XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Ноября 2013 в 09:16, реферат

Краткое описание

Тіл білімі өзінің бүгінгі көтерілген сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болып отырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердің бірі - тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің қоғамдық мәнін дұрыс түсініп, оны қоғамдық құбылыстар қатарына жатқызса, енді бір топ зерттеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерттейтін ғылымды табиғаттану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өз алдарына лингвистикалық мектептер болып қалыптасты.

Прикрепленные файлы: 1 файл

XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар.doc

— 70.50 Кб (Скачать документ)

XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар.

 

Тіл білімі өзінің бүгінгі көтерілген  сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болып отырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердің бірі - тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің қоғамдық мәнін дұрыс түсініп, оны қоғамдық құбылыстар қатарына жатқызса, енді бір топ зерттеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерттейтін ғылымды табиғаттану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өз алдарына лингвистикалық мектептер болып қалыптасты. Олардың қатарына натуралистік, психологиялық, жас грамматикалық деп аталатын лингвистикалық мектептер жатады.

Натуралистік  немесе биологиялык көзқарас. Натурализм латынның натура (жаратылыс) деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде көркем әдебиетте, өнерде, ғылымда XIX ғасырдың екінші- жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.

Ғылымда натуралистер деп аталатындар - қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар.

Тіл біліміндегі  натурализм көрнекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Август Шлейхер /1821-1869/ есімімен байланысты. А.Шлейхер - салыстырмалы-тарихи тіл біліміне тіл философиясын қалыптастырушылардың, тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялык ұқсастығы мен генеологиялық бірліктерін жан-жақты талдаушылардың ең көрнектілерінің бірі. Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазудағы зерттеулері арқылы тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады. Салыстырмалы-тарихи әдісті жетілдіре, оның объектісін айқындай түсумен бірге А.Шлейхер XIX ғасырда туған тіл философиясының да көрнекті өкілі болды. Көптеген пайдалы істермен қатар ол тіл біліміне бірсыпыра концепциялар да енгізді. Оның сондай теріс көзқарастарының бірі - тіл білімінде натуралистік көзқарасты қалыптастырды.

Оның натуралистік көзқарасы "Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу", "Неміс тілі", “Дарвин теориясы және тіл білімі" дейтін еңбектерінен толық көрінеді.

Бұл еңбектерінде А.Шлейхер тілді табиғи организм, тіл де табиғи организмдер сияқты басқаларға тәуелсіз, өз бетінше өмір сүреді, туады, өседі, қартаяды, жаратылыс заңына бағынады, сондықтан тілді зерттегенде, жаратылыс заңдарын басшылыққа алу керек, тіл білімі жаратылыстану ғылымдары тобына жатады, соның бір саласы дейді. Тіл табиғаты жөніндегі бұл тұжырым, әрине, қате. Өйткені тіл қоғамдық құбылыстар қатарына жатады да, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық ғалымдар тобына қосылады.

Философиялық  екінші тұжырымы - тілдің мәніне байланысты. Оның пікірінше, тілдің негізгі функциясы - ойды қалыптастырып, жарыққа шығару. Тіл дегеніміз - дыбысты ойлау дейді. Тілдің ойды қалыптастыратын құрал екені даусыз, бірақ ол тілдің негізгі және бірден-бір қызметі емес, оның негізгі қызметі - коммуникативтік. Бұл жөнінде ол ештеме айтпайды.

А.Шлейхер көтерген тағы бір мәселе - тілдегі болатын өзгеріс-құбылыстарға, тіл тарихына байланысты. Ол тілдегі өзгеріс адам еркіне тәуелсіз, өзіндік заңы бойынша іске асады, сондықтан ол биологиялық организмдер тобына жатуы керек, өйткені биологиялық организмдер де басқаларға тәуелсіз өз заңы бойынша өзгереді, сөйтіп, екеуі де өзгерудің бір ғана заңына бағынатындықтан, екеуіндегі өзгерістің сипаты да бірдей, яғни тілдегі өзгеріс, қоғамдағы өзгерістер сияқты, тілдің дамуымен тарихын көрсетпейді, биологиялық организмдегі сияқты тек өсу, қартаю ғана болады дейді. Тілдік өзгерістерді А.Шлейхер тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі де, тілдің тарихқа дейінгі өзгерісі оның дамуы, тарихи болады да, тарих басталғаннан кейінгі өзгерісі оның дамуы емес, тек өсуі ғана дейді.

А.Шлейхер тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысқан. Ол дүние жүзіндегі тілдерді түбір тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл деп үш түрге бөледі. Шлейхердің пікірінше, тілдер типінің бұл үш түрі, оның дамуының үш түрлі басқышы: ең жоғарғы сатыда қопармалы тіл, ең төменгі сатыда түбір тіл тұр, бұл үш түрлі сатының үшеуі де тіл дамуының тарихқа дейінгі дәуірінің жемісі дейді. Бұл пікірлер, әрине, қате.

