Міржақов Дулатов өмірі, шығармашылығы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Июня 2013 в 12:19, курсовая работа

Краткое описание

Дулатов Міржақып (1885-1935) - қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайреткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері. Туған жері - бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылы. Әкесі - Дулат аймағына аты шыққан шебер кісі болған, ер тұрман жасап, етік, мәсі тіккен. Шешесі - Дәмеш ойын тойдың базары, әнші кісі болған.
Міржақып анасынан екі жасында, әкесінен он екі жасында айырылып, ағасы Асқардың қолында тәрбиеленеді. Асқар әкесі Дулаттың Міржақыптың оқып, білімді азамат болып, өсуін армандаған тілегіне сай, інісінің оқуын әрі жалғап, білім алуына ерекше көңіл бөледі. Ауылда туып, ауылда өскен, ауылда оқып, ауылда қызмет етіп, «ауыл мұғалімі» атанған зерделі жас ауыл тұрғындарының ауыр тұрмысын, теңдігі жоқ аянышты хәлін көріп, түңіле түршігіп, тебірене толқиды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Документ Microsoft Office Word.docx

— 46.98 Кб (Скачать документ)

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер  басты,

Өткізбей қараңғыда бекер  жасты. 
Жер кeттi, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас- ты.

Ресей патшасының отарлау саясаты, қазақ жұртының хал-жағдайы, өнер-білімнің аздығы, басқа да түрлі қacipeттep осы төрт жолға сыйып тұрған секілді. Онын үстіне бұл жолдарды Міржақып шығармашылығының өне бойына тартылған темірқазық, идеяның басты бағдардың көрінісі деуге де болады. Ақын үшін халқының өмірін жырлаудан асқан мәртебелі тақырып жоқ. Көп өлеңдерінде ол қазақ елінің ауыртпалықтағы, отарлық езгідегі жағдайын баяндай келіп, елдің мүддесіне қызмет ету—әpбip азаматтың парызы деген тұжырым жасайды. Атап айтқанда, "Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі", "Таршылық халіміз хақында аз мінәжат", "Сайлаулар хақында", "Жастарға", “Қазақтың ру басшыларына", "Атқамінер сұмдарға", тәрізді өлеңдерінде қазақ қоғамының сипаты, ондағы адамдар психологиясы, соларды көрген ақынның өкінішті күйі анық бейнеленген. Ақынның сол тақырыптағы шығармаларының бipi — "Шағым" өлеңі.

…Бір қарағанда "Шағым" өлеңі ақынның аз ғана сәттік көңіл  күйінен туған тәрізді. Әйтсе  де мұнда жеке бастың мұңынан гөpi әлеуметтік ой басым жатыр. Ел ішіндегі білімсіздік, бойкүйездік, жалқаулық, енжарлық, алауыздық тәрізді тольш  жатқан кеселдерді көре тұрып, ақын мұңаяды. Тығырыққа тірелгендей болады.

Жүректен қашан шығар  қадалған оқ,

Жандырған жанды нахақ  сөнер ме шоқ? 
Қажыған қам көңілді бip көтерер

Жанымда жан ашитын адам да жоқ, —

деп Міржақыптың өзі айтқандай, халқының тұрмысындағы әлгіндей керітартпа кемшіліктер оның жүрегіне оқ болып  қадалады. Сондай сәттерде айналасынан  өзіне серік болатын, тірек болатын  адам іздейді. Таппай көңілі құлазиды. Дегенмен ақынның мұңы терең қайғыға  ұласьш кетпейді. Өлеңінің соңында: "Әділдік  аста қалған еш күні жоқ", — деп, түптің түбінде әділдіктің жеңетініне сенеді. Сол жолда өзінің бар күшін, өмірін аямайтынын былайша жеткізеді:

Мен біткен ойпаң жерге  аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш 
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі —

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш!

Аталған өлең азамат ақынның  алдына қойған мақсатын қаншалықты айқын  түсінетінін байқатады. Ақынның  мақсаты—халқының тағдырына ара  түсу, елі үшін еңбек етуге, бел  буу. Сол себепті де ақынның өлеңдері ел ішіндегі надандықты, әділетсіздікті әшкерелейді, олардан арылудың жолын  іздейді. Мәселен, "Таршылық халіміз  хақында аз мінәжат" өлеңінде қазақ  ауылының көpiнісі суреттелш, ондағы ішкен-жегенге мәз, жайбарақат тіршіліктің беті ашылады. Ел ішіндегі бірліктің, ынтымақ пен бірауыздылықтың жоқтығын айта отырып, ақын ел билеу жүйесіндегі жүгенсіздік пен әділетсіздікті сынға алады.

