Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2014 в 15:59, реферат
Зерттеудің өзектілігі. Елдің егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудің аса маңызды факторларының бірі – ұлттың тұтастығы мен бірлігі. Ал ұлттың ыдырамас тұтастығы, мызғымас бірлігі, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығы оның әдебилігімен тығыз байланысты. Өйткені ұлтты ұйыстыратын, оны өзге этностардан өзгешелігі мен айырмасын айқын аңғартатын негізгі белгісі де, бет-бедері де оның тілі, әсіресе ұлттық әдеби тілі.
Байырғы қазақ мәдениетінде қазақ қызының ең бақытты шағы оң жақта, әкенің үйіндегі кезі (құдай-ау, оң жақтағы күнім қайда?), сондықтан күйеуге ұзатылып бара жатқан қыз үшін әкенің үйі – алтын босаға, ал атастырып қойған күйеуінің үйі болашақта келін болып түсетін үй – жат босаға, келін болып түсіп, оң аяғымен аттаған босағасы – ақ босаға.
Жұмыстың “Тілдік тұлға және оның мәдени-тілдік құзіреті” деп аталатын тармағында адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алынды.
Тілді халық арқылы, халықты тілі арқылы, сондай-ақ адамды тілі (сөзі) арқылы, сөзі арқылы адамды тану идеясы әр дәуірдегі ұлы ойшылдарда да айтылған. “Адамына қарап сөзін алма, сөзіне қарап адамын ал” дейтін Абайдың философиялық ойы субъектінің сөзі арқылы оның әлеуметтік, білімдік, психологиялық тұлғасын тану жөніндегі антропоцентристік идеямен үндес екені айқын аңғарылып тұрады.
Тілдік тұлға тек тілдің ғана субъектісі емес, адресант және адресат ретінде сөздің де субъектісі. Дәстүрлі парадигма сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, жаңа парадигмада сөз мәдениетінің түпқазығы тілдік тұлға болуға тиіс.
Адамдар ақиқаттағы заттар мен құбылыстардың, уақиғалардың, қысқасы, денотаттар әлемінің ортасында өмір сүреді. Санада сәулеленген ақиқат өмір үзіктері адамның ой елегінен өтіп, білім дүниесіне, яғни интеллектуалдық, руханияттық, мәдени-әлеуметтік қажеттілікті өтейтін концептілерге айналады. Сөйтіп, адамдар тек ақиқат дүние ортасында ғана емес өздері жасаған идеалды дүние әлемінде де өмір сүреді.
Әрбір кезең, әрбір дәуірдің өзді-өзіне тән ақиқат дүние туралы білім жүйесі болады. Мысалы, қой, жайылу, ауыл, өріс, бытырау, изен, жусан т.б. сөздердің қандай мағынаны білдіретіні немесе қандай денотатты көрсетіп тұрғаны бізге белгілі. Бұл – тілдік білім. Ал “қой бытырап, шашырап бір-бірінен алшақ кетіп жайылса, ауыл қонған жерден тым ұзап кетсе, ол жердің оты нашар болғаны. Ауыл ондай жерде ұзақ отырмайды оты қалың, изенді, жусанды, өрісті жерге көшеді” десек, бұл – тілдік емес, дүниелік білім. Ал белгілі бір көркем шығараманы оқыған оқырманға сол дәуірдегі тілдік емес білімді білу қажет. Көркем шығармада тілдік семантикадан басқа да білім дүниесі бар. Сол білім дүниесі шығармада қалай берілді? Қазақ әдебиетінің класигі Ғ.Мүсіреповтің көркем шығармаларының оқырманды баурап алуының сыры риторикалық тәсілдерді, стильдік амалдарды шебер қолдануында ғана емес, оқырманға бейтаныс тілдік емес білімдер жүйесін ашып берумен де байланысты. Жазушының бір әңгімесінде батырдың мінген қазанаты “құлағын қайшылап, оқыранып, аяғымен жерді тарпи береді”. Атының бұл мінезіне қарап батыр не қалың жылқыға, не жылқыны қуып әкетіп бара жатқан жауға кездесетінін біле қояды. Осылайша жазушы оқырманға сол дәуірдің білім дүниесінің есігін ашпаса, оқырман сол дәуірдің ішіне кіре алмайды.
