Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Октября 2014 в 02:14, реферат
1. Топ туралы түсінік
2. Топ және ұжымдағы тұлғааралық қатынастар
3. Д.Морено теориясы
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университет
Реферат
Тақырыбы: Топ және ұжым
Тексерген: Бисенова Шынар
Орындаған:Екі шетел тілі мамандығының I курс
студенті Төлеген Әсел
2014 жыл
Жоспар:
1. Топ туралы түсінік
2. Топ және ұжымдағы тұлғааралық қатынастар
3. Д.Морено теориясы
Топ туралы түсінік
Қарым-қатынас «топ», «ұжым» деген ұғымдармен тікелей байланысып жатады. Адам баласы жалғыз жүріп, көздеген мақсат-мұратына жете алмайды, сондықтан ол ылғи да басқалармен бірлесіп тіршілік етуі тиіс. Мұндайда адам ылғи да топпен бірге өмір сүретіні белгілі. Ал, топтың сан алуан түрлері бар. Мәселен, мұның бірі – нақты (реалды) топтар. Бұл – ортақ мақсат көздеп, бір кеңістікте, белгілі уақыт ішінде, бір-бірімен қоян-қолтық араласып, іс-әрекетке түсетіндер. Топтар үлкен, шағын, ресми, бейресми, формалы, формасыз, ұйымдасқан, ұйымдаспаған, жасанды, табиғи, референттік болып бірнешеге бөлінеді.
Біршама тұрақты, құрамы жағынан саны онша көп емес, бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап отыратын ортақ мақсатқа ұмтылған адамдардың бірлестігі «шағын топ» деп аталады. Осындай топтың барлық мүшесінің күш-жігері бір мақсатқа (оқу, еңбек т.б.) бағытталады. Мұндағылар бірін-бірі жақсы біледі, топ алдында тұрған ортақ міндетті орындау кезінде өзара қоян-қолтық қатынаста болады. Шағын топ мүшелерінің саны екі-үш адамнан құрылып, өрісі 30-40 адамнан аспауы тиіс.
Отбасы, өндірістік бригада, ұшақ пен ғарыш кораблінің экипажы, поляр станциясында қыстаушылар, мектептегі сынып сияқты бірлестіктер шағын топ деп аталады. Мәселен, кейбір оқушы мектепте жүргізілетін әр түрлі іс-шаралардың бәріне де қатысады. Ол футбол командасының, не пән үйірмесінің мүшесі, не жетекшісі, т.б. Бірақ осылардың біреуіне ерекше ден қояды. Шағын топтағылардың өзара қарым-қатынасына шек қойылмайды. Әркім топтағы кез-келген адаммен өз қалауынша, нақты қажетіне қарай қатынасқа түседі, оның бір мүшесі екіншісін жақын тұтады, бір-бірімен жиі араласып жүреді, байланыстары тұрақты сипат алады. Осындай шағын топтар формалы (ресми), формасыз (бейресми) болып бөлініске түседі.
Формалы топ мүшелерінің арасында белгілі құжаттардың талабына сәйкес әр түрлі сипаттағы іскерлік қатынастар орнайды. Ондай қатынастардан жетекшіге бағыну, тиісті құқықты орындау, ресми орындардың алдындағы жауапкершілікті сезіну ерекше көрінеді. Формалы топтарда (іскерлік қатынаста) кейде теріс эмоциялық әуен, яғни бір-бірін ұнатпау, сыйламау, менсізбеу, жауласу сияқты құбылыстар да болуы мүмкін. Бұл жәйт ондағы іскерлік қатынасқа қолайсыз әсер етеді, оның табысты болуына залалын тигізеді.
Формасыз (бейресми) топ – бұл ұнату, көзқарас бірдейлігін тану сияқты психологиялық себептер бірлігі негізінде туады. Мұндай топ ресми құжаттарды, тиісті нұсқауларды қажет етпейді. Мәселен, бірлесіп балық аулау, аңшылықпен айналысу, отау тігу, дос жарандық қатынаста болу – осындай топтың мысалдары. Бұл топтарда бірін-бірі ұнату, біріне-бірі бауыр басу ерекше байқалады. Егер мұндай қасиеттер топтан орын алмаса, онда ол біртіндеп ыдырап, топ болудан қала бастайды.
