Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Апреля 2014 в 20:10, курсовая работа
Көкшенің көк тұйғыны Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов шығармашылық бақыттың шынайы биігіне көтерілген жазушы, суреткер әрі драматург.Ол классикалық үлгіде жазылған шығармаларымен елге танылып, оның әрбір элементі қорғасындай салмағы бар, жақсының нұрын тасытатын,жаманнын жүзін жасытатын, нұрлы сезімге шомылдыратыны сөзсіз.Жазушы тербеген сырлы қаламынан туған әрбіршығармаларында тағдырдың тезіне ұшыраған қазақтың әрбір бозарып атқан таңымен қызарып батқан күні мың күдік, бір үмітпен сынаптай сырғып өткенін асқан шеберлікпен жеткізе отырып,үнемі оқырманының жүрегіне жол таба білген.
М.Әуезовтың Абай образын сомдауда өмірдегі генийлік-тұлғалық тұрпатын қалай көрсете алса, С.Жүнісов те Ақан бейнесін өзі өмір сүрген ортасындағы реалистік деңгейде, яғни өнер адамының транстрагедиялық көрінісін шындықпен баяндау арқылы компаративке бара білген.
«Жүнісов те өз кейіпкерлерін әр оқиға сайын өсіріп, әр қырынан көрсете білуге ұмтылып, оның патша мұрагері атынан Николай Алексеевич алдында бүкіл қазақ халқы атынан халық мұңын, ел тілегін айтуы – жазушының ғана тамаша шеберлігі емес, роман қаһарманы Ақан тартысының ең шырқау биігі, ең шырқау шыңы. Ылғи шен-шекпен киген ел жуандары мен патша ұлықтары қоршаған мұрагер. Өріп жүрген әкімдер... Осындай тұста патша ұлына қарсы сөз сөйлеу үшін қандай жүрек, қандай батылдық керек десеңізші? Тек жүректілік қана емес, елім деп, халқым деп соғар ұлы жүрек керек қой ақын кеудесіне» дейді әдебиетші, ғалым, академик Рымғали Нұрғали.
Жазушы Ақан бейнесінің полотнолық бет-бедерін суреттеуде өмірдегі Ақан сері Қорамсаұлының басынан кешкен, өзінің тағдырының ең көшелі, бетбұрысы айқын, жанға батар ауыр сәттеріндегі оқиғалар арқылы үлкен әдеби-эстетикалық толғаныстар негізінде туындысының көркемдік идеясын асқақтата білді. Осы жолда, меніңше, талантты прозаик ретінде Сәкен аға ең бірінші ұстазы М.Әуезовке сүйенді деп пайымдау керек.
Ұлы Ибраһимнің қоғамдағы күресте гуманистік кредоны негізге алғанымен, Оразбайлардай зорлық-зомбылық, әкімшілік биліктің шоқпарлы ресурсынан соққыға жығылуы, сері Ақжігіттің қазақ өнеріндегі бапкерлік биіктігінің белгісі – Құлагерді қазақ қоғамына сыйлауы жолындағы Батыраш-Қотыраштардан көрген қастандығы – қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасу кезеңіндегі өз жаман әдеті мен сорақы пиғылының, бойында бар сырқатының көрінісі. Бұл – ақиқат! Бұл – күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа геналық коды арқылы сылынып қалмай, кенедей жабысып бірге жасап келе жатқан ұлттық осалдық белгісі, халықтың тұсауы. Бұл - өткен дәуірде де, бүгінде жалғасын тауып келе жатқан қазақ халқына деген қолында шексіз билікті шоғырландырған төбедегілердің жасап отырған қиянпұрыс әрекеті. Мұнымен күресу тек жүректілердің қолынан ғана келген. Олар – Абай мен Ақан, Мұхтар мен Сәкен! Осы жолдағы эзотеризм жүйесінің түйсіктік бағыттағы жалғастығын қос жазушының көркем туындыларындағы ұқсас көркемдік бірліктерден байқауға болады.
Бүгінгі күні қоғамда, әсіресе, әлі де болса өз мәдени даму кеңістігін анықтай қоймаған посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерде зор екпінмен күштеп жүргізіліп жатқан вестернизация процесіне біз қалай қарсы тұруымыз керек деген ой әр саналы азаматты толғандыруы қажет. Айналамыздың экшн дүниеге, неомодерн сәніне еркін берілуіне, ақымақтықпен, тұрпайы фанаттық сеніммен есі шыға енуіне қарағанда нағыз күрес әлі алда сияқты. Осы жолда бізге қуат болатын міндетті түрде ұлттық классикалық әдебиет. Батыстың өзі дүниеге әкелген сабын көпірікті субмәдениетінен жерініп өз классикасына қайта бас ұруы тегін емес сияқты. Яғни, біз де бүгінгі ұрпақты, жаңа қоғамдық құндылықты классикалық көркем проза мен этнологистикалық жаңа поэзия арқылы тәрбиелеуге күш салуымыз керек.