А.Шлейхер үнді-еуропа тілдері тараған ата тілді  мүсіндеу мәселесімен де айналысты. Оның бұл саладағы теориялық тұжырымы ғылым тарихында "Тілдің тегі" /родословное древо/ деп аталады. Бұл теория бойынша баста бір тіл болған да, содан келе-келе әр түрлі тілдер бөлінген. Тіл зерттеушілер арасында бұл теорияны қолдаушылар да, қарсылар да бар.

А.Шлейхер тіл  білімі мен филология арасындағы қарым-қатынасты да сөз етті. Оның пікірінше, тіл ғылымы жаратылыстану ғылымдары құрамына енетіндіктен, ол тарихи ғылым емес, ал филология - тарихи ғылым. Өйткені филология жазбалар тілін зерттейді. Жазбалар тілі дейтініміз - тарих, онда халықтың рухани өмірінің тарихы бар. Сондықтан филология тек тілді ғана емес, халықтың рухани өмірінің тарихын зерттейді.

А.Шлейхердің тіл  табиғатына, мәніне, тарихына байланысты айтқан пікірлерінің қате бағытта болғанына қарамастан, оның концепцияларында ойлы, тартымды жүйелілік бар. Сол себепті көпшілік назарын аударды, қолдаушылар да, қарсылар да мол болды. Шлейхердің талантты жазылған фонетикалық, грамматикалық еңбектері де мол. Ғылымда А.Шлейхер еңбектерімен компаративистиканың I дәуірі аяқталды деп есептейді.

 

 

 

 

Психологиялық көзқарас. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт-психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм XIX ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тіл ғылымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының объектісі - адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық үрдістер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды /1823-1899/ жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің профессоры Александр Потебня /1835-1891/, неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт /1832-1920/, Герман, Пауль, тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету - XIX ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.

Лингвистикалық  психологизм өз ішінде қайшылықтары, алалықтары жоқ, біртұтас көзқарас емес. Бұлардың басын біріктіретін, ортақ концепция бар: Ол - тіл мәселелерін шешуде психологиялық қағидаларды басшылыққа алу. Тіл психологиялық бақылаудың объектісі тіл біліміндегі логикалық көзқарастарды сынау, тілдік категориялар мен логикалық категориялар арасында қайшылықтар көп, сондықтан тіл мәселелерін зерттеуде логика заңына сүйенуге болмайды деу. Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.

Индивидуалистік психологизмның ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұлар тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген - жалған сөз. Тіл жеке индивидумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті - индивидумның тілін зерттеу. Индивидумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.

Индивидуалистік психологизм тілдің қоғамдық мәнін  жоққа шығарады. Тіл білімін қоғамдық ғылымдар тобынан бөліп алып, оның дербестігін жояды, оны психологияға тәуелді, соның бір саласы деп санайды.

Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің "ақиқат бар нәрсе - индивидумдар тілі ғана" дейтін қағидаларына қарсы, олар тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады.

Әлеуметтік психологизм  теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Г.Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологияның заң-ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары" (1855), "Психология мен тіл біліміне кіріспе" (1881), “Тілдің шығуы" (1851) деп аталатын т.б. еңбектерінде баяндалған.

Барлық психологистер  сияқты бұлар да тілді психологиялық  бақылаудың объектісі деп санайды. Индивидуалдық психология халықтық психологияға негіз болады. Халықтық психология - халық рухы жөніндегі ілім. Халық рухы - адамдардың рухани әрекетінің қайнар көзі. Халық рухы, ең алдымен, тілінен, одан кейін әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, жалпы әрекетінен көрінеді. Осылардың бәрі, соның ішінде тіл де, халық рухының жемісі, халықтық психологияның көрінісі.

Психологизм өкілдері сөйлеу психологиясы, оның сөйлеу әрекетімен байланысы, сөйлеу әрекетінің іске асу жолдары деген мәселелерге ерекше мән береді. Психологизм көп жағдайда лингвистикалық талдау орнына психологиялық талдауды қолданады, сөйтіп, тіл білімін өзінің негізгі функциясынан айырады. Психологизм - тілдік категориялардың барлығы да тек тілдік материалдар арқылы көрінетін, соны жамылған психологиялық категориялар деп санайды.

Тіл біліміндегі  психологиялық бағыт үстіміздегі  ғасырдың 50-ыншы жылдарынан бастап психологиялық лингвистика /психолингвистика/ деген атпен тіл білімінің дербес саласы ретінде қалыптасты. Ол - психология мен тіл білімінің аралығында, екеуінің түйісуінен туған жаңа бағыт. Бұл бағыт алғаш Америка тіл білімінде қалыптасты да, көп ұзамай басқа елдерге тарады.

Қазірде психолингвистика - сөйлеу әрекеттерінің заңдылықтарын зерттейтін ғылым деп саналады. Мұны сөйлеу әрекеттерінің теориясы туралы ғалым деп те атайды. Кейбір зерттеулерде психолингвистиканың негізі - ақпарат теориясы дегенді де айтады. Олай дейтіні психолингвистика сөйлеу әрекетінде болатын хабар беру, хабарды қабыддау үрдістерінің қалай іске асатындығын зерттейді. Бұл - оның негізгі объектісі. Психолингвистика - өз объектісін, міндеті мен мақсатын жан-жақты және дәл айқындай қоймаған жас ғылым. Жас грамматикалық бағыт. Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм) XIX ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптасты. Алғаш Германияда туғанымен, көп ұзамай оған тілектес, пікірлестер әр елден табылып, өте тез өркен жайды. Францияда М.Бреаль, Швейцарияда Ф. де Соссюр, Америкада Уитни, Италияда Г.И. Асколи, Россияда Ф.Ф. Фортунатов бастаған Мәскеу лингвистикалық мектебі мен Бодуэн де Куртенэ бастаған Қазан лингвистикалық мектептері болды.

Бұл ағым өкілдері салыстырмалы-тарихи тіл білімінің  өздеріне дейінгі өкілдерін "бұлар - жорамалға толы қапырық шеберханада үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілер" деп кекетіп, тіл ғалымдарын сол "сасық шеберхананы" тастап, жаңа жол табуға шақырған болатын. Олардың осы қызбалықтарына, албырттықтарына қарап, неміс лингвисі Ф.Царнке оларды "жас грамматистер" деп ажуалаған еді. Осы ажуа ат бірте-бірте лингвистикалық мектептің аты болып қалыптасты.

Жас грамматистік көзқарасты қалыптастырушылар Бругман, Остгоф, Дельбрюк, Пауль, т.б. Лейпциг университетінің тіл ғалымдары болғандықтан, кейін ол Лейпциг лингвистикалық мектебі деп те аталды.

Жас грамматистер мектебі өз зерттеулеріне екі  түрлі принципті негіз етті. Оның бірі - тарихи принцип те, екіншісі - психологизм принципі. Осы себептен де жас грамматикалық бағытты кейде психологиялық салыстырмалы-тарихи тіл білімі деп те атайды.

Бұлардың бағыт-принциптерін баяндайтын еңбектер көп. Олардың ішіндегі ең негізгілері деп Г.Остгоф пен К.Бругманның "Үнді-Еуропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері" (1878) дейтін кітапқа жазған алғы сөзін, Г.Паульдің "Тіл тарихының принциптері" (1880) және К.Бругман мен Б.Дельбрюктің "Үнді-Еуропа тілдері салыстырма грамматикасының негізі" (1886-1900) атты кітаптарын атауға болады.

Жас грамматикалық  бағыттың тууына тіл білімі дамуының ішкі факторлары себепші болды. XIX ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап компаративистік тіл білімінің жайы қанағаттандырғысыз, бағыты бұлдыр, тоқырауға ұшырады деген пікірлер туып, сол тоқыраушылықтан құтқаратын жаңа бағыт іздеу басталды. Жас грамматикалық бағыт осылайша туып, көп ұзамай-ақ әлемдік тіл ғылымындағы ғылыми ағым болып қалыптасты.

Өрісінің кеңдігі, тілдік зерттеу еңбектерінің молдығы, ғылым дамуына тигізген әсері жағынан ХІХ ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы жартысындағы лингвистикалық ағымдардың ешқайсысы да жас грамматикалық мектепке тең келе алмайды. Бұл мектеп белсенді, беделді ғылыми ағым ретінде елу жылдан астам уақыт өмір сүрді.

Әдетте, жас грамматистер дәуірін салыстырмалы-тарихи тіл  білімі дамуының екінші кезеңі деп есептейді. Өйткені бұлар өздеріне дейін қолданылып келген салыстырмалы-тарихи әдісті түбірмен өзгертуді көздеген жоқ, оның кейбір ескірген, пайдасыз деген амал-тәсілдерінің орнына зерттеудің жаңа әдістерін енгізуді мақсат етті.

Жас грамматистер тіл ғылымының  дамуына елеулі үлес қосты. Олар салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейін орын алып келген көптеген кемшіліктерін дұрыс ашып, компаративистиканы жаңа, жоғары сатыға көтерді. Туыстас тілдер семьялары жөнінде көптеген құнды салыстырмалы-тарихи зерттеулер берді. Натуралистік ағымның тілді табиғи организм дейтін, тіл білімін жаратылыстану ғылымдары тобына қосатын және тіл тарихын екі кезеңге бөлетін көзқарастарының терістігін жете әшкереледі. Туыстас тілдердің дыбыстық ұқсастықтарын айқындаудың жолдарын, амал-тәсілдерін нақтылап, жетілдіріп, Үнді-Еуропа тілдеріндегі фонетикалық заңдылықтарды тілдік фактілер арқылы талдап көрсетті. Үнді-Еуропа тілдерінен орасан көп нақтылы тілдік материалдар жинады. Бұл материалдар тіл білімінің практикалық саласының дамуына мұрындық болуымен қатар кейінгі дәуірлерде тіл білімін теориялық жағынан жетілдіре түсуге, тіл білімінде бұрын болмаған немесе тым елеусіз болып келген диалектология, лингвистикалық география, эксперименталды фонетика сияқты жаңа салалардың туып, қалыптасуына да көп септігін тигізді.

Информация о работе XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар