Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Октября 2013 в 20:51, реферат
Мал баққан көшпелі халықтардың қысы-жазы отыратын баспанасы киіз үй болған. Ол тез жығып, түйеге артып жүре беруге, шашпаң тігуге ыңғайлы, көшіп-қонуға лайықтап жасалған. Киіз үй біздің заманымыздың VII ғасырында кеңінен пайдаланылып, киіз басу белгілі біреңбек кәсібіне айналған. Оған Алтай, Сібір, Қырым таулы-тастарындағы сурет таңбалар айғақ бола алады. Ұзақ жылғы тәжірибе негізінде халық киіз үйдің ұйтқып соққан желге жығылмайтынына, нөсерлеп құйған жаңбырды өткізбейтініне көзі жетіп, оны баспана етуді әдетке айналдырған.
Қосты көбіне жылқы, сиыр малын жазда қысқы қоныстан 2—3 күндік өріске шығарып бағатын жылқышылар мен бақташылар уақытша баспана ретінде пайдаланған. Ал көшпелі ауылдың құрамында киіз үйге қосалқы ретінде қазан-ошақ, ыдыс-аяқ қоятын, астық сақтайтын, құрт, ірімшік қайнататын орын немесе қойшы-қолаң үшін баспана ретінде пайдаланылған.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұжымшарлардың мал фермаларында кеңінен пайдаланылғанымен, көп ұзамай тұрмыстан шығып қалған.
В. В. Востров пен И. В. Захаров Жетісуда қос терминімен қатар жаппа деген синонимнің өмір сүретінің жазған(Востров В: В., Захаров И. В).
Күрке ─қостын даму барысында оның қаңқасында кереге мен уықтың пайда болу үрдісін аңғартатын, көшіп-қонуға бейімделген тұрғын жайдың ен көне нұсқаларының бірі. Үш қанат керегенің әр жерінен көтерілетін, құрылғыға мінсіз күмбез сұлбасын бере қоймайтын тіке уықтардың басын қабыстыру жолымен құрастырылатын болған. Күрке киізбен, тері-терсекпен жабылған. Керегесі шимен қоршалатын күркелер де болғанын ескі суреттерден көруге болады.
Күрке — негізінен бай малын бағысатын, қоңыртөбел дәулеті бар үйел-мендердің баспанасы. Соңғы 30—40 жылда тұрмыстан шығып қалғандықтан, ел арасында кездесе коймайды.
Ортаға шоқ салатыны болмаса, қоста от жағылмаған. Асты жерошаққа қазан асып, далада дайындаған.
Абылайша.Қостың қаңқасында шаңырақтың пайда болу үрдісін аңғартатын, оның едәуір жетілдірілген және жорық кезінде жауынгерлер уақытша баспана ретінде пайдаланып келген түрі. Көпшілік жұрт қостың бұл түрінің пайда болуын жоңғарларға қарсы бүкіл халықтық қозғалысқа басшылық етіп, талай-талай шайқастарда көзсіз ерлік көрсетіп, ел арасында үлкен абыройға ие болған Абылай ханның (1711—1781) есімімен байланыстырады .
Елге тарап кеткен бұл пікірдің анық-қанығына күмән келтіргіміз келмейді. Әйтсе де, құрылымына қарап, қостың қазақтан басқа да халықтардағы нұсқаларымен салыстыра отыра, абылайшаны (бастапқы аты белгісіз) өте ерте заманнан келе жатқан, бәрімізге танымал киіз үйдің өзін де белгілі бір деңгейде жетілдіре түсуге ықпал еткен баспана үлгісі деп жорамалдауға болады.
Кәдуілгі қостан мұның құрылымдық жағынан айырмашылығы — сы-рықтарының бұрынғыдай байластыра салынбай, кішігірім шаңыраққа қадалатынынан пошымының киіз үйге жақындай түсіп, төбе жабынында үзікпен қатар түндіктің, кигіз есіктің пайда болғанында. Оның үстіне, жорық кезінде баспана етуге ыңғайластырылған абылайшаның тағы бір нұсқасы - қысқа уықтар қадалатын кішкене шаңырағы бар, үш қанатты киіз үй кейпінде болған. Шамасы мұндай үйде қолбасшы әлде ханның өзі тұрған болуы мүмкін.
Абылайша соңғы жылдарға дейін ауыл арасында пайдаланылып келгенімен, кейінгі 20—30 жылда мүлдем көрінбейтін болып алды. Бәлкім, бұл көненің көзіне паңдана қарайтын керенаулықтан туған жағдай болар. Әйтпесе, жақын қашықтыққа көшіп-қонатын малшыларға, шөп шабатындарға, ет комбинаттарына мал айдайтындарға, археологтарға, барлаушы-геологтарға мұнан артық баспананы ойлап табудың өзі қиын.
Туырлық үй. Көшпелі қазақтың бар байлығы — малды жайып бағатын кеңістікке байланысты болғандықтан біздегі маусымдық жайылым атам заманнан бастап қалыптасқан. Сол жаздық, күздік жайылымдарға ығысып, көшіп-қонып жүрген кезде қазақтың екі-үш күннен артық бөгеле тұруға болмайтын, құдығының суы аз, жайылымы мардымсыз жерлерге тоқтағанда тігетін, қызметі жағынан күркеге жақындау келетін баспанасы.
Туырлық үй — негізінен төрт қанатты, уықтары кіші гірім шаңыраққа қадалатын, тек қана туырлықтармен жабылатын жолама, жол үйдің нұсқасы. Бай малын бағатын тақыр кедейлер мұндай қоныс кезінде екі керегенің басын қабыстыра, жалғыз туырлықпен жаба салатын немесе үш сырықтың басын қосып, құрым киізбен күн түсетін жақтарын ғана қымтайтын шайла тігетін болған.
Ақүй.Молшылық пен сәттіліктің белгісі болып есептелген, «қазақтың киіз үйі» деген жалпылама атауды жеке иемденген, таңғыштармен, арқан-жіптермен байластырылатын каңқасы (сүйегі) құрастырылып- ажыратылатын киіз жабынды баспана үлгісі.
Биіктігі 135—140 сантиметрдей 15 басты алты қанат керегеден, күмбезін құрайтын ұзындығы 240—250 сантиметрдей 80—90 уықтан, диаметрі 180—190 сантиметрдей шаңырақтан, босаға, маңдайша, табалдырыққа бекітілетін қос қанатты ағаш есіктен (сықырлауық) құрастырылады. Төрт туырлықпен, екі үзікпен, түндікпен жабылады. Таңғышы шаңырақтың шеңбері арқылы ішке қарай тартылып байланатын киіз есік үзіктің астымен сықырлауықтың сыртына түсіріледі. Киіз есік күндіз мандайшаға дейін түріліп, түндіктің бауымен ішке қарай байланады. Жылжымалы тұрғын жайдың көп тараған және мейлінше жетілдірілген нұсқасы. Бұл оның күмбезінің көтеріңкі болатынынан, негізгі салмақ керегеге түсетіндіктен моңғолдың гэріндегідей шаңыраққа екі жағынан тіреуіш қойылмайтыныңан да көрінеді.
Ақүй деп аталатыны — көбіне шынайы ақ реңк алу үшін бор қосып басылатын ақбоз киізбен жабылатындығынан.
Қараүй(Қараша). Ақ үйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы. Асхана ретінде пайдаланылған. Ақүймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанатты, уығы қысқа, тікелеу болатындықтан бойы аласалау келеді. Көбіне қоңыр киізбен жабылатындықтан қараүй немесе қараша деп аталған.
Лашық - ерте кездегі баспананың бір түрі, кішігірім, жұпыны жаппа үй. Лашықты бір-біріне матастырып буған сырғауылдарды, 2-3 керегені қабырға ретінде тік тұрғызып, үстіне қамыс, шөп, ескі киім жауып жасаған. Кедейлердің сұрықсыз киіз үйлерінде лашық деп атаған.
Отау.Ел арасында, тіптен этнографиялық әдебиетте де көбіне үш-төрт қанатты, кіші-гірім шаңырағы болатындықтан алты қанат ақүйдің кішірейтілген түрі деп есептеліп келген. Ал шын мәнінде, қалындығына ұрын барған үміті алда күйеу жігітке, жаңадан от басын құраған үйелменді-сүйелменді жастарға арнап тігілетін болғандықтан құрылғысының кеудесі көтеріңкі, күмбезі сымбатты болуына ерекше мән берілген. Отау үйдің кереге-уығы да, шаңырағы, босаға-табалдырығы да, ішкі жиһаздары, бау-шуы да, кебеже-сандығы, төсек-ағашы, асадал, адалбақандары да асқан ұқыптылықпен жасалатын болған. Ақ босағаның белгісі ретінде жабынының мейлінше ақ киізден жасалатыны, ел қастерлейтін ою-өрнектермен безендірілетіні отау үйге ерекше сән береді екен.
Орда. Қазақ киіз үйінің шоқтығынан саналатын, құрастырылып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың аса сыйымды түрі. Ел билеген хан мен сұлтандар үшін көпшіліктің қатысуымен салтанатты, рәсімді жиындар өткізіп тұруға, елшілер мен құрметті қонақ қабылдауға, қарсы жақтың зиялыларымен келіссөздер жүргізуге, шартқа қол қоюға ыңғайластырылған сыйымды орынның болуын қарастырған ізденістің нәтижесінде пайда болған 12, тіптен одан да көп қанатты киіз үйдің үлгісі. Көлемі 130—140 шаршы метрдей келген, керегесінің биіктігі 240—250 сантиметрден, уығының ұзындығы 310—320 сантиметрден, шаңырағының диаметрі 200—220 сантиметрден кем түспейтін құрылғы. Жабынына кәдуілгі ақ үйдегідей, өндеуге оңай көнетіндіктен тығыздығы мығым төсем алуға болатын ақбоз қойдың күзем жүні жаратылған.
Хан ордасын дарбазалы қақпасының екі жанынан, жер ыңғайына орай қатаң шаршы бола бермейтін ауласының бұрыштарынан биіктігі 15—20 метрдей, жоғары көтерілетін баспалдақтары бар мүнаралар бой түзейтін қорған ішіне тігетін болған. Мұндай құрылыс салу үшін ең алдымен арнайы үйілген май топырақтың басын біріктіре түсу үшін үстіне оқтын-оқтын су қүйып, мал аяғымен таптап, ағаш тоқпақтармен нығарлап негіз жасайтын. Сонан кейін ғана ылғал, сор тартпас үшін қопа қамыс төселген іргеге қалындығы екі-екі жарым метрдей етіп қам кесектен қаланған өркешті (тісті) қорғанның өзін тұрғызатын болған. Орданың бір жағына хан шатыры, аса құрметті қонақ түсетін үй, екінші жағына ханның алты қанат ақ үйі, оның асхана іспетті қосалқысы, бәйбішенің үйі, т. б. орналастырылады екен. Қайсыбір хан ордаларында қорған ішінде саялы бақ, су тартатын шығыры, жиңайтын шүңеті, шегенді құдығы болғанға ұқсайды. Көрші қорғанда ханның арғымақтары күтілген, күйме арбасы қойылған, атқосшылары, аспаздары, күтушілері, үнемі хан айналасында болатын ақын, жыршы, әуезшілер, ойыншылар тұрған болса керек. Ханның бәйбішеден басқа әйелдерінің өз ауылдары болған дегенді айтады білетін жұрт.
Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданының Қарабұлақ қыстағынан терістікке қарай алты шақырым жерде Арыс өзенінін иініне орналасқан Абылай ханның ордасының осындай болғаны ықтимал.
Қорғандағы дарбазалы қақпаның
аузына, бұрыштама мұнараларға
Орданың сәндік кисыны белгілі бір деңгейде алты қанат ақүйдікін қайталағанымен, қазақтың қолтума өнерінің үйлесімін тапқан ұқыптылығының арқасында ағашты, сүйекті, алтын-күмісті, әр түрлі тасты, былғарыны, киізді, иірілген жіпті кәдеге жаратуда мүлтіксіздікке жеткендігімен ерекшеленеді. Жатжұрттық саяхатшылар мен елшілікке жүргендер де ұлылығы мен байлығы жағынан оның корольдер мен императорлардың сарайларынан кем түсе қоймайтынына көңіл аударған.
Орданың безендірілуінен көркем ойдын қазақ қоғамының сезімтал талғамына сәйкес дамып, ою-өрнектің және оның икемді баламасы — түрдің айналадағы ортадан алынған мазмұндық желісімен, тіптен киелі, ғұрыптық белгілермен қойындаса, ұрпақтан ұрпаққа алмасып келгенін аңғарамыз. Оның әшекейінде мақлұқаты, нәубетаты, ғарыштаты, тіке сызықты сарындарға негізделген өрнектердің кездесе беретіні де міне осыдан.
Ішкі жиһаздарының байлығын былай қойғанда, күмбезінің иінішіне киіз астынан берілетін, жолағы ақ қойдың жүнінен иірілген жіптен тоқылатын кілем басқұрдан (оны «ақбасқұр» деп те атайды), кереге мен уықтың қиысатын тұсына тұтылатын желісі қазақтың «қошқарат», «шынжара» атты өрнектерінің әуеніне құрылатын термебасқұрдан, нышандық белгілер ретінде сәндікке ілінетін шаңырақбау, уықбау, желбау салпыншақтарынан, шаңыраққоршау, туырлық, үзік жолақтарынан, тіптен керегенің сыртына туырлық астынан тұтылатын орама шиден, шекпеленген ағаш құрастырмаларындағы бағалы және жартылай бағалы металдармен, сүйекпен, түрлі түсті тастармен толықтырылатын ою-өрнектерден Ордадағы адам қиялына сыя бермейтін мінсіздікті көреміз.
Орданың күмбезін түгелдей жабатын үзіктерінің етегіне оюлы дөдеге, айналма құр берілетіні, артқы үзігінің кестеленген ақ жолақтарының үйдің алдына қарай айқастыра байланатыны оның көшпелі қауым өмірге келтірген таңғажайып, керемет құбылыс екенінің тағы бір айғағы.
Орданың құрылымдық жағынан мейлінше жетілдірілгені аса үлкен құрас-тырылып-ажыратылатын құрылғы болғанына қарамастан, онда тіреуіш, таяныш атаулының болмайтынынан да көрінеді. Керісінше, дауыл соққан кезде тепе-теңдік сақтау және салмақты ортаға аудара түсу мақсатымен шаңыраққа төрт жағынан (жалпылама киіз үйде екі жағынан ғана) бекітілетін де, кереге-уыққа қыстыра салынатын желбау жолақтарын жерге сүйрете байластырып үстіне жүк үйетін болған. Сақтық үшін құрылғыны сыртынан екі жағынан арқанмен бастыратын болған.
Қазақта бұрын киіз үйлерді бір-біріне тіркестіре тігіп, әжетіне жарататын дәстүр де болғанға ұқсайды. Жетісу жеріндегі Нарынқол ауданы Қақпақ аулының тұрғыны Әбдікерім Әділбекұлынан жазушы Эрнест Төреханов жазып алған мәліметке қарағанда, қазақ байлары таудағы жайылымдарда кішік-ірім құрылғыдан тұратын төрт киіз үйді тіркестіре тігіп, монша жасайды екен. «Киімшең» деп аталған бірінші үйде шешінеді екен де, «қауыз» деген атпен белгілі екінші үйде шомылып, «тас булау» деген үшінші үйде қыздырынады екен. Төртінші үй «бүйрек»— моншадан кейін тыныгып, демалатың орын болған. Моншаның көшпелі өмірге бейімделген жылыту жүйесі болған. Осын-дай моншада шомылғанын Кеген ауданының тұрғыны Қасымбек Қашқынбайұлы да айтып берген. Бәлкім, Ордада да осы іспетті монша болған шығар.
Дәстүрлі өнер мен тереңге меңзейтін тамырлардан нәр алған құрастыры-лып-ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың осы бір үлгісінен көз жазып қалғанымыз өкінішті-ақ. Мәселенің Ордаға жаратылатын ағаштың, киіздің, бау-шудың, арқан-жіптің нашар сақталатынында ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан көне дүние ескерткіштеріне көзқарастың кертартпалығында, заттық мәдениеттің жетістіктерін сақтауға құнтсыздық та болғаны даусыз.
Айтылғандардан біздің көріп отырғанымыз, қазақтың киіз үйіне байла-нысты халық шығармашылығының ұжымдық еңбекке негізделгені. Бақсақ, оның қаңқасын бір шілеңгерлер[1] жасаса, жабыны мен жасауы екінші бір ше-берлердің қолынан шығады екен. Олардың әрқайсысы оның бітімі мен без-ендірілуіне өз шығармашылығының соны туындыларын ендіруге тырысады екен. Мұны біз дүние жүзі қазақтарының Алматыда өткен құрылтайына (1992 ж.) тігілген Торғай шеберлерінің қолынан шыққан Орданың нұсқасынан да көрдік.
Қазақ қадым заманнан бастап-ақ өзінің ата-тегін құраған ежелгі тайпалар мен халықтардан киіз басуды, тері ұқсатуды, алаша тоқуды, ши орауды, алтынмен аптап, күміспен күптеуді өзіне мұра етіп қабылдаған ел. Дәстүрлі өнердің осы түрлерінің барлығы киіз үйден көрінетіні хақ. Солай бола тұрса да, академик Ә. Марғұланның, тарих ғылымдарының докторлары X. Арғынбаевтың, М. Мұқановтың аса құнды еңбектеріне қарамастан, қазақтың киіз үйін палеоэтнологиялық тұрғыдан әлі де болса терең зерттей түсуді қажет ететін құбылыс екенін өмір көрсетіп отыр.
Киіз үй — қазақтың өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге асқан заттық, тұрмыстық мәдениетінің көрінісі. Отбасының салауаттылығы мен саулығының белгісі ретінде босағаға, шаңыраққа құрмет көрсету — ежелден келе жатқан дәстүр.
Тұрақты және жылжымалы баспана түрлері. Алғашқы аңшының дала жағдайында қалыптастырған баспанасы жерге қадалған сырықтардың басын қосып буатындықтан қаңқасы сүйір болып бітетін, сырты ағаштың қабығымен, аң терілерімен жабылатын қос (бастапқы аты белгісіз) немесе жерді шұқырлап қазып, ортасына төбедегі түтін шығатын тесіктің ернеуін шабақтауға орайластыра әр жерден қойылатын, бір-бірімен байластырылған тіреуіш ашаларға ағаш бүтақтарын тастап, үстін шөп-шалаңмен жаба салатын, кіріп-шығатын ойығы бар кепе (бастапқы аты белгісіз) болған деп жорамалдауға болады. Ал жерді шаршылап қазып, алынған топырақтың есебінен биіктей түсетін қабырғасының қақ ортасына кесе-көлденең белағаш (қары) қойып, екі жағына қарама-қарсы ағаш кеспектер (пәруаз) тастап, үстіне топырақ салып, лаймен сылайтын, түтін шығатын ойығы, кіріп-шығатын есігі бар жеркепенің кейінірек пайда болғаны ықтимал.
Ғасырларды артқа салып, көшпелі малшылар аңшының сүйір қосын, егіншілер кепесін бірте-бірте жетілдіре түскендіктен қазақ даласында тұрғын үйдің жылжымалы және тұрақты түрлері қатар дами берген.
Информация о работе Қазақстан тарихындағы көшпелілердің материалдық мәдениеті