Міржақыптың осы тәрізді  азаматтық, әлеуметтік сарындағы өлеңдерінің  тақырыбы да, айтар ойы да, кұрылысы да, айтылу ерекшеліктері де әр алуан. Ақын бірде халықтың тағдырын, бүгінгісі  мен келешегін толғаса, бірде  жастарды оқу-білімге шақырған насихат  айтады немесе күнделікті өмірдегі құбылыстарға қатысты адамгершілік мәселесін  қозғайды, ал енді бірде патша өкіметінің озбыр саясатын, ел билеушілердің  әділетсіздігін сынайды.

Міржақьш қаламынан туған  көркем де күрделі туынды — "Алашқа" өлеңі. Ақын халқына қарата сөйлеп, оның өткендегі өмірін есіне түсіріп, жақсы мен жаманды, кешегі мен  бүгінгіні салыстыра отырып, бірқатар әлеуметтік шындықтың бетін ашады.

Ақын алдымен күні кеше төскейі төрт түлік малға толған бетегелі қырлардың, онда көшіп-қонған берекелі ауылдардың сәнін әсем суреттейді, ел баскарған ақылды хандар мен билерді  еске алады.

Салтанат Сарыарқада кұрған қазақ, 
Толықсып жүрген кеше күнің қайда? —

деп келш, ел ішінен халқының сөзін сөйлейтін шешендер мен  елін, жерін қорғайтын ерлер, ақылдың  кені іспетті дана қарияларын іздейді. Солар бар жерде елдің берекесі де артык болмақ

Бірақ өмір Міржақьш ойлағандай емес. Би — парашыл, қарттары — қарау. Бірлік жоқ, алауыздық үстем. Ақын осыған өкінеді.

Алашым, айтқанды алсаң, без  бұлардан

Еш нәрсе тәуіп бермес, білгенге ермес. 
Қой бағьш қасқыр қашан опа қылған,

Көре бер өз бетіңмен күніңді  өлмес,

— деп, туған халқын ойлануға шақырады. Қойды қасқырға бақтырғандай әділетсіз заманның жайын түсіндіреді. Ел басқарушы залымдарға сенбей, өз күшімен күн көру қажеттігін айтады.

Мiржақып ел ішіндегі кемшіліктерді  әшкерелей отырып, халқына одан арылудың жолын көрсетеді. Өзінің "Шәкірт", “Насихат ғумумия" тәрізді бірқатар өлеңдерінде өнер мен білім жинаудың пайдасын бipiншi кезекке қояды. Tіпті адамгершіліктің өзі білімнен, оқудан басталады деген ой айтады.

 

 

"Бақытсыз Жамал"  романы 

Халық тағдыры М. Дулатовтың прозалық шығармаларына да арқау  болды. 1910 жылы оның "Бақытсыз Жамал" атты романы жарық көрді. Бұл роман жазушының шығармашылық жолындағы ірі табыс қана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі елеулі көркем туынды болды. "Бақытсыз Жамал" қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман еді. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың "Қыз көрелік", С.Көбеевтің "Қалың мал", С.Торайғыровтың "Қамар cұлу", т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кезектегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады.

"Бақытсыз Жамал"  романының оқиғасына арқау болған  мәселе де осы, ескі әдет- ғұрыптың  қыспағына түскен қазақ қызының  тағдыры. Сүйгеніне қосылып, бақытты  өмір сүруді армандаған бойжеткеннің  трагедиялық жолы. Шығарма сол  кезеңдегі қазақ даласының шынайы  тыныс-тіршілігін көрсететін эпизодтан  басталады. ... Жайлауға жаңа көшіп  қонған ауыл. Саумалкөл маңына  жағалай тігілген киіз үйлер.  Бие байлап, қымыз сапырған жайма-шуақ  ауыл адамдары. Қыстай араласа  алмай, сағынысқан жұрт енді  бірін-бірі қонаққа шақырып мәз.  Үй жағалап қымыз ішкен жастар... Осылайша жайбарақат жатқан ауылға  патша ұлықтары келе жатқаны  туралы хабар тарайды. Абыр-сабыр  басталады. Ауыл сыртына үй  тігіледі. Арнайы үйге келіп түскен  екі ұлықты "ләббай, тақсыр" деп  күткен ауылнайдың сөзінде де  ерекше бір мақтаныш сезіледі. Міржақып Дулатов осы шағын  көріністі суреттеу арқылы өз  заманының тұрмыс-жағдайын, адамдардың  психологиясын дәлме-дел береді. Ауыл адамдарының өзара әңгімелерінен,  ауылнай бастаған белсенділердің  іс-әрекет, мінез-құлықтарынан жазушы  мол сыр ұқтырады. ...Дәл осындай  абыр-сабыр сәтте ауыл қазағы  Сәрсенбайдын әйелі босанып, дүниеге  қыз бала келгені туралы қуанышты  хабар жетеді. Дүниеге келген  бұл сәби романның бас кейіпкері  Жамал болатын. Табиғатынан зерек  жаратылған Жамал молдадан ескіше, жаңаша оқып, хат таниды. Түрлі  хисса-дастандарды көп оқиды.  Бірқатарын жатқа да айтатын  болады. Сөйтіп елдің көзіне түсіп,  қыз айттырам деушілердің назарына ілігеді. Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды. Олай-бұлай қалжыңмен сөйлескен бозбаланы сөйлетпейтін еді. Ел ішінде тілді бозбалалардың көзі түсе бастап, шет елдерге де "Сәрсенбайда бек көркем бір ақын қыз бар" деген лақап жайыла бастады. Көркіне ақылы сай болып бойжеткен Жамалды Байжан деген бай баласы Жұманға айттырады. Қыз шешесінің қарсылығына қарамастан, Сәрсенбай болашақ құдасының байлығына қызығып, құдалыққа келіседі. Бірақ бай баласы топас, нашар болады. Жамал оны менсінбейді. Сөйтіп жүргенде бір тойда оқыған, мәдениетті, жаңаша киінген, сыпайы, әдепті Ғали деген жігітпен танысын, көңілдері жарасады. Арада біраз уақыт өтіп, қыздың Жұманға ұзатылар шағы туғанда, Жамал Ғалимен қол ұстасып қашып кетеді. Жастарды қудалау басталады. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан Ғали ауырып қайтыс болады. Қайғыға батқан Жамал көп ұзамай Жұманға ұзатылады. Көрмеген қорлықты көреді. Ақыр аяғында бір боранды күні Ғалидың қабірінің басына барып, жылап жатып қайтыс болады. Романда оқиға желісі—суреттелетін ауыл өмірі, әр түрлі әлеуметтік топтар өкілдері арасындағы қарым-қатынастар мен жекелеген адамдар түсінігіндегі қайшылықтар шырмауына түскен Жамал мен Ғалидың мөлдір махаббаты, өз еркіндіктеріне жету жолындағы үмтылысы осы арнада өрбиді. Ақыр аяғында трагедиямен аяқталады. М. Дулатов бұл оқиғаны кездейсоқ болған бірді-екілі жай ретінде қарамайды. Ғашықтар трагедиясын ол қазақ даласындағы әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Сол арқылы қазақ қыздарының бас еркі, жастардың өз қалауымен өмір сүру қажеттігі туралы ой ұсынады. Жазушы үшін әйелдің бас бостандығы, өзінің сүйгеніне қосылып, өмір сүруге мүмкіндік алуы ең бір түйінді мәселе болды. Ол әйелдің арын аяққа басатын ескі әдет-ғұрыпқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Міржақып Дулатовтың романдағы Жамал бейнесін сомдаудағы жаңалығы да өзінің осы идеясына негізделеді. Романдағы Ғали — сол замандағы оқыған, мәдениетті жастарының жиынтық бейнесі. Сырт келбетіне ақылы сай жігіт Ғалидың әрбір іс-әрекетінен, сөйлеген , жазған хаттарынан бұл қасиет айқын аңғарылады. Ал шығармадағы Байжан бай, оның баласы Жұман, сондай-ақ Жамалдың әкесі Сәрсенбай, үлкен шешесі Қалампыр — ескі психологияның адамдары. Оларға адамгершіліктен гөрі байлық, шен мақтанышы қымбатырақ. Тұтастай алғанда, "Бақытсыз Жамал" романы сол кездегі тарихи-әлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне дәстүрлі жол көрсетті, үлгі болды.

 

 

Міржақып Дулатұлының  Абай шығармашылығын зерттеуі 

Дулатұлыныңтың Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың «Уақыт» газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мурасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Лермонтовпен үндестігі ескертілді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадірін білмеу, оны елеп ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі. Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, түңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және ақын балалары мен інілерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады. Ең құнарлы ой -

Абай қазақтың жаңа әдебиетінің  басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов  деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы  орны онымен қатарлас

деген салыстырма жасайды. Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.

Абайдың қазақ халқы тарихындағы  мәртебелі орнын басқа елдер  әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап  берген Дулатұлының келешек заманда  ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы  өсіп, жаңа буынмен емірене табысатынын  ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқарас, дүниетаным тұрғысына түскен кезде  зерттеушілер абайтануда толып жатқан солақайлыққа, сан-алуан қателікке  ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов Абайдың шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген. Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы - біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы, өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін керіп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндерінің өзінде де, ақтық демі біткенше бүл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарына алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.[2] [3][4]

 

Міржақып Дулатұлы туралы фильмдер 

1993 — «Міржақыптың оралуы» режиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”

1994 — «Алаш туралы сөз» Алашорда режиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”

2009 — «Алашорда» Алашордарежиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиет 

↑ “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6

↑ Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009ISBN 978-601-01-0268-2

↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9

↑ Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. 


Информация о работе Міржақов Дулатов өмірі, шығармашылығы