Әр түрлі деңгейдегі топтардың ішінде референттік топтың мәні ерекше. Бұл – әр адамның жекелеген топтардың (кісі шамамен 10-нан астам топқа қатарынан енуі мүмкін) ішінен біреуіне ғана ерекше тәнті болып, соны ғана қастерлеп, қадір тұтып, жүрек қалауымен таңдап алған тобы. Мұндай топқа енген адам ондағы талап-тілектерді, белгілі принциптерді қолдап қана қоймай, оны қызғыштай қорғайды, тіпті соның жолында жанын пида етуге дейін барады.
Нақты топтардың жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – ұжым (коллектив) деп аталады. Адамдардың ерекше ұйымшылдығының арқасында олардың мүдделерінің бір-бірімен ұштасып, «бір жеңнен қол», «бір жағадан бас» шығаратындай халге жетуі, топтың психологиялық ахуалының орнауы, онда «ырың-жырыңның» орын алмауы, дамудың биік деңгейіне көтерілу – ұжымның басты белгісі. Кез-келген топтың көп жағдайда ұжым деңгейіне көтеріле алмайтыны да көбінесе осындай топта келеңсіз жағдайлардың орын тебуінен туындайды.
Әр адам топта қандай болмасын белгілі бір рөл атқарады. Бірақ оның бұл рөлі тұрақты болмайды. Мәселен, сен бір кез сынып старостасы болдың дейік, біраз уақыттан кейін сен енді санитар міндетін атқаруың мүмкін. Осы ұжымның қатардағы мүшесі болатының тағы өз алдына. Кісінің атқаратын ісі неғұрлым көп болса, соғұрлым ұжыммен тез байланысқа түсе алады, ол адамның ұжымға ықпалы тиімдірек болады.
Адамның топқа ықпал ету дәрежесі оның жеке басының қасиеттеріне де тәуелді. Орамды ақыл, терең сезім, күшті ерік-жігер, қажыр-қайрат, қабілеттілік осының бәрі ұжым игілігіне айналса, кісінің рухани өмірі бай болса, дағды икем, шеберлігі жеткілікті болса, ол соғұрлым топ ішіне тез сіңіп, беделі де жоғары болады. Ал, адам өзін ұжымнан жоғары қойса, әсіресе оған қарсы келуге тырысса, тәкаппарлық көрсетсе, оның жұртқа ықпалы төмендеп, бара-бара беделінен айырылатын болады.
Зерттеу нәтижесіне қарағанда, мектеп сыныптарындағы адамның ішінен тек үш-төрт оқушы ғана басқалардан айрықша белгілі болады екен. Мұның себебіне келсек: біріншіден, олардың топ мүшелерімен қатынас жасай білу қасиетінің жоғарылығында, яғни басқаның «жүрегіне жол таба» біліп, қашанда көпшілікке жақын, белгілі болатындығында. Адам өз орнын жалбақтау, жағымпаздану жолымен емес, өзінің табиғи болмысымен, қадір-қасиетімен, ашық мінезімен табады. Сөйтіп, адамның топ ішінде белгілі болуы оның басқалардың жағдайын түсіне білуі негізінде қалыптасады екен. Екіншіден, ондай адам білімділігі, іскерлігі, өз білгенін басқалардан аямай, олармен риясыз бөлісуге, көмектесуге әзір тұрушылығымен де ерекшеленеді. Үшіншіден, кісінің сырт бейнесі мен келбет-кескінін, яғни дене күші факторларын ескермеске болмайды. Расында да, кей жағдайда оқушылар қара күшке ие, жұдырық жұмсай білетін құрбыларын құрметтейді.
Топ мүшелерінің көпшілігі өзара тату-тәтті тіршілік еткенмен, ондағы әр адамның өзгелерден гөрі жиі байланысқа түсетін, яғни мүддесі бір, әңгімелері жарасқан ортақ істі құлшына орындайтын жолдастық, достық қатынастағы адамдарда болады.
