Тас және қола дәуіріндегі Қазақстан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Января 2014 в 12:17, реферат

Краткое описание

ас дәуірі бірнеше кезеңнен тұрады: палеолит (ерте тас ғасыры) 2,5 млн – 12 мың жыл аралығын қамтиды, ол өз кезегінде ежелгі (2,5 млн – 100 мың жыл бұрын), ортаңғы (100 – 40 мың жыл бұрын), кейінгі палеолитке (40 – 12 мың жыл бұрын) бөлінеді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Тас және Қола дәуіріндегі Қазақстан.docx

— 3.26 Мб (Скачать документ)

Ежелгі Қазақстан

Тас дәуірі – адамның және адам болмысы басты қасиеттерінің қалыптасу кезеңі.

Тас дәуірі бірнеше кезеңнен тұрады: палеолит (ерте тас ғасыры) 2,5 млн – 12 мың жыл аралығын қамтиды, ол өз кезегінде ежелгі (2,5 млн – 100 мың жыл бұрын), ортаңғы (100 – 40 мың жыл бұрын), кейінгі палеолитке (40 – 12 мың жыл бұрын) бөлінеді.

Мезолит (орта тас ғасыры) б. з. б. 12 – 5 мың жыл арасын қамтиды. Жаңа тас ғасыры (неолит) б. з. б. 5 – 3 мың жыл деп шамаланады. Тас дәуірінен қола дәуіріне өтпелі кезең энеолит б. з. б. 3 мың жыл деп есептеледі. Алғашқы мемлекеттер мен жазудың пайда болуына дейінгі тарихтың бүкіл кезеңін алғашқы қауымдық құрылыс деген атау қалыптасқан.

Күнтізбе

Б. з. б. 2,5 млн – 12 мың жыл – палеолит (ерте тас ғасыры: жер бетіндегі алғашқы адамдардың, еңбек құралдарының, отбасы және ежелгі қауымның пайда болуы).

Б. з. б. 2 миллион жылдан 800 мың жылға дейін – дошель (Олдувей) мәдениеті.

Б. з. б. 1 млн жыл – ежелгі адамдардың Қазақстанды игере бастауы.

Б. з. б. 800 мың жылдан 140 мың жылға дейін – шель және ашель.

Б. з. б. 140 мың жылдан 40 мың жылға дейін – соңғы ашель мен мустье.

Б. з. б. 40–35 мың жыл — «Хомо сапиенс» — «саналы адам» қалыптасты.

Б. з. б. 40–12 мың жыл – кейінгі палеолит (адамдардың жердің барлық климаттық аймақтарын игеруі).

Б. з. б. 12–5 мың жыл – мезолит (орта тас ғасыры: садақ пен жебенің пайда болуы, итті қолға үйрету).

Б. з. б. 8–7 мың жыл – дәнді дақылдардың пайда болуы, жануарларды қолға үйрету.

Б. з. б. 6–5 мың жыл – егіншілік пен малшылықтың Еуразия аумағында таралуы.

Б. з. б. 5 мың жыл – тілдік топтардың қалыптасуы.

Б. з. б. 5–3 мың жыл – неолит (жаңа тас ғасыры: тасты өңдеудің жетілуі, терімшілдіктен егіншілік пен малшылыққа өту).

Б. з. б. 3 мың жыл – энеолит (мыс-тас ғасыры: тасты пайдаланудан металға өту).

Б. з. б. XVIII-VIII ғғ. — Қола дәуірі.

Б. з. б. XVIII – XVI ғғ. — ерте қола дәуірі.

Б. з. б. XV – XII ғғ. - орта қола дәуірі.

Б. з. б. XII – VIII ғғ. — кейінгі қола дәуірі.

Тарихи хроника

Қазақстан жеріндегі тас ғасыры.

