Тарихы шежіре, қойнауы
құт Бөкей Ордасының құрылғанына
биыл 210 жыл толып отыр. 1801 жылдың 11 наурызындағы
орыс патшасы І Павелдің жарлығымен Бөкей
сұлтан бастап байырғы атажұртқа қайта
оралған 5 мың шаңырақ Еділ мен Жайық арасын
ен жайлап, Бөкей Ордасының негізін қалаған
болатын.
Осынау шежіресі бай, табиғаты
сұлу өлкемізден есімдері елге танымал
ұлы тұлғалар, атақты ақын-жазушылар мен
батыстық күй өнерінің негізін қалаушы
сазгерлер, ержүрек халық батырлары мен
көрнекті қоғам қайраткерлері дүниеге
келген. Азаттықтың ақ туын көтерген Исатай
мен Махамбет, күй алыптары Құрманғазы,
Дина, Дәулеткерей, Сейтек сынды тұлғалардың
кіндік қандары тамған бұл өлке - 4 Кеңес
Одағының Батыры, 24 Социалистік Еңбек
Ері, 150-ден астам ғалымдар, соның ішінде
20 академик, Қазақстанның Халық Әртістері
Х.Бөкеева, Б.Жұманиязов сынды тұлғалардың
қалдырған өлшеусіз еңбектерімен құнды.
Кең байтақ қазақ даласының
ең батысында орналасқан «Тұңғыштардың
отаны» саналатын Бөкей Ордасының аумақтық-әкімшілік
бірлік болып қалыптасуы ХІХ ғасырдан
бастау алады.
1860 жылдан бастап, Бөкей
ордасы 7 әкімшілік бөлікке: Тарғын,
Қалмақ, Қамыс-Самар, Нарын, Талов қисымдары
мен І және ІІ Теңіз жағалауы аймақтарына
бөлінді. 1922 жылы Қалмақ, Қамыс-Самар,
Нарын, І-Теңіз және ІІ-Теңіз жағалаулары
мен Тарғын уездері таратылып, Орда және
Жаңақала, Талов аудандарына дейінгі (қаз.
Батыс Қазақстан обл.), сондай-ақ Теңіз
ауданы (қаз. Атырау обл.) дүниеге келді.
1925 жылы Бөкей губерниясы таратылып, Орал
губерниясының құрамына уезд болып енді.
Қазақ АССР атқару комитетінің 1928 жылғы
15-наурыздағы қаулысымен қабылдаған «Қазақстанды
басқарудың округтік және аудандық жүйесіне
көшіру туралы» Ережесіне сәйкес, 1928
жылдың шілде айында Орал облысының Бөкей
уезі Орда ауданы ретінде қайта құрылды.
1947 жылдан бастап іске қосылған Капустин-Яр
әскери сынақ аймағына аудан территориясының
негізгі бөлігі 20 жылға жалға берілді.
Соның нәтижесінде 1952 жылы Орда ауданы
таратылса, 1972 жылы Орда ауданы қайта қалпына
келтірілді. Осы кезеңдерде мектеп, клуб,
аурухана, малдәрігерлік пункттер де ашылып,
ауыл шаруашылық өнімдерін молайту, мал
бордақылау жұмысын жақсарту, егіншілік
мәдениетін арттыру, тұрғын үй құрылысын
өрістету айтарлықтай дамыған.
2000 жылы 10-наурызда Қазақстан
Республикасы Президентінің Жарлығымен
Бөкей ордасы ауданы деп аталды.
Аудан тарихының әр жылына
үңілер болсақ, том-том шежіреге
ұласатынын білеміз. Ал бүгінгі
аудан келбетінің жылдан-жылға
өзгеруі - халқымыздың көз алдында.
Бөкей ордасы ауданы Елбасы
Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп
отырған салиқалы саясатына сай
қарқынды даму үстінде.
Ауданның жеті ауылдық округінде
халықты әлеуметтік қолдау, денсаулық
сақтау, білім беру, мәдени қамту салалары
қалыпты жұмыс жасауда. Елбасымыздың Жолдауы
аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, олардың
әлеуметтік жағдайы басты назарда. 2010
жылғы жұмыссыздықты мейлінше азайту
және халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік
қорғау бағытында жергілікті бюджеттен
ақылы қоғамдық жұмыстарға - 18 млн. 76 мың
теңге, жұмыссыздарды кәсіби оқу және
даярлауға-2 млн. 74 мың теңге, әлеуметтік
жұмыс орындарын ашуға - 1 млн. 461 мың теңге
қаржы жұмсалды. Оның сыртында республикалық
бюджеттен жастар практикасы бағдарламасы
бойынша 6 млн. 600 мың теңге бөлініп, 110 жас
маман жұмыспен қамтылды. Қоғамдық жұмыстарға
жыл бойы 550 адам қатынасты. Кәсіби оқу
және қайта даярлауға 47 адам жіберіліп,
әлеуметтік жұмыс орындарында 122 адам
жұмыс жасады. 2011 жылдың І жартыжылдығындағы
ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының
негізгі көрсеткіштеріне тоқталсақ, осы
жылдың бастапқы кезінен 366 адам жұмысқа
алынған болса, оның 358-і мекемелердегі
қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бүгінгі
күні, яғни, 2011 жылдың 1 шілдесіндегі Бөкей
ордасы ауданының әлеуметтік-экономикалық
дамуының негізгі көрсеткіштеріне зер
салсақ, 2009-2010 жылдармен салыстырғанда
аудандағы жұмыссыздық деңгейі 0,5% төмендеді.
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының
қозғаушы күші десек, аудан бойынша барлық
жер көлемі 1 921 445 гектар, оның ішінде 944
979 гектары РФ әскери сынақ алаңдарына
жалға берілген. Аудандағы тұрғын халықтың
саны – 16 671 адам. Мал басы табиғи өсіп
келеді. Аудан бойынша 47920 мың бас ірі қара
бар. Ауыл шаруашылығы біздің ауданымыздың
экономикасы үшін маңызды сала. Сондықтан
тұрғындардың тұрмыс деңгейінің жақсаруы
өзімізде өндірілетін азық-түлік пен өңдеу
кәсіпорындарының қызметіне байланысты.
Аудан бойынша 2011 жылдың 1-шілдесіне тіркелген
шағын кәсіпкерлік субьектілерінің жалпы
саны - 721, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен
3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік,
444 шаруа қожалығы айналысады. Бірқатар
шаруа қожалықтары қарқынды дамып, олардағы
мал басының саны күрт өсуде.
Ауданымызда білім беруді дамытудың
2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасы
Қазақстан Республикасы Президентінің
2001 жылғы 4-желтоқсандағы №375 Жарлығымен
бекітілген «Қазақстан Республикасының
2011 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына»
сәйкес әзірленген. Ауданымызда 9 жалпы
білім беретін орта, 13 бастауыш мектеп,
7 балабақша бар. Мектепке дейінгі тәрбие
ошақтарында 921 бала, орта, бастауыш мектептердің
даярлық топтарында 265 бала тәрбиеленуде.
Облысты газдандыру бағдарламасына
сәйкес ауданға табиғи газ жеткізілді.
Қазіргі таңда Мұратсай, Сайқын, Орда ауылдық
округтері газдандырылса, жыл аяғына дейін
Бисен ауылдық округі және т.б. елді мекендер
көгілдір отынның қызығын көретін болады.
Өткен жылы құрылыс саласында
біршама жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй
шаруашылығы қарқынды дамуда.
Қазіргі таңда ауданымыз бойынша
13 мәдени кешен, соның ішінде 1 аудандық
мәдени-демалыс орталығы, 6 ауылдық Мәдениет
үйі, 6 ауылдық клуб, 22 кітапхана халыққа
қызмет көрсетуде. «Мәдениет-ұлт мәйегі»
дегендей, Бөкей ордасы аудандық мәдениет
бөлімінің басты мақсаты - мәдениет саласындағы
мемлекеттік саясатты іске асыру, ұлттық
мәдениетімізді өркендету, дамыту, мемлекеттік
тіл саясатының жүргізілуін қамтамасыз
ету. Мәдениет саласының материалдық-техникалық
базасына тоқталар болсақ, 13 мәдениет
нысандарының 3-уі типтік жобада салынған,
қалған 10-ы сәйкестендірілген ғимараттарда
өз жұмыстарын жүргізуде.
Аудан орталығында өткен жылы
қазақ мектебі бой көтерді. Оған өлкемізден
шыққан зерделі ғалым, этнограф Мұхамед-Салық
Бабажановтың есімі берілді.
Денсаулық сақтау саласына
тоқталар болсақ, аудан халқына 1 аудандық
аурухана, 1 өкпе аурулары ауруханасы,
6 дәрігерлік амбулатория, 15 фельдшерлік-амбулаториялық
пунктте 25 дәрігер, 125 орта буын медицина
саласы қызметкерлері еңбек етеді.
Биыл бабалар аңсаған Тәуелсіздігімізге
- 20 жыл. Осынау қастерлі межемен Бөкей
Ордасының 210 жылдық торқалы тойы тұспа-тұс
келіп отыр. Бүгінгі күні осы атаулы даталар
аясында дайындық жұмыстары қызу қарқын
алып, біраз игілікті істер де тындырылып
жатыр.
«Біздің заманымыз-өткен заманның
баласы, келер заманның атасы», - деп Ахмет
Байтұрсынов айтқандай, қоғамның алдына
қойып отырған мақсаты - жастарды заман
ағымына сай тәрбиелеу болса, бұл істе
аудандық жастар қозғалысының көшбасшылары
«Нарын жастары» жастар қоғамдық бірлестігі
мен аудандық «Жас Отан» жастар қанатының
да өзіндік қолтаңбасы бар. Алда атқарылатын
жобалар мен жүйелі жоспарлар да жеткілікті.
Бөкей Ордасының бүгіні де, болашағы да
өз қолымызда.
БҚО-да Бөкей Ордасының ескерткіштері
сақталған
08 Қазан 2013
Бөкей Ордасы кезіндегі тарихи-мәдени
ескерткіштер Батыс Қазақстан облысының
аумағында сақталған.
Бөкей Ордасы кезіндегі тарихи-мәдени
ескерткіштер Батыс Қазақстан облысының
аумағында сақталған. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне
берген сұхбатында БҚО тарихи-мәдени мұрасын
сақтау жөніндегі мемлекеттік инспекция
басшысы Нарынбек Мамаев мәлім етті.
«Бөкей Ордасының ескерткіштері
Батыс Қазақстан облысында орналасқан.
Оның тарихи мәні ауылда, яғни күні бүгінге
дейін жеткен Бөкей хан мен Жәңгір хан
кезіндегі хан ордасын ақтауда жатыр.
19 ғасырда салынған құрылыс нысандары
тап осы ауылда сақталғанын атап өту керек»,
- деді Н.Мамаев.
Оның айтуынша, мемлекет ағаш өңдеу өнері
дамыған дәуірден күні бүгінге дейін жеткен
ескерткіштерді сақтауға көп мән беруде.
«Қазір көптеген нысандар қайта қалпына
келтіріліп жатыр. Мемлекет бөлген қаражат
есебінен шығыс бөлігі ғана қалған хан
ордасы қалпына келтірілді. Қазір Алматыдан
келген мамандардың арқасында орданың
батыс және орталық бөлігі де жөнделді.
Сондай-ақ хан дәрігерінің ғимараты, әйелдер
гимназиясы, қазынашылық пен хан мешіті,
бірінші баспахана да қалпына келтірілді»,
- деп әңгімеледі Н.Мамаев.
Ол Жәңгір хан тұсында салынған ағаш үйлер
де күрделі жөндеуден өткендігін тілге
тиек етті.
|