Сәкен Жүнісов шығармалары тегіс автохтонды мәдениет туындылары қатарына жатады. Оның «Сақау бәтеңкесінен» бастап «Заманай мен Аманайға» дейінгі екі аралықтағы барлық шығармалары осыны дәлелдейді. «Жапандағы жалғыз үй» романы осы күнге дейін кеңес дәуіріндегі қазақ даласына жасалған сұрқия саясатты әшкерелеген жалғыз-ақ көркем туынды екенін айтса да жеткілікті. Яғни жазушының артефакт мәдениетке төтеп берер көркем туындылары жаңа қалыптаса бастаған қоғамдық ұлттық рухани дүниетанымды қалыптастырудағы рөлі зор.
Жазушы С.Жүнісов шығармаларында эзотеризм бағыты тіпті өз идеалы Ақан поэзиясында да жатыр. Ақан серінің:
Мархабат патшамыздан ала алмадық,
Я Бұқар кетеміз бе, я Турция?
Ворон иттің астында қалғаныңша,
Тірлікте ізденіңіз исламия.
Бір үш кез жер тимейді өлгеніңе,
Бұ не кеп, бұ не қасірет, ғамкіния? -деген осы өлеңі ақынның өмірлік ұстанымын көрсетіп тұрған жоқ па! Өкінішке орай кеңес дәуірінде Ақан сері өлеңдері «соцреализм» станогынан өтіп кеткен ғой.
Ал ақынның :
Қағысқанды қыламын под надзором,
Патшаның мизамындай мен де сотпын,- дегені тіпті елу жеті жылдан кейін өзін көркем әдебиетте қайта тудырған, рухын асқақтатқан екінші Ақан сері – Сәкен серінің өзіне арнап аманат еткен өлеңі іспеттес. Осыны эзотеризм деп қалай айтпайсың енді.
Қазіргі батыс идеологиясы постмодернизмді бетке алып бейрационалдық, плюралистік жалаңаштанған, бейтарап жаһандану үрдісін ұсынып отыр бізге. Француз ғалымы Жан Эллюль: «батыстандыру қазіргі кезде ұрандар мен теориялар арқылы емес, байқатпай өмір шындығына енгізіп жіберу арқылы жүргізіледі, бұл иландырудың жаңа формасы, адам жаңа құндылықтарды өз еркімен таңдағандай болып тұрады,» - деп өте дұрыс әрі әділ айтып отыр. Батыстың әсіреқызыл «табысқа жету туралы бас айналдырар мифі», «американдық арман», «Өзіңді өзің жасай аласың» сияқты принципі өте қауіпті. Ендеше, кеше ғана өзіміз көзіміз көрген, аялы алақанының жылуын көрген, бекзадалық серілік өнерін тамашалаған қазақтың ұлттық мәдениетінің Оқжетпесі - Сәкен Жүнісовтың шығамаларын насихаттау арқылы, ең алдымен, өзіміз, сосын мына жас өркен ұрпақты шынайы, таза, саф, мөлдір әдебиетімен тәрбиелей білудің әдіс-тәсілін іске асыра білейік.
3 бөлім Cүбелі сөз...
Сәкен тың өлкесінің тағдырын, туған халқының құндылығын жете түсінген. Түсініп қана қоймай, «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» шығармаларында терең суреттей білді. Жазушының ізі драматургияда да сайрап жатыр.
Баянғали Әлімжанов, драматург, жазушы
«Жерін, елін, ұлтын қорғау жолында кесек ойларын айта алған қаламгер. Оның бақыты да сонда»,-дейді ақын Ғалым Жайлыбай жазушы турасында.
Ешқашан шығармайды ел есінен
Алашқа Сәкен сері – Сәкен едің,
Кешірген достарыңның қателерін!
Тамаша талантыңның арқасында –
Өнерді өле-өлгенше мәпеледің...
Арқаның Біржан салы, Ақандары –
Дем берген жігіт едің қатардағы.
Дарының Алатауға алып келді,
Қалдырып «Жалғыз үйді жапандағы».
Жетіп ең жетпіс деген кемел жасқа,
Өтпеді өз басыңнан нелер жаста?!
Әлі де қайрат-күшің мол еді ғой,
«Кандидат» болмады ма сенен басқа.
Құрдас ек!
Айырмамыз бір ай ғана!
Уақыт өтіп жатыр шыр айнала...
Сенбеймін сені бүгін өлді деуге,
Керек боп қалдың ба екен құдайға да!
Сен жазған «Ақан сері» – ұран еді,
Оқырман сол үшін де құмар еді...
Жазмыштың оғы тиіп кетті ме, әлде
Бәйгенің өзің болып – Құлагері?!
Өтсең де бұл пәнидің белесінен,
Ешқашан шығармайды ел есінен!
Рухың мәңгілікке шалқи берсін,
Пейіштің төріменен,
Төбесінен?!
