Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Сентября 2013 в 19:06, реферат

Краткое описание

Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне келетін Дала жолы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жиек, ұлпандар мен терілер, иран кілемдері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.

Содержание

Кіріспе
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары.
2. Сауда мен тауарлары.
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы
4. Дін соқпақтары
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Прикрепленные файлы: 1 файл

тарих.docx

— 39.33 Кб (Скачать документ)

Сондай сирек  кездесетін және халықаралық сауданы  зерттеуге аса қажет олжаның  қатарына Отырардың күміс көмбесі жатады. Ол өзінің құрамы жағынан ақшалы-заттық олжа екен. Осынау теңгелер қоймасы шартараптан жиналыпты. Оның ішінде: Шығыс Түркістандағы Алмалық, Пулад, Емил (Омыл) Орда әл-Азам теңге сарайлары, еуропалықтан — Қырымның, кіші азиялықтан — Сиваси, Кония, Тебриздік, Қазақстаннан — Жент теңге сарайларының өнімдері бар. Теңгелерді шекіген кез —XIII ғ. 60-жж. екінші жартысының шамасы. Көмбеде Жібек жолы үстінде тұрған қалалардың «өзіндік карточкалары» бар.

Жібек жолымен тек  бұйымдар ғана емес, әртүрлі көркемдік  стиль модалары да таратылатын болған, әрине егер олардың әлеуметтік заказы болса, олар белгілі бір этникалық мәдени ортадағы күнілгері әзірленген жерге тап бола қалса, кеңінен тарап кетеді екен.

3. Мәдениеттердің  өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы

Орта ғасырлардың  бастапқы кезінде Азияда аса кең  аймақтары мен елдердің бейнесі  ретінде әлемнің төрт патшалығының концепциясы етек алып жайылған еді. Осынау «әлем патшалығының» әрқайсысы замандастарының көз алдында өзіне ғана тән артықшылығымен дараланған. Сүй әулеті (589—618 жж.) мен Тан әулеті (618—907 жж.) өкіметтерінің қол астында біріккен Қытай, Үнді билеушілерінің патшалықтары, Тынық Мұхиттан бастап, Қара теңізге дейінгі Түрік бірлестігі, Персия мен Византия сияқты мемлекеттер дүниенің төрт тұсында орналасқан әлемдік терт монархияның негізі деп саналады: оңтүстікте — пілдер патшасының империясы (Үндістан), батыста — бағалы тастар патшасы (Иран мен Византия), солтүстікте — сәйгүліктер патшасы (Түрік қағанаты), Шығыста — адамдар патшасы (Қытай). Осы идея сосын мұсылман авторларына да ауысып келеді.

Самарканд маңындағы  Кушания қыстағы үйлерінің қабырғаларындағы суреттер осы концепцияның айқын  көрінісі болып табылады, онда бір қабырғада — қытай императорлары, екінші қабырғада — түрік хандары, мен үнді брахмандары, үшіншісінде — парсы патшалары мен рим императорлары бейнеленген еді.

Сол бір алыс оқиғалар замандастары тек өз мемлекеттерінің табыстары туралы ғана емес, басқа мәдениеттері құндылықтарын да игеру туралы жазған, бүкіл әлемдік мәдениеттің шынайы бір түрінің негізгі мәні, міне, осында болатын.

Тауарларды, қолданбалы өнердің, сәулет өнері мен қабырға живописінің мәдени үлгілері мен эталондарын таратумен бірге, Шығыс пен Батыс елдеріне саз бен би өнері де, сахналық ойындар да кеңінен таратылып отырған.

Шетел оркестрлері  сарай қызметіндегі кісілер құрамына енгізілген.

