Егемен Қазақстан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 06 Октября 2013 в 21:20, реферат

Краткое описание

Өткен тарихымызға көз жүгіртіп өтсек. Қазақстанның тәуелсіздігін алуы оңай болған жоқ. Қазақ халқының талай марқасқа ұландары «елім» деп еңіреп өткені тарихтан белгілі. Оның жолы қиын да күрделі, соқтықпалы-соқпақты болды. Басын бәйгеге тіккен талай арыстар осы жолда опат болды. Әрісін айтпағанда, сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдерінің басты мақсаты – туған халқын терезесі тең, тәуелсіз жұртқа айналдыру болған еді. Бірақ оның сәті түсе қоймады. Аузын айға білеп, әлемнің алтыдан бір бөлігін иемденген большевиктік империя адымын аштырмай, қан құстырды.

Содержание

Кіріспе.
Негізгі бөлім.
«Қазақстан-2030» стратегиясының қорытындысы.
«Қазақстан-2050» сратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты.
Қорытынды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Егемен Қазақстан - копия.docx

— 73.18 Кб (Скачать документ)

2050 жылға қарай ЖІӨ-дегі  ауылшаруашылық өнімінің үлесі  5 есе артуы тиіс

          Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Әлемдік азық-түлік на­рығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтты. Егістік алқабын  ұлғайтуды, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігіне тоқталды. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс», – дей келе Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Әкім сайлау 2013 жылдан бастала  береді

        Елбасы Жолдау барысында мемлекеттілікті одан әрі дамыту және демократияны дамыту мәселелеріне де назар аударды. «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру. Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет», – дей келе Елбасы Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін, онда ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасалатынын жеткізді. «Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз.  Бірақ сонымен бірге бізге қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.

 Барлығы 2533 әкім, соның  ішінде селолық округтердің, кенттердің  және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.  Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің  жалпы санының 91,7%-ы! Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс  жасайтын және мәселені жергілікті  жерде шешетін барлық әкімдерді  сайланбалылықпен қамтитын боламыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен  қатар осы бағдар бойынша Парламенттің  өкілеттіктерін күшейту жөніндегі  саясат та жалғасады. 

 

Сыртқы саясатта ұстанған басымдығымыз өзгермейді

       «Біздің басымдықтарымыз өзгермейді – көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұдан бөлек, Елбасы таяудағы мақсат Еуразиялық экономикалық одақ құру екенін, осыған орай мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдеді. Бұл ретте саяси егемендікке қысым көрсетілмейді. «Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді. Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды  өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыз­дықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды. Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс», – деді Ұлт көшбасшысы.

Жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі

        «Қазақстан  – біздің қасиетті мекеніміз. Кейінгі ұрпақ осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз. Мынау жаһандану дәуірі – көпұлтты мемлекеттер дәуірі болмақ. Жалғыз ұлттың мемлекеті деген болмайды. Бұл әлемдік үрдіс», – деді Елбасы. Сонымен қатар еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірігіп үлес қосқанына тоқталды. «Ендеше, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру барша қазақстандықтың басты қағидаты болуы шарт», – деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Елбасы ұлттардың этносара­лық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланатынын, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылатынын қадап айтты. «Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз», – деді Елбасы.

2025 жылдан бастап әліпбиімізді  латын қарпіне, латын әліпбиіне  көшіруге кірісуіміз керек

         Мемлекет басшысының айтуынша, тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғасады.  «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру үшін дайындыққа осы бастан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы  терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екенін айтты.

Қазақ тілі шын мәніндегі  мемлекеттік тіл мәртебесіне  көтерілгенде, еліміз ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ  деп аталатын болады

         Тіл туралы мәселеге тоқтай келе, Мемлекет басшысы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидатты тағы да қайталап айтты. «Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65%-дан асты. Қазақтың саны 4 миллионға артты.  Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.  Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандық­тардың жаппай қолданыс тіліне айналады.  Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.  Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деді Президент.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі  жоқ ел тозады. Ал бірлік, ең алдымен, қазақтың өзіне керек

          Президент бірлік мәселесіне келгенде, ең әуелі осы істің қазаққа ауадай қажеттігін алға тартты.  Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. «Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен, өзімізге – қазақтарға керек.  Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.  Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай», – деген пайымымен бөлісті Елбасы. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды», – дей келе Мемлекет басшысы ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін екенін, ал ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі болатынын қадап айтты. «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.  Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекетіміздің зайырлылық сипаты - бұл Қазақстанның табысты дамуының негізі

 

         «Ендігі қазақ қоғамында көпшілікті толғандыратын мәселенің бірі – діни ахуалдың жай-күйі. Әрине, біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын сунниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Жастарды үлкендерді сыйлауға негіздеген. Біздің ата-бабаларымыз ешуақыт­та қыз баланың бетін бүркемеген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысады. Оларға еретін болсақ, біз апа-қарындастарымыз бен қыздарымыздың бетін тұмшалағанды былай қойғанда, олармен бір дастарханда отырып, тамақ ішуден қаламыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің пайымынша, мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктен бойды аулақ ұстау қажет. «Мен жастарды ХХІ ғасырға, келешектегі ХХІІ ғасырға   қарай жетектеп отырмын. Ал мынадай жасалатын дүниелер бізді орта ғасырға, артқа қарай тартып отыр деген сөз. Осыны ойланыңыздар! Біздің мемлекетіміздің зайырлылық сипаты –  бұл Қазақстанның табысты дамуының басты негізі. Осыны бүгінгі һәм келешек қазақстандық  саясаткерлер және барша қазақ­стандықтар жете түсінгені абзал», – деді Н. Назарбаев.

 

Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де –  бабаларымыздың бостандық жолында  төгілген қаны

 

        «Қазақстанның 2050 жылға дейінгі жаңа стратегиялық бағдарын жүзеге асыруда қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымыз бен ұлы бабаларымыздың ұлағатты өмірінен алар тәліміміз арқасында біз алдағы асулардан алқынбай аса аламыз. Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіретінің қандай болатынын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген болатын. Сын сағатта туған еліне деген перзенттік парыздар бәрінен жоғары тұрды. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар қан еді. Солай ғой. Бұл – біздің бабаларымыздың қаны. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабаларымыздың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сонымен қатар Президент елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік қай уақытта да бабаларымыздың бойынан табылғанын атап өтті.

         Бір қарағанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы алыстау көрінеді. Бірақ ертеңіне үміт артқан елдің, сол елдің алтын тірегі саналатын ұрпақтың болашағын ойлағанда, бұл – шынайы бағдарлама екенін аңғарасың. Өткенді бағамдай отырып, алдағы күніне, үкілеген үмітін оздырған жұрт үшін, бұл – стратегия кемел келешекке бастайтын дара да даңғыл жол. Барды малданып отыра бермей, келешекке қанат қағу, бұл – еліміздің көкжиегін кеңейтіп, еңсемізді биіктете бермек.

          2050 Стратегиясы жасампаздықтың жемісті жалғасы болып табылады. Онда көзделген міндеттерді табысты жүзеге асырудың маңызды факторы Ұлтымыз бен Елбасымыздың бірлігі, халқымыздың сарқылмас күші мен жасампаз қуатында жатыр. Ел жастарын ары алдында жауап бере алатындай, жауапкершілігі намыспен ұштасқан тұлғалар ғана алға жетелей алатынын ескерсек, “Өзіңді өзің сыйла, жат бойыңнан түңілсін” деген мақалдың да замана сұранысынан шыққанын ескеруіміз керек шығар. Елбасы ұрпақтар бірлігі мен өрісін кеңейте отырып, тізгін беріп отыр. Ал сол ТІЗГІНДІ қалай ұстаймыз? Бабалардан қалған ақыл-ой, күш-жігерге сүйеніп берік және нық ұстай алсақ, нағыз жасампаздық “Алтын ғасырға” да жетерміз. Әсіресе адами құндылық жоғары қойылып, ұрпақ аралық сыйластық болған жерде “Мәңгілік ел” орнауы да, сақталуы да сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы жолдауында әлеуметтік сала бойынша жеке жауапкершілік мәселесән ерекше атап өтті. Президент оны талап ретінде қойып отыр. Неге? Себебі елдің өсуі мен экономикасының дамуы кез келген азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Соны түсіне білген азамат жеке жетістіктері арқылы мемлекетке нендей үлес қоса алатындығын анықтап алу шарт. Бұл – өте маңызды мәселе. Әрине, ондайда, ең батысы – дұрыс білім алу, екіншісі – лайықты жұмыс табу. Білімге лайық жұмыс болса, тиісті табыс та келеді. Әрбір азамат алға ұмтылып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, мемлекеттің де шаңырағы биіктеп, іргесі беки түседі.

 Пайдаланған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы» Астана. 2007 ж. 375 бет.

2.  «Алаш айнасы» 15 желтоқсан 2012 ж.

3. Интернет

cайт:  kk.wikipedia. org/wiki/ Тәуелсіз_Қазақстанның_саяси  _дамуы. 

 

 

 


Информация о работе Егемен Қазақстан