Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Сентября 2013 в 18:15, лекция
Бумын қаған 545 жылы түркінің он тайпасын біріктіріп, Түркі қағанатын құрды. Қағанаттың құрылуы түркі тайпаларының өзге мемлекеттермен түрлі қарым-қатынасқа түсуіне және өз ішінде ортақ этникалық мүддені ұғыну дәрежесіне көтерілуге байланысты болды. Қағанаттың құрылуына деген алғышарт ғұндар кезінде-ақ қалыптаса бастағанымен, жалпытүріктік мүдде негізіндегі тұтас көзқарас немесе түркі идеясы осы Түркі қағанаты кезінде туындаған болатын.
Түркі қағанаты
Түркі қағанаты
Көшіп-қонып жүрмеген,
Жер қадірін
не білсін ...
Асан қайғы
Бумын қаған 545 жылы түркінің он тайпасын біріктіріп, Түркі қағанатын құрды. Қағанаттың құрылуы түркі тайпаларының өзге мемлекеттермен түрлі қарым-қатынасқа түсуіне және өз ішінде ортақ этникалық мүддені ұғыну дәрежесіне көтерілуге байланысты болды. Қағанаттың құрылуына деген алғышарт ғұндар кезінде-ақ қалыптаса бастағанымен, жалпытүріктік мүдде негізіндегі тұтас көзқарас немесе түркі идеясы осы Түркі қағанаты кезінде туындаған болатын.
«Түркі мемлекетінің құрылуы - бүкіл адамзат тарихының бетбұрыс кезеңі. ...Түркілердің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік институттарының күрделі түрлері қайран қалдырады: ел, меншіктің сатылық жүйесі, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай–ақ, көрші отырған елдердің идеологиялық жүйелеріне қарсы қоятын, мұқият әзірленген дүниетанымның болғандығы таңқалдырады» дейді Л.Гумилев55.
Екі ғасырдай өмір сүрген Түркі қағанатының жері шығыста Корей түбегінен, батыста Днепрге дейін, солтүстікте Мұзды мұхиттан, оңтүстігінде Қытай, Үндістан шегараларына дейінгі жерді алып жатты. Ол кезде түркілерге Византия, Иран және Қытай мемлекеттері салық төлеп тұрды. Көпке созылмай, ішкі қырқыстар мен жанжалдар өршіп, бар-жоғы отыз жылдан кейін түркі патшалығы Батыс және Шығыс жақ болып екіге бөлінді. Түркі қағанатының екіге бөлінуіне негізгі себеп - Тоба қағанның бұдда дінін қабылдауы болды.
Осы ұлы мемлекеттің басында
елді біріктірудегі еңбегі үшін өз жұрты
Елтеруші атаған Құтлұғ қаған, Білге қаған,
Күлтегін және Тоныкөктер болды. Осы елбасшыларының
құрметтеріне қойылған құлпытастардағы
жазулар жалпыэтникалық, жалпытүркілік
идеяға үндеу болатын. Күлтегіннің үлкен
жазуында:
...Көкте түркі Тәңірі,
Түркінің қасиетті жері, суы былай депті:
“Түркі халқы жойылмасын,
Ел болсын”.
Кошо-Цайдамдағы Күлтегіннің құрметіне орнатылған ескерткіште түркілердің ұлылығын былай сипаттайды: “Жоғарыда көк Аспан және төменде бурыл бурая жер пайда болғанда, олардың ортасында адам баласы дүниеге келді. Адам баласын менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми қағандар биледі. Олар таққа отырғанда империяны қолдап оны құрды және Түркі халықтарының заңдарын шығарды. Әлемнің төрт бұрышында да олардың жаулары көп болды. Олар әскермен жорыққа барып жан-жақтағы көптеген халықтарды тыныштандырып өздеріне бағындырды. Басқалар түркілердің алдында бастарын иіп тізелерін бүкті. Олар бізді шығыста Гадірхан орманына Хинган тауы және батыста Темір қақпаларға Трансоксиана дейін алып барды. Шеттегі осы жерлердің арасында Көк Түркілер билік жүргізді. Олар дана және айбынды; олардың барлық істері адал және барлық халыққа әділ болды“229.
Көшпелі және егіншілік мәдениеттердің өзара тығыз табиғи байланысына негізделген шаруашылық жүйесінің, түркі тілі мен руникалық жазуының, қоғамдық ойының, он екі жануар атынан тұратын мүшел жыл санау жүйесінің қалыптасуы соның айғағы еді. Яғни, өзіне тән болмыс-бітімі бар түркілік өркениеттің қалыптасу процессінің аяқталған мезгілі болатын. Түркістан қаласы Жібек жолының бойындағы стратегиялық және мәдени-сауда орталығы ретінде Түркі қағанаты кезінде салынды. Қазақстан жерінде Түркістанға дейін жүзден астам қаланың болғаны белгілі.
Қазіргі деректерде жазба түркі тілі VI ғасырдағы Орхон-Енисей руникалық жазбаларынан басталады деп жүр. Түркілерде жазба әдебиетінің б.д. III ғасырында болғаны туралы (кейбір деректерде біздің дәуірге дейін) Л.Гумилев өзінің “Хунну” кітабында: “Троецарствия тарихында” Қытай мен ертедегі Камбоджа патшалығы Фунанның арасында елшілік алмасқаны туралы хабарлайды. Қытай елшілігі 245 және 250 жылдар арасында Камбоджада болып, қайтқанда оған қатысқан Кань Тай Фунан патшалығы туралы мынадай мәлімдеме жасайды: “Оларда кітаптар бар және оларды архивтерде сақтайды. Олардың жазулары ғұндардың жазуына ұқсас” деп жазады. Бұл мәлімдемеде елші Ғұн жазуын бұрыннан білетін адамдай айтып тұрғанын ескеру керек. Ол қандай алфавитпен жазылған жазу?
Герман таңбаларына
Белгілі ғалым Габаин (Annemarie Von Gabain) түркілердің мұсылмандықтан бұрын 7 әліппе қолданғанын айтады. Бұлар: орхон, соғды, ұйғыр, манихей, брахман, тибет және эстрангело әліппелері. Оның пікірінше ұйғыр және соғды әліппелерінің мерейі бұддашылық таралғаннан кейін өскен және манихей дінін мойындағандардың манихей әріптерімен, ал несториандықты қабылдағандардың эстрангело әліппесімен жазғанын айтады 200, 205.
Қазақстан жерінде болған жазу үлгілері туралы академик Ә.Марғұлан “Қазақстанның байтақ өлкесінде 4 түрлі жазудың үлгісі сақталған: ескі ғұн, үйсіндер пайдаланған рұна жазуы; Орхон дәуіріндегі рұна жазуы; шығыс Түркістанда ұйғырлар пайдаланған арамей жазуы (Жұбан Ана, Батағай); араб жазулары (Айша бибі, Бабаша Хатұн, Болған Ана, Көк Кесене) тағы басқалар” дейді102.
Рұна үлгісімен түркі тілінде ағаш асатаяққа жазылған ең ескі мәтін VI ғасырдың соңы, VII ғасырдың басында жазылған. XIX ғасырда Орхондағы тастардан табылған жазу үлгісінің шығу тегі туралы ғалымдар бір пікірге келген жоқ. Біреулері осы әліппе ру-тайпа таңбаларынан шыққан десе, екіншілері арамей әліппесінен, келесі топ парфиялық, пехлевийлік, соғдылық, яғни аралас немесе соғды-хорезм, соғды-пехлеви-бактрия т.б. жазудан шыққан деп болжайды16. Ал, қазір Орхон жазуының қашан жазылғаны белгілі. Мысалы, Тоныкөк ескерткіші 712-716 ж. шамасында, Құл-Чұр ескерткіші 721 ж. шамасында, Күлтегін ескерткіші 732 ж., Білге Қаған ескерткіші 735 ж. жазылған.
Оңтүстік шығыс Еуропада табылған (VIII-IХ ғғ.) Секель рұнасы, батыс түркі рұнасы, печенег, хазар рұналарының Орхонда пайдаланылған сына жазуынан ерекшеленетін белгілері болуына байланысты, оларды бір жерден шықты деп айтуға болмайды16.
Бұлардан басқа қазба жұмыстары кезінде Түркі рұнасымен Кубан-бұлғар тілінде жазылған мәтіндер табылған, олар Орхон-Енисей рұнасынан гөрі күрделірек ишараттармен жазылғандықтан, мадьяр рұнасына жақын болып келеді 24.
Орхон әрпімен жазылған соңғы кітап «Ырқ Бітік» Х ғасырда шыққан. Әрбір парағы 104 жолдан тұратын, 29 беттік осы кітап манихей монастырында жазылған24. Яғни, осыдан рұна жазуының Ислам діні Орта Азияға келгеннен кейін 300 жылдай қолданылғанын көреміз.
Көне түркі (ғұндар) жазба әдебиетінің б.д.VI ғасырға дейінгі кезеңі бізге осы уақытқа дейін белгісіз. Енді ғалымдардың алдында көне түркі жазба әдебиетінің осы кезеңін анықтау міндеті тұр.