Тас ғасыры – археологиялық  дәуірге бөлуде алғашқы тас құралдарының пайда болуынан бастап, қола құралдарының шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі көне тас ғасыры – палеолит, өтпелі кезең – мезолит, жаңа тас ғасыры – неолит болып бөлінеді. Палеолиттің ерекшелігі Еуразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің бір-біріне едәуір ұқсастығы болып табылады. Тас ғасырында тас құралдарымен қатар сүйектен, ағаштан жасалғандары да қолданылды. Ежелгі палеолит адамдары бірігіп аң аулады, бірігіп терімшілік етті. Ежелгі палеолит кезеңінде дінге сенушілік болған жоқ. Шелль және ашель дәуірінде питекантроптар, синантроптар, гейдельберг адамы өмір сүрді. Ортаңғы палеолиттің мүстье дәуірінде жаңа адамдар типі – неандертальдықтар қалыптасты.

Палеолит

Палеолит (гр. Palaios – ежелгі және lithos – тас) – ежелгі тас ғасыры. Б. з. б. 2,6 млн. жылдан – б. з. б. 10 мың жыл аралығын қамтиды. Палеолит ғылымда төменгі, ортаңғы және жоғарғы деп 3-ке бөлінеді. Төменгі немесе ежелгі палеолит шамамен б. з. б. 2 млн-нан 140 мың жылға, ортаңғы палеолит 140 мыңнан 40 мыңыншы, ал жоғарғы немесе кейінгі палеолит 40 мыңнан 10 мың жылдыққа дейін созылды. Палеолит екі кезеңге – ежелгі және соңғы палеолит деп бөлінеді. Ежелгі палеолит ірі-ірі үш кезеңге (мәдениетке): олдувэй (б. з. б. 2,6 млн. жыл – 700 мың жыл), ашель (б. з. б. 700 мың жыл – 150–120 мың жыл) және мустье (б. з. б. 150 – 120 мың жыл – 35 – 30 мың жыл) кезеңдеріне бөлінеді. Соңғы палеолит б. з. б. 40 – 35 мыңжылдықтан басталып, 10 мыңжылмен аяқталады. Палеолиттің ерекшелігі Евразия мен Африка аймақтарының сол дәуірдегі мәдениеттерінің едәуір ұқсастығы болып табылады. Алғашқы қауым адамы жабайы өсетін дәндерді, жеміс жидектерді жинап, жануарларды аулаған. Төменгі палеолиттік ескерткіштер Қазақстанның Жамбыл облысындағы Қаратаудан 50-жылдары табылды (мұны тапқан Х. Алпысбаев). Бөріқазған, Тәңірқазған және Тоқалы 1,2,3, сонымен бірге Шу өзенінің оң жағалауындағы Қазанғап қоныстары белгілі. Бұл жерлерден көбінесе тастан жасалған шапқыштар табылған. Ортаңғы палеолиттің ескерткіштері Қазақстанның барлық аймағынан табылған Оңтүстік және Шығыс Қазақстаннан, Маңғыстау түбегінен мустье дәуірінің қоныстары табылған. Бұларға Сарысу өзені бойындағы Мұзбел, Ертіс өзені, Қанай ауылының маңындағы қоныстар жатады. Қазба жұмысы кезінде бизонның, ақбөкеннің, арқардың, жабайы жылқының, т. б. сүйектері, ал құралдардан қырғыштар, сүйір ұштықтар, пышақ тәріздес пластиналар ұшырасты. Жоғарғы палеолит ескерткіштері Орталық және Шығыс Қазақстаннан да табылған. Батпақ – 8, Семізбұғы, Қарабас – 3, Агренсор – 2 осындай ескерткіштер тобына жатады.

Мезолит (б. з. б. 12 – 5 мыңжылдық)

Мезолит (мезо –  аралық және грекше lithos – тас) –  орта тас ғасыры, палеолит пен неолиттің  аралығындағы тас дәуіріне жататын археологиялық өтпелі кезең. Бұл терминді 19ғ-дың 70-жылдарының аяқ кезінде швед ғалымы О. М. Торелль енгізді. Еуропада шамамен б. з. б. 9 – 5 мыңжылдықтарды, Таяу Шығыста ол б. з. б. 10 – 7 мыңжылдықтарды қамтиды. Палеолиттен Мезолитке көшу климаттағы өзгерістер мұздықтардың еруімен байланысты. Қазақстан тұрғындарының өмірінде жеке аң аулау әдісі жетекші маңыз алды. Мезолит дәуірінің ең маңызды өнертабысы – садақ пен жебе. Мезолит кезеңіне жататын құралдар микролиттер – кішкене келген ұзындығы 1-., үшбұрышты, ромбы, трапеция, сегмент пішінді құралдар еді. Оңтүстік Қазақстан жерінен (Жаңашілік 1–3, Маятас, Бөген, т. б.), Қаратаудан (Соркөл, Шаханта, т. б.), Қызылжар қаласына жақын Есіл бойынан (Мичурин, Боголюбов-2, Явленко– 2), Атбасар маңынан (Тельман-7, -8а, — 9а, — 14а), Қарағанды маңында Сарыарқадан (Әкімбек және Қарағанды – 15), Көкшетау маңындағы далалық Шағалалы жағалауынан (Виноградовка – 2а, -12), Торғай ойпаңы ауданынан (Тұз, Дүзбай-6, т. б.), Қостанай қаласы маңынан (Дачная және Евгеньевка), Батыс Қазақстан облысынан (Сарыайдын, Шәуші, т. б.), Екібастұз төңірегінен (Талдыөзек 21, Шідерті, т. б.), Маңғыстаудан (Шақпақата – 2, Қызылсу – 1, т. б.) табылды.

Неолит (б. з. б. 5 – 3 мыңжылдық)

Неолит – жаңа тас дәуірі. Б. з. б. 7-мыңжылдықтың екінші жартысы мен 6-мыңжылдықтың басын қамтиды. Бұл тас өңдеу техникасының гүлденген кезі болды. Тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты. Тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келілер, келсаптар жасала бастады. Әдемі тастардан әшекейлер – білезіктер, алқалар жасалды. Неолит дәуірінің маңызды белгісі табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына – өндіруші шаруашылық туындауы. Яғни, терімшілік, аң аулау орнына егін және мал шаруашылығы келе бастады. Аралдың солтүстігінде, Қазақстанның батыс, орталық және шығыс аудандарында неолиттік тұрақтардан қолға үйретілген сиыр, қой, ешкі, жылқы сүйектері табылды. Неолит дәуірінде кен кәсібінің бастамалары шығып, қыш құмыра ісі, тоқымашылық дамыды. Неолит рулық қауым дәуірі болды. Онда ұжымдық еңбек пен өндіріс құрал- жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен қатар тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылды. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп 4-ке бөлінеді. Неолиттік ескерткіштерден Есіл өңіріндегі – Атбасар мен Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениетін, Ақмола облысындағы – Атбасар мәдениетін, Төлес мәдениеттерін, Оңтүстік Қазақстандағы – Қараүңгір, Атырау облысындағы – Шатпакөл, Құлсары – 1–5, Шаңдыауыл, Қыземшек, Жыланқабақ, Қойқара, Сарықамыс, Шаянды тұрақтары, Маңғыстаудағы Шебір – 7, Сенек-1, -4, -5, -8, Үштаған-1, Семек-10, Ақтау қаласы маңындағы Қосқұдық-1, т. б. тұрақтарды айтуға болады.

Энеолит

Энеолит (лат. Aeneus – мыс және грекше lithos – тас) – тас және қола ғасырының аралығындағы археологиялық өтпелі кезең (б. з. б. 4–3 -мыңжылдық) тас – мыс кезеңі. Энеолит адамдар өміріне мыс құралдар енген дәуір. Осы кезеңде таспен қоса мыс құралдар да пайда бола бастайды. Бірақ мыстан жасалған құралдар тас құралдарды адам өмірінен біржолата ығыстырып шығара алмады. Себебі, мыс өте иілгіш, майысқыш болғандықтан мықты құралдар жасауға мүмкіндік болмады. Энеолитте тас индустриясы құлдырап, тас құралдар жиынтығының кемуіне әкеліп соқтырған. Бірақ Қазақстан даласында энеолит басқаша көрініс берді. Мұнда тастарды пайдалану кері кеткен жоқ, керісінше жоғары деңгейіне көтеріле түсті. Бұл кезеңде тастан жасалған еңбек құралдары басым болғанымен мыстан жасалынғандары да пайда бола бастады. Адамдардың басты кәсібі – егіншілік пен аңшылық, мал шаруашылығы болды. Энеолит дәуірінде ауа-райы ылғалды болып, ірі сүтқоректілер көбейгендіктен аңшылар көшіп жүретін аумақтарын қысқартып, кейде бір жерге ұзақ уақыт шоғырлана да бастайды. Қоғамдық қарым– қатынасы – рулық құрылыс. Қазақстан жерінен табылған энеолит ескерткіштері Иманбұрлық, Сексеуілді -1, -2 және Павлодарға жақын жерде, Ертіс өзенінің жағасына орналасқан Железинка поселкесінің маңынан табылған обаны жатқызуға болды.