Мәселен, сазман патша  Сюань Изунь 30 мың сазгер ұстаған. Түрік қағанының Суяб төңірегіндегі ордасында елшілерді қалай қабылдағаны жөніндегі сипаттама сақталып қалған. «Қаған, — деп жазады сол сияпатты көзімен көрген будда сопысы Сюань Цзянь, — шарап әкеліп, саз ойнауға әмір етті… сосын бір үзілмей, металл сыңғырымен сүйемелденген жат жерлік саз әуезі тамылжып төгілді де тұрды. Және ол жабайылардың сазы болғанымен, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, жаны мен ойын жадыратып отырды». Тан әулеті Қытайында ең көп жайылған саз Шығыс Түркістан мен Орта Азияның ән-күйлері болған. Құш пен Қашғардың, Бұқар мен Самарқанд — Үндістанның сазгерлік дәстүрі, Сарайдың ресми қамқорлығы арқасында қытайдың саздық дәстүрімен ұласып, табысып кетеді.

Иран, соғды мен  түрік актерлері Қытайдың хореографиялық мәдениетіне көптеген жаңалықтар енгізеді. Мәселен, Константинопольде Шығыс артистері жиі-жиі өнер көрсетіп тұрады. Византия императоры әйелінің орыстың кінәз әйелі Ольганың құрметіне берген түскі қабылдауы кезінде шығыс масқарапаздары мен эквилибристері жиналғандардың көнлін көтеріп, рахатқа бөлейді, ал Мануил І-нің салжық сұлтан Арыстан ІІ-нің құрметіне жасаған мереке-тойында түрік акробаты алмағайып сальтоны орындаған. Сол сияқты өнерпаздар маска киіп ойын көрсеткен деседі.

Мұндай дәстүрлер кейінгі уақыттарға дейін мұсылман елдерінде сақталады. Наурыз мейрамы кезінде Бағдатта актерлер маска киіп, халиф алдында өнерлерін паш еткен.

Жібек жолы бойынан  әртүрлі жердегі ескерткіштерді қазған кездері мәдениеттердің дамуын және өзара бірін бірі байытуын дәлелдейтін көптеген материалдық дәйектер табылған: бишілер мен биші әйелдерді, маскалы актерлерді, түйе үстіне жайғасып отырған музыкалық ансамбльдерді бейнелейтін Тан дәуірінің терракот коллекциясы — осының айғағы. Мұндағы көптеген артистердің бет бейнесінен Орта Азия халықтары өкілдері екені көрініп тұрады. Пенджикенттің, Варахша мен Топырақ қаланың және Шығыс Түркістанның қалаларындағы салтанат залдарында сақталып қалған қабырғалардағы суреттерде сазшылар мен актерлер бейнеленген. Биші әйелдің ағаштан қашалған таңғажайып мүсіні Пенджикенттен табылды. Сырдария бойындағы Кедер қаласында қазба жүргізген кезде X—XI ғг. артистің қыш маскасы кездесті.

4. Дін соқпақтары

Жібек жолымен діни идеялар да кең таратылып отырған, ал миссионерлер өз дінін тіпті теңіздің арғы бетіндегі елдерге барып  таратқан. Үндістаннан Орта Азия мен  Шығыс Түркістан арқылы Қытайға буддизм келген, Сирия мен Ираннан, Аравиядан — христиан діні, сосын барып ислам жеткен.

Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытайға буддизм Үндиядан Орта Азия мен Қазақстан арқылы барған. Бұл әрекет б. з. бұрынғы I ғ. басталған. Шығыс Түркістан мен Қытайға будда дінін таратуда ортаазиялық діндарлар мен миссионерлер, әсіресе соғдылар, парфяндар мен қаңлылар көп еңбек сіңірген. Б. з. II—III ғғ. буддизм белсенді түрде таратылған, тегі, бұл Кушан империясының Шығыстағы саяси мақсаттарына байланысты болғанға ұқсайды.