Руникалық алфавит VII-VIII ғасырларда Ұлы түркі қағанатының астанасы Отюкенде түркі және монғол тілдерінде сөйлейтін барлық тайпаларға бейімделіп үйлестірілгені байқалады. Түркі алфавиті туралы академик В.В.Бартольд былай деп жазды: “Бұл, түркі тіліне басқа алфавиттерден гөрі жақсы бейімделген күрделі жазу. Дауысты дыбыстар көп емес, дауыссыз дыбыстар дауыс гармониясы заңына байланысты екі категорияға бөлінген. Сөйтіп, түркі тіліне өте сай келетін алфавит шықты”. “Орхон-енисей алфавиті түркі тіліне, оның ішінде сингармонизм заңына өте жақсы бейімделген. Бұл жағынан алғанда ол соңынан келген ұйғыр мен араб алфавиттерінен әлдеқайда жетілген және құнды”25.
Бұл түркі алфавиті ұзақ уақыт бойы түркі тайпаларында кеңінен қолданылды. Оның іздерін Батыс Сібірден бастап Шығыс Еуропаға дейінгі байтақ жерде және Кавказдағы – құлпытастар мен шатқалдарға ойып жазылған, керамикадағы көптеген жазулардан т.б. тарихи ескерткіштерден түркілердің көшпенді мәдениетінде жазудың кең тарағанын көреміз. Еділ-Дон, Дунай және Солтүстік Кавказдағы ескерткіштердегі руна жазуларын салыстырғанда соңғы деректер олардың бір диалектіде жазылғанын дәлелдеді23. Руникалық жазуды Кавказға және Еуропаға ғұндар алып келді. Қазіргі венгер тіліндегі 1500 сөз түркі тілінен шыққан.
744 жылы Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін билік ұйғырларға ауды. Ұйғыр мәдениетіне Қытай, Үнді, Тохар және Иран мәдениеттерінің күшті әсері болғаны сезіледі198. Француз ғалымы Готьо және Бартольд ұйғыр әліппесінің соғдылардан алынғанын ғылыми түрде дәлелдеген25, 206. В.В.Бартольд ұйғыр әліппесі туралы “Ұйғыр әліппесі түркілер Исламды қабылдаған соң араб әліппесімен дереу алмастырылған жоқ. Ұйғыр әліппесі керісінше, мұсылмандық кезінде өркен жайып, монғолдарға жетті, біраз уақыттан соң манчжурлар осы әліппені қабылдады. Сүйтіп, ұйғыр әліппесі Тынық мұхитқа дейінгі жерде қолданымда болды. Осы әліппенің соғдылардан алынғанын XIII ғасырда өмір сүрген мұсылман ойшылы Фахраддин Мүбәрәкшах Мәруеррұди нақты атап көрсеткен. Түркілердің орхон жазуын тастап, ұйғыр әрпіне көшуі кері адым еді. Үйткені ұйғыр жазуы орхон жазуына қарағанда дыбыстарының саны аз болғандықтан, түркі тілінің дыбыстарын беруге жеткіліксіз еді”25 деп жазған.
Неміс ғалымы А.Фон Габен, «еуропа мен мұсылманның миниатюралық кескіндемесі живопись ұйғырлардан, яғни түркілерден шыққан» дейді 89.
Түркі тектес халықтардың ежелгі тарихы мен тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын танытатын VII-VIII ғасырларда Сырдария бойында мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында жыр дәстүрімен жазылған рухани қазына, эпикалық және тарихи мұра - «Қорқыт ата кітабы».
Қорқыт атаның өзі туралы академик Ә.Марғұлан: «...Қорқыттың өмір бойы арман еткені - өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру. Мұнда ажалмен айқасумен бірге, құдайдың өзімен алысудың аялғысы бірге жүреді. Қорқыттың бұл философиясы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі болып суреттеледі. Мұны тек Прометей не Харта туралы айтылатын дүниежүзілік әдебиет мұрасына теңеуге болады. Қазақ аңыздары бойынша Қорқыт бар өмірін тағдырмен, дүниені жасаушымен алысу үстінде өткізеді. Өлмейтін өмірді көксеп, тағдырға, өлімге қарсы тұрады. Жас Қорқыттың іздегені адам баласының өлмей, уайымсыз еркін жасауы. Қорқыт философиясы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді. Онымен күресуді Қорқыт өзіне бірінші міндет етіп қояды.
Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт халықтың қорғаушысы, халық бұқарасына жан-тәнімен болысатын, оған дем беруді өзіне мұрат еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі.
Өліммен күресу сюжеті әсіресе қазақ пен Алтай елінің аңызында өте жарқын сарынмен айтылады. Бұл сюжет Шумер елінің эпосы «Гильгамеш» жырында да келісті суреттелген. Қазақ халқының өлімге қарсы аялғысы Қорқыт аңызымен байланысты»103.
Қорыта айтқанда Түркі қағанаты кезеңі түркі өркениетінің қалыптасу, шет елдерге тарау және тұтас түркі елі идеясының өмірге келу уақыты болды.