Қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық негіздері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Декабря 2013 в 19:26, реферат

Краткое описание

Қазіргі әдебиеттану ұдайы өзгеру, даму, жетілу үстіндегі әр түрлі пәндер жүйесінен тұрады. Әдебиет теориясы- әдеби шығармашылықтың табиғаты мен қоғамдық міндетін зерттейтін және оны талдаудың әдіснамасы мен әдістемесін айқындайтын әдебиеттану саласы. Әдебиет тарихы - әдебиеттану ғылымында көркем сөз өнерінің даму жолын әлемдік немесе белгілі бір халықтық деңгейдегі идеялық бағыт-бағдарларды, әдеби ағым-бағыттарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық-саяси құрылысымен тығыз байланыста танып-білуге бағытталған басты салалардың бірі. Әдебиет тарихы әдеби даму үрдісін қарастыру арқылы әр алуан әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық негіздері.doc

— 90.00 Кб (Скачать документ)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

 

МАГИСТРАТУРА  ЖӘНЕ PhD ДОКТОРАНТУРА ИНСТИТУТЫ

 

 

 

 

 

БАЯНДАМА

 

 

 

Қазіргі әдебиеттану  ғылымының теориялық негіздері

 

 

 

 

 

 

Дайындаған: 1-курс докторанты

Алдашева  К.С.

 

 

 

 

 

 

 

 

Алматы, 2013

 

Қазіргі әдебиеттану ғылымының  теориялық негіздері

 

Әдебиеттану – көркем әдебиетті, көркем әдебиеттің түп-төркінін, мән-маңызы мен даму үрдісін зерттейтін ғылым.

Қазіргі әдебиеттану ұдайы  өзгеру, даму, жетілу  үстіндегі әр түрлі пәндер жүйесінен тұрады. Әдебиет теориясы- әдеби шығармашылықтың табиғаты мен қоғамдық міндетін зерттейтін және оны талдаудың әдіснамасы мен әдістемесін айқындайтын әдебиеттану саласы. Әдебиет тарихы - әдебиеттану ғылымында көркем сөз өнерінің даму жолын әлемдік немесе белгілі бір халықтық деңгейдегі идеялық бағыт-бағдарларды, әдеби ағым-бағыттарды және олардың көркемдік ерекшеліктерін қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық-саяси құрылысымен тығыз байланыста танып-білуге бағытталған басты салалардың бірі. Әдебиет тарихы әдеби даму үрдісін қарастыру арқылы әр алуан      әдеби құбылыстардың әдебиет дамуындағы мән-маңызы мен орнын айқындайды. Әдебиет сыны -  көркем туындыны және онда бейнеленген өмірлік шындықты талдап, бағалауға негізделген әдебиеттану саласы. Оның басты міндеті  - өз кезіндегі әртүрлі әдеби құбылыстарға жан-жақты талдау  жасап, олардың идеялық-көркемдік маңызына дұрыс та, тиянақты баға беру.Әдебиеттанудың  қосалқы және көмекші салаларына историография, текстология, библиография, архивтану, эвристика, палеография, мәтін түсініктемесі жатады.Әдебиеттану өз-өзімен тұйықталып қалған ғылым емес. Философия, эстетика, герменевтика әдебиеттануға әдіснамалық негіз болса, фольклористика, өнертану зерттеу міндеттері мен нысаны тұрғысынан жақын, тарих, психология, әлеуметтану жалпы гуманитарлық бағыты жағынан ұқсас болып келеді.

Гректің әдемілік туралы ілімі  Пифагор мен пифагоршылардың (б.ғ.б  ҮІғ.) дүниедегі зат атаулының  мәнін саннан іздеген аңқау аңғарымдарынан басталады. Гераклит Эфеский (б.ғ.б. 530-470ж.ж.).  Гераклит те әдемілік дегенде негіз болатынын мойындайды, бірақ ол сан емес, сапа деп біледі. Демокрит (б.э.д. 460-370ж.ж.) әр нәрсенің әдемілігі оның мөлшерінде деп біледі. Демокрит тұңғыш рет адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасқа айрықша назар аударған. Адамдар өнер, білімді табиғатқа еліктеумен тапқан деп көрсетеді.  Әйгілі Сократ (б.э.д. 469-399ж.ж) ойларының өзгешелігі, оның идеалистік сипатында. Сократ әр нәрсенің ажары оның іске жарамдылығында, ал ажарсыздығы жарамсыздығында деп түсінген. Сократтың шәкірті Платон (б.э.б.427-347ж.ж.). Платон теориясының философиялық негізі оның бұлжымас «идеялар» жайлы идеалистік және мистикалық ілімімен тығыз байланысты. Аристотельдің «Поэтикасы» - күллі көркемөнер туралы тұңғыш философиялық-эстетикалық трактат. Мұнда поэзияның тегі, мәні, мазмұны, пішіні, әдеби шығарманың композициясы кең әрі келелі сөз болады. Аристотель еңбегінің ең құнды жері – тарихта тұңғыш рет дұрыс және дәл эстетикалық принцип ұсынып, өнердің қоғамдық маңызын анықтап, ашуында. Әл – Фараби (870-950) еңбектері әдебиет пен өнерге байланысты ойлардың әлемдік қазынасына айтулы үлес болып қосылған.  «Музыканың ұлы кітабы» атты көлемді, күрделі зерттеуін, «Музыка ғылымына кіріспе», «Музыка жайлы талдау» т.б. еңбектерін атауға болады. Ресейде данышпан сыншы, даңқты философ В.Г.Белинский (1811-1848) крепостниктік правоның айыптаушысы. «Әдебиеттік армандардан» басталып, «А.С.Пушкин шығармалары», «Гогольге хат» еңбектерінде байыпталған эстетикалық көзқарастарының орыс әдебиеті тарихынан алатын орны ерекше. Н.Г.Чернышевский (1828-1889) орыс революционер-демократтарының көсемі болды. Әдебиет пен өнердің қоғамдық қызметі туралы Белинский ілімін жалғастырып, өзінің тамаша эстетикалық принципін ұсынды.  «Өнердің болмысқа эстетикалық қарым-қатынасы» атты диссертациясы көркем әдебиеттің өмірдегі орны, мақсат, міндеттерін белгілеп берді.  Ы.Алтынсарин қазақ әдеби тілінің тазалығы, әдеби шығармалардың халықтығы, тәрбиелік мәнінің биіктігі үшін күресті. Ұлы классик А.Құнанбаев өзінің эстетикалық көзқарасын жүйелейтін трактат жазып қалдырмаса да, тамаша творчестволық принциптері, сөз өнері туралы ұғым-түсініктері мен ой-пікірлері күллі көркем шығармаларында желі тартып жатыр. Ол ақынның әлеуметтік, қайраткерлік міндетін белгіледі.

Әдебиет – (араб. адаб – сөз, үлгілі сөз) - өнердің негізгі түрлерінің бірі. Сөз адамның ойы мен сезімін жеткізудегі бірден-бір күшті құрал. В.Белинский: «поэзияны біреу су десе, біреулер от дейді». Әдебиет от та емес, су да емес,  сөз өнері.

Көркем өнердің түрлері  көп: бейнелеу өнері; мүсін өнері; сәулет өнері; саз өнері; сөз өнері. Жоғарыда айтылғандай, өнердің қай түріне де қарым – қатынастық, жаңадан жасаушылық және танымдық қызмет тән. Дегенмен де өнер түрлерінің өзіндік ерекшеліктеріне орай бұл сипат олардың әрқайсысында әртүрлі  дәрежеде көрінеді. «Әдеби шығармашылық туындыларының өзіндік ерекшелігі сөздің ерекшеліктеріне байланысты және бұл ерекшелік әдеби туындыны сурет және мүсін, музыка туындыларымен салыстыра қарағанда танылады. Әрине, музыка өнері сияқты уақыттық өнерге жататын сөз өнері көрнекілік пен анықтық жағынан кеңістік өнері туындыларымен бәсекеге түсе алмайды. Алайда оның басқа өнер түрлерінен басым жақтары  да бар. Суретші мен мүсінші өздерінің құралдары арқылы  көзге көрінетін нәрсені ғана бейнелей алады. Адамның ішкі күйі, мінезі, олардың қарым – қатынасы анық көріне бермейді. Бұл өнер иелері белгілі бір сәтті ғана қамтып, қалғаны түрлі кейіптер арқылы ғана  ашылады. Қаламгер сөз көмегімен оқырманның қиялында  адамды қоршаған сыртқы дүние туралы да немесе олардың ішкі әлемі, ойы, сезімі, толғаныстары, құштарлықтары туралы да жанды бейнелер туғыза алады.

Әдебиеттің халықтығы  – көп мағыналы ұғым, яғни, 1) жеке шығармашылықтың ұжымдық шығармашылыққа қатынасы: шығармашылық алмасу мен  кәсіби әдебиеттің халқықтық шығармашылықтағы поэтика, образ, сарындарды мұра ету деңгейі; 2) көркем шығармадағы халық бейнесі мен оның дүниеге көзқарасының өнердегі көрінісінің тереңдігі мен сәйкестігінің (адекватность) өлшемі; 3) өнердің қалың бұқараға эстетикалық және әлеуметтік тұрғыдан түсініктілігнің өлшемі. Тарихи дамуға орай өнердің суреттеу құралдары да, автор көздеген идеялық мұрат та өзгеріске ұшырайды. Сол себепті «әдебиеттің халықтығы» деген ұғымның аясы да өзгеріп отырады. Әдебиеттің халықтығының ең басты өлшемі – халық үшін ең маңызды да қажетті құбылыстар мен өзгерістерді бейнелеу. Әдебиеттің ұлы туындылары қай кезде де өз алдына халықты толғандырған сауалдарды қойып, қоғамдық өмір заңдылықтары ашылатын аса маңызды құбылыстарды бейнелеп отырған. Екінші өлшем – аталған дәуірдің ең озық идеалдарына негізделген өмірлік ақиқатты шынайы суреттеу. Алайда осы аталған екі өлшем әдебиеттің халықтығы ұғымын толығымен көрсетпейді. Себебі шығармада халық үшін маңызды да қажетті жағдайлар суреттеліп, сол дәуірдің ең озық идеалдарымен үндесіп жатуы мүмкін. Бірақ соның бәрі ешкімді қызықтырмайтын қарабайыр үлгіде баяндалуы да ықтимал. Демек, өнер туындысының халық игілігіне айналуында қаламгер шеберлігі орасан маңыз алмақ. Әдеби шығармашылықта қаламгер ұлылығы өмірдің маңызды құбылыстарын кеңінен қамти білуімен, оған тереңдей бойлауымен және бейнелеу қуатымен өлшенеді. Осы белгілер арқылы алдыңғы екеуімен тығыз байланысты үшінші өлшем шығады.  Яғни, халықтықтың үшінші өлшемі қаламгер шеберлігі болып табылады.

Мазмұн мен пішін –  бірінен-бірі ажыратып қарауға келмейтін ұғымдар. Яғни, мазмұн  «шығармада не айтылды?», пішін «қалай айтылды?» деген сұрақтарға жауап іздейді.        Өмірді сан қырымен, әрі мейілінше нақты бейнелеуге ұмтылатын өнердегі мазмұн мен пішін қатынасы айрықша маңызды. Өнер туындыларының идеялық-тақырыптық мәні бәрінен бұрын кейіпкерлердің арақатынасы арқылы танылады. Бұл қатынастар оқиғалар, яғни сюжет арқылы көрінеді. Оқиғаның даму сипатына қарай кейіпкерлер дараланады. Мәселен, қазіргі кезеңнің өзінде «тақырып» деген термин екі түрлі мағынада қолданылады. 1) Шығармада бейнеленген өмірлік материал ұғымында; 2) Шығармада көтерілген негізгі қоғамдық проблема ұғымында. Көркем шығарманың тақырыбы авторлық суреттеудің өзегіне алынып, шығармада көрініс тапқан ақиқат  болмыстағы заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың жиынтығы болып табылады. Әрбір көркем туындыда, әдетте, бір ғана тақырып көтерілмей, бірнеше тақырыптың жүйесі (тематика) көрінеді.Егер тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея- жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.

Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ - өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың  өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын  эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкер мен қаһарманды «образ» дейміз. Көркем шығармадағы негізгі айшық – адам образы. Кейіпкер мінезінсіз шығарманың арман-мұратын танып, түсіну мүмкін емес. Әдебиеттің объектісі - өмір, ал предметі – адам. Әдебиетте адам бейнесін жасаудың амалы алуан түрлі. Көркем бейне жасауға қажетті өмірлік материалды жинақтап, әдеби тұлғаны даралауға дейінгі күрделі жолдан өткенде әдеби бейне туады. Жинақтау дегеніміз - әдеби тип жасау әрекеті. Диалог - әдеби шығармадағы екі кейіпкердің не бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі. Драмалық шығармалар түгелдей диалогқа, монологқа құрылады. Диалог арқылы кейіпкердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой толғанысынан, сөйлеу мәнерінен жан дүниесі елес береді. Көркем пейзаж жасау суреткер дүниетанымының кеңдігіне, рухани және материалдық мәдениетті жетік білуіне, бір-біріне жақындамайтын, тегі басқа, тірлігі оқшау құбылыстарды орайластырып, жымдастыруға, бір-бірінен алшақ ұғымдарды шебер қиюластыруға саяды. Пейзаж ұлттық тілдің нәзік, мөлдір, терең сырларын, сөздің музыкалық, поэзиялық, көркемдік қасиеттерін жарқырата ашуға ұйытқы болса, екінші жағынан, шығарманың ішкі мазмұнын, эстетикалық сапасын байытады.

Сюжет (французша sujet - зат) - өзара жалғасқан  оқиғалардың тізбегі, біртұтас желісі. Сюжеттің негізі - өмірлік тартыс, кейіпкерлер  арасындағы конфликт.

Тартыс (латынша – conflictus – қақтығыс, айқас) - өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі.   Өнердегі өмірлік тартыс – көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, көген. Олай болса, әдеби шығармадағы табиғи тартыс оның сюжеті мен композициясын өрбітер өзгеше құрал, қозғаушы күш. Сюжеттің жүйелі тұтастығы да, сондай-ақ жекелеген сәттері: бастамасы (экспозиция), шиеленісуі, шарықтау шегіне жетуі, шешімі, аяқталуы да өмірлік тартыс, қайшылықтың даму-өрістеу заңдылықтарына сәйкес келіп отырады. Кейде сюжеттің беташары ретінде аңдату (пролог), соңында қосымша түрінде үстемелеу (эпилог) беріледі. Олардың барлық шығармада болуы шарт емес. Композиция – (латынша – composito-құрастыру) – көркем шығарманың құрылысы, оның үлкенді-кішілі бөлім-бөлшектерінің бір-бірімен қисынды түрде қиюластырылып, әр түрлі тәсілмен байланыстырылған тұтастық, бірлігі. Композиция мазмұнмен тікелей байланысты.

«Жазушылықтың  негізгі элементтерінің бірі – тіл, ол жазушының құралы. Ақын, жазушы тілді, ана тілін мейілінше  жақсы білуге міндетті» (1, 70). Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермеске болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі кейіпкер тілі. Сөздің «киелі» күші поэзияда көбірек кездеседі. Оның сөзі салмақты, әрі әсерлі болмаса, поэзия бола ма? Ақын – сезімтал, көреген сөз зергері. Ақынның «қиыннан қиыстырған» өлең жолдарында сол зергерлік өнері, құдіретті күші байқалып тұрады.  Көркем әдебиет стиліне тән сөз қорлары поэзияға да ортақ. Солай бола тұрса да, поэзия тілінде жиі қолданылатын «сырты сұлу, іші алтын» сөздер болады. Көбіне нақтылықтан тұратын проза тілі сұлу сөзді көтермейді. Поэзия, әсіресе, сынға жарасатын сұлу эпитет прозаның мазмұнын сұйылтады. Шығарма  әдеби – халықтық тілден тұрады.

Бүкіл әлем әдебиетіндегі өлеңдер  әр халықтың тіл ерекшелігіне байланысты әр түрлі жүйеде жазылады. Метрикалық жүйе - әуезді жүйе, оның арқауында ән жатады. Көне дүние әдебиетіндегі өлеңдер әрқашан әуенмен айтылған, жай оқылмаған, музыкалы мақаммен оқылған. Осыған сәйкес метрикалық жүйенің бірнеше түрі бар: ямб, хорей, анапест, дактиль, антипаст, бакхий, гекзаметр т.б.(-) созымды буын, (U) – созымсыз буын. Ямб U- ;   Хорей U- т.б. Силлабикалық өлең жүйесі . (гр. Sillabe - буын) ең шешуші нәрсе – буын, ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ бәрі де буынға негізделеді.Чех, поляк, серб, француз, қазақ т.б. халықтарға тән. Тоникалық өлең жүйесі (гр.tonos - екпін). Бұл өлеңнің өлшемі екпін: буын, ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ бәрі де екпінге негізделеді. Екпін түсетін буындар есепке алынады да, екпінсіз буындар есептелмейді. Силлабо-тоникалық өлең жүйесі. Бұл өлеңнің өлшемі - әрі буын, әрі екпін. (-) екпінді буын.   (U) екпінсіз буын. Өлеңдегі ұйқас пен ырғақ.  Ұйқас, яки рифма (гр. Rhythmus—өлшемдес, мөлшерлес) - өлең тармақтарындағы сөз аяқтарының үндестігі, өзара ұқсас, дыбыстас естілуі. Ұйқас- өлеңнің сыртқы түріне ғана емес, ішкі сырына тікелей қатысты нәрсе.

Әдеби үрдіс- бұл белгілі бір  дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен  елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі  тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи-заңды қозғалысы. Әдеби үрдіс – адамзаттың эстетикалық, рухани құндылықтарының толығуының тарихы. Әлемдік деңгейдегі үрдіс қоғамдық-тарихи үрдістің бір бөлшегі болғандықтан, оған тікелей тәуелді екені анық. Қазіргі әдебиеттануға жүгінсек, әдеби үрдіс – мәдени-тарихи өмірдің бір тармағы. Демек, әдеби үрдісті жалпы мәдениеттен тыс қарауға болмайды. Әдебиеттің дамуында әдеби дәстүрлер маңызды роль атқарады. Көркемдік идея, түр, тақырыпты жалғастыру дәстүрі қаламгерлердің көзқарастарынан туындап, қаншалықты маңызды болғанымен, әдебиет дамуында тек қосалқы мән иеленеді. Өмірге қарым-қатынастың әр кезде кезедесетін тарихи идеялық-эмоционалдық түрлері (трагедиялық пен комедиялық, сатиралық пен патетикалық), жалпыадамзаттық, адамгершілік және философиялық проблемалар (ізгілік, ақиқат, сұлулық), өнердің «мәңгілік тақырыптары», сондай-ақ ғасырлар бойына екшеліп, жинақталған көркемдік түрлер (бірінші кезекте жанрлық түрлер) әдеби үрдістің тіршілік етуіне қажетті дәстүрді құрайды.

Көркем шығарманың тарихи қалыптасып, даму үстінде болатын типі жанр деп аталды. Әр жанр өзіндік пішіндер арқылы ерекшеленеді. Француз тілінен аударғанда «түр», «тек» деген мағына береді. Барлық әдеби шығармалар 3 текке бөлінеді: эпос, лирика, драма. Әрбір тек іштей түрлерге бөлінеді. Эпосқа миф, эпопея, роман, повесть, мысал, ертегі, әңгіме, очерк; лирикаға -  ән, поэма, романс, ода, элегия; драмаға – трагедия, драма, комедия, мелодрама, водевиль, киносценарий жатады. «Жанр» термині кейде әдеби түр, кейде әдеби тек ұғымдарының баламасы ретінде қолданылып келеді.

Көркемдік әдіс (грек тілінде methodos –  зерттеу жолы) – суреткердің өзі  танып-білген ақиқат дүниеге шығармашылық қарым-қатынасының жалпы ұстанымы, яғни ақиқат дүниені қайта жасауы. Көркемдік әдіс - әдебиеттану ғылымындағы  маңызды ұғымдардың бірі. Ол көптеген қаламгерлер шығармашылығында қайталана отырып, өнердегі өмірді бейнелеудің  ортақ ерекшеліктерін айқындап, сол арқылы бір немесе бірнеше елде әдеби ағым (бағыт) туындатады. Мысалы, реализм, романтизм, символизм т.с.с. Өмірді көркем бейнелеу сипаты, ең алдымен, қаламгердің өмірді бейнелеу үшін таңдаған әдісінің негізінде пайда болады. Әдебиеттану қырынан алғанда, стиль – жазу машығы, жазушының, жеке шығарманың, әдеби бағыттың, ұлт әдебиетінің өзіндік сипатын танытатын образдар жүйесінің, көркемдеу құралдарының тұрақты жиынтығы. Әр жазушының стиль ерекшелігін оның шығармасындағы көркем компоненттерін тану арқылы айқындаймыз. Әр жазушының өзіне ғана тән суреттеу стилі, сөз саптау мәнері бар. Ол сол жазушының барлық шығармаларында көрініс беріп отырады.

Информация о работе Қазіргі әдебиеттану ғылымының теориялық негіздері