұлттық
мәдениеттi басқаларға бейнелеп бере бiлудегi
артықшылығын көрсетуi деуге болады.
«Тiл – халықтың тарихы, сана-сезiмi, көңiл-күйi,
әдебиетi, мәдениетi. Тiлсiз мәдениет пен
тарихтың дамуы мүмкiн емес» (А. И. Куприн)
деп қарайтын болсақ, ұлттық тәлiм-тәрбиенiң
де асыл арқауы тiлге келiп тiреледi.
Ұлттық мәдениет пен мемлекеттiк тiлдiң
өркендеуi Қазақстанда тiршiлiк ететiн жүзден
астам ұлттардың этникалық жағынан өркен
жайып көркеюiне мұрындық болып отыр.
Этностық мәдениеттiң өсiп-өркендеуi үшiн
де қолайлы жағдай, мәдени кеңiстiк керек.
Ол кеңiстiк деп отбасын, мектепке дейiнгi
балалар мекемелерiн, оқу орындарын, ұлттық
мәдени орталықтар мен газет-журнал, көркем
және ғылыми әдебиеттердi, ғылыми зерттеу
және әкiмшiлiк мекемелерiн жатқызамыз.
Соңғы он бес жыл iшiнде, әсiресе соңғы 4-5
жылда Қазақстанда тұратын аз ұлттардың
балаларының ана тiлiнде оқу оқып бiлiм
алуына, ұлттық мәдениет үлгiлерiн насихаттауға
бiр табан болса да қолайлы жағдай туғызылды.
Республикамызда 15 ұлттың тiлiнде 36 жексембiлiк
дiни мектептер жұмыс iстейдi. Онда 2500 бала,
970 ересек адамдар оқиды.
Бүгiнде республикада немiс, өзбек, ұйғыр,
корей, украин, татар тiлдерiнде 138 мың дана
газет-журналдар шығып тұрады.
Тәулiгiне бiрнеше тiлде радио және телехабар
берiледi. Республикамыздың кiтапханаларында
корей, немiс, өзбек, ұйғыр, татар тiлдерiнде
70 мың данадай кiтап қоры бар. Қоғамдық
мекемелерде корей, немiс, ұйғыр, татар
ұлт өкiлдерi жұмыс iстейдi.
Әрине баланың шет тілдерін меңгергені
дұрыс. Жалпы, адам қанша тілді білсе де
артық болмайды. Бірақ кез келген оқушы
әуелі өзінің ана тілін толық меңгеруі
тиіс. Ол педагогиканың ғана емес, сонымен
қатар физиологияның да басты заңдылығы.
Себебі жаңа туған нәресте миының салмағы
орта есеппен 370-390 грамм ғана болады, бір
жасқа толғанда мидың салмағы үш есе өсіп,
орта есеппен бір келіге жетеді. Тек бес
жастан асқаннан кейін ғана баланың миы
толық жетіліп, миының салмағы да ересек
адамдардың миындай (орта есеппен 1300 граммдай)
болады. Бірақ ми қыртыстары нейрондарының
(нерв клеткаларының) жетіліп дамуы, негізінен
жеті жастан бастап жүре бастайды (Ю.И.Барашнев,
1971 ж.). Сол себепті дені сау баланы жеті
жастан бастап әр нәрсеге үйретіп, білім
беруге болады. Бірақ мұны бірте-бірте,
миына көп салмақ түсірмей жүзеге асыру
керек. Адамның миы анатомиялық және физиологиялық
қасиеттеріне байланысты негізінен бес
бөліктен тұрады. Ми қыртысының самай
бөлігінде тілге байланысты өте маңызды
сенсорлық орталық (сенсорный центр речи
Вернике) бар. Ол орталық, оның қасиетін
тыңғылықты тексеріп, дәлелдеген ғалымның
атымен-Вернике деп аталады. Бұл орталықтың
адам жарық дүниенің есігін ашқаннан бастап,
өсіп-жетілуіне тигізетін қызметі өте
зор. Ол орталық нәрестенің есту қабілеті
мен сөзге үйрену қабілетін (естіген сөздерін
ұғынып, еске сақтау) дамытатын орталық.
Жапон ғалымдары электроэнцефалограммалық
(ЭЭГ) тексерулер арқылы нәрестелер туғаннан
кейінгі үшінші күннен бастап анасының
даусын басқа дауыстардан ажырата алатындықтарын
және анасының даусын естігенде қуанып,
еміреніп, емшек емуге даярлана бастайтындығын
дәлелдеді. Сондықтан кез келген ана баласын
өз тілінде еркелетіп, сөйлеп отырып, еміреніп
емшегін емізгені жөн. Сонда нәрестенің
Вернике орталығы дамып, бірте-бірте анасының
сөзін еске сақтап, айтқан сөздерді түсіне
бастайды және сөз қорын жинақтайды. Сол
себепті, ақыл-есі дұрыс дамыған, 5-6 айлық
шақалақ айтқанға түсініп, сөйлей алмаса
да, айтқан бұйрықты орындай бастайды.
Осыны білген біздің ата-бабаларымыз бесік
жырын тектен-текке айтпаса керек! Сол
бесік жырларының арқасында қазақтың
әйгілі Құрманғазы, Тәттімбет, Дина апамыз
сияқты дарынды күйшілері (арнайы музыкалық
білімсіз-ақ) дүниеге келген!