Дүниелік білім когнитивтік санада бір-бірімен ұштасып жатады. Мысалы, қауіп-қатер таянғанда жылқының әлгіндей жер тарпитын қылығы, қазақы қазанаттың тарпаң, құланмен туыстығымен байланысты көрінеді. Мысалы, құлан үйірін шақырғанда, үйіріне қауіп төнгенде алдын ала сезіп, ащы дауыс шығарады екен. Міне, осындай дүниелік білімдер оқырман-тілдік тұлғаның санасында болғанда, Махамбеттің “Құландай ащы дауыстым” деп, Исатай батырды жоқтағандағы жан-дүниесін тереңірек ұғынуға болады.
Белгілі бір тілдік таңбада екі түрлі мағына (білім) кодқа салынуы, соған сәйкес екі түрлі код болуы мүмкін. Біріншісі – тілдік код, екіншісі – мәдени код. Тілдік таңбалардың мәдени семантикасын зерттеуде осы екі түрлі мәнділікті ажырата білу қажет.
Тілдік тұлға ұлттық тілді тұтынушы ғана емес, ұлттық мәдениетті де тұтынушы. Осы тұрғыдан қарағанда белгілі бір тілдік концептінің құрылымдық түзіліміне мәдениеттің де қатысуы, “араласуы” кәдік. Олай болса, тілдік таңба мағынасының қай бөлігінде, қай тұсында мәдени мән болатынын айқындау қажет. Сөйлеуші я болмаса тыңдаушының сөз стратегиясында мәдени мәнді сезіне алатынын/алмайтынын анықтаудың [11] сөз мәдениеті үшін мәні ерекше.
Мәдени семантиканы айқындауда тілдік тұлға үшін қиындықтар да болады. Кейбір тілдік таңбаларда мәдени ақпараттар тілдік мағынаның тасасында тұрады да, имплицитті сипатта болады.
Тілдік семантика (білім) мен мәдени семантиканың (жалпы дүниелік білімнің) бір-бірімен байланысы бірде айқын, бірде көмескіленіп, кейде бір біріне жақындап, кейде бір-бірінен алшақтап тұрады. Мысалы, жұлдыздар тіркесіпті, жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркестің мәдени-ұлттық семантикасы тым көмескіленіп кеткен. Байырғы дүниелік білім бойынша төменнен жоғары тартылған түзудің бойымен жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар-Таразы, одан төменде Сүмбіле жұлдызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тіркесіпті дейді. “Күн суытып, қыс түсер шақ” келді деген ұғымды білдіреді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Жұлдыздар керуеніннің басында Үркер мен оның Үлпексарысы тұрады. Ал жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың горизонталь түзудің бойымен қатар келуін жұлдыздар теңесіпті дейді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақта), Үш Арқар-Таразы (ортада), Үлкер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында, тізілген моншақтай болып тұрады. Жұлдыздар теңесіпті дегенді, кейде Таразы басы теңесіпті дейді, “күн мен түн теңелді” деген ұғымды білдіреді.
Тілді тұтынушыда лингвистикалық құзірет, коммуникативтік құзірет, сондай-ақ мәдени-тілдік құзірет болады. Ал тілдік-мәдени құзірет дегеніміз тілдік тұлғаның сөйлеу (жазу) мен айтылған (жазылған) сөзді қабылдау кезінде тиісті мәдени семантиканы, мәнділікті қоса меңгеруі.