Сәкен серімен жақсы сыйласқан, қарым-қатынаста болғандардың бірі мен едім. Алпыс, жетпіс жас мерейтойларында халық әндерін шырқағаным есімде. Халық көп жиылған сол тойда мына өлеңімді де оқып едім:
Беу, Сәкен, суреттеген керзаманды,
Шер аққан көрдің талай шырғалаңды.
Ұшынан қаламыңның от ұшқындап,
Тірілттің бер заман мен ар заманды.
Бұлқынып арыстандай шынжыр үзген,
Қайткенде кеңейтем деп тар заманды.
Қайда да туған елдің сөзін сөйлеп,
Аузыңа қарата бер бар ғаламды…
Мақсұт Неталиев
Сәкенмен ұшыраса қалғандардың алғашқы сұрары «Осы ағамызды тентектеу деседі, ұнатпағандарын ұрып жығып жүре береді, сендер қалай шыдап жүрсіңдер» болып келеді. Бұл Сәкеннің жан дүниесіне бойлап бармай, мінезіне қанықпай, беттен қалқи сөйлейтіндердің пікірі болса керек. Өз басым Сәкенмен талай творчестволық сапарларда бірге жүріп, оқшау мінезін көргенім жоқ. Қисая, сыңар езулей тартатындарға можантопай өзіміз де тарс кетеміз. Ендеше Сәкеннің мінезі тасырлы тентек емес, ақылды, текті тентек.
Төлеген Қажыбаев
Мінезіне жеңдірмейтін өнер иесі аз. Сезімнің жетегіне еріп кетпесең – шынайы шығарма да туа қоймайды. Бірақ, сері Сәкеннің мінезінде әлеуметтік астар бар. Ол тар қыспаққа тығылған қақпайлы заманның тұсында да өктем биліктің, аса сақ әрі кіді, секемшіл және сыбырлағыш, сырты сырбаз, іші кекшіл «сұр шекпенділердің» сесінен именбей, еркін жүрді. Ол өзінің пікірін мінбеде қалай арқаланып айтса, өмірде де солай арқаланып жүрді. Бас асаулығынан өнерін де сақтап қалды.
Сырбай МӘУЛЕНОВ
Сәкен творчествосының халықтығы, ұлттық өнерге, салт-дәстүрге, елге, жерге деген махаббаты негізгі үш күрделі туындысы – «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» романдары мен «Аманай мен Заманай» атты повесінде қадари-хал түйінделеді. Осы үш шығарманың үшеуінде де – асты-үсті келіп қақырап қалған дала қасіреті, өнер үшін опық жеген дарын иесінің қайғы-наласы немесе туған жерді аңсаумен өткен сонау қазақ диаспорасының шер-мұңы – баршасында ұлтымыздың бүгінгі бары-жоғымызды есепке ала бастаған үш бірдей күрделі мәселесі тұр.
Рамазан Тоқтаров
Қорытынды
С.Жүнісовтің ұлттық әдебиет әлемінде үлкен із қалдырған туындыларында қазақтың сайын даласында тың игеру сынды ұлы дүбір, қызу науқанның келген тұстарын және асыра сілтеушілік салдарынаншекара асқан қазақтардың жай-күйін, Серіге серік болған құла тұлпардың азалы мұңын қолқадан қан, қаламнан сия құстырып бай лексиконымыздағы байырғы сөздермен көркем зерделеген. Сонымен қатар,шағын ғана әңгімелерінің өзінде де образ сомдауда шеберлік танытқан. Әрбір образы арқылы өмір шындығын көрсете білген.Жазушының әрбір шығармасы- мәңгілікке көркемдік жағынан құнын жоймайтын, әрқайсысы бір төбе болып философиялық таныммен тізбектеліптұратын туындылар.
Сонымен Сәкен Серінің жүрек жылылығымен жазылған әрбір шығармасы бүгінгі таңда барша қазаққа рухани шапағатын төгіп отыр. Себебі оқырманын өзіне еріксіз тартқан терең сюжеті мен тарихи және байырғы сөздері шығарманың құндылығын арттыра түсері сөзсіз.
С.Жүнісовтің ұлттық әдебиет әлемінде үлкен із қалдырған туындыларында қазақтың сайын даласында тың игеру сынды ұлы дүбір, қызу науқанның келген тұстарын және асыра сілтеушілік салдарынаншекара асқан қазақтардың жай-күйін, Серіге серік болған құла тұлпардың азалы мұңын қолқадан қан, қаламнан сия құстырып бай лексиконымыздағы байырғы сөздермен көркем зерделеген. Сонымен қатар,шағын ғана әңгімелерінің өзінде де образ сомдауда шеберлік танытқан. Әрбір образы арқылы өмір шындығын көрсете білген.Жазушының әрбір шығармасы- мәңгілікке көркемдік жағынан құнын жоймайтын, әрқайсысы бір төбе болып философиялық таныммен тізбектеліптұратын туындылар.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
// «Жұлдыз» журналы, №1, 1997.