Енді бір жағдайда топтағы адамдардың ішінде ешкіммен қасыйымды нәрсенің өзі де қолдау таппайды, біреуі екіншісін түсінбейді. Топ мүшелері арасындағы көзқараспен сенім бірлігі, мүдделермен мінез бітістерінің қарама-қайшылығы да үйлесімсіздікке себеп болады. Егер адам шамадан тыс қазымыр, тұйық, не беймаза, тәкаппар, не өркөкірек болса, топтағы адамдармен дұрыс сыйыса алмайды. Халқымыз «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп осындайларды айтқан. Әсіресе, топ жетекшісі не оның жекелеген мінез бітістері қолайсыз болып келсе, ондайда жағдай тіптен қиын.
Топтағы «моральдық психологиялық ахуал» (кейде мұны «әлеуметтік-психологиялық ахуал» деп те атайды) дейтін ұғымның да мәні зор. Бұл топ, ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасындағы ортақ тәртіп пен жауапкершілік, яғни жетекші мен оның қарамағындағылардың бірін-бірі түсінісе алуы, топтың үйреншікті жұмыс стилі, онда ортақ пікірдің орнауы, т.б. Топтың көтеріңкі көңіл-күйі ұжымдық міндеттің нәтижелі орындалуына қолайлы әсер етеді. Білек сыбанған құлшыныс, өзара жарасқан ынтымақ, өзара сыйластық, ұжым мүддесін қастерлейтін жерде қандай ауыр жұмыс болса да жеңіп атқарылады. Мұндайда еңсені басар ауыртпалық сезілмейді, сары уайым, жабырқау, түңілу, жалғызсырауға орын қалмайды. Тату-тәтті өмір сүретін ұжымда ұрыс-керіс болмайды, творчестволық іске, білімді терең меңгеру мен саналы тәртіпке аса қажетті ахуал орнайды, білімді терең меңгеру мен саналы тәртіпке аса қажетті ахуал орнайды, қолайлы жағдай жасалады.
Топ және ұжымдағы тұлғааралық қатынастар
Тәрбиелеу объектісі ретінде әдетте жеке баладан гөрі, әр түрлі сипаттар бойынша біріктірілген балалардың әр түрлі топтары қарастырылады. Адам тұлға ретінде топта қалыптасады, топ ішіндегі қатынастарды тікелей көрсететін амалданған көрсеткіш. Тұлға үшін топтың маңыздылығы мынада: топ – белгілі бір әрекеттер жүйесі. Топтың өзі белгілі бір әрекет түрінің субъектісі болады және сол арқылы қоғамдық қатынастардың жүйесіне енеді.
Топ ұғымының шығуы күрделі. Европада бұл сөз 17 ғасырдың аяғынан кейін пайда болды. Дәл осы кезде француз суретшілері Италиядан техникалық терминді отанына «әкелді». Қазіргі уақытта бұл «техникалық» ағым толығымен ысырылып, топ ұғымы психологияда берік бекітілді. Алайда, бұл құбылыстың күрделілігі мен бір мағыналы болуы соншалықты, оған бір мағыналы анықтаманы ешкім бермеді, сипаттардың бірқатарын атаумен шектелді. Топты төмендегідей сипаттағы жеке адамдардың жиналысы құрайды деп санады: а) бірімен-бірі жиі арақатынас жасайтын; ә) өздерін бір топтың мүшелері деп санайтын; б) өздерінің қызығушылықтары бойынша жалпы нормаларды бөлісетін; в) рөлдер бөлісінің бірдей жүйесіне қатысатын; г) бірдей объектілермен және идеалдармен өзін теңестіретін; д) топты қанағаттанудың қайнар бұлағы ретінде қабылдайтын; е) кооперативтік өзара байланыста болатын; ж) өздерін біртұтас сезінетін; з) өздеріне қатысты іс-әрекеттерді реттейтін. Бұл тізімнің кеңеюі мүмкін және бұл параметрлер саны шексіздікке ұмтылады. Топқа неғұрлым қатаң психологиялық анықтама беру жайлы айтатын болсақ, онда белгілі бір сипаттамалар негізінде әлеуметтік біртұтастықтан бөлініп шығатын шамасы шектелген бұл жалпыламалық болып табылады. Топтарды өлшемі бойынша былайша бөлу кең таралған: үлкен, шағын топтар. Үлкен топтар шынайы және шартты болып бөлінуі мүмкін. Шынайы топтар дегеніміз – белгілі бір іс-әрекетке түсетін күрделі түрде ұйымдасқан адамдар тобы (мектеп ұжымы, зауыт ұжымы және т.б.). Шартты топтар бір-бірімен тікелей не жанама объективтік арақатынас жасамайтын субъектілерден тұрады. Олардың әлеуметтік және психологиялық сипаттамалары ортақ болады (ұлттық, жас шамасы, жыныстық және т.б.). Үлкен шартты топтарды зерттеу олардың мүшелерінің дамуын болжауға және оларға қатысты өзінің стратегиясын жасауға мүмкіндік береді.