Ерте ортағасырларда буддизмнің негізгі миссионерлері  қызметін соғдылар өз міндетіне алған. Будда дінін Орталық Азияда тарату ісінде тек солар ғана маңызды рөл атқарады. Шығыс Түркістандағы түріктердің будда текстеріндегі терминдерді талдап тексергенде, олардың соғдының көмегімен алынғаны анықталды. Ұлы жібек жолы үстіндегі бірқатар қалалардан будда ескерткіштері табылды.

Түріктер VI ғ. бастап буддизмнің қатты ықпалын өз басынан өткерген. Сюань-Цзян Батыс түрік қағанының будда дініне ықылас білдіргенін жазады. Зерттеушілер пікіріне келсек, VII ғ. бірінші жартысында батыс түріктерінің кейбір билеушілері буддашы болған немесе буддизмге қамқорлық жасаған. Бұл жәйт олардың отырықшылыққа және қала өміріне өтуімен тығыз байланысты болған.

Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісуда буддизм едәуір дәрежеде кең тараған. Ең әуелі бұл осы өлкеден буддалық құрылыстардың табылуынан көрінеді. Будда ескерткіштері Шу алқабының Ақбешім, Қызылөзен, Новопокровск, Новопавловск секілді қала жұрттарынан кездесті: ғимараттар, әдарияттар (монастырлар), шіркеулер,  будда кейіпкерлері мен көріністері бейнеленген мүсіншелер мен стеллалар.

Кездейсоқ табылған археологиялық олжалар ішінде Үндістан импорты да көп кездеседі: буддалар мен буддашылардың қола мен күмістен құйылып, алтынмен апталып, асыл тастармен әшекейленген мүсіншелері, қола қаптырмалар мен пластиндер, уақ-түйек зат тәрізденіп жасалған тас бедерлер, бір кездері будда ғимараттары мен одарияттарына қойылған әулие-әнбиелердің тас бейнелері, сирек мүліктері болған будда иконографиясы сюжеттері бар стеллалар көңіл аударады.

Археологтардың  соңғы ашқан жаңалықтары қатарына орта ғасырдың белгілі қаласы Исфиджаб-Сайрам үйінділеріне таяу жерден табылған жер  асты әдарияты жатады.

Жібек жолы бойымен, Батыстан Шығысқа қарай жылжып оты бүддизмнен  қалмай христиан діні де тараған. V ғ. Бірінші жартысында Шығыс Рим империясында священник Несторийдің «дінсіздік» мазһабы пайда болады.

Мария бике құдайды  емес, адамды туды, Христос тек құдайдың шапағаты түскен», оның рухының иесі ғана деп үйретеді. Оның пікірі бойынша, Мария бикені тәңірия демей, Христосты туушы деген дұрыс. Атап айтқанда оның осы жаналығы қалың көпті әбігер етіп, береке-құтын қашырды. Бұл 325 ж. Никей соборында қабылданған дін бейнесіне қарама-қайшы келеді, ол қағида бойынша, Христос бөлуге болмайтын — адамдық және құдайлық киелі қасиеттің иесі болып есептелетін, сол себепті де оның құдай-әкемен біртамырлас екенін жоққа шығаруды ресми шіркеу барып тұрған дінсіздік деп таниды. Несторийдің ілімі 431 ж. Эфес соборында айыпталып, несториандар рақымсыз қаталдықпен қудалана бастайды. Осындай қуғын-сүргіннің салдарынан олар шарасыздықтан Иранға қашады. Несторийдің жақтастары Персиядағы Нисибин қаласында мектеп ұйымдастырады да, Византияға қарсы саяси оппозицияның бәрінің басын біріктіреді.

Сирияның бай  көпестері мен қолөнершілері  Константинопольдегі базардан айрылғаннан  кейін, Шығысқа қарай жылжиды. Олардың отарлары мен сауда факторийлері Жерорта теңізінен «Аспан империясына» дейін созылып жатады. Осынау жолдың ұзына бойынан сирия жазуы мен сирия христиандығының белгілері кездесіп жатады, ал онда христиан дінінің таралуы өте ерте кезде басталған. Сириялықтардың сан ғасырға созылған экономикалық байланысы нәтижесінде, Аравия түбегі мен Үндістанға, Орта Азия елдеріне олардың мәдени ықпалы арта түседі. Соңғысында иран мен түрік тілдері сирия тілінің ықпалына түседі.

