Автор работы: Пользователь скрыл имя, 28 Октября 2014 в 07:38, реферат
1. Нарықтық экономика жағдайындағы ұлтаралық қатынастар.
2. Жалпы ұлттық сана және оның қалыптасуы
Инструменталистік теориялар арасынан ассимиляциялық тұжырымдамалардың бір тобын атап көрсетуге болады. Ең көп тарағаны “балқыту қазаны” теориясы болып табылады. Ол теорияға сәйкес АҚШ-тың барлық этникалық аз топтары бірыңғай халыққа балқытылуы қажет. Ал этникалық “тартылыс” пен мәдени жақындықтың арқасында пайда болатын белгілі бір мүдделер үшін саяси күрестегі топаралық бірлестіктер болса, олар жаңартылған ұлттық мемлекет жолындағы уақытша кедергілер ғана. Алайда, 1970-ші жылдардың ортасында-ақ “балқыту қазанының” идеологтары АҚШ ішіндегі ұлттық қозғалыс феноменімен кезікеннен кейін “жаңа этникалылықты” түсіндіру үшін ассимиляция теориясының жарамсыз екендігін мойындауға мәжбүр болды. Осыдан кейін ассимиляционизмнің теоретиктері этникалық топты мүдделермен бірігетін топ ретінде, ал этникалылықты топтық мүдделерге қол жеткізу құралы және топтың саяси күресте белгілі ресурсы ретінде анықтай бастады.
Жалпы, А.А.Знаменский американдық ғалымдардың зерттеулерімен танысу қоғамтанушыларға қолда бар тұжырымдамаларды өз зерттеулерімен толықтырып, тексеру үшін назарды шоғырландыруға жақсы мүмкіндік береді деп санайды.
Бірқатар жылдар көлемінде “этникалылық” социология мен антропологияның маңызды түсінігі болып келді, бірақ сонда да ол басқа түсініктермен қатар оның мәні, қоданылуы мен арақатынасы әзірге түсініксіз болып көрінеді деген этникалылық феноменіне қатысты айтылған пікір антрополог М.Бэнкске тиесілі. Бұл проблеманы қозғаған кез келген зерттеуші этникалылыққа өз түсіндірмесін беруге тырысады.
Этникалылықты түсінудегі барлық тұрғылар міндетті түрде өзара бірін-бірі жоққа шығарушы болып табылмайды. Этникалылықтың ең маңызды аспектілерін контекстіге сезімталдығы бар конструктивистік негізде біріктірудің келешегі орасан зор. Этникалылықты түрлі деңгейлердегі әлеуметтік диспозиция мен жағдайға тәуелділік жүйесінде және контекстілік көкжиегінде қарастыруға болады. Олар: әлемдік жүйелердің трансұлттық деңгейінде (У.Ханнерц, И.Валлерштайн), “ішкі отарлаушылық” мемлекет-ұлттары шеңберінде (М.Хеттер) немесе “құрылымдық зорлау” (И.Голтунг), мәдени шекаралар теориясы контексінде, топаралық деңгейде (Ф.Барт) және психологиялық теория шеңберіндегі топішілік деңгейде көрінеді.
Этникалылыққа тұрғыны “дәстүрлі мәдени типтерден” тыс жасау өнімді болып табылады. Бұл тұрғы адамды этникалылықта емес (этнофора), этникалылықтағы адам деп қарастыруға мүмкіндік береді, ол “шынайылықты” көбірек сезімталдықпен және бара-бар қабылдауға және этникалылыққа қоғамдық басқару мағынасында көбірек конструктивті ықпал етуге түбегейлі жақындата түседі.
З.В. Синкевич этникалылық феноменіне қатысты қолда бар тұрғыларға талдау жасап, этникалылыққа мынадай анықтама береді: “этникалылықты біз қарқындылығы жағынан әр түрлі болса да ерекше тұрақты шаманы, әуел бастан биоегенетикалық және биоәлеуметтік бірыңғайлық негізінде қалыптасушы және этноәлеуметтік кеңістікте топ аралық әрекеттесу барысында “бізді” “бізде емес” деген салыстырма түрінде көрінуші топтық ұқсастық пен ынтымақтастық жайында қайғыру деп түсінеміз”.