Шағын топтар бұл – ортақ мақсаттармен немесе міндеттермен біріктірілген, әрқашанда тікелей қатынас жасайтын жеке адамдар. Ішкі құрылыстың қарапайымдылығы шағын топтың ерекшелігі болып табылады. Шағын топта, әдетте, беделді жетекші болады. Топ мүшелерінің арақатынасын реттеуші ұйымның сипатына байланысты топтарды бөле отырып, ресми ұйым топтың құрылымының сырттан берілетінін болжайды, ал топтың ресми емес ұйымын адамдардың психологиялық арақатынасы қалыптастыратын ішкі құрылымдық ерекшеліктер реттейді. Бұл топтарды мынау сипаттайды: олардағы арақатынастар топтық іс-әрекеттің мазмұнына байланысты болмай, симпатия – антипатияның тікелей қатынастарына ғана байланысты болады. Мұндай бірлестіктер әдетте ерікті уақытша болып, көзқарастардың ұқсастығымен айқындалады (экскурсия, лабораториялық зерттеуге қатысушы адамдар тобы; емтихан тапсырушы талапкерлер). Қоғам мұндай бірлестіктердің тіршілік етуіне рұқсат бергендіктен, мұндай топтарға ресми жақтардың болуы мүмкін.
Педагогтың, зерттеушінің алдына қойылған міндеттер бойынша, шағын топтарды былайша бөлуге болады: топ мүшелерінің арасындағы қатынастардың жақындық дәрежесіне байланысты – бірінші (жанұя, жақын достар) және екінші (оқулық, өндірістік байланыстар); топқа қатынасушылардың құқықтарына байланысты – бірдей (топтың барлық мүшелерінің құқықтары тең болады) және бірдей емес (құқықтар мен міндеттердің міндеттердің иерархиясы болады); жеке адам үшін топтың құндылығына байланысты – мүшелік топтарға (топтағы көзқарастарды, қатынастарды қаламаса да жеке адам белгілі бір жағдайларға ғана байланысты қатысады) және референттік топтар жеке адам үшін эталон мінез-құлық үлгісі болатын. Шетел зерттеушілері шағын топқа ерекше назар аударған. М.Г.Ярошевский бұл қызығушылықтың бастауы деп адам іс-әрекеттерінің бөлінуінің күшеюі салдарынан жалпы қоғам өмірінің күрделенуі, қоғамдық ағзаның күрделенуін біледі. Адам өмірінде шағын топтардың рөлі объективтік көтерілуде, өйткені топталып шешім қабылдау қажеттілігі өсуде.
Алайда, жалған әдістемелік ұстанымдар шетел психологтарын шағын топтардың мағынасын қайта бағалауға әкелді. «Адам факторын», «Адам қатынастарын» ондаған университеттер арнайы институттар және лабораториялар зерттеді. Шағын топты психологиялық феномен ретінде қарастырды. Ғалымдардың пікірі бойынша, бұл феноменді зерттеу тұлғаның қалыптасу заңдарын ғана емес, сонымен қатар қоғамның даму заңдарын да түсіндіруге мүмкіндік берді. Шағын топтардың тұтастығы, топ ішіндегі байланыстарды үзуге – бағытталған күштерге қарсы әсер етуші олардың құрылымының тұрақтылығы, топтың іс-әрекетінің нәтижелілігі және оның жетекшілік үлгісімен, мөлшерден тәуелділігі, тұлғаның топтан тәуелсіз болуы – сондай-ақ тұлғааралық қатынастардың басқа мәселелері – экспериментальдық зерттеулердің тақырыбы болды және әлеуметтік психологияның арнайы бөлімін – топ динамикасын зерттеуді құрды. Қазіргі уақытта батыс психологиясында көптеген қайшылықтар бар: шағын топқа анықтама беру әлі талқылануда, сондай-ақ шағын топтың сандық параметрлері, оның төменгі және жоғары шектеулері туралы мәселе, топтық үрдістер ауқымды мәселесі. АҚШ психологтары бұл дағдарысты құбылыстарға көптеген түсініктемелер беруде: жеткілікті ғылыми мағлұматтары болмай тұрып тәжірибелік мәселелерді шешуге бел байлайтын зерттеушілердің кәсіби құзырлығының болмауы және т.б. Алайда, батыстағы әлеуметтік-психологияның қарқынды дамуының зардаптарының негізгі себебі оның әдістемелік әлсіздігінде жатыр.