VII—VIII ғғ. несториандық  ағым Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында кеңінен тарайды. Көптеген қалаларда христиан шіркеулері болады. Патриарх Тимофей кезінде (780—819 жж.) христиан дінін түрік патшасы — әсілі қарлықтар жабғысы болса керек — қабылдайды. IX—X ғғ. шамасында айрықша қарлық метрополиясы құрылады, Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері жұмыс істейді; христиан Сырдария қалаларында да тарап жатады.

Қаялықта өздерінің  шіркеуі, сол сияқты оқшау селосы болған іле бойының христиандары жөнінде Вильгельм Рубрук мәлімет  қалдырған. XIV ғ. Ыссық көлдің жағалауында  бір христиан әдарияты болған, онда әулие Матфейдің сүйегі сақталған.

Жамұқат пен Науакет  қалаларының мазарларын қазған кезде  олардан күміс және қола крестері бар христиандар қойылғаны анықталды. Қызылөзек қала жұртынан нефрит крестінің кездейсоқ табылғаны да елге мәлім. Шымкент музейінде Төрткөл төбе қала жұртынан табылған, бүйірінде христиандықтын белгісі — крест пен көгершін салынған келі қойылған. Таразды қазған кезде VI—VIII ғғ. қабатынан сирия жазуымен «Петр мен Гавриил» деген жазуы бар қыш саптыаяқ кездесті.

Осынау өлкелерде  христиандардың келген кезеңінен XIV ғ. аяғына дейін жасалған, ұлттары түрік, Орта Азия христиандарының діни өнері мен діни символикасының аса көрнекті туындылары қатарына, бетінде несториандық жазу мен символикасы бар қайрақ тастар жатады.

Жетісуда христиан қауымының болғаны туралы деректі  құлпытастардағы сирия жазуларынан  ғана емес, қыш ыдыстардағы, үлкен  хұмдардың мойындарындағы соғды жазуларынан да байқаймыз. Олардың бірінде: «Бұл хүм Иарық-Тегін ұстазға (арналған). Ісмер Пастун. Лайымда. ол (хұм) толып тұрғай, әумин, әумин!» — деп жазылған. Мұндағы «ұстаз» сөзі түрік-соғды эпитафиясындағы «мұғалім-ұстаз» терминімен мағыналас. Ал, ондағы «әумин» сөзі Иарық-Тегіннің христиан қауымының жетекшісі болғанына күмән келтірмейді.

Сөйтіп, археологиялық және эпиграфикалық олжалар, ортағасырлық деректерімен қосыла келе, христиан дінінің тараған жолдарын анық көрсетеді.

Жібек жолымен III г. Иранда пайда болған манихейлік діні де тараған, ол аз уақыт ішінде жеделдетіп Италиядан Қытайға дейін жайылады. Тұтас алғанда ол зороастризм мен христиан дінінің қорытылуынан туған. Христиан дінінен ол мессиандық идеясын, ал зороастризмнен — жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының күресі идеясын алады. Соғдылар манихейлікті таратуда да жетекші рөл атқарады. VIII ғ. бас кезінде манихейлердің жоғарғы басшысының Самарқандта сарайы болған. Манихейлік дін Орта Азияда ұзақ уақыт бойы өмір сүрген, сонда оның пантеонына, терминологиясына, тіпті концепциясына дейін буддизм қатты әсер еткен.