Тіл мен мәдениеттің өзара ықпалдастығы, әсері негізінде тілдік таңбаның мазмұн межесінде мәдени семантика қалыптасады. Аударма, тіл үйрету, көркем мәтінге талдау жасауда, сөздіктер құрастыруда тілдік таңбаның грамматика, лексика-стилистикалық мағыналарымен бірге ондағы мәдени ақпараттарды да ескеру аса қажет. Мысалы, қазақ тілінің онтомдық түсіндірме сөздігінде жылқы сөзіне мынадай түсініктеме берілген:
ЖЫЛҚЫ з а т. Төрт түлік малдың көлік үшін пайдаланылатын тақ тұяқты түрі. Әрине, жылқының лексикалық мағынасы толық ашылған, төрт түлік, тақ тұяқты деген семалар лексикалық мағынасын жеткілікті дәрежеде беріп тұр. Басқа ұлттың тілі, мәдениеті үшін бұл түсіндірме, бәлкім, дұрыс та шығар, ал мәдени мәнділікке байланысты ақпарат қазақ тілінің сөздігі үшін толық болмай тұр. Өйткені жылқы сүтінен жасалатын қымыз – қазақ мәдениетінде астың асылы, ардақтысы. Сондай-ақ жылқының қазы-қарта, жал-жаясы да астың ең сыйлысы. Олай болса, жылқы сөзінің мәдени семантикасына қатысты негізгі ақпараттар дефиницияда мүмкіндігінше қамтылуға тиіс. Мысалы: ЖЫЛҚЫ з а т. Көлік үшін, еті, сүті тағам үшін пайдаланылатын төрт түліктің тақ тұяқты түрі деген нұсқада беру тілдік семантиканы әрі мәдени семантиканы қамти түсер еді.
Егер сөз мағынасының құрылымы денотаттық және сигнификаттық екі деңгейден тұратынын ескерсек, мәдени семантиканың сигнификаттық компоненттен орын тепкені байқалады. Халық тілінде кездесетін, этномәдени танымның мифологиялық санамен байланысын көрсететін фразеологизмдер мен паремологизмдердің өзі сақталғанмен, прототиптері, архетиптері көмескіленіп, жоғала бастады. Мәселенің қиындайтыны да осы арада. Сөзқолданыста қате-кемшіліктердің жиі кездесетін, сөз мәдениетіндегі қауіпті аймақтың бірі осы тұста деуге болады. Өйткені этномәдени лексиканың мән-мағынасын жете түсінбегендіктен, мәдени семантикаға қайшы келетін сөз қолданыстар жиі кездесе бастағаны байқалады. Мысалы, газет бетінен қайсыбір мектепте эстетикалық тәрбие мақсатында үкілі қыз байқауын өткізгені жайында айтылған. Ал шынында үкілі қыз сөзі “үкі тағылған, құда түсушілер үкітағар ырымын жасаған” деген мәдени семантиканы білдіреді. Байқау конкурсты өткізушілердің үкілі қыз сөзінің мәдени семантикасынан бейхабарлығын көрсетеді.
Тілдік тұлға үшін мәдени-тілдік семантиканың аса күрделі түрі фразеологимдер, паремологизмдер тәрізді тілдік таңбаның мазмұн межесіндегі құрылымдармен байланысты.
Этностың ақиқат дүние туралы көзқарасы, салт-дәстүрі, жол-жоралғылары әдет-ғұрпы, моралі, әдебі, тұрмыс-тіршілігімен байланысты ақпараттар жинақтаған тұрақты сөз орамдарының мазмұндық құрылымында ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрсететін ұлттық менталитетті танытатын компоненттер болады. Осыларды айқын аңғара білмеген жағдайда сөйлеуші/жазушы коммуникативтік сәтсіздікке ұшырауы ықтимал. Соңғы жылдары әсіресе радиохабарларда жылы лебізді құттықтау сөз айта келіп, мерейтой иесіне “қартаймаңыз!” деп тілек білдіреді. Қазақ мәдени қоғамдастығы “қартаймаңыз” деген тілекті қабылдай қоймайды, мұндай тілек “кәрілік жасқа жетпеңіз” дегендей сезіледі. “Адам қартаймайтын шайтан емес қой” деп қайсыбір кісілер мұндай тілекті қош алмайды. Қазақ cалтында қарттық үлкен құрмет, адамның қызметі, атақ-дәрежесінен гөрі жасын сыйлау, жасына қарай жол беру жағы мықтап ескеріледі. Үлкендердің байырғы кезде кәрілікке жеткізсін, жағың түспей, жамандық көрме; ақ сақалды сары тісті бол дейтіні сол этикалық норманы айқын аңғартады.