Қазақстан жеріндегі қола ғасыры.

Б. з. б. II мыңжылдықта  мыс пен қалайының құймасы  – қоланың шығуына байланысты тас құралдар металмен ауыстырыла бастады. Тас ғасыры аяқталып, қола дәуірі басталды. Қола дәуірінің хронологиялық шегі б. з. б. 4- мыңжылдықтың аяғы мен б. з. б. 1 – мыңжылдықтың басын қамтиды.

Қазақ жерін сол  тұста мекендеген тайпалардың осы  кезеңдегі мәдениеттері қола дәуірі ескерткіштері алғаш ашылған жерлердің атымен – Андронов мәдениеті, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп аталады. Қазақстандық археологтардан қола дәуірі бойынша Орталық Қазақстанды Ә. Марғұлан мен К. Ақышев, Солтүстік Қазақстанды А. Оразбаев, Шығыс Қазақстанды С. С. Чернигов пен А. Г. Максимова зерттеп, әр аймақтардағы өзгешеліктерді ашып көрсетті. Қазақ жеріндегі қола дәуірі мәдениеттерінің басталуы мен дамуын Ә. Марғұлан негізгі үш кезеңге бөледі. Алғашқы кезеңі – ортаңғы; өркендеп дамыған кезеңі – Нұра және Атасу сатылары; соңғы кезеңі – өтпелі сәт пен Беғазы-Дәндібай мәдениетінен тұрады. Қола дәуірінде мекендеген тайпалардың әр түрлі материалдан (металл, тас, сүйек, қабыршақ) алуан түрлі

заттар (еңбек құралдары, қару-жарақ, сәндік заттар, тұрмыстық бұйымдар) жасауда жоғары шеберлікке жеткені аңғарылады. Олар соғу, құю, қақтау, қысып өрнектеу, тегістеп жылтырату техникасын жақсы меңгерді, қатты материалдан жасалған заттарға өрнек сала білді. Қыш ыдыстарын жасаумен, негізінен, әйелдер шұғылданды. Ыдыстар қолмен жапсырылып жасалды. Қола дәуірінің алдыңғы кезеңінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тұрғын үйлері жартылай жертөлелер мен жер бетіндегі үйлер болып бөлінеді. Қола дәуірінде әлеуметтік және әскери-саяси құрылымдарда рулық – тайпалық бөлімшелер пайда болды. Материалдық игіліктерді өндіруде ерлер рөлі күшейді. Туыстық әке жағынан есептеле бастады. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде ру ыдырап, одан жеке отбасы шаруашылықтары бөлініп шықты, айырбас кең өріс алды. Тайпалар тұрмысы мен әл-ауқаты табиғатқа тәуелді болғандықтан, адам табиғат күшін құдірет деп білді. Олардың отқа табынғандығын мәйітті өртеу ғұрпы, қабірге күл мен көмір қалдықтары салынғаны дәлелдейді. Тайпалар арасында ата-бабаға сыйыну, о дүниеге сену кеңінен тарады. Құрбандық күнге, отқа, айға, жұлдыздарға арнап шалынды. Қола дәуіріндегі Қазақстан тайпалары негізінде ертедегі көшпелілердің мәдениеті қалыптасты.

Андронов мәдениеті (б. з. б.XVIII – VIII ғғ.)

«Андронов» мәдениеті  Ачинск маңындағы Андронов деревнясының түбінде 1914 жылы табылды. Қола дәуірінде Сібірдің, Орал бойының, Қазақстан мен Орта Азияның кең байтақ далаларын шыққан тегі жағынан туыстас, тарихи тағдырлары сабақтас, арттарына өзіндік жарқын мәдениет қалдырған тайпалар мекендеген.

«Андроновтықтар»  кетпенмен жер өңдеп, өсірілген астықты қола орақпен орып алған. Олардың тұрақтарынан тастан жасалған дән үгіткіштер жиі табылады. Орта ғасырдың жартастағы бейнелеріне (петроглифтерге) қарағанда олар өгіз жеккен соқаларды да пайдаланған.

«Андроновтықтардың» негізгі тіршілік көзі әрқашанда мал шаруашылығы болды. «Андроновтықтардың» абіріне қойылған қыш құмыраларға қарағанда тұрғындардың негізгі тамағы сүт өнімдері болған. Мал ішінде, әсіресе, жылқы табындарын жоғары бағалаған. Шаруашылық қозғалысының өсуіне сәйкес қос өркешті түйелердің саны да өсті. Олардың сүйектері «андроновтықтардың» ең ертедегі тұрақтарынан табылды, бірақ кейінгі кезеңде түйе киелі саналған – оның саздан жасалған кішкене мүсіндері мен жартастағы бейнелері табылды.

Төрт дөңгелекті арбаға орнатылып, алыс қашықтықтарға  көшуге бейімделген киіз үйлер пайда  болды. Қайтыс болған адамдарды тігінен, қырынан немесе жалпағынан қалап  шығарған тас қоршаулар мен қоршауы  бар обалар ішіндегі тастан өрілген немесе жалпақ тастарды қырынан қойып қиюластырған жәшік – көрлер ішіне қол-аяғын бүгіп, бір қырымен басын батысқа, кейде шығысқа қаратып жерлеген. Қабірге марқұммен бірге заттар қоса қойылды. Олар әдетте ішіне тағам салынған бірнеше саз құмырадан, қарапайым әсемдік бұйымдардан, кейде пышақ, тескіш, тас жебе сияқты заттардан тұрған. «Бай» қабірлер шұңқырларының едәуір үлкендігімен, оба топырағының молдығымен, оның айналасындағы тас қоршаулармен және бай мүлкімен ерекшеленді. Өртеп күлін жерлеу салты да болған. Андронов тұрақтарынан табылған тап-таза күл қабаттары сақталған рәсімдік ошақтар адамдар тағзым еткен екінші нысан – қасиетті Күн болғанын дәлелдейді.

Карталар

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • «Көркемсуретті Қазақстан тарихы». Ежелгі дәуірден біздің уақытымызға дейін. 4 томдық. — Алматы, 2006. 1-том: Палеолит дәуірінен моңғол шапқыншылығына дейінгі Қазақстан. — 2006. — 312 бет;
  • Артықбаев Ж. О., Пірманов Ә. Б. Қазақстан тарихы (энциклопедиялық басылым). — Алматы: Атамұра, 2008. — 544 бет, суретті, карталы;
  • Қазақ совет энциклопедиясы. Бас редакторы М. Қ. Қаратаев. Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы. Алма-Ата, 1973 ж.1–12 том;
  • Иллюстрированная история Казахстана с древнейших времен до наших дней: Т.1. От эпохи палеолита до монгольского нашествия. — Алматы: РОНД, 2001; Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2004;
  • Древний Казахстан. Детская энциклопедия Казахстана. — Алматы: Аруна, 2002;
  • Казахстан. Национальная энциклопедия. — Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2005. — Т.2;
  • Казахская ССР. 4-томная краткая энциклопедия. — Алма-Ата: Гл. ред. каз. сов. энцикл. — Т.1. — 1985;
  • Кұзембайүлы А., Әбіл Е. История Республики Казахстан. — Астана: Фолиант, 2001.

Информация о работе Тас және қола дәуіріндегі Қазақстан