Бұл автордың ойынша этникалылық бес маңызды қызмет атқарады, оның үшеуі өзінің мазмұны бойынша шектелінген, қалған екеуі тұрақты емес және жағдайға байланысты сипаты бар. З.В. Синкевич этникалылықтың органикалық қызметтеріне мыналарды жатқызады: реттеуші (этникалық тұлғааралық және топтық қатынастарды дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, құндылықтар негізінде реттейді); ақпараттық (этникалық ақпаратты мәдени құндылықтар мен идеялар тұрғысынан ретке келтіреді, жүйелейді, “тазартылады”); психологиялық немесе қорғау (этникалылықтың кертартпалығы адамның тұрақтылыққа және айқындылыққа деген қажеттілігін қанағаттандыруға жол ашады. Этникалылықтың жағдайлық қызметтері - жұмылдырушылық және дәлдемелік. Біріншісінің арқасында этникалық белгілі бір жағдайларда саяси, экономикалық және өзге де мақсаттарға қол жеткізу үшін тиімді құрал болады. Дәлелдемелік қызмет жұмылдыру сатысында топтық және жеке даралық-тұлғалық деңгейде жүріс-тұрыс пен сана-сезімнің қандай да бір бағытын дәлелдеп отыруға мүмкіндік береді.
Мұндай “этникалылық” сияқты күрделі феноменді анықтау мен ғылыми түсіндірудің жоқ дегенде үш негізгі аспектісін бөліп қарастыруға болады: интеракциялық, онда этникалылық топаралық әрекеттесу түрі ретінде талданады; атрибуттық, онда этникалылық ең алдымен этникалық бірдейлік ретінде қарастырылады .
Қазіргі ғылымда этникалық ұқсатушылық синонимдері ретінде этникалық өзіндік сана-сезім, ұлттық сана-сезім, ұлттық сәйкестендіру, т.б. категориялар қолданылуда. Кеңестік ғылымда “өзіндік сана-сезім” түсінігін қолдану қабылданған еді, ал батыстық және американдық дәстүрлерде бұл құбылыс көбінесе “этникалық бірдейлік” деп аталып келді.
С.Хантингтон атап көрсеткендей, қазіргі кезде әлемде мәдени бірдейліктер (этникалық, ұлттық, діни, өркениеттік) үлкен маңызға ие. Сонымен қатар этникалық бірдейліктер көптеген адамдар үшін, әсіресе қоғамдық дағдарыс кезінде ең тұрақты және маңызды болып табылады. Жеке адам үшін өзінің тобы өзінен артық және үлкен болып көрінеді. Өз этносын осылайша табиғи түрде қабылдауы адамның оған таңдамайтынымен байланысты. Этникалық бірдейлік миллиондаған адамдар үшін ешқандай күмәнсіз табиғи шындық сияқты, бұл арқылы олар өздерін жете түсінеді және соның арқасында өзіне-өзі “Мен кіммін және мен кіммен біргемін?” деген сұраққа жауап алады. Этникалық бірдейлік тұлғаның әлеуметтендіруі барысында өздігінен қалыптасады және сонымен қатарласа белгілі бір этникалық қауымдастыққа жатқызылуын жете түсіну адамның әлеуметтік табиғатының көрінуінің біріне айналады.
Бірқатар авторлар тарапынан этникалық бірдейлік көп деңгейлі құрылым ретінде қарастырылады. Бірінші деңгейді В.А.Ачкасов, былай дейді - бұл “біз-олар” деген оппозиция үшін негіз болатын жіктелім және бірдейлік. Екінші деңгейді “бейнелерді қалыптастыру” құрайды, яғни этникалық қауымдарға белгілі бір мәдени, мәртебелік және сол тәрізді сипаттамаларды жатқызу. Үшінші деңгей этникалық идеология, бұл жерде “өз тобының басқа этникалық топтарға қатысты өткеніне, қазіргі кезіне және келешегіне байланысты “азды-көпті болса да” қисынды көзқарас керек.
