Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Сентября 2013 в 19:06, реферат
Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне келетін Дала жолы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жиек, ұлпандар мен терілер, иран кілемдері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.
Кіріспе
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары.
2. Сауда мен тауарлары.
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі байытуы
4. Дін соқпақтары
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
ЖОСПАР
Кіріспе
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары.
2. Сауда мен тауарлары.
3. Мәдениеттердің өзара ықпалы және бірін-бірі
байытуы
4. Дін соқпақтары
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер
тізімі
Кіріспе
Жүздесу мен тілдесу және алыс-беріс байланыстары б. з. дейінгі III—ІІ-мыңжылдықтарда басталған. Бадахшан тауынан лазурит және Хотан маңындағы Яркендария өзенінің жоғарғы жағынан нефрит кен орындары табылып, оларды өндіре бастауға сәйкес бұл байланыстар реттеліп, жөнге келтіріледі.
Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Оңтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне келетін Дала жолы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жиек, ұлпандар мен терілер, иран кілемдері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын.
Қымбат бағалы жібек түрлерін таратуға сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да қатысқан, осылардың дәнекерлік демеуі арқасында сол кез үшін тансық болған бұл тауар Орта Азия мен Орта теңіз аймағына дейін жеткен.
Жібек жолы елшіліктің және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастаған. Міне сонау ықылым замандарда адамзаттың араласуына, етене танысуына көп септігі тиген ұлы сүрлеу әлі де ұмытыла қойған жоқ. Тіпті осы жолдың бойындағы кез келген елде Жібек жолы деген атауларды кездестіретініңіз айқын.
Ұлы Жібек жолының тарихын біліп, тағылым алу біздер үшін маңызы зор іс.
1. Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары.
Егер Жібек жолымен батыстан шығысқа қарай жүрсек, оның Қазақстандағы учаскесі Шаштан (Ташкент) шығып, Тұрбат асуы арқылы Исфиджабқа, Сайрам (Сарьямға) келеді. Ежелгі қаланың осы күнге дейін сақталған. Шымкент түбіндегі бір қыстақ тап осылай аталады, оның дәл кіндік тұсында Жібек жолындағы бір кездегі ең ірі орталықтардың бірі болған орта ғасырлық қала жұртының қалдығы сақталған. Исфиджабтан құлдарды, бөз маталарды, қару-жарақты, семсерлерді, мыс пен темірді әкетіп жатқан. Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Шараб және Будухкент қалалары арқылы Таразға барады екен.
Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғ. бұрын белгілі болған. 568 ж. түрік қағаны Дизабұл Византия императоры Юстинианның стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. Бастаухаттар оны көпестер қаласы деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың тарихи орталығы болған.
Таразбен қатар Жамухат деген шаһар тұрған, ол да VI ғ. хатқа енген. Жамухаттың жәдігерліктері Талас алқабында, Жамбылға таяу жерде, Талас өзенінің бойындағы Михайловка селосына қарама-қарсы бетте жатыр, оның үйінділерін кәзір Қостөбе деп атайды. Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы бар, 751 ж. оның бінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. Тараздан таяқ тастам жерде, Талас бойымен теріскейге қарай кететін сауда жолы үстінде Адақкет пен Нуджикес қаласы тұратын. Талас алқабының таулы бөлегінде сол сияқты Шелжі, Сұс, Күл және Текабкет деген қалалар болған. Бұлар күміс кендеріне жуық жерден қоныс тепкенді. Керуендер Талас алқабына Ферғана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлегі Жібек жолының рғаналық және Жетісулық бағыттарын біріктіретін. Тараздан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын Тараз бен Құлан аралығындағы территория қарлұқтерге жататын. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен фарсақтай жерде Меркі мен Аспара қалалары барды. Сосын сауда керуендері Нұзкент, Харраджуан, Жол қалаларына соғып өтіп жолдан кейін ол Сарығ, «түрік қағанының қыстағына» Қырмырауға баратын.
Қырмыраудан жол салдырып отырып, Жетісудың ең ірі қаланың бірі — Науакентке (Қытайша Синчен) апаратын. Бұл екі атау да Жаңа қала деп аударылады. Науакент түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған.
Жол Науакенттен шыққасын Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кей түргештер, қарлықтар астанасы) Суябқа келеді. Бұ қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғ, дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін XIII ғ. бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғ. тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бұ қалалардың тұрған жері кәзіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде және орта ғасырдың кепке белгілі екі ескерткішіне — Ақбешім мен Боран қала жұртына сәйкес келеді.
Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыссық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барысхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Қашғар мен Ақсудан барып шығады.
Ал керуен жолы Ыссық көл қазан шұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жағалауын бойлап отырып, Үсек, пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайға жететін болған.
X—XII ғғ. Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикен және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген. Әлгі асуға тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен. Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Қаскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Тәлхиз (Тәлхира) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі қала жұртының ойран болған орны жатыр. Тәлхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған.
Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспа-радан немесе Нұзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Щу — Іле тауларының теріскей жоталарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген.
Тәлхизден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі Есік пен Түрген, Шелек үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хорғос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыссық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлегінен археологтар Есік Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектік төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол кәзіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны бар.
Тәлхизден басталатын теріскей жолы Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екіоғыз қаласына жетеді. Ол кәзіргі Дунғановка селосының орнында болған. Вильгельм Рубрук бұ қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 ж. болған В. Рубрук осынау қалада «сарациндер» (иран көпестері) тұрушы еді— деп жазады.
Жол Екіоғыздан шығып, қарлықтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Қойлақ) барады екен. Бұл шаһардың хан базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, өздерінің шіркеуі бар христиандар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX— елшісі, монах-сопы В. Рубрук хабарлайды. Каялық — қарлықтар орталығы болған, IX г. —XIII ғ. бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлықтар қоластына қараған. Каялық Қаратал өзені алқабында көзіргі Антонов селосының шет жағында тұрған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы өткен. Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріл, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбалықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа шығандап кетеді екен.
Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғ. саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған.
Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа иек артып, Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне барған.
Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шавғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен.
Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шавгарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа қаласына баратын болған. Одан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай — Жентке кеткен. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Ургенішке қаражол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Кавказға асып кететін болған. Жібек жолының осы бөлегі XIII ғ. өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шулы-дулы шаһарлар үстімен жүретін болады. Шавғар VIII ғ. деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шүйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Кәзіргі Түркістан тұрған жерде, Шавгармен қатар X—XIII ғғ. Яссы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Яссауи со шаһарда тұрып, уағыз-насихатын жүргізеді.
Шавгардан шыға жол оғыздар астанасы — Янгикентке қарай тартатын. Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге баратын.
Әуелі, Шавгардан, кейіңірек Яссыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутукчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін.
Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Қазақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті-Қыпшаққа, Ертіс жағалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кетеді екен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.
Жолдың Отырардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Қаратаудық жатаған белесінен асып; ал Шавгар мен Яссыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асып, Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы — бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Кеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырдың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Ормамбет сияқты қала жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр бастаухаттарында айтылатын. Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кентау сияқты жайлауларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн.
Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, Қимектер қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған.
Іле алқабы Орталық Қазақстанмен Шу — Іле тауының теріскей жоталарымен жүріп Шуға шығады да, сосын оның бойын қуалап барып, Сарысу өзені жағалауына шыққан.
Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлар арқылы Балқаш өңіріне, сосын Іледен тарайтын Ортасуды жиектеп. сол арадағы Ақтам қала жұртының орнын басып, көлдің түскейінен 8 шақырым бұғаз арқылы теріскейіне шығады. Керуендер бұғазды кешіп өтіп, Тоқырауын өзенінің құярлығына жуық жерден шығады екен дағы, оның бойын қуалап, әрі Ұлытау жоталарына қарай кетеді.
Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айналып өтіп Тарбағатай арқылы Ертіске, қимеқтер мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында Кимеқтың Банджар, Ханауыш, Астұр, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала — «қағандар астанасы» орналасқан еді. Кимеқтың қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарымен байланысып отырған.
2. Сауда мен тауарлары.
Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирра мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мускат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен кораллдар, піл сүйегі мен «балық сояулары», құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақ пен жебелер, семсер мен сүңгілер т.б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген.
Жібек жолы арқылы жүзім, шабдалы мен қауындар, бұрыш, қалампырлар, қант, көкөніс пен жемістер, әртүрлі көктер әлемге таратылған.
Дегенмен сауданың ең басты жиһазы жібек екен. Алтынмен бірге ол халықаралық валюта болған, оны хандар мен елшілерге тарту еткен, жалдамалы әскерге жалақы етіп берген, мемлекеттік қарызды сонымен төлеген.
Керуен жолымен тасылатын жібек пен басқа да тауарлардың бір бөлегі қазақ даласының қалаларында қалып отырған. Археологиялық олжалар — соның айқын айғағы.
Информация о работе Ұлы Жібек жолының бағыттары мен тармақтары