Қазақ отбасындағы ата мен әженің
орны ерекше әрі қадірлі. Әже - отбасының
ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туғанның,
абысын-ажынның бірлігін, татулығын сақтайтын
сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің
тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Атаның да айтары
мол, берері көп. Қандай халықтың болсын
өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын
салт-дәстүрлері, дағдылары бар. Бауырына
салу деген бізбен қатар өмір сүріп жатқан
халықтардың ішінде тек қазаққа ғана тән.
Әрине, өзге ұлттар да немерелеріне қамқорлық
көрсетеді, бағады-қағады. Ал қазақтың
ерекшелігі сол, тұңғыш немерені міндетті
түрде атасы мен әжесі бауырына салған.
Бұл- баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас
ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын
білгендіктен. Өйткені ата мен әже – көпті
көрген, өмірдің талай белестерінен өткен,
жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі
мол адамдар. Ата-әжесі тәрбиелеген баланың
тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер
әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен
адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ
өздерімен үнемі ертіп жүретін болған.
Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін
тыңдап өседі. Үнемі үлкендердің қасында
жүретіндіктен атасы мен әжесінің замандастарын
«пәленше атам», «түгенше әжем» деп солардың
барлығын өңдеп-түстеп, кімнің кім екенін
біліп, туысқанын танып өседі. Бала әке-шешесін
біліп тұрса да «атамның баласымын», «әжемнің
баласымын» деп жөн сұрағандарға ата-әжесінің
аттарын айтып жатады.Бұл да жеті атасын
біліп, шыққан тегін тануына зор ықпал
жасайды десек артық болмас.
Білетін боларсыз, ауылдағы белгілі бір
жиын-тойда бас ұстап отырған үлкен қариялар,
сол жердегі жас балаларға құлақ береді.
Бұл да негізсіз емес. Мұның астарында
«Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы
сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек
болсын» деген ниет жатыр. Содан да болар,
атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті
түрде құлақ күтіп отыратыны.
Әже мен атадан тәлім алған немеренің
рухани жағынан тәрбиелі, көргенді азамат
болып ержетуінің өзі дәстүр сабақтастығы
мен ұлттық құндылықтың мәйегі емес пе?
Ата – балаға сыншы дейді қазақ. Ендеше,
әр әке өз балаларының ерекшелiктерiн,
бейiмдiлiгiн дамытуға тырысып, бұл жауапкершілікті
атасына тапсыруы да өнегенің көзін тапқанмен
тең емес пе?
Жаһандану дәуірі жетті. Жастар өз ұрпағына
заманауи, жан-жақты тәрбие бергісі келеді.
Түрлі тілдерді меңгертіп, сан алуан кәсіптің
құлағында ойнаса деп армандайды. Бұл
дұрыс. Болашағының бақытын ойламайтын
ата-ана жоқ. Бірақ, сол армандар мен мақсаттарды
қалай және қашан жүзеге асырмақ? Таңертеңнен
қара түскенше жұмыста. Демалыс күндері
үйдің ұсақ-түйек шаруасы. Баланы үш жасқа
жетілдірмей-ақ, бөбекжай мен балалар
бақшасына тапсырып, санасына жастайынан
сіңірілуі тиіс тәрбиенің мазмұнды бөлігінен
құр қалдырамыз. Мұндайда әрбір баламен
жеке жұмыс жасайтын тәрбиеші қайда? Демек,
бала үйде де, түзде де ұлттық тәрбиеге
жарымайды. Жарылқайтын ата-ана жоқ. Қызметіндегі
"стрестік ахуалымен" тек тыныштықты
қалап барады үйіне. Сөйтіп, баласымен
сөйлесу былай тұрсын, артық қимылы үшін
жекіп-нұқып, өз бөлмесіне "қамап"
қоямыз. Ал әжесімен әңгімелесіп отырған
баланы көз алдыңызға елестетіңізші! Әңгімелері
қандай жарасымды! Бірінің тілін бірі
білетіндей. Өзіне жағымды болған әңгімелесуден
кейін, баланың кенет көңіл күйінде үлкен
өзгерістер байқалады. Қуанады, сұрақтарды
үсті-үстіне қояды, тіпті сауал қоярдың
алдында кәдімгідей ойланады, жауабына
қанағаттанса шаттанады, себебі әжесі
жәй ғана баяндап қоймай, көңіл кілтін
анықтап алғандай, өзгелерге емес, дәл
өзіне ғана арнап айтады. Дауыс ырғағы,
сөздері, бет-әлпетінің өзгерісі де өзіне
лайықталған. Ал сіз анасы бола тұра балаңызға
осылайша мейірім көрсетіп, көңіл бөліп
отырасыз ба? Өзіңіз бір ойлармен тұмшаланып,
өз алдыңызға отырып, сәбиіңіз өз бетімен
ойнап жүрген сәттер көп болды ма, әлде
отбасындағы іс-әрекеттің көпшілігіне
балаңызды қатыстырып, тіпті ойынына да
араласуды, оның дұрысырақ ұйымдастырылуына
көмек көрсетуді жөн санайсыз ба? Осы сұрақтардың
өзі де ата-аналық іс-әрекетімізге сын
көзбен қарауға мүмкіндік туғызып отырған
сияқты. Отбасында бала тәрбиесінде үлкендердің
ықпалы өзгеше болатынын қайсымыз болсақ
та білеміз. Сондықтан да әжелеріміздің,
аталарымыздың осы тәрбие мәселесіндегі
үлгі-өнегелеріне көбірек ден қойсақ қайтеді?