В.Ю. Хотинец этникалық өзін-өзі сәйкестендіру және этникалық өзіндік сана-сезім бір тәртіптегі, бірақ ұқсас емес түсініктер дейді. Этникалық өзін-өзі сәйкестендіру қауымдастықтың тарихи-мәдени даму барысында құрылатын этногенездің белгілі бір өлшемдері: нәсілдік-биологиялық (шығу тегі), климаттық-географиялық (өз халқының тарихы, мәдениеттің және діннің т.б. этникалық символдары) бойынша қайсы бір этникалық қауымға жатқызылу сезімі болып табылады.
Этникалық сана-сезім өзекті ұқсатудың этникалық және басқа формаларын қамтитын кең көлемді идентификацияның нәтижесі болып табылады (аумақтық, мәдени, тілдік, діни, әдет-ғұрыптық, нәсілдік, антропологиялық, психологиялық, т.б.). Бұл жерде адам өз қауымына қатыстылығын ғана сезіп қоймай, сонымен қоса эникалық нақтылықтың объективті өмір сүру құрамдас бөліктеріне субъективті әлеуметтік психологиялық байлағанын ұғынады, этникалық әлемде өз орнын анықтайды. Этникалық өзін-өзі ұқсату жайлы этникалық субъект, этникалық сананың пайда болуының бір деңгейі ретіндегі ойдың қалыптасуының факторы болып табылады.
Этникалылықты әр түрлі әдістемелік бағыт-бағдарлардың социологиялық тұжырымдамаларында түсініктемелеу алуан түрлі және көп жағдайда әлеуметтік шындықтың өзіне байланысты болады.
Этникалылықты түсініктемелеуші социологиялық тұжырымдамалар арасынан “объективті социологияға” (неомарксизм, ресурстық бәселестік теориялары), сондай-ақ “субъективті социологияға” (символикалық интеракционизм, рационалды таңдау теориялары) тоқталған жөн.
Неомарксизмнің негізгі методологиялық ерекшелігі мынада, оның тұжырымдамалары нәсілдік және этникалық қатынастар экономикалық факторлармен қоса алғанда, сипаты мен динамикасы алдын ала анықталған дейді. Сонымен қоса, этникалық және нәсілдік жанжалды терең, таптық жанжалдың көріну формалары деп санайды. Аталған бағыттағы ең маңызды зерттеулер О.Кокстің, М.Райхтың, Р.Майлстың, Дж Соломастың есімдерімен байланысты.
Классикалық және қазіргі кездегі әлеуметтік теорияларда негізгі орындардың бірі тұлғааралық және топаралық қатынастар бәселестіктер түсінігіне тиесілі. Қазіргі кезде табиғи, экономикалық, әлеуметтік, саяси ресурстар үшін бәсекелестік күресте ең күшті фактор этникалылық болып отыр. Этникалылық феноменіне қатысты ресурстық бәсекелестік теориясының төрт негізгі жағдайы бөлініп қарастырылуда: этникалық жұмылдыру урбанизациямен күшейе түсуде; оның қарқындылығы экономика бағыттарының кеңеюі есебінен жоғарылауда, бұл жұмыс орындары үшін бәсекелестікті күшейту еді; этникалық жұмылдырудың жоғарылауына шеткі, алыс аудандардың дамуы мен этникалық топтардың орын тепкен жерінде табиғи ресурстардың ашылуы әсер етеді және соңғысы этникалық жұмылдыру мемлекеттік құрылым процестерімен қоса жүреді. Этникалылықтық бәсекелестің ең басты себептерінің бірі - миграциялық жылжулар. Этникалық қатынастарға ресурстық бәсекелес жайындағы ойларды қолдану “мангестерлік мектептің” антропологтары Ф.Маердің, А.Коэннің, К.Митгелдің жұмыстарында көрініс береді.
Символикалық интеракционизмнің теориялық тұрғысы өткен ғасырдың 20 - 30-жылдары Чикаго мектебінің өкілдері тарапынан этнонәсілдік проблемаларды зерттеу үшін қолданылды (Р.Парк, Л.Вирт және басқалар). Этникалылықты осы парадигма шеңберіндегі қазіргі заманғы зерттеулерге, этникалық қатынастарды индивидтердің өзара “ұжымдық анықтау” процесіндегі әлеуметтік байланыс ретінде түсіну тән. Символикалық интеракционизм этникалық топтардың қатынастарына тән жасырын дуализмді көрсетеді: ол ішкі ынтымақтасуды күшейте отырып, бағынышты топтар көп деңгейде өзінің “қайталанбастығын” дәлелдеуге тырысатын жағдайларын анық түрде қисынға келтіріп бере алмады немесе ортақ мәртебемен ықпалды арттыру мақсатында басқа да қауымдастықтармен өзара ұқсастыққа жетуі мүмкін. Этносаралық қатынастардағы ұжымдық анықтау мен дуализм проблемасын талқылау, символикалық интеракционизм жақтаушыларын “этникалық парадокс” деген атау алған құбылысты қарастыруға алып келеді (Б.Лал), оның мәні этникалық институттар топтық ұқсатуларды айқындаумен қатар этнотоптар үшін бірінші кезекте үстем этникалық қауымдастыққа тиесілі экономикалық, саяси, әлеуметтік өмірге және ресурстарды бөліп беруге айтарлықтай толық күйде қатысуды қамтамасыз ететін стратегиялық механизмдер қызметін атқаруында.
Көріп отырғанымыздай, этникалылық бір-бірінен қандай да бір мәдени сипаттамаларымен ерекшеленетін топтар немесе қауымдастықтардың институттанған қатынастарын білдіреді. Алайда ең бастысы ол мәдени ерекшеліктерді топтастыру формасы бола тұра, ең алдымен өзіне объективті және субъективтінің бірлігін қамтитын, көбінесе нақтылы топтық мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде көрінетін әлеуметтік феномен болып табылады. Міне, осы мағынада этникалылық социология үшін үлкен қызығушылық тудырады. Сондықтан этникалылық факторының қазіргі қоғам өміріндегі орнын, рөлі мен мағынасын зерттеу өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, теориялық қана емес, тәжірибелік тұрғыдан да маңызды болып отыр.
Қазіргі кездегі әлеуметтік ғылымдарда этностар динамикалық жүйелер, процестер ретінде қарастырылады. Алғашқы кезде этникалық процестерге адамдардың этникалық тиістілігінің ауысуына алып келетін этностардың өзгерісі жатқызылды. Бірақ 60-шы жылдардың соңында-ақ бұл түсінік бойынша “этникалық процестер” ұғымының аясы тарылып барады делінген еді (Л.В. Хомиг). Тиісінше бұл процестерді адамдардың этникалық тиістілігінің өзгеруін білдіретін этнотрансформациялық және адамдардың этникалық тиістілігі сол күйінде қалатын этностардың өзгеруін білдіретін этноэволюциялық деп бөлу жөнінде пікір айтылған еді (Ю.В. Бромлей).
Сонымен қатар, этникалық процестер мен этноәлеуметтік қауымдастықтардың өзгеруін айырып көрсету ұсынылды (Ю.В. Бромлей). Ал, этникалық процестер өз кезегінде біріктіруші және ажыратушы болып бөлінеді.
Этнобіріктіруші процестерге консолидация (В.К.Гардаков, Е.О.Долгих, Т.А.Жданко), ассимиляция (В.И.Козлов, И.С.Гурвич), этносаралық миксация жатады. Консалидацияның өзін ішкі этникалық және этносаралық деп бөлу ұсынылды (Ю.В.Бромлей). Этносаралық консалидация деп тілі мен мәдениеті бойынша бұрын дербес, бірақ туыстас болған бірнеше халықтардың ортақ жаңа ірі этносқа бірігу түсіндіріледі. Ішкі этникалық консалидация - бұл этностың барлық айырамашылықтарды жұмсарту арқылы жұмылдырылуы. Ассимиляция деп дербес өмір сүретін этностың немесе оның қандай да бір бөлігінің басқа біреуге, әдетте ірі халықтың ортасында сіңіп кетуі түсіндіріледі. Этносаралық интеграция - бір-бірінен тілі және мәдениеті бойынша айтарлықтай ерекшеленетін этностардың өзара әрекеттесуі (әдетте мемлекет ішінде), бұл нәрсе оларда бірқатар ортақ белгілердің және ортақ сана-сезім элементтерінің, басқаша айтқанда метаэтникалық қауымдастықтың пайда болуына алып келеді. Этносаралық миксация - туыстық бойынша байланыспаған халықтардың өзара әрекетке түсуі, оның барысында жаңа этнос пайда болады.
Этноажыратушы процестерде парциация, сепарация (П.И. Пучков) және дисперсизация (Ю.В. Бромлей) бөлініп шығады. Этникалық парциация кезінде бұрын біртұтас болған этнос бірнеше азды-көпті бөліктерге бөлініп кетеді және ол бөліктердің ешқайсысы өзін толығымен ескі этноспен теңестірмейді. Этникалық сепарацияға қандай да бір үлкен емес халықтан уақыт өте дербес этносқа айналатын бір бөлігінің бөліну (әдетте салыстырмалы түрде кішкентай бөлігі) жағдайы ұғынылады. Егер этникалық парциацияда бастапқы этнос шындығына келгенде өмір сүруін тоқтатса, этникалық сепарацияда ол сақталады. Парциация сепарацияға қарағанда этникалық дисперсизацияда бұрынғы этностан жаңа этносқа айналатын бөліктері емес, тек этникалық топтар құратын бөлігі бөлініп шығады.
Қазіргі уақытта этнос және этникалық процестер теорияларының жасалынуы әрі қарай жалғасуда.
Этносоциология әлеуметтік және этникалық процестерді зерттеп, олардың өзара байланысын аша отырып, аса үлкен проблемаларды қамтиды.
Этносоциологияның қалыптасуының бірінші кезеңі - “ұлттардың дамуы мен жақындасуы” процестерін зерттеу. Бұл кезеңде қазіргі ұлттардың жаңарту процестерін ой елегінен өткізу аса маңызды. Оның мәні этножіктелуші белгілердің мәдениет, тұрмыс және тұрмыс қалпынан көбінесе ұлттық сана-сезім саласына ауысудан тұрады. Адамдар ұқсас өмір сүре бастайды, бірақ ұлтаралық (интернационалдық) мүдделер бірлігін сезбейді. Бұл құбылысты Ю.В.Бромлей этникалық парадокс деп атаған.
Ю.В. Артюнян, Л.М. Дробижева этносоциологияның қалыптасуын талдауды қорытындылай отырып, жақын болашақтағы ғылымның даму жолдарын немесе “жаңа көкжиектерін” анықтады. Соңғы он жыл көлемінде этносаралық қатынастарға қатысты көптеген зерттеулер өтікізілді. Ондағы жаңадан қосылған объект - зерттеушілер дәстүрлі орыс этносы мен басым ұлттарға зерттеулішер диаспораларда болып жатқан процестерді зерттеуді қосты. Мазмұндық тұрғыдан алғанда топаралық қатынастардың саяси факторларына көңіл бөлу жоғарылады. Зерттеудің теориялық деңгейіне шығудың жаңа жолына ұлтшылдық, ұлтшылдық пен демократияның арақатынасы, көп құрамды қоғамдардағы этноұлттық проблемаларды шешудің тиімділігі, адам құқығы мен халық құқығының басымдығы, ескі және жаңа қорқыныштар және басқалардың себебін іздеу сияқты проблемалар ие болды. Бұл проблемаларды шешу арнайы зерттеулерді талап етеді, өйткені олар социологияның, этнологияның, саясаттануның, психологияның пәндік салаларының қиылысында пайда болады. Бұл пәндер этносаралық әрекеттесу саласында мүдделердің жақындасуын көрсетуде.