Американдық әлеуметтік психологияда әр түрлі әлеуметтік психологиялық феномендерді түсінуге қажетті ортақ теориялық негіз жоқ. Әр түрлі топтағы адамдардың мінез-құлық заңдылықтары механикалық тәуелділікке тіреледі: топ «қысады», ал топтың мүшелері топ қысымына бағынады немесе бағынбайды; топ кейбір жеке адамдарға тартылады, ал басқалардан қашады немесе керісінше, оларды өз ортасынан шығарып тастайды; егер топ ішіндегі байланыстар көбейсе, онда топ жұмыла түседі, егер оның мүшелерінің саны көбейсе, онда топтық байланыстар азаяды және үзіледі. Американдық әлеуметтік психологияның өкілдері кез-келген әлеуметтік топты сырттай байланысқан және өзара әрекеттесетін жеке адамдардың механикалық агрегаты ретінде көруге дайын.
Бұл кемшіліктер экспериментальдық зерттеулердің құрылысынан анық көрінеді. Әдетте зерттеу объектісі ретінде кездейсоқ адамдардың тобы пайдаланылады. Эксперимент шарттары топтың тұлғаға таза механикалық әсер етуін бақылау қарастырған.
Әлеуметтік міндеттердің қалыптасу заңдылықтары жайлы көзқарастардың эволюциясы салдарынан ұжым психологиясы пайда болды.
Ұжымның қалыптасу заңдылықтарын зерттеуге А.С.Макаренко үлкен үлес қосты. Ол ұжымдасудың маңызды сипаты ретінде бірлескен әлеуметтік-позитивтік іс-әрекетті қарастырды. Егер ұжым қоғамға пайдалы іс-әрекеттің міндеттерін орындайтын адамдарды біріктірсе ғана оның болуы мүмкін. А.С.Макаренко ұжымды нақтырақ былай сипаттайды: ортақ әрекетпен, ортақ мақсатпен біріккен және басқару, тәртіп, жауапкершілік органдары бар еңбекшілердің еркін тобы. А.С.Макаренко жасаған ұжымның даму кезеңдері:
Сонымен, іс-әрекет принципі А.С.Макаренко жүйесінде, біріншіден, өзі жасаған тәрбиелеуші ұжымның психологиялық-педагогикалық жобасының орталық бөлімі, екіншіден – бұл жобаны шындыққа айналдыруды ұйымдастырудың бастауы болды. 60-жылдардағы ғылыми-техникалық алға басушылық талаптары ұжымдар өмірінің әлеуметтік-психологиялық мәселесін зерттеуге себеп болды: өндірістік, ғылыми, мектеп, әскери сондай-ақ басқа белгілі әлеуметтік сипатпен біріккен бірлестіктері. Бұл салада жұмыс істейтін авторлардың көпшілігі ұжымды шағын топтың белгілі бірі ретінде қарастырады.
Алайда, 70-жылдардың басында ұжым мағынасын әлеуметтік тұрғыдан дұрыс түсіну өздігінен көптеген нақты психологиялық мәселелерді шеше алмайды. Ұжымдағы тұлғааралық қатынастардың ғылыми түсініктерінің әлеуметтік-психологиялық мәселесі әдістемелік проблемаға айналды: ұжымдағы тұлғаны және ұжымдардың зерттеудің ұқсас экспериментальдық әдістемелерін жасау және пайдалану қажеттілігі мойындалды. Экспериментальдық амалдардың жетіспеушілігін бәрі сезді. Зерттеушілерді топтық динамиканы зерттеу үрдісі кезінде санды сипаттамаларды қолдануға мүмкіндік беретін өлшеуіш әдістемелері қызықтырды.