Манихей дінінің  үмбеттері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда, ең алдымен отырықшы жұрт арасында болған. Тұрфан көгалды аймағынан табылған «Екі негіздің қасиетті кітабы» атты манихей шығармасының көне ұйғыр қолжазбасында бұл кітап «Аргу-Талас-та Алтын-Арғу Таласы-ұлышта, Талас-ұлыс» қаласында жазылды «Он оқ елінде (дінге) ықылас тудыру үшін» — делінген. Бұл арада сөз белгілі Тараз қаласы жайында болып отыр. Сол сияқты манихей ғимараттары Жетісудың басқа да қалаларында, оның ішінде Баласағұн мен Шігілбалықта болған.

Тегі, Тараздағы  қазба жұмысы кезінде табылған, манихейліктің  Көк Тәңрісі болып есептелетін, әйел бейнесі мен ай (жарты ай) салынған қола қангайды да манихей дінінің сирек мүлкі қатарына қосқан жөн шығар.

Ортағасырлардағы  Қазақстан қалалары тұрғындары арасында б. з. дейінгі VII—VI ғғ. ежелгі Иран территориясында туған зороастрлық діннің де өкілдері болған. Оның әдет-ғұрпы бойынша әлемнің төрт нәрсесі — су, от, жер мен ауа киелі деп қатты құрметтеледі. Зороастр діні ескерткіштерін Орта Азиядан, Соғдиядан, Сырдария қалалары мен Жетісудан кездестіруге болады. Олар мұнара секілді құрылыс қалдықтары, әдетте от мұнараларына ұқсайды. Олар Қостөбе мен Қызылөзек қала жұртының топографиясында сақталған. Алайда Орта Азия мен Қазақстанда зороастрлықтың қағидаға айналған үйреншікті түрі емес, айрықша түрі таралған. Ол жергілікті мәжусилік байырғы дін мен отқа, ата-бабалар аруағына, жануарларға — қойға, ат пен түйеге табынушылықпен сіңісіп, бірге өршіп кеткен. Осы дінге байланысты табылған нәрселер: мәйітті оссуарийлерге — қыш жәшіктерге, хұмдарға салып жерлеу. Өлікті жер бетіндегі бейіттерге — наусаларға қою, сүйекті үйіп жерлеу сияқты болып келеді. Зороастр дініне байланысты көптеген табынудың ырым-жырымдары Қазақстан қалаларында ислам пайда болғаннан кейін де сақталып қалып жүрді.

Мәселен, XII ғ. Отырар қаласының үйлері еденінен жерошақ-михрабтар табылған. Бедерлі оюлармен өрнектелген сол ошақтар киелі отты жағуға арналған. Бұл қала тұрғындарының, тіпті исламды мойындап, араб жазуын қабылдаған кісілер үйлерінің өзінде жылтырап жанып тұратын ұлы маздеизмнің қасиетті отының алыстан жеткен сәулесі болатын.

Дегенмен Қазақстанда  бел алған ислам бірте-бірте  христиан дінін де, будда дінін  де, зороастр дінін де, жергілікті Тәңріге табынушылықты да ығыстырып, ысырып тастады. Жаңа дін Жібек жолының көптеген қалаларында біржолата қоныс тебеді.

VIII—IX ғғ. оқиғаларын  баяндайтын деректер Оңтүстік Қазақстан халқының жаппай ислам дініне кіргенін жазады. 840 ж. Нуһ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 859 ж. оның інісі Ахмед ибн Асад Шавгарға жорық жасайды. 766 ж. бастап Жетісуға және Қазақстанның Оңтүстігіне саяси өктемдігін жүргізген қарлықтар мұсылман мәдениетінің ықпалына өзгелерден гөрі бұрынырақ түседі. Олар исламды тіпті Махди халифтың (775—785 жж.) кезінде қабылдады деген де пікір бар. Алайда бұл пікір олардың белгілі бір бөлегі жөнінде ғана болса керек, өйткені 853 ж. Исмаил ибн-Ахмад Таразды алғанда «оның басты шіркеуін мешітке айналдырады».

Информация о работе Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары