Әр ұлттың ұлы тұлғалары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Февраля 2013 в 18:38, сочинение

Краткое описание

Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасырлар өтсе де сол ұлттың мөрі секілді санаға соғылып, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін – Шекспир, француздар үшін – Бальзак, орыстар үшін – Пушкин, үнділер үшін – Тагор, өзбектер үшін – Науаи, түркімендер үшін – Мақтымқұлы, әзербайжандар үшін – Низами, қазақтар үшін әрине – Абай. Сол Абайдың ұлылығы мен данагөйлігін ашқан Мұхтар Әуезов те өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыбы.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады.docx

— 32.78 Кб (Скачать документ)

 М.Әуезов: «Талқыланып  отырған мәселелер бойынша баяндамашы  Ғабдуллин қаншалықты принципшіл, қаншалықты әділ. Мұндай сұрақтарды  айтпасқа бол­майды. Оның баяндамасының бірінші бөлігінде Едіге, Қобыланды, Ер Сайын, Кенесары және басқа эпостар жөнінде бір-бірімен үйлеспейтін керегер пікірлер жоқ па?

 …М.Ғабдуллин бар  кінәні маған артқаны несі? Айта кетейін, сыналған том дайындалған кезде Ғабдуллиннің өзі әуелі институт директорының орынбасары, одан соң директоры болды емес пе? Онда Исмаиловтың, Жұмалиевтің томды дайындауға қатысуына неге мен ғана жауап беруім керек, бірінші кезекте Ғабдуллин жауап бермей ме?

 …Мен партияның әділ  және объективті шешіміне берік  сеніммен қарап өмір сүріп жүрген адаммын.

 …Мен Ғабдуллиннен  маған тағылған айыпты жеңілдетуді  немесе алып тастауды сұрамаймын, оны өз ұяты білсін».

 Мұнан кейін М.Әуезов  «Қобыланды», «Қамбар», «Алпамыс»,  «Ер-Тарғын», «Қыз Жібек» сияқты  эпостарда хандардың жағымды  бейнесі жоқ екендігіне тоқталады.  Орхон жазуларындағы Білге Қаған,  Күлтегін, Тоныкөк жырларының тарихилығы  мен формалық ерекшеліктері бар  екеніне қызығушылық таныту керектігіне  назар аудартады. Әрі халық мұрасын тазалап, қолдан жасалған қоспалардан тазартып, халық қазынасын қайтару қажеттілігіне баса назар аударады.

 Бұл Қазақстан қаламгерлерінің абыройлы міндеті екендігін айтып, сөзін тәмамдайды.

 Мәлік Ғабдуллин азамат, өз-өзіне сын көзімен қарай алатын бірегей тұлға екенін кейін дәлелдеді де. 1955 жылы 28 қазанда Мәлік Ғабдуллин «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұхтар Әуезовке хат» жолдайды. Сонда мынадай жолдар бар:

 «… Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».

 Мұхтар Әуезов бұған  қалай қарады? Кешті ме, қазақтың  екі ұлы тұлғасы түсіністі ме? Түсінісіпті. Мұхтар Әуезов Мәлік Ғабдуллинге «Кірбің кеткен көңілден» деп қолтаңба қойып, «Абай жолын» сыйлайды.

 Алды кең, жүрегі  таза, озық ойлы Мұқаң ғана  мұндай кеңшілік жасай алар  еді. Ұлылық деген осы болар!

 Қазір «Абай» эпопеясындағы кейбір кейіпкерлер туралы тың деректер айтыла бастады. Мәселен, Мұхтар Әуезов романындағы Шұбар ақын кім? Ондай ақын болған ба? Бұл ретте филология ғылымдарының докторы, профессор Сұл­танғали Садырбаевтың «Сөз туралы сөз» деген кітабындағы Мұхаң туралы естелігіне назар аударған жөн. Мұнда Сұлтанғали Садырбаев 1951 жылғы наурыз айында Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен өткен кездесуде:

 – Абай да, Көкбай  да бәрімізге белгілі, ал осы Шұбар деген ақын кім? Менің білуімше, Шұбар дегеніміз «Еңлік-Кебектің» уақиғасын жыр түрінде жазған Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған Құдайбердінің ұлы Шәкәрім шығар», − деді өңі суық жігіт.

 – «Ақын аға таза тарихи роман емес. Басты кейіпкері Абай тарихи тұлға болғанымен, оның айналасындағы адамдардың көпшілігі авторлық ойдан шығарылған образдар. Солардың қатарында Шұбар да бар. Шұбар Шәкәрім шығар деп, дыбыс қуалаудың қанша қажеті бар?!» − деп М.Әуезов сұраққа шамдана жауап берді.(С.Садырбайұлы. «Сөз асылы сөзде». А., Қазақ университеті, 2009 ж. 224-225 б.)

 Өңі суық жігіт  кім, Мұхаң неге шамданды? Әуезовтанушылар  үшін бұл қажетті дерек болар  деп жазып отырмын.

 Бұл кезде Мұхтар  Омарханұлы Әуезов кім еді? Бұл кезде Мұхаң «Абай» романын жазған, сол үшін 1-ші дәрежелі Сталиндік сыйлық алған ірі жазушы еді. Бірақ атақ-даңққа Мұхтар Әуезов оңайлықпен жеткен жоқ.

 «Абай жолы», «Абай»  эпопеясы Мұхаңның бағын да  ашты, теперішті де көрсетті. Қоғамдық пікір сан алуан болды. «Абай» романы бірнеше мәрте талқыға түсті. Соның ең тоқетер сөзін, 1943 жылғы талқылауда қазақтың Ғабеңі, Ғабит Мүсірепов айтты. Сол сөйленген сөздердегі үзік-үзік пікірлерге ден қойып көрелікші.

 «Абай» − қазақ  совет әдебиетінде, «роман» деген  үлкен мағынаға толық жауап  беретін бірінші роман».

 «Абайдай» шығарма  бұл күнге дейінгі бүгінгі қазақ әдебиетінде болған емес».

 «… Қазақ деген  елдің елдік дәрежесі шынында  қандай еді, тарихтың қай сатысында тұрған еді, осының бәрін «Абайдан» толық көресің».

 «Бұл – жазушының  өз өзегін өртеп, өз жүрегін  тербетіп шыққан өз еңбегі!…».

 Қайран Ғабең! Қалай  айтқан! Мұхаңды «Абай» романы  үшін сынаған ғалым Есмағамбет  Ысмайыловтың өзін сын тезіне  алады, таққан айыптарын жоққа шы­ғарады. Ұлыны ұлының тануы деген осы емес пе?! Бұл талқылаудың да стенограммасы қолда жоқ сыңайлы. Өкінішті.

 «Менің Әуезовім»  деп роман – эссе жазған академик Зейнолла Қабдолов «Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды, Әуезовті оқымай қа­зақты білдім деу сондай қиын» деп жазды.

 «Романда … ең  бастысы – ұлы Абай өзінің  бар болмысымен, тұлғасымен көрінген. Шығарма бізді оның өмірімен қоса, бүкіл творчествосымен, әр шығармасының туу жолымен таныстырады. Абайды көп елдердің өз шығарма­лары арқылы емес (оларды аудармасы әлі де қанағаттандырмайтыны белгілі) Мұхтар романы арқылы тануы да осының дәлелі» деп жазған академик Серік Қирабаевтың пікірі әлі де өміршең.

 Ұлы Абай шығармаларын  орыс тіліне ғана емес, ағылшын,  араб, француз, испан, неміс тілдеріне  кемеліне келтіріп аударуымыз қажет. Өйткені, Абайды таныған ел қазақты таныр еді, қазақты таныған ел Мұхтар Әуезов сынды ғұлама ғалымды, классик жазушыны тани түсер еді.

 Мұхаң сомдаған Абай  Құнанбаев ірі тарихи тұлға ғана емес, өз өмір сүрген қоғамның шырмауын үзіп шыққан ұлы ақын да. Ол образ ерекше болуға тиіс. Бірақ тарихи шындық бар емес пе? Абайдың өзінің өлмес өлеңдері көз алдыңда тұрған жоқ па? Міне, ұлы суреткер Абай бейнесін сомдағанда оның өмірбаянын романтикалық сарыннан арылтып, тарихи шындықтың шымылдығын ашады.

 «Абай образын оқығанда, бізді жалықтырмауы былай тұрсын, не нәрсе болсын, ол Абайша  түсініп, Абайша сезінуге мәжбүр етеді, − деп жазыпты академик Мұ­хамеджан Қаратаев. – Абай образының еліктіргіш, иландырғыш күші міне осында».

 Әрине, мұндай аталы  сөзге иланасың. Өйткені, бұл көңіл-күй  «Абай» романын оқыған жанға өте түсінікті. Осылай Әуезов әлеміне өзің де бой алдырасың, оқи бергің, тоқи бергің келеді…

 Академик Зәки Ахметов Мұхтар Әуезовтің романындағы әлдебір алыстағы, басқа бір күндердің елесін көргендей болады.

 Бұл «Абай» эпопеясының эпилогындағы толғаныс-толғам:

 «Алда – өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жап-жалғыз. Рас, оның бір қуаты, бір үміті бар екені рас. Қуаты – ақындық, үміті – халық. Бірақ бірі оянбаған күш болса, бірі танылмай, ұғылмай кетер ме? Жетер ме сабыр, жетер ме қайрат?»

 Бұл Абай арманы  еді. Мұхтар Әуезов Абайдың  мұндай тебіреністі, жан күйзелісті неге салды? Соның аржағынан Мұхтар Әуезов армандаған егемендіктің ұшқынын көргендей боламын…».

 Мұхтар Омарханұлы  Әуезов қазақ әдебиетін әлемге  танытты. «Абай» туындысы эпостан  – эпопеяға дейінгі қазақ әдебиетінің  жүріп өткен жолының кемел  кезеңін көрсетті. Үлкен әдеби  мектеп қалыптасты. Әбдіжәміл Нұр­пейісов,  Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза,  Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сынды қазақ әдебиетінің алыптары Әуезовтің рухани мектебінен өтті. Осылай М.Әуезов ғалым, академик, жазушы ретінде жалпы әдебиеттің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын, көшпенділер мәдениетін жинастырып, зерттеп, оны сахналап ұлтының ұлы тұлғасына айналды.

 «Өз басым өзге  елге сапарға шығып, өзге жұрттың  табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов», − деп еді кезінде адамзаттың Айтматовы.

 «Біздің Әуезовтен  үйренеріміз көп. Әуезов Абайдан  кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу  дәуірінде алғаш рет лирикалық, психологиялық биік өрелі прозаны жазуды үйретті». Бұл қазақ әдебиетінің бүгінгі абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқан сөз.

 Бірі Әуезовті «Манаспен» қатар қойса, екіншісі ұстаз деп бағалайды.

 Әлемді аузына қаратқан  Мұхтар Әуезов туралы дүниежүзі  қаламгерлері қадап айтқан пікірлерді тағы бір рет жас ұрпақтың жадына жаңғыртсақ артық болмас.

 Луи Арагон: «Эпикалық  роман «Абай» менің ойымша  ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың  бірі. …Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығар­маны табу қиын».

 Леонид Соболев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» − бұл нағыз роман, басқаша айтқанда өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы суреттерін жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап».

 Альфред Курелла:  «Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз…  Сіз сол дәуірді көзіңізбен  көргендей айна-қатесіз танисыз. …Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы!».

 Бенжамен Матип: «Қазақтар  туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!»

 Иә, бүгінгі қазақтың  өмірі де, әлем картасында алып отырған орны да бөлек. Абай армандаған, Әуезов армандаған егемен Қазақстанның жаңа тарихы жазылып жатыр. Оның ұлттық паспорты ретінде Абай сол жылнаманың басын­да тұр. Қазір М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы жазушының 50 томдық толық шығармалар жинағы мен «Әуезов» энциклопедия­сын шығарды. Бұл ұлттық қазына, ғылыми қазына.

 Абай дегенде –  Әуезов, Әуезов дегенде Абай көз  алдыңа келіп тұра қалатыны бүкпесіз шындық


Информация о работе Әр ұлттың ұлы тұлғалары