Сонымен, тілдік тұлғаның коммуникативтік сәтсіздікке ұшырау қаупі жиі кездесетін аймақтың бірі негізінен мазмұн межесі этномәдени семантикаға ие тұрақты сөз орамдарымен, яғни фразеологизмдер мен паремологизмдердің мәдени-ұлттық семантикасымен байланысты деуге болады.
“Сөз мәдениетінің этикалық аспектісі” тараушасында ұлттық этикалық ұстанымдардың, жалпыадамзаттық этикалық құндылықтардың этикалық нормаларды құрайтыны, ал этикалық нормалар дейтініміз қарым-қатынастың әртүрлі жағдаятына (ситуациясына) тән тілдісу ережелерінің жиынтығы болып табылатыны (Энциклопедический словарь) айтылады. Сөз этикасы – дүниетанымдық компоненттерден, этикеттік компоненттерден және эстетикалық элементтерден тұратын күрделі құрылым.
1. Сөз этикасының дүниетанымдық бөлігі адамзаттық құндылықтар жөніндегі ұғым, түсініктерден тұрады. Тілдік тұлғаның сөз әрекеті адамгершілік, ар-ұят, жауапкершілік, парыз, ізгілік, мейрімділік, әділдік, шыншылдық, ақиқат тәрізді жалпыадамзаттық құндылық принциптеріне бағынады. Тілдік қарым-қатынаста, сөйлеушінің саптаған сөз өріміне осы принциптер негіз болады.
Қарым-қатынасқа осы принциптерді ұйытқы етіп алушылық қазақтың байырғы ұлттық сөз өнері дәстүрінде, әсіресе шешендік сөз өнерінде айрықша орын алғандығын айқын аңғаруға болады: тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ; сөзді шын тоқтатады, суды шым тоқтатады.
Сөз этикасының дүниетанымдық компонентіне тіл субъектісінің (тіл иесінің) тілге, сөзге қатысты мақал-мәтел түріндегі пайымдауларын жатқызуға болады. Өйткені ұлттық сөз этикасы өнер алды – қызыл тіл; тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады; сиыр мүйізінен байланады, адам сөзінен байланады; таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді т.б. пайымдауларды да тірек-таяныш етеді.
2. Сөз этикасының этикеттік бөлігі байланыс орнату, байланысты жалғастыру, байланысты аяқтау тәрізді қарым-қатынас тәртібінің ережелерін білу, сол ережелерді коммуниканттың мәртебесіне сай, қарым-қатынастың ресми/бейресми жағдаятында іс жүзінде қолдануға тірек-таяныш болады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу; сөйлеушінің сөзін бөлмеу, сөйлеуші тыңдаушыны назардан тыс қалдырмауы, өзін төмен ұстауы, мадақ сөзден қашуы т.б. тәрізді ұлттық сөз саптау дәстүріндегі талаптар сөз этикетіне ұйтқы, тірек-таяныш болады. Сөз этикетінің қатысты мұндай талаптар мақал-мәтелдерде айқын аңғарылады: сәлем – сөздің анасы; бір күн үзеңгі жолдасқа қырық күн сәлем; анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без, атасы тұрып ұлы сөйлегеннен без; сіз деген – сөздің сынығы, сен деген – сөздің анығы т.б.
3. Қазақтың ұлттық сөз саптау дәстүрінде этикалық ұғымдарға қоса эстетикалық компоненттер де қабаттаса, қатарласа жүреді. Мысалы: құр айқай бақырған /құлаққа ән емес/ өнерсіз шатылған/ Жігітке сән емес (Абай); Аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен (мақал); сөйлеуші желдей есілген, тыңдаушы бордай езілген (М.Әуезов); Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын (мақал) т.б.
Сонымен бірге сөз этикасының құрамына сөз этикеті деген ұғым кіреді. Ал сөз этикеті ережелері сыпайылық принциптеріне негізделген. Сөйлеуші жақтың өз әріптесіне құрметпен қарауы негізгі ережелердің бірі болып саналады. Сыпайылық, сыйластық, ізеттілік – моральдың, этиканың түп негізі. Сайып келгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеу адамдардың бір-бірін құрметтеуінен, ілтипатшылдығынан (толерантность) басталады.
Жоғарыдағы айтылғандарды түйіндей келгенде, ұлттың дәстүрлі сөз саптау мәдениетінде этикалық, эстетикалық құндылықтардың мәні айрықша болады. Мейірімділік, ізеттілік, адамгершілік, жауапкершілік, дегдарлық, парыз т.б. эстетика-этикалық категориялар адамдар арасындағы тілдік қатынаста үйлестіріп-үндестіріп отырады. Сондай-ақ тілдік қарым-қатынаста дауыс көтеру, айқайлау, шәңкілдеу қарым-қатынас психологиясына кері әсер ететін, эстетикалық принципке қайшы сөз әрекеттері болып саналады. Мысалы, қазіргі кездегі сөз саптауда, тілдік қарым-қатынаста адамдардың өз дегеніне жетуді, өзіне тиімді жағын көздеуді өзара түсіністік, өзара ықпалдастықтан гөрі өзінің жеке басының мақсат-мүддесін алға тартуы, бейпіл сөздерді жария түрде қолдану (легилизациялау) қоғамдық сананы БАҚ арқылы дегеніне қарай бұрмалап отыру БАҚ арқылы өштескен адамы жөнінде жағымсыз пікір тарату; домалақ арыз жазу тәрізділер сөз этикетіне тән норманың бұзылуына саятын жағымсыз әрекеттерге жатады.
Сөйтіп, халықтың мәдени-ұлттық дәстүріндегі этикалық қатегориялар, эстетикалық, риторикалық принциптер тілдік ұжымның ішіндегі үндесім-үйлесім қызметін (гармонизациялау) атқарады.
Сөз мәдениеті деген терминге анықтама қазақ тілтанымында негізінен тілдік-нормативтік, коммуникативтік тұрғыдан берілсе, ендігі жерде бұл ұғымның құрамына этикалық нормалармен байланысты ерекшеліктері қамтуы жағынан назар аудару қажет. Олай болса сөз мәдениеті деген терминге – “белгілі бір мәдени тілдік қоғамдастықта қалыптасқан тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалармен эстетикалық принциптерді сақтай отырып, тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді қарым-қатынас жағдаятының (ситуациясының) ерекшелігіне сай талғап, таңдап қолдану арқылы көздеген коммуникативтік мақсатқа жетуге барынша мүмкіндік беретіндей тиімді ұйымдастыру” деп анықтама беруге болады.
“Сөз мәдениетінің лингвоэкологиялық аспектілері” деп аталатын тараушада тілдік орта мәселесі, оның өзгеру, даму динамикасы, тілдің дамуына, тілді қолдануға теріс әсер ететін себептер, сондай-ақ тілдің өміршеңдігін, қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік тәжірибелерін жетілдіру жайттары қарастырылды.
Тілдік орта лингвоэкологиялық зерттеудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдық-тілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этнопсихологиялық факторлардың жиынтығы.